Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

07:37
09:16
13:36
15:58
17:46
19:25
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қостанай
    Намаз кестесі СМС арқылы
    Ақмола облысы
  • Астана
  • Атбасар
  • Көкшетау
  • Степногорск
  • Ақтөбе облысы
  • Ақтөбе
  • Хромтау
  • Қандыағаш
  • Шалқар
  • Алматы облысы
  • Алматы
  • Жаркент
  • Қапшағай
  • Сарыөзек
  • Талдықорған
  • Үшарал
  • Атырау облысы
  • Атырау
  • Құлсары
  • Мақат
  • Миялы
  • Шығыс Қазақстан облысы
  • Аягөз
  • Өскемен
  • Риддер
  • Семей
  • Жамбыл облысы
  • Жаңатас
  • Қаратау
  • Тараз
  • Қарағанды облысы
  • Балқаш
  • Жәйрем
  • Жезқазған
  • Қарағанды
  • Сәтбаев
  • Қостанай облысы
  • Арқалық
  • Қостанай
  • Рудный
  • Қызылорда облысы
  • Арал
  • Байқоңыр
  • Қазалы
  • Қызылорда
  • Маңғыстау облысы
  • Ақтау
  • Бейнеу
  • Форт-Шевченко
  • Жаңаөзен
  • Солтүстік Қазақстан облысы
  • Петропавл
  • Павлодар облысы
  • Екібастұз
  • Павлодар
  • Оңтүстік Қазақстан облысы
  • Жетісай
  • Сарыағаш
  • Шардара
  • Шымкент
  • Түркістан
  • Батыс Қазақстан облысы
  • Ақсай
  • Чапаев
  • Жаңақала
  • Жәнібек
  • Орал
  • Сайқын
Қазақстанның діни интерактивті картасы
сә1
бе2
жұ3
се4
же5
дү6
се7
сә8
бе9
жұ10
се11
же12
дү13
се14
сә15
бе16
жұ17
се18
же19
дү20
се21
сә22
бе23
жұ24
се25
же26
дү27
се28
сә29
бе30
  • Григорияндық
  • Хиджри
Бүгін 21 қараша 2017 ж. – 3 Раби-уль-авваль 1439 ж. - ربـيع الأول‎ ) Күнтізбе

Ғибратнама>Тұлғалар>Ғұламалар (р.а.)

Әбу Мансур әл­-Матуриди кім?

Әбу Мансур әл­-Матуриди және ғылымдағы орны

Имам Әбу Мансур әл-­Матуриди – сунниттік Ислам теологиясының негізін қалаған біртуар ғұламалардың бірі һәм бірегейі. «Кәләм» ілімінің көшбасшысына айналған имам Матуриди сунниттік Ислам теологиясын ғылыми, әдістемелік тұрғыдан негіздеп, дінді оның негізімен үйлеспейтін жат сенімдер мен жаңсақ тұжырымдардан тазарту жолында ерен еңбек еткен біртуар ғұлама. Осы тұрғыдан алғанда, ол мұсылмандардың сенімі мен сана-­сезіміне едәуір ықпал еткен Исламнан тыс діни-­пәлсапалық ағымдар мен Исламның өз ішіндегі дәстүрлі сунниттік бағытқа қайшы бірқатар діни-­саяси ағымдарға қарсы тұрды. Осылайша, ол Құран мен сүннетке негізделген сүнниттік сенімнің кіршіксіз таза күйінде сақталып, келешек ұрпаққа жетуіне елеулі үлес қосып, «пайғамбар мирасқоры» деген асқақ атқа лайық болған жаңашыл ғұламалар арасынан ойып тұрып орын алды.

Әбу Мансур әл-­Матуриди ислами ой­сана тарихында пайда болған сан алуан діни түсініктер арасынан «рационалистік діни түсінікті» әрі соған негізделген «рай әдісін»[1] қолдайтын һәм қолданатын аса көрнекті де жаңашыл ғалымдардың бірі болды. Әсілі, діни рационализмге негізделген «рай әдісінің» негізін қалаған Әбу Ханифа болса да, оны эпистемологиялық[2], теологиялық және пәлсапалық тұрғыдан негіздеп, жүйеге салған имам Матуриди еді. Ол өзінің «нақыл» мен «ақылға» негізделген ілімі арқылы өз дәуірінде пайда болған көптеген діни мәселелердің шешімін таба білді. Ол саналы ғұмырында ағартушылықпен қатар, Құран тәпсірінде «Китәбу тәуиләт», кәләм ілімінде «Китәбут­таухид» сынды әр қайсысы өз саласында өзіндік жаңашылдығымен ерекшеленген соны еңбектер жазып қалдырды. Нәтижеде, оның ілімі негізінде өз атымен аталатын өзіндік ғылыми­әдістемесі бар сунниттік сенім мектебі қалыптасты. Бұл мектеп «ханафи­матуриди» деген атпен әу баста Маураннахр[3] және Хорасаннан[4] бастау алып, кейін Орта Азияның өзге аймақтарына, Ресей, Кавказ, Шығыс Түркістан, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Малазия, Индонезия және өзге де мұсылман елдеріне дейін кеңінен тарап, бүгінгі таңда әлем мұсылмандарының тең жарымынан астамын қамтитын үлкен мектепке айналды.

Оның лақап аттары

Имам Матуридидің толық аты-жөні – Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әс-Самарқанди. Матуридидің азан шақырып қойған аты −  Мұхаммед, лақап аты − Әбу Мансур[5]. Бұл лақап ат оған дін жолында сіңірген ерен еңбегі үшін берілген деген пікір бар. Ислам мәдениетінде әдетте беделді ғұламалар көбіне-көп туған жері немесе шыққан руымен аталады. Сол себепті, ол негізінен туған ауылына телініп, Матуриди деген атпен танымал болған. Сондай-ақ, ол туған ауылы Самарқан шаһарына қарасты шағын елдімекен болғандықтан әс-Самарқанди деп те аталған. Ғалымдар имам Матуридиді ізет тұтып, оны басқа да көптеген лақап аттармен атаған. Атап айтсақ, олар – «Имамул-Һуда» (тура жол имамы), «Имамул-Мутәкәллимин» (кәләм ілімі ғалымдарының имамы), «Мусаххиху ақайдил-муслимин» (мұсылмандардың сенімін дұрыстаушы), «Рейису әһлис-суннә» (күллі сунниттердің басшысы), «Рейису мәшәйхис-Самарқанд» (Самарқан ғұламаларының басшысы), «Аләмул-һудә» (тура жолдың ту ұстары), «Зәһид, шейх/шейхуль-имам» (тақуа, ғұлама/ ұлы ұстаз) және т.б. Міне, имам Матуридиге берілген осынау құрметті лақаптарға қарап, оның орта ғасырлық «Маураннахр» ханафи ғұламалары, әсіресе, «жузжания»[6] мектебінің өкілдері арасында аса беделді де, құрметті ғалым болғанын көреміз. Дегенмен, ол көбіне-көп «Әбу Мансур әл-Матуриди» және «Әбу Мансур әл-Матуриди әс-Самарқанди» деген атпен танымал болған.

Қай жылы туылған?

Имам Матуриди Мәураннахр аймағының орталығы болған, бүгінгі Өзбекстан республикасындағы Самарқан шаһарының солтүстік-батысында орналасқан Матурид (немесе Матурит) шағын елдімекенінде дүниеге келген. Ғұламалар арасында қанша беделді болғанымен, дереккөздерде туған жылы жайлы нақты мәлімет жоқтың қасы. Кейбір тарихшылар имам Матуридидің ұстаздары Мұхаммед ибн Муқатил әр-Рази (248/862) мен Нусайыр ибн Яхя әл-Бәлхидің (268/881) дүниден озған жылдарына қарап, оның шамамен хижри үшінші ғасырдың бірінші жартысында, нақтырақ айтқанда, отызыншы жылдары яғни, (230-240/844-854) жылдар аралығында дүниеге келгенін болжайды. Қайтыс болған жылына келсек, Әбу Муғин ән-Нәсәфидің айтуынша, имам Матуриди 324/935 жылы дүниеден озған Әбу әл-Хасан әл-Әшғаридан бірер жылдан кейін дүние салған[7], алайда, ол нақты мерзімін көрсетпеген. Ал, өзге ғалымдардың көпшілігі оның 333/944 жылы, Самарқанда дүниеден озғанын бір ауыздан мақұлдайды. Ендеше, имам Матуридидің шамамен 230-240/844-854 жылдар аралығында дүниеге келіп, 333/944 жылы дүние салғанына қарап, оның жүз жылға жуық өмір сүргенін айтуға болады. Сондай-ақ, оның Самарқан қаласының Чакардизе зиратына қойылғаны белгілі.

Оның ұстаздары кім болған?

«Мауараннахр» сунниттік теология мектебінің көшбасшысы Әбу Мансур әл-Матуридидің бірегей ғалым болып қалыптасуына Әбу Ханифаның ғылыми мұрасының ықпалы зор болған. Әбу Ханифаның ғылыми көзқарастары мен әдісі «Маураннахр» аймағына оның ілімін жаю мақсатында келген шәкірттері арқылы жеткен. Сондай-ақ, оның шәкірттері арасында «Мауараннахр» аймағымен іргелес «Хорасан» және «Түркістан» жерінен шыққандар да бар-тын. Міне, солардың ерен еңбегінің арқасында аталмыш аймаққа Әбу Ханифаның «усулуд-дин» және «фиқһ» іліміне қатысты ғылыми тұжырымдарына негізделген «ханафи» мазхабы кеңінен тарады. Осылайша, Әбу Ханифаның ғылыми мұрасы үрпақтан ұрпаққа беріліп, имам Матуридиге де жетті.

Дереккөздерде имам Матуридидің ғылымдағы жолы тілге тиек етілгенде оның өте ынталы да, қабілетті шәкірт болғанын және үлкен ғалымдардан тәлім алғанын көреміз. Ол негізгі тәлімін Самарқандағы «Даруль-Жузжания»[8] деп аталатын ханафилерге тиесілі білім ордасында алған.

Матуриди ханафи мазхабының төртінші, тіпті, үшінші буын ғалымдарының санатына жатады. Ол Әбу Ханифаның ізбасары Мухаммед әш-Шәйбанидің өзінен тәлім алған Әбу Сүлеймен әл-Жузжанидің шәкірттері Әбу Бәкір Ахмед ибн Исхақ әл-Жузжани, Нұсайыр ибн Яхя әл-Бәлхи және Нишабурдың жоғарғы соты Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Ахмед ибн Рәжа әл-Жузжани сынды ғұламалардан тәлім алса да, негізгі тәлімін шамамен жиырма жасында ұстаздары Әбу Бәкір Ахмед әл-Жузжани мен сол кездегі «Дәруль-жузжания» ғылым ордасының басшысы Әбу Насыр әл-Иязидің алдында тәмамдаған. Кейіннен ол ұстазы Әбу Насыр әл-Иязидің орнын басып, «Даруль-Жузжанияға» басшылық етті. Әбу Муғин ән­Нәсәфидің еңбегінде имам Матуриди жайлы мынандай естелік жазылған: «Шейх Әбу Насыр әл-Иязи шәкірті Әбу Мансур әл-­Матуриди келмейінше, дәрісін бастамайтын болған. Сондай­ақ, оны көргенінде тамсанып: Раббың қалағанын жаратады және таңдайды, – деп айтады екен». Сонымен қатар, аталмыш еңбекте Матуриди жайлы өз замандастары мен кейінгі буын ғалымдардың да талай мақтау айтқаны тілге тиек етіле келе былай делінген: «Матуриди – елге дінді дұрыс түсінудің жолын көрсеткен маңдай алды имамдардың бірі һәм бірегейі. Ол Құран тәпсірінде діндегі талас тудырған қиын мәселелердің түйінін шешіп, дінді түрлі аңыз-әпсаналардан тазартқан әрі діндегі халал, харам сынды көптеген шариғи үкімдерді анықтап көрсеткен».

Еңбектері

Имам Матуриди «кәләм», «мазхабтар тарихы», «тәпсір», «қырағат ілімі», «фиқһ» және «фиқһ методологиясы» салалары бойынша бірқатар елеулі еңбектер жазып қалдырған. Дереккөздерде анық Матуридиге телінетін он төрт бірдей еңбек жайлы айтылады. Одан басқа оның қаламынан туып-тумағаны күмәнді тағы сегіз шақты еңбек бар. Өкінішке орай, оның еңбектерінің дені шапқыншылық, көшіп-қону, табиғи апаттар және басқа да түрлі себептер салдарынан бүгінгі күнге дейін жетпеген. Оның жоғалып кеткен еңбектеріне негізінен «мұғтазилә», «харижия», «рафизия» және «шиттік карматилер» сынды діни-философиялық және діни-саяси ағымдарға тән түрлі сенім, ұстаным және ғылыми-философиялық тұжырымдарды сынға алып, терістеу мақсатында жазған, сондай-ақ «фиқһ» және «фиқһ методологиясы» саласы бойынша қалам тартқан туындылары жатады. Ал, бізге жеткен еңбектеріне келсек, олар – бір ғана қолжазба нұсқасы бар «Китабут-таухид» және қырық шақты қолжазба нұсқасы бар «Тәуиләтуль-Құран» атты екі еңбегі ғана. Дегенмен, аталмыш қос еңбек оның ең негізгі, қомақты әрі тың туындылары болып табылады.

Имам Матуридидің еңбектері мұқият зерттелгенде, оның өз ұстаздары мен олардың еңбектерінен алған біліммен шектелмей, өз заманындағы өзге діндер, түрлі философиялық және діни ағымдар мен мазхабтар өкілдерінің еңбектерін де оқып, олардың ғылыми әдістеріне қанық болғандығы анық байқалады. Атап айтсақ, оның көне Грек философиясын, соның ішінде, Аристотельдің еңбектерін оқып, ғылыми әдістерін толық меңгергендігі жазған еңбектерінің жүйесі мен әдісінен анық байқалады.

Матуриди ғылыми еңбектерін Самарқанда жазған деседі ғалымдар. Сонымен қатар, ол Бағдат, Басра, Куфа, Шам, Хорасан және Бұхара сынды саяси һәм мәдени маңызы зор орталықтардағы ғылыми көзқарастар мен ұстанымдарды жіті қадағалап, ондағы ғылыми жаңалықтардан, ғалымдар мен түрлі діни топтар арасындағы пікірталастардан хабардар болып отырған. Мұны оның «Китабут-таухид» әрі «Тәуиләт әһлус-суннә» атты еңбегінде «қадария», «муржия», «жәбрия», «харижия» және «батыния» сынды түрлі діни ағымдарға тиесілі ақида, кәләм мәселелеріне қатысты әр алуан пікірлер мен ұстанымдарды сынға алуынан анық көруге болады. Сондай-ақ, имам Матуриди өз дәуірінде Ислам әлеміне саяси әрі мәдени ықпалы зор болған «мұғтазилә» және «шиіттік» мазхабтарды ұстанатын ғалымдармен ғылыми негізде пікірталасқа түсіп, олардың көптеген ұстанымдарын «нақыл» һәм «ақыл» тұрғысынан сынға алып, теріске шығарған. Кейін ол сол жемісті пікірталастарының нәтижесінде жазған ақида және кәләм іліміне қатысты еңбектері арқылы ғылыми ортада танымал болып, «Мәуараннахр» аймағының ғалымдарының көшбасшысына айналған.

Имам Матуриди өзінің саналы ғұмырын ғылымға арнаған, көптеген еңбектер жазып, талай шәкірт тәрбиелеген біртуар жаңашыл ғұлама еді. Соның айғағы ретінде, ұзақ жылдар бойы Самарқан қаласының жоғарғы соты болған Хаким әс-Самарқанди имам Матуридидің мазар тасына: «Бұл бар ғұмырын ғылымға арнаған, бар күш­қуатын ілімнің кеңінен жайылуы үшін жұмсаған, дін жолында жазған еңбектері мадақталған, өнегелі өмірінің жемісін жиған тұлғаның қабірі», – деп жаздырған[9].

Бүгінгі таңда елімізде бір ғасырға жуық жүргізілген дінсіздендіру және ұлтсыздандыру саясатының салдарынан зерттеліп, жазылуын былай қойғанда, тіпті, ауызға да алынбай ұмыт бола бастаған рухани мұрамызбен қайта қауышып жатқан жайымыз бар. Әсіресе, Қазақ елі өз алдына ел болып, еңсе көтергелі ұстанып келе жатқан сунниттік бағыттағы «ханафи» мазхабы мен «матуридилік» сенім мектебінің тарихы мен ілімін жан-жақты зерттеп, зерделейтін күн туды. Әсілі, халқымыздың басынан қаншама аумалы-төкпелі кезеңдер өтсе дағы, ғасырлар бойы елдігінен айнымай осы күнге дейін аман-есен жеткендігінің бірден бір кепілі осынау рухани ілім еді. Ендеше, бүгінгі таңдағы ең басты мәселе бұлыңғыр тартып, ұмыт бола бастаған тарихымыз бен рухани мұрамызды қайта зерттеу әрі жаңғырту арқылы халқымыздың санасын ояту және өскелең ұрпақты жарқын болашаққа бастайтын жол салу.

[1] «Рационализм» (лат. rationalis) – Ойды сезімнен бөліп қарап, танымның бірден-бір бұлағы ақыл деп есептейтін философиялық бағыт. «Діни рационализм» – танымның қайнар көзі уахи мен ақыл деп санайтын діни бағыт. Бұл бағыт өкілдері Ислам тарихында «әһлу рай» деп аталған. «Рай әдісі» – Құран және сүннетті негізге ала отырып, ақылға жүгіну арқылы аталмыш екі қайнар көзден «қияс» жолымен үкім шығару әдісі. Бұл әдісті фиқһ ілімімен айналысқан сахабалар, табиғиндер және таби-табиғиндер де қолданған.

[2] Эпистемология – (грек. epistemologia). Танымның мәні мен оның ақиқаттығының өлшемін зерттейтін философия бөлімі.

[3] Мауараннаһр – (арабша  ما وراء النهر«өзеннің арғы жағы» деген мағынаны білдіреді). Амудария мен Сырдария өзендері арасындағы көбіне түркі тілдес елдер мекен еткен ортағасырлық аймақ атауы. Бұл тарихи аймақ бүгінгі Өзбекстан, Қарақалпақстанның бір бөлігін, Тәжікстан, Қырғызстанның оңтүстігін, Қызылқұм шөлі мен қазіргі Қазақстанның бір бөлігін қамтыған. Жер көлемі шамамен 660.000 km2 құраған.

[4]«Хорасан» – (парсы тілінде خراسان  «күншығыс елі» деген мағынаны білдіреді). Мауараннах аймағының оңтүстігінде орналасқан қазіргі Иранның шығыс бөлігін, сондай-ақ Ауғаныстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстанның біраз бөлігін қамтыған ортағасырлық тарихи аймақ атауы. Кейбір тарихи дереккөздерде «Мауараннахр», «Хорасан» және «Хорезм» аймақтары бірге «Ұлы Хорасан» деп те аталады.

[5] Арабтарда құрмет тұтқан кісіні жалғыз немесе тұңғыш баласының атымен (яғни, пәленшенің әкесі, түгеншенің анасы деп) атайтын әдет бар, кейіннен бұл әдет ислам дінін қабылдаған өзге халықтарға да сіңген. Дегенмен, бұл лақап ат Матуридидің «Мансур» атты ұлы болғанын білдірсе де, дереккөздерде одан еркек кіндік тұяқ қалғаны жайлы бірде-бір мәлімет кездеспейді. Сондай-ақ Матуридидің өзі де бір аяттың тәпсірінде лақап аттардың мән-мағынасына тоқталғанда «Әбу Мансур» деген лақап ат әдетте ұл сүймеген кісіге «Мансур» атты ұлы болсын деген игі тілекпен қойылатындығын айтқан.

[6] Мауараннахрдағы ханафилік бағыттағы ең беделді екі ғылыми мектептің бірі. Аталмыш мектептің өкілдері иман мен амалды бір-бірінен бөліп қарастырған және діни мәтіндерді тәуил жасауға болады деген пікірді ұстанған. Ал Иядыйя мектебінің өкілдеріне келсек, олар жузжаниялықтар сияқты иман мен амалдың екі бөлек екенін қабылдағанымен діни мәтіндерді тәуил жасаудың дұрыс емес екендігін алға тарқан.

[7] Әбу Муғин ән-Нәсәфи, «Табсыйратуль әдиллә», Шам 1992, I/360 б.

[8] «Даруль-Жузжания» – орта ғасырлық Самарқан каласындағы ең үлкен екі ғылыми орданың, (бігінгі тілмен айтқанда университеттің) бірі. Онда Әбу Ханифаның ақида, кәләм және фиқһ іліміне қатысты көзкарастары оқытылған.

[9] ән-Нәсәфи, «Табсыйра», I/358 б.

Асқар Әкімханов
«Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті
университетінің «исламтану» PhD докторанты

кейінгі мақала
Абдулла ибн Абдулазиз

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником
Рейтинг@Mail.ru