Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Қасиетті айлар, күндер және түндер

Рамазан – сабыр сыналатын сәт

«Алла бізге парыз етіп ұсынған, Ораза тұт, нәпсіңді тый, мұсылман.
Оразадан жан-дүниең жаңарып,
Тән тазарар тахарат пен ғұсылдан.
Ей, жамағат, жолдас қылсаң сабырды,
Көркем мінез қалыптасар тәлімді.
Құранды оқып түйсең ойға игі ілім,
Орындасаң талап еткен бұйрығын,
Оразашы үміт етсе сауаптан,
Алла өзім берем деген сыйлығын».
       Рамазан – сабырлық айы. Мұсылманның иманының тең жартысын құрайтын сабырлық қасиетін осы құтты ай шыңдай түспек. Ал, сабырдың сыйы – жәннат. Алланың ырыс-берекесі мен рахымы жауатын қасиетті Рамазан – биыл сәуір айының 13-нен басталмақ. Мұсылман бұл айды асыға күтіп қарсы алып, Раббысы үшін ораза ұстап, салихалы-ізгі амалдар жасауға тырысып бағады.

       Ораза ұғымы өзін-өзі тоқтату, тартыну, тыйылу деген мағыналарды білдіреді. Ислам шариғатында ораза дегеніміз – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауыз бекітуге қабілетті мұсылманның таң атқаннан күн батқанға дейін дәм-судың барлық түрінен, сондай-ақ құмарлықтан Аллаға деген құлшылық ниетімен тыйылуы.

       Ораза – Алла Тағалаға бойсұну. Құранда: «Ей, иман келтіргендер, алдарыңда өткен қауымдарға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін, тақуа боласыңдар», – деген.

Рамазан – Алла Тағала тарапынан бүкіл адамзатқа тура жол ретінде Құран түсірілген ұлы ай. Құран – Алланың пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) арқылы адамзатқа жолдаған үндеуі. Оның үкімдері – бойсұнуға міндетті заң. Біздің бұл айда ұстайтын оразамыз бен түнде атқаратын намазымыз – Раббымызға деген иманымыздың, бойсұнуымыздың, түсірген Құраны үшін шынайы шүкірлігіміздің белгісі болмақ.

       Қудси хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза - Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік кұлымның аштық пен сусағандықтан шыққан ауыз исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», - дейді. Сондықтан шынайы иманмен ораза тұтушының Алла құзырында дәрежесі зор болмақ.

       Ораза – мұсылманға өнегелі мінезді үйрететін тәрбие мектебі. Оның көмегімен мұсылман өз бойындағы жағымсыз сипаттардан арылады.

Мұсылманның ерік күші мен шешімділігін күшейтіп, сабырлыққа үйретеді. Зейінін тазартып, жақсы ойларға жетелейді. Бірде Лұқман баласына: «Балақайым, асқазан толы болса ойлау қабілетің ұйқыға шомады, даналық үні өшіп, дене мүшелерің құлшылыққа жарамай қалады», – деген екен.

       Ай бойы нәпсісімен күресіп үйренген мұсылман бұл күрестің өмірі мен ақыреті үшін маңыздылығын түсініп, бірте-бірте нәпсісін толық билеуге ұмтылады. Нәтижесінде мұсылманның жамандыққа бұйырушы нәпсісі басылып, тыйылып жуасиды. Демек, адам баласы өз бойындағы жамандықтарынан арылу күшін құлшылық жасап, барша жігерін салып, Раббысынан дұға жасау арқылы иелене алады.

Берекелі Рамазанда Алла Тағаланың құлдарына деген басқа айларда нәсіп болмаған ерекше көріністері мен кеңшіліктері орындалады. Бұл кеңшіліктер құлдың Раббысына деген махаббаты мен қастерлеуін ұлғайтып, күнәлары үшін ұялуына, кешірім сұрап, тәубесін жаңартуына зор септігін тигізеді. Тәубеге келуімен жүрегі нұрға бөленіп, Құран оқуға арналады, намаздарына ұқыпты болып, рухани дүниесі жанданады. Жан-жағына қамқорлық-жанашырлықпен, ерекеше мейіріммен қарай бастайды. Нәтижесінде бұл айдан нәпсісін жеңген, күнәлары кешірілген күйде шығады. Сөйтіп, тозақтан азат етілген құлдардың қатарына түсуі тіленеді. Міне, сондықтан осы мақсаттар бойымызда шынайы түрде орындалған болса рамазан бойына, онда келесі айларда қайтадан босап кетуіміз мүмкін емес. Ал егер де тек қана тағам мен сусыннан тоқтап, құмарлығымызды басып, басқа жаманшылықтарымызбен күреспей, ғайбат-өсегіміз тоқтамаса оразаның мақсатын орындамаған боламыз.

 

        Оразаның мақсаты – мұсылманның жанын да, тәнін де тазартып, тақуалық дәрежесіне жеткізу. Рамазан айында адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәпсінің құлы болып кетуден өзін сақтайды. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Осылайша нәпсіні құрықтайды.

 

       Ардақты ағайын, қадірлі оқырман! Алла Тағала ұстаған оразамыз бен жасаған құлшылықтарымызды қабыл еткей! Берекелі Рамазандағы ізгі амалдарыңыз­ға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бахытына бөлесін. Халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, ырыс-несібесі молынан болғай! Елімізге қауіп төндірген жұқпалы індеттен аман-есен арылып, науқастарымызға Алла шифасын берсін! Қасиетті Рамазан баршамызға хайырлы-құтты, берекелі болғай!

 

Рудный қалалық «Нұр» мешітінің

бас имамы Бектұрсынқажы Торғайбайұлы

алдыңғы мақала
Қазақстан қалалары бойынша айт намазының уақыттары (2018 ж.)

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником