Әл-Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешіті – сөзсіз әлемдегі ең «таласымды» мекен болып табылады. Мыңдаған жылдар бойы оған үстемдік ету үшін адамдар жандарын пида етті десек, асыра сілтеусіз айтқан болармыз.
Әл-Ақса мұсылмандардың жүрегінде ерекше орынға ие – ол Исламның үшінші қасиетті мекені. Осы жерге Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Исра мен Миғраж сапарында апарылған болатын. Бұл мешіт ең ғажайып басқосудың куәгері болды – барлық Пайғамбарлар (әлейһим сәләм) Алла елшісіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ұйып намаз оқыды.
Мәсжид әл-Ақса жайында сіздер үшін мына қызықты мәліметтерді топтастырдық:
8. Бұл бір ғана мешіт емес
Біз «әл-Ақса» деп атап үйренген аумақта, шын мәнінде, бірнеше мешіт бар. «Мәсжид әл-Ақса» деген кезде, біз кешеннің оңтүстік бұрышы деп түсінеміз. Расында бұл «Қыбыла мешіті», ол қыбылаға жақын болғандықтан солай аталып кеткен. Төбенің барлық бөлігі «Мәсжид әл-Ақса» болса, кейде шатаспас үшін «Харам әл-Шариф» деп те аталады. Бұл аумақта тарихи оқиғалармен байланысты басқа да мешіттер бар: Пырақ Мешіті, Маруәни Мешіті және басқалары.
7. Бұл жерде жерлеу орындары да бар
Бұл жерде қанша Пайғамбарлар (әлейһим сәләм) мен Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары жерленгені туралы нақты мәлімет жоқ. Күмәнсіз, олардың саны көп.
Мысалы, Сүлеймен (әлейһи сәләм) осы жерде жерленген деген болжам бар, өйткені Пағамбарларды (әлейһим сәләм) олар қайтыс болған жерде жерлеген. Көптеген деректер бойынша, ол (әлеһи сәләм) құрылыс жұмыстарын бақылап тұрған кезде қайтыс болған.
6. Ол қоқыс тастайтын жер еді
Еврейлерге қаланың аумағында тұруға тиым салынған уақытта, римдіктер аумақты қоқыс тастайтын жер ретінде қолданған. Омар (Алла оған разы болсын) қаланы азат еткен кезде, оны өз қолымен қоқыстан тазалаған еді. Сонымен қатар, ол еврейлердің көпғасырлық қуғындауын тоқтатып, көрші ауылдардағы қуғындалған 70 еврейлік жанұяны қайта Иерусалимге шақыртып алады да, оларға отандарына қайтуға мүмкіндік береді. Алайда, біздің бұл «бауырларымыз» осындай қызметті ұмыт қалдырған сияқты.
5. әл-Ғазали осында өмір сүріп еңбектерін жазған еді
Имам әл-Ғазалидің қолымен жазылған ислам әдебиетіндегі ең танымал кітаптардың бірі «Ихьә улуму әд-Дин». Бұл адам – адамның терең болмысына әсер ете алу қасиетімен ерекшеленіп, Ислам ғылымында беделге ие болып, Құран ілімі мен Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне берік болған. Көбіміз әл-Ғазалидің әл-Ақса мешітінде біраз өмір сүріп, өзінің бір еңбегін жазғаны жайында білмейміз. Ғимаратта оның ескі бөлмесі ерекшеленіп көрсетілген.
4. Ол атқора, сарай, және өлім жазасына арналған жер ретінде қолданылған еді
Алғашқы кресшілер Иерусалимды жаулап алған кезде, әл-Ақса мешітіне жасырынған 70 000 мұсылманды өлтіреді. Қыбыла мешітін сарайға айналдырып, Жартас Күмбезінен (Қуббат ас-Сақра) кішкентай шіркеу жасап, жер асты бөлмелерін атқора қылады. Алғашқы қырқысқа түскен мұсылмандарды мешіт орталығынан алыс емес жерде, үлкен шармыққа керіп тастайды. Бұл шармық кейін Салахаддин жойған жалғыз шармық еді. Әлі күнге дейін сол жерде оның іргетасын көруге болады.
3. Мешітте аты аңызға айналған мінбер сақталған еді
Исламның ұлы батырларының бірі Нуруддин Зәнки әл-Ақса мешітіне арналған арнайы мінбер сақтаған болатын. Ол мінбердің мешіт кресшілерден азат болған кезде (сенімінің беріктігіне таңқалуға болады) қойылатынына сенген. Бұл мінбер әдемі болумен қатар, бірде-бір шегесіз және желімсіз жасалған еді. Өкінішке орай, Нуруддин Зәнкидің өзі жеңісті көрмей өмірден өтіп кетеді. Алайда, оның ізбасары Салахаддин ұстазының қалауын іске асырады. Иерусалимның тарихта екінші рет азат болуынан кейін, мінбер мешітке орнатылады. Қолөнершілер мен ұсталар арасында бұл мінбер әлі күнге дейін беделін жоғалтқан жоқ. Өкінішке орай, бірінші бағамда көрсетілген оқиғалар себебінен мінбер сақталмай қалады.
2. Жартас Күмбезінің (Қуббат ас-Сақра) бейнесі басқа еді
Жартас Күмбезі – Исламда алғаш салынған күмбез десек қателеспейміз. Ол омейяд Халифы Әбдуль Мәлік ибн Мәруәнның басшылығымен салынған еді. Дерек көздеріне сүйенсек, алғашқы кезде ағаштан жасалған күмбез жезбен, қорғасынмен және күйіктас қабаттарымен қапталған болатын. Мың жыл өткеннен кейін, османдықтардың үстемдігі кезінде Халиф Сүлеймен сұлтан уақытында, күмбез алтын қабатпен қапталды. Сонымен қатар, ғимараттың қасбетінде османдық тақталар орнатылды.
1.Мешіт өртелді
Сіз әл-Ақса мешіті жойылса не болады деп ойландыңыз ба? Жартас Күмбезінің үстүнде жаулаушылардың туы желбіреп, мешіт өртеніп кетсе ше? Мұсылмандар бұған жол бермейді дейсіз бе?
Тағы бір ойланыңызшы.
1967 жылы мұсылмандар Израильдің қол астына өткен Иерусалимнен үшінші рет айырылып қалды. Жартас Күмбезінің төбесінде израильдік жаулаушылардың туы желбірей бастады. Израильдік басшылар әл-Ақса мешітінде ашық үстемдік ету мұсылман әлеміне үнемі араңдатушылық болады деп, мұсылмандарды тыныштандыру үшін Уақф ойлап табады. Бұл іске асады.
1969 жылы австралиялық сионисттер Нурудинның мінберін өртеп, Қыбыла мешіті толықтай өртке оранады. Мұсылман әлемі ауыркезеңдерді бастан кешеді. Палестиналықтар бар қолда барымен өртті өшіруге тырысады. Бүкіл үммет ұяттан басын жерге қаратады. Содан бері, мешіт қалпына келтірілсе де, Исламның үшінші қасиетті мекеніне шабуылдар әлі күнге дейін жалғасуда. Мешіттің іргетасын бұзу мақсатында жүргізілетін қазба жұмыстары, рұқсат етілмеген басып кірулер, ескі ғибадатхананы қайта салу жөніндегі қорқытулар күнделікті орын алып келеді. Мәсжид әл-Ақса әлі күтуде.
Ағылшын тілінен аударған Azan.kz
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Muslimmatters