
Мұсылман қауымы үшін берекелі Рамазан айының аяқталып, қуанышқа ұласатын ұлы мерекелердің бірі – Ораза айты. Түсіне білген жан үшін айттың тағылымы мен тәрбиелік мәні өте терең. Айт – арабтың «ғиид» сөзiнен шыққан. Бұл - «бiр-бiрiн құттықтау, хал сұрасу, қуанышқа топталу» дегенге саяды. Демек, айт сөзiн «мереке, қуаныш, шаттық» деп түсінуімізге болады. Сондықтан айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мерейлі мереке.
Бабаларымыз: «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайтымы бар» демекші, айт мерекесі ай бойы сабырлықпен ораза ұстап, құлшылық жасаған мұсылманның рухани жеңісінің белгісі. Абдулла ибн Масғұдтан (р.ғ.) жеткен хадисте: «Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла тағала перiштелерге: «...адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алады. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды мағфират еттiм», – дейді. Рамазан құлшылық пен шүкіршілік, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, ізінше тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне қуаныш сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Имам әл-Бағауи: «Екі айт (мереке) күндерінде қуаныш пен шаттық көңіл таныту дін рәміздерінен! Әрі бұл күндер басқа күндерден жөні бөлек», - деген екен.
Ең алдымен, айт мерекесі бізді шүкірлікке үйретеді. Бір ай бойы өз нәпсісін тыйып, аштық пен шөлді сезінген адам Алланың берген әрбір нығметінің қадірін терең түсінеді. Сол себепті айт күні мұсылман: «Раббым, Рамазан оразасын аман-есен аяқтап, айтқа жеткізгеніңе шүкір» деп дұға етеді.
Екіншіден, Ораза айт – бірлік пен бауырмалдықтың мерекесі. Бұл күні, көпшілік қауым мешітке айт намазына барып, құлшылық жасап, бір-бірін жарқын жүзбен мерекемен құттықтайды. Жубайр ибн Нәфир: «...сахабалар айт күні дидарласқанда: «Алла бізден де, сізден де қабыл етсін», - деп айтатын», - деген. Ағайын-туыс, көрші-көлем бір-бірінің үйіне барып, амандық сұрасады, өкпе-реніштерін кешіреді. Науқас жандарға арнайы барып, көңілін сұрайды. Бұл – қоғамдағы татулық пен сыйластықты одан әрі арттыра түспек.
Үшіншіден, айттың маңызды тағылымдарының бірі – қайырымдылық пен мейірім, қуаныш пен ізгілік. Айт намазына дейін кембағалдарға садақа беріледі. Бұл – мұқтаж жандардың айт қуанышын бірге көруі үшін жасалатын игі амал. Осы арқылы асыл дініміз қоғамдағы жанашырлықты нығайтады. Сондай-ақ, айт күні мұсылмандар ізгі тілек айтып, бір-біріне сыйлық береді. Бұл – жүректерді жақындастыратын мейірім мен қуаныштың айқын көрінісі. Алла елшісі с.ғ.с.: «Бiр-бiрiңе сыйлық берiңдер, берген сыйлықтарың араларыңдағы өшпендiлiктi жояды», - деген. Осындай хадистерді негізге алған қазақ даласында қонақ кәде, сүйінші, байғазы сияқты амалдар баршылық. Көптеген сүннет амалдар дәстүрімізбен астарласып, салтымызға сіңген. Солардың бірі жастардың (балалардың) айттық сұрауы. Айттық сұраған жанды халқымыз бетін қайтармай, қолда бар сыйлықтарын аямаған.
Міне, бұл ғасырлар өте дәстүрге айналып, жасөспірімдер үшін айттың бір керемет көрінісі болып есте қалған. Сондықтан әсіресе, балаларға сыйлық беруді ұмытпауымыз керек, себебі бұл – олардың жүрегіне қуаныш сыйлап, мерекенің мәнін сезіндіреді. Бала көңілі қуанып, айтты асыға күтетін болады. Демек, бұл дегеніміз – мейірім мен жақсылыққа тәрбиелеудің бір жолы.
Төртіншіден, Ораза айт – рухани тәрбиенің жемісінің жалғасы.
Рамазан айында мұсылман сабырлықты, тақуалықты, көркем мінезді үйренеді. Ораза аяқталғанда сол жақсы қасиеттерді жоғалтып алмай, әрі қарай өмірінде жалғастыруы – әрбір мұсылманның міндеті. Өйткені Рамазан – тек бір айлық құлшылық емес, ол адамды ғұмыр бойы тәрбиелейтін рухани мектеп.
Айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, ғұсыл құйынып, әдемі таза-жаңа киімдерін киіп, хош иістеніп (ер адамдар) мешітке намазға шығады. Шығар алдында сүннет бойынша үйден құрма сияқты тәтті жемістен дәм ауыз тиюі керек. Бұл пайғамбарымыздың оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі.
Қорыта айтқанда, айттың шынайы тағылымы – көңіл мен жүректі кірбіңнен тазарту, жақсылық жасау және бауырмалдықты арттыру. Алла Тағала баршамыздың құлшылықтарымызды қабыл етіп, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін. Айт мерекесі әр шаңыраққа қуаныш пен береке әкелсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз ғұмырлы болғай! Әмин!
Мұхтасиб Әлмұхаммед Оспанұлының өз жазбаларының бірінде:
«...Рамазан шәриф айында, өз үйінде жайында,
Ораза ұстап тарауих, шарғы-шәриф жолында.
Отырғанның қадірін, ойласаң, сірә, кім білген?!
Отыз күн тәмам бітіріп, нәпсінің кірін кетіріп.
Уағыз тыңдап, хұтба оқып, мешітке барып отырып.
Жамағат болып айт оқып, қайтқанның қадірін кім білген?!»
Әлмұхаммед Оспанұлы – саналы ғұмырын ілім жолына арнаған, сол жолда бақытын тауып, ел құрметіне бөленген, адалдық пен парасаттылықты ту еткені үшін кеңестік дәуірдің қанқұйлы зобалаңына ұшырап, жазықсыз жапа шегіп, көп тауқымет тартқан бірегей тұлға. Кезінде Торғай уезіне қарасты 54 мешіт пен 4 медресеге басшылық етіп, асыл дініміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан.
Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы






