Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Мінез-құлық

Қызғаншақтық – бүліктің қызған шағы

Қызғаншақтық, іштарлық – адам баласының бойындағы, өзгелердің қол жеткізген жақсылықтарын қабылдай алмау сезімі. Басқаша айтқанда, көре алмаушылық бір адамның өзінде болуын қалаған әртүрлі қабілет пен бақ-дәулеттің басқа біреуде болғанын іштей қызғану.

Қызғаныш – ашумен білінетін, сосын кекке айналатын ызалану сезімінің нәтижесі. Қызғанышты білдіру және басқалардың төмен болғанын қалау жүректің кемелденуін тежейтін өте нашар қасиет.

Жалпы іштарлық сезімі қоғамымыздағы көпшілік адамдарда кездесетін жаман рухани індет. Себебі пенденің бойындағы теріс қылықтары, қашаннан да қоғамға өз кесірін тигізіп келетіні мәлім. Олар кейде жанды жаралайды, бірде бүліктің салдарына айналып жатады. Ал бойдағы бұл қайшылықтарды еңсеру үшін өз-өзіңмен күресу қажет. Себебі, оларға тұсау салынбаса, қызба сезімдер сабырымызға дақ түсіреді. Ал сабырлық – иманымыздың жартысы. Ішкі дүниеде сыр беріп қалатын оспадар олқылықтарымыз, істеген ісіміздің берекесін кетіріп, жан тыныштығын бұзады. Оның нәтижесі көбіне күнәлі істерге итермелейді. Ал күнәлі іс – адам баласының Алла Тағаланың алдындағы дәрежесін төмендетеді. Пенде бұл істен игі қорытынды шығармаса, тәубеге келмесе, оның иманына дақ түсіп, адамшылық жақсы қасиеттері құлдыраудың үстіне кұлдырай береді. Асылы, жақсы амал – мерейіңді асырады. Бұған қатысты Құранда Алла Тағала былай деген:

يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ

«Алла сендерден иман келтіргендер мен білім берілгендердің дәрежелерін көтереді» («Мужәдәлә» сүресі, 11-ші аят). Адамзаттың ең асылы Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыз да бұл турасында: «Пенде мән бермей Алла разы болатын бір сөз сөйлесе, Алла оның дәрежесін көтереді және пенде Алланың ашуын келтіретін бір ауыз сөз айтса, сол үшін жәһәннәмға тасталады», - деген. Біз Жаратушы Иеміздің разылығына ие болу үшін ішкі дүние мен сыртқы ортаның кесірлерінен өзімізді мейілінше сақтандыруға тырысамыз. Десе де, иман мен сабырды адам бойынан алшақтату үшін жанталаса жүретін Ібіліс пен нәпсі, үнемі бізді адастырудан таймайды.

Ихсан ілімінде, бұл дүниеде адамзат баласының үш нәрседен құтылуы қиынға соғады делінген. Олар – қызғаныш, жорамал және өзгелер туралы теріс пікір. Расында көре алмаушылық пен қызғаныш – жүрекке кірбің ұялатып, мазасыздыққа апарады. Бұлар иманмен бірге бірлікте өмір сүре алмайтын тәкаппар сезімдер. Себебі, тар ниетті адамның көре алмаушылығы, уақыт өте иманды әлсіретумен ұлғая береді. Іштарлық сезімінің пайда болуына себепкер болған адамның несібесі молайып, не мерейі жоғарлаған сайын, әлгі қызғаншақ, іші тар пенденің ашуы күшейіп, жауластығы одан сайын артады. Бұның салдары жаман оймен шектелмей, қастандық жасау сияқты түрлі қылмыстық күнәлі істерге жетелеуі әбден мүмкін. Демек іштарлық – өзгенің жетістігі мен жақсылығын құп көрмеуден, қабылдамаудан туады. Бойды бұл сезімдер билесе, иманды әлсіздікке, жүректі жүгенсіздікке соқтықтыратындығын білген ләзім.

Қызғаншақтық, іштарлық және көре алмаушылық сезімдеріне берілудің үкіміне қатысты, Ислам дінінің барлық ғұлама-ғалымдары бір ауыздан жиеркенішті әрі тыйым салынған күнәлі іс екендігіне бір ауыздан келіскен.

Психология тұрғысынан қарасақ та, қызғаныш – өзіңе деген сенімділіктің аз болуынан, рухани дәрменсіздіктен туындайды. Қызғаншақ адамның үнемі мазасыз әрі сабырсыз болуы, көре алмаған адамының жетістігін көрген сайын тіршіліктен түңіле беруі содан. Жүректегі иманды біртіндеп жегі құрттай жейтін бұл сезім расында өте зиян. Нәтижесінде жан дүниеңе пасық ойдың уыты тарап, бар ғұмырың біреудің өмірін іштарлықпен сырттай бақылаумен өтеді. Ал тар көңіл мен пайдасыз іске кеткен уақыт – дініміздің қас жауы. Осылайша, қай жағынан алып талдасаңыз да, қызғаныштың Исламға қайшы екендігін аңғарасыз. Көре алмаушылықтың түп-тамыры – Алла Тағаланың пешенеге жазған тағдырына, берген несібесіне шүкіршілік етпеуде жатса керек. Раббысына разы болмау – Оған қарсы шыққанмен тең. Зор парасат иесі Жаратушы Иеміздің өз пендесіне қандай да бір қабілетті не қиындықты беруінде бір ғибрат жатқандығын түсінбеу – бізге сын. Яки, өзгені өзіңнен артық я кем санау, бауырыңның қуанышына шын көңілмен қуана алмау – мұсылман жанға жат қылықтар. Тіпті күнәлардың ішіндегі ең ауыры десе де артық емес. Ғалымдар қызғаншақтыққа қатысты былай деген екен: «Іштарлық, көктегі ең алғашқы жасалған күнә. Себебі Алла Тағаланың лағынетіне ұшыраған Ібіліс, Адам (а.с.) пайғамбардың абыройын қызғанды. Осылайша көре алмаушылық көптеген қылмыстың негізіне айналды».

Алла Елшісі (ﷺ) өзінің мүбәрәк хадис шәрифінде қызғаншақтық жайында былай деген екен: «Мұсылман адам өзіне қалаған жақсылықты, өзге мұсылманға қаламаса және өзіне қаламаған жамандықты, өзге мұсылманға қаласа, онда оның иманы кәміл емес». Екі дүние сәруәрі Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (ﷺ) бізге жеткен көптеген хадистерінде адамдардың бойынан кемшілікті іздемеу, зұлымдық жасамау, бір-бірімізді дос әрі бауыр тұту керек екендігі анық айтылған.

Қоғамымызда белең алған қызғаныштың келесі бір түрі, ол күйеуі әйелін не әйелі ерін қызғануы. Сезімнің бұл түрі жайында адамдарда екі ұшты пікір қалыптасқан. Әйтсе де бұны да Ислам шариғаты бойынша дұрыс түсінген абзал. Себебі, Алла Елшісі (ﷺ) қызғаныштың екі түрін атап көрсеткен. Біріншісі Алла Тағалаға ұнамды қызғаныш. Ол – әйел затының күмән туғызып және теріс ой қалыптастыратындай, керағар іс жасаған кездегі күйеуі әйелін қызғануы.

Ал екіншісі Раббымыздың ашуын тудыратын қызғаныш. Ол – ешбір дәйексіз өмірлік жарының кез-келген әрекетіне күмән келтіре беру. Бұл әрекет ері мен әйелінің қарым-қатынасына сызат түсіріп, үйдегі ырысты кетіреді.

Жалпы, қызғаныштың салдарынан шаңырақтың шырқы бұзылып, адам санасын күдік жаулайды. Ой тұманданып, көзді күмән торуылдайды. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) былай дейді: «Қызғаныштан қашыңыздар. Себебі, ол оттың отынды жалынымен жегені секілді, жасаған жақсылықтарыңды жейді», - дейді. Яғни, бір ғана қызғаныш сезімі, жасаған амалдардың сауабын жояды. Шариғатқа сәйкес, күйеуі әйелінің әрбір басқан қадамын аңдуы үлкен қателік. Ол махаббат пен сыйластықты, отбасындағы үйлесімділікті бұзады. Пайғамбарымыздан жеткен хадисте былай делінген: «Адамдардың жасырын нәрселерін, кемшіліктерін іздемеңдер, дұшпандық және қызғаншақтық жасамаңдар, бір-бірлеріңді бауырдай жақсы көріңдер де, жанжалдаспаңдар. Мұсылман мұсылманның бауыры болған соң, оған зұлымдық жасамайды, керісінше көмектеседі де оны өзінен төмен санамайды» (Имам Бухари).

Мін іздеп отыру – Ібілістің ісі. Ол араға от салып, пенденің кішкентай айыбын жұбайының көзіне зор кемшілік етіп көрсетіп қояды. Бұны білген Алла елшісі (ﷺ) «Әйелдің кемшілігін болмысынан деп біліп, оған көз жұма қараңдар»,-деп өсиет етті. Қазақ халқының «Жақыныңның жақсылығын асыр, жамандығын жасыр», - деуінде де астарлы мән жатыр. Жұбайлардың бір-бірінің бойларындағы игі қасиетті ғана байқап, кемшіл тұсын бөтендерге білдіртпей түзегендері қайырлы болмақ. Отбасының жеке өмірін өзгелермен бөлісіп, оның бір мүшесінің жағымсыз қасиетін сыртқа тасу дұрыс емес.

Расында пайғамбарымыздың өмір жолы тіршіліктің қай қырынан болсын бізге дұрыс бағыт көрсетуші үлгі іспетті. Сондықтан, иманымызға азық болмайтын пасық істерден алшақ болу үшін де қасиетті Құрандағы өсиеттерді өмірде қолдана білгеніміз жөн. Асылы, бұл бізге бақытты әрі ғибратты ғұмыр кешуімізге септігін тигізеді.

Әмірханов Шоқан Ғазизұлы
Қостанай қалалық мешітінің бас имамы

алдыңғы мақала
Ашу дұшпан
кейінгі мақала
Уақыттың қадірі

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником