Жалпы адамзат баласының мінез құлқы қоғамда үлкен күшке ие деп айтсақ артық емес. Өйткені қоғамның негізін салған адамзат баласы, ал адамды тәрбиелейтін мінез құлық. Мұсылманның қоғамдағы орны сенімімен, ғибадатымен қалай ерекшеленсе, сол сияқты мұсылман өзінің мінез-құлқымен де және жүріс тұрысымен де ерекшеленеді
Мұсылманның қоғамдағы рөлі өзінің салмақтылығымен кішіпейіл болуы және абзал істерге ұмтылуы, қоғамдағы әрбір істі ықыласпен істеуі, әлсіздерге жұмсақ болуы, күштілерге әлсіздік танытпауы, жақсы істерге аянбай қызмет етуі, күнаһар болсын, тақуа болсын екеуінің құқығын бірдей бағалауы.
Ардақты пайғамбар (с.ғ.с) саналы ғұмырын негізінен көркем-мінезді дәріптеуге арнады.
«Көркем-мінез» жайлы білмек болған бір кісіге Пайғамбарымыз (с.ғ.с): خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ
(Ей, Мұхаммед!) «Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер» деген аятты оқып [Ағраф-199].
«Көркем мінез – туыстық қарым - қатынасты үзгендермен арадағы аралас - құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің» Реті келгенде жылы жүзбен кісіге күле қарағанның өзі садақа болып есептелсе, кісі көңілін қалдыру мұсылмандар үшін аса қасиетті, киелі Қағбаны жыққанмен бірдей деп бұның маңыздылығына үмбетінің назарын ерекше аудартқан.
Пайғамбармыздың (с.ғ.с) басты ерекшелігінің бірі- халыққа тек құрғақ үгіт-насихат айтып қана қоймай, оны өзінің нұрлы өмірі арқылы өрнектеп көрсете білді. Сондықтан да жомарттық, әділдік, шынайылық, шыншылдық, сенімділік, мейірімділік, тақуалық, сабырлық қасиеттерінің биік шыңында қашан да ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) тұрады. Асылында мінез тепе – теңдігін әркез сақтау – жеңіл іс емес. Мысалы: бір адам аса жомарт бола тұра оның сол жомарттығы дарақылыққа, ысрапқа апаруы бек мүмкін немесе аса үнемшіл, ұқыпты боламын деп жүріп сараңдыққа бой алдыруы да ықтимал. Батыр қаһарман болуы мүмкін, бірақ бұл қасиеттің де өз арнасынан шығып, алды – артын аңдамайтын, жақсы- жаман деп талғамайтын бір-беткей қатыгездікке ұласуы да ғажап емес. Ал Пайғамбарымыз(с.ғ.с) болса ешбір жақсы қасиетті екінші бір қайшылық тудыратын қасиетпен шатастырмаған және өз арнасынан асырмаған. Ал Алла Елшісі (с.ғ.с) ержүрек, батыр және мұнысымен қоса мейірбан, рақымды және кішіпейіл болған.
Көркем мінез жайлы бабамыз Ж. Баласағұни осы өлең шумақтарымен керемет жеткізе білген.
Кісіге екі дүниеде пайдалы,
Ізгі іс немесе мінезі түзулік.
Екіншісі ұят, үшіншісі әділдік.
Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады.
Қасиетті Құран Кәрімде:
إِنَّ اللّهَ لاَ يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُواْ مَا بِأَنْفُسِهِمْ
«Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Аллаһ оны өзгертпейді» [Рағд-11]. Абайдың сөзімен айтқанда ниет болса, мінезді өзгертуге болады. Мінез – кез келген адамның айнасы. Мінез туа біте қалыптасқанымен оны түзеуге болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз сөзінде былай дейді:
إنما بعثت لأتمم مكارم الأخلاق
«Шындығында мен мінез-құлықты толықтыру үшін жіберілдім.»
Көркем мінезділікке қол жеткізу – жүрек тазалығының белгісі.
Мысалы, бір адам отанына, қала берді бүтін адамзатқа пайдалы қызмет еттік делік, алайда жергілікті билікті мойындамаса, тәртіптеріне бағынбаса істеген әрекеттерінің пайдасы болмайды, тіпті жазалануы да мүмкін.
Пайғамбарымыз(с.ғ.с) соншалықты көркем мінез иесі бола тұра:
اللهم احسن خلق كما احسنت خلق
«Раббым жаратылысымды әдемі қылып жаратқаныңдай, мінезімді де көркем ет» деп үнемі Алла Тағаладан жалбарына сұраған.»
Көркем мінез – дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз бен сахабалар секілді іспен көрсете білсек және оның өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашалған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек.
Айбек Аманқосұлы Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы