Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (әрі қарай – ҚМДБ) өз Жарғысы негізінде мемлекетіміздің зайырлы даму жолында Қазақстан мұсылмандарының өзге дін өкілдерімен, дін жолын ұстанбайтындармен ынтымақтастықта тіршілік етіп, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтаудағы отандық тәжірибені қолдайды. Сондай-ақ, бұл үрдісті одан әрі нығайтуға негіз болып саналатын осы Тұғырнаманы қабылдайды және күнделікті қызметінде басшылыққа алады.
Тұғырнамада мұсылманның негізгі діни ұстанымдары, білуге тиісті діни мәселелері және оның зайырлы қоғам тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан тәртіптерге қарым-қатынасы, білім алуға, емделуге, Отанды қорғауға, еңбек етуге, отбасына, қоршаған ортағажәне ел аумағындағыхалықтың салт-дәстүрлерін, ерекшеліктерін сыйлауға қатысты көзқарастары айқын көрсетіледі.