Сахабалар Құран мен сүннетті мықтап ұстанды. Сүннет тұрған жерде, басқалай үкім шығарып, сол бойынша әрекет ету - олар үшін өліммен пара-пар еді. Хазреті Омардың (р.а.) Қағбаны сүйіп жатып: «Әй, қара тас! Сенің тас екеніңді білемін. Егер мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйгенін көрмесем, сені сүймеген болар едім», - деп айтқан сөзі осының айқын дәлелі. Олар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген шексіз сүйіспеншілігін осылайша іс жүзінде де дәлелдеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да оларды қолдап:«Сөздерімді тыңдап, есіне сақтаған және сол есіне сақтаған күйінше басқаларға жеткізгендердің Аллаһ тағала жүздерін жарқын етсін», - деп батасын берген болатын.
Алғашқы кезеңде сахабалардың арасында саусақпен санарлық адам ғана оқып, жаза алатын еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға тек қана Құранды жазуға ғана рұқсат берген болатын. Сахабалардың бәрі Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) сөздерін ауызша жаттап үйренетін. Бір жағынан олардың есте сақтау қабілеттері күшті болғандықтан, жаттауға еш қиналмайтын. Оқу-жазу білетіндердің саны артқан сайын кейбір сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) рұқсатымен жаттаған хадистерін парақтарға түсіре бастайды. Мысалы, хазреті Әбу Бәкір (р.а.), Абдуллаһ ибн Масуд (р.а.), Әли (р.а.), Әбу Аюб әл-Әнсари (р.а.), Айша анамыз (р.а.), Әбу Һурайра (р.а.), Абдуллаһ ибн Амр ибнил-Ас (р.а.), Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.), Абдуллаһ ибн Зубайр (р.а.), Абдуллаһ ибн Омар (р.а.), Жабир ибн Сәмура (р.а.), Әбу Саид әл Худри (р.а.), Әнас ибн Мәлік (р.а.) секілді сахабалар жаттаған хадистерін парақ бетіне түсіріп отырған. Тіпті Әбу Һурайраның «әс-Сафифатус-Сахиха», Абдуллаһ ибн Амр ибнил-Астың «әс-Сахифатус-Садиқа», Самура ибн Жундәбтің «Сахифа», Абдуллаһ ибн Аббастың «Сахифа» және Жабир ибн Абдуллаһтың «Сахифа» атты хадис жазған парақтары болған. Алайда, бұл жазбалар біздің заманымызға дейін жетпеген.
Табиғиндер заманында жазу жақсы дамып, олар сахабалардан үйренген хадистерін парақтарға жазып, кейінгі ұрпаққа қалдырған. Сол кезеңде жазылған парақтардың кейбіреулері күні бүгінге дейін жеткен. Мысалы, сондай парақтардың бірі - сахаба Әбу Һурайраның (р.а.) шәкірті Хәммам ибн Мүнәббихтің «Сахифасы». Профессор М.Хамидуллаһ бұл парақты Берлин және Шам нұсқаларын салыстырып, алғаш рет 1953 жылы толық нұсқасын жариялаған.
Парақтарға түсірілуден басталған хадис жазу саласы біртіндеп дами түсті. Хадистерді жинақтаумен айналысқан ғалымдар оны білетіндерді іздеп табу үшін айлап жол жүруден еш қиналмаған. Тіпті, хадис мәтініндегі бір әріптің дұрыс-бұрысын анықтау үшін сапарға шығудан да тайынбаған. Алайда, олар кез келген адамнан естігендерін жаза бермеген. Ол үшін мынадай шарттарды негізге алған.
Хадисті риуаят етушінің есте сақтау қабілетінің жақсы болуы;
Өтірікші болмауына көз жеткізу;
Жеткізген хадисінің рауилері, яғни хадисті риуаят етушінің оны жеткізуші міндетті түрде көрген болуы тиіс. Сондай-ақ, хадистің мәтінінде ақылға қонбайтын, қисынға келмейтін сәйкессіздік болмауы керек.
Хижраның үшінші ғасыры хадис ғылымының алтын ғасыры болды. Исламның Құраннан кейінгі ең басты қайнар көзі саналатын «Кутубу ситтә», яғни «алты кітап» деп аталатын Имам Бухари және Имам Муслимнің «Сахих» атты кітаптары мен Тирмизи, Әбу Дәуіт, ибн Мәжәһ пен Насаидің «Сүнән» атты хадис жинақтары дүниеге келді. Бір ғана имам Бухаридің «Сахих» атты хадис жинағының өзіне жүзден аса түсіндірме кітаптары жазылған. (Бір түсіндірме кітабының өзі бірнеше томнан құралған, мысалы Бухаридің «Сахихына» арналып жазылған ибн Хажәрдің «Фәтхул-бари» атты түсіндірме кітабы 14 томнан тұрады). Осылайша ХІҮ ғасырлық Ислам тарихында хадис саласының өзінде мыңдаған кітаптар мен ғылыми жұмыстар жазылып, Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) сүннетін көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізе білді.
Шәмшат Әділбаева