Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

13 07.17

Алдымен иман ұғымын түсініп алсақ. Иман сөзінің тілдік мағынасы растау, сену, нану, илану дегенді білдіреді. Яғни, Аллаға иман келтіру, Оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне сену, илану, ақиақат екенін растау. Жалпы иман дегеніміз – иманның алты шартын тілмен айтып, жүрекпен бекіту болып табылады. Тек тілмен «мен иман келтірдім», «сендім» деген сөздер толық иман келтірген болып табылмайды. Себебі мұнафықтар (екіжүзділер) де біздер иман келтірдік деп айтатын. Тек тілмен айту иман келтіруге жеткілікті болғанда, онда екіжүзділер нағыз иманды болатын еді.

Алайда, Алланың бар екендігіне, оның «Мейірімді, Рақымды» деген сияқты барлық сипаттарына толықтай илануымыз парыз. Бірақ әркімнің Аллаға деген сенімінің дәрежесі әр түрлі болады. Мәселен, Алланың бұйырған әмірлерін орындап, тыйғандарынан тыйылу арқылы әркімнің иманы кемелденеді де, керісінше жағдайда әлсірейді. Сондай-ақ, қияметтегі жағдайы да сол иман байлығына байланысты болмақ. Сол себептен иманды жанға иманын кемелдендіріп, Ақыреті жарқын болуы үшін үнемі тақуалыққа барынша өзін жүгендеп тұруы қажет. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Өлгеннен кейін адамзаттың баршасы өкініш білдіреді»,-деп өлгеннен кейінгі өмірден хабар береді. Сахабалары: «Оның өкініші не себепті?», – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер де жақсы адам болса, жағдайын одан әрі кемелдендірмегені үшін, егер де жаман адам болса, онда сол жамандығынан бас тарта алмағаны үшін өкініш білдіреді»,-деп осы фәнидегі иманның қаншалықты кемел болуының маңызды екендігін жеткізеді. Олай болса, иманымызды қалай кемелдендіруге болады? Не істемек керек? – деген сауалдарға жауапты әз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қалдырып кеткен екі асыл құндылығымыз Құран мен сүннеттен іздеп көрелік.

1. «Сөзсіз мүміндер; Алла еске алынса, жүректері қобалжиды да оларға Алланың аяттары оқылса, имандары кемелденіп, Раббыларына тәуекел қылады»- дейді. Демек, иманның кемелденуінің бір тұсы, үнемі Алланы еске алып әрі біздер үшін ақ пен қараны яғни жақсылық пен жамандықты, туралық пен адасушылықты айқындап беретін аяттарды оқып, оған амалдар жасауымыз, иманның кемелденуіне апарады екен. Себебі, пенденің жүрегі Алланы еске алмаған кезде иманы әлсіреп, не нәрсе болса соған бағытталып, әлсіз әрі бейқам жүрекке айналып, қателік жасауға бейімделіп тұрады екен. Алла Тағала Құрани Кәрімде: «Естеріңде болсын! Жүректер Алланы еске алумен ғана орнығады» - дейді. Алланы еске алу – Оны көп зікір ету, Құран аяттарын мейлінше үзбей оқып тұру. Әрі оқығандарына амал жасау. Мұны Абай атамыз: «Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» - деп түйіндейді.

2. «Алла дұрыс жол тапқандардың дұрыстығын одан әрі арттырады». Яғни, сауапты істер көп істеу арқылы Алланың назарына ілігіп, иманы артып, Жұмаққа бару жолы жеңілдеп, адасуда болмайды. Сондықтан иманымызды кемелдендіруге тырысқан сайын, Алла Тағала да иманымызды арттыра түседі. Ол үшін, һидаят жолдан таймай, білім іздеуіміз керек. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім, білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған сол арқылы жұмаққа жету жолын жеңілдетеді»,-деген. Олай болса, білім алуымен иманымызды кемелдендіріп, алған білімімізге амал етсек, жұмақ жолы да жеңілдемек екен. Бұл жөнінде Бұқар жырау бір шумақ өленмен былай деген екен:


Алла деген ар болмас,
Хақтың жолы тар болмас,
Құдайға мойын бұрмасақ,
Қысылтаяң күн туса,
Жаратқан өзі жар болмас.
Бес уақыт намаз оқысаң,
Ақырет күні иншАлла,
Тозақта жаның қор болмас,
Бір құдайдан қорықта,
Жайнамазбен бол жолдас. >

3. Алла елшісі (с.ғ.с): «Сіздердің біріңіз теріс істі көрсе, шамасы келсе оны қолымен өзгертсін. Оған шамасы келмесе, тілімен айтып өзгертсін. Оған да шамасы жетпесе, оны іштей жек көріп, қарсылық білдірсін. Бұл – иманның ең төменгі дәрежесі»- деген. Қараңыз Пайғамбарымыз (с.ғ.с) біздерге иманның белгілерін көрсетіп беріп жатыр. Иманның ең төменгі дәрежесі қандай да бір жамандықты көріп, оны тоқтатудың басқа жолдарын таппай қалған жағдайда сол істі жүрекпен жек көріңдер дейді. Олай болса, иманның кемелі – жаман істерді көргенде оның тоқтауына үлес қосу. Көшеде келе жатсаңыз алдыңыздан кісі сүрінерлік тас не басқада заттар жатса, оны біреу сүрініп қалмасын деген ниетпен алып тастасаңыз, Алла сізді сондай пәлекеттерден сақтап қояды, иманыңызды арттырып сауаптар жазып қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жөнінде былай деген екен: «Иман жетпістен астам тармақтан тұрады, оның ең кемелі Лә иләһа илла Алла, ал төмені жолдағы кедергіні алып тастау».

4. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мұсылмандардың кәміл имандысы ең көркем мінездісі...». Иә, көркем мінез иесін қашанда тек биіктерге жеткізеді. Дана халқымыздың «Ұлық болсаң – кішік бол» деген нақыл сөзі, көркем мінездінің қаншалықты дәрежеде өзгелерден биік тұратындығын аңғартады. Бұған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисі дәлел болмақ: «Қиямет күні маған ең жақын болатындарың, мінез-құлқы ең жақсы болғандарың». Қиямет күні Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) қарапайым адамдардың қасында ғана емес, өзге пайғамбарлар алдында да өте биік дәрежелі орында болады. Ал, Алла елшісімен (с.ғ.с) Жұмақ төрінде көрші болу барша мұсылмандардың баға жетпес арманы. Тек мінезімізді дұрыстап, иманымызды кемелдендірген жағдайда сол арманымыздың орындалуы ғажап емес.

Міне, иманның кемелдену жолын көрсету мақматында бірнеше аят-хадистерге тоқталып өттік. Жалпы имандылықты арттырудың міндеттілігі жөнінде Құрани Кәрімнің өзінде қаншама аяттар келген. Мақсат барлығын тізбектеу емес, білген бірер аят-хадистерімізге амал жасап, иманымызды кемелдендіру.

Расында иманы кемел жан тақуа, мінез-құлықы көркем, үлкенге құрмет көрсетіп, шариғи іліммен сусынданған, бір сөзбен айтқанда екі дүниенің бақытына жетелейтін амалдар жасап, Алланың разылығына бөленген жан. Алла иман байлығымызды кемелдендіргей! Әмин.


Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы
Қостанай аудандық «Маңдай Батыр»
мешітінің бас имамы


1 «Әнфал» сүресі, 2-аят.
2 «Рағд» сүресі, 28-аят.
3 «Мариям» сүресі, 76-аят.
4 Әбу Дәуд

Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы
27 10.15

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Біз, қазақ халқы табиғатынан имандылыққа, ақындыққа, даналық ойға жақын жұртпыз. Бабаларымыз текті, сөзі келісті, пікірі кесімді, парасатты болған. Жау шапса батырларымыз ерлік көрсетсе, дауға ақындарымыз дайын болған. Ал, арағайындық қызметті, яғни екі елді табыстырып, мәміле жасасуға дана билеріміз белсенділік танытып отырған.

XV ғасырда, яғни Алтын орданың ыдырау тұсында өмір сүрген Асан Қайғы бабамыздың отты жырлары мен өсиетті өлеңдері имандылыққа негізделген. Оның шын аты – Хасан Сәбитұлы. Тарихи деректерде жазылғандай, бабамыз Қазақ хандығының негізін салушылар деп саналатын Керей мен Жәнібек хандардың ақылшы биі болғаны белгілі. Мұны қазіргі тілмен түсіндірсек, жоғары лауазымды тұлғаның кеңесшісі деуге болады. Асан Қайғы жырлары арқылы халықты бірлік пен берекеге ұйытып, Қазақ хандығының іргетасын қалауға мол үлес қосқан. Халқымыздың рухани қалыптасу жолында да белсенділік танытты. Сол кездегі оқиғаларға талдау жасап қана қоймай, оның салдары қандай болмақ, істі неден бастау керек деген сұрақтарға жауап іздеген, тұжырым жасаған. Шоқан Уәлиханов Асан атамызды: «Көшпенді қазақ, қоғам ұлысының философы», – деп сипаттаған. Асан Қайғының толғаулары Отанды сүюге, ізгі амал жасауға, жамандықтан сақтанып, бақытты өмір сүруге үндейді. Мәселен, мына бір толғауында жырау бабамыз өткінші дүниелік істерге бола ұрысып, таласпауға шақырады.

Өлең-жырдағы негізгі ой мен тұжырым былай түйінделген:
«Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа.
Ашу деген дұспан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі терең қуысқа!..»

Расында да кейде болмашы нәрсе үшін адам баласы пенделікке ұрынады, дүниелік істерге таласып, абыройсыздыққа душар болады. Ал Асан Қайғы бәріне парасат биігінен қарауға үндейді.

Атақты жырауларымыздың бірі – Шалкиіз Тіленшіұлы жас кезінен киелі сөздің шебері, ақындық қырымен танылған. Ол мұсылманша білім алған. Сондықтан да толғауларында мұсылмандық мұратты басты орынға қойған. Қазақта: «Басқа пәле – тілден», – деген тауып айтылған асыл сөз бар. Адам баласы тіліне сақ болмаса, күнәні де тілінен табады екен. Сөз бен тілге байланысты Шалкиіз жырау былай деп жырлаған:
«Жапалақ ұшпас жасыл тау,
Жақсылардың өзі өлсе де сөзі сау.
Ойлап тұрсам жаманның,
Жалаңдаған өз басына тілі жау».

Бағзы кітаптарда Лұқман хәкім туралы мынадай оқиға баяндалған. Бір кісі одан малдың ең тәтті жерін алып кел деп бұйырыпты. Лұқман қойды сойып, тілін әкеліпті. Енді ең ащы жерін әкеліңіз десе, тағы да сол тілді алып келген екен. Сонда себебін сұрап: «Сіз неге қайта-қайта бір нәрсені әкеле бердіңіз», – десе, ол: «Жақсылық та, жамандық та – тілден, тіл байқап сөйлемесе, тас жарады, тас жармаса – бас жарады», – деп жауап беріпті.

Ел қорғау, Отанды аялау, бейбітшілікті сақтау – мұсылманның асыл міндеті. Бұл қасиеттер жырауларымыздың толғауларынан тыс қалсын ба?! Көрнекті ақын-жырау Доспамбет (қазақ тілінің ерекшеліктеріне сай Дұсмұхаммед сөзі Доспамбет деп өзгеріске ұшыраған болар, мәселен Мұхаммед сөзі қазақ даласында Мұхамбет, Махамбет, т.б. деп аталып кеткен) ел қорғауды мұсылмандық әрі перзенттік парыз деп санаған. Ол Қырым, Ноғайлы, Қазан хандықтары арасындағы шайқастарда қолбасшы болған. Бір өлеңінде: «Осы жолда шаһид болсам, яғни жанымды берсем өкінбен», – деуі тегін емес, сірә.

Доспамбет жырау:
«...Бүгін, соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын,
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кешсем, өкінбен!..» деп ерлікті насихаттаған. Бұл өлең де қазақ даласындағы ер-жігіттерге жігер сыйлаған.

XVII ғасырдың көрнекті жырауы Жиембет ақын ер-жүрек батырлығымен де, ұшқыр ақындығымен де көзге түскен. Кейбір кітаптарда Жиембет жырау 1620 жылы Есім ханның ойраттарға қарсы соғысында Кіші жүз қолын басқарғаны туралы жазылған. Ол Есім ханның есіне өткенді салып, Құдайдан қорқуға шақырып, тәубешіл болуға үндеп отырған. Өзі де жырларында бір Аллаға сыйынып, құлшылық пен тіршілікті ұштастыра үйлесімді өмір сүруді уағыздаған. Бұл жағдай ақынның мына бір өлеңінде айқын көрініс тапқан:
«...Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді.
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он екі ата Байұлы
Бір тәңірге сыйынды».

Абылай ханның тұлғалық бейнесін тұңғыш сипаттаған, қоғам қайраткері Бұқар жырау ханның ақылшысы, яғни кеңесшісі болған. Бұқар Қалқаманұлы халықты имандылыққа шақырған. «Тілек» деп аталатын өлеңінде шариғатты біліп, ұстануға, рухани тұрғыдан өсіп, өнегелі өмір сүруді уағыздаған.

Бұқар бабамыз:
«Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа
...Бесінші тілек тілеңіз
Бес уақытты бес намаз,
Береуі қаза қалмасқа», – деп жырлайды.

Ақын адамгершілікті насихаттап, кеңпейіл мінезді болуға шақырған. Алланың ақ жолында жүріп, шариғатқа бекем болудың маңыздылығын түсіндірген. Бір өлеңінде:
«Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас,
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес», – дейді.

Расында да адам баласы кеңпейілді болған сайын, оның адамгершілігі артады. Халқымызда: «Кең болсаң, кем болмайсың», – деген сөз бар. Көркем мінез – мұсылманға тән сипат.

Қазақ халқы қашан да бірлікті басты орынға қоя білген. Ел арасында «бірлігі күшті ел озады», «бірлік болмай, тірлік болмас», «жұмыла көтерген жүк жеңіл», «көппен көрген ұлы той» деген қанатты сөздер кең тараған. Асыл діннен бастау алған бұл мақалдар қазақ даласында жиі айтылып келді. Қазір де маңызын жойған жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін жамағатпен бірге болуға шақырған. Алла Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деген өсиет қалдырған. Алла Тағала қасиетті Құранда «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір еткен.

Исламды ұстанған бабаларымыз да бірлікті қашан да өлең-жырға қосқан.

17 жасынан шайқасқа қатысып, қазақ жерін қалмақтардан қорғаған белді батыр әрі жырау Ақтамберді Сарыұлының өсиет өлеңдері де пайғамбарлар сөзімен үндесіп жатыр.

Мақаланың қорытындысын Ақтамберді жыраудың өлеңімен өрбітсек:
«Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алты ауыз,
Еліңе кірген әреке».

Алла Тағала елімізді аман, жерімізді тыныш еткей. Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ісіміз берекелі болғай. Әмин!

Асылхан қажы ТҮСІПБЕК,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы

Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы
30 09.15

Қандай да бір ұлттың не қоғамның діңгегі әрі маңызды құрылымы – отбасы. Өйткені қоғамның түзелуі мен бұзылуы осы отбасының жағдайымен тығыз байланысты. Ислам дінінің қайнарларынан нәр алған ата-бабаларымыз «Отан – отбасынан басталады» деп, ұлттарды ұйыстырып отырған мемлекеттің ірге тасын бекем ететін отбасы екендігін айтқан.

«Отбасы» сөзінің тілдік мағынасы – адамның жақындары мен туыстары дегенді білдіреді. Ал «отбасы» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы – ер мен әйелдің некелесуі арқылы шанырақ көтеріп, нәтижесінде ұрпақтарының өсіп-өрбуімен пайда болған, қоғамның негізі болып есептелетін, бір топ адамдар жиынтығы.

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан отбасы – болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырамайтын басты тірегі.

Қоғамда әдептілік пен инабаттылық өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылынуында отбасының маңызы өте зор. Әрбір жанұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдептілік пен адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөліссе, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ.

Ислам әйел адам мен ер адам бір-бірін толықтырып тұратындығын және бір-бірі үшін тірек болатындығын бекітіп, қасиетті Құранның Бақара сүресінің 187-аятында: «Олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер» — деген. Сондай-ақ, Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың сүннетінде әйел адамға ерекше көңіл бөліп, оның ар-намысын қорғап, қоғамда лайықты орынға ие болуын қамтамасыз етеді. Құранда Алла Тағаланың ер мен әйелдің бір-бірі үшін жаратылғандықтан, өз теңін тауып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты ғұмырдың алғышарттарына қол жеткізетіндігін Рум сүресінің 21-аятында баяндайды: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар».

Дініміз отбасы мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, отбасыға қатысты заңдарды егжей-тегжейлі баяндаған. Оның ішінде әрбіл тұлғаға отбасын құрмай тұрып болашақ жар таңдау құқығын, некелесу шарттарын, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен бір-бірінің алдындағы міндеттерін асырау мен қамтамасыз етуміндетінің кімге қатысты екенін ата-ана мен бала құқықтары, ажырасуға қатысты ережелерді белгіледі. Құран Кәрім мен пайғамбар сүннеті бұрын соңды ешбір дін не мәдени жүйелерде толыққанды қарастырылмаған ата-ананың баласының, баласының ата-анасының алдындағы міндеттері мен құқықтарын нақты баяндап берді.

«Ер адамдар әйелдерді – Алла оларға бір-бірінен артықшылық бергені әрі олар мал-дүниелерінен жұмсауы себепті — басқарады» деп, Ниса сүресінің 34-аятында баян етілгендей, Ислам діні жанұяның отағасы, басқарушы ретінде хұқықты ер кісіге беріп отыр. Бұл жерде әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санап тұрғаны жоқ. Қайта, Ислам діні ер кісінің игі бастамаларына әйелді қолдаушы, ақылшы етіп, сенімді сүйеуші ретінде көрсетеді.

Ер кісі ең әуелі отбасының намысын қорғау, әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Өйткені, Құранда Бақара сүресінің 233-аятында: «… Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі …» — десе, хадисте Муғауия бин Хайда (р.а) Пағамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не?» — деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ішіп-жегенің сияқты оны да ішіп-жегізесің, кигенің сияқты оны да киіндіресің, сосын істегендеріңді еш міндетсінбейсің»,-деген.

Ал, әйел заты – әуелі күйеуіне бойұсынуы тиіс, содан кейін өз намысын, бала-шағасының, сондай-ақ үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруға міндетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйел бес уақыт намазын оқыса, рамазан айында оразасын тұтса, ар-намысын қорғап және күйеуіне мойынсұнатын болса жәннәт есіктерінен қалағанына кіреді» — деп, әйел кісінің міндетін дөп басып көрсеткен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыларыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы — бақташы. Ер адам — отбасының бақташысы. Әйел — ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар»-деп, ерлі-зайыптылардың міндеттерін ашық-айқын көрсеткен.

Ислам отбасының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті болмақ. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіледі, негізі қаланады.

Демек отбасының жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі, қоғамдық тұрақтылық пен үдерісті қамтамасыз етудегі айрықша рөлі оның қоғамдағы маңыздылығын айшықтайды.

Асылхан қажы Түсіпбек
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы
16 09.15

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болып, Пайғамбарымыз Мухаммадқа (с.ғ.с), Оның (с.ғ.с.) жанұясына, сүйікті сахабаларына және осыларға ізгілікте ерген барша момын мұсылмандарға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі болғай!

Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық діни мерекесі. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: “Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні” – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге себеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.

«Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның айт деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады.

Айт – мұсылмандар үшін Жаратушымыздың разылығына жету мақсатында құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырласу сезімдерін күшейтетін маңызды мейрам. Биылғы жылы Құрбан айт мейрамының бірінші күні қыркүйек айының 24-не тұспа-тұс келіп тұр.

Айт мейрамының тарихына келер болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенде, жергілікті адамдардың жыл сайын тойлайтын екі күні болатын. Алла Тағала сол екі күнді ораза және құрбан айт мейрамдарымен алмастырған.

Әнас ибн Мәлик (р.а.): «Жәһилият кезінде адамдардың әр жылы тойлайтын екі күні болған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екеуін ол екеуінен де жақсырағымен алмастырды: ауыз ашар күні, (яғни ораза біткен күн) және құрбандық күні (яғни құрбандық шалатын күн)»,-деді»,-деген. Сол уақыттан бері барлық мұсылмандар үшін осы атаулы мереке ең қуанышты күндердің біріне айналған.

Ораза және құрбан айт намаздары алғаш рет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы – жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың айт намазына шығуына әмір берген.

Умму Атия (р.а.): «Бізге айт күні шығуға, (яғни айт намазына) әмір етілетін. Тіпті шымылдықта отыратын қыздарды да, етеккірі келген әйелдерді де шығаратынбыз. Олар адамдардың артында олардың тәкбірлерін қайталап, олардың дұғаларымен дұға етіп, сол күннің берекесі мен тазалығынан үміт ететін»,-деген.

Айт намазының уақыты – сәске (духа) намазының уақыты. Айт намазын күн найза бойы көтерілгеннен бастап, тал түске жеткенге дейінгі аралықта оқуға болады.

Айт намазының оқылу тәртібіне келер болсақ айт намазы екі ракағаттан тұрады. Таң және жұма намаздарының парыздары секілді айт намазы да жария оқылады. Бірақ айт намазына азан да, қамат та айтылмайды.

Ибн Аббас (р.а.): «Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) отбасын айт күні шығарғанды жақсы көретін. Біз (айт намазына) шықтық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) азансыз және қаматсыз намаз оқыды. Сосын адамдарға құтпа жасады»,-деді.

Азан мен қаматтың орнына адамдар «Әссалаһ жәмиға» деп шақырады. Басқа намаздардан айырмашылығы айт намазында қосымша тәкбәрлер айтылады. Бірінші рәкағатта сәнә дұғасынан кейін үш тәкбірді имаммен бірге қайталайды. Әр тәкбірді айтқанда қолын көтеріп, қайта түсіреді, қолын түсірген кезде байлаудың қажеті жоқ. Әр тәкбірден кейін имам өзіне ұйып тұрғандар тәкбір алып болғанша үнсіз тұрады. Осы аралықта «Субхана Аллаһ, уәл хамду лилләһ. Уә лә иләһә иллаллаһ» деп айтса да болады.

Екінші ракағатта зәм (қосымша қысқа сүре) сүресін оқып болғаннан кейін рукуғке бармай тұрып, алғашқы ракағаттағыдай тағы да үш рет тәкбір алады. Сосын барып рукуғке барады.

Ибн Масғұдтан (р.ғ.) айт намазының тәкбірлері сұралғанда, ол: «(Бірінші ракағатта) Құран оқығанға дейін (алғашқы тәкбірге үшеу қосып) төрт тәкбір айтасың. Одан кейін Құран оқисың. Оқып болған соң (тағы да) төрт тәкбір айтасың»-деген.

Құрбан айт намазы мен ораза айт намазы екеуі бірдей оқылады, екеуінің айырмашылығы жоқ.

Айт намазының алдында нәпіл намазын үйде де, мешітте де оқу мәкруһ. Айт намазынан кейін мешітте нәпіл намазын оқу – мәкруһ. Ал үйде оқуға болады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намазынан бұрын да, кейін де басқа намаз оқымаған.

Айт намазынан кейін құтпа оқу – сүннет әрі ол жұма намазының құтпасымен бірдей. Бірақ айт намазында құтпаны намаздан кейін оқиды. Яғни имам айт намазын оқып болғаннан кейін, мінберге шығады да, отырмастан бірден құтпа айтуға кіріседі. Бірінші құтпаны тоғыз тәкбірмен, екінші құтпаны жеті тәкпірмен бастап, бас-аяғы он төрт тәкбірмен аяқтау сүннет.

Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы құрбадық шалу құлшылығы арқылы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «удхия» деп аталады. «Удхия» сөзі араб тілінде «духа (сәске) уақытында сойылатын құрбандық» деген мағынаны береді. Құрбан сөзінің тілдік мағынасы «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал құрбан сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы: «мұсылман тарапынан ерікті түрде не нәзір себепті не Құрбан айт күндері Алла Тағаланың разылығын қалап, құлшылық етудің бір амалы ретінде құрбандыққа шалынатын мал». Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.

Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Қасиетті Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Аллаға құрбанның еттері, қандары, әсте, жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят), - делінген. Аятта құлшылық ретінде сойылған құрбандықтың маңызды бір шарты шынайылық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады»,– десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар»,– деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегеліп айтқан.

Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалған адамның тақуалығында. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелммейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Сондықтан да құрбан шалынып жатқанда «Аллаһумма минкә уә ләка» (Уа, Алла Тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) деген дұғаның көбірек айтылуы тегін емес.

Құрбан айт күндері құрбандық шалудың үкімі

Әбу Ханафи мәзһабында қадірі асқан құрбан айт күндері мал-мүлкі жеткілікті болған мұсылман ер мен әйел кісінің құрбандыққа мал шалулары уәжіп. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2-аят) деп бұйыруы, құрбан шалудың уәжіп екенін білдіреді. Мал-мүлкі жеткілікті бола тұра құрбан шалмаған мұсылманға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөгіс жариялаған хадисі негізге алынған. Абу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» (Хаким, Мустадрак) деп айтқанын жеткізген. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Хадис шәрифте дұрыс уақытта (айт намазынан бұрын) шалынбаған малдың орнына басқа құрбандықтың шалыну керектігі қатаң ескертілген. Анас (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Кім құрбандығын намаздан бұрын шалып қойса, онда қайта шалсын»,- дегенін жеткізген (Сахих Муслим). Михнаф ибн Сулайманның риуаятында Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Ей, адамдар, әр отбасы жыл сайын құрбан шалуға тиісті»,- деген (Сунан ат-Тирмизи). Сондықтан ханафи мазһабының ғұламалары жоғарда келтірілген аят, хадистерге сүйене отырып, құрбан айт күндері құрбандық шалуды, уәжіп деп тұжырымдаған.

Құрбан айт күндері құрбандық шалуды міндет (уәжіп) ететін шарттар:
1. Мұсылман болуы;
2. Азат болу;
3. Тұрғылықты болу;
4. Мал-мүліктің жеткіліктілігі; Мал-мүліктің жеткіліктілігі дегенде мұсылманның иелігінде пітір садақасын уәжіп ететін нисаптың бар болуы көзделеді.
5. Ақылды және балиғат жасына толуы;

Құрбандық шалудың дұрыстығына қажетті шарттар:
1. Құрбандыққа түйе, сиыр, қой, ешкі, секілді малдардың болуы. Бұл төртеуінен басқа жылқы және еті адал жануарлардың ешбіреуі құрбандыққа шалынбайды. Төртеуінің құрбандыққа ең абзалы – түйе малы, сосын сиыр малы, сосын қой малы, кейін ешкі малы. Құрбандықтың дұрыстығы үшін бір қой не бір ешкі тек бір кісінің атынан шалынуы шарт. Ал түйе мен сиыр малын жеті не одан да аз кісі бірігіп шалуларына болады. Бірақ жеті кісіден аспауы және жетеуінде де құрбандыққа шалу ниеті болуы шарт.
2. Малды құрбандық ниетімен шалуы міндет. Соғым не ет қажет ету ниетімен сойылған мал құрбан саналмайды.
3. Өкіл етушінің әмірі. Құрбанды әркімнің өзі шалуы абзал саналса да өкіл арқылы шалуға да рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда мал иесі тарапынан өкілдің тағайындалған болуы әрі оған құрбанын шалу әмірін беруі шарт.
4. Мал жасының дұрыстығы. Түйе малы бес жасар, сиыр малы екі жасар, ешкі малы бір жастан асқан болуы шарт. Қой малының бір жасқа толмағанын шалса да болады.
5. Құрбандық оны шалушы кісінің мүлкі болуы.
6. Құрбандық малдың бойында жүдә кемістік болмауы. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: бір көзінің соқырлығы айрықша байқалатын мал, ауру-сырқауы айрықша байқалатын мал, ақсақтығы айрықша байқалатын мал, жілік майы үзілген жүдең мал»,-деген. Хадистегі «айрықша байқалатын» деген сөздің мағынасы мал бойындағы кемістіктің айрықша байқалатын мөлшерді құрамауын шарт қылып, азғантай мөлшердегі кемістіктің есепке алынбайтынын сілтейді. Себебі мал бойында мүлде мін болмауы мүмкін емес.
7. Дұрыс уақытта шалынуы. Құрбан шалу уақыты Құрбан айт намазынан кейін кіреді. Құрбанды айттың бірінші күні шалған абзал. Құрбан шалынатын мерзім бұдан кейінгі екі күнге жалғасып, соңғы күннің күні батуымен (ақшам намазы кіргенде) аяқталады. Құрбан шалуы уәжіп кісі белгіленген мерзімді өткізіп алса, мойнынан міндетті түсіру үшін құрбан шалудың орнына садақа беруі уәжіп.
8. Құрбанның шалынуы. Құрбан шалудың орнына малдың өзін тірідей не құнын садақа етуге болмайды.

Құрбандық шалған кезде төмендегі абзал (мустахаб) амалдарға да назар аударған жөн:

Малды Құрбан айттан бұрын құрбандыққа дайындау. Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу. Құрбандық малын шалынатын орынға сүйретпей, ұрмай-соқпай әдеппен апару. Құрбандыққа малдың ең жақсысын таңдау. Малды құрбан шалушының өзі бауыздау. Құрбан шалушы кісі мал бауыздауды білмесе не әйел кісі болса, малды қинап қоймас үшін, бауыздау ісін басқа мұсылманға тапсырғаны абзал. Сондай-ақ өзінің құрбанының қасында тұруы абзал. Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу және дұғасын айту. Құрбан шалу кезінде хадистерде келген дұғаларды айту ұнамды іс (мұстахаб) саналады. Құрбандықты бауыздау сәтінде шартты (міндетті) түрде бисмиллә сөзі айтылады. Ал дұға бисмиллә сөзінің алдында, құрбандықты бауыздардан алдын не құрбандық бауыздалғаннан соң жасалады. Құрбан бауыздалып жатқанда бисмиллә сөзіне дүға қосып айту ұнамсыз (макруһ) амал саналады. Бауыздар алдын не бауыздаған соң айтылатын дұға, келесі хадисте келген бейнеде айтылуы ұнамды іс (мұстахаб). Жәбир ибн Абдулла: «Пайғамбар (с.ғ.с) құрбандыққа мүйізді, піштірілген, ноғала екі қошқарды құрбандыққа шалды. Ол екеуін құбылаға бағыттап, жатқызған соң: «Көктер мен жерді жаратқан Аллаға нағыз мұсылманша жүзімді жөнелттім. Мен Аллаға серік қосушылардын емеспін. Расында намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы Алла үшін. Оның серігі жоқ. Маған осылай істеуім бұйырылды және мен мұсылмандарданмын. Аллам бұл – Сенен және сен үшін. Бисмилләһи Аллаһу акбар»,-деді деген. Бұл дұғаны білмесе «Иә, Алла Тағалам, осы құрбандығымды досың Ибраһим мен сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылады да «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп оң қолымен бауыздайды. Малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра, әдейі бисмилләһ деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың етін жеуге болмайды. Құрбан шалатын адам малды қинамай, өткір пышақпен жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі қажет. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды және бауыздалып, жаны әбден шыққаннан кейін ғана, малды сойған дұрыс. Құрбандық етінің үштен бірі пақырларға садақа етіліп, үштен бірінен туыстар мен таныстарға тағам әзірленіп беріліп, қалған үштен бірі отбасына қалады. Кімде-кім құрбандықтың етін толығымен садақа еткісі келсе, рұқсат етіледі.

Құрбандыққа қатысты ұнамсыз (макруһ) істер:

Құрбандыққа арналған малдың жүнін қырқу, сүтін пайдалану, құрбандыққа атаған малды сату, құрбандық малын міну, жүк тасуға пайдалану, жалға беру, бауыздалып, жаны әбден шықпай сою, құрбандықтың етін не жүнін не терісін сату, қасапшының жалақысын құрбандықтың етімен төлеу сияқты жоғарда аталған істердің барлығы харамға жақын макруһ амалдардан болып саналады.

Ташриқ тәкбірлері

«Ташриқ» деп, етті күннің көзіне жайып кептіруді айтады. Айттан кейінгі үш күнде құрбандыққа шалынған малдардың еттерін күнге кептіру әдетке айналғандықтан, бұл күндер ташриқ күндері деп аталып кеткен.

Алла Тағаланың: «Санаулы (ташриқ) күндері Алланы еске алыңдар!» («Бақара» сүресі: 203) бұйрығына байланысты ташриқ тәкбірін айту балиғатқа толған әр мұсылманға уәжіп. Ташриқ тәкбірлерінің уақыты имам Әбу Ханифа мазһабында тоғызыншы зүл-хижжа Арафа күнінің таңында басталып, он үшінші зүл-хижжаның екінді намазымен (қыркүйек айының 23-күні таң намазынан басталып, 27-күні екінді намазынан кейін) шығады. Яғни жиырма үш намаздың соңында айтылады. Ханафи мәзһабінің ташриқ тәкбірлерінің уақытына қатысты ұстанатын пәтуәсі – Әбу Юсуф пен Мұхаммадтің көзқарасына негізделеді. Жәбир, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Арафа күні таң намазын оқыған соң, сахабаларына бұрылып: «Орындарыңда қалыңдар!»-деді және: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбару уа лиллаһил-хамд» сөздерін айтты. Осылайша, Арафа күнінің таңынан (таң намазының парызынан кейін) соңғы ташриқ күнінің екінді намазына дейін тәкбір айтатын (Ад-Дарақутни жеткізді).

Ташриқ тәкбірін мейлі жамағатпен, мейлі жалғыз атқарылған әр парыз намазының артында ер адамдарға да, әйел кісілерге де бір мәрте айту уәжіп. Бұдан көбірек айту мустахап. Ер адамдар тәкбірді көтеріңкі дауыспен, ал әйел кісілер іштерінен айтады. Айт намазы мен үтір намазынан кейін айтылмайды. Сол секілді тұрғылықты кісіге де, жолаушы кісіге де парыз намазынан кейін ташриқ тәкбірін бір мәрте айту уәжіп. Намазға кешігіп қосылған кісі де өткізіп алған рәкәттәрін толықтырған соң тәкбір айтады. Ибн Омар мен Анас ибн Мәлик, Алла Тағала оларға разы болсын, Арафа күні таңертең Минадан Арафаға барғанда жолаушы бола тұра ташриқ тәкбірлерін айтатын (Әл-Байһақи жеткізді).

Ташриқ тәкбірінің бейнесі: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа илләллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лилләһил-хамд».

»32. Ал енді жалпы «Арафа» сөзінің мағынасына келер болсақ, «танысу» дегенді білдіреді. Яғни адамзаттың атасы Адам мен Хауа ананың жер бетіне түсіп, Арафат тауында табысқан күні. Зүлхижжа айының 9 жұлдызын Арафа күні дейміз. Бұл күні қажылық рәсімдерін атқарып жатқан жандар үшін Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауында бір мезет болса да тұру парыз болып есептеледі. Қасиетті тауға аяғы тиген әр пенде Жаратқанға барынша жақындағандай, жүздескендей күй кешеді. Алла Тағала да олардың тілек-дұғаларын қабыл алады, күнәларын кешіреді делінеді.

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады»,-деген. Демек, кімде-кім Арафат тауында бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады екен.

Арафа күнінен кейін, Зүлхижа айының 10 жұлдызында Меккеге барған тәуапшылар қажылық парыздың соңғы міндетін – Құрбан айт мейрамының шарттарын орындауға кіріседі. Бұл күндері қажылармен бірге, бүтін мұсылман қауымы Алла разылығы үшін құрбандық шалады.

Сонымен қатар зүлхижжа айының алғашқы тоғыз күнінің артықшылығы жайлы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде былай деп баяндалған: «Алла Тағала ізгі амал істелген күндердің ішінде осы күндері (яғни, Зүл-хижжәнің алғашқы он күнінде) істелгенін ерекше жақсы көреді», - деп айтты. Адамдар: «Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болғаны ма?», - деп сұрағанда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Адам баласы Алла Тағала жолына өз жаны мен малын құрбан етіп, жан тапсырған болмаса, осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болады», - деп жауап берді.» (Хадисті Ибн Аббастан (р.ғ.) имам Бухари риуаят етті.)

Құрметті мұсылман ағайындар! Осы хадисте баяндалғандай зүлхижжа айының алғашқы 9 күнінде ораза ұстайтын болсаңыз, үлкен сауап болатындығын ұмытпағаныңыз жөн.

2015 жылдың Зулхижжа айының 9 күндік нәпіл оразасы

Мезгілі 15.09 16.09 17.09 18.09 19.09 20.09 21.09 22.09 23.09
Сәресінің аяқталуы 05:06 05:08 05:10 05:12 05:13 05:15 05:17 05:19 05:30
Ауыз ашар уақыты 20:11 20:09 20:06 20:04 20:01 19:59 19:56 19:54 19:51

Осынау құрбан айт күндері Алла Тағаланың берген ырыздықтарының шүкіршілігі ретінде келген меймандарға молынан дастархан жайып, пейілімізді тарылтпай, Аллаға ұнамсыз арақ ішу, жанжалдасу, бұзықтық жасау сияқты күнәлі әрі сауаптан құр қалдырар іс-әрекеттерден аулақ болған жөн. Сондықтан құрбан айт күндерін өз дәрежесінде қасиеттілігін ұғынумен өткізу әрбір мұсылманның міндеті. Алла Тағала еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, өркениетті, айбынды, дамыған мемлекеттердің қатарында бой түзеттіріп, Ислам дініне деген бет бұрысымызды одан әрі ынталандырып, екі дүние абырой сағадатына жетуді насіп етсін!

Асылхан қажы Мұханбетжанұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником