Алла Тағала барлық адам баласының ішінен хазреті Мұхаммадты (ﷺ) таңдап, оған бағынуды Өзіне бағыну деп, оған қарсы келгендерді Өзіне қарсы келген деп жариялаған. Тіпті, Құран Кәрімдегі «Хижр» сүресінің 72-ші аятында Алла Тағала Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмірімен былай: لَعَمْرُكَ «Сенің өміріңмен ант етемін»,-деп серт беріп, Оған (ﷺ) деген махаббатты шыңына көтерді. Пайғамбарымыз (ﷺ) жайлы сөз қозғаған уақытта, адамның ойына бірден Оның (ﷺ) кішпейілдігі, қарапайымдылығы еске түседі. Хазреті Мұхаммад (ﷺ) – Алла Тағаланың бүкіл әлемге рақымды пайғамбар етіп, жіберген ең ұлы нығыметі мен сыйы. Бұған қатысты Жаратушы Иеміз Құранда былай деген:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ
«/Ей Мұхаммад!/ Әрі Біз сені әлемдерге рақым етіп қана жібердік» (Әл-Әнбия сүресі, 107-аят). Осылайша, Алла Елшісінің (ﷺ) дүниеге келуі ғаламды нұрландырып, артынан ерген үмметін үлкен қуаныш пен бақытқа бөледі.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) ғұмырын, мінез-құлқы мен болымсын зерттеген кез-келген адам, Оның (ﷺ) қатардағы мұсылман ғана емес, тіпті Алла Тағаланың тарапынан жіберілген шынайы Елші екендігін еріксіз мойындайды. Алла Елшісі (ﷺ) адамзат баласына қарапайымдылықтың ең көркем бейнесін көрсете білген. Бұған, Пайғамбарымыздың (ﷺ) тал бойына топтастырған көркем мінезіне қатысты өмірінде көрініс тапқан мысалдары өте көп.
Әнәс (р.а.) риуаят еткен хадисте, Алла Елшісі (ﷺ) былай деген: «Ей, адамдар! Өз ретімен сөйлеңдер. Шайтан сіздерді адастырмасын. Алла мені қандай дәрежеде көрсе, сендер де мені сондай дәрежеде қабылдаңдар. Мен тек Алланың құлы әрі елшісімін».
Ал Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздың (ﷺ) қарапайымдылығы жөнінде мына бір оқиғаны әңгімелеп берген: «Алла Елшісінің (ﷺ) алдына тамақ әкеліп: «Жантайып ішіңіз! Жантайып ішкен өте ыңғайлы»,-дедім. Сонда, Ол (ﷺ) маған: «Құл қалай жесе, мен де солай отырып ішемін, бірақ жантайып емес»,-деді. «Осылайша, өмірінің соңына дейін Алла Елшісінің (ﷺ) жантайып ішкенін көрген емеспін».
Әнас ибн Маликтің (р.а.) айтуынша, Алла Елшісі (ﷺ) жүннен тоқылған киім киіп, есекке де мініп, киімін де жерге түсіріп отыратын және үлкендердің насихатын тыңдайтын. Ешкі сауып, сүтін ішетін және қонаққа шақырылса баратын.
Пайғамбарымызға (ﷺ): «Сізге биік орын жасайық. Сол жерде тұрып, адамдарға насихат айтарсыз»,-деп айтқандарға, өзінің қарапайымдылығы себепті мынаны өсиет еткен: «Мені өз дәрежемнен артық дәріптемеңдер! Алла мені пайғамбар етіп жібермей тұрып, ең алдымен құл етіп жаратты».
Хазреті Мұхаммад (ﷺ) науқастардың көңілін сұрап, жаназа намаздарына қатысатын. Үлкен-кіші, бай-кедей деместен, кез-келген кісінің шақыруын қабыл ететін. Бұған қатысты, Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардың (ﷺ) бойында қатал патшаларда болмайтын үш ерекше қасиет бар еді. Есекке мінетін, кім шақырса, соған баратын және жерге түскен құрманы алып, сүртіп жейтін».
Омардың (р.а.) риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз (ﷺ) бойындағы қарапайымдылығының себінен мына бір ұлағатты сөзді айтқан болатын: «Христиандар, Мариямұлы Исаны (ғ.с.) асыра дәріптегеніндей, (кұдай дәрежесінде) мені жақсы көруде, шектен шығушы болмаңдар! Мені Алланың құлы және елшісі десеңіздер де жеткілікті».
Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздың (ﷺ) үй ішінде қарапайымдылық танытатындығын, өз киімін өзі жамап, қойларын өзі сауып, үйдегі жұмыстарға көмектестінін, базарға барып келетінін және өз жүгін ешкімге де көтертпей, өзі тасыйтындығын айтқан. Бір күні, Алла Елшісі (ﷺ) қасында отырған адамның ыңғайсыздықтан қымтырылғандығын байқап: «Өзіңді еркін ұста, мен патша емеспін. Мен күнге кептірілген етті жеген кұрайыштық әйелдің ұлымын»,-деген екен.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) қарапайымдылығы соншалық – екі дүниенің сәруәрі болғанына қарамыстан, өзін елден бөлек ұстауды қаламайтын. Сахабаларының арасында отырғын Алла Елшісін (ﷺ) адамдар танымаса, топтың ішінен Оны (ﷺ) ажырата алмайтын. Алайда, сахабалардың Алла Елшісіне (ﷺ) деген ізеті мен құрметін көрген уақытта ғана, кімнің Пайғамбар екеніне көз жеткізетін.
Мәдинә қаласындағы Пайғамбарымыздың мешіті салынып жатқан уақытта жұрт бір кірпіш тасыса, Алла Елшісі (ﷺ) екі кесек тасыйтын. Хандақ шайқасы үшін ор қазылып жатқан уақытта, жұрт қарнына бір тас байласа, Пайғамбарымыз (ﷺ) екі тас байлайтын. Алла Елшісінің (ﷺ) әрбір іс-әрекеті әдептілекке негізделген еді.
Міне, жоғарыдағы сахабалар жеткізген риуаяттарға қарағанда, екі дүниенің сардары, сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) әрбір амалында өте қарапайым болған және сол қарапайымдылықты үмметіне насихат етіп қалдырған. Бұған қатысты, өсиет сөздерінің бірінде Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген екен: «Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Сендердің басқалардан еш артықшылықтарың жоқ. Алланың рахмет есігі әрқайсыңа да ашық. Кімде-кім, өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Ал кімде-кім, қарапайым болса, Алла оның дәрежесін көтереді. Сонымен қатар, Алланың әділдігіне көз жеткізіп, бір қадам жақындаған құлына, Алла Тағала жүз еселік дәреже береді».
Пайғамбарымыздың (ﷺ) қарапайымдылығы мен өнегелі сара жолын үстанып, Оның (ﷺ) аманат етіп қалдырған сүннетін өмірімізде жандандырайық ағайын! Жаратушы Иеміз бізге екі дүниенің хайыр жақсылығын нәсіп етіп, өзінің сүйікті құлдарының қатарынан қылсын. Әмин!
Қостанай облыстық «Марал ишан»
мешітінің найб имамы
Сыздықов Дархан Манарбекұлы