Алла тағаланың хақ діні Исламның екі қайнар көзі бар: бірі – қасиетті Құран Кәрім, екіншісі – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мен сүннет жолы (өнегелі өмірі).
Құран – ұлы періште Жәбірейіл (ғ.с.) арқылы хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға уахи етілген Алла тағаланың сөзі. Оқиғалардың ұрымтал кезінде, зердеге тез түйіп, тыңдағандар құлағына құйып алуға жеңіл етіп 23 жыл бойы түскен. Содан бері оның бір сөзі де, бір әрпі де өзгермеген және өзгермейді де. Өйткені, оның қорғаушысы Өзі екенін Алла тағала Құран Кәрімде: “Құранды біз түсірдік, оны қорғайтын да өзіміз” (“Хижр” сүресі, 9-аят), – деп ескерткен.
Дінтанушы ғұламалар Құран тағылымдарын «ғұрпи Ислам», «ғылыми Ислам» деген екі сипатта түсіндіреді. Ғұрпи Ислам – мұсылмандар мойындаған парыздар (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық, т.б.). Ғылыми Ислам – Құрандағы күллі ғылым (Жаратушы, жаратылыс, білім, билік, жер беті, аспан әлемі, пайда болу, өшу, құбылыстар, түрлі хикметтер, тіршілік заңдары, т.б.). Демек, Құран құлшылықтың қайнар көзі ғана емес, ғылымдар жиынтығы, ұлы танымның, кәміл имандылықтың негізі.
Құран – исламияттың негізгі Кітабы. Ислам діні құқықтық жағынан үкімді фиқһ әдіснамасы арқылы 4 дәлелге сүйене отырып шығарады. Олар – Құран, сүннет, ижма және қияс фукаһа. Бұлардан басқа истиһад, истиһсан, мәсәлиһи мурсәлә, зәрурет сияқты басқа да дәлелдері бар.
Құран Кәрім – барлық діни негіздердің бастауы. Адамның барлық рухани және материалдық қажеттіліктерін қамти отырып, екі дүние нығметтерін үйрететін ғылым, сондай-ақ, әмбебап, иләһи кітаптардың соңғысы. Адам бала-сына қияметке дейін тура жолды көрсететін құбыланама. Алла тағала Құранды өз қамқорлығына алғаны туралы біз жоғарыда айтып өттік. Ал иләһи кітаптардың өзгелері адамдар тарапынан өзгерістерге ұшырағаны мәлім.
Құран Кәрімде: “Яһудилер арасында кітап сөзін өзгертіп жібергендер бар. Біз тыңдадық, бірақ бойұсынбадық. Сен бізді тыңда, енді біз саған құлдық салмаймыз”, – дейді олар. Дінді мазақтау үшін “рағна” деген сөзді бұрып сөйлейді. Егер олар бұрмаламай, тыңдадық, бойұсындық, унзурна (дұрыс тыңда) десе, өздері үшін тіпті жақсы болар еді. Бірақ, күпіршілік жасағандары үшін оларды Алла рақымынан қақты. Біразы болмаса, көбі сенімге келмеді” (“Ниса” сүресі, 46-аят), – делінген.
Қасиетті Құранда бұрынғы иләһи кітаптардағыдай Аллаға, пайғамбарларға, періштелерге, кітаптарға, ақырет күніне, жақ-сылық та, жамандық та Алладан болатынына сену керектігі айтыл-ған. Мал-жанын, ұлтын, отанын, дінін қорғау және дін негіздерін үйрену, барлық құндылықтарды бойға сіңіру туралы уағыздалған.
Сондай-ақ, пайғамбарлардың бірінен соң бірі келуінде діни өзгерістер болған емес. Уақыт пен кеңістікке, әлеуметтік-саяси жағдайларға сай ғибадат пен шариғи үкімдер арасында ғана болмашы өзгешеліктер орын алып отырған. Алла тағала пайғамбарлар жіберу арқылы діннің шариғи үкімдерін толықтыра түсті.
Құранда ақыретке дейін орын алатын әр жағдайға, әр мәселеге қатысты қағидалардың барлығы қамтылды. Оның мағына жағынан теңдессіз иләһи күші және пара-сатты ұйқастары осы жағдайларға сәйкес пайда болған.
Алла тағала тек хазреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) ғана емес, барлық пайғамбарларға да уаһи жіберген. “Ей, Мұхаммед! Біз Нұхқа және одан соңғы пайғамбарларға аян бердік, сол сияқты саған да ақиқатты аян еттік. Мұндай аян Ибраһимге де, Исмағұлға да, Ысқақ қа, Жақыпқа да және оның әулеттері Исаға, Аюпқа, Жүніске, Һарунға, Сүлейменге де жіберілді. Дәуітке Забурды сыйладық” (“Ниса” сүресі, 163-аят).
“Әрі үстем, әрі хикмет иесі Алла саған да, сеннен бұрын-ғыларға да осылайша аян берді” (“Шура” сүресі, 3-аят).
Ислам ғұламасы М.Хидари “Тарихут-Тәшриил-Ислами” де-ген кітабында: “Құран Кәрім хазреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірінің 41-інші жылының 17-ші Рамазанында Хира тауында түсе бастады. Ең бірінші түскен аят бұл – “Әләқ” сүресі. Аяттар бөлек-бөлек түсіп, ең соңғы аят хижраның 10-шы, өмірінің 63-ші жылында Зулхижжа айының 9-шы қажылығында түседі. Бұдан кейін хазреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 81 күн өмір сүрді”, – деген мәліметтер келтіреді. Ол “Бүгін мен сіздер үшін жіберілген дінді аяқтадым” деген аят еді.
Құран Кәрім – көркемдігі, әуездігі жағынан да теңдесі жоқ Кітап. Жекелеген сөздері мен сөйлемдерінен, баяндау тәсілдері мен сөздік мағыналарынан қы-лаудай кемшілік табу мүмкін емес.
Құран Кәрім екі жерде – Мекке мен Мәдинада түсті. Сондықтан сүрелердің басында «меккелік» және «мәдиналық» деп жазылады. Меккелік аяттар 10 жыл, 5 ай, 13 күнде түсіп біткен. Мәдиналық аяттар хижраның 10-ыншы жылынан бастап, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс болғанға дейінгі аралықта түскен, яғни бұл уақыт 9 жыл, 9 ай және 9 күнге созылған. Меккелік аятар мәдиналық аяттарға қарағанда көптеу. Меккелік аяттар Құран Кәрімнің 19/30 құраса, ал мәдиналық аяттар 11/30 құрайды.
Құран аяттарының «меккелік» немесе «мәдиналық» екенін және олардың қай уақытта түскенін жақсы білген абзал. Аяттың түсу себебін білмесе, оның ма-ғынасын түсіну қиынға соғады. Мәдинада үлкен 19 сүре түскен. Олар – “Бақара”, “Әли Ғымран”, “Ниса”, “Маида”, “Әнфал”, “Тәубе”, “Нұр”, “Ахзап”, “Қытал”, “Фатах”, “Хұжрат”, “Мұжадәле”, “Хашыр”, “Мүмтахина”, “Жұма”, “Мұнафиқун”, “Талақ”, “Тархим” және “Насыр” сүрелері. Қалған 71 сүренің меккелік екеніне дау жоқ. Ал 24-і шүбәлі болып саналады. Бұл сүрелердің «меккелік» не «мәдиналық» екенін айыру үшін мынадай ерекшеліктерге мән бер-ген жөн:
- парыздар мен үкімдер Мәдина-да түссе, дін әдістері мен таухид ілімі туралы аяттар Меккеде түскен;
- “Я аййуханнас” (Ей, адам-дар)» деп басталатын аяттар – меккелік, “Я аййуһалләзина әману” (Ей, иман келтіргендер)» деп басталатын аяттар – мәдина-лық болып табылады;
- меккелік сүрелер – қысқа, мәдиналық сүрелер ұзын болып келеді;
- меккелік сүрелер рухани тартымдылыққа, нәзіктілікке толы болса, мәдиналық сүрелер терең ойға құрылған;
- меккелік сүрелер толық әрі мазмұны салмақты, ал, мәдиналық сүрелер негізінен бұйрық райда болады;
- меккелік сүрелерде үмметке бұрынғы өткен қауымдар үлгі етіп көрсетілсе (мәселен, “олардың жағдайларынан ғибрат алыңдар” десе), ал, мәдиналық сүрелерде парыз, түрлі жазалар, жындар, амалдар мен ғибадаттар, т.б. қамтылған;
- меккелік сүрелерде христиан-дар мен яхудилерге арналған аяттар жоқ. Онда тек мүшіріктерге ғана айтылған. Мәдиналық сүрелерде христиандарға, яһудилерге және мұнафықтарға арналған аяттар бар.
Сүрелердің тәртібі хазреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір сүрген кезінде-ақ айқындалған. Ибн Аттияның айтуынша, “сү-релердің көбінің реті пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) тірі уақы-тында белгілі болған”. Басқа сүрелер сахабалардың айтуымен орналастырылғанымен, оларға пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қатысы болған. Расулулла (с.ғ.с.) “Мына сүре мына сүреден бұрын, басқа сүре бұдан кейін” деп көрсеткен.
Қолымыздағы қасиетті Құран Кәрім бүгінгі күнгі ұзын саны бір жарым миллиард болатын мұсылмандардың қолынан түспейтін Қасиетті Кітап. Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) заманында жинақталып, хазреті Оспан (р.а.) бір нұсқалы кітап етіп шығарған Құран Кәрім бүгінгі күнге дейін еш өзгеріссіз жетіп отыр.
Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) тұсында Құранды өзінің тікелей басшылығымен жинақтатқан. Орын алған бірер кемшілік болса, сахабалар тарапынан ескертіліп отырған.
Хазреті Оспанның (р.а.) дәуірінде Құран Кәрім құрайыш диалектісін негізге ала отырып, бір нұсқаға көшірілді. Қалған нұсқалары толықтай өртелді. Себебі ол кезде Құран оқуда көптеген диалектикалық ерекшеліктер бар еді. Бірақ, ешкім де Құранды бұзып оқымайтын. Хазреті Оспан (р.а.) Құран оқуында қате тапқан адамды жазалауға әмір еткен. Оның бұл ісіне сахабалар ризашылықтарын білдірген. Хазреті Әли (р.а.) “Егер хазреті Оспанның орнында болсам, мен де осылай істеген болар едім”, – деген.
Қасиетті Кітаптың бізге жеткен нұсқасының қалыптасу үдерісі бірнеше ғасырды қамтиды. Хазреті пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түскен алғашқы кезеңде оны сахабалар сүйектерге, ағаштың қабықтарына жазса, ал кейіннен хазреті Әбу Бәкір (р.а.) заманында Зәйд бин Сәбиттің (р.а.), хазреті Әбу Бәкірдің (р.а.) және хазреті Омардың (р.а.) басшылығымен бір арнаға тоғыстырылды.
Хазреті Оспаның (р.а.) халифалық дәуірінде Құран үшінші рет толықтырылып жазылып, онда хазреті Әбу Бәкір (р.а.) уақытында жазылған Құранның нұсқасы басшылыққа алынды. Бұл уақытта да Құранның харакеттері мен оқылу тәртіптері әлі толық болмаған.
Құранның қазіргі нұсқасының өзі үш кезеңді бастан өткізді. Бірінші кезеңде, Әмәуилердің алғашқы халифасы Мағауия ибн Әбу Суфиян Әбу-л Әсәдқа тапсырып, ол қасиетті Құранның харакеттерін нүктелер ретінде орналастырады. Екінші кезеңде, Әбдумәлік ибн Мәруанның уақытында әріптердің арасын ажырату үшін нүктелер қояды. Үшінші кезеңде, Құранда-ғы харакеттер мен сүкүндер қойылған.
Қасиетті Құранның адам өмірінде алар орны ерекше. Ол адамзатты қараңғылықтан нұрлы жолға бастайтын Жаратқанның рахмет мейірім көзі. «…Еліңді қараңғылықтан жарыққа шығар…» («Ибраһим» сүресі, 5-аят). Адамға екі дүниеде бақыт сыйлайтын Тәңірдің қасиетті сөзі. Құранда адамды жер бетінің халифасы ретінде жаратқанын айтады. Яғни, адам Алланың жердегі өкілі деген құрметті сөз. Оны Құранда Алла тағала: «Ол сондай Алла сендерді жер жүзін-де орынбасар етті…» («Фатыр» сүресі, 39-аят), – деп негіздеген. Құрандағы адамзаттың Жаратқанға деген құлшылығы тек намаз, ораза секілді ғибадат түрімен ғана шектелмейді. Құлшылық мәнінің түсіндіру ауқымы өте кең көлемде қарастырылады. Адамның нәпсінің соңынан еріп, ең төменгі дәрежеге түсіп, рухани құлдырауға бейім екенін: «…Сосын оларды төмендердің төменіне қайтардық…» («Тин» сүресі, 5-аят), – деп, оған қан төгуші, залым, қиянатшыл, ашкөз секілді жаман әдеттерден қашуды және өзін аулақ ұстауды үндеп, көркем мінез-құлықты, жамандық пен әділетсіздікке қарсы қоғамдағы құнды тұлға болып қалыптасуын талап етеді.
Алла тағала қасиетті Құранда адамның қоғамдағы орны, оның өмір сүруі, тіршілігінің мәнін нақтылап, барлық сауалдарына жауап берген. Біздің ата-бабаларымыздың салып берген жолы, дәстүрі мен мәдениеті осы қасиетті Құраннан бастау алады. Олар Құранның мәнін терең түсіне біліп, оны өмірлік тәжірибесіне арқау еткен. Абай атамыз:
«…Құран рас Алланың
сөзі-дүр ол,
Тәуилин білерлік ғылымың шақ.
Алланың, пайғамбардың
жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық
иманымыз…», – деген өлең жолдарымен ата-бабамыздың дәстүрі Құран заңдылықтарына қайшы емес екенін негіздеп отыр.