Қ. Сабыржанұлы
Бұл жаста бала талап-тілектерінің дер кезінде орындалмағанына түсіністікпен қарауға үйрене бастайды. Қоршаған ортаның белгілі бір тәртібі барын аңғарып, соған қарай бейімделе түседі. Өзіне бір-екі дос табады. Тек өзінің айтқандары емес, басқалардың да айтқандарының болатынын түсіне бастайды. Кезек күтуді, бөлісуді, басқаларға жол беруді үйренеді. Қанша тәртіпті болуға тырысса да, кейде ұрып жіберу, теуіп жіберу сияқты кері қылықтарға да бой алдырады. Бұйыра сөйлегенді ұнатады. Бұл жаста бала қиялға берілгіш келеді. Кейде қиял мен ақиқаттың ара жігін ажырата алмай қалады.
Діни сенім осы жаста жандана түседі. Психолог Антони Верготе діни мәселелерге қызығушылық тұрғысынан төрт жасты «алтын кезең» деп бағалайды. Үш жасар бала айтып тұрғанын түсінбесе де жаттауға бейім келсе, төрт жастағы бала жаттаған нәрселерін түсінуге тырысады. Осы ерекшелікті мұсылман ғалымы Қазуини: «Халифа Мәмунның алдына төрт жасар бір баланы әкеліпті. Бала Құранды жатқа оқып, сұрақтарға өз ойымен жауап бере алатындай зерек екен. Бірақ, қарны ашқанда жылап қоя беретін балалығынан да әлі арылмаған көрінеді» – деп баяндайды.
Құранды жатқа білетін Әбу Мұхаммед әл-Исбәхани өзі жайлы былай дейді: «Бес жасымда Құранды жаттадым. Төрт жасымда Әбу Бәкр Ибнул-Мукриден хадис үйрену үшін сабақтарына бара бастадым. Алғашында сабаққа қатысушылардың кейбірі: «Жасы әлі кішкентай, сабаққа қатыстырмайық», – деп қарсылық танытты. Сонда Ибнул-Мукри маған: «Бізге «Кафирун» сүресін жатқа айтып берші?» деді. Мен сүрені қатесіз жатқа айтып бердім. Ибнул-Мукри: «Бұл бала сабаққа қатыса берсін, ол үшін өзім жауап беремін», – деді».
Ал ғұлама Сәхл ибн Түстәри болса мынандай қызықты жайтты алға тартады: «Үш жасымда түнде тұрып нағашы ағам Мұхаммед ибн Сиуардың құлшылық жасағанын қызықтап қарайтынмын. Бір күні маған «Кел, құдіретімен күллі әлемді жаратқан Жаратушыны бірге зікір етейік» – деп, қасына шақырды. Мен: «Зікірді қалай жасаймын?», – деп сұрап едім: «Ішіңнен үш мәрте «Аллаһ менімен бірге, Аллаһ маған қарап тұр, Аллаһ менің куәгерім» деп айтасың», – деді. Бірнеше түн қатарынан осы сөздерді қайталадым. Кейіннен нағашы ағам «Осы сөзді әр түні жеті мәрте қайтала», – деді. Солай жасадым. Енді ол: «Бұдан кейін он бір мәрте қайтала», – деді. Айтқанын екі етпедім. Зікірлерден ләззат ала бастадым. Бір жылдан кейін нағашы ағам: «Үйреткендерімді өміріңнің соңына дейін қайталап айтып жүр, себебі, оның саған бұл дүниеде де, ақыретте де пайдасы тиеді», – деді. Сосын сабаққа бара бастадым. Құранды толық жаттаған кезімде алты-жеті жас шамасында болатынмын».
Бұрынғы кездерде бала 4-6 жас аралығында күттабтарға жіберілген. Сондай-ақ 4 жасынан бастап сүннет амалдарға машықтандырылған. Дегенмен, психологиялық-физиологиялық дамуына байланысты бұл әр балада әр түрлі жастарда басталуы мүмкін. Мысалы, алғыр балалар 4-5 жасында сүннет амалдарға дағдыланса, кейбіреулері одан 1 жыл кеш бастауы мүмкін. Бір жағынан Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерінде де балаға үйретілуі керек мәселелерде белгілі бір жас көрсетілмегендіктен, бұл істерге дағдыландыруда жасты белгілеу ата-аналардың еншісінде.
Ғалымдар жас күнінде балалардың діни құнды-лықтарға қызығушылығының басым болатынын айтады. Сондай-ақ егер баланың діни қызығушылығына дұрыс бағыт-бағдар берілмесе, жас ұлғая келе ол сезімнің бірте-бірте азайып, мүлде ынтасы өліп, тіпті дінді мойындамауға дейін алып баруы мүмкін екендігін тілге тиек етеді.
Төрт жастағы балаға айналадағы нәрселердің бәрін Аллаһ тағаланың керемет үйлесімдікпен жаратқанын қарапайым тілмен түсіндірген жөн. Бала айтылған нәрселерді күмәнданбастан, сол күйінде қабылдайды. Дегенмен, мұны үстірт, жай балалық сенім деп қарамау қажет. Бұл бала рухының осы сенімдерді қабылдауын білдіреді. Осы жаста балаға иман тұрғысында мына мәліметтерді бере аламыз: Аллаһ тағала жануарлар-дың, өсімдіктердің бәрін жаратқанын және адамдарды, әсіресе балаларды өте жақсы көретінін, оларды қорғайтынын, мейіріміне бөлеп өсіретінін, тамақ, сусын, жеміс-жидек секілді рызықтар бергенін, жаман-дықтардан сақтайтынын, біз жақсы нәрсе жасасақ жақсы нәрселерді одан сайын бізге еселеп беретінін түсіндіру т.б. Бір сөзбен айтқанда, баланың Аллаһ тағалаға деген сүйіспеншілігін ояту керек.
Балалар 11 жасына келгенге дейін, яғни мураһиқ жасына дейін тәртіпсіздіктері үшін ақыретте жазаланатынын айтып қорқытпау керек. Сондықтан төрт жасар балаға «Аллаһ тағала барлық бұзықшылықты көреді, жаман іс-әрекеттерді күнә деп жазады» деген сияқты оның ішкі қарсылығын тудыратын әңгімелерді айтуға болмайды. Мұндай ескертулер айтылған кезде баланың санасында кешірімді, мейірімді, қорғаушы Жаратушы емес, қайта керісінше жазалаушы, мейірімсіз Тәңірі бейнесі қалыптасады. Діннен жеріну сезімі күшейеді.
Балаға 3-4 жасында біртіндеп «періштелерге иман» мәселесін түсіндіре бастауға болады. Себебі, осы жаста бала әңгіме мен хикаяларды тыңдағанды жақсы көреді. Оған хикая айтып отырғандай етіп, періштелердің Құранда, хадистерде айтылған ерекшеліктерін әңгіме-леп берген жөн. Періштелердің ішіп-жемейтінін, ұйықтамайтынын, шаршамайтынын, үнемі құлшылық ететінін ертегі айтқандай қарапайым тілмен түсіндіру керек. Егер адамдар да құлшылықтарын үзбей атқарса, періштелердің дәрежесіне дейін көтерілуге болатынын айтып, баланы қызықтырып, ынтасын арттыра түсу қажет. Ал бес жастағы балаға үлкен періштелер (Жәбірейіл, Микайыл, Исрафил, Әзірәйіл, Кирәмән катибин, Мүнкәр-Нәкір) және олардың атқаратын міндеттері жайында әңгіме өрбіткен жөн.
Баланың дінге деген сүйіспеншілігін арттыруға таптырмас мүмкіндіктің бірі – қасиетті түндер мен діни мерекелер. Осындай мерекелі күндері балаңызды мешіттерге ертіп барсаңыз немесе оларға діни заттарды сыйлық ретінде ұсынсаңыз, бала қуанып осындай күндерді асыға күтеді. Дінге деген шынайы ықыласы қалыптаса бастайды.
Егер ата-ана иманды, дініне берік болса, онда төрт жасар баланың сұрақтарының көбісі діни тақырыптардың аясында өрбиді. Оның сұрақтарына қарапайым тілмен дұрыс, шынайы, қысқа әрі анық жауап беруге тырысыңыз. Егер дұрыс жауап бермесеңіз, болашақта сіздің қателігіңізге көзі жеткенде, сізге деген сенімі жоғалуы мүмкін. Осы жаста діни мәліметтерді сұрақ-жауап күйінде де жаттатқызуға болады. Бұл оның сұраққа жауап беру қабілетін арттырады. Сондай-ақ санасында, сөздік қорында діни терминдердің қалыптасуына жол ашады. Көбейту кестесін жаттағаны секілді естігендері есінде мәңгі қалып қояды.
Куттаб – Құранның оқылуын үйрететін жеке сабақтар. Сонымен қатар мұсылман елдерінде жергілікті кішігірім мектепті де «күттаб» деп атаған.