Мұсылман күнтізбесінде қасиетті Ережеп айынан кейін келетін берекелі ай ол – Шағбан айы. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл айды аса жақсы көріп, басқа айларға қарағанда ерекше бағалаған екен. Себебі бұл айда адамның жыл бойғы әрбір істеген амалдары Алла Тағаланың алдына ұсынылатындығы айтылған. Бұған дәлел сахаба Усама ибн Зәйд шағбан айында мұншалықты көп ораза ұстау себебін сұрап: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Сенің шағбан айында ұстаған оразаң секілді өзге айларда ұстағаныңды көрмедім», - дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп жауап берген: «Шағбан ережеп пен рамазан арасындағы адамдар бұдан ғапыл болып жататын ай. Бұл айда амалдар Раббымызға жеткізіледі. Мен де амалымның ораза ұстаған сәтінде жеткізілуін қалаймын»,- дейді.
Сол секілді Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл айда әртүрлі нәпіл құлшылықтарын арттырып, әсіресе көбірек ораза ұстаған. Саңлақ сахаба Әнас ибн Мәлик те былай дейді, бірде Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?»,- деп сұраған кезде: «Рамазан айының құрметіне Шағбан айында тұтылған ораза»,- деп жауап берген екен.
Ғұламалар осы хадистердің негізінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы айда оразаға көбірек мән бергенінің басты екі себебін айтқан. Біріншісі: Шағбан - көпшілік адамдар Ережеп пен Рамазан айларының арасында байқаусызда өткізіп алатын ай болғандықтан. Себебі құлшылық амал қаншалықты байқаусыз уақыттарда болса соншалықты оның сауабы мен маңыздылығы арта түсетіні мәлім. Оған дәлел ол құлшылықтан Аллаға деген ықыласы мен Жаратушыға етене жақындығы артатындығында. Мысалы; көпшілік адамдар байқаусызда қалатын түнгі таһаджуд намазы секілді. Ал, екіншісі: Пенденің жасаған ізгі амалдары әлемдердің Раббысына көтерілетін ай болғандықтан. Сондықтан да Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен осы айда ораза тұтамын - деген. Олай болса мұсылман қауымға бұл айда нәпіл оразалар ұстап сауабы көп ізгі амалдардың үстінде болу маңызды.
Сондай-ақ ғұламалармыз пенденің жасаған амалдары Алла Тағаланың алдына ұсынылатыны жөнінде үш түрлі дәрежеде іске асатынын айтқан. Осы жөнінде Имам ибн Ражаб ал-Ханбали (р.а.) айтады. Бірінші дәреже: Күнделікті ұсынылып тұруы. Ол таң намазы мен екінді намаздары уақытында. Әбу Һурайра (р.а) риуаят еткен, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге түнде бір періштелер, күндіз бір періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазы мен екінді намазында жиналып, сосын сендермен түнде бірге болғандар көкке көтеріледі. Сонда Алла олардан жақсы біліп тұрса да: «Пенделерімді қандай жағдайда тастап келдіңдер?» – деп сұрайды. Ал олар: «Біз оларды намаз оқып жатқандарында тастап келдік, сондай-ақ, олар біз оларға барғанымызда да намаз оқып жатыр еді», – деседі». Екінші дәреже: әр апта сайын ұсынылып тұруы. Ол әр бейсенбі күні болады. Бұған дәлел Имам Ахмадтың (р.а.) Әбу Хурайрадан (р.а) жеткізген хадисте Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанын естідім: «Расында адам баласының жасаған амалдары әр бейсенбі жұманың түнінде Алла Тағалаға ұсынылады, тек туған-туыстың арасын үзген адамның амалы қабыл етілмейді» дейді. Ал, үшінші дәреже: бір жыл бойы жасаған амалдардың ұсынылып тұруы. Ол шағбан айында ұсынылады. Оған дәлел жоғарыда келтірілген сахаба Усама ибн Зәйдтен келген хадис. (Ләтаифүл-Мәариф, 191-193 бет).
Рамазаннан алдыңғы ай шарапатты Шағбан айы болғандықтан ардақты елші (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) берекесі мол айға әзірлік ретінде Шағбан айында парыз құлшылықтармен қатар нәпіл ғибадаттарын көбейтіп, Алланың көркем есімдерін мадақтап, зікір етіп, шүкіршілігін арттырып, кедей-кепшікке садақа берген. Үмметтің үлкендері де бұл айда құлшылыққа жаңаша құлшыныспен кірісетін. Құран Кәрім аяттарын қайталап, нәпіл құлшылықтарына көңіл бөліп, жалбарына кешірім тілеп, зекет парыздарын орындап, жоқ-жітікке қарасатын. Жетім, жесір, жалғызбасты кісілерге көмектесіп, қарттардың көңілін аулайтын.
Имам Ибн Раджаб (р.а.) былай деген: «Рамазан айы Шағбаннан кейін келетіндіктен, бұл айда ораза тұтып, еселеп Құран оқу өте қалаулы болып табылады» (Ләтаифүл-Мәариф, 258 бет). Сол секілді Салама ибн Куһайл айтады: «Біздің уақытымызда Шағбан айы Құран оқушылар айы деп айтылатын ал, Амр ибн Қойс Шағбан айы кірген кезде дүкеншесін жауып уақытын тек Құран оқуға арнайтын болған» (Ләтаифүл-Мәариф,196 бет) деген.
Пендесіне аса мейірімді Алла Тағала шағбан айының ортаңғы түні мен күндізіне мол мүмкіншіліктер жасырған. Сол түні кім ықыласты болып ізгі амалдарда ыждахаттылық танытса Аса Жомарт Иенің мол сауабына иеленіп қана қоймай, күнәлары кешіріліп дұға-тілектері қабыл болу мүмкіндігі молая түседі. Бәраат түні – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде жағдайы келіп жатса Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күналарымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Айрықша түн жайлы келген кейбір хадистерге тоқтала кетсек.
Муаз ибн Жәбәл (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала Шағбаны айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да барлығының күнәсін кешіреді. Тек қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді» деген. Олай болса мұсылман кісі бұл түні барынша өзін рухани тазартуға ұмтылуы керек. Осыған байланысты сахих ибн Мажаһта келген хадисте Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қайсы адам ең ізгі абзал адам деп сұралған кезде «Әрбір жүрегі таза әрі әрдайым шын сөйлейтін кісі деді. Сонда сахабалар Уа, Алланың елшісі! шыншыл кісіні түсіндік ал жүрегі таза дегенді түсіндірсеңіз деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ол - тақуа әрі таза, ешбір күнәсі де зұлымдығы болмаған және жүрегінде өзгеге күншілдігі де, көре алмаушылығы да болмаған кісі» деді. Қай жағынан алып қарасақ та, құт пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы «Бараат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді.
Сөз соңында айтар болсақ, берекеге толы шағбан айын ескерусіз қалдырмай құлшылықтарға құлшыныспен бұрылып, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған нәтижесінде Алла Тағала баршамызды Шағбан айының берекесіне кенелтіп, құлшылықтарымыз арқылы тақуалыққа, иман ләззатын сезінуге әрі Жаратқан иемізге бір табан жақындай түсуімізді нәсіп етсін!
Серік Рахым Темірбекұлы
Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің бас имамы
[1] Насай, Саум
[2] Муслим, Саум
[3] Тирмизи, 657
[4] Бұхари 540, Муслим 1035
[5] Мүснәд Ахмад ибн Ханбал,10079
[6] Байһақи, 3674
[7] Ибн Мәжә, Зуһд 4214