Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

09 03.22

Мұсылман күнтізбесінде қасиетті Ережеп айынан кейін келетін берекелі ай ол – Шағбан айы. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл айды аса жақсы көріп, басқа айларға қарағанда ерекше бағалаған екен. Себебі бұл айда адамның жыл бойғы әрбір істеген амалдары Алла Тағаланың алдына ұсынылатындығы айтылған. Бұған дәлел сахаба Усама ибн Зәйд шағбан айында мұншалықты көп ораза ұстау себебін сұрап: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Сенің шағбан айында ұстаған оразаң секілді өзге айларда ұстағаныңды көрмедім», - дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп жауап берген: «Шағбан ережеп пен рамазан арасындағы адамдар бұдан ғапыл болып жататын ай. Бұл айда амалдар Раббымызға жеткізіледі. Мен де амалымның ораза ұстаған сәтінде жеткізілуін қалаймын»,- дейді.

Сол секілді Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл айда әртүрлі нәпіл құлшылықтарын арттырып, әсіресе көбірек ораза ұстаған. Саңлақ сахаба Әнас ибн Мәлик те былай дейді, бірде Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?»,- деп сұраған кезде: «Рамазан айының құрметіне Шағбан айында тұтылған ораза»,- деп жауап берген екен.

Ғұламалар осы хадистердің негізінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы айда оразаға көбірек мән бергенінің басты екі себебін айтқан. Біріншісі: Шағбан - көпшілік адамдар Ережеп пен Рамазан айларының арасында байқаусызда өткізіп алатын ай болғандықтан. Себебі құлшылық амал қаншалықты байқаусыз уақыттарда болса соншалықты оның сауабы мен маңыздылығы арта түсетіні мәлім. Оған дәлел ол құлшылықтан Аллаға деген ықыласы мен Жаратушыға етене жақындығы артатындығында. Мысалы; көпшілік адамдар байқаусызда қалатын түнгі таһаджуд намазы секілді. Ал, екіншісі: Пенденің жасаған ізгі амалдары әлемдердің Раббысына көтерілетін ай болғандықтан. Сондықтан да Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен осы айда ораза тұтамын - деген. Олай болса мұсылман қауымға бұл айда нәпіл оразалар ұстап сауабы көп ізгі амалдардың үстінде болу маңызды.

Сондай-ақ ғұламалармыз пенденің жасаған амалдары Алла Тағаланың алдына ұсынылатыны жөнінде үш түрлі дәрежеде іске асатынын айтқан. Осы жөнінде Имам ибн Ражаб ал-Ханбали (р.а.) айтады. Бірінші дәреже: Күнделікті ұсынылып тұруы. Ол таң намазы мен екінді намаздары уақытында. Әбу Һурайра (р.а) риуаят еткен, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге түнде бір періштелер, күндіз бір періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазы мен екінді намазында жиналып, сосын сендермен түнде бірге болғандар көкке көтеріледі. Сонда Алла олардан жақсы біліп тұрса да: «Пенделерімді қандай жағдайда тастап келдіңдер?» – деп сұрайды. Ал олар: «Біз оларды намаз оқып жатқандарында тастап келдік, сондай-ақ, олар біз оларға барғанымызда да намаз оқып жатыр еді», – деседі». Екінші дәреже: әр апта сайын ұсынылып тұруы. Ол әр бейсенбі күні болады. Бұған дәлел Имам Ахмадтың (р.а.) Әбу Хурайрадан (р.а)  жеткізген хадисте Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанын естідім: «Расында адам баласының жасаған амалдары әр бейсенбі жұманың түнінде Алла Тағалаға ұсынылады, тек туған-туыстың арасын үзген адамның амалы қабыл етілмейді» дейді. Ал, үшінші дәреже: бір жыл бойы жасаған амалдардың ұсынылып тұруы. Ол шағбан айында ұсынылады. Оған дәлел жоғарыда келтірілген сахаба Усама ибн Зәйдтен келген хадис. (Ләтаифүл-Мәариф, 191-193 бет).

Рамазаннан алдыңғы ай шарапатты Шағбан айы болғандықтан ардақты елші (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) берекесі мол айға әзірлік ретінде Шағбан айында парыз құлшылықтармен қатар нәпіл ғибадаттарын көбейтіп, Алланың көркем есімдерін мадақтап, зікір етіп, шүкіршілігін арттырып, кедей-кепшікке садақа берген. Үмметтің үлкендері де бұл айда құлшылыққа жаңаша құлшыныспен кірісетін. Құран Кәрім аяттарын қайталап, нәпіл құлшылықтарына көңіл бөліп, жалбарына кешірім тілеп, зекет парыздарын орындап, жоқ-жітікке қарасатын. Жетім, жесір, жалғызбасты кісілерге көмектесіп, қарттардың көңілін аулайтын.

Имам Ибн Раджаб (р.а.) былай деген: «Рамазан айы Шағбаннан кейін келетіндіктен, бұл айда ораза тұтып, еселеп Құран оқу өте қалаулы болып табылады» (Ләтаифүл-Мәариф, 258 бет). Сол секілді Салама ибн Куһайл айтады: «Біздің уақытымызда Шағбан айы Құран оқушылар айы деп айтылатын ал, Амр ибн Қойс Шағбан айы кірген кезде дүкеншесін жауып уақытын тек Құран оқуға арнайтын болған» (Ләтаифүл-Мәариф,196 бет) деген.

Пендесіне аса мейірімді Алла Тағала шағбан айының ортаңғы түні мен күндізіне мол мүмкіншіліктер жасырған. Сол түні кім ықыласты болып ізгі амалдарда ыждахаттылық танытса Аса Жомарт Иенің мол сауабына иеленіп қана қоймай, күнәлары кешіріліп дұға-тілектері қабыл болу мүмкіндігі молая түседі. Бәраат түні – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде жағдайы келіп жатса Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күналарымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Айрықша түн жайлы келген кейбір хадистерге тоқтала кетсек.

Муаз ибн Жәбәл (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала Шағбаны айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да барлығының күнәсін кешіреді. Тек қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді» деген. Олай болса мұсылман кісі бұл түні барынша өзін рухани тазартуға ұмтылуы керек. Осыған байланысты сахих ибн Мажаһта келген хадисте Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қайсы адам ең ізгі абзал адам деп сұралған кезде «Әрбір жүрегі таза әрі әрдайым шын сөйлейтін кісі деді. Сонда сахабалар Уа, Алланың елшісі! шыншыл кісіні түсіндік ал жүрегі таза дегенді түсіндірсеңіз деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ол - тақуа әрі таза, ешбір күнәсі де зұлымдығы болмаған және жүрегінде өзгеге күншілдігі де, көре алмаушылығы да болмаған кісі» деді. Қай жағынан алып қарасақ та, құт пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы «Бараат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді.

Сөз соңында айтар болсақ, берекеге толы шағбан айын ескерусіз қалдырмай құлшылықтарға құлшыныспен бұрылып, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған нәтижесінде Алла Тағала баршамызды Шағбан айының берекесіне кенелтіп, құлшылықтарымыз арқылы тақуалыққа, иман ләззатын сезінуге әрі Жаратқан иемізге бір табан жақындай түсуімізді нәсіп етсін!

Серік Рахым Темірбекұлы
Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің бас имамы

[1] Насай, Саум
[2] Муслим, Саум
[3] Тирмизи, 657
[4] Бұхари 540, Муслим 1035
[5] Мүснәд Ахмад ибн Ханбал,10079
[6] Байһақи, 3674
[7] Ибн Мәжә, Зуһд 4214

Рахым Серік Темірбекұлы
14 02.22

Көркем мінез – асыл дініміз исламның ең маңызды тіректерінен. Қасиетті Құран мен пайғамбар хадистерінің қай жеріне қарасаң да көркем мінезге көңіл бөлгенін көресің. Мінездің көркем болуы мұсылман адамды Ұлы Аллаға жақындатын, әрі дәрежесін жоғарылататын ең ұлық құлшылықтардан болып есептеледі.

Көркем мінез дегеніміз не?

Имам Тобари (р.а.) көркем мінезге әдептіліктің ең жоғарғы сатысы деп түсініктеме берсе, ал имам Мужаһид (р.а.) көркем мінез ол, діннің нағыз өзі деген екен. Ал, Хасан ал-Басри (р.а.) болса көркем мінез дегеніміз өзіңдегіні өзгемен бөлісу, қолы ашық болу және сабырлы болу деген екен. Имам Ахмад айтқан: көркем мінез - кісі өзін көреалмаушылықтан сақтай білсе немесе ашушаңдықтан өзін тия білсе немесе өзгеге жала жаппаса деген екен.

Көркем мінездің белгілері

Имам Ғазали (р.а.) көркем мінездіктің кейбір белгілері тізбектей келе, ол - көп ұятты, аз зиянды, көп игі істі, әрі турашыл, аз сөзді көп істі, әрі аз қателесетін, жақсылыққа жаны жақын, сабырлы, шүкіршіл, дана, жұмсақ кісі болу. Лағынет-балағат сөздерге, өсек-ғайбатқа, өтірік-жалаға, сараңдық пен көреалмаушылыққа жаны қас болу. Алла жолында жақсы көріп, Алла жолында жаман көру және Алла риза болатын дүниеге риза болып, Алла ашуланатын дүниеге ашулану деген екен.

Көркем мінездің негізгі тіректері

Ибн Қойм өзінің «Мадариж ас-саликин» еңбегінде Көркем мінез мына төрт негізбен толық болады. Сабырлық, пәктік, батырлық және әділдік деген.

  1. Сабырлық, адамды әртүрлі нәрселерден сабыр етуге, ашуды басуға және жұмсақ болуға әрі асықпауға жетелейді.
  2. Пәктік, адамды жаман-жиіркенішті нәрселерден тиылуға, (ол сөз немесе іс болсын) және ұятты болуға (себебі ол, барлық жақсылықтың басы) бастайды, әрі бұзғыншылықтан, сараңдықтан және өтірік, өсек-ғайбаттан сақтайды.
  3. Батырлық, адамның рухын биіктетуге, жақсы ахлаққа ие болуға, ашуды басып, мейрімді-жұмсақ болуға жетелейді. Сол үшін де Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Нағыз батыр білек күшімен емес, нағыз батыр өз-өзін ашуда ұстай білген» деген.
  4. Әділдік, адамды мінез-құлықта тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

Сонымен бірге, пенденің ең жаман мінезді бойына сіңіруге себеп мына төрт нәрсе: Надандық, зұлымдық, шаһауатқа берілу және ашушаңдық.

Көркем мінездің түрлері

  1. Алламен байланыстағы көркем мінез. Бұл ең маңызды түрі, себебі адам ең бірінші Алламен әдептілік танытпай басқамен әдепті болағаны жараспайды. Ал, Алламен байланыстағы көркем мінез жалғыз Аллаға құл екеніңді білдіру және одан келген пәрменге естідім де, бойынсындым деген ұраныңнан жаңылмау.
  2. Пайғамбарымызға (с.а.с) деген көркем мінез, оған деген шынайы сүйіспеншілікпен, сүннетіне бекем болып, оған амал етуіңізбен және өзгелерге оның нұрлы жолын жеткізуге үлес қосуыңызбен болады.
  3. Алланың кітәбіна деген көркем мінез. Оны оқып, оған ой жүгіртуіңізбен, ондағы үкімдерге амал етіп, тыйымдардан шеттенуіңізбен және үлкенді-кішілі істеріңізде Құранға жүгінуіңізбен болады.
  4. Періштелерге деген көркем мінез, әрбір адамның жанында періштелердің жүргенін және әрбір ісін есепке алатынын білуі, әрі жанында періштенің тұрғанын сезіп күнә істерге барудан ұялуы.
  5. Адамдарға болған көркем мінез. Бұл дегеніміз кісінің жылы жүзді болуымен қоса тілі жұмсақ, жағымды сөздер айтатын кісі, әрі туған-туыстың арасындағы қарым-қатынасқа жіті көңіл бөлетін болуы ләзім. Құранда Аллаһ тағала Муса пайғамбарға Перғауын залым патша болса да «оған жылы-жұмсақ сөздер айтып мәмле жасаңдар» - деп бұйырды. Осылай кісінің адамдарға қаншалықты жылы мәмледе болу керек екенін білдірді. Себебі, адам қаншалықты биік дережеге жетсе де Муса мен Һарун пайғамбарлардан артық бола алмайды, ал қарым-қатынаста болған кісілер Перғауыннан залым емес екенін естен шығармайық.

Құран және көркем мінез

Алла кітабының қай аятына қарасаңыз да көркем мінезге жіті көңіл бөлген. Аллаға болсын және оның елшісіне немесе кісінің өз отбасы мен бала-шағасына тіпті барша адамзатпен қарым-қатынаста көркем мінезде болуды бұйырған. Егер Ислам толықтай көркем ахлақтың діні десек артық айтпаған болар едік. Алла Құранда пайғамбарға және бүкіл оның үмметіне «(Ей, Мухаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандардан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) -десе, тағы бір аятта: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят)- деп, Алла шариғатының негізгі ұстанымы, әрі адамзатты екі дүние бақытына жетелейтін игі жақсылықтардың бірі көркем мінез екендігін білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сүннеті және көркем мінез

Алла тағала Құранда «Сен ең биік көркем мінез иесісің» деп пайғамбарымызға соншалықты жоғары баға берген. Осы аяттың түсіндірмесінде ибн Аббас (р.а.) «Алла тағаланың таңдаулы елшісіне жан-жақты, әрі бүкіл жақсылықты өз ішіне қамтыған мақтауы» дей келе, «Ұлы Алла мұндай мақтаумен бұдан алдын ешкімді де мақтағанын естімеппін» деген. Ал, ғаламға рахым нұрын шашып келген ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» -деп, нұрлы жолының негізгі ұстанымын көрсетеді.

Анас (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.у.) адамдардың ең көркем мінездісі еді. Шынында Пайғамбарымызға он жыл бойы қызмет жасадым еш уақытта маған уф- деп те айтпады және істеген-істемеген нәрселеріме де неге бұлай істедің, неге бұлай істемедің деп те сөккен емес».

Пайғамбарымыз (с.а.у) үмметін көркем мінезді болуға шақырады

Алла елшісі (с.а.у.) айтады: «Қай жерде болсаң да Алладан қорық, жамандықтың соңынан оны өшіріп жіберетін жақсылық істе, адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезде бол». Тағы бір хадисте айтады: «Адамдардың Аллаға ең жақыны көркем мінездісі», «Мұсылманның таразысын басатын ең ауыр нәрсе көркем мінез». Бұдан да ғажабы, кісі мінез-құлықының көркемдігімен пенделердің ең биік дережесіне ие болатыны. Алла елшісі (с.а.у.) айтады: «Кісі мінез-құлықының көркемдігімен түнде намаз оқыған, күндіз ораза ұстаған кісінің дәрежесіне жетеді»- дейді. Сондай-ақ, мінездің көркем болуы рызық-несібе мен ғұмырдың және әрбір ісіңнің берекелі болуына негіз. Алла елшісі (с.а.у.) айтады: «Туған-туыстың арасындағы байланыс пен көркем мінез және көршілермен жақсы қарым-қатынаста болу тұрып жатқан өлкеге және ғұмырға береке алып келеді».

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көркем мінезі жайлы кейбір үзінділер

Муслим риуаят еткен хадисте Муауия ибн ал-Хакам айтады: Біз бір күні Алла елшсімен бірге намаз оқып тұрғанымызда кенеттен арамыздан бір кісі түшкіріп қалды. Мен оған жауап ретінде Саған Алланың рахымы жаусын! (Түшкірген кісіге айтылатын дұға) деп айтқаным сол екен, қасымдағы барлық кісілер маған тесіле қарады. Сонда маған неге бұлай қарайсыңдар деп сөйлеп жібердім. Ал, олар болса қолдарымен ауыздарын көрсетіп, маған тыныш дегеннен соң мен тынышталып қалдым. Ал, пайғамбарымыз (с.а.у.) намаз оқып болған соң маған қарады. Ол кісідей әр істі байыппен түсіндіретін ұстаз көрмедім. Алламен қасам, пайғамбарымыз (с.а.у.) маған айқайламады да, ұрмады да, сөкпеді де тек қана жәймен «Бұл намаз, онда адамдардың жәй сөздерін сөйлеу жарамайды, онда тек қана тасбих (Алланы пәктеу), такбир (Алланы ұлықтау) және Құран оқылуы керек» -деді.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Тайф тұрғындарымен болған оқиғада олардың жамандықтарына жақсылықпен жауап қайтарады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларды Исламға шақырып барғанда ең жаман сөздерді айтып, әрі көшенің жас та, тентек балаларының қолдарына тас беріп, пайғамбарымызды (с.а.у.) қаладан қан жоса етіп қуып шығады. Сол кезде Алла тағала пайғамбарымызға (с.а.у.) тау періштесін жібереді. Ол пайғамбарымызға (с.а.у.): « Уа, Алла елшісі! Мені саған Алла жіберді және сенің не іске бұйырса соны орындауымды бұйырды. Егер де мынау тұрған екі таумен сені азапқа салған қауымды жермен жексен ет десең оны істейін» деді. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.) «Жоқ, олай істеме! Мүмкін Алла тағала бұл қауымның ұрпақтарынан «Ла иләһә иллаллаһ» -ты шынай айтатын кісілерді шығарар деп үміттенемін» дейді.

Көркем мінездің пайдасы не?

  1. Пендені Аллаға жақындататын істердің ең абзалы.
  2. Күнә істердің жойылып, сауапты істердің көбейуіне себеп.
  3. Алланың пендесін жақсы көруіне себеп.
  4. Өлкелердің берекелі ал, ғұмырдың ұзақ болуына себеп.
  5. Адамдардың кісіні тек жақсы жағымен еске алуына себеп.
  6. Көркем мінез достарыңның көп болып, дұшпандарыңның аз болуына себеп.
  7. Пенде тәнінің тозақ отына күймеуіне себеп.
  8. Көркем мінез қиямет күні амал таразысындағы ең ауыр нәрсе.
  9. Пенденің жұмақта Пайғамбарымыздың жанында болуына себеп және т.б.

Қорыта айтқанда, мұсылмандық дегеніміз - көркем мінез. Яғни, көркем мінез бар жерде имандылық бар. Мұсылман кісі өзіне қалаған нәрсені өзгеге қалайтын, әрі қолымен де, тілімен де өзгеге зиян жеткізбейтін және ашудың үстінде болып қалса да өзін ұстай білетін сабырлы адам.

Алла елшісі бүкіл саналы ғұмырын көркем мінезді дәріптеуге арнады. Құранда «Расында, Аллаға және ақырет күніне иман келтіріп, Алланы көп еске алатындар үшін Алла елшісінде керемет үлгі-өнеге бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят) –делінген. Ал, керемет көркем әдепті тал бойына топтап, үмметіне үлгі болған адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм «Иә, Тәңірім! Менің жаратылысымды көркем еткеніңдей, мінез-құлқымды да көркем ет!»-деп көп дұға-тілекте болады екен.

Олай болса, Ұлы Алла тағала жоғарыда аталып өткен көркем ахлақтардан үлгі алуымызды және адамдарға жағдайымыз келгенше Алла разылығы үшін жақсылық жасап, зиян келтірмей көркем мінезде болумызды нәсіп етсін дейік, ағайын!

Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің Бас имамы Рахым Серік Темірбекұлы

Рахым Серік Темірбекұлы
15 11.21

Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген кемел дін. Мұсылманның сыртқы және ішкі дүниесі сай болуға тиіс. Жер бетінде нағыз әдептің үлгісін пайғамбарымыз (с.ғ.с) көрсетті. Әдепті тәлім- тәрбие жағынан алсақ та, киім кию, ас ішу тұрғысынан қарасақ та, сөз сөйлеуді алсақ та, бәрібір қашан да ең биіктен табылды.

        Әбубәкір (р.ғ.) пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Уа, Алланың елшісі, сені осыншалықты әдепке кім баулыды?»,- деп сұрады. Ол (с.ғ.с): «Мені Раббым әдепті етті және жақсылап тәртиеледі»,- деп жауап қайырды.

       Айша анамыздан (р.ғ): «Алла елшісінің мінез- құлқы қандай еді?»,- деп сұрағанда, ол: «Сіздер Құран оқымайсыздар ма?»,- деді.

       Олар: «Оқимыз», - дегенде, анамыз: «Алла Расулінің мінез- құлқы Құран еді»,- деп жауап берді.

       Демек, пайғамбарымыз (с.ғ.с) әдептің ең шыңынан орын алған. Олай болса, әдеп үйренгісі келгендер Алла елшісіне қарау керек. Сөйтіп бейнебір әдеп айнасына қарап тұрғандай, өзінің кем- кетігін түзетуі қажет. Өйткені Алла тағала оны бүкіл адамзатқа үлгі болатындай әдепті етіп жаратты. Пайғамбарымыздың пайғамбарлығының бір кереметі де осында.

      Хикмет иесі Лұқпаннан: «Осыншама әдептілікті қайдан үйрендің?»,- дегенде «әдепсіздерден үйрендім. Олардың өзін- өзі ұстауына қарап, қайсысы көңіліме жақпаса, сол әдеттен бездім»,- депті.

     Бұрынғы ізгі адамдар әдеп туралы небір құнды қанатты сөздер қалдырды. Мысалы: «Әдептілік – арлылық, әдепсіздік – сорлылық». «Әдептілік – әдемілік», «Әдеп – адамның киімі тәрізді. Әдепсіз адам жалаңашқа ұқсайды» деген қанатты сөздер әдепті бейнелі түрде түсіндірген. Әрине, әдеп адамның тәнінің емес, рухы мен жанының киімі. Киім болмаса, ұятты жерлеріміз ашық болып тұратын секілді, әдеп болмаса, рухымыздағы кейбір ағат мінездер жұртқа көрініп жүреді.

      Тағы бір ғалым: «Әдеп – тәж секілді. Оны киген кісі бар бәледен құтылады». – деген. Ойланып қарасақ, шындығында әдепті кісіге қандай адам жау болады? Ешкімге соқтықпай, құлшылығын жасап, тек жүрген кісімен ешкімнің де ілігі болмасы анық. Керісінше, әдепті кісілерді жұрттың бәрі сыйлайды, тіпті патшадай құрметтейді.

     Жалпы алғанда дінімізде әдептілік кең ұғымды қамтиды. Мұсылман адамды әдеп иесі деуге болады. Ал әдепті құлын Алланың сүйері анық.

Қарабалық ауданы "Ғашура ана" мешітінің бас имамы Рахым Серік

Рахым Серік Темірбекұлы
21 10.21

Дін ғалымдары: «Көркем мінез» сөзін кеңінен қарастырып, адам баласының жеке өзіне, отбасында, жұмыс орнында, қоғамдық орындарымен құлшылығына қатысты іс- әрекетінде әдепті болу, тіпті талас- тартыс, кек алу, ажырасу, арыздану, өтініш, қарызды талап ету, жазалау сондай- ақ соғыс кездерінде де шариғат талаптарымен әдептерін сақтай отырып атқару,- деген.

Көрке мінез – ол пайғамбарлардың мінезі, ол шыншылдармен ізгілердің мінезі.

Қиямет күні таразы басында мүмин пенденің көркем мінезінен асқан ауыр нәрсе болмайды. Күмәнсіз Алла ауызы былапыт сөзге толы арсыз адамды жек көреді(1).

Бұл тақырыпқа қатысты мынадай хадистер бар: «Мүминдердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез- құлқы ең жақсы болғаны»(2), «Мүмин өзінің көркем мінезінің арқасында күндіз ораза, түнде намаз оқитын пенденің мәртебесіне жетеді»(3).

Хазіреті Әли (Алла одан разы болсын) көркем мінездің белгісі: «Харамнан аулақ болу, адал табыс табу және отбасына жомарт болу»,- деп айтқан.

Атам қазақ мақал- мәтелдерінің бірінде: «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі»,- деген. Сонымен қатар «Он бәленің тоғызы тілден», «Ұрлық түбі - қорлық», «Біреуге ор қазба – өзің түсесің», «Жақсыға барсаң жадырап қайтарсың, жаманға барсаң жабығып қайтарсың»,- балалары мен немерелерін кішкентайынан тәрбиелеп отырған. Есейе келе дін мен дәстүрді қоса меңгерген ұрпағы, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен.

Мінезі көркем адаммен дос болу, барлық адамның қалауы. Ал досы көпті дау алмасы анық. Басыңа күн түскенде, шынайы достар ғана қасыңнан табылады. Өмірдің қай бұрышында, кімді не күтіп тұрғаны бір Аллаға мәлім. Сүрінгенге сүйеу, қиналғанға жәрдемші болу адамдықтың белгісі. Алыс бар жерде беріс бар,- деген. Адамның жанын, адам ғана түсінері анық. Ендеше кеңшілікте кең болсаң, таршылықта айналаңнан адамдарды табасың деген. Көркем мінез жемісін осы өмірде және ақыретте де берері анық.

Қарабалық аудандық "Ғашура ана" мешітінің бас имамы Рахым Серік Темірбекұлы

____________________________________________________

  1. Бұхари, Әдәбул- Муфрад, 1/164; Термизи, Бирр 61.
  2. Термизи, рада, 11; Әбу Дауіт, сүннет 16.
  3. Табарани, әл-мужамил-Кәбир, 1/260.
Рахым Серік Темірбекұлы
20 09.21

Мұсылман пенденің бойында болатын ізгі сипаттың бірі – кешірімділік. Бұл жалғанда кемшіліксіз адам болмайды. Кісінің оқыс істері мен зиянды іс- әрекеттері анықталғанда, оған адами тұрғыдан кеңшілік жасап, орын алған жайдың мән- жайын түсіндіру, кеңшілік көрсету – кешірімділік болып табылады. Қасиетті Құран Кәрімнің «Шура» сүресінің 43- аятында Алла Тағала:

وَلَمَنْ صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَلِكَ لَمِنْ عَزْمِ الأُمُورِ

«Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ істердің ең маңыздысы осы» - деп айтқан.

Дін мен дәстүрді қатар алып жүрген ата- бабаларымыз жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтындығын ескеріп: «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау кемдік» немесе «Жақсы адамның ашуы – шәй орамал кепкенше» - деу арқылы ренжісті ұзаққа созбай, тезірек кешіруді адам бойындағы ізгі қасиеттердің қатарына жатқызған.

Дінімізде бауырмашылдық, кешірім жасау әрқашан үлгі-өнеге етіледі. Өйткені, Ислам осындай ғибратты қасиеттердің арқасында бүкіл әлем жұртшылығын мойындатты. Кешірім-адамдардың арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластықты нығайтады. Ол отбасының ынтымақ пен бірлікте өмір сүруіне ықпал етеді. Өзара сенімді нығайтады. Татулықты барынша арттырады.

Бұл жайында Құран Кәрімнің Фуссилат сүресінің 34- аятында Алла Тағала былай дейді:

وَلَا تَسْتَوِي الْحَسَنَةُ وَلَا السَّيِّئَةُ ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ 

Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сенімен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді.

Кешірім жасау кімнің болсын абырой, дәрежесін көтереді. Бір жағынан оның азаматтық болмысының жоғары екендігін айқын дәлелдейді. «Ұлық болсаң кішік бол» деген сөз де босқа айтылмаған. Кішіпейілдік ешкімнің де беделін түсірмейді. Кімде- кім кешірімділік сипатына ие болса, ол адам бұл дүниеде бақытты, ал ахіретте жомарттықпен нығметтеледі. Сондықтан да бұл сипат дінімізде көркем мінезділіктің шыңы болып табылады.

Бір күні пайғамбарымызға (с.ғ.с) Жәбрейіл (ғ.с) періште келіп: «Ей, Мұхаммед! Мен саған бұл дүниелік және ахіреттік болатын көркем мінездер әкелдім»,- деп мына аятты оқыды:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

(Мұхаммед) Кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай- ақ надандардан бет бұр.(Ағраф сүресі-199 аят).

Сонда Алла елшісі (с.ғ.с) бұл аяттың мағынасын сұрағанда, Жәбрайл (ғ.с):

«Расында Алла тағала саған және сенімен арасын үзген адаммен қарым- қатынасыңды жақсартуды, саған бермеген адамға беруді, саған зұлымдық жасаған адамды кешіруді, саған дұшпандық қылғанға сабыр етуді бұйырды»,- деген екен.

Хасан әл- Басри (Алла оны рахымына бөлесін): «Мүминнің мінезінің ең абзалы – кешірімділік»,- деген. Өкпелеу, ренжу, көңілге алу әркімнің де қолынан келеді. Алайда кешіру – жүрегіне иман ұялаған, Алланың кешірімін үміт ететін құлдарға тән қасиет.

Кешірім сұрағанды кешіре білу – адамдықтың белгісі. Кешірімді болсаң кең боласың. Кең болсаң кем болмайсың.

 

Қарабалық аудандық

«Ғашура ана» мешітінің

Бас имамы Серік Рахым Темірбекұлы

Рахым Серік Темірбекұлы

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником