1-Сұрақ. Әссәләмуғалейкум! Мәтуриди ақидасын ұстану уәжіп пе? Мен Ханафи мәзхабындамын. Ақиданы да Әбу Ханифаны ұстансам болмайды ма?
Нұрлыбек
2-Сұрақ. Әссәләмуғалейкум! Сәләфилер айтады: «Әбу Ханифаның ақидасы басқа, Мәтуридидікі басқа», - деп. Бұған не дейсіздер?
Дәурен
Уағалейкум әссәләм уә рахматтуллаһи уә бәракәтуһ!
Матуриди ақида мектебінің іргесі Әбу Ханифаның реттеп кеткен сенім негіздеріне қаланған. Имам Ағзамның жазған ақида негіздерін кейіннен методикалық тұрғыда түсіндіріп, өз алдына ақида мектебіне айналдырған Әбу Мансур Мәтуриди еді[1].
XVII-ғасырда өмір сүрген «кәләм» және «фиқһ» ғылымдарының білгірі Ахмәд ибн Хасан Баязизаде (1687 ж.қ.) есімді ғалым өзінің «Ишәратул Мәрам» атты еңбегінде былай деп өтеді:
«Имам Мәтуриди Әбу Ханифадан жеткен «сенім негіздерін» өзінің кітаптарында бұлтартпас дәлелдермен нықтап, сол ақида негіздерінің аясында туындаған тұжырымдамаларын (тәфариъ-تفاريع) нақты айғақтармен пысықтады...»[2]
Осы орайда, Баязизаде Әбу Ханифаның ақидаға қатысты айтқан сөздерін бір араға жинақтап «әл-Усулулул Мүнифа лил Имам Әби Ханифа» деген атаумен кітап қылып шығарған кісі. Кейіннен аталмыш кітапқа «Ишаратул Марам мин Ъибәратил Имам» деген атпен түсіндірме жазды. Бұл кітап әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан емес.
Сондай-ақ, Имам Матуридидің «Китабут Таухид» атты еңбегін зерттеп, зерделеген дін мамандарының бірі Мысырлық Доктор Фатхуллаһ Халиф Әбу Ханифа мен Имам Мәтуриди арасындағы байланысты былай түсіндіреді:
«Әбу Ханифаның ақидаға жазған еңбектері көбінесе Ислам сенім негіздерін (қысқаша) баяндап өткен. Көп жерде дәлел және нақты, айқын айғақтар көрсетілмеген. Ал, Имам Мәтуридидің арқасында, Әбу Ханифаның айтып кеткен ақида негіздері тек, сенім негіздері ғана емес, ғылыми болуына да қол жеткізді...»[3]
Сол себепті, Әбу Ханифаның айтып кеткен ақида негіздері мен Мәтуриди мәзхабындағы ақида негіздері арасында айырмашылық жоқ деп, сенімді түрде айта аламыз.
Сөзім дәлелді болуы үшін, төменде Әбу Ханифа (р.а.) мен Имам Мәтуриди арасындағы кейбір ақида мәселелерін салыстырмалы түрде бере кетейін.
ЕСКЕРТУ: жазбамды барынша қысқа қылуды көздеп отырғандықтан, бұл жерде кейбір ақида мәселелері ғана сөз болады. Әсіресе, көпшілік оқырманға таныс тақырыптар таңдалып беріледі. Айтылмай қалған ақида тақырыптарында сәйкестік жоқ деген ой қалыптаспауы тиіс.
1. Алланың кәләм сипаты
Әбу Ханифа (р.а.): «Алла Тағаланың сипаттары жаратылыстардың сипаттарынан басқа (оларға ұқсамайды)... Алла сөйлеуші, бірақ, (Оның сөйлеуі) біздің сөйлегеніміз сияқты емес. Біз сөйлегенде (белгілі) құралдардың көмегімен (ағзалардың көмегімен) және әріптердің көмегімен (дыбыстау арқылы) сөйлейміз. Ал, Алла Тағала ешқандай құралдың көмегінсіз және әріптердің көмегінсіз сөйлейді. Өйткені, әріптер жаратылған. Алла Тағаланың сөзі болса, жаратылмаған...»[4]
(Фиқһуль әкбәр)
Имам Мәтуриди: «Алланың әзәлдән сипаты болып табылатын Кәләм (сөйлеуші) сипаты әріптерден және дыбысталудан тұрмайды...» [5][6].
(Тә'уиләтул Құран)
2. Алланың ақыретте көрінуі
Әбу Ханифа (р.а.): «Алла Тағала ақыретте көрінеді. Оны жәннаттағы мүмін-мұсылмандар өз көздерімен көреді. Бірақ, (Оның көрінуі) еш нәрсеге ұқсамайды, кескін-кейіпсіз болады, Алла мен жаратылыстарының арасында арақашықтық (түсінігі) болмайды. (Яғни, арақашықтық осы дүниедегі заттардың көрінуіне тән құбылыс. Алла Тағала заттарға ұқсамайды)».
(Фиқһуль Әкбәр).
Имам Мәтуриди: «Азиз әрі Жәлил Раббымыздың көзге көрінуіне келер болсақ, біздің сенімімізде Алла Тағаланың көрінуі ақиқат әрі қажетті. Бірақ оның көрінуі «идраксіз» (яғни, бағытсыз, тұсы жоқ) және «тәпсірсіз» (яғни, көрушіге бетпе-бет тұруы, белгілі бір арақашықтықта көрінуі, көз жанарының жетуі деген сияқты құбылыстар Алла Тағаланың көрінуіне жат)...»[7].
(Имам Мәтуриди, «Китабут Таухит»)
3. Аллаға мекен беру
Әбу Ханифа (р.а.): «Ешбір орын, ешбір жаратылыстар жаратылмай тұрып, Алла Тағала (әзәлден) бар еді. «Қайда» жоқ кезде, Ол бар еді (яғни мекен, орын болмай тұрып бар еді)...».
(әл-Фиқһул Әбсат)
Имам Мәтуриди (р.а.): «Ешбір орын, ешбір мекен болмай тұрып, Алла Тағала (әзәлден) бар еді. Бүкіл орындар жойылуы мүмкін (мәңгі емес), ал, Алла Тағала әзәлде қандай болса, солай қала береді. Әзәлде қандай болса, қазір де сондай. Қазір қандай болса, әзәлден сондай...»[8]
«...Шынында да, Ұлы Аллаға орын белгілеу немесе «Алланың өзі (Би Зәтиһи) барлық жерде» деп сипаттама беру – Алла қандай да бір жерге орнығуды, тұрақтауды керек етеді деген сөзді меңзеген болады. Құдды, бір жерге орналасып, сол жерде өзгеріске ұшырап жататын, белгілі бір мекенде орнығуды керек ететін денелер іспетті (ал, бұл Аллаға жат)...»[9].
(Китабут Таухид).
4. Аршқа орнығу
Әбу Ханифа (р.а.): «Біздің сеніміміз бойынша: Алла Тағала «Аршқа истиуә етті». (Алайда) Ол Аршқа мұқтаж емес және онда орналаспады... Егер отыруға және тұрақтауға мұқтаж дейтін болсақ, онда Ол Аршты жаратпай тұрып қайда болды?! Ондай (түсінік) Алланың ұлықтығына сай емес».
(әл-Уәсия).
Имам Мәтуриди: «...Бұл мәселеге қатысты біздің негізгі тұжырымыз былайша: Шынында Алла Тағала: «Оған еш нәрсе ұқсамайды», - дей келе[5] Өзін жаратылғандарға ұқсатудан тыйып отыр. Жоғарыда айтып өттік: Алла Тағала сипаттарында да, істерінде де (өзге жаратылыстарға) ұқсаудан аулақ деп (متعال عن الاشباه). Сондықтан да «ар-Рахману ъаләл ъаршистәуә» деген аятқа Құранда айтылғанға (мухкәм аяттарға) сай және жаратылыстарға ұқсатып жібермейтіндей етіп мағынасын беру керек. Өйткені бұл жайында (бұйрық) Құранда келген және ақыл да осыны құптайды. Сондай-ақ: «Ол аяттың ұғымы (тә’уилі) мынадай», - деп те кесіп айта алмаймыз. Одан өзге де мағынаға келуі мүмкін... Ендеше, бір мағынаны кесіп айтпастан Алла Тағала аталмыш аяттың астарында нені мақсат етіп тұрған болса, соған иман етеміз...»[10] «Құран Кәрімде «истиуә» сөзі үш түрлі мағынада қолданылған: жоғарылау, кемелденіп, жетілу және жаратуды діттеу. Төртінші мағынасы ретінде «билігіне алу» дегенді де қосса болады»[11]
(Китабут Таухид).
5. «Ин’ша Алла, мұсылманмын» деп айту
Әбу Ханифа (р.а.): «Иман келтірген кісі ол – шынайы (жүрегімен) сенген кісі. Кәпір ол – шынайы жоққа шығарушы. Иманға күмән араласуы мүмкін емес...»«...Ал, кімде-кім «Ин’ша Алла, мүмін-мұсылманмын» десе, немесе «Сен мүмінсің бе?» деп сұралған кезде, «Алла біледі» деп жауап берсе, иманына күмән арластырды деген сөз. Бірақ, мұнафиқ емес...».
("әл-Уәсия" және "әл-Фиқһул Әбсәт").
Имам Мәтуриди (р.а.): «Біздің көзқарасымыз бойынша, мүмін-мұсылман екендігін нақты, ешқандай шартты рай түріндегі немесе «истисна» түріндегі сөздерді қолданбастан білдіруі тиіс (Истисна: бірақ, алайда т.б. сияқты бөлектеп тұратын сөздер). Сондықтан, «ин’шаАлла» (мұсылманмын) деп айтпауы керек (өйткені, бұл – мұсылман екендігіне сенімді емес адамның сөзі)... Ұлы-Азиз Алла: «Біз Аллаға иман еттік деп айтыңдар!» - дей келе мүмін екенін нақты білдіруді ұнатқан»[12].
(Китабут Таухид).
6. Иман тілмен айтып, жүрекпен растау
Әбу Ханифа (р.а.): «Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен нану (растау, құптау, яғни «тасдиқ») (әл-Уәсия).
Имам Мәтуриди (р.а.): «Негізінде иман – жүрекпен растау болып табылады. Алайда, жүректегі нәрсе бізге жасырын болғандықтан оны анықтау мүмкін емес. Сондықтан шариғат жүректегі сенімді сөз жүзінде білдіруді керек етеді. Ол нәрсе осы дүниеде мұсылманға қатысты шариғи үкімдердің орындалуы үшін қажет»
(Китабут Таухид).
7. Ауыр күнә істегендер
Әбу Ханифа (р.а.): «Мұсылманды қандай да бір күнә жасағаны үшін кәпір демейміз. Тіпті ауыр күнә жасаса да үкімі осы. Оны иман шеңберінен шығармай, шын мағынада мүмін-мұсылман деп есептейміз, бірақ ол күнәһар мүмін болып саналады. Дегенмен кәпір емес. Әйтсе де, жасаған күнәсін халалға шығарса кәпір болады»[13]
(Әл-Фиқһул Әкбәр).
Имам Мәтуриди: «...Біз «тастиқ» ету арқылы иман еткен боламыз... Осылайша (үлкен күнәға барған мұсылманның) иманы жойылмайтыны және мүмін деген атауын жоғалтпайтыны дәлелденді...»[14]
(Китабут Таухид).
8. «Иман» мен «Ислам» ұғымы жайында
Әбу Ханифа (р.а.): «...Иман мен Ислам сөздік тұрғыда бір-бірінен бөлектеніп тұрса да, исламсыз иман, имансыз ислам болмайды. Бірі сыртқы жақ, екіншісі ішкі жақ. Ал, «дін» деп, Иманды, Исламды және жалпы шариғатты айтады»[15] («Алим уәл мутааллим». «Фиқһул Әкбәр»).
Имам Мәтуриди: Бұл қос терминнің діни тұрғыда мағыналары бір. Тілдік тұрғыда әртүрлі ұғымға келуі мүмкін...[16] т.б.
(Китабут Таухид)
Қорытынды:
Жоғарыдағы салыстырмалы түрде беріліп өткен тақырыптардағы сәйкестікке қарап-ақ, Мәтуриди мәзхабының іргесі Әбу Ханифаның о баста айтып кеткен ақида негіздеріне қаланғандығын көруге болады. Осы уақытқа дейін Мәтуриди мәзхабының ғалымдары аталмыш қос ғұламаны жалпылама ақида мәселесінде бөле-жара қарастырмаған.
Ал, сәләфизм бағытындағылардың осыған қатысты алға тартып жүрген уәждері ақиқатқа жанаспайды.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
Имам Мәтуридидің ақида негіздерінде Имам Ағзам Әбу Ханифаға барып тірелетіндігін төмендегі суреттен көруге болады:
[1] Мухаммад Әбу Захра, Тарихуль Мәзәхибиль Исламия -165-166 бет
[2] Бәязизаде: Ишаратуль Мурам. 12 бет. «Дәрул кутубил ъилмия». Либия. 2007 ж.
[3] Доктор Фатхуллаһ әл-Халиф, «Татқиқ Китабит Таухид».
[4] Алиюл Қари: «Шарху Китабил фиқһил әкбар». 57-58 бет.1995 ж. Бейрут-Либия.
[5] Имам Мәтуриди, , «Тә’уиләтул Құран»: Ниса – 164.
[6] Имам Нәсәфи, «Табсирату әл-Әдиллә». 1/435 бет.
[7] Китабут Таухид.
[8] «Китабут Таухид». 2001 ж. Бейрут. Стамбул. Арапша зерттеп зерделеген: Б. Топалоғлу, М. Урутша.
[9] Имам Матуриди, Китабут Таухид-132 бет. Бейрут.
[10] Имам Матуриди: Китабут Таухид -Бәянул ъарш уәл қаулу бил мәкән- 136 бет. Байрут-Любнән. Истамбул-Туркия. Зерттеп баспаға дайындаған Проф.Доктор Б.Топалоғлу. Араб тілінде.
[11] Имам Мәтуриди – Китабут Таухид: Баянул Ъарш. 133 бет. Байрут-Любнән. Истамбул-Туркия. Зерттеп баспаға дайындаған Проф.Доктор Б.Топалоғлу. Араб тілінде.
[12] Имам Мәтуриди – Китабут Таухид. Арапша зерттеп-зерделеген Б.Топалоғлу.
[13] Фиқһул Әкбәр
[14] Имам Матуриди: Китабут Таухид. «Үлкен күнәлар». Байрут-Любнән. Истамбул-Туркия. Зерттеп баспаға дайындаған Проф.Доктор Б.Топалоғлу. Араб тілінде.
[15] Баязизаде, «Усулул Мунифа». 83 бет.
[16] Имам Матуриди: Китабут Таухид. «Үлкен күнәлар». 493-бет. Байрут-Любнән. Истамбул-Туркия. Зерттеп баспаға дайындаған Проф.Доктор Б.Топалоғлу. Араб тілінде.
Абдусамат Қасым