Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

28 01.21

Барша мақтау мен мадақ Алла тағалаға және оның елшісі Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) салауат пен сәлемдер болсын!

Ұлы Жаратушы Иеміз әр нығметті белгілі себептерге қатысты қылып оны маңызды өлшемдермен жаратқандығы белгілі. Кез-келген нәрсенің босқа жаратылмағанын білеміз. Ақыл санамен толықтырып, тәніне рух берген адам баласы осы дүниенің ерекше тұлғасы деп айтсақ болады. Олай айтуымызға түрткі болған нәрсе пендеге діни міндеттердің мойнына жүктелуі, тыйым салынған амалдардан бойын аулақ ұстауы сияқты қажеттіліктерді қамтитын Құран –кәрім кітабының түсуі.

Бұл өмір дән егу болса, ақыретте сол дәннің жемісін көретін мекен. Қазақ халқы «Не ексең соны орасың» деп, тек қана бұл дүниені меңземесе керек. Мұсылман адам тілін кәлимаға келтіріп, еш салихалы амал етпестен пейішті армандауы әділетсіздік.

Оған тарихтан мына мысалды келтірсек болады. Уәһб ибн Мунаббих (р.а.) деген сахабадан бір кісі былай деп сұраған екен: тілімді кәлимаға келтіріп амал етпесем жәннатқа кіремін бе? Сұрағанда әлгі сахаба:«Тіліңді кәлимаға келтіргенің ол сенің кілтің, ал оның тістері салихалы амалдар, тісі жоқ кілтпен есікті қалай ашпақсың?» деп көңілге қонымды жауап берген екен.

Міне құрметті мұсылман бауырлар, Алла тағаланың бұйырған бес парызын орындау арқылы Оның ризашылығына бөленіп, мойнымыздан жүкті түсірген болып саналамыз. Бүгінгі айтылатын тақырыбымыз Жаратушы тараптан парыз болған амал зекет жайында. 

Зекет (Құран аяттары және түсіндірмелері)

وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ ۚ وَمَا تُقَدِّمُوا لِأَنفُسِكُم مِّنْ خَيْرٍ تَجِدُوهُ عِندَ اللَّهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ

Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Өздерің үшін ілгері бір жақсылық жолдасаңдар, оны Алланың қасында табасыңдар. Шынында Алла (Т.) не істегендеріңді толық көруші.[1]

Зекет тиісті болған адамның ақысы болып саналады. Қандай да бір амалдармен Аллаға жақындауды қаласаң, намазды толық орындап, зекетті тиісті орынға бер. Сол арқылы ақыретте қарымын көресің деді.[2]

Зекеттің намаздан кейін келуі оның маңыздылығын білдіреді. Өйткені, ол Құранның жиырма жеті жерінде намазбен қатар қойылған. Зекет Һижреттің екінші жылы Рамазан оразасынан соң Шәууал айында парыз болды.

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِ ۖ وَلَا تَيَمَّمُوا الْخَبِيثَ مِنْهُ تُنفِقُونَ وَلَسْتُم بِآخِذِيهِ إِلَّا أَن تُغْمِضُوا فِيهِ ۚ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ حَمِيدٌ)

Әй мүміндер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан, тиісті орынға жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып әрең ғана алатын сапасыз нәрсені Алла жолында беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы. [3]

Яғни өздерінің адал және таза болған мал-дүние мен жерден өсетін ризықтарыңның белгілі бөлігін Алла жолында тиісті жерлерге жұмсау.

خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا

«Күнәларынан тазарып, малдары көбейіп берекеленуі үшін олардың (мұсылмандардың) малдарынан садақа (зекет) ал».[4]

Зекеттің хадисте келуі

Зекет әрбір нисап мөлшеріне жеткен мұсылман адамға парыз болуы жайында Алла елшісі (с.ғ.с.) хадистерінде былай деген:

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رضي الله عنه قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم «بُنِيَ الإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ: شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَإِقَامِ الصَّلَاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَالحَجِّ، وَصَوْمِ رَمَضَانَ

«Мысалы, аса танымал хадисінде ол (с.ғ.с) былай дейді: «Ислам бес нәрседен: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне куәлік беруден, намаз оқудан, зекет беруден, қажылықтан және рамазан айында ораза тұтудан құралған», – деген. [5]

وَعنْ أَبي هُرَيرَة، أَنَّ أَعرابِيًّا أَتى النَّبِيَّ ﷺ فَقَال: يَا رَسُول اللَّهِ دُلَّني عَلَى عمَل إِذا عمِلْتُهُ، دخَلْتُ الجنَّةَ. قَالَ: تَعْبُدُ اللَّه وَلاَ تُشْرِكُ بِهِ شَيْئًا، وَتُقِيمُ الصَّلاةَ، وَتُؤْتِي الزَّكاَة المَفْرُوضَةَ، وَتَصُومُ رَمَضَانَ قَالَ: وَالذي نَفْسِي بِيَدِهِ، لا أَزيدُ عَلى هَذَا. فَلَمَّا وَلَّى، قالَ النَّبِيُّ ﷺ: مَنْ سَرَّهُ أَنْ يَنْظُرَ إِلى رَجُلٍ مِنْ أَهْلِ الجَنَّةِ فَلْيَنْظُرْ إِلى هَذَا مُتفقٌ عَلَيْهِ.

Бір бәдәуи келіп: «Маған жәннатқа жетелейтін бір амал айтыңызшы», - деп өтінгенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға еш нәрсені серік қоспай құлшылық ет, парыз намаздарыңды оқы, парыз зекетті бер, рамазан оразасын ұста», - дейді. Сонда бәдәуи: «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаға ант етейін, бұған басқа, артық еш нәрсе қоспаймын», - дейді. Ол кеткен соң, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімді жаннаттық адамды көру қуантатын болса, мына кісіге қарасын» - деген.[6]

Бұл хадисте зекеттің маңыздылығын көрсетеді. Тіпті Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұл амалдың жәннатқа апаратын жол екенін анық білдірген.

Зекет кімдерге парыз?

  1. Мұсылман болу
  2. Азат болу
  3. Нисап мөлшері
  4. Толық иелік ету
  5. Зекет малының өсімді болуы
  6. Негізгі қажеттерінен артық болуы
  7. Нисапқа толған дүние – мүлікке бір жыл толу
  8. Қарыз болмау

Зекет бермегендердің жағдайы (Дүниедегі жазасы мен пайдасы)

Зекет – сөзі тазалау, арту деген мағыналарды білдірсе, шариғат түсінігінде адамдардың өзіне тиіс болған мал-дүниесінен белгілі мөлшерін тиісті жерлерге беруін айтады.Зекет сөзінің өзі айтып тұрғандай, тазарту мағынасына сай келгендей пенденің мүлкін тазартып өзіне адал етеді. Дүниедегі зекет өтемегендер жоқшылыққа, төрт түліктің белгісіз ауруларға ұшыратып өлуіне себеп болуы, жерден өсетін дақылдардың өнбеуіне алып барады.

ما منع قوم الزكاة الا ابتلاهم لله با السنين

«Зекет бермеген қауымдарды Алла тағала міндетті түрде жоқшылық пен аштыққа ұшыратады». [7]

Әсілінде зекет мал-дүниені азайтпайды керсінше арттыратыны анық. Ол жайлы Құранда:

خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا

«Күнәларынан тазарып, малдары көбейіп берекеленуі үшін олардың (мұсылмандардың) малдарынан садақа (зекет) ал». [8]

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде зекет бермегендердің дүниедегі жағдайын сипаттай келе былай дейді:

وَلَمْ يَمْنَعُوا زَكَاةَ أَمْوَالِهِمْ إِلَّا مُنِعُوا الْقَطْرَ مِنْ السَّمَاءِ وَلَوْلَا الْبَهَائِمُ لَمْ يُمْطَرُوا

«Байлықтарынан зекет бермесе, аспаннан тамшы да тамбайды. Егер жан-жануар болмағанда, жаңбыр да жаумас еді». [9]

Ізгілердің ғибратты оқиғалары

Зекет пен намаздың арасын бөлген пенде шынайы иманның дәмін татпайды. Шамасы жетіп тұрған мұсылман сараңдықты жеңіп, зекетті тиісті орындарға беруі керек. Тарихта зекетті беруден бас тартқан мұсылмандарды қатаң сынға алып, тіпті олармен қарсы күрес жариялағанын білеміз.

Сол оқиғада Әбу Бәкір (р.а) кезінде: «Уаллаһи, намаз бен зекеттің арасын бөлушілерге қарсы сөзсіз күресемін! Шындығында зекет Алла берген мал-мүліктің ақысы. Уаллаһи, егер олар кезінде Алланың елшісіне (с.а.с.) беріп жүрген бір лақты бермейтін болса да мен сол үшін күресемін», – деген еді.

Осыдан әйгілі сахабаның осыншалықты зекеттің маңызды құлшылық екенін, қоғамдағы тепе-теңдіктің сақталуына түрткі болатынын терең түсінгенін көреміз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кезінде Сәһлаба деген сахаба болған еді. Әуелінде мешіттің құсы атанған сахаба жоқшылыққа шыдамы таусылып дүниесінің артуын Алла елшісінен (с.ғ.с.) сұраған болатын. Бірақ ол сахабаға осы жағдайыңа шүкір ет сен үшін сол қайырлы деген Алла елшісінің (с.ғ.с.) сөзіне құлақ аспай қайта-қайта Алладан дұға тілеуін өтінеді. Әлбетте адамзаттың асыл тәжі болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғасы қабыл болатыны мәлім.Сөйтіп уақыт өте келе дұғасы қабыл болып, Сәһләбаның мал-дүниесі көбейеді. Дүниеқоңыздықтың салдарынан бес уақыт намазды мешітте оқудан қалып, тіпті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хал жағдайын сұраудан қалады. Күндердің күнінде Алла тағаладан зекеттің парыз болғандығы жайлы аят түсіп, мұсылмандардан мал-дүние жинау басталады. Сахабалар зекет алу үшін Саһлабаға келгенде ол кісі зекетті беруден сараңдық танытады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) әлгі сахабаға үш рет қайталап: «Қайғы болсын, саған ей Саһлаба» – дейді.[10]Кейін мына аят түседі:

وَمِنْهُم مَّنْ عَاهَدَ اللَّهَ لَئِنْ آتَانَا مِن فَضْلِهِ لَنَصَّدَّقَنَّ وَلَنَكُونَنَّ مِنَ الصَّالِحِينَ

فَلَمَّا آتَاهُم مِّن فَضْلِهِ بَخِلُواْ بِهِ وَتَوَلَّوْا وَّهُم مُّعْرِضُون

«Тағы олардан біреулер: «Егер Алла, бізге өз кеңшілігінен мал берсе, әрине садақа беріп, игілерден болар едік» деп Аллаға серт берді» .

«Ал оларға Өз кеңшілігінен берген кезде, олар оған /Алланың бергеніне/ сараңдық етті әрі /серттерінен/ жалтарып, теріс бұрылды». [11]

Сәһлаба сахаба тәубесіне келіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мал-дүниесінің барлығынан зекетін беремін деп келгенде, Ол одан бас тартады. Сондай-ақ Әбу Бакір (р,а,) халифалығы кезінде де зекетін қабылдамай қояды. Халифа Омар (р.а.) дәуіріне келгенде, Ол Алла елшісі (с.ғ.с.) мен Әбу Бәкір (р.а.) алмаған зекетті мен қалайша аламын деп бас тартады. Зекет бермей сараңдық танытқан адамнан соңғы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және ұлы сахабалар қабылдамағандықтанкейінгі оның бейшара тағдырын көз алдыңызға елестете беріңіздер.

Зекет бермегеннің ақыреттегі жазасы

 

Зекет бермей сараңдық танытқан мұсылманды Алла тағала ертең ақыретте күтіп тұрған азаппен ескертеді.

Құранда:

وَالَّذِينَ يَكْنِزُونَ الذَّهَبَ وَالْفِضَّةَ وَلَا يُنفِقُونَهَا فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَبَشِّرْهُم بِعَذَابٍ أَلِيمٍ ْ يَوْمَ يُحْمَىٰ عَلَيْهَا فِي نَارِ جَهَنَّمَ فَتُكْوَىٰ بِهَا جِبَاهُهُمْ وَجُنُوبُهُمْ وَظُهُورُهُمْ ۖ هَٰذَا مَا كَنَزْتُمْ لِأَنفُسِكُمْ فَذُوقُوا مَا كُنتُمْ تَكْنِزُونَ )

«Алтын, күмісті жинап, оны Алланың жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Жиналған алтын мен күміс тозақ отында қыздырылып, онымен маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланатын қиямет күні оларға: «Міне, мынау – өздерің үшін жиған дүниелерің. Ал енді қанеки, жинағандарыңның дәмін татыңдар!». [12]

Ислам ғалымдары осы аятқа былайша түсіндірме берген. Сараң байлардың дүниеде бермеген алтын-күмістері түбінде өздеріне азап болып келеді. Әлгі алтын-күмістері тозақ отына қыздырылып, олардыңкезінде көрсеткен тәкәпәрлықтары өздеріне үлкен соққы болып тиеді. Мына жалған тіршілікте: «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы берік ұстанғанға не жетсін.[13]

Сахих Муслимде келген хабарда: «Мал дүниесінен зекет шығармаған кісіге қиямет күні оттан болған темірмен маңдайы, бір жақ бүйірі және арқасы күйдіріледі. Ол азап елу мың жыл көлеміндей созылып, кейін Раббысы мен құлының арасында есеп беру күні басталады. Уақыт өте оның жәннатқа немесе тозаққа баратын жолы көрсетіледі.»[14]

عَنْ جَابِرٍ بْنِ عَبْدِ اللهِ الأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يقول: »مَا مِنْ صَاحِبِ إبِلٍ لَا يَفْعَلُ فِيهَا حَقَّهَا إلَّا جَاءَتْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَكْثَرَ مَا كَانَتْ وَقَعَدَ لَهَا بِقَاعٍ قَرْقَرٍ تَسْتَنُّ عَلَيْهِ بِقَوَائِمِهَا وَأَخْفَافِهَا، وَلَا صَاحِبِ بَقَرٍ لَا يَفْعَلُ فِيهَا حَقَّهَا إلَّا جَاءَتْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَكْثَرَ مَا كَانَ وَقَعَدَ لَهَا بِقَاعٍ قَرْقَرٍ تَنْطَحُهُ بِقُرُونِهَا وَتَطَؤُهُ بِأَظْلَافِهَا لَيْسَ فِيهَا جَمَّاءُ وَلَا مُنْكَسِرٌ قَرْنُهَا، وَلَا صَاحِبُ كَنْزٍ لَا يَفْعَلُ فِيهِ حَقَّهُ إلَّا جَاءَ كَنْزُهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ شُجَاعًا أَقْرَعَ يَتْبَعُهُ فَاتِحًا فَاهُ فَإِذَا أَتَاهُ فَرَّ مِنْهُ فَيُنَادِيهِ: خُذْ كَنْزَك الَّذِي خَبَّأْتَهُ فَأَنَا عَنْهُ غَنِيٌّ، فَإِذَا رَأَى أَنْ لَا بُدَّ لَهُ مِنْهُ سَلَكَ: أَيْ أَدْخَلَ يَدَهُ فِي فِيهِ فَيَقْضِمَهَا قَضْمَ الْفَحْلِ«. رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Жәбірден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қандай да бір түйелердің иесі (сол түйелерінің) ақысын – зекетін бермесе ол кең, тақыр далада етпетінен жатқызылады да өзі білетін түйелерінің саны бұрынғыдан әлденеше есе молайып, оның үстінен тұяқтарымен, аяқтарымен таптап өтеді. Қандай да бір сиырдың иесі (сол сиырларының) ақысын – зекетін бермесе, ол кең, тақыр далада етпетінен жатқызылады да өзі білетін сиырларының саны бұрынғыдан әлденеше есе молайып, оны мүйіздерімен сүзгілеп, тұяқтарымен таптап өтеді. Сонда олардың арасында тоқалы, мүйізі сынғаны болмайды. Қандай да бір қазынаның (алтын-күмістің) иесі оның зекетін бермесе, Қиямет күні ол қазынасы басы жылтыр үлкен аждаһа жылан түрінде келіп, аузын ашып оның қыр соңынан қалмай қуады. Жылан жақындап келгенде ол қашады. Сол кезде: «Осыған дейін тығып келген қазынаңды ал! Мен (Алла) оған мұқтаж емеспін!» деген дауыс естіледі. Ақырында қашып құтылмасын білген соң ол қолын аждаһаның аузына салады. Сол кезде ол оны бураның шайнағаны сияқты шайнап тастайды».[15]

Мал-мүліктері өздеріне таусылмастай көрініп, одан еш айырылмайтындай өмір сүрген ашкөз адамдар о дүниедегі қиыншылықтарын көргенде сол жиған-тергенінен құтылғысы келеді. Бірақ барар жер таппай әбден амалы таусылады. Алланың елщісі (с.ғ.с.) зекет бермей сараңдық танытқан пенделердің халін осылай қорқынышты жағдайда сипаттаған.

Әнәс жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):

أَنَسَ بْنَ مَالِكٍ ، يَقُولُ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : وَيْلٌ لِلْأَغْنِيَاءِ مِنَ الْفُقَرَاءِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ، يَقُولُونَ : رَبَّنَا ، ظَلَمُونَا حُقُوقَنَا الَّتِي فُرِضَتْ لَنَا عَلَيْهِمْ ، فَيَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ : وَعِزَّتِي وَجَلَالِي ، لَأُدْنِيَنَّكُمْ وَلَأُبَاعِدَنَّهُمْ ، ثُمَّ تَلَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : الَّذِينَ فِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ مَعْلُومٌ لِلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ

«Ақирет күні кедейлердің (ақысын бермеген) байларға қандай өкінішті. (Кедейлер) Уа, Раббымыз! Бұлар бізге мойындарына парыз етілген ақымызды бермеді», - деп наразылық танытады. Сонда Алла тағала: «Ұлылығым мен шексіз даңқыма серт! Сендерді құзырыма жақындатып, оларды өзімнен алыстатамын», - дейді. Содан соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Олардың малдарында сұрағанға да, сұрамағанға да тиісілі үлес бар» деген аятты оқыды.[16]

 

Байлардың мал – дүниесінде кедейлердің де үлесі бар. Мұқтаждардың ақысын беру арқылы Алланың берген дүниесін өздеріне адал етеді. Ата бабамыз бір сөздерінде: «Бай байлығын Құдайдан көрсе, кедей кедейлігін байдан көреді» - деген.

Зекет кімдерге беріледі

Зекеттің парыз болуымен қатар оны қандай кісілерге берулайықтырақ.Жаратушы Иеміз адам баласының табиғатын білгендіктен оларға зекетті таратуда өз беттерінше шешім қабылдауға рұқсат бермеген. Алла тағала Құранда зекетті төмендегі кісілерге беруді бұйырды. Құранның тәубе сүресінде былай дейді:

إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ فَريضَةً مِنَ اللَّهِ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيم

«Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедейлерге, міскіндерге, зекет жинаушыларға, жаңа мұсылмандарға, құлдарға, борыштыларға, Алла жолында жүргендерге, жолаушыға (беріледі)». [17]

  1. Пақырға
  2. Міскінге
  3. Зекет жинауға тағайындалған адамға
  4. Ислам дінін жаңа қабылдаған кісіге (Муәллафатул-қулуб)
  5. Құл азат етуге (Зекет арқылы құлды азат ету үшін жұмсау)
  6. Қарызы бар кісіге
  7. Алла (дін) жолындағылар
  8. Жолаушы

Мақаладан алатын ғибраттар

  • Алланың разылығына бөлену
  • Парыз болған жүкті мойнынан түсіру
  • Дүниеде мал-дүниенің берекеленуі
  • Тозақ отынан құтылуға себепші болуына
  • Қоғамда тепе-теңдік сақталуына

Сөзімізді қорытындылай келе Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мына дұғасын естен шығармай айтып жүрейік: 

اللَّهُمَّإِنِّيأَسْأَلُكَعِلْمًانَافِعًا،وَرِزْقًاطَيِّبًا،وَعَمَلًامُتَقَبَّلًا

«Я, Алла! Расында, мен Сенен пайдалы білім, адал ризық-несібе әрі (өз құзырында) қабыл болатын амал сұраймын!». [18]

Алла тағала баршамызға адал ризық берсін. Алланың жолында зекет беретін салихалы құлдардың қатары арта түссін! Әмин.

Пайдаланған әдебиеттер.

  1. Бақара сүресі 110 аят
  2. Ат-Тафсир аль уадых аль-Муяссар. Шейх Мухаммад Али ас-Сабуни
  3. Бақара сүресі 267 аяты
  4. Тәубе сүресі 103 аяты
  5. Бұхари мен Мүслім риуаят еткен
  6. (https://binbaz.org.sa/audios/2686/3)
  7. Табарани, 5/26
  8. Тәубе сүресі 103 аяты
  9. Ибн Мажә, 4019
  10. http://islamdag.ru/istoriya/31041
  11. Тәуба сүресі 75-76 аяттар
  12. Тәубе» сүресі, 34-35-аяттар
  13. Сафуату- тафаасир 534б
  14. Сафуату- тафаасир 534б
  15. Мүслім риуаят еткен.
  16. Ислам ғылымхалы (Ханафи мазхабында) 506 б. Зекет
  17. Тәубе, сүресі 60 аят
  18. Ибн Мәжа

Қостанай облыстық «Марал ишан»  мешітінің найб имамы

Абзал Сұлтанғалиұлы

Абзал Сұлтанғалиұлы
05 11.19

Жақында Елордамыз Нұрсұлтан шаһарында республикалық III имамдар форумы болып өткені белгілі. Осы аса маңызды жиынға өзім де қатысып, қаншама игі әсер алдым. Басқосудан көргенім мен түйгенімді өңірдегі әріптестеріммен бөлісіп, алда тұрған асқаралы міндеттер жайлы үнемі айтып келемін.

Аталмыш жиынға байланысты Қостанай өңіріндегі аудан, қала, елді-мекендердегі дін қызметкерлеріне арнайы семинар өткіздік. Онда республикалық форумда қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы, «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» және «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» деп аталатын құжаттарда баяндалған күнделікті қызметімізге аса қажетті жайлар жан-жақты айтылды.

Сонымен форумнан алған әсерім жайлы осы мақаламда тілге тиек етпекпін. Меніңше жоғарыда сөз етілген «Жеті рухани қазық» деп аталатын рухани тұғырнама тек қана дін саласында жүрген имамдардың ғана емес, әрбір мұсылманның үйінде болуға тиіс аса құнды дүние деп есептеймін.

Осы маңызды дүниені қолға алған адам үлкен тебіреніске түсіп, терең ойда қалатындығы белгілі. Өйткені онда әрбір адамның өмірлік ұстанымы әрі мұраты болар жайлар баяндалған. Мұнда имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік жайлы толық баяндалған.

Имандылық бағытында менің әріптестерімнің тындырып жатқан жұмыстары қашанда ауыз толтырып айтарлықтай. Олар халықтың арасында тынымсыз еңбек етіп, мұсылман қауымын ізгілікке, қайырымдылыққа, адамгершілікке баулуда.

Жүрегінде иманы бар адам ешқашан да қиянатқа, әділетсіздікке жол бермейді. Ата-анасын ардақ тұтып, үлкенге ізет, кішіге кішіпейлдік танытады. Өмірде көріп жүргеніміздей, әке-шешесінің бойынан қуат, қолынан күш кеткенде, артық зат секілді, көздері қиып қарттар үйіне тапсырмайды.

Өз басым жастар арасында болғанда осы жайды үнемі саналарына жеткізуге тырысамын. Біз отаншылдық жайын жиі айтамыз. Бұл өте орынды да. Өз отанын сүйген адам ешкімге де жамандық ойламайды.

Жастардың бойына кішкентайынан патриоттық сезімдерді қалыптастыру баршамыздың асыл мұратымыз әрі мақсатымыз. Бұл жөнінде талай алқалы жиындарда айтылып та, жазылып та жүр.

Білімділік, ауызбіршілік біздің ұдайы қозғап жүрген ерекше тақырыбымыз. XXI ғасыр білім ғасыры екендігі даусыз. Мемлекетіміз өркендеген сайын білімге де айрықша көңіл бөлініп, көптеген жетістіктерге жетудеміз.

Бүгін мен күнделікті бірге қызмет атқарып жатқан имамдардың білімі мен біліктілігі жайлы тілге тиек еткенді жөн дер едім. Қазіргі таңда имамдарға қойылар талап та өте жоғары.

Мәселен, олар діни ілім алуларымен қатар рухани жағынан кемел, жан сарайы өте терең болып, жан-жақты біліммен қаруланғандары абзал. Олар шешендігімен, біліктілігімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен дараланып жатса нұр үстіне нұр емес пе.

Сол себептен де әріптестерім халықпен тонның ішкі бауындай араласа қызмет атқарып, бойларындағы ізгі қасиеттерімен оларды ауызбірлікке, еңбекқорлыққа, мәдениеттілікке әрі әділдікке шақырып, өздері әрдайым үлгі-өнеге көрсетулері тиіс.

Дін қайраткерлерінің жүздерінен имандылықтың нұры төгіліп, жұртшылықты мәнді де ізгілікке толы сөздерімен айрандай ұйытып жатса құба-құп емес пе.

Форумда қабылданған құжаттардың бірі «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» деп аталатын салт-дәстүріміз және дінімізбен біте қайнасқан ұлағатты дүниелер кімді болсын терең ойға жетелері хақ.

Осы арада жалаң сөзге салынбас үшін оның мазмұнына қысқаша тоқталып өткенім жөн болар. Мысалы, сәбиге ат қою, бата беру, Құран үйрету, азан айту, мәуліт оқу, жарапазан айту секілді рәсімдерді әрбір мұсылман бауырларымыз білсе артық емес.

Өздеріңіз де көріп жүргендей, қазіргі таңда имамдар қауымына жүктелер жауапкершілік пен міндет те жеткілікті. Олардың бойында кәсіби білім, жан дүниелері рухани жағынан бай болуымен бірге патриоттық сезім, Отан алдындағы перзенттік парыз, адалдық пен адамгершілік қасиеттер әрбір сөздерінен айқын сезіліп тұрса ғанибет.

Мен еліміздегі барша дін қызметкерлерін бүгін әңгімемізге арқау болған имамдардың республикалық III форумында қабылданған маңызды құжаттарды насихаттауға әрі арамыздағы күллі халықтардың ынтымақ-бірлігін нығайта түсуге шақырамын.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Қостанай облысы бойынша Бас имамы

Бахытбек қажы Тәжімбет

Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы
29 10.19

Асыл дініміз Ислам – барша адамзат баласын бейбiтшiлiкке, амандыққа, ешкiмге соқтықпай тыныш өмiр сүруге шақыратын иләһи дiн. Міне, осындай хақ дiнiмiз жер бетiнде нағыз адамгершiлiктiң, сыйластықтың рухын жайып, алауыздыққа, қастық пен дұшпандыққа тыйым салғаны да мәлiм.

Ислам бұл – тыныштықты бұзу үшiн емес, теріс пиғылды тыю үшiн жiберiлген мейірім діні. Ата-бабаларымыз да сан ғасыр бойы дәстүрлі дінді өмiрлеріне негізгі діңгек етіп ұстанып, ауызбiршiлiкпен бейбiт ғұмыр сүрiп келдi.

Дiни дүрдараздық деген ұғым қазақ даласында күнi кешеге дейiн болмаған. Өкiнiшке орай, соңғы жылдарда асыл дiнiмiздi жеккөрiнiштi етiп көрсететiндер жер-жерден бой көтере бастады. Кешеге дейiн бар қазақ бiр дiндi, бiр мәзһабты ұстанып келдi. Сенiмi де, мақсат-мүддесi де бiр болды. Ендi бүгiн әлемде түрлi мүдделер – кертартпа-жатпиғылды ағымдар көбейіп, дiнiмiзге әртүрлі жаман атаулар таңылуда.

Жат ниетті ағым, қарапайым халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында қаншама айлы-шарғыларын жасап әлек. Хақиқи Исламның атын жамылған ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде теріс бағытта қызмет жасауда. Әсіресе, қазақтың дүниетанымына сай келетін Әбу Ханифа мәзһабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндердің әрекеті байқалады. Ал, сондай жатпиғылды ағымдардың шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай дал.

Жат ағым өкілдері қарапайым халықты қалай өзі ұстанған сенім жолына алдап-арбайды? Оның басты деген амал-тәсілдері қандай?

  1. Кез келген «діни ағым»топқа жаңа қосылған адамды, ең алдымен психологиялық қысымға алады. Өздерінен басқаның бәрін адасқан санатына қойып, санасын улайды.
  2. Өз орталарына ерекше бір қамқорлыққа алғандай сыңай танытып, шынайы бір жанашырындай көрінеді. Үнемі оған көңіл бөледі, бұл нәрсе «ағымға жаңа қосылған адамның» жанына жағымды болады. Осыдан, діни түсінігі таяз, алданған адам, діні мен дәстүріне қарсы шығып, өз Отанына, ата-ана, ағайын-туыс, қоршаған ортасына деген өшпенділікті оятады.
  3. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, қоғамнан бөлектене бастайды. Өз араларындағы «ұстазға» тәуелді болып қалады. Демек, осыдан кейін «періште ұстаздан» өзге жанның сөзін құлаққа ілу, осыған дейінгі уақытта өмір сүрген ортаның салтымен санасудың қажеттілігі көрінбей кетеді.
  4. Адамның ойлау қабілетін тежейтін тәсілдерді қолданады. Мәселен, «шектеулі болған ұстаздардың» бір сарынды уағызын ғана тыңдату. Бұл адам психологиясын тәуелділікке әкеліп соқтырады. «Тыңдарман» өзінің бұрынғы отбасынан алған тәлім-тәрбие, қадір-қасиеттерін бір сәтте жоққа шығарып, өзі түскен ағымға ұнамды бейнені қабылдап алады. Мұның соңы бөлінуден басқа ешнәрсеге алып бармасы анық.

Исламнан нәр алған бабаларымыздың ұстанған жолы – береке мен бірлік болған-ды. Ал, дініміз мұсылмандардың басқа жолдарға бөлінуіне әрқашан да қарсы. Алла Тағала бұл жайлы:

وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعاً وَلاَ تَفَرَّقُواْ

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят)-деп ескертті.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

يقول النبي صلى الله عليه وسلم "عَلَيْكُمْ بِالجَمَاعَةِ وَإِيَّاكُمْ وَالفُرْقَةَ فَإِنَّ الشَّيْطَانَ مَعَ الوَاحِدِ وَهُوَ مِنَ الِاثْنَيْنِ أَبْعَدُ، مَنْ أَرَادَ بُحْبُوحَةَ الجَنَّةِ فَلْيَلْزَمُ الجَمَاعَة" الترمذي

«Сендерге әрдайым жамағатпен бірге болуды және бөлінушіліктен сақтанып жүруді тапсырамын. Шын мәнінде Шайтан, жалғыз қалған адаммен бірге, ал екі адам болған жерден аулақ жүреді. Кімде-кім жұмақтың жайлылығын қаласа көпшілікті ұстансын» (Тирмизи 2165).

Және Абдулла ибн Масғуд (р.а.) айтты:

وعَنْ عَبْدِ اللهِ بن مسعود رضي الله عنه، قَالَ: "الْزَمُوا هَذِهِ الطَّاعَةَ وَالْجَمَاعَةَ ، فَإِنَّهُ حَبْلُ اللهِ الَّذِي أَمَرَ بِهِ، وَأَنَّ مَا تَكْرَهُونَ فِي الْجَمَاعَةِ خَيْرٌ مِمَّا تُحِبُّونَ فِي الْفُرْقَةِ ."المعجم الكبير للطبراني

«Итағат (бойұсыныңдар) етіңдер және әрдайым көпшілікпен бірге болыңдар. Расында осы екеуін мықтап ұстануды Алла бұйырған. Көпшіліктен бөлінгенде ұнатқан заттарыңнан гөрі көпшілікте жүріп ұнатпаған заттарың жақсырақ» (Әл-Муғжам Әл-Кәбир Ат-Табарани 8973).

Яғни, жамағаттан алыстап-бөлінудің зарары қаншалықты ауыр екендігін осы сөзерден анық аңғаруымызға болады. Демек, асыл дініміз көпшіл болуға, бірігіп ел болуға шақырып қана қоймай, жікке бөлінуді де құптамайды.

Негізінде елімізді паналаған кез келген ағымды «жақсы-жаман» деп бөлуге болмайды. Неге? Өйткені, олардың түпкі мақсатында: «бөліп ал да, билей бер»-деген ұстаным жатқаны анық.

Ал, шындығында мұсылман қандай болу керек? Әрине, нағыз мұсылман Алладан шынайы қорқып, Құдай тағала көріп тұрғандай құлшылық жасауы керек. Кісіге үкім шығарып, «сен кәпірсің, күнәһарсың» деген сөздерді қолданбауы қажет. Сондай-ақ айналасына пайда тигізетін мейірімді жан болуы тиіс. Өйткені ардақты пайғамбарымыз: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген адам», – деген. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның.

Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір діни мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, арнайы «дін мамандарынан» кеңес сұрағанымыз абзал.

Әсіресе, ата-аналар балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат ашуға кеңес бергені жөн дер едім. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсете алмаса, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін.

Қазіргі таңда қайсыбір ата-ана баласы дінге бетбұрыс жасап, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқатын жағдайға жеткен. Мұндай жайт ата-бабамыздың өңі түгілі түсіне де кірмеген болар.

Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі жаһандану заманында еліміздегі ахуал осындай. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, «дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың» құйтырқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар.

Бүгінгідей кезеңде басты қатер – ашық-шашықтығымыз. Осы ұрымтал тұсты пайдаланушы жымысқы әрекетті әрқандай жат ағымдар ұлтымызға жақын «дін» атын жамылып кез келген бағыт бойынша, соның ішінде ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салуда.

Көбіне сырттан қаржыландырылатын діни ұйымның басты мақсаты болады, ол – қоғамға іріткі салу. Сондықтан олар қоғамда дүрбелең туғызатын қозғаушы күш, тобыр іздейді.

Әңгімені қорытындылай келе айтарым: түсіне білген адам үшін дін – тек намаз оқу емес, ол күрделі ғылым. Ол ғылымды игеру үшін білімнің қажет екені айт­паса да түсінікті. Ғасырлар бойы ұлы даламызда салтанат құрып келе жатқан исламның қадір-қасиеті адамзат үшін басты құндылық.

«Алланы бір, Пайғамбарды хақ, Құранды шын» деп таныған бабаларымыздың аманатына адалдық таныту – бүгінгі міндет. Сондықтан қазіргі таңда жас ұрпаққа рухани тәрбие берiп, дiни сауатын ашу үшiн барлық жағдайды жасауымыз қажет.

Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық.

Құрметті бауырлар, ел болу үшін, ең алдымен өз ішімізден бөлінуге жол бермейік. «Бөлінгенді бөрі жейді»-демекші, іштегі бірлік кетіп, алауыздық туындаса, сырттан келіп, елімізді ойрандап, іріткі салу оңайға түседі.

Сондықтан әсіресе, жастар, жалпы ел мұсылмандары ешбір топтың жетегіне ермей, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстаздарының пәтуасына жүгініп, дәрістерінен рухани азық алайық. Егемен еліміздің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық әрі мұсылмандық парызымыз екенін жадымыздан шығармайық!

Бектұрсын Уәлиев

Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің

бас имамы

Уалиев Бектурсын Торгайбаевич
07 10.19

Адамзатты жаратқан, оларға көру, есту, сөйлеу қабілетін берген, пенденің көкірек көзін ашқан күллі әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар болғай! Алланың сүйіктісі, тура жолдың көшбасшысы Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.) Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Тіл – Алланың бізге, яғни адамзатқа берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Кез келген қалауларымызды, рахметімізді, мінімізді, уәжімізді және сынымызды, жалпы ойымызды осы берілген құрал, тіліміз арқылы еркін, әрі анық түрде толықтай жеткізе аламыз. Әлемдегі қаншама информацияларды осы сөйлеу қабілеті арқылы жеткіземіз. Сондықтан бұл Алланың бізге деген шексіз мейірімі, жеңілдігі.

Ал енді сол нығметті біз қалай пайдаланып жүрміз. Дұрыс па әлде бұрыс па, тиісті жерінде қолдана алып жатырмыз ба? Қандай да бір зат не қабілет берілсе, ол Алладан. Алла Тағала пендесіне еш бір затты мақсатсыз бермейді. Яғни берілген нығметтің артынша сұрауы бар. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

فَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْرًا يَرَهُ (7) وَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرًّا يَرَهُ(8)

«Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны да көреді» («Зілзәлә» сүресі, 7-8-аяттар). Осы аятқа үңілетін болсақ, адам баласы жақсылықты да жамандықты да Алланың берген нығметімен жасайды. Міне сол жасағанның артынша, өздеріне тиесілі жазаны не жақсылықты міндетті түрде көретіндіктерін ескертуде.

Шаңның тозаңындай амал жасағандығымыз үшін де ертен жауап беретін болсақ, үлкен нығметтеріміз үшін де қияметте Алланың құзырында жауап береді екенбіз. Алла Тағала бізге таңдау еркіндігін берді. Міне сондықтан бұл дүние сынақтардан, қиыншылықтар мен қуанышты сәттерден тұрады.

Алланың берген тіл нығметі арқылы жетістікке жетуге болатын маңызды да хайырлы екі жақсы амалға тоқталып өтсек:

  1. Дінді насихаттау. Бұл жөнінде Алла Тағала Құранда былай деп баяндайды:

ادْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ ۖ وَجَادِلْهُم بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ ۚ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِ ۖ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ

«(Уа, Мұхаммад!) Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды уағыз-насихат айту арқылы шақыр! Сондай-ақ (Алла жолында) күресу (немесе сөз таластыру) керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда. Шүбәсіз, Раббың өзінің тура жолынан кімнің тайып кеткенін жақсы білетіні сияқты тура жолына түскендерді (һәм түсетіндерді) де өте жақсы біледі» («Нахл» сүресі, 125-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да дінді насихаттаушы пендені сүйіншілеп былай деген: «Кімде-кім, адамдарды тура жолға шақыратын болса, ол адамның сауабы артынан ерген адамдардың сауабымен бірдей болады да, олардың сауабынан еш кемімейді!» Басқа бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, кейін оны басқаларға үйреткендерің». Демек, шынайы момын мұсылман адам Құрандағы үкімдерді үйреніп, басқаларға үйретуі, білмейтіндерге дұрысын көрсетуі, білмеген мәселелерінде жол сілтеуі, өзге мұсылмандар алдындағы борышын шынайы атқаруы, мұсылмандардың баршасына игі дұға етіп, жақсылықты дәріптеуі қажет. Себебі кез-келеген адам, дінді насихаттау арқылы, бір адамның тура жолға түсуіне себепші болады.

  1. Адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю. Алла Тағала Құранда бұған қатысты балай деген:

وَلْتَكُن مِّنكُمْ أُمَّةٌ يَدْعُونَ إِلَى الْخَيْرِ وَيَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ ۚ وَأُولَٰئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ

«(Уа, мүміндер!) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне солар – (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер» («Әли Имран» сүресі,104-аят). Дегенмен, жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю жолында да осынау тіл арқылы Алланың алдында кешірілмес үлкен қателіктер мен күнәларға барып қалуымыз әбден мүмкін.

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, ойымызға келгеннің бәрін айтып, сыртқа шығара беруге болмайды. Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Кімде-кім, Алаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе тіліне ие болып, тыныш тұрсын». Сонымен қатар Алланың Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір басқа хадисте былай деген: «Кімнің сөзі көбейсе, қателесуі көп болады. Кімде-кімнің қателесуі көбейсе күнәсі көбейеді. Кімнің күнәсі көп болса, тозаққа лайық болады». Расында да адам баласының қателікке бой алдыратын себептердің бірі, мән-маңызы жоқ көп сөз сөйлеу. Әңгіменің басы жақсы басталғанымен, соңы өсекке, ғайбатқа, біреуді айыптаумен ұласып кетіп жатады. Тіпті шектен шығып ары таза адамды қаралап, ғайбат ату немесе күнә жасап қойған адамның соңына түсіп, айыбын әшкерелеп, өсектеу сынды жағымсыз күнәлі істерге жол беріп жататынымыз да ақиқат. Өсекші мен ғайбаттаушының қияметтегі өте ауыр әрі азапқа толы жағдайын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына оқиғасынан-ақ байқауға болады: «Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Миғражға көтерілгенде тозақтың ішінде тілдері желкесінен шығып азапталып жатқан бір топ қауымды көріп, Жәбірейілден (ғ.с.) бұлардың кімдер екенін сұрайды. Жәбірейіл: «Бұлар өсек, өтірік, ғайбат айтқандар»,-деді.

Бұл жаман қылықтардың ешбірінің жақсылығы жоқ әрі артынша ауыр азапқа душар ететіндіктен еш ойланбастан ата-бабаларымыздың «Он күнәнің тоғызы – тілден» деген нақыл сөзін жадымызда ұстап, мұндай жиілкенішті әрекетке мүлде жол бермеуге тырысуымыз қажет-ақ. Себебі Алланың Елшісі (с.ғ.с.) нағыз мұсылманның қандай болуын айта келе былай деген: «Біреуге қолымен немесе тілімен зәрердей зиянын тигізбеген адам – нағыз мұсылман».

«Көнектей басқа, шүмектей тілің жау» демекші осы тілмен тек күнә жасап қана қоймай, одан бөлек сауаптарымыздан да айырылып қалатынымызды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір уақиғасынан байқаймыз. Бірде бір адам Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Я, Алланың Елшісі, бір дәулетті әйел күнде садақа береді, бес уақыт намаз оқиды, көп жақсылық жасайды. Бірақ тіліне ие болмайды. Ал келесі бір әйел болса, ол кедей тұрады, садақа бере алмайды, алайда бес уақыт намазын оқиды да, тіліне ие болып, ешкімді тілдемейді. Осы екі әйелдің қайсысына сауап жазылады»,-деп сұрады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп жауап берген: «Дәулетті әйел көп қайыр-садақа бергенімен, тіліне ие болмаса, оның жақсылығының сауаптарын айтқан ғайбаты мен балағаттаған тілі жойып отырады. Ал екінші әйел қолының қысқалығымен қайыр-садақа бере алмаса да, тіліне ие болып ешбір жанды ғайбаттамағандығы үшін, оның барар жері – жұмақ болады».

Бұл тұрғыда хәкім Абай атамыз да:

«...Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдында,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз»,-деп қиямет күнінде адам баласына үлкен қасірет алып келетін күнәлі істерді баяндап жеткізеді. Қасықтап жиған сауапты, шелектеп төгіп алмауымызды ескертіп, «Тілді ноқталасаң, басың сақталады» деген аталарымыздың нақыл сөзі баршамызға да тіршілігімізде ұран болуы қажет.

Тіл – ойдың шындығы. Ғалымдарымыз айтқандай жүрегіміз бен тіліміз қазан мен ожау іспеттес. Қазанға ожауды батырсақ қазанның ішіндегісі шығады. Міне сондықтан тілімізден шыққан сөз, жүрегіміздің дәрежесін көрсететіндігін ұмытпайық ағайын. Жүрегіміз таза болса ойымыз да сөзіміз де дұрыс болмақ. Жүсіп Баласағұни бабамыз:

«Тілесең сен есендікте жүруді,

Жаман сөзге қимылдатпа тіліңді»,-деп екі дүниенің амандығына, бақытына үміттенген адамды тілге тиек болуға шақырады.

Алла Тағаланың орнатқан заңымен әрекет ететін жан қателікке ұрынбайды. Алла Тағала баршамыздың басымызға амандық, сауаптарымызға молшылық, сөйлеген әрбір сөзіміз хайрлы да жақсы сөздерден болуын нәсіп еткей!

Кенжеғара Әл-Фараби Ерболұлы
26 09.19

Ысырап сөзі араб тілінен еңген, «босқа шашу», «мөлшерсіз жұмсау», «шектен шығу» деген мағыналарды білдіреді.

Алла Тағаланың тарту еткен несібесін бет алды шашу, түбінде адамға өкініш алып келетін күнә. Алла Тағала қасиетті Құранда ысырап жөнінде былай деген:

وَكُلُوا وَاشْرَبُوا وَلَا تُسْرِفُوا ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпендер! Алла Тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді» (Ағраф суресі, 31-аят).

Ысырап етуші Жаратушымыздың алдында жағымсыз іс жасауымен қатар, шайтандардың бауырына айналады.

وَآتِ ذَا الْقُرْبَىٰ حَقَّهُ وَالْمِسْكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَلَا تُبَذِّرْ تَبْذِيرًا إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُوا إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ ۖ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورًا

«Жақын туысқа, пақыр-міскінге һәм жолда қалған жолаушыға тиісті жақсылығыңды жаса! Мал дүниеңді орынсыз шашып-төгіп, ысырап қылма! Шүбәсіз ысырапшылар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ малғұн!» ( Исра суресі, 26-27-аяттар)

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) берілген нығметті қалауымызша тұтынуымызды рұқсат етіп, алайда ысырап жасауға тыйым салып, былай деді: «Адамды адасу жолына жетелейтін нәрсе, ысырапшылдық пен такәппарлық» (Бухари ).

Бабаларымыз да кейінгі ұрпақ сіз бен бізге ысырапшылдыққа бармай, қолдағы бар ырыздық-несібе мен берекетті орнымен пайдалана білуді өсиет еткен. Абай атамыз «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде ысырапшылдықты ең бір жаман әдет ретінде қарастырып былай деген:

«Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз».

Демек Алланың берген нығметінен жеп, ішіп, алайда дәулет артқан кезде, жағдайы төмен кедейдің, жетім-жесірлердің тиісті үлестерін беруді еш ұмытпау қажет. Сондай-ақ сырт көзге мақтану ниетімен қымбат киіну де ысыраптың бір түріне жатады. Сондықтан қаражатымызды пайдасы тиетін жерге жұмсап, зияны тиетін жерден аулақ болуымыз ләзім.

Тамақтанған кезде де өз мөлшерін сақтаған жөн. Ислам дінде аз тамақтанып тән саулығын күшейтумен қатар, мешкейлікпен артық асап, ысырапшылдыққа ұрынбау керектігі де ескертілген. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жөнінде былай деген: «Ішіп жеңдер, киініңдер және садақа беріңдер, бірақ ысырап пен тәкаппарлықтан сақтаныңдар» (Бұхари).

Сонымен қатар Алла Тағала Құран Кәрімде адамзат баласы уақыттың қадірін түсінуі қажет екендігін былай деп баяндайды:

وَالْعَصْرِإِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ

«Заманға серт! Негізінде адам баласы зияанда!» (Аср суресі, 1-2-аяттар)

Бұл аяттарда Жаратушымыз уақытпен серт етіп, сол уақытты дұрыс пайдалана алмаған адамдар қасіретте болатындығын ескертуде. Ал сол қасіреттен арылуымыз үшін ең бастысы әр бір сағат, күн, ай, жылымызды игі істермен өткізіп, сауапқа кенелудің жолын табуға көп көңіл бөліп, уақытты бекер өткізіп алудан сақтануымыз керек.

Ұйқы – Алланың ұлы нығметтерінің бірі. Адам баласы бұл дүниеде негізгі екі қалыпта болады. Оның бірі ұйқы болса, ал екіншісі сергектік. Орынсыз көп ұйқы уақыттың жауы. Көптеген кітаптар жазған ғалымдардың өмірбаянына қарасақ, олардың аз ұйықтап, көп ғылыммен шұғылданғандықтарын аңғарамыз. Ғалым болып кетпесек те, кез-келген адамға білім алу – парыз. Сондықтан ұйқымызды азайтып, уакытымызды тиімді пайдаланып, ғұмырымызды білім алуға жұмсайық.

Дінімізде меймандарға ас тарту етудің сауапты іс екендігі аят, хадистерде баяндалған. Қазақ дәстүріндегі жетісі, қырқы, жылын беру де тектен-тек пайда болмаған. Ол кезде қазақ ауылдарында ағайын-туған, жекжат-жұрағаттардың арасы өте шалғай болған. Көршілердің өзі де жақын жерде болмаған. Сондықтан алыстан көңілқос айта келген қонақтарға арнайы мал сойдырып, ет астырып, ас ұсыну қалыптасқан. Алайда қазіргі уақытта, қайтқан кісінің құрметіне берілетін құдайы астарды ысырапқа жол бермей атқару қажет. Ислам діні аталмыш асты қарызданып, қауғаланып міндетті турде өткізуді құп көрмейді. Себебі қазіргі уақытта адамдардың көбісі өзінің тұрмыс-тіршілігіне мән бермей, жетпей жатқан жағдайда да мол қаражат жұмсап, жылқы сойып, садақа беріп, әбігерге салынып, ас беруді әдетке айналдырған. Тіпті шектен тыс ойына келген әрекеттерге, ысырапшылдыққа жол берілген. Соның бірі – өлік шыққан үйдің дастарханы, тойдың дастарханымен бірдей деңгейге жетті. Орамал, жыртыс, ақша тарату шариғат міндеттемейтін ысырапшылдық. Санамыздағы ысырапшылдық сияқты кемшілікті имандылық тәлім-тәрбие, арқылы түзетуіміз қажет. Құран мен сүннеттегі осыншама ұстанымдарға құлақ түрілсе, ысырапшылдықтың алды алынары сөзсіз.

Қазақтың тойсыз күні жоқ. Салт-дәстуріміздің қатаң сақталуымен тәрбиелік маңызы зор болып есептелетін тойлардың өзі де бұрынғы денгейінен құлдырап, даралықпен даңғазалыққа айналған. Бүгінгі күні дәстүр мен дарақылықты шатастырып, ысырапшылдыққа жол беретіндер көп. Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен қасақ қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мумкін емес.

Прагматизм – өзінің ұлттық және жеке байлығыңды нақты біліп, оны үнемді пайдалануың әрі соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алуың және ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдинеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес, керісінше ұстамдылық пен қанағатшылдықты, қарапайымдылық пен үнемшілдікті орынды пайдалану – көрегенділікті көрсетеді. Тойға тыйым салу немесе шектеу қоюды қалап отырған жоқпыз, бәлки астамшылдыққа тосқауыл болатын барлық амалдарды жұзеге асыруымыз қажет.

Ұзынкөл аудандық

«Балықты» мешітінің бас имамы

Ажмахан Есенгелді Сақтағанұлы

Ажмахан Есенкелді Сақтағанұлы
18 06.19

Имандылық – бала тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы. Сондықтан тәрбиені діннен бөлек алып қарауға әсте болмайды. Қаншалықты жақсы тәрбие көрсе де, дініне енжар, селқос қарайтын, имандылық негіздеріне аса мән бермейтін ұрпақ екі дүниеде де мұратқа толық жете алмайды.

Қазіргі жаһандану заманында қоғамымыздағы кейбір жастардың әдепсіз әдептерге, мұсылманға жат қылықтарға бой алдыру, батыстық мәдениетке еліктеп, әзәзіл әуендерге үйір блып, ақырында болашағынан үміт күттірген өскелен ұрпақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық, рухани құндылықтарға қарсы келуінің басты себебі де, сөз жоқ, нақ осы имандылық тәрбиенің әлсіздігінен немесе жоқтығынан.

Асыл дініміз туылған нәрестеден бастап , ер жеткенге дейін перзентке қандай тәрбие беру керектігін нақтылап берген. Алла Тағала қасиеті Құран Кәрімде былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ

«Уа иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) сақтаңыздар» Тахрим сүресі, 6-аят. Сонымен қатар Алла Тағала басқа аятта былай деп бұйырады:

وَأْمُرْ أَهْلَكَ بِالصَّلَاةِ وَاصْطَبِرْ عَلَيْهَا ۖ لَا نَسْأَلُكَ رِزْقًا ۖ نَّحْنُ نَرْزُقُكَ ۗ وَالْعَاقِبَةُ لِلتَّقْوَىٰ

«Отбасыңды намаз оқуға бұйыр және өзің де намаз оқуда табандылық таныт. Біз сенен ризық сұрамаймыз, керісінше сенің ризық-несібеңді Біз берудеміз. Расында, жақсы нәтеже тақуаларға» Таһа сүресі, 132-аят.

Ибн Омар (р.ғ.) Алла Елшісінің (с.а.с) былай дегенін риуаят еткен: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметкері) қожайынның малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар!». Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махабат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті. Сәбиге туған кезден бастап жақсы тәрбие беру керек. Оның тыныш, мамыражай жағдайда өскені жөн. Оған қатты дауыс көтеріп ұрсуға, жекуге, қорқытуға болмайды. Сондай-ақ айқай-шу, төбелес сияқты жағымсыз көріністер көрсетілмеуі тиіс. Мұндай әрекеттер баланың жүйкесіне теріс әсер етіп, оның ақыл-есінің кемуіне әкеп соғуы ықтимал. «Әрбір туылған сәби фитрада (әуелгі таза болмыста, яғни еш нәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Кейін әке-шешесі оны не яһуди, не христиан, не отқа табынушы етеді. Сондықтан ата-ананың балаға дұрыс үлгі болуы – игі ұрпақ тәрбиелеп шығарудың басты талабы. Сонымен, бала тәрбиесінің басты ұстындарын былайша бөлуге болады:

  1. Жаңа туылған нәрестеге мейлінше сүйіспеншілікпен, мейірім-шапағатпен, ыстық ықыласпен қарау керек.
  2. Өзін-өзі ұстай білу, сабырлылық сезімін қалыптастыру.
  3. Ата-ананың жақсы үлгі болуы.
  4. Жақсы білім беру.

Егер ата-ана ұрпағын нағыз шынайы мұсылман етіп тәрбиелей алса, онда олардың баласы қиямет күні жұмақ қақпасының алдында отырып: «Әке-шешем кірмесе, мен де кірмеймін»,- дейді екен. Ізгі ұрпақ тәрбиелегені үшін ата-анаға осы дүниеде де, ақыретте де үлкен құрмет, шексіз қошемет бар.

Жалпы баланың тәрбиесіне әсер ететін төрт фактор бар:

  1. Отбасы;
  2. Сыртқы орта («көше»);
  3. Мектеп;
  4. Қоғам және жалпы қоғамдық мәдениет.

Демек, бала тәрбиесі ата-ананың, мектептің, қала берді жалпы мұсылман қоғамның ортақ ісі. Жаратушы Хақ Тағала мұсылмандардың ізгі істерде әрдайым тізе қосып, бірге жүзеге асырауларына үндеп былай дейді:

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَىٰ ۖ وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ ۚ

«Ізгілік пен тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер! Ал күнәлі істерде һәм дұшпандық жасап, шектен шығуда бір-біріңе болыспаңдар» Мәйда сүресі, 2-аят.

Халық нақылында: «Алтыға дейін патшадай сыйла, алтыдан кейін құлдай жұмса, он алтыда досындай сырлас» делінеді.

Ұлы Жаратушымыз былай дейді: «Балаларын толыққанды емізгісі келетін аналар толық екі жыл емізеді. Ананың азығы мен киімі шама-шарқынша баланың әкесіне міндет. Әркімге шамасы келетін нәрсе ғана жүктеледі. Ана да, әке де баланың себебінен зиян шекпесін. Сондай-ақ, мұрагер де сондай. Егер ата-ана өзара ризашылықпен кеңесіп, емшектен шығаруды қаласа, сонда екеуіне күнә жоқ. Ал егер балаларыңды (басқа әйелге) емізгілерің келсе, ақысын келсім бойынша төлеген болсаңдар, (бұл да) сендерге күнә емес. Алладан қорқыңдар да біліңдер! Расында Алла істегендеріңді толық көруші» Бақара сүресі, 233-аят.

Демек, ата-ана баласын толыққанды емізгісі келетін болса, екі жыл бойы емізуі тиіс. Ал ата-анасы тамақ жей алатын жағдайға келген баласын екі жылға толтырмай емшектен шығарып жатса, онда Алла Тағала айтқандай оларға күнә жоқ. Тек әуелі дәрігермен кеңесуді ұмытпаған жөн. Осыны есімізден шығармауымыз керек! Қазақтың мына: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Отан отбасынан басталады», «Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер. Атадан жаман ұл туса, төрдегі басын есікке сүйрер» нақылдары да, бала тәрбиесіне аса қатты мән берілуі керектігінің айғағы болып табылады. Қазіргі жасөспірім балалар теледидарға телміріп, одан қалса ұялы телефонға және компьютерлік атыс-шабыс, төбелес, тонау, т.б. ойындарға әуестігі басылар емес. Осы орайда: «Теледидар көрсе-көрсін, ұялы телефон және компьютер ойнаса-ойнасын, тек жыламаса, бұзықтық істемесе, босқа қаңғырмаса, әйтеуір мазамды алмай тыныш отырса болды»,- деген немқұрайлылықтан барынша сақтанып, бала тәрбиесіне баса назар аудару қажет. Перзентіңізге көңіл бөліп, оған ғибратты әңгімелер мен киссалар айтып берсеңіз, түптің түбінде еңбегіңіздің жеміс берері даусыз. Ал, енді сол немқұрайлылықпен жүре берсек ақыры не болмақ деп бір сәтке ой жүгіртіп көрдіңіздер ме?! Перзентіңіздің күн сайын алдынан түспейтін әлеуметтік желі мен ғаламтор және құрдымға апаратын құмар ойындар мен зиянды бағдарламалар жастардың сана-сезімі мен ақыл-ойын біртіндеп улап, неше түрлі қылмыстық әрекеттерге итермелеуі әбден мүмкін.

Жеткіншектер үшін ғаламтордың бір зиянды жағы, мұнда әр түрлі құмар ойындары, зиянды бағдарламалар да жетіп артылады. Алаяқтар мен хакерлер жастарды ғаламторға тәуелді етіп, бұлыңғыр қарым-қатынас, жыныстық байланыс жасауға шақырып, виртуальды әлемге қызықтырып, ақыл-ойы әлі қалыптаспаған ұл-қыздарымызды еліктіріп, есінен айырады. Әрине, кәзіргідей техникалық-ғылими прогресс дамыған заманда компьютердің, ғаламтордың дұрыс пайдалана білген адамға пайдасы зор. Ол-талас туғызбайтын ақиқат. Тек оған біздің көптеген жастарымыздың таным-түсінігі жетпей жататыны болмаса... Демек, компьютерде отырған адамның миының үштен бірі істемей тұрады, -дейді. Демек, ғаламтордың соншама зиянын естіп, біле тұра неге алдын алмасқа? Ол үшін не істеуіміз керек деген сұрақ туындары сөзсіз. Әрине оның жауабы бар. Олай болса, ұл-қызымыз иманды да ибалы болсын десек, өзімізге де, балаларымызға да адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмірінен ғибрат алуды және Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзін өмірлік өнеге ете білуді үйренейік. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былай деп баян етеді:

لَّقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا

«Шүбәсіз, Алла Елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақирет күніне бар үмітін артқан (Алланы және ақирет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та теңдессіз үлгі-өнеге бар» Ахзаб сүресі, 21-аят.

Ендеше, Алла Тағаланың өзі сүйген Мұхаммед пайғамбарды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) балаларымыз жақсы көретін болса, онда Жаратушы Иеміз де оларды сүйетіні шүбәсіз. Ал, Алла сүйген ұрпақтан бақытты ұрпақ қайдан болсын!

Қорыта келе, Елбасымыздың: «Біз – тегіміз түрік, дініміз – Ислам екенін ұмытпаумыз керек. Ол үшін касиетті кітап Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек»,-деген ұлағатты сөзін айтқым келеді. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өсиеттерінің бірінде: «Ешбір ата-ана өз баласына көркем әдептен артық сый-мұра қалдыра алмайды»,-делінген (Тирмизи). Даналарымыз айтпақшы: «Атадан үш ұл туады: «Бірі атадан өте туады. Бірі жете туады. Енді бірі кері кете туады».

Ендеше, Алла Тағала бізге атадан жасық туатын емес, атадан асып туатын ұлағатты ұл мен инабатты қыз тәрбиелеуімізді нәсіп еткей!

Денисов аудандық «Жұма» мешітінің

бас имамы Байшев Болатжан Ғалымұлы

Байшев Болатжан Ғалымұлы
03 01.19

Намаздың маңыздылығы:

Алла Тағала намаздың маңыздылығы жөнінде Құран Кәрімде былай деп, баян етеді:

قَدْ أَفْلَحَ مَن تَزَكَّىٰ وَذَكَرَ اسْمَ رَبِّهِ فَصَلَّىٰ

«Ал (күпірліктен, Аллаға серік қосудан, күнә атаулыдан, дүниеқұмарлықтан) арылған, шүбәсіз, азаптан құтылып, мұратына жетеді». Сондай-ақ Раббысының атын еске алып, намаз оқыған да құтылады» .

Ал Абдулла ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген:

عَنْ‏ ‏ابْنِ عُمَرَ ‏رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا ‏قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ‏ ‏صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: "‏بُنِيَ الْإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ: شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَ أَنَّ‏ ‏مُحَمَّدًا‏ ‏رَسُولُ اللَّهِ وَ إِقَامِ الصَّلَاةِ وَ إِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَ الْحَجِّ وَ صَوْمِ رَمَضَانَ".

«Ислам бес негізге тұрғызылған: Алладан басқа құдайдың жоқтығына және Мұхаммадтың (ﷺ) Оның елшісі екендігіне куәлік етіп, иман келтіру, намаз оқу, зекет беру, қажылық жасау және рамазан айында ораза ұстау».

Алла Тағаланың ең сүйікті құлшылығы ол – намаз. Бұған Абдулла ибн Масғұттың (р.а.) басынан өткен мына бір оқиғасы дәлел болмақ.

عَنْ عَبْدِ اللّه بن مَسْعُودٍ رضي اللّه عنه قال: "سَأَلْتُ رَسُولَ اللّه صَلَّى اللّه عَلَيْهِ وَسلَّمَ: أَي الْعَمَلِ أَحَبُّ إلى اللّه؟ قال: "الصَّلاةُ عَلَى وَقْتِهَا". متفق عليه

Абдулла ибн Мсғуд (р.а.) былай деген: «Бірде мен Алла Елшісінен (ﷺ): «Алла Тағаланың ең сүйікті амалы қандай?»-деп сұрадым. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Уақытында оқылған намаз»,-деп жауап берді» .

Намаз мүміннің және кәпірдің арасын ажырататұғын нәрсе. Бұл жөнінде Джәбир ибн Абдулла (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай дегенін естіген:

عن جابر قال: سمعت النبي صلى الله عليه وسلم يقول: "بَيْنَ الرَّجُلِ وَبَيْنَ الشِّرْكِ وَالْكُفْرِ تَرْكُ الصَّلَاةِ" رواه مسلم.

«Расында, адамның және серік қосу мен күпірліктің арасын байланыстыратын нәрсе – намазды тәрк қылу» . Имам Әбу Ханифа мен оның шәкірттерінің, Куфалық ғалымдардың, имам Мәлік пен Суфян әс-Сәуридің, имам Шафиғидің шәкірті әл-Музанидің және т.б. көпшілік ғұламалардың көзқарасы бойынша немқұрайлық және жалқаулық себепті намаз оқымайтын адам кәпір болып есептелмейді. Олар бұл хадисте, намаздың парыздығын мүлде мойындамай, жоққа шығарған кісі жайлы айтылған деп, тұжырым жасаған.

Абдулла ибн Амр (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (ﷺ) дүние тіршілігінде намазын сақтықпен уақытылы орындаған адамға, қиямет күні намаздың оған берер пайдасы өте орасан зор болатындығын былай деп жеткізген:

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو، عَنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: "أَنَّهُ ذَكَرَ الصَّلاةَ يَوْمًا فَقَالَ: مَنْ حَافَظَ عَلَيْهَا كَانَتْ لَهُ نُورًا وَبُرْهَانًا وَنَجَاةً يَوْمَ الْقِيَامَةِ، وَمَنْ لَمْ يُحَافِظْ عَلَيْهَا لَمْ يَكُنْ لَهُ بُرْهَانٌ وَلا نُورٌ وَلا نَجَاةٌ، وَكَانَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مَعَ قَارُونَ وَهَامَانَ وَفِرْعَوْنَ وَأُبَيِّ بْنِ خَلَفٍ

«Бірде Алланың Елшісі (ﷺ) намаз жайлы сөз қозғап былай деген: «Кімде-кім, оны қадағалап орындайтын болса, онда ол оның жарық нұрына, жақтаушы куәгеріне және қиямет күніндегі құтқарушысына айналады. Ал кімде-кім, немқұрайлық танытып, оны орындамайтын болса, онда ол оның не жарық нұры да, не қорғаны да, не құтқарушысы да болмайды. Тіпті қиямет күні ол Перғауынмен, Хаманмен және Убай ибн Халафпен бірге болады» .

Омар (р.а.) халиф болған кезінде, өзінің барлық өкілдеріне қатысты үндеу хатын шығарып, былай деп, талап қойған болатын:

عَنْ نَافِع مَوْلَى عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُمَرَ، أَنَّ عُمَرَ بْنَ الْخَطَّاب، كَتَبَ إِلَى عُمَّالِهِ: "إِنَّ أَهَمَّ أَمْرِكُمْ عِنْدِي الصَّلَاةُ ، فَمَنْ حَفِظَهَا وَحَافَظَ عَلَيْهَا، حَفِظَ دِينَهُ، وَمَنْ ضَيَّعَهَا فَهُوَ لِمَا سِوَاهَا أَضْيَعُ

«Расында мен, сендердің ең маңызды міндеттерің – намаз деп есептеймін. Өйткені, намазына сақтық танытатын адам, Ислам дінінің басқа да біндеттеріне дәл солай сақтық танытады. Ал егер ол намазына селқостық танытатын болса, онда ол Илсамның басқа да міндеттерін оп-оңай бұзатын болады» .

Намаздың құндылығы:

Құран мен хадистерде намаздың көптеген сансыз құндылықтары баян етілген. Алла Тағала намаздың арсыздық пен жеккөрінішті нәрселерден тыятындығы жайлы былай деген:

إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ ۗ وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ ۗ

«Өйткені намаз – адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды. Ал Алланы үнемі (жүрекпен тілмен һәм іс жүзінде) еске алу болса, құлшылықтың ең үлкені, ең зоры» .

Сонымен қатар намазды Раббысының разылығы үшін толық орындаған адамға, Алла Тағала Фердаус жұмағын нәсіп ететіндігін былай деп баян етеді:

وَالَّذِينَ هُمْ عَلَىٰ صَلَوَاتِهِمْ يُحَافِظُونَ أُولَٰئِكَ هُمُ الْوَارِثُونَ الَّذِينَ يَرِثُونَ الْفِرْدَوْسَ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ

«Намаздарын кемеліне жеткізе, үзбей әрі уақытылы оқиды. Міне солар нағыз мұрагерлер. Олар (пейіштің төрі) Фердаусқа мирасқор болады. Олар онда мәңгі-бақи мекендейді» .

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте, Алла Елшісі (ﷺ) бес уақыт намаздың өзі, жасаған күнәларымыздың каффараты болып есептелетіндігін былай деп жеткізген:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه، أَنَّ رَسُولَ اللّهِ صلى الله عليه وسلم كَانَ يَقُولُ: "الصَّلَوَاتُ الْخَمْسُ، وَالْجُمُعَةُ إِلَى الْجُمُعَةِ، وَرَمَضَانُ إِلَى رَمَضَانَ، مُكَفِّرَاتٌ مَا بَيْنَهُنَّ، إِذَا اجْتَنَبَ الْكَبَائِرَ". رواه مسلم

«Егер адам баласы үлкен күнәләрдан сақтанса, онда бес уақыт намадың, осы жұма мен келесі жұманың және бұл Рамазан айы мен келесі Рамазан айының арасында жасалған күнәләр кешіріледі» .

Сондай-ақ Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен тағы басқа бір хадисте Алла Елшісі (ﷺ) күніне бес рет суға шомылған адам денесіндегі ластықтан қалай тазарылатын болса, күніне бес рет намаз оқитын адам да дәл солай, бойындағы күнәларынан арылатындығын былай деп жеткезгін:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : "أَرَأَيْتُمْ لَوْ أَنَّ نَهْرًا بِبَابِ أَحَدِكُمْ يَغْتَسِلُ مِنْهُ كُلَّ يَوْمٍ خَمْسَ مَرَّاتٍ هَلْ يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيْءٌ؟ قَالُوا: لَا يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيْءٌ. قَالَ: فَذَلِكَ مَثَلُ الصَّلَوَاتِ الْخَمْسِ يَمْحُو اللَّهُ بِهِنَّ الْخَطَايَا"

«Егер адам күніне бес рет үйінің жанында ағып жатқан өзенге шомылса, бойында қандай да бір ластық қалар ма еді?» Сахабалары: «жоқ, ластығынан ешнәрсе қалмайды»,-деп жауаберді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бес уақыт намаздың да мысалы дәл солай. Алла Тағала онымен күнәләрды кешіреді»,-деген .

Анас (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (ﷺ) намаз оқып жатқан адамның Жаратушы Иесімен сырласатынын ұқтырып, былай деген:

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ، قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ ﷺ :"إِنَّ أَحَدَكُمْ إِذَا صَلَّى يُنَاجِي رَبَّهُ"، متفق عليه

«Расында, егер сендердің біреулерің намаз оқып жатқан болса, онда ол Раббысымен сыбырлап сөйлесіп жатыр» .

Әбу Зар (р.а.) риуаят еткен хадисінде, намаз оқитын адамның бойынан күнәлары төгілетіндігін былай деп жеткізген: «Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) өзінің үйінен шықты. Күз мезгілі болған соң ағаштардың жапырақтары түсіп жатты. Ол (ﷺ) ағаштың екі шыбығын ұстай қалған кезде, олардың жапырақтары шашылып, жерге төгілді. Бұған қатысты Ол (ﷺ) назар аудартып былай деді: «Ей Әбу Зар (р.а.), қашан мұсылман адам намазын Алланың разылығы үшін оқыса, онда оның бойынан мына жапырақтар түскендей, күнәлары төгіледі» .

Намаз – бұл Пайғамбарымыздың (ﷺ) көзінің қарашығы, қуанышы және жарық нұры. Себебі Әнәс ибн Мәлік (р.а.) риуаят еткен хадисте Алланың Елшісі (ﷺ) намаздың құндылығы жөнінде былай деген:

عن أنس بن مالك رضي الله عنه قال: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: "جُعِلَتْ قُرَّةُ عَيْنِي فِي الصَّلَاةِ"

«Намаз – көзімнің қарашығы»

Мұсылмандардың басшысы Әбу Бәкірдің (р.а.) әдеттегі дағдысының бірі, намаз уақыты жақындаған кезде былай деп ескерту жасайтын

كَانَ أَبُو بَكْر رَضِيَ اللهُ عَنْهُ يَقُول إِذَا حَضَرَت الصَّلَاة : "قُومُوا إِلَى نَارِكُمْ اَلَّتِي أَوْقَدْتُمُوهَا فَأَطْفِئُوهَا"

«Тұрыңдар! Намаз оқумен (күнә жасау арқылы) өздеріңді өртеу үшін тұтатқан отты, өшіріңдер» .

Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Сыздықов Дархан Манарбекұлы

Сыздыков Дархан Манарбекович
06 12.18

Жақында Елбасының тариxи сананы жаңғыртуға бастайтын "Ұлы даланың жеті қыры" атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Толымды мақалада мемлекет басшысы халық көкейінде жүрген көптеген дүниелерді тілге тиек етті.

Өзім осы мақаланы ерекше ден қойып оқыдым. Содан кейін өз ойымды ортаға салғанды жөн көріп қолыма қалам алдым.

Ең алдымен Алланың нәсіп етуімен ата-бабаларымыздың аманат еткен ұланғайыр жерді, қасиетті қара шаңырағымызға бақ болып қонған тәуелсіздік тізгінін мықты ұстау. Оған сызат түсірмей, қайта оның іргетасының мықты болып беки түсуі үшін, егемен елдің әр азаматы өз үлесін қоса түсу.

Сондай-ақ алдыңғы қатарлы өркениетті елдермен терезе теңестіру. Ол үшін елдің ынтымақ-бірлігін нығайту және жас ұрпақты сапалы білім мен тағылымды тәрбиеге баулып, ғылымды игере білуге шынайы талпыныс жасау.

Бәсекелік қабілетті арттырудың жолы да – білімге құштарлықтан бастау алмақ. Шынымен де жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, жаһандық өзгерістерге бейім әрі патриоттық рухта тәрбиелеу қашанда өзекті.

Білім – адам баласының қоршаған ортаны танып-білуге, оны меңгеруге деген ұмтылысы. Асыл дініміз де оқып-үйренуді, ғылыммен айналысуды жоғары бағалайды және ғалымдардың дәрежесін биік тұғырға қояды.

Адам баласының қоғамдық ортадағы дәрежесі осы – білім деңгейіне қарай анықталады. Бір сөзбен айтқанда, білім алу, сауатты болу – дініміздің ең басты талабы.

Атадан балаға қалған құнды қазына, мәдени мол мұрамызды сақтап, оны әлі де дамыта түсу. Дүйім жұртқа әйгілі болған тарихи орындарды дәріптеу. Еліміздiң мәдени мұрасын зерделеп, қалпына келтiруге және тиiмдi пайдалану жұмыстарын iске асыру. Яғни Ұлы даланың көне ұлттық өнеріміздің төл тарихын жаңғырту.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, батыр, қаһармандарымыз бен ұлы ойшылдарымызды, қиын-қыстау кезеңдерде ел басқарған тұлғаларымыздың ерен еңбектерін жас ұрпақтың бойына жақынырақ таныта білу. «Еңбек етсең еленерсің, еңбегіңе кенелерсің. Есің жиып, етек жауып, елге жетіп теңелерсің» -дегендей адал еңбек етудің маңыздылығын ұғындыру қажет.

Сондай-ақ шойын темірді қамырша иіп, өнеркәсібін дамытқан, желдей ескен асауларды ең алғаш қолға үйретіп, оны ұлттық салауаттылық мәдениет пен шаруашылық пайдасына асырған да біздің бабаларымыз емес пе.

Бабадан қалған кең байтақ жеріміздің табиғат байлығы мен әсем-көркемдігі де көзтартар кереметтер. Міне, осындай ғаламат дүниелерді халқымызға нәсіп еткен Жаратушы Хақ тағалаға сансыз шүкірлер болсын.

Елбасы өзінің айтулы мақаласында – ұлттың рухани санасына жаңа серпіліс беріп, осы құндылықтарымызды дәріптей білуіміз керектігіне жан-жақты тоқталды.

Ұлттық санасы жаңғырып, төл тарихын түгендеп, дәстүрлі діні мен ділін дәріптеген азаматтың еңсесі қашанда биік болмақ.

Бабалар аманатына адал болып, Тәуелсіздіктің тұғырын төмендетпей, ел ынтымағының одан әрі нығаюына өз үлесімізді қоса білейік!

Өмірдің талай тар жол, тайғақ кешуінен өткен Өр халқымыздың намысы биік, жігері мықты, арманы асқақ болуын бір Алла өзі нәсіп еткей!

Бектұрсын Торғайбайұлы, Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы

Уалиев Бектурсын Торгайбаевич

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником