Кербеле шайқасындағы оқиғалардың қысқаша мазмұны мен Хусейннің (Алла оған разы болсын) азапталып қайтыс болуы
Тарихтың әрбір парағында адамдар үшін сабақ бар. Жәннаттағы жастардың жетекшісі деп аталған саййидин Хусейннің (Алла оған разы болсын) қатыгезделіп өлтірілуі, оның жанұясы және серіктері жайында ешқашан ұмытылмауы керек. Бұл қасіретті оқиға әрбір мұсылман кісінің жүрегін қынжылтады. Бұл жантүршігерлік оқиғадан өзімізге көптеген сабақ ала аламыз.
Кербеле шайқасында орын алған оқиғалар
Халифаттағы мұсылмандардың бітпес талас-тартыстары халиф Османның (Алла оған разы болсын) қайтыс болғанынан кейін басталды. Қарапайым мұсылмандар арасында бүлік тудыру үшін екіжүзділер түрлі әрекеттер жасады. Өкінішке орай, олардың бұл істері мұсылмандар арасында қарулы қақтығыстардың тууына әкеп соқты.
Әлидің (Алла оған разы болсын) өлімімен мұсылман үмметі тарихындағы едәуір мәнді кезең аяқталды. Бұл кезеңде мұсылмандар мен олардың басшылары шынымен де Құран мен Сүннетті өздеріне негізгі нұсқау ретінде ұстанды: басшылар мен бағынушылар, байлар мен кедейлер, күштілер мен әлсіздер – барлығы Алланың заңдарының алдында бірдей еді.
Әли (Алла оған разы болсын) өмірден озғаннан кейін мұсылмандар халифаттағы билікті Әбу Суфиянның (Алла оған разы болсын) ұлы және Язидтің әкесі Муауияға (Алла оған разы болсын) беруге бірауыздан келісті. Муауия алдыңғы әділетті халифалардың жолымен билеуге тырысты, алайда ол енді әлдеқайда басқаша адамдарды басқаруы керек болды. Бұл ауыр күйзелістер мен шиеленістерге толы кезең еді.
Муауияның (Алла оған разы болсын) ізбасары Язид
Куфадан қырық мұсылман кісі Муауияға келіп, өзінен кейін билікті ұлы Язидке беруін сұрады, себебі олардың ойынша мұсылман мемлекетін басқаруға ең оңтайлы кісі сол болды. Муауия алғашқыда бұл ойына шүбәланып жүрген еді, алайда басқа кісілермен ақылдаса келе билік мұрегерлігін Язидке беру туралы шешімге тоқтады.
51 жылы Муауия қажылығын өтеу үшін Меккеге келді. Хусейнге, Абдуллаһ ибн Зубайрға және басқа да атақты сахабаларға (Алла олардан разы болсын) жолығып, сөйлесті. Олар ұлының билікке лайық еместігін айтып, басқа кісіні таңдауды дұрыс деп санады. Алдыңғы халифалар кезеңінде қолданылған үш нұсқа ұсынылды:
1. Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қалай еткен болса, солай әрекет ету: өзінің ізбасарын таңдауды мұсылман жамағатына қалдыру, яғни олар өздері халифаны сайлайды.
2. Әбу Бәкр (Алла оған разы болсын) жасағандай жасау: Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жанұясынан болмаған, алайда мұсылмандардың барлығы танитын кісіні ұсынатын, әрі олар барлығы бірауыздан басшылыққа тағайындауға келіскен болуы керек.
3. Омардың (Алла оған разы болсын) ұстанымын қабылдау, ол бұл мәселені алты сахабаның шешіміне қалдырған.
Сахабалар осы үш нұсқаны қолдануды үгіттеп, басқаша бір пікірді қабылдауға келіспеді.
Муауияның (Алла оған разы болсын) кезеңінде Сирия және Ирақ тұрғындары Язидті сайлауды жөн көрді. Басқа мұсылмандар мұны естігенде ел арасында бүлік шықпас үшін осы таңдауға келісті. Алайда Мәдинадағы мұсылмандар, әсіресе, Хусейн, Абдуллаһ ибн Зубайр (Алла олардан разы болсын) сынды сахабалар Язидті қабылдамай, оның халифалыққа лайық емес деген пікірлерінен қайтпады. Бұл ахуал хижраның 60 жылы Режеп айында Муауия қайтыс болып, Язид билік басына келгенге дейін жалғасын тапты.
Язидтің билік басына келуі
Язид билік басына келгенде әрбір мұсылманнан ант берулерін (байя) талап етті. Билік және басқару секілді маңызды істерде өткізілетін адалдыққа ант беру үрдісі араб елдерінің дәстүрі еді.
Язидтің ант алу талабы жайындағы хабары Хусейнге (Алла оған разы болсын) де жетті, бірақ ол Язидке ант бермеді. Егер Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) немересі Язидтің беделін мойындаған болса, бұл мұсылмандар басшысы ретінде қадірсіз бір адамның беделін мойындағанмен тең еді. Сол себепті Язид үшін Хусейннің құптауы аса қажет болды.
Язид Мәдинаның губернаторы Валидке Хусейн ибн Әлиді (Алла оған разы болсын) ант беруге мәжбүрлеуін тапсырды. Хусейн (Алла оған разы болсын) бас тартып, әйгілі мына сөздерін айтты: «Менің қандас жақындарым ешқашан билікке Язидке қандас болған біреуді қабылдамайды». Сосын Хусейн хижраның 60 жылы Режеп айының 28-іне Мәдинадан Меккеге көшіп кетеді. Ол Шағбан айының басынан бастап Зул-кадаға дейін Меккеде болады.
Хижраның 60 жылы Рамазан айында Куфа халқы халифат басшысының құқығына Хусейнді (Алла оған разы болсын) лайық деп есептеді. Жақын арада Меккеге Куфадан көптеген хаттар ағылып келіп жатты, онда Хусейннің (Алла оған разы болсын) адалдығы мен дұрыстығын растап, Язид ибн Муауияның билігіне қарсылық жасауға үндеу сөздері жазылған еді. Белгілі бір күндері Меккеге Куфадан 600-ге жуық хаттарымен елшілер келіп жатты, олар Хусейнді (Алла оған разы болсын) қолдайтындарын бар ынталарымен айтып жатты.
Куфа тұрғындарының Хусейнді (Алла оған разы болсын) қолдайтыны жайлы уәдесі
Хусейн (Алла оған разы болсын) немере бауыры Муслим ибн Акилді Куфаға жағдайды біліп қайтуы үшін жөнелтеді. Егер барлығы хаттағымен тура болса, Муслим Хусейнге (Алла оған разы болсын) хабарын береді де, ол жанұясымен Меккеден Куфаға көшіп, Муслимге қосылар. Муслим Куфаға хижраның 60 жылы Зул-када айында келеді. Куфа халқы Муслимнің келгенін естігенде оған келіп, Хусейн (Алла оған разы болсын) үшін өмірлері мен мал-мүліктерін сарп етуге даяр екендіктеріне салтанатты түрде уәде береді. Хусейнге (Алла оған разы болсын) ант берушілердің саны 18 мыңға жеткенде Муслим Хусейнге адам жіберіп, куфалықтардың анты жайында хабар беру туралы шешімге келді.
Ибн Зиядтің Муслим ибн Акилді өлтіруі
Мұны естіген Язид ибн Муауия Куфаның басшылығынан Нуман ибн Баширді алып тастап, қатыгез Убайдулла ибн Зиядты тағайындайды, оған Хусейнмен (Алла оған разы болсын) болар шайқаста қатыгезді түрде айқасу бұйырылған.
Хани ибн Урваның үйінде жасырын тұрып жатқан Муслим ибн Акил енді шешуші айқастың уақыты келгенін түсінді. Ол Хусейнге (Алла оған разы болсын) адал болуға ант берген 4000 кісіні жинап, губернатордың бекінісіне қарай бет алды.
Қақпаның алдына келген куфалықтар мен Муслимді көрген Ибн Язид Куфаның кейбір көсемдерін оларға жібереді, солар арқылы адамдарды Муслимнің дегенінен қайтарып, Дамасктен әскер келгенде оларға қауіп төнетінін айтып қорқытады. Абыржыған аналар ұлдарына: «Үйге қайт, мұнда басқа адамдар да жетерлік», - дейді, әкелер қаһарлы үнмен ұлдарына: «Ертеңгі күні Дамасктен сириялық әскер келгенде не болады?» деп ескертеді.
Ақырындап қақпаның алдында тұрған адамдар Муслим ибн Акилді қалдырып кете барды. Күн батарда оның қасында бар-жоғы 30 адам қалды, ол енді ғана Куфаның даласында расымен де жападан-жалғыз қалғанын түсінді.
Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) немересіне салтанатты түрде ант берген 18 мың адамның ішінде енді Ибн Акилді қолдайтын ешкім қалмады.
Ақыр аяғында Муслимді жасырынып жатқан үйден тауып алып, Ибн Зиядтың алдына алып келеді. Оны аямайтынын Муслим білген еді. Ол өзінің халіне жылап тұрған жоқ еді, дәл қазір шөл даланы кесіп өтіп, алдағы бейшара өміріне келе жатқан Хусейн мен оның жанұясын уайымдап тұр еді.
Ол біреудің оған барып, өзінің мынадай хабарын жеткізуін өтінді: «Мені сізге Ибн Акил жіберді. Ол былай дейді: «Жанұяңмен қайта кері қайт. Куфа халқына сенбе. Олар маған да, саған да өтірік айтты, сол үшін өтірікшілерге сенуге болмайды»».
Дәл сол күні, Зул-хиджаның 9-ына, арапа күні, Муслим губернатордың бекінісінің тұсында жазаланып өлтірілді.
Хусейннің (Алла оған разы болсын) Куфаға баруы
Осы уақытта Хусейн (Алла оған разы болсын) өзінің жақындарымен Куфаға келе жатқан-тын. Ол Муслимнің өлгенінен хабарсыз еді, тек оның Куфаға шақырған хаты бойынша әрекет етіп отырды.
Хусейн Куфаға өзінің хабаршысы Кайс ибн Муширді жіберіп, куфалықтарға жақын арада келетінін хабарлайды. Хабаршыны Ибн Зияд ұстап алады да, оған бекіністің жоғарғы жағына шығып, Хусейн (Алла оған разы болсын) мен оның әкесіне қарғыс айтуын бұйырады. Алайда оның орнына хабаршы Куфалықтарға қарап, Хусейн мен әкесі Әлиді (Алла олардан разы болсын) мадақтап, оның жолда келе жатқанын айтады, олардан алдында уәде еткендеріндей көмектесулерін сұрайды. Ол сөз соңында Ибн Зиядты лағынеттеп, сөгіс айтады. Ибн Зиядтың бұйрығы бойынша ол төменге құлатылып, өлтіріледі. Мұндай қатал бұйрықтарға қарамастан, Куфа халқы селқостықпен қарап тұрды.
Меккедегі беделді сахабалар мен олардың балалары Хусейнді (Алла оған разы болсын) Куфаға бару райынан қайтаруға тырысты, немесе, егер ол баруға нық шешім жасаған болса да, бұл қауіпті сапарға әйелдер мен балаларды алмауын айтты. Ол Кағба тұсында өзінің әйгілі уағызын айтып, өзінің кетуінің себебін де түсіндірді, ол Қағбаның қиратылуын қаламады, себебі оның қарсыластары шеттен шығып, Исламның барлық қағидаларын бұзуға даяр еді.
Хусейн (Алла оған разы болсын) өзінің кетуін діни міндеті деп білді, Алла разылығы үшін кетуге бел буды, дегенмен де, алда тұрған қауіп-қатер жайында хабардар еді. Ол хижраның 60 жылы Зул-хиджа айына тұспа-тұс уақытта жолға шықты, бірақ ол әлі Муслим ибн Акил мен Кайс ибн Муширдің тағдыры жайлы білген жоқ-тын.
Бір айға жуық созылған қиын сапардан соң ол жақтастарымен Ираққа келеді. Дәл сол жерде ол куфалықтардың сатқындығы мен Муслим мен Кайстың өлімі жайлы естиді.
Қайғылы оқиғаны естіп, көптеген серіктестері кері қайту жайлы айтады, себебі оның Куфада достары жоқ етін. Алайда Муслимнің жанұясы туысының қаны үшін кек алуға барамыз деп шешті.
Ақырында Хусейн (Алла оған разы болсын) баруға бел буды.
Дұшпанмен кездесу
Хусейннің (Алла оған разы болсын) керуені мен Әхлі Бейт мүшелері хижраның 61 жылы Мухаррам айының 2-сіне Кербелеге жетті. Олар лагерін құрғақ, тақыр жерге құруға мәжбүр болды.
Оларды бұл жерде Хурр ибн Зияд бастаған 1000 адамнан тұратын Ибн Зиядтың басты әскері қоршап алады. Хусейн (Алла оған разы болсын) жауынгердерден: «Сендер бізбен біргесіңдер ме әлде қарсысыңдар ма?» деп сұрайды. Олар: «Әрине, қарсымыз», - деп жауап береді. Хусейн (Алла оған разы болсын) сол кезде оларға былай дейді: «Егер сендер алдында жазған хаттарың мен хабаршыларыңнан жеткізген пікірге қарсы ұстанымда болсаңдар, мен туған өлкеме ораламын». Әскер басшысы Хурр олардың Мәдинаға қайтуына жол бермеді. Хурр: «Маған сендермен шайқасу бұйырылмады, сендерді Куфаға жеткізгенде дейін қастарыңда болу бұйырылды», - дейді. Бұл екі топ осы жерде Хусейнге (Алла оған разы болсын) ұйып, намаз оқыды. Осы тұста Хусейн (Алла оған разы болсын) уағыз айтып, өздерінің келу себебін де түсіндірді.
Осы арада Хусейнге (Алла оған разы болсын) қарсыласу үшін Куфа губернаторы Ибн Зиядқа бұйрық түсті. Ол Омар ибн Саад бастаған 4000 қолды Хусейнмен (Алла оған разы болсын) шайқасуға аттандырды.
Ибн Зияд Омар ибн Саадқа былай деп бұйырады: «Хусейн мен оның жақтастарына су алатын жолды жауып таста және бір де бір тамшы алуларына мүмкіндік берме». Хусейнде (Алла оған разы болсын) енді тек бір ғана таңдау қалды: Язидтің алдында ант беру. Ибн Саад бұйрық бойынша Евфраттың бойына салт атты адамдарын қойып, суға баратын жолдың бәрін жауып тастайды.
Хусейннің (Алла оған разы болсын) серіктерінің бірі Омар ибн Саадпен сөйлесіп, су алуға мүмкіндік сұрағысы келді, бірақ оған ол келіспеді. Бұл қоршау Мухаррамның 10-ы, шайқастың бітуіне дейін жалғасты.
Хусейн (Алла оған разы болсын) түнде Ибн Саадқа келіп, бұл мәселені талқылауды және үш нұсқаның бірін таңдауды ұсынды: оларға келген жерлеріне қайтуға рұқсат беру немесе мәселені Язидтің өзімен шешуге мүмкіндік беру я болмаса олар мұсылман мемлекетінің шекарасынан асып, жай ғана ғұмыр кеше береді. (Осы тұста мән беріңіз: кейбір тарихшылар соңғы екі нұсқаның болғанына келіспейді).
Ибн Зиядқа хабарды естірткенде бұл Хусейн билеушіге бағынғысы келгенінің белгісі деп айтады. Бірақ Шиммир Дил Жухан болса Ибн Зиядты бұл сөздерге сенбеуге шақырып, егер Хусейнді жіберсе, ол үлкен әскермен қайтып келуі мүмкін екендігін ескертті. Ибн Зияд Шиммирдің айтқан кеңесін қабыл алып, көпке создырмай шайқасты бастауын бұйырды.
Әскер Мухаррамның 9-ы күні түстен кейін Хусейннің лагеріне жақындап бастады. Осы кезде Хусейн (Алла оған разы болсын) Аббас ибн Әлиді Ибн Саадқа жіберіп, ертеңгі таңға дейін күтуін сұрады, ол өзінің адамдарымен түні бойы құлшылық жасап, дұға еткісі келді. Ибн Саад келісімін беріп, шайқасты кейінге қалдырды.
Омар ибн Саадтың шайқасты бастамайтын сыңайын байқаған Ибн Зияд оның орнына әскербасына қатыгез Шиммир Дил Жуханды (өзінің басты сардары) тағайындады.
Хусейннің (Алла оған разы болсын) түсі
Хусейн (Алла оған разы болсын) өзінің шатырына қарама-қарсы жерде отырғанда ұйқысы келіп, көзі ілініп кетті. Біршама уақыт өткен соң ол оянып кетеді, әпкесі Зейнеп не болғанын сұрайды.
Хусейн (Алла оған разы болсын) түсінде Алла Елшісін (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) көргенін және бұған жақын уақытта кездесетіндіктерін айтқанын жеткізеді. Бұл Мұхаррам айының 9-ы еді.
Хусейн (Алла оған разы болсын) өз адамдарын жинап, оларға түн ортасында лагерді тастап, қараңғы жамылып қашуларын айтады, себебі онымен бірге қалса өлім қаупі төніп тұрғанын түсіндіреді.
Бірақ оның бір де бір серіктесі оны тастамады, сөйтіп барлығы бірге оның жанында қалды. Хусейн (Алла оған разы болсын) және оның жақтастары түні бойы көз ілмей, намаз оқып, дұға жасаумен өткізді.
Шайқастың басталуы
10-шы Мұхаррамда Хусейн (Алла оған разы болсын) өзінің серіктерімен таң намазын оқыды. Ол Зухайр ибн Қайнды әскерінің оң қанатына, Хабиб ибн Музайрды сол қанаттың әскербасы етіп тағайындап, өзінің қандас бауыры Аббас ибн Әлиді туды ұстаушы етіп қойды.
Хусейннің әскерінде 32 салт атты және 40 жаяу әскер болды. Хусейн (Алла оған разы болсын) адамдарды Алла разылығы үшін өзіне бірігуге және Әхлі Бәйтті қорғауға шақырды. Оның сөздері Хурр ибн Язидке әсер еткені соншалық, ол Омар ибн Саадтан бас тартып, Хусейнге (Алла оған разы болсын) келіп қосылады.
Омар ибн Саад алға шықты да, садақпен оқ атып былай деді: «Айтқан сөздеріңді билеушінің алдында да айт, сонда мен ең бірінші саған еремін». Ибн Саадтың әскері Хусейнге қарай садақпен оқ жаудырып, оның біршама серіктері мерт болады. Зухайр ибн Қайн бастаған он шақты адам ерлікпен соғысады, қарсы тұрған жаяу әскерге алғаш соққы жасап, апай-топай кері қашқан сириялық әскердің сол қанатын қиратады. Мұны көрген сирия әскері тез кері шегініп, жебе мен найзаны қолданбау туралы келісімді бұзады. Бұл келісім Хусейннің жақтастары санының аздығына орай жасалынған еді.
Хусейн (Алла оған разы болсын) мен оның серіктестері шайқасу үстінде
Амр ибн Хажжаж Хусейн әскерінің оң қанатына шабуыл жасайды, бірақ оның адамдары берілмей, тізе бүгіп, найзаларын алға қарай бағыттайды. Осылайша олар қарсы жаудың аттарын үркітеді.
Салт аттылар бұларға төтеп бергенде, Хусейннің адамдары оларға жебелерін қарсы жаудырып, біразын өлтіреді, басқаларын жарақаттайды. Амр ибн Хажжаж өз адамдарына былайша ұрандай берді: «Өз дінінен бас тартқан әрі жамағатты тастап кеткендермен соғысыңдар!» Мұны естіген Хусейн: «Құрып кеткір, әй, Амр! Сен шынымен адамдарды маған қарсы айдап салып жатырсың ба?! Сонда біз діннен бас тартып, сендер дінді жақтаушы болғандарың ба?! Жанымыз тәнімізден шыққан кезде, арамыздағы қайсымыз отқа түсуге лайық екенін білесіңдер!»
Әйелдер мен балалар отырған лагерге жебелер түсу қаупін болдырмас үшін Хусейннің серіктестері қарсыластармен шайқасқа шықты. Бурайр ибн Хузайр, Муслим ибн Аусаж, Хабиб ибн Мазахир сияқты әскерлер Хусейнді жаудан қорғау кезінде мерт болады. Олардың әрқайсысы өлер алдында көптеген жаудың қарасын өшіреді, себебі олар қарсыластарынан өздерінің батылдықтарымен әлдеқайда мықты еді.
Хусейннің (Алла оған разы болсын) серіктерінің барлығы дерлік мерт болғанда, туыстары оны қорғауға рұқсат беруін сұрады. Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жанұясы, Бану Хашим руынан болған кісілер жауға қарсы аттанады. Хусейннің ортаңғы ұлы Әли Әкбар ибн Хусейн алғаш болып шайқасуға әкесінен рұқсат алады.
Бану Хашим арасынан Әли ибн Әбу Тәліптің ұлдары, Хасан ибн Әлидің ұлдары, Хусейн ибн Әлидің ұлы, Абдуллаһ ибн Жафар ибн Әбу Тәліп пен Зейнеп бинт Әлидің ұлы, Акил ибн Әбу Тәліптің ұлдары, сонымен қатар Муслим ибн Акилдің ұлы көз жұмады. Хашим руынан жетпіс екі адам азап шегіп өледі, соның арасында Хусейн де (Алла оған разы болсын) болды.
Аббас ибн Әлидің (Алла оған разы болсын) қазасы
Аббас ибн Әли су алу үшін Евфратқа қарай жөнеледі. Оған қарай дұшпан қолы оқ жаудырады, бірақ ол жауды көп зиянға ұшыратып құтылып кетеді де, су ала алады. Ол бірден теріден жасалған месті суға толтыра бастайды. Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) немересіне деген құрметінен өзі шөлдеп тұрғанына қарамастан бір жұтым да ішпейді. Ол месті оң иығына көтеріп алып, кері қарай шатырлар тұрған жаққа қайтады.
Омар ибн Саад әскеріне Аббасқа шабуыл жасауын бұйырып, былай дейді: «Егер ол өз лагеріне су ала алатын болса, біз оларды жеңе алмаймыз». Көптеген әскерлер оны қоршап алып, оның жолына тосқауыл жасады. Олар оның оң қолын шауып түсіреді, бірақ ол болса месті сол иығына қойып, ары қарай жылжи береді. Жаулары оның екінші қолын да кесіп еді, ол месті аузымен тістеп ұстап алды.
Саад әскері оған оқ жаудырып, бір жебемен су толы месті жарып, суды төгіп жібереді, бір жебе оның көзіне кіріп, өзі аттан құлап түседі. Өмірінің соңғы шақтарында Аббас ибн Әли көзіндегі қанды сүртіп, Хусейнді (Алла оған разы болсын) көргісі келді.
Хусейн ибн Әлидің (Алла оған разы болсын) қазасы
Хусейннің (Алла оған разы болсын) адал достары оны қорғады. Жаулары оған шабуыл жасай берді, бірақ әр кезде олардың шабуылдары тойтарылып қала берді. Бесін намазының уақыты кіргенде оның көптеген достары мерт болған еді, ол намаз оқу үшін шайқасты тоқтата тұрғысы келді. Алайда шайқас сұрапылды болғаны соншалық, ешкім оның (намаз оқуға) шақыруына құлақ аспады, сол себепті аттың үстінде өзі жалғыз намаз оқуына тура келді.
Бесіннен кейін жаулары Хусейнді (Алла оған разы болсын) қуып жетіп алды. Оның жүзіне тас лақтырып жатты. Ол бетінен қанды сүртейін дегенде оның кеудесіне жебе келіп қадалды, да ол:
«Алланың атымен және Алланың дінімен», - деген сөздерді айтады. Сосын басын көтеріп: «Иә, Алла! Олар Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қызының ұлын өлтіріп жатқанын Сен білесің». Сөйтіп ол кеудесіндегі жебені суырып алағаны сол еді, жарақатынан қан бұрқырай аға жөнеледі, ол осылайша қатты әлсізденіп, шайқасуға дәрмені қалмады.
Дұшпандары Хусейнмен (Алла оған разы болсын) шайқасуға батпай тұрады да, кейін оны қоршап алады. Осы кезде оның немере інісі, кішкене ғана бала, Абдуллаһ ибн Хасан көкесін қорғау үшін шатырдан жүгіріп шығады. Әскердің бірі Хусейнді (Алла оған разы болсын) өлтірмек болған кезде Абдуллаһ оны қолымен жауып қалады, бірақ жау оның қолын шауып түсіреді. Хусейн (Алла оған разы болсын) Абдулланы құшақтап алды, бірақ ол кезде бала өліп кеткен еді.
Ақырында Шиммир Дил Жухан өзімен он адамды алып, Хусейнге (Алла оған разы болсын) қарсы шабуылға шығады. Өзінің ауыр жарақаты мен шөлдегеніне қарамастан Хусейн (Алла оған разы болсын) дұшпандарымен шайқасуды тоқтатпайды. Тарихшылар бұны теңдесі жоқ оқиға деп есептейді: балалары мен достары мерт болған, өзі ауыр хал үстінде, әбден шөлдеген ол шайқасуды жалғастыра береді. Өзінің әскерлері Хусейнді (Алла оған разы болсын) өлтіруге қорқып тұрғанын байқаған Шиммирді бұл істі жасауға нағыз оңбағандарды жөнелтеді. Осылайша Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) немересі, сол уақытта жер жүзіндегі ең мейірімді адам, зұлымдардың қолынан азап көреді. Инна лиЛләһи уә инна илейхи ражиун.
Сол кезде Шиммир Хаули ибн Язидке аттан секіріп түсіп, Хусейннің (Алла оған разы болсын) басын шауып алуды бұйырады.
Шайқастан кейін
Ибн Саадтың әскері Хусейннің лагерін талауға баса көктеп келді. Алба-жұлба, жалаңаяқ, туыстарын жоқтап тұрған Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жанұясындағы әйелдерді олар қуып шығарды. Әйелдер әскерлерден Хусейн (Алла оған разы болсын) қайтыс болған жерге баруға мұрша берулерін өтінді. Жақындарының өлі денелерін көргенде олар боздап жылап жібереді. Сосын Сакина бинт Хусейн әкесінің денесін өзін басқа біреулер сүйреп әкеткенге дейін құшақтап жатты.
Осыдан кейін Омар ибн Саад кейбір салттыларына Хусейннің (Алла оған разы болсын) сүйегін таптап тастауын бұйырды. Шейіттің денесіне жасалған қорлық кеш батқанға дейін созылды.
Омар ибн Саад Хусейннің басын Ибн Зиядқа жіберді, себебі ол басты қадаға шаншып, бүкіл Куфа халқына көрсетіп өтуді бұйырған еді.
Кербеледен Куфаға дейін, Куфадан Дамаскке дейінгі жол бойында Хусейннің әпкелері Зейнеп пен Умм-Кульсум және ұлы Әли ибн Хусейн мұсылман еліндегі адамдарға Кербеледе болған жауыздық жайлы шындықты айтып жүрді.
Әхлі Бәйт мүшелері бір жыл бойы Дамаскте тұтқында болады. Бұл кезде кейбір тұтқындар қайғыдан қайтыс болады, соның ішінде Сакина бинт Хусейн де бар-тын. Дамаск адамдары жиі түрмеге келіп тұрушы еді, Зейнеп пен Әли осы сәтті пайдаланып, Хусейннің көтерілісінің себебін түсіндірді.
Тарихшылардың жазуы бойынша, Хусейн (Алла оған разы болсын) қайтыс болғаннан кейінгі екі не үш айдың ішінде жағдайдың аса қиын болғаны соншалық, күн көтеріліп, сәулелері үйлердің қабырғаларына түскенде, адамдардың көзіне керегелер қанға боялғандай болып көрінетін.
Абдуллаһ ибн Аббас (Алла оған разы болсын) түсінде Алла Елшісін (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) көргенін имам Байхаки жеткізуде. Бұл шаңқай түс кезі болатын, Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір нәрсеге қатты қобалжулы екен. Ол қолында қанға толы шыны ыдысты ұстап тұрды. Абдуллаһ одан бұл нендей ыдыс екенін сұрағанда, Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл Алланың алдына апаратын Хусейннің қаны деп жауап береді.
Хусейннің (Алла оған разы болсын) өлімі жайлы хабар Мәдина қаласына бұл оқиғадан кейін төрт күннен соң жетті. Санау бойынша қараса, Ибн Аббас бұл түсті дәлме-дәл Хусейн (Алла оған разы болсын) қайтыс болған кезде көрген екен.
Имам Тирмизи Сальмадан (Алла оған разы болсын) жеткізуде: бір күні ол Умм Саләмаға (Алла оған разы болсын) жолығуға келгенде, оның жылап отырғанын көреді. Одан не үшін жылап отырғанын сұрап еді, Умм Саләма былай деп жауап қатты: «Мен түсімде Алла Елшісін (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жаман бір кейіпте көрдім, оның сақалы мен шашы шаң-шаң болып кетіпті. Мен одан не болғанын сұрағанымда, Хусейннің (Алла оған разы болсын) азапты өлімі кезінде қасында болғанын айтты».
Имам Зухридің (рахимахуллах) пайымдауы бойынша, Хусейнді (Алла оған разы болсын) қинап өлтіруге қатысқан адамдардың ешбірі де азаптан құтыла алмады, тіпті бұл өмірде-ақ жазаларын көрді. Кейбірі өлтірілді, кейбірі соқыр болып қалды, кейбіреуінің жүзі қарайып кетті, кейбірі танымастай кейіпке дейін өртелді, және т.б. Бұл тек олардың арғы өмірге барғанда көретін азаптарының бірқатар мысалы ғана етін, яғни бұл өмірде басқа адамдарға сабақ болуы үшін.
Қадірлі Әхлі Бәйт жанұясына деген махаббат дініміздің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жанұясына жасалған қастандық пен сатқындықты ешкім ұмытпауы тиіс. Мұсылмандар Хусейннің (Алла оған разы болсын) Куфаға бара жатқандағы айтқан мына насихат сөздерін есте сақтауы керек:
«Мен сіздерді Алланың Кітабын және Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін қорғауға, сонымен қатар,Ислам заңдарын жүзеге асыруға ұмтылуға шақырамын».
Хусейннің мақсаты мен міндеті қанаушылық пен зорлық-зомбылыққа қарсылыққа құрылған еді.
_____________________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz