Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

14 02.22

Көркем мінез және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өнегелі өмірінен үзінділер

Көркем мінез – асыл дініміз исламның ең маңызды тіректерінен. Қасиетті Құран мен пайғамбар хадистерінің қай жеріне қарасаң да көркем мінезге көңіл бөлгенін көресің. Мінездің көркем болуы мұсылман адамды Ұлы Аллаға жақындатын, әрі дәрежесін жоғарылататын ең ұлық құлшылықтардан болып есептеледі.

Көркем мінез дегеніміз не?

Имам Тобари (р.а.) көркем мінезге әдептіліктің ең жоғарғы сатысы деп түсініктеме берсе, ал имам Мужаһид (р.а.) көркем мінез ол, діннің нағыз өзі деген екен. Ал, Хасан ал-Басри (р.а.) болса көркем мінез дегеніміз өзіңдегіні өзгемен бөлісу, қолы ашық болу және сабырлы болу деген екен. Имам Ахмад айтқан: көркем мінез - кісі өзін көреалмаушылықтан сақтай білсе немесе ашушаңдықтан өзін тия білсе немесе өзгеге жала жаппаса деген екен.

Көркем мінездің белгілері

Имам Ғазали (р.а.) көркем мінездіктің кейбір белгілері тізбектей келе, ол - көп ұятты, аз зиянды, көп игі істі, әрі турашыл, аз сөзді көп істі, әрі аз қателесетін, жақсылыққа жаны жақын, сабырлы, шүкіршіл, дана, жұмсақ кісі болу. Лағынет-балағат сөздерге, өсек-ғайбатқа, өтірік-жалаға, сараңдық пен көреалмаушылыққа жаны қас болу. Алла жолында жақсы көріп, Алла жолында жаман көру және Алла риза болатын дүниеге риза болып, Алла ашуланатын дүниеге ашулану деген екен.

Көркем мінездің негізгі тіректері

Ибн Қойм өзінің «Мадариж ас-саликин» еңбегінде Көркем мінез мына төрт негізбен толық болады. Сабырлық, пәктік, батырлық және әділдік деген.

  1. Сабырлық, адамды әртүрлі нәрселерден сабыр етуге, ашуды басуға және жұмсақ болуға әрі асықпауға жетелейді.
  2. Пәктік, адамды жаман-жиіркенішті нәрселерден тиылуға, (ол сөз немесе іс болсын) және ұятты болуға (себебі ол, барлық жақсылықтың басы) бастайды, әрі бұзғыншылықтан, сараңдықтан және өтірік, өсек-ғайбаттан сақтайды.
  3. Батырлық, адамның рухын биіктетуге, жақсы ахлаққа ие болуға, ашуды басып, мейрімді-жұмсақ болуға жетелейді. Сол үшін де Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Нағыз батыр білек күшімен емес, нағыз батыр өз-өзін ашуда ұстай білген» деген.
  4. Әділдік, адамды мінез-құлықта тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

Сонымен бірге, пенденің ең жаман мінезді бойына сіңіруге себеп мына төрт нәрсе: Надандық, зұлымдық, шаһауатқа берілу және ашушаңдық.

Көркем мінездің түрлері

  1. Алламен байланыстағы көркем мінез. Бұл ең маңызды түрі, себебі адам ең бірінші Алламен әдептілік танытпай басқамен әдепті болағаны жараспайды. Ал, Алламен байланыстағы көркем мінез жалғыз Аллаға құл екеніңді білдіру және одан келген пәрменге естідім де, бойынсындым деген ұраныңнан жаңылмау.
  2. Пайғамбарымызға (с.а.с) деген көркем мінез, оған деген шынайы сүйіспеншілікпен, сүннетіне бекем болып, оған амал етуіңізбен және өзгелерге оның нұрлы жолын жеткізуге үлес қосуыңызбен болады.
  3. Алланың кітәбіна деген көркем мінез. Оны оқып, оған ой жүгіртуіңізбен, ондағы үкімдерге амал етіп, тыйымдардан шеттенуіңізбен және үлкенді-кішілі істеріңізде Құранға жүгінуіңізбен болады.
  4. Періштелерге деген көркем мінез, әрбір адамның жанында періштелердің жүргенін және әрбір ісін есепке алатынын білуі, әрі жанында періштенің тұрғанын сезіп күнә істерге барудан ұялуы.
  5. Адамдарға болған көркем мінез. Бұл дегеніміз кісінің жылы жүзді болуымен қоса тілі жұмсақ, жағымды сөздер айтатын кісі, әрі туған-туыстың арасындағы қарым-қатынасқа жіті көңіл бөлетін болуы ләзім. Құранда Аллаһ тағала Муса пайғамбарға Перғауын залым патша болса да «оған жылы-жұмсақ сөздер айтып мәмле жасаңдар» - деп бұйырды. Осылай кісінің адамдарға қаншалықты жылы мәмледе болу керек екенін білдірді. Себебі, адам қаншалықты биік дережеге жетсе де Муса мен Һарун пайғамбарлардан артық бола алмайды, ал қарым-қатынаста болған кісілер Перғауыннан залым емес екенін естен шығармайық.

Құран және көркем мінез

Алла кітабының қай аятына қарасаңыз да көркем мінезге жіті көңіл бөлген. Аллаға болсын және оның елшісіне немесе кісінің өз отбасы мен бала-шағасына тіпті барша адамзатпен қарым-қатынаста көркем мінезде болуды бұйырған. Егер Ислам толықтай көркем ахлақтың діні десек артық айтпаған болар едік. Алла Құранда пайғамбарға және бүкіл оның үмметіне «(Ей, Мухаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандардан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) -десе, тағы бір аятта: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят)- деп, Алла шариғатының негізгі ұстанымы, әрі адамзатты екі дүние бақытына жетелейтін игі жақсылықтардың бірі көркем мінез екендігін білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сүннеті және көркем мінез

Алла тағала Құранда «Сен ең биік көркем мінез иесісің» деп пайғамбарымызға соншалықты жоғары баға берген. Осы аяттың түсіндірмесінде ибн Аббас (р.а.) «Алла тағаланың таңдаулы елшісіне жан-жақты, әрі бүкіл жақсылықты өз ішіне қамтыған мақтауы» дей келе, «Ұлы Алла мұндай мақтаумен бұдан алдын ешкімді де мақтағанын естімеппін» деген. Ал, ғаламға рахым нұрын шашып келген ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» -деп, нұрлы жолының негізгі ұстанымын көрсетеді.

Анас (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.у.) адамдардың ең көркем мінездісі еді. Шынында Пайғамбарымызға он жыл бойы қызмет жасадым еш уақытта маған уф- деп те айтпады және істеген-істемеген нәрселеріме де неге бұлай істедің, неге бұлай істемедің деп те сөккен емес».

Пайғамбарымыз (с.а.у) үмметін көркем мінезді болуға шақырады

Алла елшісі (с.а.у.) айтады: «Қай жерде болсаң да Алладан қорық, жамандықтың соңынан оны өшіріп жіберетін жақсылық істе, адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезде бол». Тағы бір хадисте айтады: «Адамдардың Аллаға ең жақыны көркем мінездісі», «Мұсылманның таразысын басатын ең ауыр нәрсе көркем мінез». Бұдан да ғажабы, кісі мінез-құлықының көркемдігімен пенделердің ең биік дережесіне ие болатыны. Алла елшісі (с.а.у.) айтады: «Кісі мінез-құлықының көркемдігімен түнде намаз оқыған, күндіз ораза ұстаған кісінің дәрежесіне жетеді»- дейді. Сондай-ақ, мінездің көркем болуы рызық-несібе мен ғұмырдың және әрбір ісіңнің берекелі болуына негіз. Алла елшісі (с.а.у.) айтады: «Туған-туыстың арасындағы байланыс пен көркем мінез және көршілермен жақсы қарым-қатынаста болу тұрып жатқан өлкеге және ғұмырға береке алып келеді».

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көркем мінезі жайлы кейбір үзінділер

Муслим риуаят еткен хадисте Муауия ибн ал-Хакам айтады: Біз бір күні Алла елшсімен бірге намаз оқып тұрғанымызда кенеттен арамыздан бір кісі түшкіріп қалды. Мен оған жауап ретінде Саған Алланың рахымы жаусын! (Түшкірген кісіге айтылатын дұға) деп айтқаным сол екен, қасымдағы барлық кісілер маған тесіле қарады. Сонда маған неге бұлай қарайсыңдар деп сөйлеп жібердім. Ал, олар болса қолдарымен ауыздарын көрсетіп, маған тыныш дегеннен соң мен тынышталып қалдым. Ал, пайғамбарымыз (с.а.у.) намаз оқып болған соң маған қарады. Ол кісідей әр істі байыппен түсіндіретін ұстаз көрмедім. Алламен қасам, пайғамбарымыз (с.а.у.) маған айқайламады да, ұрмады да, сөкпеді де тек қана жәймен «Бұл намаз, онда адамдардың жәй сөздерін сөйлеу жарамайды, онда тек қана тасбих (Алланы пәктеу), такбир (Алланы ұлықтау) және Құран оқылуы керек» -деді.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Тайф тұрғындарымен болған оқиғада олардың жамандықтарына жақсылықпен жауап қайтарады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларды Исламға шақырып барғанда ең жаман сөздерді айтып, әрі көшенің жас та, тентек балаларының қолдарына тас беріп, пайғамбарымызды (с.а.у.) қаладан қан жоса етіп қуып шығады. Сол кезде Алла тағала пайғамбарымызға (с.а.у.) тау періштесін жібереді. Ол пайғамбарымызға (с.а.у.): « Уа, Алла елшісі! Мені саған Алла жіберді және сенің не іске бұйырса соны орындауымды бұйырды. Егер де мынау тұрған екі таумен сені азапқа салған қауымды жермен жексен ет десең оны істейін» деді. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.) «Жоқ, олай істеме! Мүмкін Алла тағала бұл қауымның ұрпақтарынан «Ла иләһә иллаллаһ» -ты шынай айтатын кісілерді шығарар деп үміттенемін» дейді.

Көркем мінездің пайдасы не?

  1. Пендені Аллаға жақындататын істердің ең абзалы.
  2. Күнә істердің жойылып, сауапты істердің көбейуіне себеп.
  3. Алланың пендесін жақсы көруіне себеп.
  4. Өлкелердің берекелі ал, ғұмырдың ұзақ болуына себеп.
  5. Адамдардың кісіні тек жақсы жағымен еске алуына себеп.
  6. Көркем мінез достарыңның көп болып, дұшпандарыңның аз болуына себеп.
  7. Пенде тәнінің тозақ отына күймеуіне себеп.
  8. Көркем мінез қиямет күні амал таразысындағы ең ауыр нәрсе.
  9. Пенденің жұмақта Пайғамбарымыздың жанында болуына себеп және т.б.

Қорыта айтқанда, мұсылмандық дегеніміз - көркем мінез. Яғни, көркем мінез бар жерде имандылық бар. Мұсылман кісі өзіне қалаған нәрсені өзгеге қалайтын, әрі қолымен де, тілімен де өзгеге зиян жеткізбейтін және ашудың үстінде болып қалса да өзін ұстай білетін сабырлы адам.

Алла елшісі бүкіл саналы ғұмырын көркем мінезді дәріптеуге арнады. Құранда «Расында, Аллаға және ақырет күніне иман келтіріп, Алланы көп еске алатындар үшін Алла елшісінде керемет үлгі-өнеге бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят) –делінген. Ал, керемет көркем әдепті тал бойына топтап, үмметіне үлгі болған адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм «Иә, Тәңірім! Менің жаратылысымды көркем еткеніңдей, мінез-құлқымды да көркем ет!»-деп көп дұға-тілекте болады екен.

Олай болса, Ұлы Алла тағала жоғарыда аталып өткен көркем ахлақтардан үлгі алуымызды және адамдарға жағдайымыз келгенше Алла разылығы үшін жақсылық жасап, зиян келтірмей көркем мінезде болумызды нәсіп етсін дейік, ағайын!

Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің Бас имамы Рахым Серік Темірбекұлы

Security code


алдыңғы блог жазба
Кешірімділік – көркем мінезділіктің шыңы
келесі блог жазба
Берекелі Шағбан айы

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником