Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Мақалалар

Шағбан айының мәртебесі мен Рамазан айына дайындық


Міне, уақыттар, күндер мен түндерге ұласып көзді ашып жұмғанша қасиетті айларға да келіп жеттік. Ол ұлы Рамазан айының алдындағы шарапаты мол Шағбан айы.

Шағбан айы Алла Тағала жаратқан он екі айдың бірі:

إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِنْدَ اللهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا

«Расында, Алланың қасында айлардың саны – он екі ай». (Тәубе 36 аят)

Алайда соған қарамастан, мұсылман пенде Шағбан айының ерекше бір мәртебесі, айрықша рухани ләззаты бар екенін сезінеді.

Осы себепті, бұл қасиетті айға байланысты тәрбиелік тұрғыдан сабақ болатын бірнеше тақырыптарға тоқталсақ.

Шағбан айының орны:

Бұл – игілігі мен жақсылығы молынан тарайтын ай. Алла Елшісі ﷺ оны басқа айларға қарағанда ерекше ғибадатпен айрықшалады. Осылайша Шағбан айы Пайғамбарымыздың ﷺ айы болып ерекшеленеді.

Имам Ахмад, Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) риуаят етеді:

«Алла Елшісі ﷺ кейде соншалықты көп ораза ұстайтын еді, біз: “Биыл мүлде ауыз ашпайтын шығар”, – деп ойлайтынбыз. Ал кейде ауыз ашып, ораза ұстамай қоятын еді, біз: “Биыл мүлде ораза ұстамайтын шығар”, – деп ойлайтынбыз. Ал оразаның ішінде ең жақсырақ көргені – Шағбан айындағы ораза еді».

Тәрбиелік ой-түйін:

Сен Алла Елшісі ﷺ жақсы көргенді жақсы көресің бе? Жүрегіңде осы айға деген сағыныш, Пайғамбарымыздың ﷺ сағынышы секілді бар ма? Сен өзіңнің жақсы көруіңді Алла Елшісі ﷺ жақсы көрген нәрселермен байланыстыра аласың ба?

Алла мен Оның Елшісі құрмет тұтқан, айрықша жақсы көрген істі сүйе алу иманның сынағы. Хадисте:

«Сендердің ешқайсыларың, мен әкелген нәрсеге нәпсісі толықтай бағынбайынша, шынайы иман келтірген болмайды».

Амалдардың ұсынылуы (көрсетілуі):

Бұл – амалдар Ұлы, Құдіретті Аллаға көтерілетін ай. Тирмизи мен Нәсаи жинағында, Усама ибн Зәйдтен (р.а.) риуаят етеді, Пайғамбарымыз ﷺ-айтты:

«… Бұл – амалдар әлемдердің Раббысына көтерілетін ай. Мен амалымның ораза ұстап тұрған күйімде көтерілуін жақсы көремін».

Осы айда Алла Тағала Өз құлдарына ұлы сый береді – ол амалдардың Оған ұсынылуы және қабыл етілуі. Өйткені Шағбан айы – сенің бір жылдық амал дәптеріңнің қорытындысы, жыл бойғы жиған-терген еңбегіңнің жемісі.

Ендеше, сенің жылың немен аяқталады? Амалдар көтерілген сәтте сенің амалың қандай күйде Аллаға ұсынылғанын қалайсың?

Ол Алла Тағала былай дейді:

إليه يصعد الكلم الطيب والعمل الصالح يرفعه

«Жақсы сөз Оған көтеріледі, ал ізгі амал (Алланың дәргейіне) көтереді». (Фатыр 10 аят)

Ендеше, жасаған амалыңның Аллаға бойұсынған, дінінде берік, ықыласты түрде, ыждағаттылықпен көтерілгенін қалайсың ба?

Амалдар өз Иесіне ұсынылатын – амалдар көтерілетін Шағбан айы келмей тұрып, ізгі амалдарға асық.

Шағбан айындағы Алла Елшісі ﷺ-ның халін ой елегінен өткізген адам, бұл айда жүрек амалдары мен дене амалдарында ең кемел жолды көреді.

Пайғамбарымыздың ﷺ:

«Амалымның ораза ұстап тұрған күйімде көтерілуін жақсы көремін»

– деуі, Алланың бақылауынан ұялу сезімінің айқын көрінісі.

Бұл хадисте Алла Елшісінің ﷺ Алладан ұялуының ең биік дәрежесі байқалады: Алла Тағала оны тек оразалы күйде ғана көргенін қалауы. Міне, мұсылман бауырым, сені ең алдымен мазалауы тиіс болған нәрсе де – осы: Алланың саған қарап тұрғанынан ұялу.

Сол себепті кейбір дана, алдыңғы салихалы буындар былай деген:

«Не Алланың Ұлылығына лайық намаз оқы, не болмаса өз намазыңа лайық құдай ізде. Сен Алланы еске алмай бос өткізген уақыттарыңнан ұялуың керек. Исламның үнін жеткізуге, оны қорғауға жұмсамаған қаламың мен ойыңнан ұялуың керек. Алланың жолында құрбан етпеген мал-мүлкің мен нығметтеріңнен ұялуың керек. Осы істерің сенен Алладан ұялу мен Одан қорқуды талап етеді».

Күнәлардың кешірілуі:

Шынында, Шағбан айы – Алланың Мұхаммед ﷺ үмбетіне сыйлаған Раббани сыйы. Құлдары осы арқылы құлшылық, ғибадатпен Раббысына жақындап, разылығына бөленеді.

Осы айда аса ұлық бір түн бар. Ол – Шағбан айының ортасы (бараат) түні. Пайғамбарымыз ﷺ бұл түннің қадірін мына хадисінде ерекше атап өткен:

يطّلع الله تبارك وتعالى إلى خلقه ليلة النصف من شعبان فيغفر لجميع خلقه إلاَّ لمشرك أو مشاحن

«Алла Тағала Шағбан айының ортасы түні жаратылысына назар салып, барлық құлын кешіреді, тек мүшрик пен (жүрегінде) кек сақтаған адамнан басқа».

Бұл – Алланың, пенделері күнә мен қателікке жол берген әрбір жан үшін үлкен мүмкіндік. Бұл – бауырларымызға деген жүректегі өшпенділік пен кекті өшірудің мүмкіндігі.

Баршамыздың тәубедегі дұғамыз мына аяттағыдай болсын:

ربنا اغفر لنا ولاخواننا الذين سبقونا بالإيمان ولا تجعل في قلوبنا غلاً للذين ءامنوا ربنا إنك رؤوف رحيم

«Уа, Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре гөр! Жүрегімізде иман келтіргендерге деген өшпенділік қалдырма! Раббымыз! Шүбәсіз, Сен аса Мейірімдісің, ерекше Рахымдысың». (Хашыр 10 аят)

Салиқалы саләфтардың (Алдыңғы буындар) кейбірі былай деген:

«Ең абзал амалдар – жүректің таза болуы, жанның жомарттығы және үмбетке деген шынайы насихат. Міне, осы қасиеттер арқылы жетістікке жеткендер жетті».

Үмметтің ізгі жандары – кешіре білетін, айыпты жасырып, кеңшілік танытатын адам. Бұл – қандай үлкен болса да, күнә мен қателікке бой алдырған әрбір адам үшін мүмкіндік.

Өйткені хадисте:

كل ابن آدم خطاء ، وخير الخطائين التوابين

«Адам баласының бәрі қателеседі, ал қателескендердің ең қайырлылары – тәубе етушілер». (Имам Тирмизи)

Ендеше, бұл – жіберіп алғанды қайта түзеу, күнәлардан тазару, Алламен жаңа бір парақ ашу мүмкіндігі.,

Пайғамбарлық сүннет:

Шағбан айы – ғибадат, ораза, түнгі құлшылықпен жандандыру.

Имам Бухари мен Муслим Айша анамыздан (р.а.) риуаят етеді:

«Мен Алла Елшісінің ﷺ Рамазаннан басқа бір айды толық оразамен өткізгенін көрген емеспін. Ал Шағбан айындағыдай көп ораза ұстағанын ешбір айда көрмедім».

Нәсаи мен Тирмизидегі риуаятта Айша (р.а.) былай дейді:

ما رأيت النبي صلى الله عليه وسلم في شهر أكثر صيامًا منه في شعبان، كان يصومه إلا قليلاً، بل كان يصومه كله

«Мен Пайғамбардың ﷺ Шағбан айындағыдай көп ораза ұстағанын ешбір айда көрмедім. Ол бұл айды аз ғана күннен басқа түгел дерлік ораза ұстайтын, күндердің көпшілігінде ауыз бекітетін десек артық емес».

Әбу Дәудтағы риуаятта:

«Алла Елшісіне ﷺ ораза ұстауға ең сүйікті ай – Шағбан еді. Кейін оны Рамазанмен жалғастыратын», – делінеді.

Ал Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткен хадисте:

«Оразаның ішінде ең жақсы көргені – Шағбан айындағы ораза еді», – делінген.

Ибн Хажар: «Бұл хадистер Шағбан айында ораза ұстаудың артықшылығына дәлел», – деген.

Ғалымдар Шағбан айындағы нәпіл оразаның артықшылығын былай түсіндірген:

«Рамазанға дейінгі және одан кейінгі ораза – ең абзал нәпіл ораза. Өйткені ол Рамазанға жақын болғандықтан, оның бір бөлігі іспетті саналады. Оның нәпіл оразадағы орны – парыз намаздың алдындағы және соңындағы сүннет намаздар секілді. Олар парыздың кемшілігін толықтырады әрі сауабы жағынан парызға жақындатады».

Еккен жемісіңді суару айы:

Бұл күнде мұсылман пенде жасаған амалдарын күтіп-баптап, қадағалайтын айы.

Әбу Бәкір әл-Балхи былай деген: «Ережеп – егін егу айы, Шағбан – егінді суару айы, ал Рамазан – егін ору айы».

Егер адам Ережепте егін екпесе, Шағбанда оны суармаса, Рамазанда қалай өнім алуды қалайды?

Осы айға байланысты: «Ережеп айы – жел секілді, Шағбан – бұлт секілді, ал Рамазан – жаңбыр секілді», – деген.

Сәләмә ибн Кәһил: «Шағбан – Құран оқушылардың айы», – деп айтылатын, – деген. Ал Амр ибн Қайс әл-Муләи Шағбан айы кіргенде дүкенін жауып, өзін толықтай Құран оқуға арнайтын.

Ендеше, ардақты бауырым, Шағбан айында еккен егініңді қолға ал, оны суарумен күтіп-бапта, кеуіп, құрғақшылыққа ұшырап қалмауын қадағала.

Адамдар ғапылдыққа ұшырамас үшін:

Шағбан айы – адамдар құлшылықтан көбіне ғапыл қалатын ай. Өйткені ол Ережеп пен ұлық Рамазанның ортасында орналасқан. Осыған байланысты сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ:

«Бұл – адамдар көбіне ғапыл қалатын ай», – деген.

Осы себептен адамдар екі топқа бөлінді:

Бір топ Ережеп айында құлшылыққа, бойсұнушылыққа, ораза мен садақаға ден қойды. Тіпті кейбіреулер Ережеп айындағы ғибадатта шектен шығып, онда бидғаттар мен негізсіз әдеттерді енгізіп, оны Шағбаннан да артық дәріптеді.

Ал екінші топ құлшылықты тек Рамазанда ғана таниды, олар бойұсынушылықта осы Рамазанда ғана бет бұрады. Соның салдарынан Шағбан айы адамдар назарынан тыс қалды.

Осылайша адамдар Ережеп пен Рамазанға алаңдап, Шағбанды елеусіз қалдырды. Сондықтан ғалымдар бұл хадиске қатысты:

«Бұл хадис адамдар ғапыл қалатын уақыттарды құлшылықпен көркейтудің мұстахаб екеніне және мұның Аллаға сүйікті амал екеніне дәлел», – деген.

Салиқалы саләфтардың кейбірі құптан мен ақшам арасындағы уақытты намазбен жандандыруды жақсы көретін, әрі: «Бұл – ғапылдық уақыты», – дейтін.

Алла Тағаланың мына аятта:

و اذكر ربك في نفسك تضرعا وخفية ولا تكن من الغافلين

«Раббыңды өз ішіңнен, жалбарынып әрі жасырын түрде еске ал және ғапылдардың қатарынан болма». (Әнһам 60 аят)

Жәннаттың есіктерін қағыңдар!

Өйткені Шағбан айы – бізді Рамазан айына алып баратын жүздеген қақпаның бірі. Ал Рамазан – жәннат есіктері ашылатын ай екені Пайғамбарымыз ﷺ:

“Рамазан келгенде жәннаттың есіктері ашылады, тозақтың есіктері жабылады, шайтан шынжырланады” – деп хабар берген.

Міне, жәннат сендерге үн қатып тұр: «Мен сендердің есіктеріңнің алдында тұрмын» – дейді.

Шағбан айы – есіктерді қағатын мүмкіндік айы.

Жәннаттың есігін тәубе, истиғфар және Аллаға шынайы бет бұрумен қағыңдар.

Жәннаттың есігін жалбарынып, Оның табалдырығында тұрып: «Кешірмейінше есігіңнен кетпейміз» – деп тілеңдер.

Әбу Дәрда (р.а.) айтқан: «Дұғада табанды болыңдар! Кім есікті көп қақса, оған ашылуы жақын»- деген.

Рамазанға дайындық

Шағбан айы – тәрбиелік әрі рухани дайындық пен жаттығу айы. Мұсылман бұл айды Рамазанда құлшылыққа толық дайын болу үшін пайдаланады. Шағбан айында ол Рамазанға қатысты барлық пайдалы мәліметтерді оқып-үйренеді, Рамазандағы өз бағдарламасын құрып, қайырымды істерінің жоспарын жасайды. Осылайша, Шағбан айын Рамазанға арналған дайындық курсына айналдырады.

Құлшылық және шынайы иманмен дайындық:

– Ең алдымен шынайы тәубе ету: күнә мен теріс істерден толықтай бас тарту, жамандықтан тыйылу, Аллаға бет бұрып, тап-таза жаңа парақ ашу.

– Шағбан айында оразаны көбейту: нәпсіні тәрбиелеу және қасиетті айға дайындық үшін. Оразаны екі түрде ұстау абзал:

• не Шағбанның алғашқы жартысын түгел ораза ету;

• не әр аптада дүйсенбі мен бейсенбі күндері және (айдың 13–14–15-і) ораза ұстау.

– Құранмен өмір сүру, Рамазанда Құранмен толық қауышуға дайындалу. Ол үшін Шағбанда жай ғана оқу деңгейінен асып, тәулігіне бір жузден (жуз = 1 бөлім) артық оқу, сонымен бірге Құранды ойланып оқу (тәдаббур) және жүрекпен сезіну үшін рухани мәжілістерге бару.

– Түнгі намаздың тәттілігін қазірден сезіну: әр түні құптан намазынан кейін екі ракағат, сәресі уақытында тәһәжжүд оқу.

– Зікірдің тәттілігін сезіну: таңертеңгі-кешкі зікірлерді, күнделікті дұғаларды ұмытпау және қандай жағдайда болсаң да Алланы еске алу.

Ғылым-біліммен дайындық:

– Оразаның үкімдері мен фиқһ кітаптарын оқу. Оразаға қатысты сұрақ-жауап мәселелерді және Рамазан айының міндеттерін және оразаның сырларын білу.

– Жүректі жұмсартатын, нәпсіні тәрбиелейтін кітаптар оқу.

– Ғалымдар мен ұстаздардың Рамазанды қарсы алу, оған дайындалу жайлы дәрістерін тыңдау.

– Құраннан жаттаған сүре-аяттарды қайталау.

Отбасылық дайындық:

– Үйдегі жұбайы мен балаларды осы қасиетті айға рухани тұрғыда дайындау, бұл құрметті қонақты қалай қарсы алу керектігін түсіндіру.

– Отбасымен күн сайын (мүмкіндігінше) шағын имани жиын өткізу: Құран оқу, зікір, насихат, дұға жасау.

-Рамазан келгенде көпшілік істейтіндей тамақта, сусын мен киімде артық сән-салтанатқа беріліп кетпеу

Осы айтылған тәртіптермен жүріп, Қасиетті айларды берекелі өткізуді Алла баршамызға нәсіп етсін.

Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Абзал Сұлтанғалиұлы

алдыңғы мақала
Қасиетті күндер, түндер

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником