Иман шарттарының бірі жақсылық пен жамандықтың бір Алладан екендігіне сену. Олай болса, әрбір мұсылман баласы басына келген жақсылыққа шүкір етіп, қандай да бір қиындыққа сабыр етуі міндетті.
Адам баласы Алланың нәсіп еткен тағдырына разы болып, кез-келген қиындықтарға, дерттерге сабыр етуі қажет. Сабыр ету деген сөз, басқа түскен қиындықты әркімге айтып шағымданбау. Қиындыққа сабыр етіп, Алладан медет сұрағандарға Алла береді және қиындықтан шығудың жолын сұрап, Алладан жәрдем тілесе, Жаратушы Раббымыз оның дұғасын қабыл етеді.
Шындығында Алла Тағала өз құлдарына қандай да бір дерт, қиыншылық жіберу арқылы жасаған кемшіліктерін кешіреді. Өйткені адамда барлық істің үнемі жақсы болуы, өз Жаратушысын ұмытуға, тіпті Оған қарсы шығуға, харам істер істеуге итермелеуі ықтимал.
Сағид бин Әбу Уаққастан жеткен хадисте: «Ей, Алланың Елшісі! Қандай адамға ең қиын сынақ беріледі?– деп сұрадым. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Пайғамбарларға, сосын сол секілді, сосын сол іспетті адамдарға. Кісі дініне қарай сыналады. Егер діні берік болса, сынағы қатая түседі. Ал, діні әлсіз болса, иманына байланысты сыналады. Пендені қиыншылық пен пәлекет бойын тазартпайынша, тәрк етпейді»,– деді. Демек, сынақтың мақсаты – мұсылманды қинау емес, керісінше оны шыңдау, шынайы сенім шыңына шығару екен. Түрлі тауқымет-қиындыққа төзіп, иманы шыңдалған адам нағыз иманның дәмін сезінеді. Ал, бұл деген сөз – ешбір дүниеге бергісіз сезім.
Ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Кімде-кім, тұрмысының таршылығын шағымданып таң аттырар болса, ол Раббысына шағымданғандай болады. Ал, кім дүниелік іс үшін өкініп таң аттырса, Алла Тағалаға ашуланып таң атырғандай болады...»,-деген сөзі бар. Осы мәселе Құранда былайша баяндалған:
وَمِنَ النَّاسِ مَن يَعْبُدُ اللَّهَ عَلَى حَرْفٍ فَإِنْ أَصَابَهُ خَيْرٌ اطْمَأَنَّ بِهِ وَإِنْ أَصَابَتْهُ فِتْنَةٌ انقَلَبَ عَلَى وَجْهِهِ خَسِرَ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةَ ذَلِكَ هُوَ الْخُسْرَانُ الْمُبِينُ
«Көңілінде күмәні бола тұрып, Аллаға ғибадат жасайтын адамдар бар. Егер басына жақсылық жетсе, ондайлар дінде тұрады да, сәтсіздікке ұшыраса, діннен безіп шығады. Ондайлар бұл дүниеде де, ақыретте де зиян шегеді».
Пайғамбарымыз (ﷺ) бір сөзінде былай дейді:
عن أبي يحيى صهيب بن سنانٍ رضي الله عنه قَالَ: قَالَ رسولُ الله صلى الله عليه وسلم:
عَجَباً لأمْرِ المُؤمنِ إنَّ أمْرَهُ كُلَّهُ لَهُ خيرٌ ولَيسَ ذلِكَ لأَحَدٍ إلا للمُؤْمِن : إنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكانَ خَيراً لَهُ ، وإنْ أصَابَتْهُ ضرَاءُ صَبَرَ فَكانَ خَيْراً لَهُ
«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қандай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді – бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлық танытады – бұл оған қайырлы».
Яғни бұл хадисте мұсылманның қандай жағдайда болса да бір қалыпты, еш уайымдамай қиыншылықтар мен ауыртпашылықтарға төзетінін және ол мұсылманның ең негізгі қасиеттерінің бірі екенін айтқан.
Жалпы сабырға қатысты аяттар мен хадистер көп болса да, іс жүзінде амалға аспай жататындығы белгілі. Қиыншылыққа тап болған сәттен-ақ, көңіл-күйіміз түсіп, төбемізге бұлт үйіріліп, жүктің бәрін өзімізге ғана артқандай күй кешеміз. Кейде Алла Тағалаға тікелей шағым айтпағанмен, іс-әрекетімізбен, тілімізбен айтып қалып жатамыз. Алла Тағала Құранда былай деп ескертпеді ме:
وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفِ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِين
«Әрине, сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед (ﷺ) сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр!».
Пайғамбарымыз (ﷺ) өсиет сөзінде:
مَا يَكُونُ عِنْدِي مِنْ خَيْرٍ فَلَنْ أَدَّخِرَهُ عَنْكُمْ , وَمَنْ يَسْتَعْفِفْ يُعِفَّهُ اللَّهُ , وَمَنْ يَسْتَغْنِ يُغْنِهِ اللَّهُ , وَمَنْ يَتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ ، وَمَا أُعْطِيَ أَحَدٌ عَطَاءً خَيْرًا وَأَوْسَعَ مِنَ الصَّبْرِ
«Қолымда тағы бір игілік болса, сендерден әсте аямаушы едім. Кім сұраудан ұялса, Алла оның жанын пәк етеді. Кім қанағатшылдық танытса, Алла оны басқаға мұқтаж болудан сақтайды. Кім сабыр етуге ұмтылса, Алла оған сабыр береді. Ешкімге сабырдан артық мол игілік берілмеген».
Бұған қатысты қасиетті Құран Кәрімде былай делінген:
إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ
«Сабыр еткендерге сияпаттар есепсіз беріледі».
Фәни дүниеде кез-келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні рас. Өйткені, өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Алла Елшісінің (ﷺ): «Мұсылманның шаршау, ұзақ сырқат, мазасыздық, көңілсіздік, жағымсыз нәрсе, уайым-қайғыға тап болуы, тіпті тікеннің өзі арқылы Алла оның істеген қателіктерін кешіреді», - деген сөзінің арқасында кез-келген қиыншылық ешнәрсе болмай қалатындығын дұрыс ұғынуымыз керек.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмір жолына қарар болсақ, Оның (ﷺ) сабырлық танытқан оқиғалары өте көп. Сол кезде танытылған сабырлықтың қазіргі кездегі жемісі, біз көріп тұрған – Ислам діні. Сондықтан әрбір адам өмірінде бір нәтижеге қол жеткізуі үшін сабыр етуі қажет.
Сабырлық – қиындықтар мен қайғылы жағдайларда адам баласына күш-қуат беріп, басын идірмей, аяғын нық басуға көмекші болатын ерекше қасиет. Адам баласы сабыр ету арқылы тағдыр тауқыметінің кез-келген түрін жеңіп шықпақ. Жазылмас дертке шалдығу, дүниенің қызығын тамашалайтын қос жанардан айырылу пенденің басына келетін ауыр жағдайлардың бірі. Дегенмен, Жаратқанның жазғанына разылық білдіріп, жалғанның қиындықтары мен ауыртпалықтарына сабыр ете білу мұсылманды күмәнсіз Алланың сүйіспеншілігіне бөлеп, ақыретте мол сауапқа кенелтеді. Бұл жайында Құранда:
وَاللَّهُ يُحِبُّ الصَّابِرِينَ
«Алла сабыр етушілерді сүйеді»-делінсе, Құраннның келісі бір аятында сабыр етушілерге қатысты Алла Тағала былай дейді:
وَلَنَجْزِيَنَّ الَّذِينَ صَبَرُواْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз».
Бірде сахаба Муғаз бин Жәбәл (р.а.) былай дейді: «Ұлым қайтыс болғанда Алланың Елшісі (ﷺ) маған хат жолдады. Ол хатта былай делінген: «Алланың Елшісі Мұхаммедтен (ﷺ) Муғаз бин Жәбәлға (р.а.)! Әуелі өзінен басқа ешқандай тәңір жоқ Аллаға мақтау болсын. Алла сауабыңды арттырсын. Саған сабыр берсін. Бізге әрі саған шүкір ете білуді нәсіп етсін. Расында біздің жанымыз бен малымыз, әйел, бала-шағамыз және олардың малдары Алланың бізге берген тәтті сыйлары, әрі уақытша жанымызда қалдырған аманаттары болып табылады. Алла саған ол баланы беру арқылы сені қуанышқа бөледі. Ал қазір үлкен сауап бере отырып, оны сенен алды. Егер сабыр етсең, үлкен сауапқа кенелесің. Байқа, қайғы-қасіретің сауабыңды жойып жібермесін. Кейін өкінетін боласың. Біліп қой! Жылап-сықтау өліні кері қайтармайды, қайғыңды да сейілтпейді. Болар іс болды». Бұл хадис өлімге көңіл айтудың ғибратты үлгісі. Сондықтан, әрбір мүмин жақын туысынан айырылған кезде Пайғамбарымыздың (ﷺ) Муғаз бин Жәбәлға (р.а.) жолдаған осы бір хатын есіне ала отырып, оны тап өзіне айтылғандай сезіне білсе, нұр үстіне нұр болмақ. Сондықтан үмметі саналатын біз үшін екі дүние ардақтысы болған Алла Елшісінен (ﷺ) алар өнегеміз өте көп.
Басқа түскен қиындықтың соңы зор кешірімге ұласатынын түсіндіріп берген бір сүйінші хадисте:
قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ" :مَا مِنْ مُصِيبَةٍ تُصِيبُ الْمُسْلِمَ إِلا كَفَّرَ اللَّهُ عَنْهُ بِهَا حَتَّى الشَّوْكَةِ يُشَاكُهَا" رواه البخاري.
«Мұсылманның басына түскен мусыбаты арқылы Алла Тағала оның күнәсін қәффарат етеді, тіпті аяғына кірген тікен болса да».
Өмірдің талай-талай тауқіметін тартқан ата-бабаларымыз басынан өткеннің барлығын ұрпағына өсиет-өнеге етіп қалдырып отырған. Өмірдің болмашы сәтсіздіктері мен ауыр қайғы-қасіретіне душар болғандарға: «Күніне мың бір бәле көрсең-дағы, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп, адамның қандай қиындыққа тап болғанына қарамастан, сенімге селкеу түсірмей, мұсылмандық болмысты сақтап қалуды ескерткен.
Расында сабыр – адамның рухани тірегі. Сондықтан пенде әрдайым үмітпен ғұмыр кешеді. Қандай ауыр жағдайда да, адамның кеудесінен үміт отының өшпеуі, ең алдымен сол сабырға байланысты. Қанағат та, ынсап та сабырдан тірек табады. Сондықтан, қазақ халқы: «сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп, сабырды барлық үлгілі қасиеттердің қайнар бұлағына балайды.
Ислам ғұлама-ғалымдарының сабыр жайлы өсиеттеріне тоқталып өтсек:
Мұхаммад ибн Амр (р.а.) Омар ибн Абдулғазиздің (р.а.) мінберде тұрып былай деп айтқанын естідім дейді:
مُحَمَّدُ بْنُ عَمْرٍو قَالَ: سَمِعْتُ عُمَرَ بْنَ عَبْدِ الْعَزِيزِ يَقُولُ عَلَى الْمِنْبَرِ: " مَا أَنْعَمَ اللَّهُ عَلَى عَبْدٍ نِعْمَةً فَانْتَزَعَهَا مِنْهُ، فَعَاضَهُ مَكَانَ مَا انْتَزَعَ مِنْهُ الصَّبْرَ، إِلَّا كَانَ مَا عَوَّضَهُ خَيْرًا مِمَّا انْتَزَعَ مِنْهُ، ثُمَّ قَرَأَ: {إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسَابٍ} الزمر: 10 "
«Алла Тағала бір құлына нығмет беріп, кейін оны алып қойып, оның орнына оған сабыр беретін болса, онда Алланың бергені алғанынан қайырлы болады». Кейіннен Құранның мына аятын оқыды: «Сабыр еткендерге сияпаттар есепсіз беріледі».
Ғолиб әл-Қаттан (р.а.) Хасан әл-Басридің (р.а.) былай деп айтқанын естідім деген:
غَالِبٍ الْقَطَّانِ قَالَ: سَمِعْتُ الْحَسَنَ، يَقُولُ» :الصَّبْرُ كَنْزٌ مِنْ كُنُوزِ الْخَيْرِ، لَا يُعْطِيهِ اللَّهُ إِلَّا لِعَبْدٍ كَرِيمٍ عَلَيْهِ«.
«Сабыр – ол хайырлы қазыналардан болған бір қазына. Оны Алла Тағала тек сабырлылық етуге ықыласты құлына ғана береді».
Алладан келген әрбір істің астарында не жасырынғанын, нәтижесі қалай болатындығын әлбетте пенде толық түсінбейді. Құран Кәрімде бұған қатысты былай делінген:
وَعَسَىٰ أَن تَكْرَهُوا شَيْئًا وَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ ۖ وَعَسَىٰ أَن تُحِبُّوا شَيْئًا وَهُوَ شَرٌّ لَّكُمْ ۗ وَاللَّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ
«Сендер бір нәрсені ұнатпағанмен, ол сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал сендер бір нәрсені жақсы көргенмен, ол сендер үшін жамандық болуы мүмкін Алла біледі, сендер білмейсіңдер». Бұл аяттың мағынасына терең бойлаған адам Алладан келген істердің хикметін біліп, шүкірлік сезімі артып, сабырға келері хақ.
Арқалық қалалық
«Мухтасиб Әлмұхаммед»мешітінің
Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы
1 Хаж сүресі, 11-аят.
2 Имам Бухари және имам Муслим риуаят етті.
3 Бақара сүресі, 155-аят.
4 Имам Бухари және имам Муслим риуаят етті.
5 Зүмәр сүресі,10-аят.
6 Имам Бухари және имам Муслим риуаят етті.
7 Әли-Имран сүресі, 146-аят.
8 Нахл сүресі, 96-аят.
9 Имам Хаким, «әл-Мустадрак».
10 Имам Бухари риуаят етті.
11 Зүмәр сүресі,10-аят.
12 Бақара сүресі, 216-аят.
Қызылды-жасыл дүние қызығына беріліп, өмір сүріп жатқан қоғамымызда біз көбіне дәулеті бізден артқан кісіге көз тігіп, соның деңгейіне жетуді аңсап, ғұмыр кешудеміз.
Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық астыңдағы жалғыз атыңды сойғызады. Адам бұл өмірде бақытты болуы үшін, Аллаға шүкір етіп, барға қанағат етуі керек.
Екі көз тек топыраққа тоятының естен шығарып, бар нәрсемізге қанағат тұтпай, дүниеге берілуіміз, көлігіміз бола тұра, оданда әдемісін мінгіміз келетіні қанағаттың жоқтығының белгісі. Киімнің ең жақсысын, әшекей бұйымнын ең қымбатын алғымыз келеді. Бұл әрекеттер ашкөздіктен, жүректе қанағаттың жоқтығынан туындайтын дерт. Адамға байыған сайын байысам деген ой келіп, рухани құлдырауға душар болады. Алла Тағала Исра сүресінің 27 аятында:
إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُوا إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ ۖ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورًا
«Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!»-деп, ысырап етіп, азға қанағат етпейтін кісілерді шайтанның досына айналатындығын ескертті.
Қай мәселеде де ысырап етудің дұрыс емес екендігін Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына хадисінен аңғаруға болады:
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رضي الله عنهما أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَرَّ بِسَعْدٍ وَ هُوَ يَتَوَضَّأُ فَقَالَ : مَا هَذَا السَّرَفُ يَا سَعْدُ؟ قَالَ : أَ فِي الْوُضُوءِ سَرَفٌ؟ قَالَ : نَعَمْ، وَ إِنْ كُنْتَ عَلَى نَهْرٍ جَارٍ. روى الإمام أحمد (6768) و ابن ماجة (419).
Пайғамбарымыз (ﷺ) бірде Сағыдтың дәрет алып жатқаның көріп, оған: «Әй, Сағыд! Бұл не деген ысырап?»-дейді. Сонда Сағыд (р.а.): «Дәрет алу үшін қолданылған судың да ысырабы болады ма?»-деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Әрине, тіпті ағып тұрған өзеннің жағасында тұрып дәрет алсаң да», - деп жауап берді.
Ең дұрысы, өзіңнен жағдайы тәуірге емес, керісінше әл-ауқаты өзіңнен төмендеу кісіге көз салып, шүкір ете білуді үйренуіміз қажет екендігін ұмытпағанымыз жөн.
Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ), өзінің сүйікті қызы Фатиманы түйе жүнінен тоқылған киіммен, бидай тартып отырғанын көріп, былай дейді: «Ей, Фатима! Бұл дүниенің кедейлігі мен ауыртпалығына шыда, себебі арғы дүниеде сені жұмақ пен рахат күтіп тұр».
Бірде Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) қарапайым күн кешуін көріп: «Әй, Алланың Елшісі! Патшалар жұмсақ мамықта жатады, ал Сіз болсаңыз жұқа төсеніште жатырсыз. Сіз, Алланың Елшісі емессіз ба! Сондықтан басқаларынан қарағанда ерекше қошемет пен құрметке Сіз лайықты емессіз ба!»-деді. Оған Алланың Елшісі (ﷺ): «Ей, Омар! Бұл дүниенің рахаты мен қызығы оларға, ал арғы дүниенің рахаты мен ләззәті бізге қалуын қаламайсың ба?» - деді.
Алланың Елшісі (ﷺ) және әділетті халифалар (р.а.) қарапайым ғұмыр кешіп, азға қанағат етіп, олардың дүние соңына түспегендігі сөзсіз ақиқат.
Омар (р.а.) мұсылмандардың әміршісі болған уақытта Сирия, Палестина, Иран, Мысыр елдері ашылып, мұсылман елдеріне айналды. Мәдина қаласына Византия мен Парсы елдерінің байлықтары молынан ағылды. Мәдинаға келген бұл мол байлықтың арқасында сол уақытта өмір сүрген мұсылмандардың жағдайы жақсарса да, мұсылмандардың әміршісі болған Хаттаб ұлы Омар (р.а.) ол байлықтың еш біріне де қызықпады. Жұма күні хұтпаға бірнеше жерден жамалған шапанымен шығып, таяғына сүйеніп көшелерді аралап, мұсылмандардың жағдайын сұрап, мұң-мұқтаждарын шешумен болды.
Тіпті мұсылмандардың әміршісі Омар (р.а.) құлымен бірге түйемен Шам еліне сапар шеккен уақытта, әлгі түйеге кезектесіп мініп барған еді. Шам еліне кірер уақытта кезек құлына келгенде: «Енді сенің кезегің келді. Түйеге мін» - деп бұйырады. Сол кезде құлы: «Мұсылмандардың әміршісі! Халық мені халифа деп ойлап қалар» - деген сөзіне қарамастан Омар (р.а.) құлын отырғызып, өзі жаялатып кірген.
Жалпы Омар (р.а.) халифа қарапайым ғұмыр кешті. Мемлекетке түскен түсімнен тек өзіне жеткіліктісін ғана алды. Кей уақыттарда Омардың (р.а.) мұқтаждық көріп жүргенін көрген сахабалар, оның алатын жалақысын көтеруді қалады. Алайда Омардың (р.а.) өзіне айтуға ұялып, қызы Хафсаға (р.а.) айтқан. Хафса (р.а.) бұл мәселені әкесіне айтып жеткізгенде, Ол (р.а.): «Қызым! Пайғамбарымыздың (ﷺ) қалай тамақтанып, қалай киінгені есіңде ме?» - деп сұрады. Сонда Хафса: «Иә, Ол (ﷺ) тек өзіне қажетті болғанын ғана алатын»,-дегнеде, Омар (р.а.): «Менің екі досым және мен, бір сапардың жолаушыларымыз. Бізден бірінші болып белгіленген жерге сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) жетті. Одан кейін сол жолмен Әбу Бәкір (р.а.) жүріп өтті. Ал олардан кейін үшінші мен болғым келеді. Менің жолға алған жүгім көп болса, ол екеуіне жете алмай қаламын ба деп қорқамын. Әлде сен менің, сол жолда үшінші болуымды қаламайсың ба?» - деп сұрайды.
Әрине, адам қарапайымдылықты ту етіп, азға қанағат, барға шүкір етудің сауапты іс екенін түсінер. Алайда, шынайы мұсылман осы нәрселерді жүзеге асырып, өмір жолын осы принциптерге сай өткізері сөзсіз.
Жітіқара аудандық
«Ержан Тәтішев» мешітінің
бас имамы С. Есмурзин
1 Имам Ахмад және имам Ибн Мәджә риуаят етті.
2 Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.
Бұл дүниеде барлығына да, ал арғы дүниеде тек иман келтіргендерге ғана мейірімділік танытатын Алла Тағаланың атымен бастаймын.
Мұсылманды өзгелерден ерекшелейтіні, бойындағы адамгершілік қасиеттері. Адамгершілік пен кішіпейілділік кез-келген мұсылманның қаруы әрі қорғаны. Әр мүмін мұсылман, басына түскен ауыр тауқыметті, әрбір келеңсіз жәйтті, Алла Тағаланың берген сынағы деп қабылдайды. Нендей оқиғаға тап болсада, сабырға келіп, ашу-ызаға жол бермеуге тырысады. Бұл жөнінде қасиетті Құран Кәрімде Ұлы Жаратушы Иеміз былай деген:
﴿ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ ﴾
«(Ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайынын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар».
Ал Әбу Һурайраның (р.а.) ардақты Пайғамбарымыздан (ﷺ) жеткізген хадисінде ашуға берілмеудің маңыздылығы турасында былай делінген:
عن أبي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عنهُ، أنَّ رَجُلاً قالَ للنبيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَوْصِنِي، قالَ: ((لا تَغْضَبْ)) فَرَدَّدَ مِرَاراً، قالَ: ((لا تَغْضَبْ)). رواهُ البخاريُّ.
«Бірде, Пайғамбарымызға (ﷺ) бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Маған кенес беріңіз?» - деп өтінгенде, Ол (ﷺ): «Ашуға берілме!» - деді. Кейіннен әлгі кісі осы сұрағын бірнеше мәрте қайталаған еді, Пайғамбарымыз (ﷺ) да сонша рет: «Ашуға берілме!» - деп жауап қатты».
Алла Елшісінің (ﷺ) осынау сөзіне сүйенер болсақ, кез келген жағдайда сезімге емес, керісінше сабырға жүгіну қажет екендігі айқындалуда. Себебі, ашушандылықтың кесірінен қанша шанырақ күйреп, адамдар арасындағы қаншама қарым-қатынас бұзылуда.
Кез келген уақытта, қандай да бір келеңсіз оқиғаға тап бола қалған жағдайда қалайша сабыр ету керектігін Пайғамбарымыз (ﷺ) үйретіп кеткен. Осы жөнінде Алла Елшісі (ﷺ) мына хадисте былай деп баян етеді:
عن النبي صلى الله عليه وسلم أنه قال)): إذَا غَضِبَ أَحَدُكُمْ فَلْيَسْكُتْ)) رواهُ أحمد.
«Егер де біреулеріңнің ашу-ызасы келсе, онда үндемесін». Ал келесі мына бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген:
قال رسول الله صلى الله عليه وسلم : (إِذَا غَضِبَ أَحَدُكُمْ وَهُوَ قَائِمٌ، فَلْيَجْلِسْ، فَإِنْ ذَهَبَ عَنْهُ الْغَضَبُ، وَإِلَّا فَلْيَضْطَجِعْ ) رواه أحمد (5/152) ، أبو داود (478).
«Егер де біреулеріңнің ашу-ызасы келіп, ол тұрып тұрған болса отырсын, осылайша оның ашуы тарқайды».
Сонымен қатар, Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (ﷺ) нағыз мықты адам жөнінде былай деген екен:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «لَيْسَ الشَّدِيدُ بِالصُّرَعَةِ، إِنَّمَا الشَّدِيدُ الَّذِي يَمْلِكُ نَفْسَهُ عِنْدَ الغَضَبِ» متفق عليه.
«Біреуді жерге жығып, жеңіске жеткен адам мықты емес, алайда бойындағы ашуына ұстамды бола білген нағыз мықты» .
Демек, күш-құаты асып-тасыған нағыз ер жүрек, батыр емес, нағыз мықты ашу-ызасына ұстамдылық танытып, Алла тарапынан келген кез-келген сынаққа сабыр ете білген адам.
Әлемдердің жаратушысы Алла Тағаланың кәләм шәрифінде және ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) мүбәрәк хадистерінде адам баласына ашушаңдылықтан гөрі сабырлықтың маңызды екендігі көп ескертілгендігіне көз жеткіздік. Тіпті, қазіргі таңдағы медициналық зерттеулердің өзі осыны айғақтап дәлелдеуде.
Медициналық дерек көздерге жүгінер болсақ, ашушандылық түрлі ауруларға себеп болатындығы көрсетілген. Ең алдымен жүрек қан тамырлар жүйесі ауруларының пайда болу мүмкіндігін арттырады. Адам ашуланған уақытта қан тамырлары жиырылып, қан қысымы көтеріліп, жүрек соғысы мен тыныс алуы баяулайды. Осының салдарынан қан тамырлары ерте қартайып, жұмысы бұзылады. Ашуланған уақытта адам ағзасындағы цитокин (жасуша аралық байланыстардың процесін қамтамасыз ететін төмеңгі молекулярлық ақуыздық медиаторлар) мөлшері артып, артрит, қант диабеті мен обыр ауруларын тудырады.
Әбу Дарда риуаят еткен хадисте бір кісі Пайғамбарымыздан (ﷺ):
عَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ، أَنَّهُ قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، دُلَّنِي عَلَى عَمَلٍ يُدْخِلُنِي الْجَنَّةَ, فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ" :لا تَغْضَبْ, وَلَكَ الْجَنَّة." رواه الطبراني
«Ей, Алланың Елшісі (ﷺ)! Мені жұмаққа кіргізетін бір амалға сілтеңізші»,-дегенде, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ашуыңа ұстамды бола білсең, жұмаққа кіресің»,-деді.
Әлбетте, ашу-ызасына ұстамды бола біліп, сабырлық танытқан кісі, Алла Тағаланың қаһарынан құтылып, есесіне жұмақ бақшаларына кіру қуанышына ие бола алатындығын ұмытпаған жөн.
Алла Tағала баршамызға да жұмақ төрінен орын беруін нәсіп еткей. Әмин!
Жітіқара аудандық
«Ержан Тәтішев» мешітінің
бас имамы С. Есмурзин
1 Әли-Имран сүресі 134-аят.
2 Имам Бухари риуаят етті.
3 Имам Ахмад риуаят етті.
4 Имам Ахмад және имам Әбу Дауд риуаят етті.
5 Имам Бухари және имам Муслим риуаят етті.
Рухани ұстаным – кез-келген қоғам мүшесінде белгілі бір дәрежеде болатын ерекше сезім. Ол арқылы адамның жан дүниесінің қандай құндылықтармен толыққанын, таным-түсініктерін зерделеуге болады. Пенденің жиған парасат-пиғылына көз жүгірте отырып, оның айналасына, жасаған ісіне және қауымына баға бересің. Біздің іс-әрекетіміз бен мінезімізге, әдет-ғұрпымызға я міндет-мұраттарымызға қоғамның тигізер ықпалы зор. Себебі, сіңірер тәрбиемізді ең әуелі жақын ортамыздан аламыз. Яғни, біздің өмірлік бағыт-бағдарымызды ата-аналарымызға, дос-жарандарымызға қарап бағалайды. Мәселен, әлемге аты мәшһүр, қызметімен әлеуметке шарапатын тигізген тұлғалардың шыққан ортасы мен алған тәрбиесіне дүйім жұрттың жіті ден қоюы да содан. Өзге халықтар да біздің бет-бейнемізге, салт-санамызға қарап, кешегіміз бен бүгінімізге баға береді. Әлбетте, бұған терең мән берер болсақ, жауапты әрі ғибратты дүние екендігін ұғынамыз.
Біз қазіргі таңда өркениеті мен мәдениеті әдемі үйлесім тауып келе жатқан, егемендіктің арқасында етек-жеңімізді жинап, ұрпақ қамы үшін генетикалық жадысын жаңғыртуды көздеп отырған елміз. Өткенге салауат айтып, келешегіміздің кемел болатындығына кәміл сенеміз. Анығында, бүгінгі жетістіктеріміз –кешегі өткерген күрделі дәуірімізден алған сабақтар әрі тарих қалыптастырған рухани зердеміз. «Елді ояту үшін тарихты ояту керек», - деген даналық сөз бар. Елбасымыздың генетикалық кодты жаңғырту туралы идеясының астарында да осы бір терең мағына жатыр. Яки, әуелгі кезеңде жасалған істер мен өткен оқиғалар, бабалар өсиеті – бүгінімізді баянды етуге септеспек. Ал сол жүріп өткен жолға шолу жасау үшін тарихымызға, ата дәстүрлерімізге зер салғанымыз абзал. Қазақ халқының мәдениетін-әдебиетін, ұлттық болмысын Ислам дінінен айырып қарастыруға әсте болмас. Өйткені, тағылымға толы төл мәдениетіміздің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан да осы Хақ дініміз болатын. Өркениеттің өркен жаюына дін мен рухи тазалықты дәріптеген жазба және ауыз әдебиетіміз, қисса-дастандарымыз бен жырларымыз септігін тигізді.
Ислам – күллі адамзат баласына түсірілген әрі бейбітшілікке үндейтін дін. Құран Кәрімнің Хұжурат сүресінде: «Бір – біріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әртүрлі ұлтқа, тайпаларға бөлдік», – делінген. Расымен де, дініміз бірімен-бірі туыстас түркі халықтарын біріктірді әрі олардың бірліктерін бекем етті. Жазушы Ақселеу Сейдімбек ислам дінінің тарихымыздағы маңызы туралы келесідей пікір айтқан: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр». Зер салып қарайтын болсақ, тіпті жөн-жоралғыларымыздың түбінде ислами негіздің жатқандығын аңғаруға болады. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі уақытты қамтитын кезеңімізге, ислами көркем дәстүр-шарттар жетекшілік етіп отырған. Ұрпақ өсіру жүйесіндегі ғибратты салттарымыздың да рөлі маңызды. Сәбиді құрсақта жатқан шағынан бастап тәрбиелеу керек деген ғылыми ұстанымға сүйенер болсақ та «Құрсақ шашу», «Азан шақырып ат қою», «Бесікке салу» сынды дәстүрлердің имани тұрғыда зор мағыналы екендігін айғақтай аламыз. Ауыр халде жатқан кісінің көңілін сұрау, қуанышта да қайғыда да адамның жанынан табылу сынды қанымызға сіңген әдеттердің негізін, бауырластықты дәріптейтін дініміз қалап кеткен. Түсіне білсек, бұл дағдылар – халқымыздың ынтымағын сақтап отыр.
Тәуелсіздігіміздің және татулығымыздың тірегі – асыл дінімізде. Себебі, дінге негізделген дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып, өткеніміз бен бүгінімізді байланыстыруда. «Алла – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деген ұстаныммен тіршілік кешкен жұртымыздың ұлттық болмысы, Ислам дінімен астасып кеткен. Хақ Тағаланың сыйлаған сәулесі халық жүрегіне жеткендігі расында үлкен мәртебе. Ол біздің ішкі табиғатымызға сай келген соң, дархан даламызда бейбіт жолмен насихатталды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам» – деген екен. Алла Тағала қасиетті Құрани Кәрімде де «Дінде зорлық жоқ, туралық азғындықтан айқын бөлінді» дейді («Бақара» сүресі, 256-шы аят). Құран ешкімді де дінге зорлықпен кіргізуді бұйырмаған. Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Сенің міндетің тек қана естірту» («Әли Имран» сүресі, 20-шы аят; «Нахыл» сүресі, 82-ші аят; «Шура» сүресі, 48-ші аят), деп оның қызметі жұртты еріксіз көндіру емес, естіртуші, дәріптеуші екендігін жеткізген. Күштеу немесе қанау арқылы қағида жүргізген сенімнің түптің түбінде жүрекке орнықпайтындығы да белгілі ғой. Яғни, Раббымыз пенделеріне иман келтіруді үйренуге, ақиқатты іздеуге, тура жолды табуға мүмкіндік берді. Адам баласының дүниетанымы мен ұстанымдары қыспақ арқылы қалыптасса, өмірдің маңызын жіті сезіне алмайды. Сол себепті де діни сенім бостандығы – Ислам жариялаған іргелі құқықтардың бірі.
Исламның негізгі шарттары да тиімді әрі шынайы. Әрбір мұсылман өмірді қаз-қалпында қабылдайды. Мұсылмандар қауымы адамгершілік құндылықтарды және ізгі істерді насихаттай отыра, өзге мәдениеттің негіздерін әлсіретуге тырысқан жоқ. Олар грек ұлтының қырағылығы мен парасатын, үндістердің астрономия мен математикаға деген қызығушылығын, қытай халқының қолөнерін, парсылардың мемлекетшілдігі мен саясат жүргізу қабілетін, ежелгі арабтардың ділмарлығын бағалаған. Ислам кез-келген тарихи-мәдени ортаға оңай бейімделді. Нәтижесінде үмметтер мұсылман өркениетін тың идеялармен, жасампаз еңбектермен байытқан түрлі халықтарды біріктірді. Құран мен сүннеттегі бұйрықтар, тұтасымен бейбітшілікті және қоғамдағы келісімді қамтамасыз етуге, түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыруға бағытталған. Бұған қоса, Құрани ілімге сәйкес, ұлттар мен мәдениеттер арасындағы сұхбат – түрлі халықтар мен тайпаларды жаратудағы басты мақсаттардың бірі. Сұхбат – бұл пайғамбарлар мен елшілердің дәстүрі. Ол бірлік пен татулыққа жетуге, бір-бірін жақсы түсінуге және ұстанымдарды жақындатуға септігін тигізеді. Ислам – діндер арасындағы сұхбатты қолдайды. Өйткені, өз білгеніңмен бөлісуге дайын болу және көзқарастар мен пайымдаулардың әртүрлілігі арқылы ақиқат жолында алға жүруде өз қабілетіңе күмәнданбау – мықтылар мен ақылдыларға тән қасиет. Шариғатымыз мұсылмандармен бірге бейбіт өмір сүретін кез-келген адамның өмірі мен мүлкіне қастық ойлауға тыйым салады және адамдарға олардың діни сенімі мен көзқарасына қарамастан жақсылық жасауды бұйырады. Бұл жөнінде «Ән-Нахл» сүресінің 125-ші аятында: «Пенделерді Жаратқан Иеңнің жолына даналыққа және жақсы насихатқа шақыр. Олармен сыпайы түрде сұхбаттас. Жаратқан Иең ақиқат жолынан адасқандар кім екенін жақсы біледі. Әрі Ол тура жолды тапқандарды да жақсы біледі», - делінген. Дініміз кез-келген зорлықты жақтырмайды. Біз өзіндік таңдауды мойындай отыра, өзге адамдардың еркіндігін де мақұлдауымыз қажет. Құран бізге сұхбаттасың қандай болса да оның тұлғасын сыйлауды үйретеді. Бұл исламның әмбебаптығының көрінуінің бір белгісі.
Жалпы дінаралық сұхбаттың көпғасырлық тарихы бар. Әрі ол қоғам дамуының түрлі кезеңдерінде әркелкі сипаттарға ие болған. Түрлі аспектілер шаруашылық-экономикалық өлшемге бағынатын бүгінгі әлемге руханилық жетіспей жатады. Сол себепті, діни жандану үрдісі жиі діни формалар мен әдет-ғұрыптарға қайта оралумен шектеліп қалады. Осы себептердің салдарынан көбісі дінді жиі текетірес көзі және өркениеттердің қақтығысуының себебі деп қарастырады. Ал негізінде, дінаралық сұхбат әлеуметтік, экономикалық, экологиялық және басқа да проблемаларға бағытталған жағдайда қоғамдық келісімге жетуге жәрдемдесер еді. Нәтижесінде барлық дін ұстанушылар, бірлескен күш-жігерлері арқылы әлеуметтік әділетсіздік, маскүнемдік, мәдени отаршылдық, қоршаған ортаның ластануы, ксенофобия сынды қоғам дерттеріне қарсы тұра алар еді. Дін дегеніміз – адалдық, шарапатты істің насихаты әрі берекеті. Сондықтан жақсылықтың негізін жұрт болып жұмыла отыра дәріптесек, имани тұрғыда жетістікке жететініміз хақ.
Әмірханов Шоқан Ғазизұлы
Қостанай қалалық мешітінің бас имамы
Алдымен иман ұғымын түсініп алсақ. Иман сөзінің тілдік мағынасы растау, сену, нану, илану дегенді білдіреді. Яғни, Аллаға иман келтіру, Оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне сену, илану, ақиақат екенін растау. Жалпы иман дегеніміз – иманның алты шартын тілмен айтып, жүрекпен бекіту болып табылады. Тек тілмен «мен иман келтірдім», «сендім» деген сөздер толық иман келтірген болып табылмайды. Себебі мұнафықтар (екіжүзділер) де біздер иман келтірдік деп айтатын. Тек тілмен айту иман келтіруге жеткілікті болғанда, онда екіжүзділер нағыз иманды болатын еді.
Алайда, Алланың бар екендігіне, оның «Мейірімді, Рақымды» деген сияқты барлық сипаттарына толықтай илануымыз парыз. Бірақ әркімнің Аллаға деген сенімінің дәрежесі әр түрлі болады. Мәселен, Алланың бұйырған әмірлерін орындап, тыйғандарынан тыйылу арқылы әркімнің иманы кемелденеді де, керісінше жағдайда әлсірейді. Сондай-ақ, қияметтегі жағдайы да сол иман байлығына байланысты болмақ. Сол себептен иманды жанға иманын кемелдендіріп, Ақыреті жарқын болуы үшін үнемі тақуалыққа барынша өзін жүгендеп тұруы қажет. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Өлгеннен кейін адамзаттың баршасы өкініш білдіреді»,-деп өлгеннен кейінгі өмірден хабар береді. Сахабалары: «Оның өкініші не себепті?», – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер де жақсы адам болса, жағдайын одан әрі кемелдендірмегені үшін, егер де жаман адам болса, онда сол жамандығынан бас тарта алмағаны үшін өкініш білдіреді»,-деп осы фәнидегі иманның қаншалықты кемел болуының маңызды екендігін жеткізеді. Олай болса, иманымызды қалай кемелдендіруге болады? Не істемек керек? – деген сауалдарға жауапты әз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қалдырып кеткен екі асыл құндылығымыз Құран мен сүннеттен іздеп көрелік.
1. «Сөзсіз мүміндер; Алла еске алынса, жүректері қобалжиды да оларға Алланың аяттары оқылса, имандары кемелденіп, Раббыларына тәуекел қылады»- дейді. Демек, иманның кемелденуінің бір тұсы, үнемі Алланы еске алып әрі біздер үшін ақ пен қараны яғни жақсылық пен жамандықты, туралық пен адасушылықты айқындап беретін аяттарды оқып, оған амалдар жасауымыз, иманның кемелденуіне апарады екен. Себебі, пенденің жүрегі Алланы еске алмаған кезде иманы әлсіреп, не нәрсе болса соған бағытталып, әлсіз әрі бейқам жүрекке айналып, қателік жасауға бейімделіп тұрады екен. Алла Тағала Құрани Кәрімде: «Естеріңде болсын! Жүректер Алланы еске алумен ғана орнығады» - дейді. Алланы еске алу – Оны көп зікір ету, Құран аяттарын мейлінше үзбей оқып тұру. Әрі оқығандарына амал жасау. Мұны Абай атамыз: «Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» - деп түйіндейді.
2. «Алла дұрыс жол тапқандардың дұрыстығын одан әрі арттырады». Яғни, сауапты істер көп істеу арқылы Алланың назарына ілігіп, иманы артып, Жұмаққа бару жолы жеңілдеп, адасуда болмайды. Сондықтан иманымызды кемелдендіруге тырысқан сайын, Алла Тағала да иманымызды арттыра түседі. Ол үшін, һидаят жолдан таймай, білім іздеуіміз керек. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім, білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған сол арқылы жұмаққа жету жолын жеңілдетеді»,-деген. Олай болса, білім алуымен иманымызды кемелдендіріп, алған білімімізге амал етсек, жұмақ жолы да жеңілдемек екен. Бұл жөнінде Бұқар жырау бір шумақ өленмен былай деген екен:
Алла деген ар болмас,
Хақтың жолы тар болмас,
Құдайға мойын бұрмасақ,
Қысылтаяң күн туса,
Жаратқан өзі жар болмас.
Бес уақыт намаз оқысаң,
Ақырет күні иншАлла,
Тозақта жаның қор болмас,
Бір құдайдан қорықта,
Жайнамазбен бол жолдас. >
3. Алла елшісі (с.ғ.с): «Сіздердің біріңіз теріс істі көрсе, шамасы келсе оны қолымен өзгертсін. Оған шамасы келмесе, тілімен айтып өзгертсін. Оған да шамасы жетпесе, оны іштей жек көріп, қарсылық білдірсін. Бұл – иманның ең төменгі дәрежесі»- деген. Қараңыз Пайғамбарымыз (с.ғ.с) біздерге иманның белгілерін көрсетіп беріп жатыр. Иманның ең төменгі дәрежесі қандай да бір жамандықты көріп, оны тоқтатудың басқа жолдарын таппай қалған жағдайда сол істі жүрекпен жек көріңдер дейді. Олай болса, иманның кемелі – жаман істерді көргенде оның тоқтауына үлес қосу. Көшеде келе жатсаңыз алдыңыздан кісі сүрінерлік тас не басқада заттар жатса, оны біреу сүрініп қалмасын деген ниетпен алып тастасаңыз, Алла сізді сондай пәлекеттерден сақтап қояды, иманыңызды арттырып сауаптар жазып қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жөнінде былай деген екен: «Иман жетпістен астам тармақтан тұрады, оның ең кемелі Лә иләһа илла Алла, ал төмені жолдағы кедергіні алып тастау».
4. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мұсылмандардың кәміл имандысы ең көркем мінездісі...». Иә, көркем мінез иесін қашанда тек биіктерге жеткізеді. Дана халқымыздың «Ұлық болсаң – кішік бол» деген нақыл сөзі, көркем мінездінің қаншалықты дәрежеде өзгелерден биік тұратындығын аңғартады. Бұған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисі дәлел болмақ: «Қиямет күні маған ең жақын болатындарың, мінез-құлқы ең жақсы болғандарың». Қиямет күні Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) қарапайым адамдардың қасында ғана емес, өзге пайғамбарлар алдында да өте биік дәрежелі орында болады. Ал, Алла елшісімен (с.ғ.с) Жұмақ төрінде көрші болу барша мұсылмандардың баға жетпес арманы. Тек мінезімізді дұрыстап, иманымызды кемелдендірген жағдайда сол арманымыздың орындалуы ғажап емес.
Міне, иманның кемелдену жолын көрсету мақматында бірнеше аят-хадистерге тоқталып өттік. Жалпы имандылықты арттырудың міндеттілігі жөнінде Құрани Кәрімнің өзінде қаншама аяттар келген. Мақсат барлығын тізбектеу емес, білген бірер аят-хадистерімізге амал жасап, иманымызды кемелдендіру.
Расында иманы кемел жан тақуа, мінез-құлықы көркем, үлкенге құрмет көрсетіп, шариғи іліммен сусынданған, бір сөзбен айтқанда екі дүниенің бақытына жетелейтін амалдар жасап, Алланың разылығына бөленген жан. Алла иман байлығымызды кемелдендіргей! Әмин.
Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы
Қостанай аудандық «Маңдай Батыр»
мешітінің бас имамы
1 «Әнфал» сүресі, 2-аят.
2 «Рағд» сүресі, 28-аят.
3 «Мариям» сүресі, 76-аят.
4 Әбу Дәуд
Дініміздің негізгі әмірін бізге Алла Тағала Құранның мына аятында былай деп әмір етеді:
وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ
«Ал олар, ханиф болған /Алладан басқа құдай жоқ деп иман келтірген/ түрде Оған діндерін /серік қосудан/ тазартып құлшылық етуден басқаға бұйырылмаған еді» (Бәйинә» сүресі, 5-аят). Қарапайым халық шынайы ниетің қабыл болсын деп жатады. Өйткені шынайы болмаған нәрсе, Алла Тағаланың алдында қабыл емес. Пайғамбарымыз (ﷺ) да өзінің мүбәрәк хадис шәрифтерінің бірінде ықылас пен шынайылық турасында былай деген екен:
عَنْ أَبِي رُقَيَّةَ تَمِيمٍ بْنِ أَوْسٍ الدَّارِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ :أَنَّ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، أَنَّهُ قَالَ: "الدِّينُ النَّصِيحَةُ " ، قُلْنَا : لِمَنْ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : " لِلَّهِ ، وَلِكِتَابِهِ ، وَلِرَسُولِهِ ، وَلأَئِمَّةِ الْمُسْلِمِينَ وَعَامَّتِهِمْ".
Абу Руқайя Тамим ибн Аус ад-Дари (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай деп айтқанын риуаят етті: «Дін дегеніміз – адалдық». Біз: «Кімге қатысты, Ей Алланың Елшісі?» - деп сұрағанда, Ол (ﷺ) былай деп жауап берді: «Аллаға, оның кітабына (Құранға), Пайғамбарына (ﷺ), мұсылмандардың басшысына, және жалпы барлық мұсылмандарға қатысты» (Муслим, 55).
Яғни, адам баласы Аллаға иман келтірген кезде шынайы иман келтіруі, жіберген елшіні шынайы қабылдауы. Құранды оқып, үйреніп, онымен амал жасауы, мұсылмандардың басшысына адалдықпен қызмет етуі және жалпы мұсылмандарға қатысты кез-келген нәрседе шынайылық танытуы қажет.
Алла Тағала қасиетті құранның көптеген аятында құлшылықты бір ғана Алла үшін жасауды әмір етіп, дұшпандардың қысастығы мен қастандығына, зұлымдығы мен түрлі айла-шараларына қарамастан пейілге сызат түсірместен бәрібір шынайы болуға шақырады. Ғафир сүресінде:
فَادْعُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ وَلَوْ كَرِهَ الْكَافِرُونَ
«Кәпірлер жақтырмаса да, сендер ғибадаттарыңды шын жүректен Алла үшін жасап, Оған дұға етіңдер» (Ғафир сүресі, 14-аят) делінсе, тағы бір аятта:
وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَىٰ حُبِّهِ مِسْكِينًا وَيَتِيمًا وَأَسِيرًا (8) إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ اللَّهِ لَا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاءً وَلَا شُكُورًا
«Өздері мұқтаж бола тұра, тек Алланың ғана разылығына қол жеткізу үшін кембағалдарға, жетімдер мен тұтқындарға ішіп-жегізеді. Біз сендерге тек қана Алла разылығы үшін береміз. Сендерден ақы сұрамақ түгілі алғыс алуды да күтпейміз» (Инсан сүресі, 8-9-аяттар) деу арқылы ықыласты болудың өлшемін білдіреді. Ықылыс – жүректің ісі. Алла Тағала адамның жүрегіне қарап, амалына сауап жазады. Абу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп айтқан екен:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ اللَّهَ لا يَنْظُرُ إِلَى أَجْسَادِكُمْ وَ لَا إِلَى صُوَرِكُمْ وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ
«Расында, Алла Тағала сендердің дене-пішіндеріңе, сыртқы кескін келбеттеріңе қарамайды, алайда Ол, сендердің жүректеріңе және амалдарыңа қарайды».
Сондықтан да Пайғамбарымыз (ﷺ) Муаз ибн Жәбәлға (р.а.):
أَخْلِصِ العَمَلَ يُجْزِيكَ مِنْهُ قَلِيلٌ
«Өміріңде аз амал етсең де, ықылысты болсаң жеткілікті»,-деген. Ал басқа бір хадисінде «Амалдарыңызда әрқашан ықылысты болыңдар, өйткені Алла амалдардың тек қана шынайы болғанын қабылдайды»,-деп, ықылысқа ерекше мән берген.
Шынайы ықылыс жайында хазіреті Әли (р.а.) де былай деген екен: «Амалдың аздығын емес, қабыл болуын ойла».
Шынайылыққа байланысты Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабасы Шәдәд (р.а.) мына бір оқиғаны баяндайды: «Бір кісі исламды қабылдап, кейін хижрет жасайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) оны сахабаларының біріне аманаттап тапсырады. Күндердің бір күнінде шайқаста түскен олжадан өзіне тиген үлесін көріп таңғалған ол Пайғамбарымызға (ﷺ): «Мен саған дүние үшін емес, мына жерімнен (кеңірдегін нұсқап) оқ қадалып шейіт болайын, сөйтіп жәннатқа барайын деп мойынсындым»,- дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) байсалды қалпын бұзбастан: «Егер осы айтқаның рас болса, ниетіңе шынайы болсаң, Алла Тағала сені жалғаншы етпей мұратыңа жеткізер»,- дейді. Көп уақыт өтпей бір шайқастан кейін әлгі кісі шәһид болады. Кеңірдегіне жебе қадалған өлі денесі Алла Елшісінің (ﷺ) алдына әкелінеді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ол тура сөйлепті. Алла да оны растады»,- деп, оны шапанымен кебіндеп, жаназасын өзі шығарады және «Алла Тағалам, сенің бұл құлың сен үшін һижрет жасады және шәһид болды. Мен бұған куәмін»,- деп, дұға жасаған екен.
Иә, мақсатқа жетудің басты шарттарының бірі – ниеттегі шынайылық. Ниетіміз шынайы болса, Алла Тағала ниетімізге қарай береді. Алла Елшісіне (ﷺ) ерген алғашқы ислам қаһармандары Аллаға, Пайғамбарымызға (ﷺ) және исламның бұйрықтарына шынайы беріліп, бас игендіктері үшін аз мүмкіншіліктеріне қарамастан Алла олрды жетістікке жеткізіп, адам баласының ең мәртебелісі етті.
Шынайылықтың бұл дүниедегі пайдасы – адамдар арасындағы қатынастарда сенімділіктің негізі, Алла мен құл арасындағы байланыстың шынайы көрсеткіші мен ақыретте азаптан құтылудың басты шарасы.
Рахым Серік Темірбекұлы
Лисаков қалалық «Әс-Сәләм»
мешітінің бас имамы
Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Осы дәстүрге берік болғандықтан асыл дінге деген құрмет те өте жоғары болды деген ойдамын. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десекте болғандай. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады.
Алла Тағала Құранда:
خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ
«Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла Тағала жоғарыдағы аятта қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.
Көне тарихтың қатпарларына бір сәт көз жүгіртсек, хақ дін исламның бүкіл түркі әлемімен бірге біздің дала түркілеріне енуі, оның бұдан былайғы бүкіл тұрмыс-тіршілігіне тигізген ықпалы, тағдырлас, тілдес, туыстас тайпаларды ұлт қылып біріктірудегі рөлі орасан зор.
Сонау 960 жылдар шамасында Қарахан мемлекетінде Мұса қағанның кезінде Ислам мемлекеттік дін деп жарияланды. Сол уақыттағы Қарахан мемлекетінің басқару жүйесі, заңдылықтарының барлығы Исламға негізделген. Түрік тарихшысы Зия Кабахшының айтуы бойынша, Қараханидтер кезінде Орта Азиядан үш жүзден астам фикһ (шариғат) ілімінің мамандары шыққан.
Қазақ халқы көшпелі тұрмыс кешкеннен кейін көбінесе мешіт-медресе ұстай алмағаны анық. Бірақ, Қазақ халқы шынайы дін қызметкерлерінің уағызы арқылы дінмен жақынырақ танысқаны белгілі.
Қазақ халқының болмыс-бітімін, мәдениет-әдебиетін Ислам дінінен ажыратып қарауға болмайды. Асыл дініміз қазақ халқына тікелей уағыз-насихаттан гөрі ел арасында ауызба-ауыз жеткізілген діни әдебиет, қисса-дастандар арқылы жақсы тараған.
«Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», жырлары мұраларымызда рухани құндылықтарымыз бен дүниетанымдық ұғымдарымыз айқындалады. «Алпамыс батыр» жырында ислам діні мен құндылықтарының ұғым түсініктері баяндалады.
Бұл жырда Байбөрінің Жаратушыға құлшылық қылып бес уақыт намаз оқитыны, ел-жұртына зекет, садақа беретіндігі баяндалады. Мысалы мына бір өлең жолында:
«Құптанның болды уақыты, Намазын оқып шам жағып,
Бұрынғы қылды әдетті, Бір етегін төсеніп.
Аяқтарын көсіліп, Бір етегін жамылып,
Көзінен жасы ағылып, Құбылаға бас беріп,
Жарыса түсіп, бұл жатты».
Қазақ жырлары елді Исламның парыздары мен жалпы адамзаттық құндылықтарына адал болуға шақырып, ел-жұртының иманды да, ахлақтық келбетін сақтап қалуына елеулі үлес қосты.
Жыраулық, термешілік дәстүрі халқымыздың діни санасы мен тұтастығын, имандылығын, салт-санасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген рухани мұра.
Сондай-ақ Қазақ топырағы дін ілімінің үлкен қайраткерлерін дүниеге әкелгені мәлім. Тіпті тек қазақ елінде емес, әлемде Ислам дінінің кең қанат жайып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Түркістан топырағынан шыққан дін ғұламалары жетерлік. Мәселен Самарқандта жерленген белгілі мутакаллим-философ, қалам ілімінің маманы, Алтын Орда ханы әз-Жәнібектің қолдауымен жазған «Мұхтасар мағаний» еңбегінің авторы Сағауддин Тафтазанидің грамматика, риторика, Құран тәпсірі туралы еңбектері бірнеше ғасырлар бойы Осман империясының медреселерінде оқытылуынан-ақ Түркістан топырағынан тараған діни ілімнің тамыры тереңге кеткенін көруге болады...
Қазақ хандығы құрылмастан бұрынғы Алтын Орда дәуірінде дүниеге келіп, ел арасында танымал болған жыр-дастандардың дені дін тақырыбында еді. Солардың қатарында «Зарқұм», «Салсал», «Қаһарман», «Кесікбастың қиссасы», «Мұхаммед пайғамбар» т.б. атауға болады. Қандай жыр болмасын, адамгершілік, имандылық принциптерін насихаттады.
Ағартушы ғалым А. Байтұрсынов: «Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған»,– деп тұжырымдайды. Қазақ даласында кең тараған күні-түні жастанып оқитын, кешкілік бір үйге жиналып, шамның жарығымен хат танитындарға оқытып, ел болып тыңдайтын жырлар, қисса-дастандар көп болды. Солардың көпшілігі діни жырлар болатын әрі бәрінде де имани үгіт-насихат кездесетін.
Түркі халқына ортақ тұлға Ж. Баласағұни баба әңгіменің әлқиссасын былай бастапты:
Алла атымен бастадым сөз әлібін, Жарылқаған, жаратқан бір Тәңірім!
Рақымды Ием пайғамбарын жіберді, Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.
Ал одан кейінгі келген Ахмет Иүгінеки былай деп жырлайды:
«Бір Алла өлтіретін тірілтетін, Көрерсің сен де оны көзің жетіп.
<Иесі құдіреттің жалғыз Құдай, Өлгендерді тірілту оған оңай.
<Айтайын артықтығын Пайғамбардың,Ұғып ал толғауымен ой мен ардың».
Абылай ханның ақылшысы Бұхар жырау Қалқаманұлы мақтау-мадаққа Құдай Тағаланың лайық екендігін, әңгіменің абзалы иманды түгендеу екендігін жалпақ жұртқа ұғынықты жыр жолдарымен жеткізген.
Ей, айташы, Алланы айт, Аты жақсы Құдайды айт.
Төрт шадияр Мұстафа, Мұсқаф ашқан ғаламды айт.
Тәңірім сөзі – Фұрқанды айт, Кәләмулла – Құранды айт.
Тәңірім салса аузыңа, Жан жолдасың – иманды айт.
Жамандыққа жақсылық Көктемеген Еділді айт.
Ғаршы менен Күрсіні айт, Лаухы менен Кәләмді айт.
Құдыретімен жаратқан,Он сегіз мың ғаламды айт.
Шортанбай Қанайұлы (1808-1881) халықты ақыретке амал етуге шақырып, насихат айтқан:
«Үлкендер, саған айтайын...,
Мал басына бармаңдар, Ақырет қамын қармаңдар!
Дүниенің боғы үшін Сірә, тіпті азбаңдар!
Тентек болма балаға,Безер болма келінге,
Қадірің кетер еліңе, Қарауыл қой сөзіңе!
Қанша нәрсе ереді Өлгеннен соң өзіңе?!
Қарай алмай жүрерсің, Таңда махшар күнінде, Құдайыңның жүзіне!
Атаның тілін ұл алмас, Ананың тілін қыз алмас.
Айта беріп қайтейін, Өлінің тілін тірі алмас!
Жақыннан шыққан жақсыны Ағайын-туған көре алмас.
Ақыр заманның белгісі – Бірге туған бауырың
Тату да болып жүре алмас!»
Данышпан Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) да өле өлгенше жамиғы жұртты хақ жолына, өнер-білімге шақырып өткені баршаға аян. Өресі биік кемеңгер былай деп насихаттайды:
Алла – мінсіз әуелден, Пайғамбар – хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ
Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол,
Тәуилін білерлік ғылымың шақ.
Алланың, Пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз
Пайда мақтан, әуесқой шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?
Ташкенттегі «Көкелташ» медресесінің түлегі, шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939) өз шумақтарында:
Серігің жоқ бір Алла, Өлмейтін тіпті тірі, Алла.
Қастық қылған Ханнастың, Тұмсығына ұр, Алла.
«Үмітіңді үзбе!» деп Айтқансың Өзің Құранда.
Шынында, халықтың ұлттық санасы мен болмысы Ислам дінімен тонның ішкі бауындай астасып, жымдасып кеткен. «Алла – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деген қағиданы ертелі-кеш айтып жүрген кең сахара жұртының жадында ислами қағидалар берік орнаған. Олар тіршілігін де, өлімін де мұсылманшылық шарттарына сай атқарып бақты.
«Лә иләһә иллаллаһ! Иллалада пайда бар.
Білмеген құлға не айла бар?
Жатар жерің қараңғы,
Шамшырағың сайлап ал!»
Қазақ кешкілік ұйықтар алдында да кәлимасын қайталап, тілек тілегенде: «Алла құлым дегей, Пайғамбар үмметім дегей» деп қайырды. Сол арқылы мұсылмандықтың сара жолынан сырт кетпеген.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед»
Мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев
Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болып, Пайғамбарымыз Мухаммадқа (с.ғ.с), Оның (с.ғ.с.) жанұясына, сүйікті сахабаларына және оларға ізгілікте ерген барша момын мұсылмандарға Жаратушы Иеміздің сансыз салауаты мен сәлемі болғай!
«Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның айт деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады. Айт – мұсылмандар үшін Жаратушымыздың разылығына жету мақсатында құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырластық сезімдерін күшейтетін маңызды мейрам. Биылғы жылы Құрбан айт мейрамының бірінші күні қыркүйек айының 12-не тұспа-тұс келіп тұр. Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Алла Тағала барша мұсылман үмметі үшін осынау қасиетті күндерді берекелі әрі сауаптар таптыратын күндерден қылғай!
Айт мейрамының тарихы
Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Аллаға қүрбанның еттері, қандары, әсте, жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят), - делінген. Аятта құлшылық ретінде сойылған құрбандықтың маңызды бір шарты адалдық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалығында. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенде, жергілікті адамдардың жыл сайын тойлайтын екі күні болатын. Алла Тағала сол екі күнді ораза және құрбан айт мейрамдарымен алмастырған.
Әнас ибн Мәлик (р.ғ.): «Жәһилият кезінде адамдардың әр жылы тойлайтын екі күні болған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екеуін ол екеуінен де жақсырағымен алмастырды: ауыз ашар күні, (яғни Рамазан оразасының аяқталатын Ораза айт күні) және құрбандық күні (яғни құрбандық шалынатын Құрбан айт күні)»,-деді»,-деген. Сол уақыттан бері барлық мұсылмандар үшін осы атаулы мереке ең қуанышты күндердің біріне айналған.
Ораза және Құрбан айт намаздары алғаш рет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы – жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың айт намазына шығуына әмір берген.
Умму Атия (р.ғ.): «Бізге айт күні (яғни айт намазына) шығуға, әмір етілетін. Тіпті шымылдықта отыратын қыздарды да, етеккірі келген әйелдерді де шығаратынбыз. Олар адамдардың артында олардың тәкбірлерін қайталап, дұғаларымен дұға етіп, сол күннің берекесі мен тазалығынан үміт ететін»,-деген.
Айт намазының уақыты – сәске (духа) намазының уақыты. Айт намазын күн найза бойы көтерілгеннен бастап, тал түске жеткенге дейінгі аралықта оқуға болады.
Айт намазының оқылу тәртібіне келер болсақ айт намазы екі ракағаттан тұрады. Таң және жұма намаздарының парыздары секілді айт намазы да жария оқылады. Бірақ айт намазына азан да, қамат та айтылмайды.
Ата (р.ғ.): «Ибн Аббас және Жәбир ибн Абдулла: «Ораза айты күні және құрбандық күні азан айтылмайтын еді»,-деген»,-деді.
Басқа бір хадисте Ибн Аббас (р.ғ.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) отбасын айт күні шығарғанды жақсы көретін. Біз (айт намазына) шықтық. Ол (с.ғ.с.) азансыз және қаматсыз намаз оқыды. Сосын адамдарға құтпа оқыды»,-деді.
Азан мен қаматтың орнына адамдар «Әссалату жәмиға» деп шақырады. Басқа намаздардан айырмашылығы айт намазында қосымша тәкбәрлер айтылады. Бірінші рәкағатта сәнә дұғасынан кейін үш тәкбірді имаммен бірге қайталайды. Әр тәкбірді айтқанда қолын көтеріп, қайта түсіреді, қолын түсірген кезде байлаудың қажеті жоқ. Әр тәкбірден кейін имам, өзіне ұйып тұрған кісілердің тәкбір алып болғанынша үнсіз тұрады. Осы аралықта «Субханалла, уәл хамду лиллә, уә лә иләһә иллалла» деп айтса да болады.
Екінші ракағатта зәм (қосымша қысқа сүре) сүресін оқып болғаннан кейін рукуғқа бармай тұрып, алғашқы ракағаттағыдай тағы да үш рет тәкбір алады. Сосын барып рукуғқа барады.
Ибн Масғұдтан (р.ғ.) айт намазының тәкбірлері сұралғанда, ол: «(Бірінші ракағатта) Құран оқығанға дейін (алғашқы тәкбірге үшеу қосып) төрт тәкбір айтасың. Одан кейін Құран оқисың. Оқып болған соң (тағы да) төрт тәкбір айтасың»,-деген.
Құрбан айт намазы мен ораза айт намазы бірдей оқылады, екеуінің айырмашылығы жоқ.
Айт намазының алдында нәпіл намазын үйде де, мешітте де оқу мәкруһ. Айт намазынан кейін мешітте нәпіл намазын оқу – мәкруһ. Ал үйде оқуға болады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намазынан бұрын да, кейін де басқа намаз оқымаған.
Айт намазынан кейін құтпа оқу – сүннет әрі ол жұма намазының құтпасымен бірдей. Бірақ айт намазында құтпаны намаздан кейін оқиды. Яғни имам айт намазын оқып болғаннан кейін, мінберге шығады да, отырмастан бірден құтпа айтуға кіріседі. Бірінші құтпаны тоғыз тәкбірмен, екінші құтпаны жеті тәкпірмен бастап, бас-аяғы он төрт тәкбірмен аяқтау сүннет.
Құрбан айт – діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні», – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады»,-десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар»,-деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегелеп айтқан.
Құрбан айт мерекесін қалай өткізген жөн
2016 жылдың 12 қыркүйек күні еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде Құрбан айт намазы оқылады. Сондай-ақ, осы айтулы күн Елбасымыздың жарлығымен демалыс күні болып бекітілді.
Құрбан айт күні жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Абдулла ибн Амр әл-Астың (р.ғ.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды», – деді. Осы кезде бір кісі: «Ей, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан бауыздауыма бола ма?»,-деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін алғаның да жеткілікті. Бұл сен үшін Алланың алдында құрбандық шалғанмен тең», - деді.
Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін тиісті адамдарға таратады.
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды аралап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, бір-бірін кешірген жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген ілтипаты мен сыйластықтарын барынша арттырады.
Құрбандық шалу
Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы: «Шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау». Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.
Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «удхия» деп аталады. Қасиетті Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, адалдығы, дінге бекемдігі, тақуалығы және басқаларға деген жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Құрбан айт – Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға қылады. Дүйім мұсылман баласы Пайғамбарлардың (ғ.с.) ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінді берік ұстануға шақырады.
Құрбан айт күндері құрбандық шалудың үкімі
Ханафи мәзһабында қадірі асқан құрбан айт күндері мал-мүлкі жеткілікті болған мұсылман ер мен әйел кісінің құрбандыққа мал шалулары уәжіп. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2-аят) деп бұйыруы, құрбан шалудың уәжіп екенін білдіреді. Мал-мүлкі жеткілікті бола тұра құрбан шалмаған мұсылманға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөгіс жариялаған хадисі негізге алынған. Абу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» (Хаким, Мустадрак) деп айтқанын жеткізген. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Хадис шәрифте дұрыс уақытта (айт намазынан бұрын) шалынбаған малдың орнына басқа құрбандықтың шалыну керектігі қатаң ескертілген. Анас (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Кім құрбандығын намаздан бұрын шалып қойса, онда қайта шалсын»,-дегенін жеткізген (Сахих Муслим). Михнаф ибн Сулайманның риуаятында Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Ей, адамдар, әр отбасы жыл сайын құрбан шалуға тиісті»,- деген (Сунан ат-Тирмизи). Сондықтан ханафи мазһабының ғұламалары жоғарда келтірілген аят, хадистерге сүйене отырып, құрбан айт күндері құрбандық шалуды, уәжіп (міндет) деп тұжырымдаған.
Құрбан айт күндері құрбандық шалуды міндет (уәжіп) ететін шарттар:
1. Мұсылман болуы;
2. Азат болу;
3. Тұрғылықты болу;
4. Мал-мүліктің жеткіліктілігі; Мал-мүліктің жеткіліктілігі дегенде мұсылманның иелігінде пітір садақасын уәжіп ететін нисаптың бар болуы көзделеді.
5. Ақылды және балиғат жасына толуы;
Құрбандық шалудың дұрыстығына қажетті шарттар:
1. Құрбандыққа түйе, сиыр, қой, ешкі, секілді малдардың болуы. Бұл төртеуінен басқа жылқы және еті адал жануарлардың ешбіреуі құрбандыққа шалынбайды. Төртеуінің құрбандыққа ең абзалы – түйе, сосын ірі қара, сосын қой, кейін ешкі малы. Құрбандықтың дұрыстығы үшін бір қой не бір ешкі тек бір кісінің атынан шалынуы шарт. Ал түйе мен ірі қара малын жеті не одан да аз кісі бірігіп шалуларына болады. Бірақ жеті кісіден аспауы және жетеуінде де құрбандыққа шалу ниетінің болуы шарт.
2. Малды құрбандық ниетімен шалуы міндет. Соғым не ет қажет ету ниетімен сойылған мал, құрбандықа жатпайды.
3. Өкіл етушінің әмірі. Құрбандықты әркімнің өзі шалуы абзал саналса да өкіл арқылы шалуға да рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда мал иесі тарапынан өкілдің тағайындалған болуы әрі оған құрбандықты шалу әмірін беруі шарт.
4. Мал жасының дұрыстығы. Түйе - бес жасар, ірі қара - екі жасар, ешкі - бір жастан асқан болуы шарт. Қой малының бір жасқа толмағанын шалса да болады.
5. Құрбандық оны шалушы кісінің мүлкі болуы.
6. Құрбандық малдың бойында жүдә кемістік болмауы. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: бір көзінің соқырлығы айрықша байқалатын мал, ауру-сырқауы айрықша байқалатын мал, ақсақтығы айрықша байқалатын мал, жілік майы үзілген жүдең мал»,-деген. Хадистегі «айрықша байқалатын» деген сөздің мағынасы мал бойындағы кемістіктің айрықша байқалатын мөлшерді құрамауын шарт қылып, азғантай мөлшердегі кемістіктің есепке алынбайтынын сілтейді. Себебі мал бойында мүлде мін болмауы мүмкін емес.
7. Дұрыс уақытта шалынуы. Құрбан шалу уақыты Құрбан айт намазынан кейін кіреді. Құрбандықты айттың бірінші күні шалған абзал. Құрбан шалынатын мерзім бұдан кейінгі екі күнге жалғасып, соңғы күннің күні батуымен (ақшам намазы кіргенде) аяқталады. Құрбан шалуы уәжіп кісі белгіленген мерзімді өткізіп алса, мойнынан міндетті түсіру үшін құрбан шалудың орнына садақа беруі уәжіп.
8. Құрбандықтың шалынуы. Құрбан шалудың орнына малдың өзін тірідей не құнын садақа етуге болмайды.
Құрбандық шалған кезде төмендегі абзал (мустахаб) амалдарға да назар аударған жөн:
Малды Құрбан айттан бұрын құрбандыққа дайындау. Құрбандық шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу. Құрбандық малын шалынатын орынға сүйретпей, ұрмай-соқпай әдеппен апару. Құрбандыққа малдың ең жақсысын таңдау. Малды құрбан шалушының өзі бауыздау. Құрбан шалушы кісі мал бауыздауды білмесе не әйел кісі болса, малды қинап қоймас үшін, бауыздау ісін басқа мұсылманға тапсырғаны абзал. Сондай-ақ өзінің құрбандығының қасында тұруы абзал. Құрбандық малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу және дұғасын айту. Құрбандық шалу кезінде хадистерде келген дұғаларды айту ұнамды іс (мұстахаб) саналады. Құрбандықты бауыздау сәтінде шартты (міндетті) түрде бисмиллә сөзі айтылады. Ал дұға бисмиллә сөзінің алдында, құрбандықты бауыздардан алдын не құрбандық бауыздалғаннан соң жасалады. Құрбан бауыздалып жатқанда бисмиллә сөзіне дүға қосып айту ұнамсыз (макруһ) амал саналады. Бауыздар алдын не бауыздаған соң айтылатын дұға, келесі хадисте келген бейнеде айтылуы абзал саналады. Жәбир ибн Абдулла: «Пайғамбар (с.ғ.с) құрбандыққа мүйізді, піштірілген, ноғала екі қошқарды құрбандыққа шалды. Ол екеуін құбылаға бағыттап, жатқызған соң: «Көктер мен жерді жаратқан Аллаға нағыз мұсылманша жүзімді жөнелттім. Мен Аллаға серік қосушылардын емеспін. Расында намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы Алла үшін. Оның серігі жоқ. Маған осылай істеуім бұйырылды және мен мұсылмандарданмын. Аллам бұл – Сенен және сен үшін. Бисмилләһи Аллаһу акбар»,-деді деген. Бұл дұғаны білмесе «Иә, Алла Тағалам, осы құрбандығымды досың Ибраһим мен сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға айтуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылады да «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп оң қолымен бауыздайды. Малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра, әдейі бисмилләһ деп айтпаса, ханафи мәзхабы бойынша ол малдың етін жеуге болмайды. Құрбан шалатын адам малды қинамай, өткір пышақпен жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі қажет. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды және бауыздалып, жаны әбден шыққаннан кейін ғана, малды сойған дұрыс. Құрбандық етінің үштен бірі пақырларға садақа етіліп, үштен бірінен туыстар мен таныстарға тағам әзірленіп беріліп, қалған үштен бірі отбасына қалады. Кімде-кім құрбандықтың етін толығымен садақа еткісі келсе, рұқсат етіледі.
Құрбандыққа қатысты ұнамсыз (макруһ) істер:
Құрбандыққа арналған малдың жүнін қырқу, сүтін пайдалану, құрбандыққа атаған малды сату, құрбандық малын міну, жүк тасуға пайдалану, жалға беру, бауыздалып, жаны әбден шықпай сою, құрбандықтың етін не жүнін не терісін сату, қасапшының жалақысын құрбандықтың етімен төлеу сияқты жоғарда аталған істердің барлығы харамға жақын макруһ амалдардан болып саналады.
Ташриқ тәкбірлері
«Ташриқ» деп, етті күннің көзіне жайып кептіруді айтады. Айттан кейінгі үш күнде құрбандыққа шалынған малдардың еттерін күнге кептіру әдетке айналғандықтан, бұл күндер ташриқ күндері деп аталып кеткен.
Алла Тағаланың: «Санаулы (ташриқ) күндері Алланы еске алыңдар!» («Бақара» сүресі: 203) бұйрығына байланысты ташриқ тәкбірін айту балиғатқа толған әр мұсылманға уәжіп. Ташриқ тәкбірлерінің уақыты ханафи мазһабында 9-шы зүл-хижжа Арафа күнінің таңында басталып, 13-ші зүл-хижжаның екінді намазымен (қыркүйек айының 11-і күні таң намазынан басталып, 15-і күні екінді намазынан кейін) шығады. Яғни 23 намаздың соңында айтылады. Ханафи мәзһабінің ташриқ тәкбірлерінің уақытына қатысты ұстанатын пәтуәсі – Әбу Юсуф пен Мұхаммадтің көзқарасына негізделеді. Жәбир (р.а.) былай деді: Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Арафа күні таң намазын оқыған соң, сахабаларына бұрылып: «Орындарыңда қалыңдар!»-деді және: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лиллаһил хамд» сөздерін айтты. Осылайша, Арафа күнінің таңынан (таң намазының парызынан кейін) соңғы ташриқ күнінің екінді намазына дейін тәкбір айтатын (Ад-Дарақутни жеткізді).
Ташриқ тәкбірін мейлі жамағатпен, мейлі жалғыз атқарылған әр парыз намазының артында ер адамдарға да, әйел кісілерге де бір мәрте айту уәжіп. Бұдан көбірек айту мустахап. Ер адамдар тәкбірді көтеріңкі дауыспен, ал әйел кісілер іштерінен айтады. Айт намазы мен үтір намазынан кейін айтылмайды. Сол секілді тұрғылықты кісіге де, жолаушы кісіге де парыз намазынан кейін ташриқ тәкбірін бір мәрте айту уәжіп. Намазға кешігіп қосылған кісі де өткізіп алған рәкәттәрін толықтырған соң тәкбір айтады. Ибн Омар мен Анас ибн Мәлик (р.а.) Арафа күні таң уақытында Минадан Арафаға барғанда, жолаушы бола тұра ташриқ тәкбірлерін айтатын (Әл-Байһақи жеткізді).
Ташриқ тәкбірінің бейнесі: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа илләллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лилләһил хамд».
»32. Ал енді жалпы «Арафа» сөзінің мағынасына келер болсақ, «танысу» дегенді білдіреді. Яғни адамзаттың атасы Адам (а.с.) мен Хауа ананың жер бетіне түсіп, Арафат тауында табысқан күні. Зүлхижжа айының 9-шы жұлдызын Арафа күні дейміз. Бұл күні қажылық рәсімдерін атқарып жатқан жандар үшін Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауында бір мезет болса да тұру парыз болып есептеледі. Қасиетті тауға аяғы тиген әр пенде Жаратқанға барынша жақындағандай, жүздескендей күй кешеді. Алла Тағала да олардың тілек-дұғаларын қабыл алады, күнәларын кешіреді делінеді.
Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады»,-деген. Демек, кімде-кім Арафат тауында бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады екен.
Арафа күнінен кейін, Зүлхижа айының 10 жұлдызында Меккеге барған тауапшылар (қажылар) қажылық парыздың соңғы міндетін – Құрбан айт мейрамының шарттарын орындауға кіріседі. Бұл күндері қажылармен бірге, бүтін мұсылман қауымы Алла разылығы үшін құрбандық шалады.
Сонымен қатар зүлхижжа айының алғашқы тоғыз күнінің артықшылығы жайлы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде былай деп баяндалған: «Алла Тағала ізгі амал істелген күндердің ішінде осы күндері (яғни, Зүл-хижжәнің алғашқы он күнінде) істелгенін ерекше жақсы көреді», - деп айтты. Адамдар: «Я, Расулулла (с.ғ.с.)! Осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болғаны ма?», - деп сұрағанда Расулулла (с.ғ.с.): «Адам баласы, Алла жолына өз жаны мен малын құрбан етіп, жан тапсырған болмаса, осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла жолында күресуден артық болады», - деп жауап берді.» (Хадисті Ибн Аббастан (р.ғ.) имам Бухари риуаят етті.)
Құрметті мұсылман ағайындар! Осы хадисте баяндалғандай зүлхижжа айының алғашқы 9 күнінде ораза ұстайтын болсаңыз, үлкен сауап болатындығын ұмытпағанымыз жөн.
2016 жылдың Зулхижжа айының 9 күндік нәпіл оразасы
(Қостанай қаласы үшін)
Мезгілі | 03.09 | 04.09 | 05.09 | 06.09 | 07.09 | 08.09 | 09.09 | 10.09 | 11.09 |
Сәресінің аяқталуы | 05:04 | 05:06 | 05:09 | 05:11 | 05:13 | 05:15 | 05:18 | 05:20 | 05:20 |
Ауыз ашар уақыты | 20:33 | 20:30 | 20:28 | 20:26 | 20:23 | 20:21 | 20:18 | 20:16 | 20:14 |
Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін. Жаратқан Иеміз құлшылықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей! Қасиетті орындарда қажылық парыздарын өтеу үшін жолға шыққан бауырларымызға дін аман елге оралуды жазғай! Алла Тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз - Исламға күш-қуат бергей! Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалғалы жатқан құрбандықтарыңыз қабыл болғай! Әмин.
Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы