Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Сұхбат

Имамдарға жүктелер жауапкершілік жоғары!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбетпен сұхбат

Бүгінгі сұхбаттасым Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбеттің облысымызға бас имам болып тағайындалғанына әлі көп уақыт өтпегенімен, талай іргелі істерге мұрындық болды.

Оның келісімен «Наурыз» шағын ауданындағы үлкен мешіт пайдалануға берілді. Өңірдегі барлық имандылық ордалары бір қалыпқа келіп, сауат ашу курсының жұмыстары жандандана түсті. Жаңа имамдар қызметке тағайындалды.

Басқа да тындырылған жұмыстар аз емес. Әсіресе, терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында жергілікті имамдарға талап күшейіп, олардың біліктілігіне деген жауапкершілік нығайды.

Жақында біз оған арнайы жолығып, өзін толғандырып жүрген ой-толғамдарын жазып алған едік. Соны төменде көпшілік назарына ұсынып отырмыз.

Елбасының нақты тапсырмасы

-Сіз жуырда мемлекет басшысының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездескенін де жақсы білесіз. Онда еліміздің кез-келген азаматына ой салар пікірлер айтылды. Сөздің реті келгенде, қостанайлық ағайындарға да сол жайлы айтып берсеңіз.

-Иә, мемлекет басшысы Елордамыз Астанада көрнекті дін қайраткерлерімен жүздесті. Оған дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров және бірқатар өкіл имамдар қатысты.

Бұл басқосуда Елбасы алдымен еліміздің халқының өмірінде діннің ерекше орын алатындығына тоқталды. Мемлекетіміздің өмірінде тұрақтылық қашан да айрықша маңызға ие екендігін баса айтты.

Сонымен қатар жүздесуде Президент Қазақстанның болашағы жарқын, ұлтымыз тату болып, еліміз зайырлы мемлекет ретінде одан әрі дамуға тиістілігіне, біз өзіміздің игі мақсатымызға қарсы шыққандарға көне алмайтындығымызға, бұл — мемлекеттік аппараттың ғана емес, барша Қазақстан халқының, оның болашағының мүддесі екендігіне де кеңінен тоқталды.

-Баршаға мәлім, жуырда Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын жұртшылықты серпілткен мақаласы жарық көрді. Қазіргі таңда бүкіл елімізде осы көптен күткен жайға байланысты қалың жұртшылық өздерінің пікірін білдіріп жатыр. Осы жайға байланысты өзіңіздің де ой-толғамдарыңыз бар шығар?

-Мемлекет басшысының осы мақаласында халқымызды толғандырып жүрген көптеген жайлар жан-жақты айтылған.

Оның әрбір тұжырымы жүрегі елім, халқым деп соғатын азаматты бей-жай қалдырмайтындығы даусыз. Өткен тәуелсіздік алған ширек ғасырда экономика саласында қаншама асуларды алып, биіктерді бағындырдық. Қазір біз әлем жұртшылығы санасатын мемлекеттердің қатарындамыз.

Енді тіліміз, дінімізді ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді барынша жандандыратын шақ туды. Әсіресе, ұлттық кодымызды сақтап қалу жолында бәріміз де бір кісідей жұмылуымыз керек. Мұны кез-келген мұсылман ағайын жете ұғады деген сенімдемін.

Атамыз қазақ «Туған жерге туыңды тік» дегеніндей кімге де болсын оның туып өсіп, кіндік қаны тамған жері ерекше ыстық. Сондықтан аталған мақалада Президентіміз айтып өткендей, туған жерге нағыз жанашырлық танытатын, бойымыздағы патриоттық сезімімізді көрсететін кез келген секілді.

Сонымен қатар 2025 жылдан бастап әліпбиге көшкелі отырмыз. Мұны да мемлекет басшысы нықтап айтты. Одан қорқып - үркетіндей ештеңесі жоқ. Тарихтан мәлім, бір кездері біз осы әліпбиді қолдандық, бірақ кейін сол кездегі солақай саясаттың кесірінен тоқтап, қазіргі кирилицаға көшкен едік.

Қысқасы, бұл мақалада айтылғандардың бәрі де ұлттың мүддесін көздейді. Енді бәріміз де жұдырықтай жұмылып, ертеңгі ұрпағымыз айтып жүретіндей жұмыс істейтін кез келді.

Қостанай менің ыстық мекеніме айналды

-Сіз еліміздің Оңтүстік өңірлерінде болып, шет елде терең білім алған азаматсыз. Қостанайға келіп, осы өңірдің бір азаматына айналдыңыз. Өзіңіздің парасатыңыздың жоғары екендігін дәлелдедіңіз. Келгелі бері көрген- түйгендеріңізбен бөліссеңіз.

-Иә, қазақтың жері бәрімізге де ортақ. Қостанайға келгеніме де көп өткен жоқ. Өзімнің жастайымнан талшыбықты ат қылып мініп-өскен әрі кіндік қаным тамған туған жерімдей болып кетті.

Бұл ең алдымен мақсат пен мүдденің бірлігі. Жергілікті халықтың үлкен-кішісі ұлтымызға тән бауырлық қасиеттерін көрсетіп, құшақ жая қарсы алды.

Қазір өзіммен келген ата-анам да әбден үйренді. Олар да өз қатарларымен тонның ішкі бауындай араласып кетті. Бұл өңір бұрыннан маған таныс еді. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ілияс Омаров секілді ірі тұлғалар шыққан киелі жерде кім білмейді?!

- Өткен жылдары имамдар арасында ротация болып, олардың арасында жұмыс орны ауыстырылды. Бұл мәселе жөнінде не айтасыз?

-Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекіткен ережесінің бір тармағы және уақыт талабы. Бұл тек Қостнайда ғана емес республика көлемінде жасалып жатқан жұмыс. Әрине, оларды бір жерден екінші жерге жібермес бұрын, олардың тәжірибесі, білімділігі, отбасының жайы ескерілді.

Өйткені, бір орында ұзақ отырған адам ізденуден қалады. Сондықтан мұндай ауысудың өзіндік артықшылықтары да бар. Жаңа ауданға немесе қалаға барған адам тек алға қарай талпынады. Жергілікті жұртшылықпен қоян-қолтық араласып, өз қызметіне барынша жауапкершілікпен қарайды. Мұны өмірден де көріп жүрміз.

-Бірқатар азаматтарға сенім артып, лауазымын көтердіңіз. Солар жөнінде де қысқаша тоқтала өтсеңіз?

-Бұл сөзіңіздің жаны бар. Біз қызмет бабымен өсіргенде оның халық алдындағы беделіне, көп жылғы тәжірибесіне ерекше назар аударамыз. Мысалы, Рудный қаласының бұрынғы бас имамы Сейіт Нұрқановты облыстық мешітке найб имам болып тағайындалды.

Ол Жамбыл облысы Мерке ауданындағы медресені бітірген. Көп жайды өз көзімен көріп, әбден шыңдалған азамат. Көптің алдында қысылмай сөйлейтін шешендік өнері де бар. Біз мұндай азаматтарға қашан да қолдау көрсетеміз.

Жалпы өңірде мұндай қолынан іс келетін әрі дін жолында өзін көрсеткен жігіттер баршылық. Қажет кезінде олардың арасынан да кейбіреулеріне сенім артуға әбден болады.

-«Зекет» қоры жөнінде бірер сөз айтсаңыз?

-Өздеріңіз де білетін шығарсыздар, осыдан біраз жыл бұрын барлық аймақтарда «Зекет» қорының өкілдіктері ашылды. Біздің мешіттің жанашыры әрі облысқа танымал ақсақалымыз Жақсылық Ғайсин осы қорға жауапты болып бекітілді.

Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте болып, халықтың құрметіне бөленген абыз ағамыз жұмысты бірден дөңгелетіп алып кетті. Соның нәтижесінде іскер адамдардың қолдауымен біраз қаражат жиналып, облыстағы молдаларға жалақы ретінде берілді. Өйткені, ол жерлерің мешіттерінде түсім шамалы.

-Жақында Елбасымен кездесуде де имамдардың діни сауаттылықты нығайтуда оларға жүктелетін міндеттер жайлы да айтылды. Әсіресе, олардың бойындағы патриоттық сезімге айрықша көңіл бөлінетіндігі хақында да сөз болды.

-Дұрыс айтасыз, қазіргі имамдардың деңгейі мен қарым - қабілетін тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағымен мүлдем салыстыруға болмайды. Айырмашылығы жер мен көктей. Өйткені, мемлекет басшысының қолдауымен қаншама жастарымыз шет елдерде білім алды.

Сондай-ақ Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, республика көлеміндегі діни медреселері және имамдардың біліктілігін арттыру институты секілді білім ордалары баршылық.

Мысалы бұл күндері біздің өңірден 24 студент аталмыш жоғары оқу орнында, ал 19 шәкірт еліміздегі медреселерде білім алуда. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші менің наиб имамдарым Дархан Сыздықов пен Әлішер Балахмет әңгімеге арқау болған университетті үздік бітірген түлектер.

Қазір екеуі де есімдерін ел таныған дін қайраткерлері. Облыстық мешіттің жұмысын жандандыруға өздерінің қомақты үлестерін қосып жатқандықтары баршаны қуантады.

-Бақытбек қажы, көкейде жүрген сауал өте көп еді. Оның бәрін бір сұхбатта қамту да мүмкін емес. Дегенмен, сіз алда келе жатқан қасиетті Рамазан айына дайындық және оны өткізу жөніндегі пікіріңізбен бөліссеңіз.

-Иә, Рамазан айының мұсылмандардың өмірінде алатын орны ерекше. Бір қуантарлығы оның қадір-қасиетін түсініп, өңірімізде ораза ұстаушылардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Оның ішінде жастар да жеткілікті.

Себебі, халық ораза ұстаудың адам ағзасына тигізер пайдасын жете ұғынған. Былтыр жылғы Рамазан айы өңірімізде өте жоғары деңгейде өтті. Отыз күн бойы мешіт жанынан арнайы орын бөлініп, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әкімдерден бастап, барша іскер азаматтар ауыз ашар берді. Сөйтіп, халықтың алғысына бөленді.

Биыл да осындай игі істер жалғасын табады деген сеніміміз мол. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Өз басым Рамазан айында ораза ұстаушылар саны көбейіп, дүкендерде арақ-шарап ішімдіктер сатылмаса деген ұсыныс бар.

Әңгімелескен Оразалы Жақсанов

алдыңғы мақала
МИНИСТР: САЛАФИЗМ – ҚОҒАМҒА ЖАТ, ДӘСТҮРІМІЗГЕ ҚАЙШЫ
кейінгі мақала
Жауапкершілік жүгі қашан да ауыр Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиевпен сыр-сұхбат

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником