Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

03 12.15

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Қазақстан халқына Жолдауын ерекше ықыласпен оқып шықтым. Әрине, бұл жолғы маңызды құжаттың да өзіндік айрықша мәні бар.

Онда қазіргі дағдарыс жағдайында кездесетін қиындықтан шығудың нақты жолдары және алдағы келелі міндеттер айқындалған. Осынау Жолдау мемлекетіміздің жарқын болашағының бағдары десем орынды болар.

Мемлекет басшысы ерекше тоқталғандай, тәуелсіз алған өткен жылдары еліміз қиындықты бастан аз өткерген жоқ. Осы арада өткен кезеңдерге бір сәт көз жіберіп көрелікші. Сонау 1991 жылғы экономикалық ауыр шақтар мен қазіргі уақытты мүлдем салыстыруға келмейді.

Кешегі алып Одақ ыдырап, бауырлас республикалар өз алдына егемендік алған кезде бұрынғы экономикалық байланыстар үзілді. Соған қарамастан Елбасының көреген саясаты арқасында осы кездескен қиындықтарды да артқа тастадық.

Қазақ елін бүкіл әлем таныды. Біздің көпұлтты мемлекетіміз ешқашан да қазіргідей бақытты шақты бастан кешкен жоқ. Бұл күндері жалқау емес адамға барлық жағдай жасалған. Жылдан-жылға жұмыссыздық азайып, бос жүрген адамдарды басқа кәсіптерге бейімдеу, оқыту қолға алынды.

Осындай табыстарға біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етіп, ауызбірлік пен ынтымақтың арқасында қол жеткіздік. Қазір де бұл Жолдауда, «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздің әрбір азаматы өздері атқаратын жұмыс орындарында ұйымшылдықтың нағыз жарқын үлгісін көрсетулері тиіс.

Сөйтіп, «Мәңгілік ел» атану үшін бәріміз ғұмыр кешіп жатқан Отанымызды барынша гүлдендіріп, әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына енуіміз қажет.

Әрине, бізге бақытты өмір мен жарқын болашақты ешкім де басқа жақтан келіп жасап бермейді. Қазір «Алма піс, аузыма түс» дейтін заман емес. Дүние жүзін жайлаған дағдарыстан аман-есен шығу үшін барымызды бағалап, еліміздің экономикасын нығайтуға әркім өз үлестерін қосулары керек дер едім.

Елбасының кезекті осы Жолдауында мемлекетіміздің алдында тұрған үлкен міндеттер мен оларды жүзеге асырудың нақты жолдары көрсетілген. Бұған осы құжатты оқып шыққан әр адамның көзі айқын жетеді.

Біздің елімізде халықтың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Бұл күндері қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жақындағаны көпке мәлім.

Мемлекетімізде кездесіп жатқан қиындықтарға қарамастан, келесі жылдан бастап, бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға көбейгелі отыр. Міне, бұл да болса халқымызға деген қамқорлық емес пе?

Біз енді масылдық психологиядан мүлдем арылуға тиіспіз. Мемлекет бізге не береді деп емес, керісінше елімізді өркендетуге қандай ықпалымызды тигіземін деп өмір сүруіміз керек.

Тәуелсіздік алған өткен жылдар еліміздің мәртебесін барынша асқақтатып ,өзгелер бізден үлгі алып, үйренетін жағдайға жеттік. Қазақстан достықтың мекеніне айналды. Бұған елордамыз Астанада өткізілген қаншама дүниежүзілік маңызы бар басқосулар айғақ.

Мәселен, бұрын жүзеге аспастай көрінетін таңғажайып өзгерістердің куәсі болдық. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей ұйытқы болуымен Астана шаһары бой түзеді.

Экономикамыз дамып, өзге мемлекеттерге тәуелділіктен арыламыз десек, республикамызда өндірілетін тауарларды барынша арттыра түсуіміз қажет. Бұл орайда «Қазақстанда жасалған» деген атаумен шығарылатын заттардың сапасына, тартымдылығы және арзан болуына назар аударғанымыз абзал.

Қазіргі таңда елімізде осындай атпен өндірілетін өнімдер мен киім түрлері де көбейіп келе жатқандығы қуантады. Бұл мәселеде алдағы уақытта қазақ еліндегі кәсіпкерлер намысқа тырысып, өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетеді деген ойдамыз.

Осы арада үкілі үмітіміз болып табылатын жастарға да айтар өзіндік пікірім бар. Қазір білектің емес, білімнің заманы. Атамыз қазақ «білімді мыңды жығар» деп босқа айтпаған. Бұл орайда мемлекет басшысының қамқорлығының арқасында шет елде оқып, туған жерін гүлдентуге үлестерін қосып келе жатқан дарынды жастарымыз да аз емес.

Сондықтан еліміздің жарқын болашағы – жігіттерміз бен қыздарымыз техникалық мамандықтарға да бетбұрыс жасағандары жөн. Ғылым мен инновацияның күні туғанын да ешқашан ұмытуға болмайды.

Мамандықтың қайсысы болсын абыройлы да қадірлі. Әңгіме өз кәсібіңді шеберлікпен меңгеріп, оның нағыз бесаспап білгірі болуда жатыр. Бұл күндері «Еңбек бәрін де жеңбек» деген ұғым қанатты сөзге айналды. Өйткені, барлық бақыт пен табысқа жетудің сыры осы адал еңбек пен мандай терде жатыр.

Қазіргі елімізде жүзеге асырылып келе жатқан реформалар мен ғылыми жетістіктер сайып келгенде, кейінгі ұрпақтың нұрлы келешегі үшін жасалатындығы да ешкімнен жасырын емес.

Өмірден көріп, түйіп жүргеніміздей, қиындықтардың бәрі де өткінші жаңбыр секілді. Ол да уақытша. Бірақ біз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігімізді баянды етуді бір сәт те ұмытпауға тиіспіз. Ол үшін бізде барлық жағдай да, мүмкіндік те бар.

Мемлекет басшысының үстіміздегі жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауын Қостанай облысындағы барлық мешіттердің имамдары да бір ауыздан қолдады. Осыған байланысты жиын өткізіліп, олар өздерінің ойларын ортаға салды.

Ислам діні де бейбітшілікті, ауызбірлікті, халықтар арасындағы достықты ту етіп ұстайды. Өңірдегі барлық дін қайраткерлері күнделікті жұмыстарында ұйымшылдық пен белсенділік танытып, елімізді көркейтуге өздерінің нақты үлестерін қоса беретіндігіне кәміл сенімдімін.

Бахытбек Тәжімбет,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Қостанай облысындағы өкіл имамы

Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы
05 11.15

Ислам – барша адам баласын бейбiтшiлiкке, амандыққа, ешкiмге соқтықпай тыныш өмiр сүруге шақыратын дiн. Сондай хақ дiнiмiз жер бетiнде нағыз адамгершiлiктiң, сыйластықтың рухын жайып, алауыздыққа, қантөгiске, қастық пен дұшпандыққа тыйым салғаны да мәлiм. Адамзат баласына жақсылықты түсiндiрiп, көркем мiнездi кемелiне келтiрсiн, жүректердi тазартсын деп Алла Тағала адамзаттың ең ардақты тұлғасы сүйікті елші Мұхаммедтi (с.ғ.с.) таңдап, пайғамбар еттi. Демек, Ислам дiнi тыныштықты бұзу үшiн емес, бұзықтықты тыю үшiн жiберiлдi.

Адамзатқа Исламмен бiрге жеткен өркениеттiң бәрiн санап тауысу мүмкiн емес. Ілгеріде мұсылмандық дегенде, ғылымның да, әдептiң де, мiнездiң де, қарым-қатынас ережелерiнiң де ең биiк шыңы елестейтiн. Ал, ардақты пайғамбарымыз дүниеден озып, саңлақ сахабалар оған iлесе кетiп, iзгi керуен бiртiндеп арғы дүниеге көшкен сайын сол Ислам дiнi бiрте-бiрте өзiнiң биiк тұғырынан төмендей бастағандай. Себебi, бүгiнгi таңда асыл дiнiмiзге қойылмаған ат, таңылмаған айдар жоқ. «Террор» дейсiз бе, «экстремизм» дейсiз бе, қысқасы, дiнiмiзбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сан түрлi атаулар бүгiнде Исламға қатысты айтылатын болды. Бұлай болуының себебi не, бұл кімдердің жасаған қитұрқысы екені беймәлiм. Бiр анығы, Алла Тағаланың жер бетiне «Ислам – бейбiтшiлiк» деп жiберген ақиқи дiнiнде ондай шектен шығушылықтардың бiрi де жоқ. Экстремизм деген сөз шектен шыққан көзқарастарды ұстану дегендi бiлдiрсе, онда бұл нәрсенi Исламнан iздегендер қатты қателеседi. Лаңкестiктiң ұлты, дiнi болады дегенге кiм сенедi? Ендеше, нағыз мұсылман ешуақытта «экстремист бола алмайды». Ал, қасақана Исламға жала жапқандар ауыр күнәға батушылар. Алла Тағала қасиеттi Құран Кәрiмде:

الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الإِسْلاَمَ دِيناً

«Бүгiн дiндерiңдi толықтастырдым және нығметiмдi тәмамдадым. Сондай-ақ, сендерге Ислам дiнiн қоштап ұнаттым» (Мәйда сүресі 3-аят) - деп баян еткен. Демек, Ислам дiнi бүкiл ғаламдардың иесi, ұлы Алланың қош көрiп ұнатқан дiнi. Олай болса, оған күйе жағу – Алланың қаһарына ұшырау болып табылмақ. Қай-қайдан шығып, қоғамдағы тәртiптi бұзып жүргендердi Исламмен байланыстырып қою, саналы адамның қисынына да келмейдi.

Ислам дiнi – жер бетiнде бейбiтшiлiк пен тыныштықты орнату үшiн жiберiлген соңғы иләһи дiн. Мiне, сондықтан, әрбiр мұсылман, тiптi, сәлем бергеннiң өзiнде «әссәламу ғалейкум» деп бейбiтшiлiк пен тыныштық тiлеп амандасады. Ата-бабаларымыз да сан ғасыр бойы дәстүрлі Ислам дiнiн өмiрмен бiте қайната ұстанып, ауызбiршiлiкпен бейбiт ғұмыр сүрiп келдi. Дiни дүрдараздық деген ұғым қазақ даласында күнi кешеге дейiн болмаған. Қазақ даласы түгiлi, ешбiр Ислам дүниесiнде кешегi ХIХ ғасырларға дейiн «дiни экстремизм» деген ұғым болып көрмеген. Өкiнiшке орай, соңғы жылдарда асыл дiнiмiздi жеккөрiнiштi етiп көрсететiндер жер-жерден бой көтере бастады. Кешеге дейiн бар қазақ бiр дiндi, бiр мәзһабты ұстанып келдi. Сенiмi де, мақсат-мүддесi де бiр болып келдi. Ендi бүгiн әлемде түрлi мүдделер кертартпа ағымдар пайда болып, дiнiмiзге әлгiнде аталғандай жаман атаулар таңылуда. Бiздiң дiнiмiз өз отандастары мен қандастары, жерлестерi былай тұрсын, өзге сенiм иелерiмен де бейбiт ғұмыр кешудi бұйырады. Екi дүниенiң бақытына жетудiң жолдарын үйрететiн Исламда

أَنَّهُ مَن قَتَلَ نَفْساً بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعاً

«Бейкүнә бiр адамды өлтiру – күллi адамзатты өлтiрумен тең» (Мәйда сүресі, 32-аят) - деген. Олай болса, қаншама жазықсыз адамдарды, көздерi мөлдiреген жап-жас сәбилердi өлтiруге Ислам дiнi бұйырды деу қисынға сыймайтыны ақиқат. Адам өлтiретiн лаңкестiк әрекеттер әлбетте Құранға да, мұсылманшылыққа да жат. Адам түгiлi, малды қорқыту Исламға қайшы. Сойылатын малдың көзiнше пышағын қайраған сахабаға пайғамбарымыз қатты кейiп: «Сен малды неше рет өлтiрмексiң? Пышағыңды малды жатқызбас бұрын қайрап алмадың ба?», - деп қатаң ескерту жасаған.

Өзгелердiң жанын қию үшiн өзiне де қол жұмсаған жанкештiлер өздерiн «шәһидпiз» деп есіредi. Шәһидтiк мәртебе бейкүнә жандарды өлтiрумен келетiн оңай нәрсе емес. Дәстүрлі діндердің ешқайсында жазықсыз жанды өлтіріп, шәһид болу деген қағида жоқ. Сондай-ақ Исламның негiзгi қайнар көзi саналатын Құран мен Сүннетте жазықсыз адамның қанын төгу қажет деп насихатталмаған. Сонда Ислам мен «экстремизмде» қандай байланыс болуы мүмкiн? Әлбетте ешқандай байланыс жоқ. Керiсiнше, Ислам дiнi дұрыс түсiндiрiлмегендiктен түрлi орынсыз әрекеттер бой көрсетуi ықтимал. Сондықтан қазіргі таңда әсіресе жас ұрпаққа рухани тәрбие берiп, дiни сауатын ашу үшiн барлық жағдайды жасауымыз қажет. Асыл дініміздің құндылықтарын жан-жақты жеткізіп, насихаттай отырып, ұлттық дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың аясында тәлім-тәрбие беру аға буын өкілдері үшін жауапты міндет екендігін жадымыздан шығармайық ағайын.

«Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің
бас имамы Бектұрсын Уәлиев

Уалиев Бектурсын Торгайбаевич
05 11.15

Алла Тағалаға иман келтірген мұсылман баласы оны көркем сипаттары арқылы тануы тиіс. Ұлы жаратушыны тану дәрежесіне қарай адамның оған деген махаббаты артып, үміті мен қорқуы күшейе түседі. Оны таныған сайын иманы күшейеді. Ұлы Жаратушысына деген жақындығын сезініп тақуалығы мен тәуекелі арта түседі. Ұлы иесін жеткілті түрде таныған адам ғана күнә атаулыдан бойын мейлінше алыс ұстап, түрлі күдікті ойлардан аулақ жүреді. Адам ақылы Ұлы Алланы толық танып біле алмайды. Өйткені адам шектеулі, ал Ол шексіз. Десек те, Оны құранда әрі хадистерде айтылған сипаттары арқылы танып білуге міндеттіміз.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Мен жындар мен адам баласын тек қана (мені танып) маған ғибадат етсін» деп жараттым дейді. Демек Алла Тағала бізді бұл дүниеге өзін мына жаратылысқа қарап танысын, білсін әрі құдіреті мен шеберлігінің алдында таңдана бас иіп, құлшылық етсін деп жіберген. Ендеше адам баласының ең басты міндеті – Ұлы Жаратушыны тану. Оның ұлылығын дәріптеп «Аллаһу әкбар» (Алла Тағалам сен қандай ұлысын!) деп мадақ айту. Иә, Оның Құдіреті мен шексіздігіне, ілімі мен теңдессіз ұлылығына мойынұсыну – құлшылықтың нағыз өзі. Намазымыздың әр рәкәғатында үнемі оқылатын «Фатиха» сүресіндегі: «Бүкіл мадақ та, мақтау да тек қана бүкіл әлемнің Раббысы – Аллаға тән» деудің мағынасы да осы болса керек.

Алла Тағала айтады: «Пендем Мені қандай деп ойласа, Мен ол үшін сондай боламын (яғни пендем рақымымнан үміттеніп, Мені рақымды деп білсе, Мен оны кешіріп жарылқаймын. Бұл мүмін пенденің сипаттамасы. Ал егер рақымымнан үміттенбей күдер үзіп, Мені азаптаушы деп білсе, оған сол азабым нәсіп болады). Ал Жаратушы Иенің рақымынан кәпірден өзге ешкім күдер үзбейді. Ол мені есіне алса, Мен онымен бірге боламын (яғни оны қолдап жәрдем беремін әрі бәледен сақтаймын). Ол мені іштей есіне алса, Мен де оны іштей есіме аламын. Ол адамдардың арасында есіне алса, Мен оны сол ортадан артық бір ортада есіме аламын (яғни «муқаррабун» періштелердің алдында). «Муқаррабун» сөзінің мағынасы: ерекше, жақын, өте жақын дегенді білдіреді. Бұл атау Жаратушы Иеге ерекше жақын болған төрт періштеге қатысты айтылады. Ол: Жәбірәйіл, Исрафил, Әзірәйіл, Микәйл періштелер. Пендем мағаны бір кез жақындаса (яғни аз да болса), Мен оған бір құлаш жақындаймын (пендем маған әміріме бойұсынумен жақындаса, Мен оған жарылқауым мен рақымымды жаудырамын). Егер Маған жүріп келсе, Мен оған қарай жүгіремін (яғни тілек қажетін орындауға асығамын) (Муслим). Ендеше, бізге сүйіспеншілікпен қарап таусылмас қымбат нығметтерді сыйлаған Ұлы Иемізге біз де сүйіспеншілікпен қарап бас иіп алғысымызды ғибадат арқылы білдіруіміз – ұмытылмас міндетіміз. Дана Абайдың: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті»,-деуі де сондықтан.

Ұзынкөл аудандық «Балықты»
мешітінің бас имамы
Е.С. Ажмахан

Ажмахан Есенкелді Сақтағанұлы
27 10.15

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Біз, қазақ халқы табиғатынан имандылыққа, ақындыққа, даналық ойға жақын жұртпыз. Бабаларымыз текті, сөзі келісті, пікірі кесімді, парасатты болған. Жау шапса батырларымыз ерлік көрсетсе, дауға ақындарымыз дайын болған. Ал, арағайындық қызметті, яғни екі елді табыстырып, мәміле жасасуға дана билеріміз белсенділік танытып отырған.

XV ғасырда, яғни Алтын орданың ыдырау тұсында өмір сүрген Асан Қайғы бабамыздың отты жырлары мен өсиетті өлеңдері имандылыққа негізделген. Оның шын аты – Хасан Сәбитұлы. Тарихи деректерде жазылғандай, бабамыз Қазақ хандығының негізін салушылар деп саналатын Керей мен Жәнібек хандардың ақылшы биі болғаны белгілі. Мұны қазіргі тілмен түсіндірсек, жоғары лауазымды тұлғаның кеңесшісі деуге болады. Асан Қайғы жырлары арқылы халықты бірлік пен берекеге ұйытып, Қазақ хандығының іргетасын қалауға мол үлес қосқан. Халқымыздың рухани қалыптасу жолында да белсенділік танытты. Сол кездегі оқиғаларға талдау жасап қана қоймай, оның салдары қандай болмақ, істі неден бастау керек деген сұрақтарға жауап іздеген, тұжырым жасаған. Шоқан Уәлиханов Асан атамызды: «Көшпенді қазақ, қоғам ұлысының философы», – деп сипаттаған. Асан Қайғының толғаулары Отанды сүюге, ізгі амал жасауға, жамандықтан сақтанып, бақытты өмір сүруге үндейді. Мәселен, мына бір толғауында жырау бабамыз өткінші дүниелік істерге бола ұрысып, таласпауға шақырады.

Өлең-жырдағы негізгі ой мен тұжырым былай түйінделген:
«Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа.
Ашу деген дұспан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі терең қуысқа!..»

Расында да кейде болмашы нәрсе үшін адам баласы пенделікке ұрынады, дүниелік істерге таласып, абыройсыздыққа душар болады. Ал Асан Қайғы бәріне парасат биігінен қарауға үндейді.

Атақты жырауларымыздың бірі – Шалкиіз Тіленшіұлы жас кезінен киелі сөздің шебері, ақындық қырымен танылған. Ол мұсылманша білім алған. Сондықтан да толғауларында мұсылмандық мұратты басты орынға қойған. Қазақта: «Басқа пәле – тілден», – деген тауып айтылған асыл сөз бар. Адам баласы тіліне сақ болмаса, күнәні де тілінен табады екен. Сөз бен тілге байланысты Шалкиіз жырау былай деп жырлаған:
«Жапалақ ұшпас жасыл тау,
Жақсылардың өзі өлсе де сөзі сау.
Ойлап тұрсам жаманның,
Жалаңдаған өз басына тілі жау».

Бағзы кітаптарда Лұқман хәкім туралы мынадай оқиға баяндалған. Бір кісі одан малдың ең тәтті жерін алып кел деп бұйырыпты. Лұқман қойды сойып, тілін әкеліпті. Енді ең ащы жерін әкеліңіз десе, тағы да сол тілді алып келген екен. Сонда себебін сұрап: «Сіз неге қайта-қайта бір нәрсені әкеле бердіңіз», – десе, ол: «Жақсылық та, жамандық та – тілден, тіл байқап сөйлемесе, тас жарады, тас жармаса – бас жарады», – деп жауап беріпті.

Ел қорғау, Отанды аялау, бейбітшілікті сақтау – мұсылманның асыл міндеті. Бұл қасиеттер жырауларымыздың толғауларынан тыс қалсын ба?! Көрнекті ақын-жырау Доспамбет (қазақ тілінің ерекшеліктеріне сай Дұсмұхаммед сөзі Доспамбет деп өзгеріске ұшыраған болар, мәселен Мұхаммед сөзі қазақ даласында Мұхамбет, Махамбет, т.б. деп аталып кеткен) ел қорғауды мұсылмандық әрі перзенттік парыз деп санаған. Ол Қырым, Ноғайлы, Қазан хандықтары арасындағы шайқастарда қолбасшы болған. Бір өлеңінде: «Осы жолда шаһид болсам, яғни жанымды берсем өкінбен», – деуі тегін емес, сірә.

Доспамбет жырау:
«...Бүгін, соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын,
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кешсем, өкінбен!..» деп ерлікті насихаттаған. Бұл өлең де қазақ даласындағы ер-жігіттерге жігер сыйлаған.

XVII ғасырдың көрнекті жырауы Жиембет ақын ер-жүрек батырлығымен де, ұшқыр ақындығымен де көзге түскен. Кейбір кітаптарда Жиембет жырау 1620 жылы Есім ханның ойраттарға қарсы соғысында Кіші жүз қолын басқарғаны туралы жазылған. Ол Есім ханның есіне өткенді салып, Құдайдан қорқуға шақырып, тәубешіл болуға үндеп отырған. Өзі де жырларында бір Аллаға сыйынып, құлшылық пен тіршілікті ұштастыра үйлесімді өмір сүруді уағыздаған. Бұл жағдай ақынның мына бір өлеңінде айқын көрініс тапқан:
«...Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді.
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он екі ата Байұлы
Бір тәңірге сыйынды».

Абылай ханның тұлғалық бейнесін тұңғыш сипаттаған, қоғам қайраткері Бұқар жырау ханның ақылшысы, яғни кеңесшісі болған. Бұқар Қалқаманұлы халықты имандылыққа шақырған. «Тілек» деп аталатын өлеңінде шариғатты біліп, ұстануға, рухани тұрғыдан өсіп, өнегелі өмір сүруді уағыздаған.

Бұқар бабамыз:
«Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа
...Бесінші тілек тілеңіз
Бес уақытты бес намаз,
Береуі қаза қалмасқа», – деп жырлайды.

Ақын адамгершілікті насихаттап, кеңпейіл мінезді болуға шақырған. Алланың ақ жолында жүріп, шариғатқа бекем болудың маңыздылығын түсіндірген. Бір өлеңінде:
«Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас,
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес», – дейді.

Расында да адам баласы кеңпейілді болған сайын, оның адамгершілігі артады. Халқымызда: «Кең болсаң, кем болмайсың», – деген сөз бар. Көркем мінез – мұсылманға тән сипат.

Қазақ халқы қашан да бірлікті басты орынға қоя білген. Ел арасында «бірлігі күшті ел озады», «бірлік болмай, тірлік болмас», «жұмыла көтерген жүк жеңіл», «көппен көрген ұлы той» деген қанатты сөздер кең тараған. Асыл діннен бастау алған бұл мақалдар қазақ даласында жиі айтылып келді. Қазір де маңызын жойған жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін жамағатпен бірге болуға шақырған. Алла Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деген өсиет қалдырған. Алла Тағала қасиетті Құранда «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір еткен.

Исламды ұстанған бабаларымыз да бірлікті қашан да өлең-жырға қосқан.

17 жасынан шайқасқа қатысып, қазақ жерін қалмақтардан қорғаған белді батыр әрі жырау Ақтамберді Сарыұлының өсиет өлеңдері де пайғамбарлар сөзімен үндесіп жатыр.

Мақаланың қорытындысын Ақтамберді жыраудың өлеңімен өрбітсек:
«Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алты ауыз,
Еліңе кірген әреке».

Алла Тағала елімізді аман, жерімізді тыныш еткей. Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ісіміз берекелі болғай. Әмин!

Асылхан қажы ТҮСІПБЕК,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы

Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы
27 10.15

Бірде Мұса (ғ.с.) пайғамбар өлім жайлы пікір қылып, Жаратушы Алла Тағаладан сұрапты:
 • Ей Раббым! Сен адамдарды не үшін жаратасың, егер кейін, бәрібір оларды өлтіретін болсаң?

Аталмыш сұраққа жауап ретінде, Алла Тағала өзінің Пайғамбарына (ғ.с.) егін егуді бұйырды. Мұса (ғ.с.) пайғамбар Раббысының бұйрығына бойұсынып, егін екті де, өнім алатын алаңды баптап күтіп, егінін суарды. Мерзімі келіп, егін піскен кезде, Мұса (ғ.с.) пайғамбар егінді орып алып, сабаннан бидәйін айыруға кірісті.

Сол кезде Алла Тағала Мұсаға (ғ.с.) былай деп үн қатты:
 • Ей Мұса! Не нәрсемен шұғылданып жатсың?
 • Ей Раббым! Мен егінді орып алып, енді сабаннан бидәйді айырып жатырымын, – деп, Мұса (ғ.с.) Раббысына жауап берді.
 • Ей Мұса, бұл сенің қойған сұрағыңа жауап! Өйткені өлім, егінді ору іспетті. Егін орылғаннан соң, бидәйдің сабаннан ажырағаны секілді, өлім арқылы дәл солай, жақсы адамдар күнәһар пенделерден ажыратылады, - деді Алла Тағала өзінің Пайғамбарына (ғ.с.).

Өлімнің хикмет-мақсатына қатысты әркімнің өзіндік әртүрлі көзқарастары болуы мүмкін. Алайда оған қатысты өзгермейтін бір ғана ақиқат бар: «Бар билік бір Өзінің қолында болған, шексіз игілік пен құт-берекенің жалғыз иесі Алла қандай ұлы! Оның құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. Ол қайсібірің анағұрлым игі һәм сауапты іс істер екен деп, бәріңді сынап көру үшін өлім мен өмірді жаратты. Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Ғафур (құлдарының күнәлары қанша жерден ауыр болса да тәубелеріне келген жағдайда оларға өте кешірімді)» (Мүлк, 1-2).

Аса ұлы Алла пенделерін жаратып, оларды осы дүниеге әкелді және оларға бұл өмірден басқа өмірге көшетіндіктерін ескертті. Сонымен қатар адамдарға бұйрықтар мен тыйымдар бекітті де, бұйрықтарын орындауға кедергі жасайтын, көңіл құмарлықтарымен сынады. Сонда кім Алла Тағаланың бұйрығына бойұсынып, амал жасауда жақсылық танытса, Алла ол пендесінің марапатын екі дүниеде де хайырлы етіп береді. Ал кімде-кім Раббысының бұйрығын орындамай, құмарлық қалауларына еріп, құмарлық ләззәттарын қанағаттандыру үшін жолдан тайса, онда оған қарымтаның ең жаманы беріледі (А. Саъди тәпсірі).

Қостанай облыстық «Марал ишан»
мешітінің найб имамы
Сыздықов Дархан Манарбекұлы

Сыздыков Дархан Манарбекович
30 09.15

Ислам сөзі, Аллаға шынайы берілу, амандық, бибітшілік деген мағыналарды білдіреді. Ислам дінінің негізгі мұраты бейбітшілік, татулық болып табылады. Ал мұсылмандардың міндеті маңайындағы жеке тұлғаны әрі қоғамды дұрыстау, түзету. Осылайша олар адамдар арасында ортақ пікірдің пайда болуына мұрындық болады. Міне бейбітшілік пен тыныштық осылай дүниеге келеді.

Ислам діні мұсылмандарды тек жеке тұлға ретінде кемелдендіріп, дамытып қана қоймай, сонымен қатар қоғамның тыныштығын, амандығын қамтамасыз ететін ұлы ұстанымдар сыйлаған. Қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты дін бауырластығы шаңырағының астында сүйіспеншілікпен жүзеге асуын әмір етеді. Сондай-ақ қоғамның әрбір мүшесін көпшіл, халықшыл болуға шақырып, қоғамның бір дене іспетті қалыптасуына үлесін қосады. Мұны өз басынан кешірген қоғамдар бірлік пен ынтымақтың рухымен жігерленіп, барша адамзатқа өнеге болары сөзсіз.

Татулық – жақсы мінез-құлықтың жемісі болса, жаман мінез-құлық бөлінушілікке алып баратындығын білген жөн. Рухани келісім, татулық және өзара махаббат жақсы мінез-құлықтың қажетті салдары болмақ. Алайда жаман мінез-құлық өзара жеккөрушілікке, көреалмаушылыққа және қарым-қатынастың үзілуіне әкеп соқтырады. Жалпыға белгілі болғандай, Ислам діні жақсы мінез-құлыққа ерекше көңіл бөледі. Тіпті осы мінезге қатысты Алла Тағала өзінің Елшісін (с.ғ.с.) мадақтап былай деді:

(وَإِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ)

«Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің» (Қалам сүресі, 4-аят). Аса ұлы Алла Мұхаммадқа (с.ғ.с.) кемел мінез-құлық берді. Оның мінезі Құрандағы ізгі сипаттарды қамтыған. Аса ұлы Алла адам баласы үшін Мұхаммадтың (с.ғ.с.) мінезінің әрбір қырын ең жетілген үлгі етті (Ибн Касир).

Хадистердің бірінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқы қандай болғандығы жайлы сұралған сауалға, Айша (р.а.) анамыз: «Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мінезі – Құран еді» деп жауап бергендігі жеткен. Бұл Алла Тағаланың Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) қоса барлық адамзат баласының бойына сіңіруді үндеген Құрандағы барлық мінез-құлықтармен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) басқалардан ерекшеленгендігін білдіреді.

Абу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте, бірде Алла Елшісінен (с.ғ.с.) көбінесе адамдарды не нәрсенің жұмаққа жетелейтіндігі жайлы сұралғанда, Ол (с.ғ.с.) былай деп жауап берген: (تَقْوَى اللهِ وَ حُسْنُ الْخُلُقِ)«Тақуалық (Алланың азабына душар болудан сақтану) және жақсы мінез-құлық» (Термизи).

Сонымен қатар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) пайғамбарлықтың маңызды міндеттерінің бірін атап, былай деген:

(إِنَّمَا بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ صَالِحَ الْأَخْلَاقِ)

«Расында мен (адамдарға) жақсы мінез-құлықты кемелдігіне жеткізу үшін жіберілдім» (Имам Малик).

Сондай-ақ жақсы мінез-құлық адамдар арасындағы өзара түсіністік пен келісімнің орнауына және бір-бірін бөтенсінуді жоюға жетелейтіндігі белгілі. Ал Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде және Оған (с.ғ.с.) ерген сахабалардың сөздерінде адамдардың өзара келісім мен ынтымақта өмір сүру керектігі керемет мадақталған. Әсіресе, егер адамдарды бір-бірімен дін, көркем мінез және Аллаға деген махаббат байланыстыратын болса. Жаратушы Иеміздің мұсылмандарға берген нығметінің арқасында, олардың ұлы жетістікке жеткендіктеріне сілтей келе, Алла Тағала былай деді:

(وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوْبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا)

«Сондай-ақ Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар. Кезінде бір-біріңе бітіспес дұшпан едіңдер, ал бүгін, Алла Тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп Оның (иман, хақ дін Ислам сынды) баға жетпес нығметінің арқасында бір-біріңе бауыр болдыңдар» (Али Имран сүресі, 103-аят). Бұл аяттағы Алла Тағаланың адамдарға берген нығметі – өзара келісім, ынтымақ және бірлік еді. Ал адамдарды бөлінушіліктен, алауыздықтан қайтару мақсатында Алла Тағала мұндай іс-әрекеттерді айыптап былай деп айтқан:

(وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا)

«Барлығың да Алланың желісіне (Ислам дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер» (Али Имран сүресі, 103-аят).

Сонымен қатар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бізге, адамдарды бір-біріне жақындататын нәрсенің көркем мінез екендігін ұғындырып, былай деп айтқаны жеткен:

(إِنَّ مِنْ أَحَبِّكُمْ إِلَيَّ وَأَقْرَبِكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَحَاسِنَكُمْ أَخْلَاقًا)

«Расында маған, сендердің ең сүйіктілерің және қиямет күні маған ең жақын болатындарың, мінез-құлықтары көркем болғандарың».

Сол сияқты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзат баласын сүймейтін адамның, бұл дүниеде әрі ахиретте ешбір жақсылыққа қол жеткізе алмайтындығын, былай білдірген:

) الْمُؤْمِنُ مُؤْلَفٌ وَلا خَيْرَ فِيمَنْ لا يَأْلَفُ وَلا يُؤْلَفُ (

«Нағыз момын мұсылман – басқа адамдардың сүйіспеншілігіне бөленген адам. Ал өзге кісілерді сүймейтін әрі басқа адамдардың сүйіспеншілігіне ие бола алмаған адамда ешбір хайыр жақсылық жоқ» (Ахмад).

Тағы басқа бір сөзінде Алла Елшісі (с.ғ.с.) басшылардың өз қол астындағы қызметкерлерімен ынтымақ-бірлікте болып, жақсы мәмле жасауды насихат етіп, былай деген:

( مَنْ وَلَّاهُ اللهُ عَزَّ وَ جَلَّ مِنْ أَمْرِ الْمُسْلِمِينَ شَيْئاً فَأَرَادَ بِهِ خَيْراً جَعَلَ لَهُ وَزِيرَ صَدْقٍ فَإِنْ نَسِيَ ذَكَّرَهُ وَ إِنْ ذَكَرَ أَعَانَهُ)

«Қашан ұлы Алла Тағала біреуге игілік қалап, мұсылмандарды басқаратын басшы қылса, онда бұған қоса әлгі патшаға есінен шыққан нәрсесін есіне салатын, ал ойында тұрған нәрсесін жүзеге асыруға көмек беретін шыншыл да сенімді уәзірді береді» (Ахмад).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мына хадисінде жалпы адамдардың бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасасып, өздеріне қалаған жақсылықты басқа да бауырларына қалауды және осылай істеген адамның Алла Тағаланың алдында да ең сүйікті пенде болатындығына үгіттеп былай деген:

(مَاتَحَابَّ اثْنَانِ فِي اللَّهِ إِلا كَانَ أَفْضَلُهُمَا أَشَدَّهُمَا حُبًّا لِصَاحِبِهِ)

«Егер екі кісі бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көретін болса, онда досына деген махаббаты мықтырақ болғаны, Алланың алдында абзал саналады» (Ибн Хиббан).

(إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَقُولُ : " قَدْ حَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَحَابُّونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَصَافُّونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَزَاوَرُونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَبَاذَلُونَ مِنْ أَجْلِي ، وَحَقَّتْ مَحَبَّتِي لِلَّذِينَ يَتَنَاصَرُونَ مِنْ أَجْلِي)

«Расында Құдретті де Ұлы Алла Тағала айтты: Мен үшін бір-бірін жақсы көретіндер, махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-бірімен татуласқандар, махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-бірін зират еткендер махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-біріне жомарттық танытқандар, махаббатыма лайықты болады, Мен үшін бір-біріне көмектескендер, махаббатыма лайықты болады» (Ахмад).

Ал мына бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген:

(إِنَّ أَحَبَّكُمْ إِلَى اللَّهِ أَحَاسِنُكُمْ أَخْلاقًا , الْمُوَطَّئُونَ أَكْنَافًا الَّذِينَ يَأْلَفُونَ وَيُؤْلَفُونَ , وَإِنَّ أَبْغَضَكُمْ إِلَى اللَّهِ الْمَشَّاءُونَ بِالنَّمِيمَةِ ، الْمُفَرِّقُونَ بَيْنَ الإِخْوَانِ)

«Расында сендердің Алла Тағалаға ең сүйіктілерің, мінездері көркем болғандарың және Раббысына шынайы беріле, толық бойұсынғандарың, өзге адамдарды жақсы көргендерің және басқа кісілердің де сүйіспеншілігіне бөленгендерің. Ал Алла Тағалаға ең жеккөрініштілерің, өсек-ғайбатты тарата отырып, бауырларыңның арасын арандатқандарың» (Ат-Табарани).

Алла Тағала жер бетінде адам баласы үшін бірлікті әрдайым ту етіп жүруі өте маңызды нәрсе екенін айқындап, Құран Кәрімде былай деген:

(شَرَعَ لَكُمْ مِنَ الدِّينِ مَا وَصَّى بِهِ نُوحًا وَالَّذِي أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ وَمَا وَصَّيْنَا بِهِ إِبْرَاهِيمَ وَمُوسَى وَعِيسَى أَنْ أَقِيمُوا الدِّينَ وَلا تَتَفَرَّقُوا فِيهِ كَبُرَ عَلَى الْمُشْرِكِينَ مَا تَدْعُوهُمْ إِلَيْهِ اللَّهُ يَجْتَبِي إِلَيْهِ مَنْ يَشَاءُ وَيَهْدِي إِلَيْهِ مَنْ يُنِيبُ)

Алла: «Дінді дұрыс түсініп, дұрыс тұтыңдар және дінде жік-жікке бөлінбеңдер», -деп, Нұхқа шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарды, өзіңе аухи еткенімізді және Ибрахимге, Мусаға әрі Исаға шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарымызды сендер үшін де дін (міндетті шариғат) етіп бекітті. Сенің ел-жұртты берік ұстануға үндеген (дініңді мойындау) мүшріктерге өте ауыр тиеді. Алла қалаған құлдарын осынау хақ дін үшін таңдайды және Өзіне шын көңілден бет бұрғандарды сол жолға бағыттайды (Шура сүресі, 13-аят). Ұлы Раббымыз мүминдерді бір жүрек тәрізді бірлік пен ынтымақтың туының астында болуын әмір етеді. Бұл мәселені бұрынғы пайғамбарларға да уахи етуі, адамзат баласының әрдайым бөлінуге құштар тұратындығын, әрі бөлінудің қоғамдағы өмір үшін үлкен қауыпті екендігін көрсетеді.

Мұсылмандар бірлік пен ынтымақтан аулақ тұрып, бір-бірінен ажырап қалса, Алланың сүйіспеншілігінен мақұрым қалады. Әрі күш-қуаттарын жоғалтып, күйзеліске ұшырайды. Мұның мысалы қазіргі таңда өте көп.

Алла Тағала құлдарына былай деп ескерту жасайды:

(وَلَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ تَفَرَّقُوا وَاخْتَلَفُوا مِن بَعْدِ مَا جَاءَهُمُ الْبَيِّنَاتُ ۚ وَأُولَٰئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ)

«Айқын дәлелдер келгеннен кейін (қырық пышақ болып) бөлініп, қайшылыққа түскендер секілді болмаңдар! Міне соларға күйзелтуші үлкен азап бар» (Әли Имран сүресі, 105-аят).

Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Қоштасу қажылығында», тіпті өмірінің соңғы күндерінде үмбетіне көптеген ескертулер жасады. Солардың бірі, өзі бақилық болғаннан кейін бөлінушілікке бой алдырып, бір-бірімен соғыспаулары еді. Өйткені бірлікте мейірімділік пен береке бар. Алла Тағала әрдайым жамағатпен бірге болады. Жамағаттан айырылған тамұқ жолына түседі.

Сол үшін Алла Тағалаға: «Жүректерімізді бір-біріне жақындат, біріктір», -деп көптеп дұға жасайық ағайын! Біз мұның қадірін біле бермейміз. Бұл біле-білгенге үлкен нығмет.

Жазған мақаламның соңын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жамағат дегеніміз – мейірімділік, ал бөлінушілік – азап», - деген мына бір керемет хадис шәрифімен аяқтасам, сөзімді түйіндей түсері анық!

Қостанай облыстық «Марал ишан»
мешітінің найб имамы
Дархан Манарбекұлы

Сыздыков Дархан Манарбекович
30 09.15

Қандай да бір ұлттың не қоғамның діңгегі әрі маңызды құрылымы – отбасы. Өйткені қоғамның түзелуі мен бұзылуы осы отбасының жағдайымен тығыз байланысты. Ислам дінінің қайнарларынан нәр алған ата-бабаларымыз «Отан – отбасынан басталады» деп, ұлттарды ұйыстырып отырған мемлекеттің ірге тасын бекем ететін отбасы екендігін айтқан.

«Отбасы» сөзінің тілдік мағынасы – адамның жақындары мен туыстары дегенді білдіреді. Ал «отбасы» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы – ер мен әйелдің некелесуі арқылы шанырақ көтеріп, нәтижесінде ұрпақтарының өсіп-өрбуімен пайда болған, қоғамның негізі болып есептелетін, бір топ адамдар жиынтығы.

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан отбасы – болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырамайтын басты тірегі.

Қоғамда әдептілік пен инабаттылық өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылынуында отбасының маңызы өте зор. Әрбір жанұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдептілік пен адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөліссе, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ.

Ислам әйел адам мен ер адам бір-бірін толықтырып тұратындығын және бір-бірі үшін тірек болатындығын бекітіп, қасиетті Құранның Бақара сүресінің 187-аятында: «Олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер» — деген. Сондай-ақ, Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың сүннетінде әйел адамға ерекше көңіл бөліп, оның ар-намысын қорғап, қоғамда лайықты орынға ие болуын қамтамасыз етеді. Құранда Алла Тағаланың ер мен әйелдің бір-бірі үшін жаратылғандықтан, өз теңін тауып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты ғұмырдың алғышарттарына қол жеткізетіндігін Рум сүресінің 21-аятында баяндайды: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар».

Дініміз отбасы мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, отбасыға қатысты заңдарды егжей-тегжейлі баяндаған. Оның ішінде әрбіл тұлғаға отбасын құрмай тұрып болашақ жар таңдау құқығын, некелесу шарттарын, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен бір-бірінің алдындағы міндеттерін асырау мен қамтамасыз етуміндетінің кімге қатысты екенін ата-ана мен бала құқықтары, ажырасуға қатысты ережелерді белгіледі. Құран Кәрім мен пайғамбар сүннеті бұрын соңды ешбір дін не мәдени жүйелерде толыққанды қарастырылмаған ата-ананың баласының, баласының ата-анасының алдындағы міндеттері мен құқықтарын нақты баяндап берді.

«Ер адамдар әйелдерді – Алла оларға бір-бірінен артықшылық бергені әрі олар мал-дүниелерінен жұмсауы себепті — басқарады» деп, Ниса сүресінің 34-аятында баян етілгендей, Ислам діні жанұяның отағасы, басқарушы ретінде хұқықты ер кісіге беріп отыр. Бұл жерде әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санап тұрғаны жоқ. Қайта, Ислам діні ер кісінің игі бастамаларына әйелді қолдаушы, ақылшы етіп, сенімді сүйеуші ретінде көрсетеді.

Ер кісі ең әуелі отбасының намысын қорғау, әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Өйткені, Құранда Бақара сүресінің 233-аятында: «… Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі …» — десе, хадисте Муғауия бин Хайда (р.а) Пағамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не?» — деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ішіп-жегенің сияқты оны да ішіп-жегізесің, кигенің сияқты оны да киіндіресің, сосын істегендеріңді еш міндетсінбейсің»,-деген.

Ал, әйел заты – әуелі күйеуіне бойұсынуы тиіс, содан кейін өз намысын, бала-шағасының, сондай-ақ үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруға міндетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйел бес уақыт намазын оқыса, рамазан айында оразасын тұтса, ар-намысын қорғап және күйеуіне мойынсұнатын болса жәннәт есіктерінен қалағанына кіреді» — деп, әйел кісінің міндетін дөп басып көрсеткен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыларыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы — бақташы. Ер адам — отбасының бақташысы. Әйел — ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар»-деп, ерлі-зайыптылардың міндеттерін ашық-айқын көрсеткен.

Ислам отбасының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті болмақ. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіледі, негізі қаланады.

Демек отбасының жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі, қоғамдық тұрақтылық пен үдерісті қамтамасыз етудегі айрықша рөлі оның қоғамдағы маңыздылығын айшықтайды.

Асылхан қажы Түсіпбек
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы
16 09.15

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болып, Пайғамбарымыз Мухаммадқа (с.ғ.с), Оның (с.ғ.с.) жанұясына, сүйікті сахабаларына және осыларға ізгілікте ерген барша момын мұсылмандарға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі болғай!

Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық діни мерекесі. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: “Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні” – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге себеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.

«Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның айт деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады.

Айт – мұсылмандар үшін Жаратушымыздың разылығына жету мақсатында құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырласу сезімдерін күшейтетін маңызды мейрам. Биылғы жылы Құрбан айт мейрамының бірінші күні қыркүйек айының 24-не тұспа-тұс келіп тұр.

Айт мейрамының тарихына келер болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенде, жергілікті адамдардың жыл сайын тойлайтын екі күні болатын. Алла Тағала сол екі күнді ораза және құрбан айт мейрамдарымен алмастырған.

Әнас ибн Мәлик (р.а.): «Жәһилият кезінде адамдардың әр жылы тойлайтын екі күні болған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екеуін ол екеуінен де жақсырағымен алмастырды: ауыз ашар күні, (яғни ораза біткен күн) және құрбандық күні (яғни құрбандық шалатын күн)»,-деді»,-деген. Сол уақыттан бері барлық мұсылмандар үшін осы атаулы мереке ең қуанышты күндердің біріне айналған.

Ораза және құрбан айт намаздары алғаш рет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы – жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың айт намазына шығуына әмір берген.

Умму Атия (р.а.): «Бізге айт күні шығуға, (яғни айт намазына) әмір етілетін. Тіпті шымылдықта отыратын қыздарды да, етеккірі келген әйелдерді де шығаратынбыз. Олар адамдардың артында олардың тәкбірлерін қайталап, олардың дұғаларымен дұға етіп, сол күннің берекесі мен тазалығынан үміт ететін»,-деген.

Айт намазының уақыты – сәске (духа) намазының уақыты. Айт намазын күн найза бойы көтерілгеннен бастап, тал түске жеткенге дейінгі аралықта оқуға болады.

Айт намазының оқылу тәртібіне келер болсақ айт намазы екі ракағаттан тұрады. Таң және жұма намаздарының парыздары секілді айт намазы да жария оқылады. Бірақ айт намазына азан да, қамат та айтылмайды.

Ибн Аббас (р.а.): «Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) отбасын айт күні шығарғанды жақсы көретін. Біз (айт намазына) шықтық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) азансыз және қаматсыз намаз оқыды. Сосын адамдарға құтпа жасады»,-деді.

Азан мен қаматтың орнына адамдар «Әссалаһ жәмиға» деп шақырады. Басқа намаздардан айырмашылығы айт намазында қосымша тәкбәрлер айтылады. Бірінші рәкағатта сәнә дұғасынан кейін үш тәкбірді имаммен бірге қайталайды. Әр тәкбірді айтқанда қолын көтеріп, қайта түсіреді, қолын түсірген кезде байлаудың қажеті жоқ. Әр тәкбірден кейін имам өзіне ұйып тұрғандар тәкбір алып болғанша үнсіз тұрады. Осы аралықта «Субхана Аллаһ, уәл хамду лилләһ. Уә лә иләһә иллаллаһ» деп айтса да болады.

Екінші ракағатта зәм (қосымша қысқа сүре) сүресін оқып болғаннан кейін рукуғке бармай тұрып, алғашқы ракағаттағыдай тағы да үш рет тәкбір алады. Сосын барып рукуғке барады.

Ибн Масғұдтан (р.ғ.) айт намазының тәкбірлері сұралғанда, ол: «(Бірінші ракағатта) Құран оқығанға дейін (алғашқы тәкбірге үшеу қосып) төрт тәкбір айтасың. Одан кейін Құран оқисың. Оқып болған соң (тағы да) төрт тәкбір айтасың»-деген.

Құрбан айт намазы мен ораза айт намазы екеуі бірдей оқылады, екеуінің айырмашылығы жоқ.

Айт намазының алдында нәпіл намазын үйде де, мешітте де оқу мәкруһ. Айт намазынан кейін мешітте нәпіл намазын оқу – мәкруһ. Ал үйде оқуға болады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намазынан бұрын да, кейін де басқа намаз оқымаған.

Айт намазынан кейін құтпа оқу – сүннет әрі ол жұма намазының құтпасымен бірдей. Бірақ айт намазында құтпаны намаздан кейін оқиды. Яғни имам айт намазын оқып болғаннан кейін, мінберге шығады да, отырмастан бірден құтпа айтуға кіріседі. Бірінші құтпаны тоғыз тәкбірмен, екінші құтпаны жеті тәкпірмен бастап, бас-аяғы он төрт тәкбірмен аяқтау сүннет.

Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы құрбадық шалу құлшылығы арқылы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «удхия» деп аталады. «Удхия» сөзі араб тілінде «духа (сәске) уақытында сойылатын құрбандық» деген мағынаны береді. Құрбан сөзінің тілдік мағынасы «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал құрбан сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы: «мұсылман тарапынан ерікті түрде не нәзір себепті не Құрбан айт күндері Алла Тағаланың разылығын қалап, құлшылық етудің бір амалы ретінде құрбандыққа шалынатын мал». Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.

Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Қасиетті Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Аллаға құрбанның еттері, қандары, әсте, жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят), - делінген. Аятта құлшылық ретінде сойылған құрбандықтың маңызды бір шарты шынайылық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады»,– десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар»,– деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегеліп айтқан.

Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалған адамның тақуалығында. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелммейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Сондықтан да құрбан шалынып жатқанда «Аллаһумма минкә уә ләка» (Уа, Алла Тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) деген дұғаның көбірек айтылуы тегін емес.

Құрбан айт күндері құрбандық шалудың үкімі

Әбу Ханафи мәзһабында қадірі асқан құрбан айт күндері мал-мүлкі жеткілікті болған мұсылман ер мен әйел кісінің құрбандыққа мал шалулары уәжіп. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2-аят) деп бұйыруы, құрбан шалудың уәжіп екенін білдіреді. Мал-мүлкі жеткілікті бола тұра құрбан шалмаған мұсылманға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөгіс жариялаған хадисі негізге алынған. Абу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» (Хаким, Мустадрак) деп айтқанын жеткізген. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Хадис шәрифте дұрыс уақытта (айт намазынан бұрын) шалынбаған малдың орнына басқа құрбандықтың шалыну керектігі қатаң ескертілген. Анас (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Кім құрбандығын намаздан бұрын шалып қойса, онда қайта шалсын»,- дегенін жеткізген (Сахих Муслим). Михнаф ибн Сулайманның риуаятында Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Ей, адамдар, әр отбасы жыл сайын құрбан шалуға тиісті»,- деген (Сунан ат-Тирмизи). Сондықтан ханафи мазһабының ғұламалары жоғарда келтірілген аят, хадистерге сүйене отырып, құрбан айт күндері құрбандық шалуды, уәжіп деп тұжырымдаған.

Құрбан айт күндері құрбандық шалуды міндет (уәжіп) ететін шарттар:
1. Мұсылман болуы;
2. Азат болу;
3. Тұрғылықты болу;
4. Мал-мүліктің жеткіліктілігі; Мал-мүліктің жеткіліктілігі дегенде мұсылманның иелігінде пітір садақасын уәжіп ететін нисаптың бар болуы көзделеді.
5. Ақылды және балиғат жасына толуы;

Құрбандық шалудың дұрыстығына қажетті шарттар:
1. Құрбандыққа түйе, сиыр, қой, ешкі, секілді малдардың болуы. Бұл төртеуінен басқа жылқы және еті адал жануарлардың ешбіреуі құрбандыққа шалынбайды. Төртеуінің құрбандыққа ең абзалы – түйе малы, сосын сиыр малы, сосын қой малы, кейін ешкі малы. Құрбандықтың дұрыстығы үшін бір қой не бір ешкі тек бір кісінің атынан шалынуы шарт. Ал түйе мен сиыр малын жеті не одан да аз кісі бірігіп шалуларына болады. Бірақ жеті кісіден аспауы және жетеуінде де құрбандыққа шалу ниеті болуы шарт.
2. Малды құрбандық ниетімен шалуы міндет. Соғым не ет қажет ету ниетімен сойылған мал құрбан саналмайды.
3. Өкіл етушінің әмірі. Құрбанды әркімнің өзі шалуы абзал саналса да өкіл арқылы шалуға да рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда мал иесі тарапынан өкілдің тағайындалған болуы әрі оған құрбанын шалу әмірін беруі шарт.
4. Мал жасының дұрыстығы. Түйе малы бес жасар, сиыр малы екі жасар, ешкі малы бір жастан асқан болуы шарт. Қой малының бір жасқа толмағанын шалса да болады.
5. Құрбандық оны шалушы кісінің мүлкі болуы.
6. Құрбандық малдың бойында жүдә кемістік болмауы. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: бір көзінің соқырлығы айрықша байқалатын мал, ауру-сырқауы айрықша байқалатын мал, ақсақтығы айрықша байқалатын мал, жілік майы үзілген жүдең мал»,-деген. Хадистегі «айрықша байқалатын» деген сөздің мағынасы мал бойындағы кемістіктің айрықша байқалатын мөлшерді құрамауын шарт қылып, азғантай мөлшердегі кемістіктің есепке алынбайтынын сілтейді. Себебі мал бойында мүлде мін болмауы мүмкін емес.
7. Дұрыс уақытта шалынуы. Құрбан шалу уақыты Құрбан айт намазынан кейін кіреді. Құрбанды айттың бірінші күні шалған абзал. Құрбан шалынатын мерзім бұдан кейінгі екі күнге жалғасып, соңғы күннің күні батуымен (ақшам намазы кіргенде) аяқталады. Құрбан шалуы уәжіп кісі белгіленген мерзімді өткізіп алса, мойнынан міндетті түсіру үшін құрбан шалудың орнына садақа беруі уәжіп.
8. Құрбанның шалынуы. Құрбан шалудың орнына малдың өзін тірідей не құнын садақа етуге болмайды.

Құрбандық шалған кезде төмендегі абзал (мустахаб) амалдарға да назар аударған жөн:

Малды Құрбан айттан бұрын құрбандыққа дайындау. Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу. Құрбандық малын шалынатын орынға сүйретпей, ұрмай-соқпай әдеппен апару. Құрбандыққа малдың ең жақсысын таңдау. Малды құрбан шалушының өзі бауыздау. Құрбан шалушы кісі мал бауыздауды білмесе не әйел кісі болса, малды қинап қоймас үшін, бауыздау ісін басқа мұсылманға тапсырғаны абзал. Сондай-ақ өзінің құрбанының қасында тұруы абзал. Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу және дұғасын айту. Құрбан шалу кезінде хадистерде келген дұғаларды айту ұнамды іс (мұстахаб) саналады. Құрбандықты бауыздау сәтінде шартты (міндетті) түрде бисмиллә сөзі айтылады. Ал дұға бисмиллә сөзінің алдында, құрбандықты бауыздардан алдын не құрбандық бауыздалғаннан соң жасалады. Құрбан бауыздалып жатқанда бисмиллә сөзіне дүға қосып айту ұнамсыз (макруһ) амал саналады. Бауыздар алдын не бауыздаған соң айтылатын дұға, келесі хадисте келген бейнеде айтылуы ұнамды іс (мұстахаб). Жәбир ибн Абдулла: «Пайғамбар (с.ғ.с) құрбандыққа мүйізді, піштірілген, ноғала екі қошқарды құрбандыққа шалды. Ол екеуін құбылаға бағыттап, жатқызған соң: «Көктер мен жерді жаратқан Аллаға нағыз мұсылманша жүзімді жөнелттім. Мен Аллаға серік қосушылардын емеспін. Расында намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы Алла үшін. Оның серігі жоқ. Маған осылай істеуім бұйырылды және мен мұсылмандарданмын. Аллам бұл – Сенен және сен үшін. Бисмилләһи Аллаһу акбар»,-деді деген. Бұл дұғаны білмесе «Иә, Алла Тағалам, осы құрбандығымды досың Ибраһим мен сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылады да «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп оң қолымен бауыздайды. Малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра, әдейі бисмилләһ деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың етін жеуге болмайды. Құрбан шалатын адам малды қинамай, өткір пышақпен жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі қажет. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды және бауыздалып, жаны әбден шыққаннан кейін ғана, малды сойған дұрыс. Құрбандық етінің үштен бірі пақырларға садақа етіліп, үштен бірінен туыстар мен таныстарға тағам әзірленіп беріліп, қалған үштен бірі отбасына қалады. Кімде-кім құрбандықтың етін толығымен садақа еткісі келсе, рұқсат етіледі.

Құрбандыққа қатысты ұнамсыз (макруһ) істер:

Құрбандыққа арналған малдың жүнін қырқу, сүтін пайдалану, құрбандыққа атаған малды сату, құрбандық малын міну, жүк тасуға пайдалану, жалға беру, бауыздалып, жаны әбден шықпай сою, құрбандықтың етін не жүнін не терісін сату, қасапшының жалақысын құрбандықтың етімен төлеу сияқты жоғарда аталған істердің барлығы харамға жақын макруһ амалдардан болып саналады.

Ташриқ тәкбірлері

«Ташриқ» деп, етті күннің көзіне жайып кептіруді айтады. Айттан кейінгі үш күнде құрбандыққа шалынған малдардың еттерін күнге кептіру әдетке айналғандықтан, бұл күндер ташриқ күндері деп аталып кеткен.

Алла Тағаланың: «Санаулы (ташриқ) күндері Алланы еске алыңдар!» («Бақара» сүресі: 203) бұйрығына байланысты ташриқ тәкбірін айту балиғатқа толған әр мұсылманға уәжіп. Ташриқ тәкбірлерінің уақыты имам Әбу Ханифа мазһабында тоғызыншы зүл-хижжа Арафа күнінің таңында басталып, он үшінші зүл-хижжаның екінді намазымен (қыркүйек айының 23-күні таң намазынан басталып, 27-күні екінді намазынан кейін) шығады. Яғни жиырма үш намаздың соңында айтылады. Ханафи мәзһабінің ташриқ тәкбірлерінің уақытына қатысты ұстанатын пәтуәсі – Әбу Юсуф пен Мұхаммадтің көзқарасына негізделеді. Жәбир, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Арафа күні таң намазын оқыған соң, сахабаларына бұрылып: «Орындарыңда қалыңдар!»-деді және: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбару уа лиллаһил-хамд» сөздерін айтты. Осылайша, Арафа күнінің таңынан (таң намазының парызынан кейін) соңғы ташриқ күнінің екінді намазына дейін тәкбір айтатын (Ад-Дарақутни жеткізді).

Ташриқ тәкбірін мейлі жамағатпен, мейлі жалғыз атқарылған әр парыз намазының артында ер адамдарға да, әйел кісілерге де бір мәрте айту уәжіп. Бұдан көбірек айту мустахап. Ер адамдар тәкбірді көтеріңкі дауыспен, ал әйел кісілер іштерінен айтады. Айт намазы мен үтір намазынан кейін айтылмайды. Сол секілді тұрғылықты кісіге де, жолаушы кісіге де парыз намазынан кейін ташриқ тәкбірін бір мәрте айту уәжіп. Намазға кешігіп қосылған кісі де өткізіп алған рәкәттәрін толықтырған соң тәкбір айтады. Ибн Омар мен Анас ибн Мәлик, Алла Тағала оларға разы болсын, Арафа күні таңертең Минадан Арафаға барғанда жолаушы бола тұра ташриқ тәкбірлерін айтатын (Әл-Байһақи жеткізді).

Ташриқ тәкбірінің бейнесі: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа илләллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лилләһил-хамд».

»32. Ал енді жалпы «Арафа» сөзінің мағынасына келер болсақ, «танысу» дегенді білдіреді. Яғни адамзаттың атасы Адам мен Хауа ананың жер бетіне түсіп, Арафат тауында табысқан күні. Зүлхижжа айының 9 жұлдызын Арафа күні дейміз. Бұл күні қажылық рәсімдерін атқарып жатқан жандар үшін Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауында бір мезет болса да тұру парыз болып есептеледі. Қасиетті тауға аяғы тиген әр пенде Жаратқанға барынша жақындағандай, жүздескендей күй кешеді. Алла Тағала да олардың тілек-дұғаларын қабыл алады, күнәларын кешіреді делінеді.

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады»,-деген. Демек, кімде-кім Арафат тауында бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады екен.

Арафа күнінен кейін, Зүлхижа айының 10 жұлдызында Меккеге барған тәуапшылар қажылық парыздың соңғы міндетін – Құрбан айт мейрамының шарттарын орындауға кіріседі. Бұл күндері қажылармен бірге, бүтін мұсылман қауымы Алла разылығы үшін құрбандық шалады.

Сонымен қатар зүлхижжа айының алғашқы тоғыз күнінің артықшылығы жайлы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде былай деп баяндалған: «Алла Тағала ізгі амал істелген күндердің ішінде осы күндері (яғни, Зүл-хижжәнің алғашқы он күнінде) істелгенін ерекше жақсы көреді», - деп айтты. Адамдар: «Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болғаны ма?», - деп сұрағанда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Адам баласы Алла Тағала жолына өз жаны мен малын құрбан етіп, жан тапсырған болмаса, осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болады», - деп жауап берді.» (Хадисті Ибн Аббастан (р.ғ.) имам Бухари риуаят етті.)

Құрметті мұсылман ағайындар! Осы хадисте баяндалғандай зүлхижжа айының алғашқы 9 күнінде ораза ұстайтын болсаңыз, үлкен сауап болатындығын ұмытпағаныңыз жөн.

2015 жылдың Зулхижжа айының 9 күндік нәпіл оразасы

Мезгілі 15.09 16.09 17.09 18.09 19.09 20.09 21.09 22.09 23.09
Сәресінің аяқталуы 05:06 05:08 05:10 05:12 05:13 05:15 05:17 05:19 05:30
Ауыз ашар уақыты 20:11 20:09 20:06 20:04 20:01 19:59 19:56 19:54 19:51

Осынау құрбан айт күндері Алла Тағаланың берген ырыздықтарының шүкіршілігі ретінде келген меймандарға молынан дастархан жайып, пейілімізді тарылтпай, Аллаға ұнамсыз арақ ішу, жанжалдасу, бұзықтық жасау сияқты күнәлі әрі сауаптан құр қалдырар іс-әрекеттерден аулақ болған жөн. Сондықтан құрбан айт күндерін өз дәрежесінде қасиеттілігін ұғынумен өткізу әрбір мұсылманның міндеті. Алла Тағала еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, өркениетті, айбынды, дамыған мемлекеттердің қатарында бой түзеттіріп, Ислам дініне деген бет бұрысымызды одан әрі ынталандырып, екі дүние абырой сағадатына жетуді насіп етсін!

Асылхан қажы Мұханбетжанұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником