Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері дініміз өркендеп, ұмытуға шақ қалған салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз арамызға қайта оралды. Соңғы біраз жылдардан бері Ұлы Мұхаммед Пайғамбарымыздың туған күні яғни Мәуліт мерекесі де тиісті деңгейде аталып келеді.
Бұл орайда белгілі дін қайраткері Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет басқаратын облыстық мешіттің ұжымы да іскерлік пен ұйымдастырушылықтың жарқын үлгісін көрсетуде.
Бұған нақты мысал ретінде өткен жұма күні қаланың бір шетінде орналасқан „Мирас„ мәдениет сарайында өткізілген „Адамзаттың абзалы„ деп аталатын Мәуліт мерекесіне арналған рухани кешті ерекше атап өтер едік.
Бір ғажабы, алдын ала құлақтанғандықтан болар, әлгі аталған сәнді ғимаратқа халық өте көп жиналды. Олардың арасында өмірдің талай өткелдерінен өткен ақсақалды қарттарымыз, ақ жаулықты аналарымыз, тіпті студент жастар да аз емес еді.
Залға жайғасқан үлкенді-кішілі қауымның назары бір сәт сахнаға ауды. Онда алдымен „Азан үні„ бейне жазбасы көрсетілді. Содан кейін есімдері елімізге белгілі әріптестеріміз Қыдырбек Қиысхан мен Заңғар Санай ғибратты кештің ашылғанын жариялады.
Жалпы, жүргізушілердің де осы басқосуға үлкен дайындық жасағандықтары бірден көзге ұрды. Олардың сөз саптасы, дін ілімінен хабарларының молдығы көпшілікті тәнті етті.
Мұндай жиын ән-күйсіз, музыкалық тартусыз өтпейтіндігі жалпыға аян. Осы кеште сахнада ойналған күй, мәртебелі қонақтарға арналған шашу рәсімінің де әсері ерекше болғандығын жасырмаймыз.
Мәселен, „Сағындым сені иә, Расулуллаһ„ бейне көрсетілімі де көпшілікке ой салды. Оның тәрбиелік мән-маңызы да ерекше болатын. Сондықтан да жерлестеріміздің ұйып тыңдауынан оны аңғармау да мүмкін емес-ті.
Сахнаға көтерілген Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев барша қауымды Мәуліт мерекесімен шын жүректен құттықтады. Жерлестерімізге мықты денсаулық, отбасында қуаныш пен ізгілік тіледі.
Өңірден арнайы келген қонақтар мен барша мұсылман жұртшылығын Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы Мәуліт мерекесімен құттықтай келе оның маңызына да ерекше тоқталды.
Сондай-ақ облысымыздағы Ислам дінінің өркендеуіне өздерінің лайықты үлестерін қосып келе жатқан мешіт жанашыларына және демеушілерге шынайы алғысын білдіріп, Алғыс хаттармен марапаттады.
Әрине, мұндай құрмет көрсету кімді болсын қанаттандырып, олардың халық арасындағы абырой-беделін барынша асқақтата түсері де хақ. Бір байқағанымыз, мұндай қолы ашық, жүрегі жомарт іскер азаматтардың аз еместігі көңілімізге қуаныш ұялатты.
Көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты жерлесіміз Ілияс Омаровтың есімі берілген облыстық қазақ драма театрының сахна шеберлері де Мәуліт мерекесін жоғары деңгейде өткізуге белсене атсалысты. Осы руханият ордасының әртістері белгілі ақын, драматург Ақылбек Шаяхметтің „Өкініш„ деп аталатын туындысын көпшілік назарына ұсынды.
Бұл драмалық шығарманы әсіресе, өскелең жастарға тағылымды жағы ерекше еді. Себебі, мына өмірде жүрегінде иманы бар адам ешқашан да жамандыққа жол бермейді. Жек көрінішті әрекеттерден өздерін әрдайым аулақ ұстайды. Шіркін, ұлдарымыз ұлықты, қыздарымыз қылықты болып өскенге не жетсін!
Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Сондықтан талай мәртебелі сайыстарда топ жарып жүрген дарынды бауырымыз Айбек Қалиев пен айтыс өнерінің аққуы атанған Салтанат Өтелбай сахнаға шыққанда залға жиналған ағайын айрықша құрмет көрсетті.
Олардың өнері шын мәнінде баршаның көңілінен шықты. Суырып-салмалығымен дараланған ағалы-қарындас қандастарымызға жоғары көңіл-күй сыйлады. Сөз құдіреті қашан да жоғары тұратындығын тағы да бір дәлелдей түсті.
Мәртебелі қонағымыз, ҚМДБ-ның „Ақпараттық насихат тобының„ мүшесі Ризабек Батталұлы ұлы Пайғамбарымыздың өмірінен ғибраты мол уағыз айтты. Жиналған жұртшылық одан көп тағылым алды.
Мәуліт мерекесі барысында дін тақырыбына байланысты жазылған өлеңдерді мәнерлеп оқуға да айрықша назар аударылды. Талапкерлердің таудай талабына үлкенді-кішілі қауым дән риза болысты.
Өңірдегі дарынды азамат Абзал Алпысовтың орындауындағы терме де өзінің айрықша мәні, терең мазмұнымен күллі ағайындарды үлкен ойға қалдырды. Сонымен қатар жоғарда аталған қазақ драма театрының әртістерінің орындауындағы „Үш бидің өсиеті„ қойылымы да көптің көңілінен шықты.
Рухани кештің сәні болған болашағы жарқын талантты өнерпаз Дінмұхаммад Бектұрсынұлының ән айтудағы шеберлігі бұрынғыдан да өсе түскендігіне де куә болдық.
Басқосуда өңірдегі халық үшін адал қызмет атқарып жүрген имамдар Мәуліт шариф оқыды. Кештің соңында дін саласында аянбай тер төгіп келе жатқан Қостанай қалалық мешітінің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов бата берді.
Осы жиын жоғары деңгейде өтті. Оған арнайы келген аға буын өкілдері мен Ислам дінін ерекше ардақ тұтатын ағайындардың сөзі нақты дәлел.
-Өз басым осы рухани кештен үлкен ләззат алдым. Онда қаншама тың ойлар, ғибратты сөздер айтылды. Бұл басқосу өңірімізде дінімізге айрықша назар аударылып келе жатқанын айқын көрсетті„,-дейді абыз ақсақал Мырзағали Ғабдулин.
Оразалы Жақсанов