Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

30 09.15

Татулық пен бірліктің артықшылығы

Ислам сөзі, Аллаға шынайы берілу, амандық, бибітшілік деген мағыналарды білдіреді. Ислам дінінің негізгі мұраты бейбітшілік, татулық болып табылады. Ал мұсылмандардың міндеті маңайындағы жеке тұлғаны әрі қоғамды дұрыстау, түзету. Осылайша олар адамдар арасында ортақ пікірдің пайда болуына мұрындық болады. Міне бейбітшілік пен тыныштық осылай дүниеге келеді.

Ислам діні мұсылмандарды тек жеке тұлға ретінде кемелдендіріп, дамытып қана қоймай, сонымен қатар қоғамның тыныштығын, амандығын қамтамасыз ететін ұлы ұстанымдар сыйлаған. Қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты дін бауырластығы шаңырағының астында сүйіспеншілікпен жүзеге асуын әмір етеді. Сондай-ақ қоғамның әрбір мүшесін көпшіл, халықшыл болуға шақырып, қоғамның бір дене іспетті қалыптасуына үлесін қосады. Мұны өз басынан кешірген қоғамдар бірлік пен ынтымақтың рухымен жігерленіп, барша адамзатқа өнеге болары сөзсіз.

Татулық – жақсы мінез-құлықтың жемісі болса, жаман мінез-құлық бөлінушілікке алып баратындығын білген жөн. Рухани келісім, татулық және өзара махаббат жақсы мінез-құлықтың қажетті салдары болмақ. Алайда жаман мінез-құлық өзара жеккөрушілікке, көреалмаушылыққа және қарым-қатынастың үзілуіне әкеп соқтырады. Жалпыға белгілі болғандай, Ислам діні жақсы мінез-құлыққа ерекше көңіл бөледі. Тіпті осы мінезге қатысты Алла Тағала өзінің Елшісін (с.ғ.с.) мадақтап былай деді:

(وَإِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ)

«Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің» (Қалам сүресі, 4-аят). Аса ұлы Алла Мұхаммадқа (с.ғ.с.) кемел мінез-құлық берді. Оның мінезі Құрандағы ізгі сипаттарды қамтыған. Аса ұлы Алла адам баласы үшін Мұхаммадтың (с.ғ.с.) мінезінің әрбір қырын ең жетілген үлгі етті (Ибн Касир).

Хадистердің бірінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқы қандай болғандығы жайлы сұралған сауалға, Айша (р.а.) анамыз: «Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мінезі – Құран еді» деп жауап бергендігі жеткен. Бұл Алла Тағаланың Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) қоса барлық адамзат баласының бойына сіңіруді үндеген Құрандағы барлық мінез-құлықтармен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) басқалардан ерекшеленгендігін білдіреді.

Абу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте, бірде Алла Елшісінен (с.ғ.с.) көбінесе адамдарды не нәрсенің жұмаққа жетелейтіндігі жайлы сұралғанда, Ол (с.ғ.с.) былай деп жауап берген: (تَقْوَى اللهِ وَ حُسْنُ الْخُلُقِ)«Тақуалық (Алланың азабына душар болудан сақтану) және жақсы мінез-құлық» (Термизи).

Сонымен қатар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) пайғамбарлықтың маңызды міндеттерінің бірін атап, былай деген:

(إِنَّمَا بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ صَالِحَ الْأَخْلَاقِ)

«Расында мен (адамдарға) жақсы мінез-құлықты кемелдігіне жеткізу үшін жіберілдім» (Имам Малик).

Сондай-ақ жақсы мінез-құлық адамдар арасындағы өзара түсіністік пен келісімнің орнауына және бір-бірін бөтенсінуді жоюға жетелейтіндігі белгілі. Ал Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде және Оған (с.ғ.с.) ерген сахабалардың сөздерінде адамдардың өзара келісім мен ынтымақта өмір сүру керектігі керемет мадақталған. Әсіресе, егер адамдарды бір-бірімен дін, көркем мінез және Аллаға деген махаббат байланыстыратын болса. Жаратушы Иеміздің мұсылмандарға берген нығметінің арқасында, олардың ұлы жетістікке жеткендіктеріне сілтей келе, Алла Тағала былай деді:

(وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوْبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا)

«Сондай-ақ Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар. Кезінде бір-біріңе бітіспес дұшпан едіңдер, ал бүгін, Алла Тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп Оның (иман, хақ дін Ислам сынды) баға жетпес нығметінің арқасында бір-біріңе бауыр болдыңдар» (Али Имран сүресі, 103-аят). Бұл аяттағы Алла Тағаланың адамдарға берген нығметі – өзара келісім, ынтымақ және бірлік еді. Ал адамдарды бөлінушіліктен, алауыздықтан қайтару мақсатында Алла Тағала мұндай іс-әрекеттерді айыптап былай деп айтқан:

(وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا)

«Барлығың да Алланың желісіне (Ислам дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер» (Али Имран сүресі, 103-аят).

Сонымен қатар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бізге, адамдарды бір-біріне жақындататын нәрсенің көркем мінез екендігін ұғындырып, былай деп айтқаны жеткен:

(إِنَّ مِنْ أَحَبِّكُمْ إِلَيَّ وَأَقْرَبِكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَحَاسِنَكُمْ أَخْلَاقًا)

«Расында маған, сендердің ең сүйіктілерің және қиямет күні маған ең жақын болатындарың, мінез-құлықтары көркем болғандарың».

Сол сияқты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзат баласын сүймейтін адамның, бұл дүниеде әрі ахиретте ешбір жақсылыққа қол жеткізе алмайтындығын, былай білдірген:

) الْمُؤْمِنُ مُؤْلَفٌ وَلا خَيْرَ فِيمَنْ لا يَأْلَفُ وَلا يُؤْلَفُ (

«Нағыз момын мұсылман – басқа адамдардың сүйіспеншілігіне бөленген адам. Ал өзге кісілерді сүймейтін әрі басқа адамдардың сүйіспеншілігіне ие бола алмаған адамда ешбір хайыр жақсылық жоқ» (Ахмад).

Тағы басқа бір сөзінде Алла Елшісі (с.ғ.с.) басшылардың өз қол астындағы қызметкерлерімен ынтымақ-бірлікте болып, жақсы мәмле жасауды насихат етіп, былай деген:

( مَنْ وَلَّاهُ اللهُ عَزَّ وَ جَلَّ مِنْ أَمْرِ الْمُسْلِمِينَ شَيْئاً فَأَرَادَ بِهِ خَيْراً جَعَلَ لَهُ وَزِيرَ صَدْقٍ فَإِنْ نَسِيَ ذَكَّرَهُ وَ إِنْ ذَكَرَ أَعَانَهُ)

«Қашан ұлы Алла Тағала біреуге игілік қалап, мұсылмандарды басқаратын басшы қылса, онда бұған қоса әлгі патшаға есінен шыққан нәрсесін есіне салатын, ал ойында тұрған нәрсесін жүзеге асыруға көмек беретін шыншыл да сенімді уәзірді береді» (Ахмад).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мына хадисінде жалпы адамдардың бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасасып, өздеріне қалаған жақсылықты басқа да бауырларына қалауды және осылай істеген адамның Алла Тағаланың алдында да ең сүйікті пенде болатындығына үгіттеп былай деген:

(مَاتَحَابَّ اثْنَانِ فِي اللَّهِ إِلا كَانَ أَفْضَلُهُمَا أَشَدَّهُمَا حُبًّا لِصَاحِبِهِ)

«Егер екі кісі бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көретін болса, онда досына деген махаббаты мықтырақ болғаны, Алланың алдында абзал саналады» (Ибн Хиббан).

(إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَقُولُ : " قَدْ حَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَحَابُّونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَصَافُّونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَزَاوَرُونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَبَاذَلُونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَنَاصَرُونَ مِنْ أَجْلِي)

«Расында Құдретті де Ұлы Алла Тағала айтты: Мен үшін бір-бірін жақсы көретіндер, махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-бірімен татуласқандар, махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-бірін зират еткендер махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-біріне жомарттық танытқандар, махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-біріне көмектескендер, махаббатыма лайықты болады» (Ахмад).

Ал мына бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген:

(إِنَّ أَحَبَّكُمْ إِلَى اللَّهِ أَحَاسِنُكُمْ أَخْلاقًا , الْمُوَطَّئُونَ أَكْنَافًا الَّذِينَ يَأْلَفُونَ وَيُؤْلَفُونَ , وَإِنَّ أَبْغَضَكُمْ إِلَى اللَّهِ الْمَشَّاءُونَ بِالنَّمِيمَةِ ، الْمُفَرِّقُونَ بَيْنَ الإِخْوَانِ)

«Расында сендердің Алла Тағалаға ең сүйіктілерің, мінездері көркем болғандарың және Раббысына шынайы беріле, толық бойұсынғандарың, өзге адамдарды жақсы көргендерің және басқа кісілердің де сүйіспеншілігіне бөленгендерің. Ал Алла Тағалаға ең жеккөрініштілерің, өсек-ғайбатты тарата отырып, бауырларыңның арасын арандатқандарың» (Ат-Табарани).

Алла Тағала жер бетінде адам баласы үшін бірлікті әрдайым ту етіп жүруі өте маңызды нәрсе екенін айқындап, Құран Кәрімде былай деген:

(شَرَعَ لَكُمْ مِنَ الدِّينِ مَا وَصَّى بِهِ نُوحًا وَالَّذِي أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ وَمَا وَصَّيْنَا بِهِ إِبْرَاهِيمَ وَمُوسَى وَعِيسَى أَنْ أَقِيمُوا الدِّينَ وَلا تَتَفَرَّقُوا فِيهِ كَبُرَ عَلَى الْمُشْرِكِينَ مَا تَدْعُوهُمْ إِلَيْهِ اللَّهُ يَجْتَبِي إِلَيْهِ مَنْ يَشَاءُ وَيَهْدِي إِلَيْهِ مَنْ يُنِيبُ)

Алла: «Дінді дұрыс түсініп, дұрыс тұтыңдар және дінде жік-жікке бөлінбеңдер», -деп, Нұхқа шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарды, өзіңе аухи еткенімізді және Ибрахимге, Мусаға әрі Исаға шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарымызды сендер үшін де дін (міндетті шариғат) етіп бекітті. Сенің ел-жұртты берік ұстануға үндеген (дініңді мойындау) мүшріктерге өте ауыр тиеді. Алла қалаған құлдарын осынау хақ дін үшін таңдайды және Өзіне шын көңілден бет бұрғандарды сол жолға бағыттайды (Шура сүресі, 13-аят). Ұлы Раббымыз мүминдерді бір жүрек тәрізді бірлік пен ынтымақтың туының астында болуын әмір етеді. Бұл мәселені бұрынғы пайғамбарларға да уахи етуі, адамзат баласының әрдайым бөлінуге құштар тұратындығын, әрі бөлінудің қоғамдағы өмір үшін үлкен қауыпті екендігін көрсетеді.

Мұсылмандар бірлік пен ынтымақтан аулақ тұрып, бір-бірінен ажырап қалса, Алланың сүйіспеншілігінен мақұрым қалады. Әрі күш-қуаттарын жоғалтып, күйзеліске ұшырайды. Мұның мысалы қазіргі таңда өте көп.

Алла Тағала құлдарына былай деп ескерту жасайды:

(وَلَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ تَفَرَّقُوا وَاخْتَلَفُوا مِن بَعْدِ مَا جَاءَهُمُ الْبَيِّنَاتُ ۚ وَأُولَٰئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ)

«Айқын дәлелдер келгеннен кейін (қырық пышақ болып) бөлініп, қайшылыққа түскендер секілді болмаңдар! Міне соларға күйзелтуші үлкен азап бар» (Әли Имран сүресі, 105-аят).

Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Қоштасу қажылығында», тіпті өмірінің соңғы күндерінде үмбетіне көптеген ескертулер жасады. Солардың бірі, өзі бақилық болғаннан кейін бөлінушілікке бой алдырып, бір-бірімен соғыспаулары еді. Өйткені бірлікте мейірімділік пен береке бар. Алла Тағала әрдайым жамағатпен бірге болады. Жамағаттан айырылған тамұқ жолына түседі.

Сол үшін Алла Тағалаға: «Жүректерімізді бір-біріне жақындат, біріктір», -деп көптеп дұға жасайық ағайын! Біз мұның қадірін біле бермейміз. Бұл біле-білгенге үлкен нығмет.

Жазған мақаламның соңын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жамағат дегеніміз – мейірімділік, ал бөлінушілік – азап», - деген мына бір керемет хадис шәрифімен аяқтасам, сөзімді түйіндей түсері анық!

Қостанай облыстық «Марал ишан»
мешітінің найб имамы
Дархан Манарбекұлы

Security code


алдыңғы блог жазба
Алланы зікір етудің артықшылығы
келесі блог жазба
Өлімнің хикметі

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником