Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

05:48
07:21
13:44
17:56
19:57
21:29
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қостанай
    Намаз кестесі СМС арқылы
    Ақмола облысы
  • Астана
  • Атбасар
  • Көкшетау
  • Степногорск
  • Ақтөбе облысы
  • Ақтөбе
  • Хромтау
  • Қандыағаш
  • Шалқар
  • Алматы облысы
  • Алматы
  • Жаркент
  • Қапшағай
  • Сарыөзек
  • Талдықорған
  • Үшарал
  • Атырау облысы
  • Атырау
  • Құлсары
  • Мақат
  • Миялы
  • Шығыс Қазақстан облысы
  • Аягөз
  • Өскемен
  • Риддер
  • Семей
  • Жамбыл облысы
  • Жаңатас
  • Қаратау
  • Тараз
  • Қарағанды облысы
  • Балқаш
  • Жәйрем
  • Жезқазған
  • Қарағанды
  • Сәтбаев
  • Қостанай облысы
  • Арқалық
  • Қостанай
  • Рудный
  • Қызылорда облысы
  • Арал
  • Байқоңыр
  • Қазалы
  • Қызылорда
  • Маңғыстау облысы
  • Ақтау
  • Бейнеу
  • Форт-Шевченко
  • Жаңаөзен
  • Солтүстік Қазақстан облысы
  • Петропавл
  • Павлодар облысы
  • Екібастұз
  • Павлодар
  • Оңтүстік Қазақстан облысы
  • Жетісай
  • Сарыағаш
  • Шардара
  • Шымкент
  • Түркістан
  • Батыс Қазақстан облысы
  • Ақсай
  • Чапаев
  • Жаңақала
  • Жәнібек
  • Орал
  • Сайқын
Қазақстанның діни интерактивті картасы
жұ1
се2
же3
дү4
се5
сә6
бе7
жұ8
се9
же10
дү11
се12
сә13
бе14
жұ15
се16
же17
дү18
се19
сә20
бе21
жұ22
се23
же24
дү25
се26
сә27
бе28
жұ29
се30
  • Григорияндық
  • Хиджри
Бүгін 19 қыркүйек 2017 ж. – 28 Зуль-Хиджжа 1438 ж. - ذو الحجة ) Күнтізбе

Ғибратнама>Қаситетті айлар, күндер және түндер

Құрбан айт - барша мұсылманның ұлық мейрамы!

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болып, Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.), Оның (с.ғ.с.) жанұясына, сүйікті сахабаларына және оларға ізгілікте ерген барша момын мұсылмандарға Жаратушы Иеміздің сансыз салауаты мен сәлемі болғай!

«Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның айт деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады. Айт – мұсылмандар үшін Жаратушымыздың разылығына жету мақсатында құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырластық сезімдерін күшейтетін маңызды мейрам. Биылғы жылы Құрбан айт мейрамының бірінші күні қыркүйек айының 1-не тұспа-тұс келіп тұр. Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Алла Тағала барша мұсылман үмметі үшін осынау қасиетті күндерді берекелі әрі сауапқа кенелетін күндерден қылғай!

Айт мейрамының тарихы

Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Аллаға қүрбанның еттері, қандары, әсте, жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят), - делінген. Аятта құлшылық ретінде сойылған құрбандықтың маңызды бір шарты адалдық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалығында. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенде, жергілікті адамдардың жыл сайын тойлайтын екі күні болатын. Алла Тағала сол екі күнді ораза және құрбан айт мейрамдарымен алмастырған.

Әнас ибн Мәлик (р.ғ.): «Жәһилият кезінде адамдардың әр жылы тойлайтын екі күні болған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екеуін ол екеуінен де жақсырағымен алмастырды: ауыз ашар күні, (яғни Рамазан оразасының аяқталатын Ораза айт күні) және құрбандық күні (яғни құрбандық шалынатын Құрбан айт күні)»,-деді»,-деген. Сол уақыттан бері барлық мұсылмандар үшін осы атаулы мереке ең қуанышты күндердің біріне айналған.

Ораза және Құрбан айт намаздары алғаш рет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы – жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың айт намазына шығуына әмір берген.

Умму Атия (р.ғ.): «Бізге айт күні (яғни айт намазына) шығуға, әмір етілетін. Тіпті шымылдықта отыратын қыздарды да, етеккірі келген әйелдерді де шығаратынбыз. Олар адамдардың артында олардың тәкбірлерін қайталап, дұғаларымен дұға етіп, сол күннің берекесі мен тазалығынан үміт ететін»,-деген.

Айт намазының уақыты – сәске (духа) намазының уақыты. Айт намазын күн найза бойы көтерілгеннен бастап, тал түске жеткенге дейінгі аралықта оқуға болады.

Айт намазының оқылу тәртібіне келер болсақ айт намазы екі ракағаттан тұрады. Таң және жұма намаздарының парыздары секілді айт намазы да жария оқылады. Бірақ айт намазына азан да, қамат та айтылмайды.

Ата (р.ғ.): «Ибн Аббас және Жәбир ибн Абдулла: «Ораза айты күні және құрбандық күні азан айтылмайтын еді»,-деген»,-деді.

Басқа бір хадисте Ибн Аббас (р.ғ.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) отбасын айт күні шығарғанды жақсы көретін. Біз (айт намазына) шықтық. Ол (с.ғ.с.) азансыз және қаматсыз намаз оқыды. Сосын адамдарға құтпа оқыды»,-деді.

Азан мен қаматтың орнына адамдар «Әссалату жәмиға» деп шақырады. Басқа намаздардан айырмашылығы айт намазында қосымша тәкбәрлер айтылады. Бірінші рәкағатта сәнә дұғасынан кейін үш тәкбірді имаммен бірге қайталайды. Әр тәкбірді айтқанда қолын көтеріп, қайта түсіреді, қолын түсірген кезде байлаудың қажеті жоқ. Әр тәкбірден кейін имам, өзіне ұйып тұрған кісілердің тәкбір алып болғанынша үнсіз тұрады. Осы аралықта «Субханалла, уәл хамду лиллә, уә лә иләһә иллалла» деп айтса да болады.

Екінші ракағатта зәм (қосымша қысқа сүре) сүресін оқып болғаннан кейін рукуғқа бармай тұрып, алғашқы ракағаттағыдай тағы да үш рет тәкбір алады. Сосын барып рукуғқа барады.

Ибн Масғұдтан (р.ғ.) айт намазының тәкбірлері сұралғанда, ол: «(Бірінші ракағатта) Құран оқығанға дейін (алғашқы тәкбірге үшеу қосып) төрт тәкбір айтасың. Одан кейін Құран оқисың. Оқып болған соң (тағы да) төрт тәкбір айтасың»,-деген.

Құрбан айт намазы мен ораза айт намазы бірдей оқылады, екеуінің айырмашылығы жоқ.

Айт намазының алдында нәпіл намазын үйде де, мешітте де оқу мәкруһ. Айт намазынан кейін мешітте нәпіл намазын оқу – мәкруһ. Ал үйде оқуға болады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намазынан бұрын да, кейін де басқа намаз оқымаған.

Айт намазынан кейін құтпа оқу – сүннет әрі ол жұма намазының құтпасымен бірдей. Бірақ айт намазында құтпаны намаздан кейін оқиды. Яғни имам айт намазын оқып болғаннан кейін, мінберге шығады да, отырмастан бірден құтпа айтуға кіріседі. Бірінші құтпаны тоғыз тәкбірмен, екінші құтпаны жеті тәкпірмен бастап, бас-аяғы он төрт тәкбірмен аяқтау сүннет.

Құрбан айт – діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні», – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады»,-десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақындаған емес. Құрбандық ретінде шалған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандықтарыңды шалыңдар»,-деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегелеп айтқан.

Құрбан айт мерекесін қалай өткізген жөн

2017 жылдың 1-ші қыркүйек күні еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде Құрбан айт намазы оқылады. Қостанай облысы бойынша айт намазы барлық өңірлердегі мешіттерде 08.00-де оқылады. Сондай-ақ, осынау айтулы күн мемлекетімізде Елбасымыздың жарлығымен демалыс күні болып бекітілген.

Құрбан айт күні жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Абдулла ибн Амр әл-Астың (р.ғ.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды», – деді. Осы кезде бір кісі: «Ей, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан бауыздауыма бола ма?»,-деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін алғаның да жеткілікті. Бұл сен үшін Алланың алдында құрбандық шалғанмен тең», - деді.

Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін тиісті мұқтаж жандарға таратады.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды аралап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, бір-бірін кешірген жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген ілтипаты мен сыйластықтарын барынша арттырады.

Құрбандық шалу

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы: «Шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау». Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.

Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «удхия» деп аталады. Қасиетті Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, адалдығы, дінге бекемдігі, тақуалығы және басқаларға деген жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Құрбан айт – Алла разылығы үшін мал шалынынатын мұсылмандардың ұлық мерекесі. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға қылады. Дүйім мұсылман баласы Пайғамбарлардың (ғ.с.) ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінді берік ұстануға шақырады.

Құрбан айт күндері құрбандық шалудың үкімі

Ханафи мәзһабында қадірі асқан құрбан айт күндері мал-мүлкі жеткілікті болған мұсылман ер мен әйел кісінің құрбандыққа мал шалулары уәжіп. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2-аят) деп бұйыруы, құрбан шалудың уәжіп екенін білдіреді. Мал-мүлкі жеткілікті бола тұра құрбан шалмаған мұсылманға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөгіс жариялаған хадисі негізге алынған. Абу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім, мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» (Хаким, Мустадрак) деп айтқанын жеткізген. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Хадис шәрифте белгіленген уақыттан бұрын, яғни айт намазынан алдын шалынған малдың орнына басқа құрбандықтың шалынуы қажет екендігі қатаң ескертілген. Анас (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Кім құрбандығын намаздан бұрын шалып қойған болса, онда қайта шалсын»,-дегенін жеткізген (Сахих Муслим). Михнаф ибн Сулайманның риуаятында Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Ей, адамдар, әр отбасы жыл сайын құрбан шалуға тиісті»,-деген (Сунан ат-Тирмизи). Сондықтан ханафи мазһабының ғұламалары жоғарда келтірілген аят, хадистерге сүйене отырып, құрбан айт күндері құрбандық шалу – уәжіп (міндет) деп тұжырымдаған.

Құрбан айт күндері құрбандық шалуды міндет (уәжіп) ететін шарттар:


1. Мұсылман болуы;
2. Азат болу;
3. Тұрғылықты болу;
4. Мал-мүліктің жеткіліктілігі; Мал-мүліктің жеткіліктілігі дегенде мұсылманның иелігінде пітір садақасын уәжіп ететін нисаптың бар болуы көзделеді.
5. Ақылды және балиғат жасына толуы;

Құрбандық шалудың дұрыстығына қажетті шарттар:

1. Құрбандыққа түйе, сиыр, қой, ешкі, секілді малдардың болуы. Бұл төртеуінен басқа жылқы және еті адал жануарлардың ешбіреуі құрбандыққа шалынбайды. Төртеуінің құрбандыққа ең абзалы – түйе, сосын ірі қара, сосын қой, кейін ешкі малы. Құрбандықтың дұрыстығы үшін бір қой не бір ешкі тек бір кісінің атынан шалынуы шарт. Ал түйе мен ірі қара малын жеті не одан да аз кісі бірігіп шалуларына болады. Бірақ, жеті кісіден аспауы және жетеуінде де құрбандыққа шалу ниетінің болуы шарт.

2. Малды құрбандық ниетімен шалуы міндет. Соғым не ет қажет ету ниетімен сойылған мал, құрбандықа жатпайды.

3. Өкіл етушінің әмірі. Құрбандықты әркімнің өзі шалуы абзал саналса да өкіл арқылы шалуға да рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда мал иесі тарапынан өкілдің тағайындалған болуы әрі оған құрбандықты шалу әмірін беруі шарт.

4. Мал жасының дұрыстығы. Түйе - бес жасар, ірі қара - екі жасар, ешкі - бір жастан асқан болуы шарт. Қой малының бір жасқа толмағанын шалса да болады.

5. Құрбандық оны шалушы кісінің мүлкі болуы.

6. Құрбандық малының бойында жүдә кемістік болмауы. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: бір көзінің соқырлығы, ауру-сырқауы, ақсақтығы айрықша байқалатын мал, жілік майы үзілген жүдең мал»,-деген. Хадистегі «айрықша байқалатын» деген сөздің мағынасы мал бойындағы кемістіктің айрықша байқалатын мөлшерді құрамауын шарт қылып, азғантай мөлшердегі кемістіктің есепке алынбайтынын сілтейді. Себебі мал бойында мүлде мін болмауы мүмкін емес.

7. Дұрыс уақытта шалынуы. Құрбан шалу уақыты Құрбан айт намазынан кейін кіреді. Құрбандықты айттың бірінші күні шалған абзал. Құрбан шалынатын мерзім бұдан кейінгі екі күнге жалғасып, соңғы күннің күні батуымен (ақшам намазы кіргенде) аяқталады. Құрбан шалуы уәжіп кісі белгіленген мерзімді өткізіп алса, мойнынан міндетті түсіру үшін құрбан шалудың орнына садақа беруі уәжіп.

8. Құрбандықтың шалынуы. Құрбан шалудың орнына малдың өзін тірідей не құнын садақа етуге болмайды.

Құрбандық шалған кезде төмендегі абзал (мустахаб) амалдарға да назар аударған жөн:

Малды Құрбан айттан бұрын құрбандыққа дайындау. Құрбандық шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу. Құрбандық малын шалынатын орынға сүйретпей, ұрмай-соқпай әдеппен апару. Құрбандыққа малдың ең жақсысын таңдау. Малды құрбан шалушының өзі бауыздау. Құрбан шалушы кісі мал бауыздауды білмесе не әйел кісі болса, малды қинап қоймас үшін, бауыздау ісін басқа мұсылманға тапсырғаны абзал. Сондай-ақ өзінің құрбандығының қасында тұруы абзал. Құрбандық малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу және дұғасын айту. Құрбандық шалу кезінде хадистерде келген дұғаларды айту ұнамды іс (мұстахаб) саналады. Құрбандықты бауыздау сәтінде шартты (міндетті) түрде бисмиллә сөзі айтылады. Ал дұға бисмиллә сөзінің алдында, құрбандықты бауыздардан алдын не құрбандық бауыздалғаннан соң жасалады. Құрбан бауыздалып жатқанда бисмиллә сөзіне дүға қосып айту ұнамсыз (макруһ) амал саналады. Бауыздар алдын не бауыздаған соң айтылатын дұға, келесі хадисте келген бейнеде айтылуы абзал саналады. Жәбир ибн Абдулла: «Пайғамбар (с.ғ.с) құрбандыққа мүйізді, піштірілген, ноғала екі қошқарды құрбандыққа шалды. Ол екеуін құбылаға бағыттап, жатқызған соң: «Көктер мен жерді жаратқан Аллаға нағыз мұсылманша жүзімді жөнелттім. Мен Аллаға серік қосушылардын емеспін. Расында намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы Алла үшін. Оның серігі жоқ. Маған осылай істеуім бұйырылды және мен мұсылмандарданмын. Аллам бұл – Сенен және сен үшін. Бисмилләһи Аллаһу акбар»,-деді деген. Бұл дұғаны білмесе «Иә, Алла Тағалам, осы құрбандығымды досың Ибраһим мен сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға айтуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылады да «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп оң қолымен бауыздайды. Малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра, әдейі бисмилләһ деп айтпаса, ханафи мәзхабы бойынша ол малдың етін жеуге болмайды. Құрбан шалатын адам малды қинамай, өткір пышақпен жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі қажет. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды және бауыздалып, жаны әбден шыққаннан кейін ғана, малды сойған дұрыс. Құрбандық етінің үштен бірі пақырларға садақа етіліп, үштен бірінен туыс-таныстарға тағам әзірленіп беріліп, қалған үштен бірі отбасына қалады. Кімде-кім, құрбандықтың етін толығымен садақа еткісі келсе, рұқсат етіледі. Бұлай жасау нұр үстіне нүр болмақ.

Құрбандыққа қатысты ұнамсыз (макруһ) істер:

Құрбандыққа арналған малдың жүнін қырқу, сүтін пайдалану, құрбандыққа атаған малды сату, құрбандық малын міну, жүк тасуға пайдалану, жалға беру, бауыздалып, жаны әбден шықпай сою, құрбандықтың етін не жүнін не терісін сату, қасапшының жалақысын құрбандықтың етімен төлеу сияқты жоғарда аталған істердің барлығы харамға жақын макруһ амалдардан болып саналады.

Ташриқ тәкбірлері

«Ташриқ» деп, етті күннің көзіне жайып кептіруді айтады. Айттан кейінгі үш күнде құрбандыққа шалынған малдардың еттерін күнге кептіру әдетке айналғандықтан, бұл күндер ташриқ күндері деп аталып кеткен.

Алла Тағаланың: «Санаулы (ташриқ) күндері Алланы еске алыңдар!» («Бақара» сүресі: 203) бұйрығына байланысты ташриқ тәкбірін айту балиғатқа толған әр мұсылманға уәжіп. Ташриқ тәкбірлерінің уақыты ханафи мазһабында 9-шы зүл-хижжа Арафа күнінің таңында басталып, 13-ші зүл-хижжаның екінді намазымен (тамыз айының 31-і күні таң намазынан басталып, қыркүйек айының 4-і күні екінді намазынан кейін) шығады. Яғни 23 намаздың соңында айтылады. Ханафи мәзһабінің ташриқ тәкбірлерінің уақытына қатысты ұстанатын пәтуәсі – Әбу Юсуф пен Мұхаммадтің көзқарасына негізделеді. Жәбир (р.а.) былай деді: Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Арафа күні таң намазын оқыған соң, сахабаларына бұрылып: «Орындарыңда қалыңдар!»-деді және: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лиллаһил хамд» сөздерін айтты. Осылайша, Арафа күнінің таңынан (таң намазының парызынан кейін) соңғы ташриқ күнінің екінді намазына дейін тәкбір айтатын (Ад-Дарақутни жеткізді).

Ташриқ тәкбірін мейлі жамағатпен, мейлі жалғыз атқарылған әр парыз намазынан соң ер адамдарға да, әйел кісілерге де бір мәрте айту уәжіп. Бұдан көбірек айту мустахап. Ер адамдар тәкбірді көтеріңкі дауыспен, ал әйел кісілер іштерінен айтады. Айт намазы мен үтір намазынан кейін айтылмайды. Сол секілді тұрғылықты кісіге де, жолаушы кісіге де парыз намазынан кейін ташриқ тәкбірін бір мәрте айту уәжіп. Намазға кешігіп қосылған кісі де өткізіп алған рәкәттәрін толықтырған соң тәкбір айтады. Ибн Омар мен Анас ибн Мәлик (р.а.) Арафа күні таң уақытында Минадан Арафаға барғанда, жолаушы бола тұра ташриқ тәкбірлерін айтатын (Әл-Байһақи жеткізді).

Ташриқ тәкбірінің бейнесі: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа илләллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лилләһил хамд».

»32. Ал енді жалпы «Арафа» сөзі «танысу» деген мағынаны білдіреді. Яғни адамзаттың атасы Адам (а.с.) мен Хауа ананың жер бетіне түсіп, Арафат тауында табысқан күні. Зүлхижжа айының 9-шы жұлдызын Арафа күні дейміз. Бұл күні қажылық рәсімдерін атқарып жатқан жандар үшін Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауында бір мезет болса да тұру парыз болып есептеледі. Қасиетті тауға аяғы тиген әр пенде Жаратқанға барынша жақындағандай, жүздескендей күй кешеді. Алла Тағала да олардың тілек-дұғаларын қабыл алады, күнәларын кешіреді.

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім, Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады»,-деген. Демек, кімде-кім, Арафат тауында бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады.

Арафа күнінен кейін, Зүлхижа айының 10-жұлдызында Меккеге барған тауапшылар (қажылар) қажылық парызының соңғы міндетін – Құрбан айт мейрамының шарттарын орындауға кіріседі. Бұл күндері қажылармен бірге, бүтін мұсылман қауымы Алла разылығы үшін құрбандық шалады.

Сонымен қатар зүлхижжа айының алғашқы тоғыз күнінің артықшылығы жайлы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде былай деп баяндалған: «Алла Тағала ізгі амал істелген күндердің ішінде осы күндері (яғни, Зүл-хижжәнің алғашқы он күнінде) істелгенін ерекше жақсы көреді», - деп айтты. Адамдар: «Я, Расулулла (с.ғ.с.)! Осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болғаны ма?», - деп сұрағанда Расулулла (с.ғ.с.): «Адам баласы, Алла жолына өз жаны мен малын құрбан етіп, жан тапсырған болмаса, осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла жолында күресуден артық болады», - деп жауап берді.» (Хадисті Ибн Аббастан (р.ғ.) имам Бухари риуаят етті.)

Құрметті мұсылман бауырлар! Жоғарыдағы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде баян етілгендей зүлхижжа айының алғашқы 9 күнін кімде-кім, оразамен өткізетін болса, үлкен сауапқа кенелетіндігін ұмытпаған жөн.

2017 жылдың Зулхижжа айының 9 күндік нәпіл оразасы (Қостанай қаласы үшін)

Мезгілі 23.08. 24.08. 25.08. 26.08. 27.08. 28.08. 29.08. 30.08. 31.08.
Сәресінің аяқталуы 04:37 04:39 04:42 04:44 04:47 04:49 04:52 04:54 04:57
Ауыз ашар уақыты 21:01 20:58 20:56 20:54 20:52 20:49 20:47 20:45 20:42

Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін. Жаратқан Иеміз құлшылықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей! Қасиетті орындарда қажылық парыздарын өтеу үшін жолға шыққан бауырларымызға дін аман елге оралуды жазғай! Алла Тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз – Исламға күш-қуат бергей! Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалғалы жатқан құрбандықтарыңыз қабыл болғай! Әмин.


Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

алдыңғы мақала
Құрбан айт мүбарак болғай!

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником
Рейтинг@Mail.ru