Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

30 09.15

Ислам сөзі, Аллаға шынайы берілу, амандық, бибітшілік деген мағыналарды білдіреді. Ислам дінінің негізгі мұраты бейбітшілік, татулық болып табылады. Ал мұсылмандардың міндеті маңайындағы жеке тұлғаны әрі қоғамды дұрыстау, түзету. Осылайша олар адамдар арасында ортақ пікірдің пайда болуына мұрындық болады. Міне бейбітшілік пен тыныштық осылай дүниеге келеді.

Ислам діні мұсылмандарды тек жеке тұлға ретінде кемелдендіріп, дамытып қана қоймай, сонымен қатар қоғамның тыныштығын, амандығын қамтамасыз ететін ұлы ұстанымдар сыйлаған. Қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты дін бауырластығы шаңырағының астында сүйіспеншілікпен жүзеге асуын әмір етеді. Сондай-ақ қоғамның әрбір мүшесін көпшіл, халықшыл болуға шақырып, қоғамның бір дене іспетті қалыптасуына үлесін қосады. Мұны өз басынан кешірген қоғамдар бірлік пен ынтымақтың рухымен жігерленіп, барша адамзатқа өнеге болары сөзсіз.

Татулық – жақсы мінез-құлықтың жемісі болса, жаман мінез-құлық бөлінушілікке алып баратындығын білген жөн. Рухани келісім, татулық және өзара махаббат жақсы мінез-құлықтың қажетті салдары болмақ. Алайда жаман мінез-құлық өзара жеккөрушілікке, көреалмаушылыққа және қарым-қатынастың үзілуіне әкеп соқтырады. Жалпыға белгілі болғандай, Ислам діні жақсы мінез-құлыққа ерекше көңіл бөледі. Тіпті осы мінезге қатысты Алла Тағала өзінің Елшісін (с.ғ.с.) мадақтап былай деді:

(وَإِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ)

«Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің» (Қалам сүресі, 4-аят). Аса ұлы Алла Мұхаммадқа (с.ғ.с.) кемел мінез-құлық берді. Оның мінезі Құрандағы ізгі сипаттарды қамтыған. Аса ұлы Алла адам баласы үшін Мұхаммадтың (с.ғ.с.) мінезінің әрбір қырын ең жетілген үлгі етті (Ибн Касир).

Хадистердің бірінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқы қандай болғандығы жайлы сұралған сауалға, Айша (р.а.) анамыз: «Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мінезі – Құран еді» деп жауап бергендігі жеткен. Бұл Алла Тағаланың Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) қоса барлық адамзат баласының бойына сіңіруді үндеген Құрандағы барлық мінез-құлықтармен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) басқалардан ерекшеленгендігін білдіреді.

Абу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте, бірде Алла Елшісінен (с.ғ.с.) көбінесе адамдарды не нәрсенің жұмаққа жетелейтіндігі жайлы сұралғанда, Ол (с.ғ.с.) былай деп жауап берген: (تَقْوَى اللهِ وَ حُسْنُ الْخُلُقِ)«Тақуалық (Алланың азабына душар болудан сақтану) және жақсы мінез-құлық» (Термизи).

Сонымен қатар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) пайғамбарлықтың маңызды міндеттерінің бірін атап, былай деген:

(إِنَّمَا بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ صَالِحَ الْأَخْلَاقِ)

«Расында мен (адамдарға) жақсы мінез-құлықты кемелдігіне жеткізу үшін жіберілдім» (Имам Малик).

Сондай-ақ жақсы мінез-құлық адамдар арасындағы өзара түсіністік пен келісімнің орнауына және бір-бірін бөтенсінуді жоюға жетелейтіндігі белгілі. Ал Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде және Оған (с.ғ.с.) ерген сахабалардың сөздерінде адамдардың өзара келісім мен ынтымақта өмір сүру керектігі керемет мадақталған. Әсіресе, егер адамдарды бір-бірімен дін, көркем мінез және Аллаға деген махаббат байланыстыратын болса. Жаратушы Иеміздің мұсылмандарға берген нығметінің арқасында, олардың ұлы жетістікке жеткендіктеріне сілтей келе, Алла Тағала былай деді:

(وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوْبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا)

«Сондай-ақ Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар. Кезінде бір-біріңе бітіспес дұшпан едіңдер, ал бүгін, Алла Тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп Оның (иман, хақ дін Ислам сынды) баға жетпес нығметінің арқасында бір-біріңе бауыр болдыңдар» (Али Имран сүресі, 103-аят). Бұл аяттағы Алла Тағаланың адамдарға берген нығметі – өзара келісім, ынтымақ және бірлік еді. Ал адамдарды бөлінушіліктен, алауыздықтан қайтару мақсатында Алла Тағала мұндай іс-әрекеттерді айыптап былай деп айтқан:

(وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا)

«Барлығың да Алланың желісіне (Ислам дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер» (Али Имран сүресі, 103-аят).

Сонымен қатар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бізге, адамдарды бір-біріне жақындататын нәрсенің көркем мінез екендігін ұғындырып, былай деп айтқаны жеткен:

(إِنَّ مِنْ أَحَبِّكُمْ إِلَيَّ وَأَقْرَبِكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَحَاسِنَكُمْ أَخْلَاقًا)

«Расында маған, сендердің ең сүйіктілерің және қиямет күні маған ең жақын болатындарың, мінез-құлықтары көркем болғандарың».

Сол сияқты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзат баласын сүймейтін адамның, бұл дүниеде әрі ахиретте ешбір жақсылыққа қол жеткізе алмайтындығын, былай білдірген:

) الْمُؤْمِنُ مُؤْلَفٌ وَلا خَيْرَ فِيمَنْ لا يَأْلَفُ وَلا يُؤْلَفُ (

«Нағыз момын мұсылман – басқа адамдардың сүйіспеншілігіне бөленген адам. Ал өзге кісілерді сүймейтін әрі басқа адамдардың сүйіспеншілігіне ие бола алмаған адамда ешбір хайыр жақсылық жоқ» (Ахмад).

Тағы басқа бір сөзінде Алла Елшісі (с.ғ.с.) басшылардың өз қол астындағы қызметкерлерімен ынтымақ-бірлікте болып, жақсы мәмле жасауды насихат етіп, былай деген:

( مَنْ وَلَّاهُ اللهُ عَزَّ وَ جَلَّ مِنْ أَمْرِ الْمُسْلِمِينَ شَيْئاً فَأَرَادَ بِهِ خَيْراً جَعَلَ لَهُ وَزِيرَ صَدْقٍ فَإِنْ نَسِيَ ذَكَّرَهُ وَ إِنْ ذَكَرَ أَعَانَهُ)

«Қашан ұлы Алла Тағала біреуге игілік қалап, мұсылмандарды басқаратын басшы қылса, онда бұған қоса әлгі патшаға есінен шыққан нәрсесін есіне салатын, ал ойында тұрған нәрсесін жүзеге асыруға көмек беретін шыншыл да сенімді уәзірді береді» (Ахмад).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мына хадисінде жалпы адамдардың бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасасып, өздеріне қалаған жақсылықты басқа да бауырларына қалауды және осылай істеген адамның Алла Тағаланың алдында да ең сүйікті пенде болатындығына үгіттеп былай деген:

(مَاتَحَابَّ اثْنَانِ فِي اللَّهِ إِلا كَانَ أَفْضَلُهُمَا أَشَدَّهُمَا حُبًّا لِصَاحِبِهِ)

«Егер екі кісі бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көретін болса, онда досына деген махаббаты мықтырақ болғаны, Алланың алдында абзал саналады» (Ибн Хиббан).

(إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَقُولُ : " قَدْ حَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَحَابُّونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَصَافُّونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَزَاوَرُونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَبَاذَلُونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَنَاصَرُونَ مِنْ أَجْلِي)

«Расында Құдретті де Ұлы Алла Тағала айтты: Мен үшін бір-бірін жақсы көретіндер, махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-бірімен татуласқандар, махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-бірін зират еткендер махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-біріне жомарттық танытқандар, махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-біріне көмектескендер, махаббатыма лайықты болады» (Ахмад).

Ал мына бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген:

(إِنَّ أَحَبَّكُمْ إِلَى اللَّهِ أَحَاسِنُكُمْ أَخْلاقًا , الْمُوَطَّئُونَ أَكْنَافًا الَّذِينَ يَأْلَفُونَ وَيُؤْلَفُونَ , وَإِنَّ أَبْغَضَكُمْ إِلَى اللَّهِ الْمَشَّاءُونَ بِالنَّمِيمَةِ ، الْمُفَرِّقُونَ بَيْنَ الإِخْوَانِ)

«Расында сендердің Алла Тағалаға ең сүйіктілерің, мінездері көркем болғандарың және Раббысына шынайы беріле, толық бойұсынғандарың, өзге адамдарды жақсы көргендерің және басқа кісілердің де сүйіспеншілігіне бөленгендерің. Ал Алла Тағалаға ең жеккөрініштілерің, өсек-ғайбатты тарата отырып, бауырларыңның арасын арандатқандарың» (Ат-Табарани).

Алла Тағала жер бетінде адам баласы үшін бірлікті әрдайым ту етіп жүруі өте маңызды нәрсе екенін айқындап, Құран Кәрімде былай деген:

(شَرَعَ لَكُمْ مِنَ الدِّينِ مَا وَصَّى بِهِ نُوحًا وَالَّذِي أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ وَمَا وَصَّيْنَا بِهِ إِبْرَاهِيمَ وَمُوسَى وَعِيسَى أَنْ أَقِيمُوا الدِّينَ وَلا تَتَفَرَّقُوا فِيهِ كَبُرَ عَلَى الْمُشْرِكِينَ مَا تَدْعُوهُمْ إِلَيْهِ اللَّهُ يَجْتَبِي إِلَيْهِ مَنْ يَشَاءُ وَيَهْدِي إِلَيْهِ مَنْ يُنِيبُ)

Алла: «Дінді дұрыс түсініп, дұрыс тұтыңдар және дінде жік-жікке бөлінбеңдер», -деп, Нұхқа шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарды, өзіңе аухи еткенімізді және Ибрахимге, Мусаға әрі Исаға шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарымызды сендер үшін де дін (міндетті шариғат) етіп бекітті. Сенің ел-жұртты берік ұстануға үндеген (дініңді мойындау) мүшріктерге өте ауыр тиеді. Алла қалаған құлдарын осынау хақ дін үшін таңдайды және Өзіне шын көңілден бет бұрғандарды сол жолға бағыттайды (Шура сүресі, 13-аят). Ұлы Раббымыз мүминдерді бір жүрек тәрізді бірлік пен ынтымақтың туының астында болуын әмір етеді. Бұл мәселені бұрынғы пайғамбарларға да уахи етуі, адамзат баласының әрдайым бөлінуге құштар тұратындығын, әрі бөлінудің қоғамдағы өмір үшін үлкен қауыпті екендігін көрсетеді.

Мұсылмандар бірлік пен ынтымақтан аулақ тұрып, бір-бірінен ажырап қалса, Алланың сүйіспеншілігінен мақұрым қалады. Әрі күш-қуаттарын жоғалтып, күйзеліске ұшырайды. Мұның мысалы қазіргі таңда өте көп.

Алла Тағала құлдарына былай деп ескерту жасайды:

(وَلَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ تَفَرَّقُوا وَاخْتَلَفُوا مِن بَعْدِ مَا جَاءَهُمُ الْبَيِّنَاتُ ۚ وَأُولَٰئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ)

«Айқын дәлелдер келгеннен кейін (қырық пышақ болып) бөлініп, қайшылыққа түскендер секілді болмаңдар! Міне соларға күйзелтуші үлкен азап бар» (Әли Имран сүресі, 105-аят).

Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Қоштасу қажылығында», тіпті өмірінің соңғы күндерінде үмбетіне көптеген ескертулер жасады. Солардың бірі, өзі бақилық болғаннан кейін бөлінушілікке бой алдырып, бір-бірімен соғыспаулары еді. Өйткені бірлікте мейірімділік пен береке бар. Алла Тағала әрдайым жамағатпен бірге болады. Жамағаттан айырылған тамұқ жолына түседі.

Сол үшін Алла Тағалаға: «Жүректерімізді бір-біріне жақындат, біріктір», -деп көптеп дұға жасайық ағайын! Біз мұның қадірін біле бермейміз. Бұл біле-білгенге үлкен нығмет.

Жазған мақаламның соңын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жамағат дегеніміз – мейірімділік, ал бөлінушілік – азап», - деген мына бір керемет хадис шәрифімен аяқтасам, сөзімді түйіндей түсері анық!

Қостанай облыстық «Марал ишан»
мешітінің найб имамы
Дархан Манарбекұлы

Сыздыков Дархан Манарбекович
30 09.15

Қандай да бір ұлттың не қоғамның діңгегі әрі маңызды құрылымы – отбасы. Өйткені қоғамның түзелуі мен бұзылуы осы отбасының жағдайымен тығыз байланысты. Ислам дінінің қайнарларынан нәр алған ата-бабаларымыз «Отан – отбасынан басталады» деп, ұлттарды ұйыстырып отырған мемлекеттің ірге тасын бекем ететін отбасы екендігін айтқан.

«Отбасы» сөзінің тілдік мағынасы – адамның жақындары мен туыстары дегенді білдіреді. Ал «отбасы» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы – ер мен әйелдің некелесуі арқылы шанырақ көтеріп, нәтижесінде ұрпақтарының өсіп-өрбуімен пайда болған, қоғамның негізі болып есептелетін, бір топ адамдар жиынтығы.

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан отбасы – болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырамайтын басты тірегі.

Қоғамда әдептілік пен инабаттылық өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылынуында отбасының маңызы өте зор. Әрбір жанұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдептілік пен адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөліссе, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ.

Ислам әйел адам мен ер адам бір-бірін толықтырып тұратындығын және бір-бірі үшін тірек болатындығын бекітіп, қасиетті Құранның Бақара сүресінің 187-аятында: «Олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер» — деген. Сондай-ақ, Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың сүннетінде әйел адамға ерекше көңіл бөліп, оның ар-намысын қорғап, қоғамда лайықты орынға ие болуын қамтамасыз етеді. Құранда Алла Тағаланың ер мен әйелдің бір-бірі үшін жаратылғандықтан, өз теңін тауып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты ғұмырдың алғышарттарына қол жеткізетіндігін Рум сүресінің 21-аятында баяндайды: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар».

Дініміз отбасы мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, отбасыға қатысты заңдарды егжей-тегжейлі баяндаған. Оның ішінде әрбіл тұлғаға отбасын құрмай тұрып болашақ жар таңдау құқығын, некелесу шарттарын, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен бір-бірінің алдындағы міндеттерін асырау мен қамтамасыз етуміндетінің кімге қатысты екенін ата-ана мен бала құқықтары, ажырасуға қатысты ережелерді белгіледі. Құран Кәрім мен пайғамбар сүннеті бұрын соңды ешбір дін не мәдени жүйелерде толыққанды қарастырылмаған ата-ананың баласының, баласының ата-анасының алдындағы міндеттері мен құқықтарын нақты баяндап берді.

«Ер адамдар әйелдерді – Алла оларға бір-бірінен артықшылық бергені әрі олар мал-дүниелерінен жұмсауы себепті — басқарады» деп, Ниса сүресінің 34-аятында баян етілгендей, Ислам діні жанұяның отағасы, басқарушы ретінде хұқықты ер кісіге беріп отыр. Бұл жерде әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санап тұрғаны жоқ. Қайта, Ислам діні ер кісінің игі бастамаларына әйелді қолдаушы, ақылшы етіп, сенімді сүйеуші ретінде көрсетеді.

Ер кісі ең әуелі отбасының намысын қорғау, әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Өйткені, Құранда Бақара сүресінің 233-аятында: «… Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі …» — десе, хадисте Муғауия бин Хайда (р.а) Пағамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не?» — деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ішіп-жегенің сияқты оны да ішіп-жегізесің, кигенің сияқты оны да киіндіресің, сосын істегендеріңді еш міндетсінбейсің»,-деген.

Ал, әйел заты – әуелі күйеуіне бойұсынуы тиіс, содан кейін өз намысын, бала-шағасының, сондай-ақ үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруға міндетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйел бес уақыт намазын оқыса, рамазан айында оразасын тұтса, ар-намысын қорғап және күйеуіне мойынсұнатын болса жәннәт есіктерінен қалағанына кіреді» — деп, әйел кісінің міндетін дөп басып көрсеткен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыларыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы — бақташы. Ер адам — отбасының бақташысы. Әйел — ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар»-деп, ерлі-зайыптылардың міндеттерін ашық-айқын көрсеткен.

Ислам отбасының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті болмақ. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіледі, негізі қаланады.

Демек отбасының жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі, қоғамдық тұрақтылық пен үдерісті қамтамасыз етудегі айрықша рөлі оның қоғамдағы маңыздылығын айшықтайды.

Асылхан қажы Түсіпбек
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы
16 09.15

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болып, Пайғамбарымыз Мухаммадқа (с.ғ.с), Оның (с.ғ.с.) жанұясына, сүйікті сахабаларына және осыларға ізгілікте ерген барша момын мұсылмандарға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі болғай!

Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық діни мерекесі. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: “Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні” – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге себеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.

«Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның айт деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады.

Айт – мұсылмандар үшін Жаратушымыздың разылығына жету мақсатында құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырласу сезімдерін күшейтетін маңызды мейрам. Биылғы жылы Құрбан айт мейрамының бірінші күні қыркүйек айының 24-не тұспа-тұс келіп тұр.

Айт мейрамының тарихына келер болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенде, жергілікті адамдардың жыл сайын тойлайтын екі күні болатын. Алла Тағала сол екі күнді ораза және құрбан айт мейрамдарымен алмастырған.

Әнас ибн Мәлик (р.а.): «Жәһилият кезінде адамдардың әр жылы тойлайтын екі күні болған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екеуін ол екеуінен де жақсырағымен алмастырды: ауыз ашар күні, (яғни ораза біткен күн) және құрбандық күні (яғни құрбандық шалатын күн)»,-деді»,-деген. Сол уақыттан бері барлық мұсылмандар үшін осы атаулы мереке ең қуанышты күндердің біріне айналған.

Ораза және құрбан айт намаздары алғаш рет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы – жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың айт намазына шығуына әмір берген.

Умму Атия (р.а.): «Бізге айт күні шығуға, (яғни айт намазына) әмір етілетін. Тіпті шымылдықта отыратын қыздарды да, етеккірі келген әйелдерді де шығаратынбыз. Олар адамдардың артында олардың тәкбірлерін қайталап, олардың дұғаларымен дұға етіп, сол күннің берекесі мен тазалығынан үміт ететін»,-деген.

Айт намазының уақыты – сәске (духа) намазының уақыты. Айт намазын күн найза бойы көтерілгеннен бастап, тал түске жеткенге дейінгі аралықта оқуға болады.

Айт намазының оқылу тәртібіне келер болсақ айт намазы екі ракағаттан тұрады. Таң және жұма намаздарының парыздары секілді айт намазы да жария оқылады. Бірақ айт намазына азан да, қамат та айтылмайды.

Ибн Аббас (р.а.): «Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) отбасын айт күні шығарғанды жақсы көретін. Біз (айт намазына) шықтық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) азансыз және қаматсыз намаз оқыды. Сосын адамдарға құтпа жасады»,-деді.

Азан мен қаматтың орнына адамдар «Әссалаһ жәмиға» деп шақырады. Басқа намаздардан айырмашылығы айт намазында қосымша тәкбәрлер айтылады. Бірінші рәкағатта сәнә дұғасынан кейін үш тәкбірді имаммен бірге қайталайды. Әр тәкбірді айтқанда қолын көтеріп, қайта түсіреді, қолын түсірген кезде байлаудың қажеті жоқ. Әр тәкбірден кейін имам өзіне ұйып тұрғандар тәкбір алып болғанша үнсіз тұрады. Осы аралықта «Субхана Аллаһ, уәл хамду лилләһ. Уә лә иләһә иллаллаһ» деп айтса да болады.

Екінші ракағатта зәм (қосымша қысқа сүре) сүресін оқып болғаннан кейін рукуғке бармай тұрып, алғашқы ракағаттағыдай тағы да үш рет тәкбір алады. Сосын барып рукуғке барады.

Ибн Масғұдтан (р.ғ.) айт намазының тәкбірлері сұралғанда, ол: «(Бірінші ракағатта) Құран оқығанға дейін (алғашқы тәкбірге үшеу қосып) төрт тәкбір айтасың. Одан кейін Құран оқисың. Оқып болған соң (тағы да) төрт тәкбір айтасың»-деген.

Құрбан айт намазы мен ораза айт намазы екеуі бірдей оқылады, екеуінің айырмашылығы жоқ.

Айт намазының алдында нәпіл намазын үйде де, мешітте де оқу мәкруһ. Айт намазынан кейін мешітте нәпіл намазын оқу – мәкруһ. Ал үйде оқуға болады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намазынан бұрын да, кейін де басқа намаз оқымаған.

Айт намазынан кейін құтпа оқу – сүннет әрі ол жұма намазының құтпасымен бірдей. Бірақ айт намазында құтпаны намаздан кейін оқиды. Яғни имам айт намазын оқып болғаннан кейін, мінберге шығады да, отырмастан бірден құтпа айтуға кіріседі. Бірінші құтпаны тоғыз тәкбірмен, екінші құтпаны жеті тәкпірмен бастап, бас-аяғы он төрт тәкбірмен аяқтау сүннет.

Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы құрбадық шалу құлшылығы арқылы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «удхия» деп аталады. «Удхия» сөзі араб тілінде «духа (сәске) уақытында сойылатын құрбандық» деген мағынаны береді. Құрбан сөзінің тілдік мағынасы «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал құрбан сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы: «мұсылман тарапынан ерікті түрде не нәзір себепті не Құрбан айт күндері Алла Тағаланың разылығын қалап, құлшылық етудің бір амалы ретінде құрбандыққа шалынатын мал». Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.

Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Қасиетті Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Аллаға құрбанның еттері, қандары, әсте, жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят), - делінген. Аятта құлшылық ретінде сойылған құрбандықтың маңызды бір шарты шынайылық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады»,– десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар»,– деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегеліп айтқан.

Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалған адамның тақуалығында. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелммейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Сондықтан да құрбан шалынып жатқанда «Аллаһумма минкә уә ләка» (Уа, Алла Тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) деген дұғаның көбірек айтылуы тегін емес.

Құрбан айт күндері құрбандық шалудың үкімі

Әбу Ханафи мәзһабында қадірі асқан құрбан айт күндері мал-мүлкі жеткілікті болған мұсылман ер мен әйел кісінің құрбандыққа мал шалулары уәжіп. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2-аят) деп бұйыруы, құрбан шалудың уәжіп екенін білдіреді. Мал-мүлкі жеткілікті бола тұра құрбан шалмаған мұсылманға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөгіс жариялаған хадисі негізге алынған. Абу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» (Хаким, Мустадрак) деп айтқанын жеткізген. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Хадис шәрифте дұрыс уақытта (айт намазынан бұрын) шалынбаған малдың орнына басқа құрбандықтың шалыну керектігі қатаң ескертілген. Анас (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Кім құрбандығын намаздан бұрын шалып қойса, онда қайта шалсын»,- дегенін жеткізген (Сахих Муслим). Михнаф ибн Сулайманның риуаятында Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Ей, адамдар, әр отбасы жыл сайын құрбан шалуға тиісті»,- деген (Сунан ат-Тирмизи). Сондықтан ханафи мазһабының ғұламалары жоғарда келтірілген аят, хадистерге сүйене отырып, құрбан айт күндері құрбандық шалуды, уәжіп деп тұжырымдаған.

Құрбан айт күндері құрбандық шалуды міндет (уәжіп) ететін шарттар:
1. Мұсылман болуы;
2. Азат болу;
3. Тұрғылықты болу;
4. Мал-мүліктің жеткіліктілігі; Мал-мүліктің жеткіліктілігі дегенде мұсылманның иелігінде пітір садақасын уәжіп ететін нисаптың бар болуы көзделеді.
5. Ақылды және балиғат жасына толуы;

Құрбандық шалудың дұрыстығына қажетті шарттар:
1. Құрбандыққа түйе, сиыр, қой, ешкі, секілді малдардың болуы. Бұл төртеуінен басқа жылқы және еті адал жануарлардың ешбіреуі құрбандыққа шалынбайды. Төртеуінің құрбандыққа ең абзалы – түйе малы, сосын сиыр малы, сосын қой малы, кейін ешкі малы. Құрбандықтың дұрыстығы үшін бір қой не бір ешкі тек бір кісінің атынан шалынуы шарт. Ал түйе мен сиыр малын жеті не одан да аз кісі бірігіп шалуларына болады. Бірақ жеті кісіден аспауы және жетеуінде де құрбандыққа шалу ниеті болуы шарт.
2. Малды құрбандық ниетімен шалуы міндет. Соғым не ет қажет ету ниетімен сойылған мал құрбан саналмайды.
3. Өкіл етушінің әмірі. Құрбанды әркімнің өзі шалуы абзал саналса да өкіл арқылы шалуға да рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда мал иесі тарапынан өкілдің тағайындалған болуы әрі оған құрбанын шалу әмірін беруі шарт.
4. Мал жасының дұрыстығы. Түйе малы бес жасар, сиыр малы екі жасар, ешкі малы бір жастан асқан болуы шарт. Қой малының бір жасқа толмағанын шалса да болады.
5. Құрбандық оны шалушы кісінің мүлкі болуы.
6. Құрбандық малдың бойында жүдә кемістік болмауы. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: бір көзінің соқырлығы айрықша байқалатын мал, ауру-сырқауы айрықша байқалатын мал, ақсақтығы айрықша байқалатын мал, жілік майы үзілген жүдең мал»,-деген. Хадистегі «айрықша байқалатын» деген сөздің мағынасы мал бойындағы кемістіктің айрықша байқалатын мөлшерді құрамауын шарт қылып, азғантай мөлшердегі кемістіктің есепке алынбайтынын сілтейді. Себебі мал бойында мүлде мін болмауы мүмкін емес.
7. Дұрыс уақытта шалынуы. Құрбан шалу уақыты Құрбан айт намазынан кейін кіреді. Құрбанды айттың бірінші күні шалған абзал. Құрбан шалынатын мерзім бұдан кейінгі екі күнге жалғасып, соңғы күннің күні батуымен (ақшам намазы кіргенде) аяқталады. Құрбан шалуы уәжіп кісі белгіленген мерзімді өткізіп алса, мойнынан міндетті түсіру үшін құрбан шалудың орнына садақа беруі уәжіп.
8. Құрбанның шалынуы. Құрбан шалудың орнына малдың өзін тірідей не құнын садақа етуге болмайды.

Құрбандық шалған кезде төмендегі абзал (мустахаб) амалдарға да назар аударған жөн:

Малды Құрбан айттан бұрын құрбандыққа дайындау. Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу. Құрбандық малын шалынатын орынға сүйретпей, ұрмай-соқпай әдеппен апару. Құрбандыққа малдың ең жақсысын таңдау. Малды құрбан шалушының өзі бауыздау. Құрбан шалушы кісі мал бауыздауды білмесе не әйел кісі болса, малды қинап қоймас үшін, бауыздау ісін басқа мұсылманға тапсырғаны абзал. Сондай-ақ өзінің құрбанының қасында тұруы абзал. Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу және дұғасын айту. Құрбан шалу кезінде хадистерде келген дұғаларды айту ұнамды іс (мұстахаб) саналады. Құрбандықты бауыздау сәтінде шартты (міндетті) түрде бисмиллә сөзі айтылады. Ал дұға бисмиллә сөзінің алдында, құрбандықты бауыздардан алдын не құрбандық бауыздалғаннан соң жасалады. Құрбан бауыздалып жатқанда бисмиллә сөзіне дүға қосып айту ұнамсыз (макруһ) амал саналады. Бауыздар алдын не бауыздаған соң айтылатын дұға, келесі хадисте келген бейнеде айтылуы ұнамды іс (мұстахаб). Жәбир ибн Абдулла: «Пайғамбар (с.ғ.с) құрбандыққа мүйізді, піштірілген, ноғала екі қошқарды құрбандыққа шалды. Ол екеуін құбылаға бағыттап, жатқызған соң: «Көктер мен жерді жаратқан Аллаға нағыз мұсылманша жүзімді жөнелттім. Мен Аллаға серік қосушылардын емеспін. Расында намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы Алла үшін. Оның серігі жоқ. Маған осылай істеуім бұйырылды және мен мұсылмандарданмын. Аллам бұл – Сенен және сен үшін. Бисмилләһи Аллаһу акбар»,-деді деген. Бұл дұғаны білмесе «Иә, Алла Тағалам, осы құрбандығымды досың Ибраһим мен сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылады да «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп оң қолымен бауыздайды. Малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра, әдейі бисмилләһ деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың етін жеуге болмайды. Құрбан шалатын адам малды қинамай, өткір пышақпен жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі қажет. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды және бауыздалып, жаны әбден шыққаннан кейін ғана, малды сойған дұрыс. Құрбандық етінің үштен бірі пақырларға садақа етіліп, үштен бірінен туыстар мен таныстарға тағам әзірленіп беріліп, қалған үштен бірі отбасына қалады. Кімде-кім құрбандықтың етін толығымен садақа еткісі келсе, рұқсат етіледі.

Құрбандыққа қатысты ұнамсыз (макруһ) істер:

Құрбандыққа арналған малдың жүнін қырқу, сүтін пайдалану, құрбандыққа атаған малды сату, құрбандық малын міну, жүк тасуға пайдалану, жалға беру, бауыздалып, жаны әбден шықпай сою, құрбандықтың етін не жүнін не терісін сату, қасапшының жалақысын құрбандықтың етімен төлеу сияқты жоғарда аталған істердің барлығы харамға жақын макруһ амалдардан болып саналады.

Ташриқ тәкбірлері

«Ташриқ» деп, етті күннің көзіне жайып кептіруді айтады. Айттан кейінгі үш күнде құрбандыққа шалынған малдардың еттерін күнге кептіру әдетке айналғандықтан, бұл күндер ташриқ күндері деп аталып кеткен.

Алла Тағаланың: «Санаулы (ташриқ) күндері Алланы еске алыңдар!» («Бақара» сүресі: 203) бұйрығына байланысты ташриқ тәкбірін айту балиғатқа толған әр мұсылманға уәжіп. Ташриқ тәкбірлерінің уақыты имам Әбу Ханифа мазһабында тоғызыншы зүл-хижжа Арафа күнінің таңында басталып, он үшінші зүл-хижжаның екінді намазымен (қыркүйек айының 23-күні таң намазынан басталып, 27-күні екінді намазынан кейін) шығады. Яғни жиырма үш намаздың соңында айтылады. Ханафи мәзһабінің ташриқ тәкбірлерінің уақытына қатысты ұстанатын пәтуәсі – Әбу Юсуф пен Мұхаммадтің көзқарасына негізделеді. Жәбир, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Арафа күні таң намазын оқыған соң, сахабаларына бұрылып: «Орындарыңда қалыңдар!»-деді және: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбару уа лиллаһил-хамд» сөздерін айтты. Осылайша, Арафа күнінің таңынан (таң намазының парызынан кейін) соңғы ташриқ күнінің екінді намазына дейін тәкбір айтатын (Ад-Дарақутни жеткізді).

Ташриқ тәкбірін мейлі жамағатпен, мейлі жалғыз атқарылған әр парыз намазының артында ер адамдарға да, әйел кісілерге де бір мәрте айту уәжіп. Бұдан көбірек айту мустахап. Ер адамдар тәкбірді көтеріңкі дауыспен, ал әйел кісілер іштерінен айтады. Айт намазы мен үтір намазынан кейін айтылмайды. Сол секілді тұрғылықты кісіге де, жолаушы кісіге де парыз намазынан кейін ташриқ тәкбірін бір мәрте айту уәжіп. Намазға кешігіп қосылған кісі де өткізіп алған рәкәттәрін толықтырған соң тәкбір айтады. Ибн Омар мен Анас ибн Мәлик, Алла Тағала оларға разы болсын, Арафа күні таңертең Минадан Арафаға барғанда жолаушы бола тұра ташриқ тәкбірлерін айтатын (Әл-Байһақи жеткізді).

Ташриқ тәкбірінің бейнесі: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа илләллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лилләһил-хамд».

»32. Ал енді жалпы «Арафа» сөзінің мағынасына келер болсақ, «танысу» дегенді білдіреді. Яғни адамзаттың атасы Адам мен Хауа ананың жер бетіне түсіп, Арафат тауында табысқан күні. Зүлхижжа айының 9 жұлдызын Арафа күні дейміз. Бұл күні қажылық рәсімдерін атқарып жатқан жандар үшін Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауында бір мезет болса да тұру парыз болып есептеледі. Қасиетті тауға аяғы тиген әр пенде Жаратқанға барынша жақындағандай, жүздескендей күй кешеді. Алла Тағала да олардың тілек-дұғаларын қабыл алады, күнәларын кешіреді делінеді.

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады»,-деген. Демек, кімде-кім Арафат тауында бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады екен.

Арафа күнінен кейін, Зүлхижа айының 10 жұлдызында Меккеге барған тәуапшылар қажылық парыздың соңғы міндетін – Құрбан айт мейрамының шарттарын орындауға кіріседі. Бұл күндері қажылармен бірге, бүтін мұсылман қауымы Алла разылығы үшін құрбандық шалады.

Сонымен қатар зүлхижжа айының алғашқы тоғыз күнінің артықшылығы жайлы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде былай деп баяндалған: «Алла Тағала ізгі амал істелген күндердің ішінде осы күндері (яғни, Зүл-хижжәнің алғашқы он күнінде) істелгенін ерекше жақсы көреді», - деп айтты. Адамдар: «Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болғаны ма?», - деп сұрағанда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Адам баласы Алла Тағала жолына өз жаны мен малын құрбан етіп, жан тапсырған болмаса, осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болады», - деп жауап берді.» (Хадисті Ибн Аббастан (р.ғ.) имам Бухари риуаят етті.)

Құрметті мұсылман ағайындар! Осы хадисте баяндалғандай зүлхижжа айының алғашқы 9 күнінде ораза ұстайтын болсаңыз, үлкен сауап болатындығын ұмытпағаныңыз жөн.

2015 жылдың Зулхижжа айының 9 күндік нәпіл оразасы

Мезгілі 15.09 16.09 17.09 18.09 19.09 20.09 21.09 22.09 23.09
Сәресінің аяқталуы 05:06 05:08 05:10 05:12 05:13 05:15 05:17 05:19 05:30
Ауыз ашар уақыты 20:11 20:09 20:06 20:04 20:01 19:59 19:56 19:54 19:51

Осынау құрбан айт күндері Алла Тағаланың берген ырыздықтарының шүкіршілігі ретінде келген меймандарға молынан дастархан жайып, пейілімізді тарылтпай, Аллаға ұнамсыз арақ ішу, жанжалдасу, бұзықтық жасау сияқты күнәлі әрі сауаптан құр қалдырар іс-әрекеттерден аулақ болған жөн. Сондықтан құрбан айт күндерін өз дәрежесінде қасиеттілігін ұғынумен өткізу әрбір мұсылманның міндеті. Алла Тағала еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, өркениетті, айбынды, дамыған мемлекеттердің қатарында бой түзеттіріп, Ислам дініне деген бет бұрысымызды одан әрі ынталандырып, екі дүние абырой сағадатына жетуді насіп етсін!

Асылхан қажы Мұханбетжанұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы
02 09.15

Тәубе сөзінің тілдік мағынасы «Оралу қайту» дегенді білдіреді. Күнәларынан арылу Аллаға бойұсынғандықтың белгісі. Тәубе сөзінің шариғаттағы мағынасы Алладан қорқып, рахымына қол жеткізу. Аллаға бойұсынбағандығына және жасаған үлкен-кіші күнәлары үшін өкініп, бұдан былай, мұндай әрекетерге бармауға нақтылы шешім қабылдау.

Алла Тағала ерекше мейірімді, кешірімді, тәубені толық қабылдаушы.

Әрбір кісінің Жаратқан Иесінің рақымдылығына үміт ете отырып жасаған тәубесі, Алла Тағаланың пендесіне деген сүйіспеншілігін оятады.

Қасиетті Құранда тәубе етуші адам, Алланың сүйікті пендесі болып, күнәларының жуылып-шайылатындығы ескерілген. Негізінде тәубе ету – Раббымыздың адам баласына берген ұлы нығметі. Күнәһар пенделер тәубе жасамаса Аллаға титтей де кесірін тигізе алмайды. Раббысына бойұсынған, тәубе, шүкір жасаушы пенделерін Алла Тағала өзінің тура жолымен жүргізіп, оларға разы болады. Тіпті, Алла өзі жаратқан пендесінің тәубесін қабыл еткен уақытта, періштелер де қуанады екен.

Алла Тағала былай айтты: «Әй Мүминдер. Аллаға шынайы тәубе қылыңдар. Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астарынан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізуі үміт етіледі» (Тахрим сүресі, 8-аят).

Шын мәнінде, жамандықты білмей істеген пендесінің де тәубесін Алла қабыл етеді. Абдулла ибн Омар риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Алла Тағала пендесінің тәубесін, жаны алқымға келмейінше қабылдайды».

Дін ғұламалары тәубенің қабыл болуы үшін төрт шарт қойған.

1-Күнәдан тиылу;

2-Бұрынғы жасаған күнәларына қатты өкіну;

3-Күнәні қайталамауға бел байлау;

4-Кісі ақысын иесіне қайтару.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Сендердің ең жақсыларың, күнәдан кейін дереу тәубе еткендерің». Кімде-кім күпірлік жасап, дініен шығып кететін болса, дереу тәубе жасап, дініне қайта оралуы қажет.

Алла Тағала айтты: «Мені ұмытсаңдар ризықтарыңды азайтамын» (Таха сүресі, 124-аят).

Алла Тағала адамды топырақтан жаратқанда оның топырағына жақсылық пен жамандықты қосқан деген. Соның жамандығынан тек тәубе арқылы құтылады екен. Ақырет азабынан құтылуды ойлаған әр бір мүмин мұсылман, әрдайым күнәлары үшін тәубе жасауы тиіс.

Алла Тағала айтты: «Шексіз Алла Тағала тәубе етушілерді жақсы көреді, тәубе етушілер Алланың сүйікті құлдары» (Бақара сүресі, 222-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан екен: «Алла Адамның (ғ.с.) тәубесін қабыл еткенде, періштелер қатты қуанған екен. Сонда Жәбрәйл мен Микәйл періште Адамға (ғ.с.) келіп: «Алла тәубеңді қабыл етті»,-деп сүйінші сұраған. Сонда Адам (ғ.с.): «Иа Раббым! Менің ұрпағым не істесін?»-деді. Сонда Алла Тағала: «Қиямет күні тәубе етушілерді қабірлерінен сүйіншілеп, дұғаларын қабыл етіп тұрғызамын деді» (Термизи).

Бірде Хәзіреті Омар (р.а.) Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге бір ансарлық сахабаның үйіне барды. Әлгі сахаба болса, өлім аузында жатыр екен. Алла Елшісі (с.ғ.с.) оған: «Аллаға тәубе ет»,-деді. Әлгі кісінің тілі икемге келмей екі көзін аспанға қаратып қайтыс болды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) күлімсіреген сынай танытып еді, Омар (р.а.): «Иа Алланың Елшісі (с.ғ.с.) күлімсіреуіңіздің мәнісі неде?»-деп сұрады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мына кісі тілмен емес, шын жүрек ықласымен тәубеге келгендіктен қуандым»,-деді (Хадис Әбу Дәуіт).

Пайғамбар(с.ғ.с) бес нәрсеге асығыңдар деді.

1-Тәубе жасауға;

2-Мәйітті жерлеуге;

3-Бойжеткен қызды тұрмысқа беруге;

4-Қарызды ерте беруге;

5-Келген қонаққа тағам беруге.

Мысалы: Алла Перғауын лағнеттің тәубесін қабыл алмады, себебі оның тәубесі тым кеш болды. Сол секілді араб мүшріктерінен болған Әбу Лаһаб пен Әбу Жәһілдің және осы екеуі сияқтылардың тәубелері қабыл етілмеді. Адам баласы нәпсіге беріліп, иман күшінен айрылып жатады. Негізінде адам баласы дүниеге тап таза, күнәдан пәк болып дүние есігін ашады. Алла Тағала да ешбір жан иесін күнәлі іске мәжбүрлемейді. Пенде жүрегінің қараюы бір күнә жасаудан басталып, тәубе жасасаумен жүрегі қара дақтан тазарады. Адам баласы өмірде жасаған күнәлары арқылы, ең ауыр дертке ұшырайды. Ал оның шипасы түн ортасында тұрып, намазын оқып, истиғфар дұғаларын жасап, Алланың жарылқауын тілеу екен.

Алла Тағала өзінің Құран Кәрімінде пенденің тәубе жасауы арқылы күнәларының кешірілетіндігін айтқан. Алла Тағала былай деді: «Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқауын тілейді» (Әл-Имран сүресі, 135-аят).

Алла Тағала басқа бір аятта былай деді: «Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді. Олар таң сәріде жарылқану тілеуші еді» (Зарият сүресі, 17-18 аят).

Сондай-ақ Алла Тағала былай деді: «Бірақ кімде-кім тәубе жасаса сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» (Фурқан сүресі, 70-аят).

Кімге Алла Тағала үш нәрсені нәсіп етсе, ол пенде Алланың сүйіспеншілігіне бөленгендігінің белгісі:

1-Аллаға жалбарынып, дұға жасаушы болса;

2-Күнәсі үшін әрдайым тәубе етуші болса;

3-Алланың берген нығметіне шүкір етуші болса.

Тәубенің есігі жан алқымға келгенде жабылады. Тәубеге келуге үлгермей, дүниеден өтіп жатқан пенделер қаншама.

Алла Тағала айтты: «Әй мүминдер, түгел Аллаға тәубе етіңдер, мүмкін құтыларсыңдар» (Нұр сүресі 31-аят).

Алла Тағала тағы бір басқа аятында айтты: «Әй мүминдер Аллаға шынайы тәубе етіңдер» (Тахрим сүресі, 8-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис шәрифінде былай деген: «Бір адам түйесімен ұзақ шөл далада сапарда келе жатып бір жерге тоқтап, түйесінен түсіп демалмақ болады. Бір уақытта ұйқысынан оянып кетіп, жан-жағына қараса, түйесі үстіндегі ас-суымен кетіп қалыпты. Әлгі кісі айналасына қарап, ары-бері жүгіріп, әбден шаршап-шалдығып, шөлден өлер хәлге жеткен соң, алғашқы түйеден түскен тұрағына қайта оралып келеді де ұйқтап кетеді. Біраздан соң оянып кетсе, түйесі үстіндегі бар азығыменен келіп тұр екен. Сол кезде әлгі адамның қуанышында шек болмай, қатты қуанған екен. Ал Алла Тағала болса, мүмин пендесінің жасаған тәубесіне бұл қуаныштан да артық қуанады» (Бухари).

Дін ғұламалары былай деген: «Мұсылман адамның өмірде жасаған күнәлары қаншалықты көп болса да, жақсылықты үміт етіп, дұға жасап, Алладан кешірім сұраса, Жаратушы Жаббардың кешіретіндігін ұмытпаған жөн. Себебі Алла Тағала өзіне серік қоспаған қалаған пендесінің барлық күнәсін кешіретіндігін Құранда ескерткен. Мұндай ұлық нығмет, тек пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмметіне берілген ерекшелік».

Ажмахан Есенкелді Сақтағанұлы
Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің
бас имамы

Ажмахан Есенкелді Сақтағанұлы
02 09.15

Негізі, мешітке келушілердің саны артты деп қуанғанымызбен, олардың бәрі құлшылық амалдарын орындау үшін келмейді. Мәселен, кейбірі жай қызықтап келсе, енді бірі кей діни жоралғыларды ғана өткізуге келеді. Ал мешіт – құлшылық жасалатын орын. Яғни, ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Әйтсе де, мешітке аттап баспайтындарға қарағанда, неке қидыру, балаға ат қою сияқты көптеген діни рәсімдерді орындауға келетіндерге де шүкір дейміз. Дегенмен, кез келген орынның, ортаның өзіндік әдебі, мәдениеті болатыны белгілі. Тіпті сол ортаға сай киім үлгілері де қарастырылған. Мәселен, жаттығу залына классикалық үлгідегі киіммен бару – ақылға сыймайтын дүние. Ал, керісінше, театрға, өзге де мәдени ошақтарға спорттық киіммен бару тым ерсі көрінеді. Сол секілді мешіттің де өзіне тән әдебі бар.

Кейінгі кезде осы мешіт әдептеріне бей-жай қарауымыздың салдарынан кейбір міндетті нәрселер аяқ асты етілуде. Себебі, соңғы кезде мешітке келушілердің, соның ішінде неке қидырушылардың киген киімдері көбіне мешіт әдептеріне мүлдем қайшы келіп жатады. Тіпті, кейбір қыз-келіншектер «ұятты жер» деп санайтын денесінің кейбір бөлігін ғана жауып, қалған жерлерін жарқыратып келеді. Ал, қасиетті Құранда әйел адамдардың ұятты жерлері анық көрсетілген. «Нұр» сүресінің 31-аятында Алла Тағала: «Мүмін әйелдерге айт: Бөгде ерлерден көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, олардың өздігінен көрінгендерінен басқа (беті, алақаны білезікке дейін және аяғы тобыққа дейін). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін»,-деген. Міне, әйелдердің білезікке дейінгі қолдары, жүзі және тобыққа дейінгі аяқтарынан басқа барлық дене мүшелері ұятты жері болып есептеледі. Бұл жөнінде имам Муслимнің сахихында риуаят етілген мына бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тозаққа кіретін екі қауымды көрген емеспін. Олар: сиырдың құйрығындай ұзын қамшымен адамдарды ұратын қауым және шашын басына түйенің өркеші сияқты үйме төбе етіп жиып алатын, денесіне жабыстырып жұқа киім киетін, еркектердің назарын өздеріне аударатын ашық-шашық әйелдер. Олар ешқашан жәннатқа кірмейді. Жәннаттың иісі алыстан сезілсе де, олар оны сезбейтін болады»,- деген.

Сондай-ақ, соңғы кезде жігіттермен қатар жас қыздарымыз да жұма күндері мешітке келуді әдетке айналдырды. Алайда, әйелдерге жұма намазына қатысу парыз емес. Десек те, Алланың бар екенін біліп, құлшылық жасау ниетімен келгендеріне қуанасың. Ал, сол қыздардың киімдері қаншалықты шариғатқа сай? Олар күнделікті бес уақыт намаз оқымағандықтан, әйелдер мен қыз-келіншектерге шариғат міндеттеген киімді емес, әдеттегі киімдерін киіп келеді. Яғни, ер адамдардың киетін киімдеріне ұқсайтын шалбар, дене пішінін анық көрсетіп тұратын кеудеше киеді. Үстеріне сан түрлі әтірлерін сеуіп, боянып-сыланып, бастарының төбесіне ғана орамал тартып мешітке келеді. Тіпті, кейбір қыздар «бетіміз бен аяқ-қолымыздан басқасының бәрі жабық тұр ғой» деп, өздерінің бұл қылықтарын дұрыс санауда. Ал шын мәнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ер адамдарды қызықтыру мақсатында әтір пайдаланған – бұзық әйел болып саналады»,- десе, келесі Әбу Дәуід пен Ахмадтан жеткен мына бір хадисте: «Әйелдердің киімін киген ерлер мен ерлердің киімін киген әйелдерді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) лағынеттеген». Яғни, жоғарда ескертілген хадистен киім киюдің де өзіндік әдебі мен мәнері бар екенін ұғамыз.

Мәселен, Алла Тағала құлдарына намаз оқуды бұйырды. Ал оның қалай оқылуын біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен үйреніп білдік. Сол секілді Құранда Алла Тағала: «Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт: «Үстеріне бүркеншіктерін орансын» («Ахзап» сүресі, 59-аят), - дейді. Бұл жерде нақты қалай киіну керектігі көрсетілмеген. Ал оны біз тағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен, яғни Оның (с.ғ.с.) жұбайларының киімдерінен көреміз. Осы ретте әурет жерлерді қалай жабу керектігін дұрыс түсінген жөн. Яғни дене пішіні көрініп тұратын киімдерді, ерлерге ұқсап, шалбар киюдің қате екендігін білген абзал. Кейбір қыздарымыз: «Ондай киімдерді кимейтін болсақ, не үшін шығарып жатыр? Ол да заман талабы ғой»,- деп айтуы мүмкін. Әйтсе де, қандай киім болмасын, егер ол әурет жерлерді жаппайтын, жапса да сыртынан қараған ер адамдардың нәпсісін қоздыратын болса, шариғатымыз оны әйел адамдарға киюге рұқсат бермейді.

Әрине, Алла өз құлдарынан нығметтерін еш аяған емес. Қазіргі кездегі әртүрлі үлгідегі киімдер мен сан алуан сәндік бұйымдар да Жаратушының адамдарға берген ризығы екені сөзсіз. Алайда, оларды өз орнымен пайдаланған жөн. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Әй, адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар Алланың белгілері. Әрине түсінерсіңдер» («Ағраф» сүресі, 26-аят),- дейді. Адам баласына киім-кешек бірінші кезекте әурет болған жерлерді жабу үшін және көз зинасынан сақтану үшін қажет.

Сонымен қатар, жұма күндері мешітке дүниеден өткен ата-бабалары мен жақын туған туысқандарына Құран оқыту мақсатымен келушілердің саны артатыны белгілі. Әйтсе де, олардың да кейбірінің киімдеріне көңіл толмайды. Тіпті, орта жасқа келген апайларымыздың жастардан қалыспай, денесіне жабыстырып киім киіп, әурет жерлерін көрсетіп келетіндеріне не дерсің. Оның үстіне, өздері театрға немесе мұражайға емес, мешітке келген. Жастарымызға үлгі болатын апайларымыздың өзі әлгіндей болса, қыздарымыздан не қайыр?! «Нұр» сүресінің 60-аятында Алла Тағала: «Үйде отырған жасы ұлғайған әйелдердің зейнеттерін ашпай сырт киімдерін шешулері айып емес. Егер бұдан да сақтанса олар үшін тағы жақсы»,- дейді. Яғни, жасы келген әйел болса да әуретін жабу өздері үшін жақсы екендігін Алла Тағала осы бір аятпен ескерткен.

Кейінгі кездері әйел адамның киімі жөнінде сөз болса, шариғи үкімдерге қарсы кейбір қыз-келіншектеріміз: «Қазақ ешқашан хижаб кимеген. Тіпті, қыздары тұрмысқа шыққанша бастарына жаулық та салмаған» деп ұрандатып, нәпсі қалауына бой алдырып жүр. Ондай болғанның өзінде қазақ қыздары дәл қазіргідей етек-жеңін қысқартып, ашық-шашық киінбеген. Оған халқымыздың «Есті қыз етегін қымтап жүрер», «Қызға қырық жерден тыю» деген сөздері дәлел болмақ. Ал, тұрмысқа дейін бастарына жаулық салмаған қыздарымыз қандай ортада өсті? Жоғарыдағы сөздерді айтып жүргендер осы жөнінде ойланып көрді ме екен? Олар бастары ашық болса да қазіргі кездегідей көшеде емін-еркін жүрмеген және көпшілік ортада жат қылықтарымен де көзге түспеген. Орамал тақпай, шаштарын көрсетіп жүрген қыздар әкесінің, аға-інісінің, үйленуге тыйым салынған өзге де бауырларының арасында өсті. Ал, мұндай ортада қыздың еркінсінуіне Құранда да рұқсат етілген. Алла Тағала «Нұр» сүресінің 31-аятында: «Бірақ: Ерлеріңе, әкелеріңе, қайын аталарыңа, өз ұлдарыңа, өгей ұлдарыңа, аға-бауырларыңа, олардың ұлдарына көрсетулеріңе болады»,- дейді. Ендеше, «Қазақ қыздары ашық киінген» деген сөздердің еш негізі жоқ.

Мешітке бару әдептері

Алла Құранда: «Ей, адам балалары! Әрбір құлшылық орынында зейнеттеніңдер!»-деген (Ағраф сұресі, 31-аят). Яғни, әрбір намаз кезінде зейнетті киімдеріңді киіңдер.

Және Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім үйінен дәретін толық алып, кейін адамдармен бірге немесе жамағатпен бірге мешітте парыз етілген намазды оқу үшін шығып, кейін аталмыш намазды оқып бітірген соң, Алла оның күнәларын кешіреді»-деген. (Муслим).

1. Мұсылманның мешітке шығар кезде денесінің, киімінің таза болуы.

Аллаһ Құранда: «Ей адам балалары! Әрбір құлшылық орынында зейнеттеріңді алыңдар!»-деген. (Ағраф сүресі, 31-аят). Яғни, көпшілікке белгілі болған нәрсе адам әдетте белгілі бір кездесуге немесе көпшілік жиналатын орынға, әсіресе сол кездесу, не отырыс оның жүрегінде елеулі орын алған бір құрметті кісімен болатын болса, онда ол ондай жерлерге бару үшін мүмкіндігінше зейнеттеніп, алдын ала дайындық жасайды. Ондай болса мұсылмандардың мойындарындағы парыздарын өтеу үшін Алланың үйіне жиналып, алдын ала дайындық жасап, тазаланып, әдемі киімдерін киіп, жұпар иісті сулармен зейнеттенгені одан да артығырақ.

2. Мешітке намаз үшін жиналғандарды жағымсыз иіспен мазаламау үшін, мешітке шығар алдын пияз, сарымсақ сияқты нәрселерді жемеу.

Кім намазхандарға жағымсыз иіспен азар берген болса, періштелерге де азар берген болады. Жабир атты сахабадан (Алла одан разы болсын) келген хадисте: Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кім сарымсақ не пияз жеген болса, біздерге жақындамасын немесе біздің мешітімізге жақындамай үйінде отырсын»-деген. (Бухари).

3. Мешітке ертерек бару абзал.

Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің үмбетін мешітке ертерек шығуға шақырған. Мысалға Абу Һурайрадан (Алла одан разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер адамдар азан айту мен бірінші сапта намаз оқудың сауабын білсе еді, әрі сол сауапқа жету үшін таласты тек жеребе тастаумен ғана шешуге болатын болса, жеребе тастар еді. Егер мешітке ерте барудың сауабын білсе еді, онда оған жету үшін жарысар еді. Әрі егер құптан мен таң намазында қандай сауаптың бар екенін білген болса, онда оған еңбектеп болса да келер еді» (Бухари, Муслим).

4. Намазға жүрегінде Аллаға ықылас танытып, асықпай бару.

Пенденің намазға ертерек асықпай келуі, оның намазды толық бойұсынушылықпен және Раббысына шынайы беріле орындауына мүмкіндік тудырады. Ал керісінше кім намазға ентіге, асығып келсе, бұл нәрсе оның тынысының тездетіліп, ойының шашырап, намаздағы болған қорқынышы мен ықыласын кемітеді. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір сөзінде намаз басталып кеткен болса да, оған жүгіре ентігіп, асығып келуден тиған. Бұған дәлелді Абу Қатададан (Алла одан разы болсын) келген хабардан көреміз. Ол кісі былай дейді: «Біз бірде Пайғамбармен (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге намаз оқып жатқанымызда, бір кісілердің асығыстықпен келгендіктен, топырлаған аяқтарының дауыстары естілді. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазын бітіргеннен кейін; «сендерге не болды?» – деп сұрады. Олар: «біз намазға асыққан едік»-деді. Сонда Пайғамбар (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ендігіде олай істемеңдер. Егер намазға келген болсаңдар асығып, аптықпаңдар. Намаздан үлгерген ракағаттарыңды оқып, ал үлгермеген ракағаттарыңды толықтырып бітіріңдер»-деді. (Бухари, Муслим).

5. Намазға бара жатқанда оқылатын дұға айту.

Намазға шыққан адамға Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітке шыққан кезде оқыған дұғасын айтқан абзал. Бұған дәлелді Ибн Аббастың өзінің нағашы әпкесі Маймуна анамыздың үйіне қонған кезде көргенін хабарлаған хадистен табамыз. Сол хадисінің соңында Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Біләл (Алла одан разы болсын) келіп, Пайғамбарды намазға шақырып кетті. Ол кісі түндегі дәретін жаңаламастан тұрып намаз оқыды. Және ол кісінің мешітке бара жатқандағы дұғасы: «Иә Алла менің жүрегіме нұр ұялат, көзімді нұрландыр, құлағымды нұрландыр, менің оңымды және солымды нұрландыр, үстімнен және астымнан нұрыңды төге гөр, алдымнан және артымнан да нұрыңды жаудыр»- деген сөз болды. (Муслим).

6. Мешіттерге кірерде не, шығарда оқылатын дұғаларды айту.

Мешітке кірушіге былай дұға жасап кірген сүннет. «Иә Алла! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне игілігің мен сәлеміңді жолда. Иә, Алла! Мен үшін Өз рахметіңнің есіктерін аша гөр!» Ал мешіттен шыққанда: «Иә, Алла! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне игілігің мен сәлеміңді жолда. Иә, Алла! Мен Сенің кеңшілік фазилетіңнен сұраймын»-делінеді.

7. Мешітке кіргенде оң аяқпен кіріп, шығарда сол аяқпен шығу.

Мешітке оң аяқпен кіру керек. Өйткені Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) солай істейтін әрі мешіт құрметті орындардың бірі.

8. Мешітке кіргенде "Тахиятул масжид" (яғни, мешітке сәлем намазын) оқу.

Мешітке кіргенде отырмастан алдын, екі ракағат мешітке сәлем намазын оқып алу Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұйырған әмірлерінен.

9. Мешітте отыру.

Мешітте намазды күтіп отыру абзал істерден. Оның абзалдығын Пайғамбардың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисінен көре аламыз: «...Кімде-кім мешітке кірсе, және оны онда ұстап тұрған нәрсе намазы болса, онда ол адам намазда болып есептеледі. Сендердің біреулерің намаз оқыған жерінен тұрып кетпейінше, періштелер оған: "Ия, Алла! Оны рахметіңе бөле, Ия Алла! Оны кешіріп, жарылқа. Ия Алла! Оның тәубесін қабыл ет».- деп тілейді. Және періштелердің оған жасайтын тілектері, ол адам сол отырысында біреуге азар беріп, қоймайынша немесе дәретсіздікке тап болмайынша жалғаса береді" (Бухари, Муслим).

10. Мешітте жату.

Мешітте жату айып есептелінбейді. Бухари мен Муслимдердің риуаят еткен хадистерінде, Абдуллаһ ибн Зайд ибн Ғасим атты сахабаның (Алла одан разы болсын) Алланың елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте бір аяғын екінші аяғының үстіне қойып жатқандығын көргендігі айтылған.

11. Мешітте ұйықтау.

Мұқтаждық туындаған сәтте мешітте ұйықтауға да болады. Пайғамбарымздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәуірінде Асхабу Суффа деп аталынған сахабалар (Алла олардан разы болсын) және кейбір кедейшілікте болған мұсылмандар Алланың елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде тіршілік жасайтын. Олар мешітте ішіп-жеп, ұйықтап, демалатын. (Имам Бухаридің: 442).

12. Мешітте сауда-саттық жасауға, жоғалған затты іздестіріп сұрауға болмайды.

Өйткені мешіт ондай істер үшін құрылған емес. Мешіт Алланы еске алу үшін, Құран, намаз оқу үшін, және адамдарға дін әмірлерін үйрету сияқты істер үшін арналған орын. Абу Һурайрадан келген хадисте Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендер біреудің мешітте бір нәрсені сатып жатқанын, не сатып алып жатқанын көрсеңдер, оған: "Алла сенің саудаңды пайдасыз етсін "-деп айтыңдар. Ал біреудің жоғалған затты сұрап іздестіріп жатқанын көрсеңдер,оған:"Алла саған оны қайтармасын"-деп айтыңдар»-деген. (Муслим, Ахмад, Абу Дауд).

13. Мешітте дауыс көтермеу.

Сайб ибн Иазид деген кісі былай дейді: «Мешітте тұрған едім бір кісі мені таспен ұрып түртті, қарасам Омар ибн Хаттаб екен. Ол кісі маған: «Анау екеуін шақырып келші»-деді. Ол екеуін оған алып келдім. Сонда Омар ол екеуіне: «Кімсіңдер» немесе «Қайдан боласыңдар»,-деді. Олар: «Тайф елінен боламыз»,-деді. Оларға Омар: «Егер сендер қаламыздан болғандарыңда (яғни, Медина қаласының тұрғындары болғандарыңда), Алланың елшісінің мешітінде дауыстарыңды көтеріп сөйлегендерің үшін, қаттырақ ұрып ескертер едім»-деді. (Бухари).

14. Мешіттен азан айтылғаннан кейін шығу тиым етілген.

Мешітте отырған кезде азан айтылса, одан себепсіз шығып кету макруһ. Себепті жағдайларға дәретті жаңарту, және сол сияқты істер кіреді. Абу Шағса деген кісі өзінің жеткізген хабарында былай дейді: «Біз мешітте Абу Һурайрамен бірге отырған едік, азаншы азан айтты. Сол уақытта бір кісі тұрды да, кете бастады. Абу Һурайра оған мешіттен шығып кеткенше көзін салды. Кейін Абу Һурайра: «Бұл пенде Абу Қасымға, (яғни, Пайғамбар саллалаһу ғалайһи уа салламға) қарсы келіп, күнәһар болды»-деді. (Муслим).

15. Мешітке бара жатқанда немесе мешітте отырған кезде қолдың саусақтарын бір-біріне айқастырып тырсылдатуға тиым салынған.

Жалпы жағдайларда саусақтарды айқастырып тырсылдатудың ешбір айыбы жоқ. Бірақ мешітке шыққан адамның және намаз оқымастан алдын мешітте намаз уақытын тосып отырған кісіге, саусақтарын айқастырып тырсылдату, макруһ амалына жатады. Бұған дәлелді Қағб Ибн Ғужра атты сахабаның (Алла одан разы болсын) айтқан мына хадисінен көреміз. Ол хадисте: «Сендерден біреулерің дәретін толық етіп алып, арнайы мешітке қарай ниет етіп шықса, әрі ол мешітте намаз уақытын тосып отырған уақытта саусақтарын айқастырып тырсылдатпасын. Өйткені ол намазда. (яғни, намаз оқып жатқанмен тең),-делінген (Абу Дауд).

16. Мешітте рұқсат етілген дүние сөздерін сөйлеу.

Мұсылман кісінің өзінің мұсылман бауырымен мешітте рұқсат етілген дүние сөздерімен сөйлесуі күнә емес. Өйткені Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі де, оның сахабалары да мешітте дүние істері жайында әңгімелесетін еді. Саммағ Ибн Харб Жабир Ибн Самраға:

- Пайғамбармен (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге отыратын ба едің, - деп, сұрақ қояды. Ол:

- Ия, Пайғамбар (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көбіне таң намазын оқыған соң орнынан күн шыққанша қозғалмайтын еді. Күн шыққанда орнынан көтерілетін әрі сахабалар сол кездерде бір-бірімен әңгімелесетін. Жаһилетте болған істерді еске алып күлісетін. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллантың игілігі мен сәлемі болсын) да естіп күлімсірейтін еді. (Муслим).

Бірақ мешітте рұқсат етілген дүние істерімен әңгімелескен кезде мына нәрселерді естен шығармау керек. Олар:
1. Маңайындағы намаз оқушыларға, Құран оқушыларға, іліммен шұғылданушыларға азар беріп, мазаламау керек.
2. Мешітте дүние істерімен әңгімелесуді әдетке айналдырмау қажет.
3. Сол әңгіме барысында өтірік, ғайбат, өсек сияқты харам етілген күнәлі сөздер мен істерге өтіп кетпеу керек.
4. Әңгімені ұзаққа созбау керек.
5. Мешітте дауысты қатты көтермеу қажет.
6. Сауда-саттық сөздерін айтпау керек.

17. Мешітте ішіп-жеу.

Мешітте ішіп-жеудің оқасы жоқ. Алланың елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте ішіп-жеген кездері болған. Ол кісінің бұл ісі оның рұқсаттығына дәлел. Абдуллаһ Ибн Харис Ибн Жузин Аз-Забид деген кісі: «Алланың елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) уақытында мешітте нан, ет жейтінбіз»-деген. (Ибн Мажа).

18. Мешіт тазалығын сақтау.

Яғни, мешітте қажетсіз қоқыс заттарды тастамау, тамақ, сусынның қалдықтарын төгіп, шашпау, оның ішіне түкіріп, қақырмау сияқты әдепсіз қылықтарды жасамаған жөн.

Денисов аудандық «Жұма» мешітінің
бас имамы, Ыбырай Ерік Қожахметұлы

Ыбырай Ерік Қожахметұлы
27 08.15

Мұсылман адам өз өмірінде шариғат өлшемдерінен мүлт кетпеуге тырысады. Өйткені ол әр нәрсенің сұрауы болатын Есеп күніне сенеді. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман баласы қандай мәселеге де асқан жауапкершілікпен қарай білмек. Сондай жауапкершілікті талап қылатын адам баласының өмірінің бір негізі ол – отбасын құру, одан ізгі ұрпақ өрбіту.

Алла тағала Құран кәрімде:

وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَاجاً لِّتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُم مَّوَدَّةً وَرَحْمَةً إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Сендерге өз араларыңнан жұбайлар жаратып, сүйіспеншілік пен мейірім салуы да Алланың белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көп ғибрат бар» (Рум сүресі, 21-аят) делінген.

Ендеше, үйлену, отбасын құру адамның жаратылысымен астасып кеткен бір нығмет. Дана бабаларымыз: «Отан отбасынан басталады» десе, халқымыз: «Ақ неке», «Адал жар» деген ұғымдармен отбасының, некенің қасиеттілігін ардақтай білген. Отбасы шағын мемлекет болғандықтан қоғамда отбасын құру мен оны сақтау мәселесінің маңызы да өте жоғары.

Ислам шариғатында отбасын құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып табылады. Неке қиюдың өз алдына тиісті шарттары бар. Ал, некесіз екі жастың қосылуына Ислам діні қатаң тыйым салады. Яғни, некесіз отбасы, отбасынсыз неке болмайды. Қазіргі күнде кейбір жастар некеге мән бермей, бастауын батыстан алатын азаматтық некеге әуестеніп алған. Мұны неке деп те айтуға ауыз бармайды, мұнда ешқандай жауапкершілік те жоқ. Бір-бірін сынау мақсатында бір шаңырақта есеппен өмір сүреді. Бүгінгі күні осындай жалған некеден қаншама адамдар зардап шегуде. Оның салдарынан мыңдаған отбасылар бұзылып, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Жезөкшелік пен азғындық артып, қауіпті аурулар пайда болуда. Ал, адамзатты адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын Ислам діні болса неке қиюды діннің талабы етіп қойған.

Неке – отбасын құрудың негізі, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Неке – ер мен әйелдің өз еріктерімен бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін байланыс. Құранда:

وَمِن كُلِّ شَيْءٍ خَلَقْنَا زَوْجَيْنِ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ

«Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» делініп, әрбір нәрсенің жұптаса өмір сүретіндігін көрсетеді. (Зарият сүресі, 49-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройдың жоғалуынан ең жақсы қорғайтын нәрсе» деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады. Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілген.

Шариғатымызда неке ұлы сауаптарға жетелейтін ғибадат болып саналады. Ибн Хуммам (р.а.): «Неке ғибадатқа етене жақын. Үйлену –құлшылық үшін бойдақ қалудан әлде қайда жоғары», - деген. Ғалым ибн Ғабидин (р.а.): «Біз үшін Адам ата заманынан осы заманға дейін шариғат етіп қойылған және кейін жәннатта да жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ» (Раддул мухтар кітабы) деп, некенің екі дүниелік құлшылық екендігін жеткізген.

Шариғатта: «неке – шаңырақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуы» болып саналады. Яғни, неке қидыру дегеніміз – үйленуге кедергісі жоқ екі жастың куәгерлердің алдында сөз байласуы арқылы адал жолмен қосылып, перзентті болып, шаңырақ көтеруі деген ұғым.

Имам Мәлік, сахаба Әнәстан (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Адам баласы некеге тұру арқылы иманын кәміл етеді. Иманын кәміл ететін некеге немқұрайлы болудан Алла Тағаладан қорықсын!» Міне, сондықтан да Ислам дінінде неке адам өміріндегі маңызды бір құлшылық іспетті.

Бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта әрбір ата-ананың «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» міндет екендігі Қасиетті Құран аяттарында да баяндалады:

‏ وَأَنكِحُوا الْأَيَامَى مِنكُمْ وَالصَّالِحِينَ مِنْ عِبَادِكُمْ وَإِمَائِكُمْ إِن يَكُونُوا فُقَرَاء يُغْنِهِمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Араларыңдағы бойдақтарды (ер жеткен ұл-қыздарды) үйлендіріңдер! Егер олар пақыр кедей болса, Алла оларды өз кеңшілігімен байытады. Алла Тағала аса кеңшілік иесі, толық білуші». (Нұр сүресі, 32-аят) Жоғарыдағы аяттың мәнін ұғына отырып, жас шамасы шаңырақ көтеруге лайықты болған ұл-қыздарымызды дер кезінде некелестіріп, әрқандай абыройсыздықтардан қорғап қалуымыз қажет. Маңызды бір себебі болмаса неке қиып, отбасын құрудан қашқан адам, сүннетті тәрк еткен болады. Ал, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп өсиет етеді: «Неке – менің сүннетім. Кім менің сүнеттімнен бас тартса, ол менен емес, (яғни менің үмметімнен емес)». Үйленіңдер. Расында мен, үмметімнің көптігін мақтан етемін». (Кутубу ситтә; 6564).

Қоғамымыздағы әлеуметтік институттардың бірі – отбасы болса, сол отбасының өзі – жеке бір тәрбие институты. Өйткені, адам дүниеге келген сәтінен бастап, адами құндылықтарды осы отбасында бойына сіңіріп өседі. Сондықтан асыл дініміз насихат еткен некенің орны өте ерекше.

Қорыта айтар болсақ, неке қию – жеңіл-желпі қарауды көтермейтін діни әрі ұлттық мәселенің бірі. Отанды құрайтын отбасы құндылықтарының бұзылуына жол бермеу еліне жанашыр әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс.

Бектұрсын Торғайбайұлы
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед»
мешітінің бас имамы

Уалиев Бектурсын Торгайбаевич
18 08.15

Намаз оқып өз өмірін дінге арнаған иманды әр пенде өз нәпсісін тежеу керек екендігін қасиетті Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мухаммад (с.ғ.с.) хадистерінен оқып біледі. Нәпсімізді құрықтап тәрбиелеу адам баласын екі дүние бақытына жеткізері сөзсіз анық. Алла Тағала Құран Кәрімде:

أَفَحَسِبْتُمْ أَنَّمَا خَلَقْنَاكُمْ عَبَثًا وَأَنَّكُمْ إِلَيْنَا لَا تُرْجَعُونَ ﴿١١٥﴾ سورة المؤمنون

«Ей, адам баласы! Бізді өздеріңді бекер-босқа жаратты, біздің алдымызға қайтарылмаймыз деп, ойлайсындар ма?» (Муминун, 115-аят)-деп ескертті. Жәнеде:

أَيَحْسَبُ الْإِنسَانُ أَن يُتْرَكَ سُدًى ﴿٣٦﴾ سورة القيامة

«Адам өзін емін-еркін жіберіледі деп ойлай ма?!» (Қиямет,36-аят) десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақылды – нәпсісіне йе болып, оны жауапқа тартып, өлімнен кейінгі өмір үшін тырысқан адам. Ал, ақымақ – нәпсіқұмарлығына беріліп жүріп, Алладан жақсылық күткен адам»1 -деген. Сол себепті әр адам өз нәпсісін тазартып тақуалыққа ден қоюы қажет. Алла Тағала:

قَدْ أَفْلَحَ مَنْ زَكَّاهَا ﴿٩﴾ وَقَدْ خَابَ مَنْ دَسَّاهَا ﴿١٠﴾ سورة الشمس

«Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да; Әлде кім оны кірлетсе қор болды» (Шамс, 9-10-аяттар) - деп ескертуде.

Ал нәпсімізді құрықтап, тақуалыққа апарар жол әрине құлшылық амалдарын көп қылып орындау. Тек күнделікті бес уақыт намазбенен шектеліп қалмай нәпіл ораза және нәпіл намаздарды да қолға алу. Ал нәпіл намаздардың ішіндегі сауаптыларының бірі әрине түнгі намаз – тахаджуд.

Намаздың бұл түрі турасында атақты Имам Абу Хамид Мухаммад ибн Мухаммад ал-Ғазали ат-Туси «Ихия улум ад-дин» деген еңбегінде «Түнде құлшылық үшін тұрудың маңыздылығы» атты бабында мынандай дәлелдер келтіреді:

Алла Тағаланың қасиетті Құран Кәріміндегі аяттарда:

قال تعالى: إِنَّ رَبَّكَ يَعْلَمُ أَنَّكَ تَقُومُ أَدْنَىٰ مِنْ ثُلُثَيِ اللَّيْلِ ﴿٢٠﴾ سورة المزمل

«(Мұхаммед (с.ғ.с.)) сөз жоқ, Раббың, сенің әрі сенімен бірге болғандардан бір топтың, түннің үштен екісіне жақынырақ, жартысында, үштен бір шамасында намазға тұрғаныңды біледі...» (Зумар, 20-аят).

قال تعالى: إِنَّ نَاشِئَةَ اللَّيْلِ هِيَ أَشَدُّ وَطْئًا وَأَقْوَمُ قِيلًا ﴿٦﴾ سورة المزمل

«Шын мәнінде түнде тұру, нәпсіге әсерлі, оқуға қолайлы...» (Музаммил, 6-аят).

Және де Ұлы Жаратушы Йеміз:

قال تعالى: تَتَجَافَىٰ جُنُوبُهُمْ عَنِ الْمَضَاجِعِ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفًا وَطَمَعًا ﴿١٦﴾ سورة السجدة

«Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан түрып,) өздерінің Раббысынан қорқып және үміт етіп тілейді» (Сәжде, 16-аят).

قال تعالى: أَمَّنْ هُوَ قَانِتٌ آنَاء اللَّيْلِ سَاجِدًا وَقَائِمًا يَحْذَرُ الْآخِرَةَ وَيَرْجُو رَحْمَةَ رَبِّهِ ﴿٩﴾ سورة الزمر

«Әлде түннің бір уақыттарында сәжде ете әрі тік тұрып /намаз оқып/, ақиреттен сақтана және Раббысының мейірімін үміт ете берілуші ме? /Ей Мухаммад!/» (Зумар, 9-аят).

قال تعالى: وَالَّذِينَ يَبِيتُونَ لِرَبِّهِمْ سُجَّدًا وَقِيَامًا ﴿٦٤﴾ سورة الفرقان

«Олар түнді, Раббыларына сәжде қылу, тіке тұрумен өткізеді» (Фурқан, 64-сүре).

قال تعالى: وَاسْتَعِينُوا بِالصَّبْرِ وَالصَّلَاةِ ﴿٤٥﴾ سورة البقرة

«Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді» (Бақара, 45-аят).

Кейбір ғалымдар Құлшылық деген сөздің астарында түн уақытында тұрып намаз оқу және нәпсісімен күрестегі төзімділік деп айтқан.

Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінен:

عَنْ أَبِى هُرَيْرَةَ - رضي الله عنه - أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ - صلى الله عليه وسلم - قَالَ (يَعْقِدُ الشَّيْطَانُ عَلَى قَافِيَةِ رَأْسِ أَحَدِكُمْ إِذَا هُوَ نَامَ ثَلاَثَ عُقَدٍ، يَضْرِبُ كُلَّ عُقْدَةٍ عَلَيْكَ لَيْلٌ طَوِيلٌ فَارْقُدْ، فَإِنِ اسْتَيْقَظَ فَذَكَرَ اللَّهَ انْحَلَّتْ عُقْدَةٌ، فَإِنْ تَوَضَّأَ انْحَلَّتْ عُقْدَةٌ، فَإِنْ صَلَّى انْحَلَّتْ عُقْدَةٌ فَأَصْبَحَ نَشِيطًا طَيِّبَ النَّفْسِ، وَإِلاَّ أَصْبَحَ خَبِيثَ النَّفْسِ كَسْلاَنَ). متفق عليه.2

«Сендердің қайсы біреулерің ұйқыға жатқанда шайтан желкелерінің тұсына арбаудың үш түйінін түйеді. Әр түйінді шымылдықпен бүркейді де: «Түн әлі ұзақ ұйықта!» -дейді егер ол адам оянып Алланы есіне алса онда бір түйіні шешіледі, егер тұрып дәрет алса тағыда бір түйіні шешіледі, ал егер ол тұрып намаз оқыса үшінші түйіні шешіледі. Сол кезде оның бойы қуатты, ізгі жанды болып тұрады. Ал егер керісінше болса онда ол жалқау, тымыршық болып оянады»-деген.

Тағыда бір хадисте:

عَنْ أَبِي وَائِلٍ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ قَالَ ذُكِرَ عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلٌ نَامَ لَيْلَةً حَتَّى أَصْبَحَ قَالَ ذَاكَ رَجُلٌ بَالَ الشَّيْطَانُ فِي أُذُنَيْهِ 3

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түні бойы таң атқанға дейін ұйықтаған адам туралы: «Шайтан жаулап алған адам» -деп айтқан4.

Құрметті мұхтарам жамағат Алла Тағала оқыған намаздарымызды қабыл етіп, қиямет күні Жаратушы Иеміздің алдында жүздеріміздің жарқын болуын нәсіп еткей!

Жітіқара аудандық
«Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы
Есмурзин Сабыржан Зейнелгабиденұлы

1 Тирмизи, қиямет. Ибн Мәджә, зуһд.
2 Имам Бухари мен Имам Муслим риуаят еткен
3 Имам Муслим риуаят еткен
4 Абу Хамид Мухаммад аль- Газали ат-Туси. Возрождение религиозных наук. Том третий. Махачкала 2011. Кітабынан аударылып алынды

Есмурзин Сабыржан Зейнелгабиденович
18 08.15

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын. Пайғамбарлар мен елшілердің (ғ.с.) ең ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.) оның отбасына және сахабаларына Алла Тағаланың сәлемі мен салауаттары болғай.

Алла Тағаланы еске алудың артықшылығы жайында айтар болсақ, бір ғұлама өзінің кітабында былай деп айтқан екен: «Расында, парыз құлшылықтарынан кейін, ғибадаттың ең жақсы түрі – Жаратушы Иемізді еске алу, әрі Ислам ғалымдары тіпті, бұған бір ауыздан келіскен».

Екі жол Алланың разылығына жетелейді: пікір қылу (тәфәккур жасау) жолы мен Алла Тғаланы еске алу (зікір ету) жолы.

Біріншіде меңзелген нәрсе, Алла Тағаланың бізге нәсіп еткен рақымы мен нығметі жайында пікір қылу. Ал екіншіде меңзелген нәрсе, Жаратушы Раббымыздың есім-сипаттары мен шариғат белгілеген еске алу (зікір) сөздерін жие қайталап айту.

Құран Кәрімдегі Алла Тағаланы еске алу

Алла Тағала өзінің кітабында былай деген:
}فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ{

«Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын» (Әл-Бақара, 152-аят).

Бір тақуа кісі айтқан екен: «Алланың атымен ант етейін, мен, Раббымның мені қашан есіне алатынын білемін!» Сонда одан сұрапты: «Ия, Раббың қашан сені есіне алады екен?» Ол болса:«Мен оны, есіме алған кезде»,-деп жауап беріпті. Себебі, Алла Тағала былай деп айтқан емес пе еді: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын» (Әл-Бақара, 152-аят).

Өлім хәлінде жатқан бір тақуа кісіге: «Алланы есіңе ал»,-деп айтыпты. Сол кезде ол, әлгі айтқан кісіге: «Қазір есіме алатындай, мен Оны ешқашан ұмытқан емеспін!»,-деп жауап қайтарыпты.

Өзінің тақуалығымен танылған Әл-Джунайд ибн Мұхаммад өлім хәлінде Құран оқып жатқанда, оған біреу: «Өлімің болса, келіп қалды, ал енді саған Құран оқудың не қажеті бар»,-деген екен. Сол кезде ол: «Дәл қазір, жақсы істерге менен артық мұқтаж кім бар екен?»,-деп жауап қайтарыпты.

Тағы басқа бір аятта былай делінген:
}يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اذْكُرُوا اللَّهَ ذِكْرًا كَثِيرًا (41) وَسَبِّحُوهُ بُكْرَةً وَأَصِيلًا (42) {

«Ей иманға келгендер! Алланы жие-жие, көп еске алыңдар, әрі таңертең және кешке Оны дәріптеңдер» (Әл-Ахзаб, 41-42-аяттар).

Қашан адам баласы Алланы көп еске алушылардан болып есептеледі екен?

Ибн Салах: «Кімде-кім, таңертен және кешке шариғат заңдастырған әрі Алла Елшісінен (с.ғ.с.) жеткен зікір сөздерін айтуменен Алланы еске алатын болса, онда ол, Алланы көп еске алушы ерлер мен әйелдердің қатарынан болып есептеледі»,-деген.

Бір ғалым айтты: «Алланы көп еске алу – бұл қашан да тіліңнің Алла Тағаланы еске алудан босамауы», және мұның дәлелі, имам Тирмизи мен имам Ахмад керемет иснадпен жеткізген Абдулла ибн Бусраның хадисы:
عن عبد اللهِ بنِ بُسْرٍ رضي الله عنه أنّ رجُلًا قال: يَا رَسُولَ اللهِ، إِنَّ شَرَائِعَ الإِسْلَامِ قَدْ كَثُرَتْ عَلَيَّ، فَأَخْبِرْنِي بِشَيْءٍ أَتَشَبَّثُ بِهِ. قَالَ: (( لَا يَزَالُ لِسَانُكَ رَطْبًا مِنْ ذِكْرِ الله )).

«Мен айттым: «Ей Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Расында, Исламның белгілегені мен үшін өте көп. Сол үшін маған, әрдайым істей алатын сондай бір нәрсені көрсетші». Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.) маған былай деді: «Олай болса, тілің әрдайым Алланы еске алатын болсын»».

Сондай-ақ мына аятта былай делінген:
}إنَّ فِي خَلْقِ السَّمَوَاتِ وَالأَرْضِ وَاخْتِلافِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ لآيَاتٍ لأُوْلِي الأَلْبَابِ . الَّذِينَ يَذْكُرُونَ اللَّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَى جُنُوبِهِمْ{

«Солар Алланы түрегер тұрып, отырған күйі және жамбастап, жатып еске алады, әрі аспандардың және жердің жаратылуы жайында ойланып: «Раббымыз! Сен бұны босқа жаратпадың! Сен /барлық кемшіліктен/ пәксің!»» (Әл-Имран, 191-аят).

Салиқалы адамдар, бірге жиналып, Алланы естеріне алады, ал пасық, күнәһар адамдар, бірге жинала қалса, Шайтанға жақындататын нәрселерді естеріне алады.

Салиқалылардың зікірлері – «әлхамду лиЛләһ» (Аллаға мақтау болсын), «субханаЛла» (Алла пәк), «Аллаһу акбар» (Алла ұлық) және «Лә иләһа илляЛлаһ» (Алладан басқа құдай жоқ) деген сөздерді жие қайталап айтудан тұрады. Ал Алладан теріс бұрылғандардың жие айтатындары – балағат сөздер, өсек, өтірік және біреуді жамандау.

Бір ақын айтқандай:
«Ауруға шалынсақ, Сені есімізге алумен жазыламыз,
Ал сені ұмытуменен, қайтадан дертке ұшыраймыз...»

Ақын осы өлең шумағымен мына нәрсені айтқысы келгендей: «Раббым, қашан жүректерімізді дерт шалса, Сені есімізге алуменен, оны емдейміз де дерттен айығамыз, ал бейқам адамдардың жүректері бос әрі пайдасыз нәрселерді еске алумен дертке шалынып, емделмейді де жазылмайды». Осыған байланысты Алла Тағала айтты:
}الا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ{

«Жүректер Алланың еске салуымен /Құранмен/ тыныштық тауып, орнығады» (Әл-Раъд, 28-аят).

Қанша мәрте жүректерімізді дүние ләззаттарымен толтырып байлауға тырыссақ та, бәрібір де аталмыш өмірлік рахаттар жүрекке тыныштық бермейді...

Сонымен қатар Алла Тала Құран Кәрімде былай деді:
}فَإِذَا قَضَيْتُمُ الصَّلَاةَ فَاذْكُرُوا اللَّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَى جُنُوبِكُمْ{

«Қашан намазды орындап болсаңдар, Алланы тұрған, отырған және жамбастап жатқан хәлде еске алыңдар» (Ән-Ниса, 103-аят).

Осы аятқа байланысты Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Бұл аятта айтылған сөз мынаны білдіреді: адам баласы Алла Тағаланы түнде және күндіз, құрлықта және теңізде, сапарда және үйде, байлықта және жоқшылықта, ауруға шалынған кезде және саулықта, көпшілікте және жалғыздықта немесе жасырын және айқын түрде еске алуы қажет».

Бұған қоса, Алла Тағала былай деді:
}وَاذْكُر رَّبَّكَ فِي نَفْسِكَ تَضَرُّعاً وَخِيفَةً وَدُونَ الْجَهْرِ مِنَ الْقَوْلِ بِالْغُدُوِّ وَالآصَالِ وَلاَ تَكُن مِّنَ الْغَافِلِينَ{

«/Ей Мұхаммад!/ Әрі Раббыңды таңертең және күн батардан алдын бойұсына жалбарынып, қорыққан түрде әрі бәсең үнмен іштей есіңе ал және қаперсіздерден болма» (Әл-Аъраф, 205-аят).

Аса ұлы Алла Пайғамбарға (с.ғ.с.) және барлық мұсылмандарға Раббысын ықыласты түрде еске алуын бұйырды. Таң намазы уақытынан бастап, күн шығып көтерілгенге және екінді (асыр) уақытынан күн батқанға дейінгі уақыт сүннет бойынша Алланы еске алудың өзге уақыттан қадір-қасиеті артық. Алла Тағала құлдарына Өзін ұмыт қалдыруға, қаперсіздік танытуға тыйым салады. Ондай жағдайда аса ұлы Алла оларды өз-өздерін ұмытуға мәжбүр етеді (Имам Табари және А. Саъди тафсирі).

Кейбір кісілер аса маңызды жоғары мансаптарға, зәулім, қымбат үйлерге және байлыққа тым қатты құмарлық танытады, бірақ бұл құмарлықтар еш уақытта оның жүрегіне тыныштық ұялатпайды. Осыған қатысты Алла Тағала айтқан:
}وَمَنْ أَعْرَضَ عَن ذِكْرِي فَإِنَّ لَهُ مَعِيشَةً ضَنكًا وَنَحْشُرُهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَعْمَىٰ (124) قَالَ رَبِّ لِمَ حَشَرْتَنِي أَعْمَىٰ وَقَدْ كُنتُ بَصِيرًا (125) قَالَ كَذَٰلِكَ أَتَتْكَ آيَاتُنَا فَنَسِيتَهَا ۖ وَكَذَٰلِكَ الْيَوْمَ تُنسَىٰ{(126)

«Ал, кім Мені еске салуымнан /Құраннан/ теріс бұрылса, оған тар өмір болады әрі Қайта тірілу күні оны соқыр күйде тірілтеміз. Ол: «Раббым! Мені не үшін соқыр күйде тірілттің?! Мен көретін едім ғой»,-дейді. Алла айтты: «Міне, осылай. Саған аяттарымыз келген еді, бірақ сен оларды ұмыттың. Сол секілді бүгін сен де ұмытыласың»,-дейді.» (ТаҺа, 124-126-аяттар).

Адам баласы дүниеде қанша дәулеті болып, қалағанша өмір сүргенмен, тура жолда болмағандықтан, жүрегі орнықпаған, кеудесі тар, іштей жаман күй кешеді. Ол аса ұлы Алланың үгіт, насихаттарын тыңдап, құлақ асудан қашты, міндеттері жайлы ойламады. Сондықтан аса ұлы Алла одан теріс бұрылып, оны тозақ отына тастады (Ибн Касир және А.Саъди тәфсирі).

Ал екіжүзді мұнафиқтарды сөгіп, Алла Тағала былай деді:
}إِنَّ الْمُنَافِقِينَ يُخَادِعُونَ اللَّهَ وَهُوَ خَادِعُهُمْ وَإِذَا قَامُوا إِلَى الصَّلَاةِ قَامُوا كُسَالَىٰ يُرَاءُونَ النَّاسَ وَلَا يَذْكُرُونَ اللَّهَ إِلَّا قَلِيلًا{

«Ақиқатында мұнафиқтар Алланы алдамақшы болады, алайда Алла олардың өздерін алдандырып /күнәларын көбейтуге жол беріп, күнә жасауды жеңілдетеді/ қояды. Олар намазға тұрғандарында, салғырт күйде адамдаға көріну үшін тұрады әрі олар Алланы өте аз еске алады» (Ән-Ниса, 142-аят).

Аятта байқағанымыздай, Алла Тағаланы тым аз еске алу мұнафиқтық сипат екендігіне ишарат етілген. Раббысын қаншалықты есіне алып жүргендігін әркімнің өзі білгендіктен, аталмыш сипатқа лайықты болып қалмаудың амалын жасауға тырысуымыз керек. Ол үшін өз-өзімізді түрлі сылтаулармен алдамай, Раббымыздан жәрдем сұрай отырып, намаздарымызды ықыласты түрде, тақуалықпен әрі Аллаға шынайы беріле (хушуғпен) орындап, Жаратушы Иемізді көп еске алуымыз қажет.

Мұнафиқтар сыртынан көрер көзге Исламды ұстанып, ал жүрегінде сенімі жоқ әрі оны жасырған имансыздар. Тозақта кәпірлерден де төмен, ең түпкі қабатында болып, ең ауыр азаптарға тартылады. Ал тәубеге келгендерді аса ұлы Алла тазартып игіліктеріне бөлейді. Мұнафиқтықтан сақтанып, құтылу үшін Алла Тағалаға қатты жабысып, дінді ықыласпен ұстану керек (А.Сағди тәпсірі).

Сүннеттегі Алла Тағаланы еске алу

Шашыңа ақ түскенше ғұмыр кешкен, зымырап өткен ғұмырдан сақалың ағарып, сүйегің жұқарған, ей қарт мұсылман жан! Саған амалдардың ең абзалын айтайын ба? Ол Алла Тағаланы еске алу ғибадаты.

Мықты да сұлу, ей жас жеткіншек! Саған да амалдардың ең абзалын көрсетейін бе? Ол әрине Алла Тағаланы еске алу құлшылығы.

Ислам дінінде, Алла Тағаланы еске алудан артық еш бір құлшылықты таппайсыңдар.

Бірде Алла Елшісінен (с.ғ.с.) бір кісілердің: «Қандай іс, амалдардың ең абзалы?»-деп сұрағандығы бізге келіп жеткен. Бұған Ол (с.ғ.с.): «Тілің, Алла Тағаланы еске алуменен ләзәттанып жатқан кезде жан тапсыруың»,-деп жауап берген (Табарани).

عَنْ أَبِى هُرَيْرَةَ رضي الله عنه قَالَ كَانَ رَسُولُ اللَّهِ – صلى الله عليه وسلم – يَسِيرُ فِى طَرِيقِ مَكَّةَ فَمَرَّ عَلَى جَبَلٍ يُقَالُ لَهُ جُمْدَانُ فَقَالَ « سِيرُوا هَذَا جُمْدَانُ سَبَقَ الْمُفَرِّدُونَ ». قَالُوا وَمَا الْمُفَرِّدُونَ يَا رَسُولَ اللَّهِ قَالَ « الذَّاكِرُونَ اللَّهَ كَثِيرًا وَالذَّاكِرَاتُ «

Бір күні Алла Елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына (р.а.): «Қозғалыңдар. Бұл Джумдан (таудың аты). Ал «муфарридун» озып кетті»,-деді. Адамдар: «Ей Алланың Елшісі (с.ғ.с.), «муфарридун» деген кімдер?»-деп сұрады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бұл Алла Тағаланы көп еске алушы ерлер мен әйелдер»,-деп жауап берді (Муслим, Ахмад).

«Муфаррид» – бұл өз ғұмырын Алла Тағалаға құлшылық қылуға арнаған адам.

Осы сөздің басқа бір жорамалына жүгінер болсақ бұл, білімі мен Алла Тағаланы еске алуы тұрғысынан басқалардан ерекшеленген адам, тіпті ол мұсылман бауырларының арасында болған кезде де осы қасиеті байқалады. Себебі, әр адам өзінің ұнататыны жайлы әңгіме қылады.

«Ихия ъулум ад-дин» (дін ғылымдарының жаңғыруы) кітабінің авторы имам әл-Ғазали айтты: «Адамдар мәжіліске келе-сала, ұнататын нәрселері жайлы әңгіме қылады».

Ағаш ұстасы, ағаш және одан ненің қалай жасалатыны жайлы айтады.

Темір ұстасы, темір жайлы айтады.

Құрылысшы, салынған нәрселердің әдемілігі жөнінде айтады.

Тігінші, матаның сапасы жайлы айтады.

Ал Алланың әулие құлдары Жаратушы Раббысын еске алады.

«Джамиъ әл-ъулум уал хикам» (ғылымдар мен даналықтар жиынтығы) кітабында Ибн Раджаб әл-Ханбали мына бір тарихи оқиғаны келтіреді: «Юсуф (ғ.с.) пайғамбарды құдыққа түсірген кезде, оның ішінде жан-жағын су қоршаған үлкен тас болған. Ол болса сол тастың үстінде отырған күйде қалыпты. Түн мезгілі болып, оның жанында Алла Тағаладан басқа серігі де жолдасы да болмаған. Ол болса, осындай жағдайда Алланы есіне алған болатын. Ибн Аббас (р.а.) осы оқиғаға байланысты тіпті былай деп айтқан: «Теңіздегі балықтар тынышталса да ол Алланы еске алумен тынышталмады, шалшық судағы бақалар үнсіз қалса да ол бәрібір Алланы еске алуын доғармаған. Сөйтіп, ол Алланы есінде сақтағаны ұшін, Алла Тағала да оны аман алып қалды»».

Алла Тағала Юнус (ғ.с.) пайғамбар жайлы былай деді:
}فَلَوْلَا أَنَّهُ كَانَ مِنَ الْمُسَبِّحِينَ (143) لَلَبِثَ فِي بَطْنِهِ إِلَىٰ يَوْمِ يُبْعَثُونَ { (144)

«Егер де ол /Алланы кемшіліктен/ пәк деп дәріптеушілерден болмағанда, оның /киттің/ ішінде қайта тірілтілетін күнге дейін қалған болар еді» (Әс-Саффат, 143-144-аяттар).

Алланы ұлықтаушылар дегеніміз, қуанышты әрі қайғылы жағдайларда Алла Тағаланы еске алушылар.

عَنْ أَبيِ الدَرْدَاء رَضِيَ الله عَنْهُ قَالَ أن رَسُول اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قال)): أَلَا أُنَبِّئُكُمْ بِخَيْرِ أَعْمَالِكُمْ ، وَأَزْكَاهَا عِنْدَ مَلِيكِكُمْ ، وَأَرْفَعِهَا فِي دَرَجَاتِكُمْ ، وَخَيْرٍ لَكُمْ مِنْ إِعْطَاءِ الذَّهَبِ وَالْوَرِقِ ، وَخَيْرٍ لَكُمْ مِنْ أَنْ تَلْقَوْا عَدُوَّكُمْ ، فَتَضْرِبُوا أَعْنَاقَهُمْ ، وَيَضْرِبُوا أَعْنَاقَكُمْ ؟ قَالُوا : وَذَلِكَ مَا هُوَ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : ذِكْرُ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ(( .

Сахих хадисте Абу ад-Дарда (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізді: «Жаратушы Раббыларыңның алдында ең абзал, таза әрі дәрежелеріңді көтеретін және сендер үшін алтын мен күмісті жұмсағаннан да артық саналған сондай бір амалды көрсетейін бе?» Сол кезде адамдар айтты: «Әрине, ей Алланың Елшісі (с.ғ.с.)». Ол (с.ғ.с.) айтты: «Бұл – Алланы еске алу» (Ахмад, Тирмизи, Ибн Маджа).

Сонымен қатар Алланы еске алудың артықшылығына Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына сөзі дәлел болады:
عَنْ أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ الله عَنْهُ، قَالَ : سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ، صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، يَقُولُ : يَقُولُ رَبُّكُمْ " أَنَا مَعَ عَبْدِي مَا ذَكَرَنِي وَتَحَرَّكَتْ بِي شَفَتَاهُ" .

«Алла Тағала айтты: «Есімімді айтумен ерні қыбырлап, Мені еске алған құлымды, Өз қамқорлығыма аламын»» (Ахмад).

عَنْ أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ الله عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وعلى آلِهِ وَسَلَّمَ قَالَ:
((مَا جَلَسَ قَوْمٌ مَجْلِسًا لَمْ يَذْكُرُوا اللهَ فِيهِ، وَلَمْ يُصَلُّوا عَلَى نَبِيِّهِمْ إِلاَّ كَانَ عَلَيْهِمْ تِرَةً عَلَيْهِمْ حَسْرَةً يَوْمَ الْقِيَامَةِ)).

Абу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтты: «Егер адамдар мәжілісте өз орындарына Алла Тағаланы естеріне алмастан және Пайғамбарларына (с.ғ.с.) салауат айтпастан отыратын болса, қиямет күні олардан кек алынатын болады» (Ахмад).

Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқаны бізге келіп жеткен:
أن رَسُول اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، يَقُولُ : ((يَقُولُ رَبُّكُمْ أَنَا عِنْدَ ظَنِّ عَبْدِي بِي، وَأَنَا مَعَهُ إِذَا ذَكَرَنِي، فَإِنْ ذَكَرَنِي فِي نَفْسِهِ ذَكَرْتُهُ فِي نَفْسِي، وَإِنْ ذَكَرَنِي فِي مَلَإٍ ذَكَرْتُهُ فِي مَلَإٍ خَيْرٍ مِنْهُمْ، وَإِنْ تَقَرَّبَ إِلَيَّ بِشِبْرٍ تَقَرَّبْتُ إِلَيْهِ ذِرَاعًا...)).

«Алла Тағала айтты: «Құлым Мен жайлы қандай ойда болса, Мен сондай боламын1 әрі ол Мені есіне алған кезде, Мен онымен бірге боламын. Егер ол мені іштей есіне алатын болса, Мен де оны жасырын есіме аламын2. Ал егер ол мені мәжіліске жиналған көпшілік адамдар арасында есіне алатын болса, онда Мен де оны олардан да жақсырақ мәжілісте есіме аламын3. Ал егер құлым Маған бір қадам жақындайтын болса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын...»» (Бухари, Муслим).

Басқа бір хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқаны бізге жеткен:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ وَأَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ أَنَّهُمَا شَهِدَا عَلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنَّهُ قَال: ((لَا يَقْعُدُ قَوْمٌ يَذْكُرُونَ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ إِلَّا حَفَّتْهُمْ الْمَلَائِكَةُ، وَغَشِيَتْهُمْ الرَّحْمَةُ، وَنَزَلَتْ عَلَيْهِمْ السَّكِينَةُ، وَذَكَرَهُمْ اللَّهُ فِيمَنْ عِنْدَهُ)).

«Қашан адамдар, Алла Тағаланы естеріне алып, бір жерге жиналатын болса, оларды міндетті түрде періштелер қоршап алады да Алланың мейіріміне бөленеді және Алла Тағала да оларды, дәрежелері өте жоғары болған періштелердің алдында есіне алады» (Муслим).

Салих кісілер Алланы қалай еске алды?

Кейбір салиқалы адамдардың тарихта орын алған оқиғаларына тоқталып өтейік. Өзінің тақуалығыменен танымал болған, сахабалардың ізбасары, табиғин әрі солардан хадистер риуаят еткен, Шам өлкесінің тумасы Халид ибн Мидан Алла Тағаланы күніне қырық мың мәрте есіне алатын (Сияр алам ән-Нубәлә).

Ал өзінің тақуалығы, даналық кеңестері мен сөздері, дүние ләззәттарына қызықпағандығы және Аллаға ынталы түрде, шынайы беріле жасаған құлшылығы арқылы танылған Юсуф ибн Асбаттың «субханаЛлаһ» (Алла пәк) және «Лә иләһа илла Ллаһ» (Алладан басқа құдай жоқ) деген сөздерді қайталап айтумен, Алла Тағаланы күніне жүз мың мәрте еске алғандығы жайлы айтылған (Сияр алам ән-Нубәлә).

Бұл адамдар, ғұмырын толығымен Алла Тағалаға арнап, «Алладан басқа құдай жоқ» куәлігіменен дүниеден өткен нағыз ірі тақуа тұлғалар.

Ал біз ше? Біздің мағынасыз айтылған бос әңгімелер мен жөн-жосықсыз, пайдасыз өткізген уақыттардан басқа, Алла Тағалаға ықыласты түрде шынайы беріле істеген нендей амалдарымыз бар?! Раббымызды еске алуға уақытымыздың қанша бөлігін арнаудамыз және Алла разылығы үшін жасалатын құлшылыққа өміріміздегі белгіленген үлесі қандай? Неге осыған бір үңіліп қарап, ой жүгірте отырып, көңіл бөлмеске?! Екі дүние бақытына жеткіміз келсе, жасап жүрген істерімізді есепке алып, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.), одан қалды оған ілескен сахабалар мен табиғин ғұлама-ғалым әулие жандардан неге үлгі-өнеге алмасқа?!

قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ((مَثَلُ الَّذِي يَذْكُرُ رَبَّهُ وَالَّذِي لَا يَذْكُرُ رَبَّهُ مَثَلُ الْحَيِّ وَالْمَيِّتِ((.

Абу Мусадан (р.а.) жеткен сахих хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «Алла Тағаланы еске алушы мен еске алмайтын адамның мысалы, тірі мен өлген адамның мысалындай» (Бухари).

Хадисте Алла Тағаланы еске алмайтын адамдарды өлілерге теңеген. Әлгі Жаратушы Жаббар Иесін еске алмайтындар ішіп-жейді, сайрайды, ерсілі-қарсылы жүреді де мәз-мейрам, сауық-сайран құрып, шаттанады. Алайда, Құранда мұндай Құдайдан теріс бұрылып, бейқамдықта жүрген адамдар жайлы былай делінген:
}أَمْوَاتٌ غَيْرُ أَحْيَاءٍ ۖ وَمَا يَشْعُرُونَ أَيَّانَ يُبْعَثُونَ {

«/Олар/ тірі емес, өлілер. Олар қашан қайта тірілетіндерін де білмейді» (Ән-Нахл, 21-аят).

Құранмен, мешітпен өмір сүрмеген және Аллаға бойұсынбаған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алып келген нұрын қабыл алмаған әрі өмірдің хикметін түсінбеген адам – Алла Тағаланың алдында тірі өлік болып есептеледі:
}أَوَمَن كَانَ مَيْتًا فَأَحْيَيْنَاهُ وَجَعَلْنَا لَهُ نُورًا يَمْشِي بِهِ فِي النَّاسِ كَمَن مَّثَلُهُ فِي الظُّلُمَاتِ لَيْسَ بِخَارِجٍ مِّنْهَا{

«Өлі /имансыздықта/ болған кезінде, Біз оны тірілтіп, оған нұр /иман/ беріп, ол нұрмен адамдардың арасында жүретін біреу, қараңғылықтар ішінде қалып, одан шыға алмай жатқан біреуге ұқсай ма?» (Әл-Әнъам, 122-аят).

Бұл аяттағы қараңғылық сөзімен меңзелген мағына: күнәлар қараңғылығы, құмарлық қараңғылығы және Алла Тағаладан алыстау қараңғылығы.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ ، قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:((لأَنْ أَقُولَ : سُبْحَانَ اللَّهِ وَالْحَمْدُ لِلَّهِ وَلا إِلَهَ إِلا اللَّهُ وَاللَّهُ أَكْبَرُ أَحَبُّ إِلَيَّ مِمَّا طَلَعَتْ عَلَيْهِ الشَّمْسُ)).

Сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «СубханаЛлаһи уәлхамду лиЛлаһи уә ләә иләһә иллаЛлаһу уаЛлаһу акбар(Алла пәк, Аллаға мақтаулар болсын, Алладан басқа құдай жоқ және Алла ұлық) деген сөз, мен үшін, күннің көзі шыққан барлық жерлерден де артық» (Муслим).

Басқа бір риуаятта былай делінген: «...немесе күннің көзі батқан барлық жерлерден де артық».

Дүние нығметтеріне қол жеткізу оңай. Бұл дүниенің алтындары мен күмістері арзан. Сонымен қатар, бірде-бір жақсы амал жасалмаған күннің өзі де сен үшін босқа кеткен күнмен тең.

Имам Тирмизи мен басқа да ғұламалар сахих деп баға берген хадисте былай делінген:
عن جابر رضي الله تعالى عنه أن النبي صلى الله عليه وسلم قال: ((مَنْ قَالَ : سُبْحَانَ اللهِ العَظِيمِ وَبِحَمْدِهِ، غُرِسَتْ لَهُ نَخْلَةٌ فِي الجَنَّةِ)).

Джабирден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Субхана Ллаһил Ъазым уа бихамдиһи (Ұлы Алла пәк және Оған мақтаулар болғай) деп айтқан кісіге, жұмақта құрма ағашы отырғызылады»,-деп айтқан (Тирмизи, Насаи).

Ертеңгі мекенің үшін еңбектен. Ридуан – қорғаның,
Көршің – Мұхаммад, ал Рақымды Алла – жаратушы.
Сарайлары оның алтыннан, ал жері оның – хош иіс,
Ондағы өсіп тұрған шөптері – зағфаран...

Ибн Қайим (р.а.) айтқан: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Алла Тағаланы әрдайым еске алатын. Тіпті Оның (с.ғ.с.) демі, сөзі және іс-әрекеті Алланы еске алу болатын».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла Тағаланы ертелі-кеш есіне алатын және Ол (с.ғ.с.) адамдар арасында болған кездің өзінде де жүрегі толығымен Алламен байланысқан күйде болатын.

}قُلْ إِنَّ صَلَاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ{

«Айт: «Шын мәнінде, намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдедің Раббысы Алла үшін» (Әл-Әнъам, 162-аят).

Алла Елшісі (с.ғ.с.) әрқашан да Алла Тағаламен бірге болатын және Оның (с.ғ.с.) ерекше қасиеттерінің бірі жүрегі еш уақытта ұйқыда болмайтын.

Ол (с.ғ.с.) ұйықтаған кезде, жүрегі әрдайым ояу болатын, ал біз ұйықтап жатқан кезде, өзімізбен қоса жүрегіміз де ұйқыда болады.

Осы себепті, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұйықтап жатқан кезде, Оның (с.ғ.с.) дәреті (тахараты) бұзылмайтын.

Сахих хадистердің бірінде мына оқиға жайлы айтылған. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) таң намазын оқу үшін ұйқыдан тұрғанда, Оған (с.ғ.с.) дәрет (тахараты) алуға су ұсынылған болатын, сол кезде ол былай деді:
قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ((يَا عَائِشَة ! إِنَّهَا تَنَامُ عَيْنَاي وَ لَا يَنَامُ قَلْبِي)).

«Ей Айша, расында көздерім ұйқыда болса да жүрегім ұйықтамайды» (Бухари, Муслим).

Бұл болса, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) ерекшелігі: ояу болғанда және ұйықтап жатқанда да Оның (с.ғ.с.) жүрегі әманда Алла Тағаламен байланған күйде болатын.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үнемі Алла Тағаланы есінде сақтайтын әрі мұсылман адамға Алла Елшісінен (с.ғ.с.) үлгі алу қажет.

Еске алудың түрлері

Ғұламалар Алла Тағаланы еске алуды үш түрге бөліп қарастырған.

Бірінші түрі: жүрекпен және тілмен еске алу. Бұл болса, зікір ету түрлерінің ең керемет, абзал түрі. Бұл сенің ұлықтау сөздерін тіліңмен айтып тұрып, сол сөздердің мағынасы жайлы пікір қылып, Алла Тағаланың ұлықтылығын сезіне, ойға шомылып тұруың. Сондай-ақ сенің, Алладан кешірім сұраған кезіңде, сол истиғфар сөздерінің мағынасы жайлы ой жүгіртуің. Сонымен қатар сенің, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) салауат айтқан уақытта, сол салауат-сәлем сөздерінің мағынасын жүрегіңмен сезініп, бар ойың мен жүрегіңді осынау құлшылық іс-әрекетіне жинақтауың.

Екінші түрі: Алла Тағаланы тілдің қатысуынсыз, тек жүрекпен еске алу. Кейбір адамдар Алла Тағаланы тілдері еш қозғалмастан, жүректерімен еске алады.

Үшінші түрі: Алла Тағаланы жүректің қатысуынсыз, тек тілмен еске алу. Еске алу құлшылығын осылай жасаған пендеге де сауап беріледі. Бұған сахих тізбекпен жеткен хадистегі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқаны дәлел болады: «Алла Тағала айтты: «Ернін қыбырлатқан күйде, Мені есіне алған құлыммен бірге боламын» (Ахмад).

Абдулла ибн Бусра (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Олай болса, тілің әрдайым Алланы еске алатын болсын» (Ахмад, Тирмизи).

Бұл хадистер, Алла Тағаланы жүректің қатысуынсыз тек тілмен еске алған адамның да сауап алатындығын меңзейді.

Үлкен жасты табиғиндердің қатарынан болып табылатындардың бірі, Абу Муслим әл-Хаулани (р.а.) Алла Тағаланы қажырлы түрде тілімен еске алудан таңбайтын. Бірде ол Сана және Иемен елді-мекендерінде пайда болған, Асуад әл-Анси есімді жалған пайғамбардың қолына тұтқынға түскен болатын. Сол кезде Асуад әл-Анси одан (р.а.): «Мұхаммадтың (с.ғ.с.) пайғамбарлығына куәлік етесің бе?»-деп сұрады. Ол (р.а.) болса: «Әрине куәлік беремін»,-деп жауап берді. Содан соң әл-Асуад тағыда одан (р.а.): «Ал менің, пайғамбар екендігіме кәулік бересің бе?»-деп сұрады. Бұған ол (р.а.): «Ешнәрсе естіп тұрғаным жоқ!»-деп жауап берді. Сол кезде әл-Асуад отын жинап, от тұтатуға әрі әлгі тақуа кісіні сол отқа тастауды бұйырды. Алайда Алла Тағала әлгі отты ол (р.а.) кісінің жанына жағымды етіп, салқындатып қойды.

Осы оқиғадан кейін ол, Абу Бакр (р.а.) мен Омарға (р.а.) жеткен кезде, ол екеуі (р.а.) оны (р.а.): «Ибрахимнің (ғ.с.) басынан өткеніндей іс жасалған адам қош келдің»,-деп құшақтарына алған.

Көпшіліктің куәлігінше Алланың бұл тақуа құлы әрдайым таңнан кешке дейін Алланы еске алып, уақытының көп бөлігін Жаратушы Раббысын зікір етуге арнап, аз ұйықтаған екен.

Сол сияқты, пайдалы ілім алу да Алланы еске алуға жатады. Ілім іздену, аталмыш пайдалы ілім алынатын және берілетін білім алқалары, өзара көмек көрсете отырып ғылым іздену – осының барлығы, ғұламалардың пікірінше Алла Тағаланы еске алудың ең абзал түріне жатады.

Мәселен сен намаз, ораза, сауда-саттық сияқты фиқһ ғылымының баптарын, хадис ғылымын т.б. осы сияқты ілімдерді оқып, ізденетін болсаң, ұлы Алла Тағаланың алдында зікірдің ең абзал түрін жасаған боласың әрі мұндай ғылыми мәжіліс, жұмаққа жетелейтін және иманды күшейтетін мәжілстерден болып табылады.

Алла Тағаланы еске алу қажет болатын жағдайлар

Әр жағдайға байланысты айтылатын өзіндік бір ерекше, арнайы Алланы еске алу (зікір) сөздері бар және әрбір пендеден талап етілген нәрсе, осы зікір сөздерін, Аллаға деген бойұсынушылығын білдіре отырып, жағдайға сай байланыстыра, дұрыс айту қажет. Ал егер, бұл тәртіп жүйесі қадағаланбайтын болса, онда ол Алла Елшісіне (с.ғ.с.) ілеспегендіктің белгісі.

Мәселен, парыз намаздарынан кейін 33-рет «субханаЛлаһ», 33-рет «әлхамдулиЛлаһ», 33-рет «Аллаһу акбар» және «лә иләһа иллә Ллаһ» деп айтып, артынша «аятул-Курси» аятын, «Ықылас», «Фалақ» және «Нас» сүрелерін оқу қажет.

Белгілі бір жағдайларға қатысты Алланы еске алудың ерекше бір айтылатын зікір сөздері де бар.

Мысалы, тауға шығып бара жатқанда немесе қандайда бір қиыншылыққа тап болған кезде мына зікір сөзін айту қажет:
(لَا حَوْلَ وَلا قُوَّةَ إِلا باللَّهِ)

«лә хаулә уә лә қууата иллә биЛләһ» (Қандайда бір нәрсені өзгертуге, лайықты күш-қуат, Алладан басқа ешкімде жоқ).

Алланың аяттары мен жаратылыстары жайлы ой жүгіртіп, таңғалған кезде «субханаЛлаһ» (Алла пәк) деп айту, ал егер белгілі бір жасап қоған күнәларың мен жаман қылықтарың есіңе түссе, «астағфируЛлаһи уа атубу иләйһ» (Алладан кешірім сұраймын әрі оған тәубе еттім) деп айту қажет.

Сонымен қатар Алла Елшісі (с.ғ.с.) есіңе түскен жағдайда, Оған (с.ғ.с.) салауат айта отырып, Алла Тағаланы еске алу қажет болады.

Ас ішер алдын «бисмиЛлаһ» (Алланың атымен), ал астан соң «әлхамду лиЛлаһ» (Аллаға мақтаулар мен мадақтар болсын) деп айту керек.

Алланы еске алу зікір сөзінің әрқайсысы, қандай жағдай тап болса да, соған тиісті етіп айтылады әрі бұл нәрсе, ақылын жүгіртіп, ойланған жанға жасырын болған дүние емес.

Алланы еске алудың берер пайдалары

Алланы еске алудың иман келтірген мұсылман жанға берер пайдаларын санамалап, кейбір ғұламалар жүзге жеткізген. Біз болсақ соның тек кейбірін ғана ұсынып отырмыз.

Алланы еске алу (зікір ету):
• Шайтанды алыстатады.
• Алла Тағаланың разылығын келтіреді.
• Жан жолдасты қуантады.
• Сауаптарды көбейтеді.
• Күнәлар мен олқылықтарды жояды
• Адам баласының жүзін нұрландырады.
• Жүрекке тыныштық ұялатады.
• Пенде мен Алла Тағаланың арасындағы байланысты күшейтеді.
• Ғұмыр-жасты ұзартады.
• Пендені Алла Тағалаға көркем түрде итағат етуге жетелейді.
• Аллаға қарсы келу мен күналардан, балағат сөздер мен ғайбаттан сақтайды.
• Жүзеге асырған күнасы үшін ойланып, Алланың алдында тәубе етуге және жасаған қылығы үшін өкінуге, жалпы жүректің Аллаға қайтуын мәжбүрлейді.
• Кейбір жақсы істермен теңесіп, тіпті кейде асып та түседі.
• Алланы еске алудың берер пайдаларының ең абзалы пенде Рабысын еске алғанда, Алла Тағаланың да оны еске алуы.
• Раббысын еске алған адамды, Алла Тағала түрлі бәлелерден сақтайды да қорғаны мен білімі арқылы пендесімен бірге болады.
• Алланы еске алған адамға жаман ойлар мен шайтанның уасуасасы жоламайды.
• Алланы еске алу мазасыздықты, урей мен уайым-қайғыны кетіреді және адмға өмірдің қызықсыз әрі сұр реңді болып көріне беруін жояды.
• Мұсылман адамның өмірін ұзақ әрі берекелі етеді.
• Адамның жанын тыныштыққа, рахатқа бөлейді.
• Мұсылман адамның белгілі бір істерінің орындалуына күш-қуат береді және сол істердің орындалуын жеңілдетеді.
• Алланы еске алудың керемет пайдалы тұстарының тағы бірі, екіжүзділіктің (мұнафиқ) жоқтығын көрсетеді. Себебі екіжүзді мұнафиқ, Алланы тым өте аз еске алады.

Өйткені сендер, мұнафиқтың базарда, көлікте, ұшақта және мешітте Алла Тағаланы еске алып жатқандығын көрмейсіңдер... Бұны тек нағыз момын мұсылман ғана жасайды.

Егер де сен, өзіңнің мұнафық не шынайы момын мұсылман екеніңді білгің келсе, онда өзіңе: «Мен Алланы әрдайым еске аламын ба? Мен адамдар арасында болғанда, Алланы еске аламын ба? Мен базарға шыққан кезімде, көлікте, ұшақта Алланы еске аламын ба?»-деп сұрақ қой.

Егер де сен осыны жасап жүрген болсаң, онда қуан, себебі сен шынайы момын мұсылмансың. Ал егер керісінше болатын болса, онда өзіңді жазғыруға даярлан.

Алла Тағаланы еске алудың абзал уақыттары

Белгілі бір жағдайлармен байланысты болмаған, Алла Тағаланы еске алудың абзал уақыты – таң намазынан кейін және күн шыққанға дейін.

Сонымен қатар түс ауғаннан, күн батқанға дейін:
}فَسُبْحَانَ اللَّهِ حِينَ تُمْسُونَ وَحِينَ تُصْبِحُونَ (17) وَلَهُ الْحَمْدُ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَعَشِيًّا وَحِينَ تُظْهِرُونَ {(18)

«/Ей, мұсылман!/ Сендер кештің кіретін уақыттарында және таңның ататын уақыттарында Алланы /барлық кемшіліктен/ пәк деп дәріптеңдер. Әрі аспандардағы және жердегі барлық мақтау – Оған /Аллаға/. Әрі түнде және түскі уақыттарда да /Оны дәріптеңдер/» (Әр-Рум, 17-18-аяттар).

Бұл аятта аса ұлы Алла өзінің барлық кемшіліктен пәк екенін айтты. Сондықтан құлдары Оны таңда, кешке, түнде әрі күндізгі уақыттарда дәріптеп, еске алуға міндетті. Бұл парыз етілген бес намаз уақыты – тәуліктің ең жақсы уақыттары.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) Раббысын күн шыққанға дейін еске алатын. Хадистердің бірінде айтылады:
قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ((مَنْ صَلَّى الْفَجْر ثُمَّ جَلَسَ فِي مَصَلَّاه يَذْكُرُ اللَّهَ حَتَّى تَطْلُعَ الشَّمْسُ ، ثُمَّ صَلَّى رَكْعَتَيْنِ ، كَانَتْ لَهُ كَأَجْرِ حَجَّةٍ ، وَعُمْرَةٍ ، تَامَّةٍ ، تَامَّةٍ ، تَامَّةٍ)).

«Кімде-кім таң намазын оқып болып, сол жерде қалып, күн шыққанға дейін Алланы еске алып, одан кейін екі ракағат намаз оқыған адамға толық, толық, толық атқарылған қажылық пен умраның сауабы жазылады» (Тирмизи).

Бір ғалымның таң намазынан кейін орнында қалып күн шыққанға дейін Алланы еске алып, былай дегені айтылған: «Бұл менің таңғы әлденуім, егер де осы еске алуым болмағанда, бар күш-қуатымнан айырылып, әлсіреп қалар едім».

Таңнан күн шықанға дейінгі уақыт аралығы, Алланы еске алудың ең абзал мезеттерінің санатына жатады. Бұл уақытта жүректер оянып, гүлдер ашылып, құстар ән сала бастап, Алла Тағаланың берекеті, ризығы және жеңілдігі жауатын уақыт.

Ал енді біз осы уақытта Алла Тағаланы еске алушылардың бірі болуымыз қажет.

Сонымен қатар бесін намазы мен күн батқанға дейінгі аралықта және күн батқаннан кейін бірнеше уақыттан соң да Алланы еске алған жөн.

Шариғат заңдастырған және адамдардың өз ойларынан шығарған Алланы еске алу (зікір) сөздері

Алланы еске алу сөздерінің, шариғат заңдастырғаны, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткені және адамдардың өз ойларынан құрастырғандары да бар.

Біз уахиды негізге ала отырып, Алла Тағаланың міндеттерін Құран мен сүннеттен шығарып алатын үмметпіз.

عَنْ أُمِّ المُؤمِنِينَ أُمِّ عَبْدِ اللهِ عَائِشَةَ - رَضِيَ اللهُ عَنْهَا - قَالَتْ: قَالَ رَسُوْلُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ((مَنْ أَحْدَثَ فِيْ أَمْرِنَا هَذَا مَا لَيْسَ مِنْهُ فَهُوَ رَدٌّ)).

Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Кімде-кім, біздің осы ісімізге қатысы жоқ бір нәрсе енгізетін болса, онда ол іс қайтарылатын болады» (Бухари, Муслим).

ابْنِ مَسْعودٍ - رَضِيَ اللهُ تَعالى عَنْهُ - "اتَّبِعُوا وَلاَ تَبْتَدِعُوا فَقَدْ كُفِيتُم"

Ибн Масғуд (р.а.) айтты: «Ілесіңдер де ойдан шығармаңдар, себебі сендерге бар нәрселеріңнің өзі жеткілікті» (Дарими).

Шариғат заңдастырған Алланы еске алу сөздері – ол Алла Елшісінен (с.ғ.с.) келіп жеткен зікір сөздері, мысалы, «субхананаЛлаһ», «әлхамдулиЛлаһ», «лә иләһә иллә Ллаһ», «Аллаһу акбар», «Астағфиру Ллаһ», «Лә хаулә уәлә қууата иллә би Ллаһ» сияқты т.б. сөздер.

Ал енді адамдар ойлап тапқан Алланы еске алу сөздеріне келер болсақ, Алла Тағала мұндай зікір сөздеріне қатысты, ешқандай міндеттер жүктемеген. Кейбір адамдар болса, үлкен көлемді әрі ұзақ зікір сөздерін айтады. Оларды Алла Елшісінен (с.ғ.с.) жеткен зікір сөздерінің арасынан еш таппайсың. Мұндай Алланы еске алу сөздері адам баласын жалықтырып жібереді. Дегенмен бұндай зікір сөздерін адам баласы шынайы ниетпен айтатын болса, сауап алады. Алайда ол, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) айтқан зікір сөздерін қайталау мүмкіншілігін босқа жіберіп алады және Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ілескендігі үшін берілетін сауаптан мақрұм қалады.

Қорыта келгенде, Алланы еске алу амалы, нәпіл ораза мен нәпіл садақалардан әлдеқайда артық. Ал егер сен: «Басқа көптеген құлшылықтардың орындалуы ауыр болуына қарамастан, орындалуы жеңіл бола тұра, Алланы еске алу ісі, не үшін ең абзал құлшылық болып есептеледі?»-деп сұрақ қояр болсаң, онда бұған былай деп жауап беруге болады: жүректің қатысу шартымен, әрдайым жасалған Алланы еске алу құлшылығы ғана адам баласына керемет әсер етіп, пайда береді. Ал жүректің қатысуынсыз, тілмен жасалған зікірдің адам баласына берер пайдасы өте аз. Ал Алла Тағаланы еске алған уақытта, әрдайым немесе соған жақын жүректің қатысуы, барлық құлшылықтың алғы шарты болып табылады. Сондықтан да Алла Тағаланы еске алу (зікір ету), парыз құлшылықтарынан басқа, барлық ғибадаттардан да абзал саналады.

Алла Тағаладан барлығымыздың да Оны көп еске алушы пенделерден қылуын сұраймын! Әмин!

Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің
найб имамы, Сыздықов Дархан Манарбекұлы

1 Бұл жердегі меңзелген мағына: адам баласы Алла Тағаладан нені үміт етіп күткен болса, соны орындайтын болады.
2 Бұл сөздер мына мағынаны меңзейді: сол мезетте, Менің оған көмек әрі жәрдем ретінде рақым, мейірімім нәсіп болады.
3 Бұл жерде Алланың алдында дәрежелері өте жоғары болған періштелер меңзелген.

Сыздыков Дархан Манарбекович

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником