Фиқһ ілімінің негізін қалап, әлемде ең көп ұстанушылары бар мәзһабтың имамы, мұсылман ғалымдары сөзсіз мужтәхид деп қабылдаған Имам Ағзамға бастапқы кездері түрлі себептермен қарсы шыққандар кездескені секілді қазіргі таңда да сол пікірталастың негізін оқып-білмей жатып, асығыстықпен «Имам Ағзамның хадис ілімі таяз болған, сахих хадистер тұрғанда оларды алмай қиясты негізге алған, әлсіз хадистермен амал еткен…» деген секілді негізсіз пікірлерді тарату арқылы ірі тұлға Әбу Ханифаның беделін жұртшылық алдында кішірейтіп, оның орнына басқаларды зорайтып көрсетуге тырысушылардың қоғамымызда кездесіп жатқаны өкінішті-ақ. Енді осы жақтым күйе, жаптым жала пікірлерге мұсылман ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, жауап іздеуге тырысайық. Бұларға жауап берместен бұрын имам Ағзамның жалпы хадиске деген ұстанымына қатысты қысқаша тоқтала кеткен жөн. Осыған қатысты ол: «Мен кітаппен амал қыламын, егер одан таба алмасам Аллаһ елшісінің сүннетінен аламын…»,[1]– деп бірінші кезекте Құранға екінші кезекте хадиске қарайтынын ашық айтып, хадисті мойындауға деген беріктігін көрсеткен-ді. Тағы да бір сөзінде: «Аллаһ елшісінен жеткен барлық нәрсе мен үшін көзімнің қарашығындай»,[2]– дейді. Осман әл-Баттиге жазған хатында: «Біліп қой! Үйренген және басқаларға үйреткен нәрселердің ең абзалы – сүннет»,[3] – деген. Әбу Ханифа Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөздері мен амалдарына деген ыстық ықыласы сонша «әл-Алим уәл-мутағаллим» атты кітабында: «Аллаһ елшісінің (с.а.с.) айтқан барлық сөздерін естісек те естімесек те, оған деген құрметіміз шексіз. Біз оған сенеміз және оның айтқандарының айдай ақиқат екендігіне куәлік етеміз»,[4]–деп өз сезімін білдірген.
Әбу Ханифа өзгелердің ол жайлы хадиске қарсы шығады деген жалаларына сол кезде-ақ жауап берген. Бір риуаятта: «Бір мәселеге қатысты хадиске қайшы көзқарас айтқандығы жайлы оған хабар берілгенде ол өзінің сүйенген хадисін дәлел келтіре отырып: «Аллаһқа және Аллаһ елшісіне (с.а.с.) қайшы көзқараста болған адамды қарғыс атсын! Аллаһ бізге оны сый ретінде жіберіп, бізді құтқарды»,[5] – деген. Хадис пен сүннетті шариғатта ең негізгі қайнар көз ретінде қабылдауда Әбу Ханифаның өзге мужтахид имамадардан ешқандай өзгешелігі жоқ екендігі күмән тудырмас ақиқат.
Ендігі кезекте «Әбу Ханифа хадистің отанынан алшақ өмір сүргендіктен хадис риуаяты аз болған, көп хадис білмеген» деген мәселеге тоқталайық. Негізінде Әбу Ханифаның өмір сүрген уақытында туып-өскен жері Куфа Ислам әлемінің ілім орталықтарының бірі еді. Ол жерге көптеген сахабалар қоныс аударып, олардың ілімдерін бойларына сіңірген мыңдаған табиғин ғалымдары өсіп жетілді. Тарихи деректерде сол кезеңдегі Куфаның хадис ілімі тұрғысынан маңыздылығын көрсететін көптеген мәліметтер кездеседі. Солардың бірінде Әнәс ибн Сирин «Куфаға келдім. Ол жерде хадис үйренуші төрт мың, ал фақих төрт жүз адамды көрдім», – дейді. Ал, Аффан ибн Муслим «Куфаға келдік. Онда төрт ай тұрдық. Қаласақ осы мезгілде жүз мың хадис жазуға болар еді. Тек қана жазбашалардың тысында ешкімнен хадис қабылдамағандықтан елу мың хадис қана жаздық»[6], – дейді.
Имам Зухри[7] Ирактықтардың ілімін төмен деп санайтын. Оған Куфада төрт мың хадис риуаят еткен бір адамның (Ағмәш) бар екендігі айтылып, ол хадистердің біразы жеткізілді. Ол әлгі хадистердің бәрін зерттегеннен кейін «Уаллахи бұл нағыз ілім. Иракта мұны білетін адам бар деп ойламаппын»[8] деп таңданысын жасыра алмаған екен.
Муаффақ әл-Мәкки Әбу Ханифаның үкім шығаруда риуаят еткен хадисінің төрт мыңды құрағанын, оның екі мыңын ұстазы Хаммадтан, қалған екі мыңын басқа ұстаздарынан алғандығын, ал «Әсәрда»[9] сүйенген дәлелдерін қырық мың хадистен таңдап алғанын жеткізген[10].
Ол дәстүрлі түсініктегі хадис маманы ретінде саналмаса да хадис іліміндегі «жәрх уә тәғдилде»[11] өзіндік орны болғанын «әл-Жәуәхирул-мудия» кітабының авторы «Имам Әбу Ханифа жәрх уә тәғдил мәселесінде сөзі өтетін ғалымдардың бірі. Осы ілімнің мамандары қалайша Имам Ахмад, Бұхари, Ибн Маин, Ибнул-Мәдәни және осы саланың басқа да шейхтарының жәрх уә тәғдилге қатысты көзқарастарын алып, онымен амал етсе, Әбу Ханифаның да көзқарастарын қабылдап, онымен амал еткен. Бұл оның абырой-беделін, ілімінің тереңдігін көрсетеді»[12] деп баяндайды.
Әбу Ханифаның мәзһабын оқығандар оның айтқан жүздеген мәселелері, сахих хадиске сай келетініне көз жеткізе алады. «әл-Қамус»[13] атты еңбектің авторы Мұртаза әз-Забиди Әбу Ханифаның сүйенген және оларды Кутубу ситтаның[14] ғалымдары да дұрыс деп құптаған хадистерін «Уқудул-жауһарил мунифа фи адиллати Әби Ханифа» атты кітабында жинақтап жазған. Егер кейбіреулердің айтып жүргеніндей «Әбу Ханифа тек қана 17 немес 50 немес 150 хадис қана біліп, (олардың айтқанындай) «олардың жартысы қате болса» онда қалайша жүздеген ижтихадтары сахих хадистерге сай келген? Әрине бұлай болуы мүмкін емес. Ол өз заманындағы хадистердің көбін білгендіктен соған қарай мәселелерді шешіп отырған[15].
Жалпы алғанда білімнің қадірін білген, танымал ғалымдардың Әбу Ханифаны дәріптен, хадисшілер секілді тек хадиспен шұғылданып, хадис жинақтамаса да оның барлық айтқан үкім қағидаларының хадис пе Құранға барып тірелетіндігін мойындаған. Тіпті оны хадис ғалымдарының қатарына қосқан[16].
Үлкен мужтәхид, әлемде кең тараған мәзһабтың имамы Әбу Ханифаның хадис риуаятының кең тараған Ирак секілді берекелі аймақта ғұмыр кешіп, одан жырақ қалуы мүмкін емес. Өйткені фиқһтық үкімдердің негізі көбіне хадиске сүйенеді. Қайта керісінше риуаяттың көп тарауына байланысты әр естіген хадисін ала бермеген. Оның хадис риуаятын аз жасауының негізгі себебі өмір сүрген кезеңіндегі Ирактың нағыз хадис шығарудың орталығына айналып кеткендігінен туындап жатты. Ол кезде Ирак елі ислам елдерінің арасындағы төнкеріліс пен түрлі қозғалыстардың орталығы еді. Міне сондықтан жалған хадис айтушыларға Иракта өте ыңғайлы орта туды. Осы себептен Әбу Ханифа хадисті сахих деп қабылдау үшін хадис риуят етушіге қатал шарттар қойды. Тек сенімді, әділдігімен танымал риуятшылардың машһур (көпшілікке мәлім) хадистерін ғана қабылдады. Осылайша Әбу Ханифа хадис зерттеп, оның дұрыстығын қадағалауда хадис ғалымдарынан да асып түсті. Хадисшілердің шарттарына қарай хадис дұрыс болып саналса, Әбу Ханифа үшін ол хадис әлсіз болып қалды[17].
Әбу Ханифаның ілім алған тізбегі атақты табиғиндар арқылы Омар ибн Хаттаб, Али ибн Әбутәліп, Ибн Мәсғуд (р. анһум) секілді ғалым, фақих сахабаларға барып тіреледі. Сондықтан оған хадисті аз білген деп жала жабу орынсыз[18].
Мужтахид-фақиһ Имам Ағзамның хадис риуаят етудегі әдісі мухаддистердікінен өзгеше еді. Хадисшілердің негізгі міндеттері көбіне хадистерді жаттау, өзгелерге жеткізуден тұрғандықтан фиқһқа қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі біле бермеген. Олардың арасында мәселелерді қолға алуда айырмашылық байқалады. Бұған Әбу Ханифаның мына сөзі дәлел: «фиқһ саласын білмейтін хадисшінің мысалы дәрілерді жинап алып, қай науқасқа қай дәрінің қолданылатынын білмей, дәрігердің келуін күтетін дәріханашы тәрізді. Осы секілді хадисшілер де фиқһ маманы келіп түсіндірмейінше хадистің мағыналарын толық түсіне алмайды»[19]деген екен. Негізінен ғалымдарды асхабур-рай мен асхабул-хадис деп бөлу хадистерді дәлелге санап-анамаудан емес, араларындағы әдістемелік ерекшеліктерден туындаған құбылыс екенін ерекше айта кеткен жөн.
Әрине Әбу Ханифаға барлық хадистер тегіс келіп жетпегені де жасырын емес. Өз кезегінде мұндай абырой ешқандай имамға бұйырмаған. Бірақ ол хадистердің арасындағы насих пен мансұхты жақсы білгендіктен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмір баяны мен хадистерді алдыңғы немесе соңғы айтылғандарына қарай отырып, әсіресе Аллаһ елшісінің соңғы кезеңде айтылған хадистерін негізге алған. Әбу Ханифаның бір-біріне қарама-қайшы хадистерді өзара біріктіруден гөрі, соңғы үкімдердің алдыңғыларды жойған деген пікірді ұстануы оның «фиқһтық үкімдердің өмірдің өзгеруіне қарай өзгереді» деген пікірінің нәтижесінен туындаған. Сонымен қатар өзі пәтуа берген мәселеде егер дәлелдігі күшті сахих хадис табылған жағдайда өз көзқарасынан қайтып отырған.[20].
Ендігі кезекте Әбу Ханифаның қияс (салыстыру, онология әдісі) мәселесіне тоқталайық. Қиястың сөздік мағынасы «өлшеу, салыстыру, теңестіру» дегенді білдіреді[21]. Ал фиқһ әдіснамасында Құран аяттары мен хадистерде және ижмада ашық үкімі жоқ бір мәселені, Құран мен хадисте болған бір мәселемен салыстыра отырып, ұқсастығына қарай шешім шығару қияс деп аталады[22].
Әбу Ханифаға көзі тірісінде де «сүннетке қайшы келді» деген жала жабылған. Қайтыс болғаннан кейін де оның дәрежесін төмендету үшін мұны жиі тілге тиек етіп отырғандар да кездесіп жатты. Негізінде Әбу Ханифа хадис бола тұра оны алмай қиясқа себепсіз жүгінбеген. Бұл жайында өзі бір сөзінде: «Біздің, қиясты настан (Құран, хадис және ижма) артық санағандығымызды айтушылар, бізге жала жабуда. Егер наста мәселенің жауабы табылса, қиясқа қандай қажеттілік бар?»– деп, бұл мәселеге қатысты ұстанымын ашық айтқан. Тіпті Имам Ағзам қиясты ең зәру жағдайда ған қолданатындығын тілге тиек етіп: «Біз қатты зәру болғанда ғана қияс жасаймыз. Алдымен біз бір мәселенің шешімін Құраннан, сүннеттен немесе сахабалардың пәтуаларынан іздейміз. Егер бұлардан дәлел таба алмаған жағдайда ғана наста болған мәселеге салыстыра отырып, қияс жасаймыз», –[23] деген.
Имам Ағзам аят-хадистерді терең түсіне білгендіктен, заманның талабына сай Құран мен сүннет және ижмадан дәлелі табылмаған мәселелер көп туындағандықтан, бұл мәселелерге қияс жасауға мәжбүр болған. Өйткені Ислам діні ең соңғы дін, Құран соңғы кітап, Пайғамбарымыз (с.а.с.) соңғы елші, бұдан былай ақыр заманға дейін басқа дін келмейді. Сондықтан Ислам діні, бір-екі ғасырда болған мәселелердің шешімін ғана емес келешекте туындауы мүмкін мәселелердің барлығын қамтыған қайнар көз болуы қажет. Ал адам баласының өмірінде күнделікті туындайтын көптеген мәселелер шыға береді. Жаңадан туындап жатқан мәселелердің жауабын беретін, үкімін айтатын бір қайнар көздің болуы қажеттілік. Ал осындай жаңадан туындаға әрбір мәселеге жауап табу үшін, Құран мен хадистердің мағыналарын толық менгеріп, олардың ішіндегі үкімдердің қандай мақсатпен айтылғандығын біліп, соны жаңадан туындаған мәселелермен салыстыра отырып жауабын табатын қағида – қияс. Әбу Ханифаның негізгі ерекшелігі қиясты белгілі бір қағидаға салып оны жиі қолдануында әрі әлі орын алмаған мәселелерге қатысты сол өлшемдерді іске асыруында. Имам Ағзам осы қияс әдісін өте шебер қолдана білген.
Әбу Ханифа бір жақтан хадиске қойған қатал шартымен хадисшілерден ерекшеленсе екінші жақтан қиясты өте тар шеңберде қолданатын кейбір фиқһшылардан ерекшеленетін. Бір сөзінде Әбу Ханифа «Аллаһтың дініде рәйдан (жеке көзқарас бойынша үкім беру) сақтаныңдар. Сүннетке бағыну – міндет. Кім бұдан бас тартса, адасады», – [24] деген-ді.
Әбу Зәхра «Мынаны, нақты айта аламыз: Әбу Ханифаның мәзһабы ешқашан қиясты хадистен жоғары санаған емес. Тіпті мұсылман фақиһтырының ішінде ешкім қиясты сахих хадистен жоғары қоймаған. Егер бір риуаятты қабылдамаса ол Құранға және діннің негіздерінің біріне қайшы келгендіктен туындаған. Бірақ бұл хадисті тастап, қияспен амал ету деген сөз емес. Бұның себебі нақты бекітілген діни үкімдерге немесе фиқһ әдіснамасының басты ережелеріне сәйкес келмейтін риуаятты алмауда. Өйткені дәлелдігінде аз да болса күмән бар дәлел нақты дәлелге бөгет жасай алмайды. Әуелі үкімі нақты хабар дәлел ретінде негізге алынып, күмәндісі тасталады», –[25] дейді.
Сол секілді өзінен кейін келген кейбір хадисшілердің әлсіз деп санаған хадистерінің өзін Әбу Ханифа қиястан жоғары қойып, кейбір қиястарынан бас тартқандығы да белгілі[26]. Ибн Хазм «Әбу Ханифа сахих хадистерді мойындамау былай тұрсын, мүрсәл мен әлсіз хадистердің өзін қиястан жоғары қойған» деп осы ойды қуаттауда[27]. Міне осы жерден байқағанымыздай Әбу Ханифа ешқашан бет албат хадистерді қабылдамай тастаған емес. Қайта хадис пен сүннетті барлық нәрседен жоғары санап, ерекше құрметтеп, өз ойымен үкім бере-бермегенін нақты көреміз. Осы қияс әдісін сахабалардан бастап барлық мужтахид имамадар қолданған. Сондықтан осы ерекшелігіне бола имамды қатаң сынның астына алудың жөні жоқ.
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, Әбу Ханифа мәзһабында егер бір мәселе жайында бір хадис бар екендігі білінсе, қияс пен ижтихатты дереу қолдана бермеген. Міндетті түрде әуелі хадиске мән берген. Имам Таханәуи жұрттың айтқанындай емес, қайта керісінше Әбу Ханифаның қиясты ең аз қолданған мужтахидтердің бірі екендігін атап өткен[28].
Мәселелерді терең талдаудағы ерекше қабілетіне қарамастан Әбу Ханифаның хадис білімі таяз деудің негізгі себептерінің бірі мәзһаб фанатиктігі, яғни бірбеткейлігінен, өзгелердің оның ижтихад жасау тәсілін дұрыс түсінбегендіктен және бір мәселеге қатысты басқа күшті дәлел табылуына қатысты өзге мәзһабтағылардың хадистерін дәлелдік жағынан әлсіз деп табуы сырт көзге қарағанда хадиске қарама қайшы секілді көрінгендіктен туындап жатты[29]. Әйтпесе жасаған ижтиһадтарына үңілгенде олардың үкімдік сипаттағы жүздеген хадистерге сай екендігін көреміз.
Мужтахид ғалым қандай да бір себеппен сахих хадиспен амал қылмай басқа, одан да әлсіз хадиспен амал қылуы мүмкін. Оның себептері әр алуан болып келеді. Мысалы, хадистің үкімі жойылуы, риуаятшысының күмәнді болуы, хадис арнайы бір жағдайға тән ғана айтылып, жалпыға қатысы болмауы немесе дәлел жағынан одан да күшті хадис табылып, сонымен амал қылуы және т.б. себептер. Екінші бір нақты дәлел тауып онымен амал қылмайтын имам жоқ десек те болады. Тек имам Ағзам ғана емес жалпы фиқһ ғұламалары өздерінің Құран мен машһур хадистерден алынған Исламның жалпы қағидаларына қайшы келген кейбір хадистерге күмәнмен қарап, әлсіз деп санағаны белгілі.
Сондықтан да хадис ілімі мен фиқһ әдіснамасын меңгермей жатып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмір баянын, сахабалар өмір сүрген тарихи кезең мен олардың аят пен хадистерді қалай талдап, қалай түсінгенін білмей тұрып, «мынау сахих хадиске қайшы келеді, сондықтан Әбу Ханифаның көзқарасы дұрыс емес» деп асығыс үкім жасау орынсыз һәм негізсіз. Бұл тек қана осы хадис пен фиқһ мәселелерін терең зерттеп, ол жайлы осы уақытқа дейін басқа да ғұламалардың ойларын ой сүзгісінен өткізіп барып жасалатын дүние. Ал ерекше қабілетке ие һәм мужтәһид ғалым екенін ғұламамалар бірауыздан мойындаған тұлға Әбу Ханифаның Исламның әлемге шуақ шашқан сахабалар мен солардың тәлімін алған, нағыз ғылым мен тақуалықты бойларында жинақтаған табиғин мен атбағут-табиғин кезінде өмір сүргенін ескерсек, пікірлері мен ұстанған өлшемдерінің Ислам рухына сай екенін айтуға негіз бар[30].
Әділбаев Алау, PhD докторы,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің доценті
[1] Хатыб әл-Бағдади, Тарихул-Бағдат, Каир, 1931, 13-т., 368-б.
[2] Әз-Захаби, Манақибу Имам Ағзам Әби Ханифа уә сахибәйхи Әби Юсуф уә Мухаммад ибн әл-Хасан, Ләжнәту ихяил-маарифи ән-Нумания, Бейрут, 3-басылым, 33-б.
[3] Әбу Ханифа, Рисала ила Осман әл-Батти, (Имам Азамын беш есери. Түрік тілін аударған М. Өз,), Стамбул, 1981, 69-б.
[4] Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит, әл-Алим уәл-Мутааллим (Имам Азамның беш әсері Мұстафа Өз), Стамбул 1981, 27-б.
[5] Ибн Әбдулбәрр, әл-Интиқа, 141-беттен И. Хаккы Үнал, Имам Ебу Ханифенин хадис анлайышы ве ханефи фықһынын хадис методу, Анкара, 1994, 66-67-б.
[6] Рамахурмузи, Мухадисул-фасыл бәйнәр-рауи уәл-уаи, Дәрул-фикр, Бейрут, 1984, 559-560-б.
[7] Хадистерді жинау ісі табысталған кісілердің бірі өз ғасырының танымал ғұламасы және ғылыми ортада үлкен беделге ие Ибн Шихаб әз-Зухри (қ. 124 һ.) еді. Ол ғылымға ерекше берілген жас кезінен-ақ хадистер мен сахабалардан жеткен хабарларды хатқа түсіре бастаған. Ибн Шихаб әз-Зухри Омар ибн Әбдүлазиз (қ. 99 немесе 101 һ.) кезеңінде хадистерді жинағандардың алғашқыларының бірі.
[8] Ибн Әбдулбәрр, әл-Жәмиу бәйянмл илм уә фалиһ уә мә янбағи фи риуаятиһи уә хамлиһи, Бейрут, (жылы көрсетілмеген) 2-т., 150-163-б.
[9] Әбу Ханифаның фиқһ дәрістерінде қолданған хадистерін шәкірттері жинастырған кітап. Кейбір деректерде ол «Китабул-әсәр» деп те аталады.
[10]Нумани, «Китабул-Әсардың кіріспесінде», (аударған: М. Өзшенел), Сакария университеті Илахият факультетінің журналы, 1 нөмір, 1996, 236-б.
[11] Хадис ілімінің бір саласы. «Жәрх» хадис жеткізушінің бойындағы кешіліктерді (есте сақтау қабілетінің нашарлығы, өтірікші, сенімсіздігі, пасықтығы т.б.) анықтаса, «тағдил» рауидің бойындағы жақсы сипаттарын анықтап, сенімділігін дәлелдейтін ілім саласы болып табылады. Осы тақырыпқа қатысты қазақ тілінде кеңірек мәлімет ал үшін қараңыз: Қ. Құрманбаев, Хадис ілімі (тарихы және әдіснамасы), Нұр-Мүбарак баспасы, Алматы, 2010, 147-162-б.
[12] Қурәши, әл-Жауахирулмудия фи табақатил-ханафия, Рияд, 1978, 1-т., 59-б.; Нумани, 27-б.
[13] «Тажул арус мин жауаһирил қамус» деп аталатын еңбегі 40 том болып жарық көрген
[14] Ең танымал алты хадис жинағы: Бухари, Муслим, Тирмизи, Әбу Дауд, ибн Мажа, Насаий
[15] Қадиул-қудат Әбу Муайяд Мұхаммед ибн Махмуд әл-Хауарезми «Жамиғул-Масанид» атты еңбегіне ең танымал ғалымдардың Әбу Ханифадан естіп, жазған 15 мүснадтың арасынан жинақтап бір кітап шығарған. Бұл кітап 800 бет көлемінде Хайдарабадта басылып шыққан. Ғауижи, 169-б.
[16] М. әс-Сыбаий, әс-Суннату уә мәкәнәтуха фи тәшриил исләми, Бейрут, 1985, 477-б.
[17] И. Хаккы Үнал, 59-б.
[18] Әбу Ханифаның хадис іліміндегі орнына қатысты кең мәлімет алу үшін қараңыз: ән-Нумани, М. Абдуррәшид Мәкәнәтул-Имам Әби Ханифа фил-хадис, Бейрут, 1416
[19] әл-муаффақ әл-Мекки, Манақиб, Манақибу Әбу Ханифа, (Кердеридің мәнәқибымен бірге), Дәрул-китабил-араби, Бейрут, 1981,2-т, 91-б.
[20] Ләкнәуий, әр-Рәфу уәт-тәкмил фил-жәрхи уәт-тадил, Бейрут, 1987, 23-б.
[21] Замахшари, Әсәсул-балаға, «Дәрус-садр» баспасы, Бейрут, 1965, 530-б.
[22] З. Шағбан, Шағбан, Усулулфиқһ (түрікше аударған И. К. Дөнмез, Ислам хукук илминин есаслары), ТДУ баспасы, Анкара, 1990,126-б.
[23] Имам Шағрани, Мизанул-Кубра, «Дарул-фикр» баспасы, Бейрут, 1995, 1-т., 15-б.
[24] Шағрани, 1-т., 47-б.
[25] Әбу Зәхра, Әбу Ханифа, хаятуһу уә асруһу, арауһу уә фиқһуһу, Дәрул-фикри әл-араби, Каир, 1997, 289-б.
[26] И. Хаккы Үнал, 69-71-б.
[27] Ибн Хазм, әл-Ихкәм фи усулил-ахкам, Мысыр, һ.1345, 929-б.
[28] Таханәуи, Иғлаус-сунән, Карачи, һ. 1387, 1-т., 11-12-б.
[29] Әбу Ханифаға басқа ғалымдардың қарсы шығып, ол жайлы жағымсыз пікірлердің жайылуының басқа да көптеген себептері үшін қараңыз. Уәһби Сүлеймен Ғауижи, Әбу Ханифа ән-Нұғман, Имамул-әиммәтил-фуқаһа, Дәрул-қалам, Дамаск, 7-басылым, 1993, 203-289-б.
[30] Әбу Ханифаның хадис түсінігіне қатысты жазылған мына еңбектерді атап өтуге болады: З әл-Кәусәри, Фиқһу әһлил-Ирак уә хадисухум, Мәктәбул-матбаатил-Исламия, Бейрут, (жылы көрсетілмеген); М. Әбу Захра, Әбу Ханифа Хаятуһу уә асруһу арауһу уә фиқһуһ, Дарул-фикрил-араби, Каир, 1997; М. Абдуррәшид ән-Нумани, Мәкәнәтул-Имам Әби Ханифа фил-хадис, Бейрут, 1416. Бұл еңбек түрік тіліне аударылған. Қараңыз: М. Абдуррәшид ән-Нұғмани, Имамы Ағзам Ебу Ханифенин хадис илминдеки иери, (ауд. Ә. Иылдырым,), Стамбул, 2004; И. Хаккы Үнал, Имам Ебу Ханифенин хадис анлайышы ве ханефи фықһынын хадис методу, Анкара, 1994. Аталмыш еңбек докторлық диссертаци болғандықтан көбіне осы еңбекті қолданғандығымызды да баса айта кеткен жөн. Түрік тілінде жарық көрген М. Игиттің, Илк дөнем ханефи кайнакларына гөре Ебу Ханифенин усул анлайышында сүннет, атты салмақты, ерте кездердегі қайнар көздерге негізделген еңбекті де атап өткен жөн.
Қазақ тілінде жарық көрген Мырзагелдиев Бейбіттің «Имам Ағзам Әбу Ханифаға айтылған сындар және оған берілген жауаптар» атты кітапшасын айта кеткен жөн. Ол Ә. Сифилдің түрік тілінде жарияланатын Инкишаф журналында 2006 жылы жарияланған «Имам Ебу Ханифе ве хадис илминдеки мевкии» атты мақаласының аудармасы болып табылады. Сонымен қатар Әбу Ханифаның хадис іліміндегі орнына қатысты орыстілінде мәлімет алу үшін қараңыз: Статус Имама Абу Ханифы в Науке «Хадис»