Мұсылман адам өз өмірінде шариғат өлшемдерінен мүлт кетпеуге тырысады. Өйткені ол әр нәрсенің сұрауы болатын Есеп күніне сенеді. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман баласы қандай мәселеге де асқан жауапкершілікпен қарай білмек. Сондай жауапкершілікті талап қылатын адам баласының өмірінің бір негізі ол – отбасын құру, одан ізгі ұрпақ өрбіту.
Алла тағала Құран кәрімде:
وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَاجاً لِّتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُم مَّوَدَّةً وَرَحْمَةً إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ
«Сендерге өз араларыңнан жұбайлар жаратып, сүйіспеншілік пен мейірім салуы да Алланың белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көп ғибрат бар» (Рум сүресі, 21-аят) делінген.
Ендеше, үйлену, отбасын құру адамның жаратылысымен астасып кеткен бір нығмет. Дана бабаларымыз: «Отан отбасынан басталады» десе, халқымыз: «Ақ неке», «Адал жар» деген ұғымдармен отбасының, некенің қасиеттілігін ардақтай білген. Отбасы шағын мемлекет болғандықтан қоғамда отбасын құру мен оны сақтау мәселесінің маңызы да өте жоғары.
Ислам шариғатында отбасын құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып табылады. Неке қиюдың өз алдына тиісті шарттары бар. Ал, некесіз екі жастың қосылуына Ислам діні қатаң тыйым салады. Яғни, некесіз отбасы, отбасынсыз неке болмайды. Қазіргі күнде кейбір жастар некеге мән бермей, бастауын батыстан алатын азаматтық некеге әуестеніп алған. Мұны неке деп те айтуға ауыз бармайды, мұнда ешқандай жауапкершілік те жоқ. Бір-бірін сынау мақсатында бір шаңырақта есеппен өмір сүреді. Бүгінгі күні осындай жалған некеден қаншама адамдар зардап шегуде. Оның салдарынан мыңдаған отбасылар бұзылып, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Жезөкшелік пен азғындық артып, қауіпті аурулар пайда болуда. Ал, адамзатты адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын Ислам діні болса неке қиюды діннің талабы етіп қойған.
Неке – отбасын құрудың негізі, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Неке – ер мен әйелдің өз еріктерімен бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін байланыс. Құранда:
وَمِن كُلِّ شَيْءٍ خَلَقْنَا زَوْجَيْنِ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ
«Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» делініп, әрбір нәрсенің жұптаса өмір сүретіндігін көрсетеді. (Зарият сүресі, 49-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройдың жоғалуынан ең жақсы қорғайтын нәрсе» деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады. Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілген.
Шариғатымызда неке ұлы сауаптарға жетелейтін ғибадат болып саналады. Ибн Хуммам (р.а.): «Неке ғибадатқа етене жақын. Үйлену –құлшылық үшін бойдақ қалудан әлде қайда жоғары», - деген. Ғалым ибн Ғабидин (р.а.): «Біз үшін Адам ата заманынан осы заманға дейін шариғат етіп қойылған және кейін жәннатта да жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ» (Раддул мухтар кітабы) деп, некенің екі дүниелік құлшылық екендігін жеткізген.
Шариғатта: «неке – шаңырақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуы» болып саналады. Яғни, неке қидыру дегеніміз – үйленуге кедергісі жоқ екі жастың куәгерлердің алдында сөз байласуы арқылы адал жолмен қосылып, перзентті болып, шаңырақ көтеруі деген ұғым.
Имам Мәлік, сахаба Әнәстан (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Адам баласы некеге тұру арқылы иманын кәміл етеді. Иманын кәміл ететін некеге немқұрайлы болудан Алла Тағаладан қорықсын!» Міне, сондықтан да Ислам дінінде неке адам өміріндегі маңызды бір құлшылық іспетті.
Бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта әрбір ата-ананың «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» міндет екендігі Қасиетті Құран аяттарында да баяндалады:
وَأَنكِحُوا الْأَيَامَى مِنكُمْ وَالصَّالِحِينَ مِنْ عِبَادِكُمْ وَإِمَائِكُمْ إِن يَكُونُوا فُقَرَاء يُغْنِهِمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ
«Араларыңдағы бойдақтарды (ер жеткен ұл-қыздарды) үйлендіріңдер! Егер олар пақыр кедей болса, Алла оларды өз кеңшілігімен байытады. Алла Тағала аса кеңшілік иесі, толық білуші». (Нұр сүресі, 32-аят) Жоғарыдағы аяттың мәнін ұғына отырып, жас шамасы шаңырақ көтеруге лайықты болған ұл-қыздарымызды дер кезінде некелестіріп, әрқандай абыройсыздықтардан қорғап қалуымыз қажет. Маңызды бір себебі болмаса неке қиып, отбасын құрудан қашқан адам, сүннетті тәрк еткен болады. Ал, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп өсиет етеді: «Неке – менің сүннетім. Кім менің сүнеттімнен бас тартса, ол менен емес, (яғни менің үмметімнен емес)». Үйленіңдер. Расында мен, үмметімнің көптігін мақтан етемін». (Кутубу ситтә; 6564).
Қоғамымыздағы әлеуметтік институттардың бірі – отбасы болса, сол отбасының өзі – жеке бір тәрбие институты. Өйткені, адам дүниеге келген сәтінен бастап, адами құндылықтарды осы отбасында бойына сіңіріп өседі. Сондықтан асыл дініміз насихат еткен некенің орны өте ерекше.
Қорыта айтар болсақ, неке қию – жеңіл-желпі қарауды көтермейтін діни әрі ұлттық мәселенің бірі. Отанды құрайтын отбасы құндылықтарының бұзылуына жол бермеу еліне жанашыр әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс.
Бектұрсын Торғайбайұлы
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед»
мешітінің бас имамы