Барша мақтау мен мадақ Алла тағалаға және оның елшісі Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) салауат пен сәлемдер болсын!
Ұлы Жаратушы Иеміз әр нығметті белгілі себептерге қатысты қылып оны маңызды өлшемдермен жаратқандығы белгілі. Кез-келген нәрсенің босқа жаратылмағанын білеміз. Ақыл санамен толықтырып, тәніне рух берген адам баласы осы дүниенің ерекше тұлғасы деп айтсақ болады. Олай айтуымызға түрткі болған нәрсе пендеге діни міндеттердің мойнына жүктелуі, тыйым салынған амалдардан бойын аулақ ұстауы сияқты қажеттіліктерді қамтитын Құран –кәрім кітабының түсуі.
Бұл өмір дән егу болса, ақыретте сол дәннің жемісін көретін мекен. Қазақ халқы «Не ексең соны орасың» деп, тек қана бұл дүниені меңземесе керек. Мұсылман адам тілін кәлимаға келтіріп, еш салихалы амал етпестен пейішті армандауы әділетсіздік.
Оған тарихтан мына мысалды келтірсек болады. Уәһб ибн Мунаббих (р.а.) деген сахабадан бір кісі былай деп сұраған екен: тілімді кәлимаға келтіріп амал етпесем жәннатқа кіремін бе? Сұрағанда әлгі сахаба:«Тіліңді кәлимаға келтіргенің ол сенің кілтің, ал оның тістері салихалы амалдар, тісі жоқ кілтпен есікті қалай ашпақсың?» деп көңілге қонымды жауап берген екен.
Міне құрметті мұсылман бауырлар, Алла тағаланың бұйырған бес парызын орындау арқылы Оның ризашылығына бөленіп, мойнымыздан жүкті түсірген болып саналамыз. Бүгінгі айтылатын тақырыбымыз Жаратушы тараптан парыз болған амал зекет жайында.
Зекет (Құран аяттары және түсіндірмелері)
وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ ۚ وَمَا تُقَدِّمُوا لِأَنفُسِكُم مِّنْ خَيْرٍ تَجِدُوهُ عِندَ اللَّهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ
Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Өздерің үшін ілгері бір жақсылық жолдасаңдар, оны Алланың қасында табасыңдар. Шынында Алла (Т.) не істегендеріңді толық көруші.[1]
Зекет тиісті болған адамның ақысы болып саналады. Қандай да бір амалдармен Аллаға жақындауды қаласаң, намазды толық орындап, зекетті тиісті орынға бер. Сол арқылы ақыретте қарымын көресің деді.[2]
Зекеттің намаздан кейін келуі оның маңыздылығын білдіреді. Өйткені, ол Құранның жиырма жеті жерінде намазбен қатар қойылған. Зекет Һижреттің екінші жылы Рамазан оразасынан соң Шәууал айында парыз болды.
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِ ۖ وَلَا تَيَمَّمُوا الْخَبِيثَ مِنْهُ تُنفِقُونَ وَلَسْتُم بِآخِذِيهِ إِلَّا أَن تُغْمِضُوا فِيهِ ۚ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ حَمِيدٌ)
Әй мүміндер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан, тиісті орынға жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып әрең ғана алатын сапасыз нәрсені Алла жолында беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы. [3]
Яғни өздерінің адал және таза болған мал-дүние мен жерден өсетін ризықтарыңның белгілі бөлігін Алла жолында тиісті жерлерге жұмсау.
خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا
«Күнәларынан тазарып, малдары көбейіп берекеленуі үшін олардың (мұсылмандардың) малдарынан садақа (зекет) ал».[4]
Зекеттің хадисте келуі
Зекет әрбір нисап мөлшеріне жеткен мұсылман адамға парыз болуы жайында Алла елшісі (с.ғ.с.) хадистерінде былай деген:
عَنِ ابْنِ عُمَرَ رضي الله عنه قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم «بُنِيَ الإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ: شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَإِقَامِ الصَّلَاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَالحَجِّ، وَصَوْمِ رَمَضَانَ
«Мысалы, аса танымал хадисінде ол (с.ғ.с) былай дейді: «Ислам бес нәрседен: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне куәлік беруден, намаз оқудан, зекет беруден, қажылықтан және рамазан айында ораза тұтудан құралған», – деген. [5]
وَعنْ أَبي هُرَيرَة، أَنَّ أَعرابِيًّا أَتى النَّبِيَّ ﷺ فَقَال: يَا رَسُول اللَّهِ دُلَّني عَلَى عمَل إِذا عمِلْتُهُ، دخَلْتُ الجنَّةَ. قَالَ: تَعْبُدُ اللَّه وَلاَ تُشْرِكُ بِهِ شَيْئًا، وَتُقِيمُ الصَّلاةَ، وَتُؤْتِي الزَّكاَة المَفْرُوضَةَ، وَتَصُومُ رَمَضَانَ قَالَ: وَالذي نَفْسِي بِيَدِهِ، لا أَزيدُ عَلى هَذَا. فَلَمَّا وَلَّى، قالَ النَّبِيُّ ﷺ: مَنْ سَرَّهُ أَنْ يَنْظُرَ إِلى رَجُلٍ مِنْ أَهْلِ الجَنَّةِ فَلْيَنْظُرْ إِلى هَذَا مُتفقٌ عَلَيْهِ.
Бір бәдәуи келіп: «Маған жәннатқа жетелейтін бір амал айтыңызшы», - деп өтінгенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға еш нәрсені серік қоспай құлшылық ет, парыз намаздарыңды оқы, парыз зекетті бер, рамазан оразасын ұста», - дейді. Сонда бәдәуи: «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаға ант етейін, бұған басқа, артық еш нәрсе қоспаймын», - дейді. Ол кеткен соң, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімді жаннаттық адамды көру қуантатын болса, мына кісіге қарасын» - деген.[6]
Бұл хадисте зекеттің маңыздылығын көрсетеді. Тіпті Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұл амалдың жәннатқа апаратын жол екенін анық білдірген.
Зекет кімдерге парыз?
- Мұсылман болу
- Азат болу
- Нисап мөлшері
- Толық иелік ету
- Зекет малының өсімді болуы
- Негізгі қажеттерінен артық болуы
- Нисапқа толған дүние – мүлікке бір жыл толу
- Қарыз болмау
Зекет бермегендердің жағдайы (Дүниедегі жазасы мен пайдасы)
Зекет – сөзі тазалау, арту деген мағыналарды білдірсе, шариғат түсінігінде адамдардың өзіне тиіс болған мал-дүниесінен белгілі мөлшерін тиісті жерлерге беруін айтады.Зекет сөзінің өзі айтып тұрғандай, тазарту мағынасына сай келгендей пенденің мүлкін тазартып өзіне адал етеді. Дүниедегі зекет өтемегендер жоқшылыққа, төрт түліктің белгісіз ауруларға ұшыратып өлуіне себеп болуы, жерден өсетін дақылдардың өнбеуіне алып барады.
ما منع قوم الزكاة الا ابتلاهم لله با السنين
«Зекет бермеген қауымдарды Алла тағала міндетті түрде жоқшылық пен аштыққа ұшыратады». [7]
Әсілінде зекет мал-дүниені азайтпайды керсінше арттыратыны анық. Ол жайлы Құранда:
خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا
«Күнәларынан тазарып, малдары көбейіп берекеленуі үшін олардың (мұсылмандардың) малдарынан садақа (зекет) ал». [8]
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде зекет бермегендердің дүниедегі жағдайын сипаттай келе былай дейді:
وَلَمْ يَمْنَعُوا زَكَاةَ أَمْوَالِهِمْ إِلَّا مُنِعُوا الْقَطْرَ مِنْ السَّمَاءِ وَلَوْلَا الْبَهَائِمُ لَمْ يُمْطَرُوا
«Байлықтарынан зекет бермесе, аспаннан тамшы да тамбайды. Егер жан-жануар болмағанда, жаңбыр да жаумас еді». [9]
Ізгілердің ғибратты оқиғалары
Зекет пен намаздың арасын бөлген пенде шынайы иманның дәмін татпайды. Шамасы жетіп тұрған мұсылман сараңдықты жеңіп, зекетті тиісті орындарға беруі керек. Тарихта зекетті беруден бас тартқан мұсылмандарды қатаң сынға алып, тіпті олармен қарсы күрес жариялағанын білеміз.
Сол оқиғада Әбу Бәкір (р.а) кезінде: «Уаллаһи, намаз бен зекеттің арасын бөлушілерге қарсы сөзсіз күресемін! Шындығында зекет Алла берген мал-мүліктің ақысы. Уаллаһи, егер олар кезінде Алланың елшісіне (с.а.с.) беріп жүрген бір лақты бермейтін болса да мен сол үшін күресемін», – деген еді.
Осыдан әйгілі сахабаның осыншалықты зекеттің маңызды құлшылық екенін, қоғамдағы тепе-теңдіктің сақталуына түрткі болатынын терең түсінгенін көреміз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кезінде Сәһлаба деген сахаба болған еді. Әуелінде мешіттің құсы атанған сахаба жоқшылыққа шыдамы таусылып дүниесінің артуын Алла елшісінен (с.ғ.с.) сұраған болатын. Бірақ ол сахабаға осы жағдайыңа шүкір ет сен үшін сол қайырлы деген Алла елшісінің (с.ғ.с.) сөзіне құлақ аспай қайта-қайта Алладан дұға тілеуін өтінеді. Әлбетте адамзаттың асыл тәжі болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғасы қабыл болатыны мәлім.Сөйтіп уақыт өте келе дұғасы қабыл болып, Сәһләбаның мал-дүниесі көбейеді. Дүниеқоңыздықтың салдарынан бес уақыт намазды мешітте оқудан қалып, тіпті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хал жағдайын сұраудан қалады. Күндердің күнінде Алла тағаладан зекеттің парыз болғандығы жайлы аят түсіп, мұсылмандардан мал-дүние жинау басталады. Сахабалар зекет алу үшін Саһлабаға келгенде ол кісі зекетті беруден сараңдық танытады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) әлгі сахабаға үш рет қайталап: «Қайғы болсын, саған ей Саһлаба» – дейді.[10]Кейін мына аят түседі:
وَمِنْهُم مَّنْ عَاهَدَ اللَّهَ لَئِنْ آتَانَا مِن فَضْلِهِ لَنَصَّدَّقَنَّ وَلَنَكُونَنَّ مِنَ الصَّالِحِينَ
فَلَمَّا آتَاهُم مِّن فَضْلِهِ بَخِلُواْ بِهِ وَتَوَلَّوْا وَّهُم مُّعْرِضُون
«Тағы олардан біреулер: «Егер Алла, бізге өз кеңшілігінен мал берсе, әрине садақа беріп, игілерден болар едік» деп Аллаға серт берді» .
«Ал оларға Өз кеңшілігінен берген кезде, олар оған /Алланың бергеніне/ сараңдық етті әрі /серттерінен/ жалтарып, теріс бұрылды». [11]
Сәһлаба сахаба тәубесіне келіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мал-дүниесінің барлығынан зекетін беремін деп келгенде, Ол одан бас тартады. Сондай-ақ Әбу Бакір (р,а,) халифалығы кезінде де зекетін қабылдамай қояды. Халифа Омар (р.а.) дәуіріне келгенде, Ол Алла елшісі (с.ғ.с.) мен Әбу Бәкір (р.а.) алмаған зекетті мен қалайша аламын деп бас тартады. Зекет бермей сараңдық танытқан адамнан соңғы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және ұлы сахабалар қабылдамағандықтанкейінгі оның бейшара тағдырын көз алдыңызға елестете беріңіздер.
Зекет бермегеннің ақыреттегі жазасы
Зекет бермей сараңдық танытқан мұсылманды Алла тағала ертең ақыретте күтіп тұрған азаппен ескертеді.
Құранда:
وَالَّذِينَ يَكْنِزُونَ الذَّهَبَ وَالْفِضَّةَ وَلَا يُنفِقُونَهَا فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَبَشِّرْهُم بِعَذَابٍ أَلِيمٍ ْ يَوْمَ يُحْمَىٰ عَلَيْهَا فِي نَارِ جَهَنَّمَ فَتُكْوَىٰ بِهَا جِبَاهُهُمْ وَجُنُوبُهُمْ وَظُهُورُهُمْ ۖ هَٰذَا مَا كَنَزْتُمْ لِأَنفُسِكُمْ فَذُوقُوا مَا كُنتُمْ تَكْنِزُونَ )
«Алтын, күмісті жинап, оны Алланың жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Жиналған алтын мен күміс тозақ отында қыздырылып, онымен маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланатын қиямет күні оларға: «Міне, мынау – өздерің үшін жиған дүниелерің. Ал енді қанеки, жинағандарыңның дәмін татыңдар!». [12]
Ислам ғалымдары осы аятқа былайша түсіндірме берген. Сараң байлардың дүниеде бермеген алтын-күмістері түбінде өздеріне азап болып келеді. Әлгі алтын-күмістері тозақ отына қыздырылып, олардыңкезінде көрсеткен тәкәпәрлықтары өздеріне үлкен соққы болып тиеді. Мына жалған тіршілікте: «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы берік ұстанғанға не жетсін.[13]
Сахих Муслимде келген хабарда: «Мал дүниесінен зекет шығармаған кісіге қиямет күні оттан болған темірмен маңдайы, бір жақ бүйірі және арқасы күйдіріледі. Ол азап елу мың жыл көлеміндей созылып, кейін Раббысы мен құлының арасында есеп беру күні басталады. Уақыт өте оның жәннатқа немесе тозаққа баратын жолы көрсетіледі.»[14]
عَنْ جَابِرٍ بْنِ عَبْدِ اللهِ الأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يقول: »مَا مِنْ صَاحِبِ إبِلٍ لَا يَفْعَلُ فِيهَا حَقَّهَا إلَّا جَاءَتْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَكْثَرَ مَا كَانَتْ وَقَعَدَ لَهَا بِقَاعٍ قَرْقَرٍ تَسْتَنُّ عَلَيْهِ بِقَوَائِمِهَا وَأَخْفَافِهَا، وَلَا صَاحِبِ بَقَرٍ لَا يَفْعَلُ فِيهَا حَقَّهَا إلَّا جَاءَتْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَكْثَرَ مَا كَانَ وَقَعَدَ لَهَا بِقَاعٍ قَرْقَرٍ تَنْطَحُهُ بِقُرُونِهَا وَتَطَؤُهُ بِأَظْلَافِهَا لَيْسَ فِيهَا جَمَّاءُ وَلَا مُنْكَسِرٌ قَرْنُهَا، وَلَا صَاحِبُ كَنْزٍ لَا يَفْعَلُ فِيهِ حَقَّهُ إلَّا جَاءَ كَنْزُهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ شُجَاعًا أَقْرَعَ يَتْبَعُهُ فَاتِحًا فَاهُ فَإِذَا أَتَاهُ فَرَّ مِنْهُ فَيُنَادِيهِ: خُذْ كَنْزَك الَّذِي خَبَّأْتَهُ فَأَنَا عَنْهُ غَنِيٌّ، فَإِذَا رَأَى أَنْ لَا بُدَّ لَهُ مِنْهُ سَلَكَ: أَيْ أَدْخَلَ يَدَهُ فِي فِيهِ فَيَقْضِمَهَا قَضْمَ الْفَحْلِ«. رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Жәбірден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қандай да бір түйелердің иесі (сол түйелерінің) ақысын – зекетін бермесе ол кең, тақыр далада етпетінен жатқызылады да өзі білетін түйелерінің саны бұрынғыдан әлденеше есе молайып, оның үстінен тұяқтарымен, аяқтарымен таптап өтеді. Қандай да бір сиырдың иесі (сол сиырларының) ақысын – зекетін бермесе, ол кең, тақыр далада етпетінен жатқызылады да өзі білетін сиырларының саны бұрынғыдан әлденеше есе молайып, оны мүйіздерімен сүзгілеп, тұяқтарымен таптап өтеді. Сонда олардың арасында тоқалы, мүйізі сынғаны болмайды. Қандай да бір қазынаның (алтын-күмістің) иесі оның зекетін бермесе, Қиямет күні ол қазынасы басы жылтыр үлкен аждаһа жылан түрінде келіп, аузын ашып оның қыр соңынан қалмай қуады. Жылан жақындап келгенде ол қашады. Сол кезде: «Осыған дейін тығып келген қазынаңды ал! Мен (Алла) оған мұқтаж емеспін!» деген дауыс естіледі. Ақырында қашып құтылмасын білген соң ол қолын аждаһаның аузына салады. Сол кезде ол оны бураның шайнағаны сияқты шайнап тастайды».[15]
Мал-мүліктері өздеріне таусылмастай көрініп, одан еш айырылмайтындай өмір сүрген ашкөз адамдар о дүниедегі қиыншылықтарын көргенде сол жиған-тергенінен құтылғысы келеді. Бірақ барар жер таппай әбден амалы таусылады. Алланың елщісі (с.ғ.с.) зекет бермей сараңдық танытқан пенделердің халін осылай қорқынышты жағдайда сипаттаған.
Әнәс жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):
أَنَسَ بْنَ مَالِكٍ ، يَقُولُ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : وَيْلٌ لِلْأَغْنِيَاءِ مِنَ الْفُقَرَاءِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ، يَقُولُونَ : رَبَّنَا ، ظَلَمُونَا حُقُوقَنَا الَّتِي فُرِضَتْ لَنَا عَلَيْهِمْ ، فَيَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ : وَعِزَّتِي وَجَلَالِي ، لَأُدْنِيَنَّكُمْ وَلَأُبَاعِدَنَّهُمْ ، ثُمَّ تَلَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : الَّذِينَ فِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ مَعْلُومٌ لِلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ
«Ақирет күні кедейлердің (ақысын бермеген) байларға қандай өкінішті. (Кедейлер) Уа, Раббымыз! Бұлар бізге мойындарына парыз етілген ақымызды бермеді», - деп наразылық танытады. Сонда Алла тағала: «Ұлылығым мен шексіз даңқыма серт! Сендерді құзырыма жақындатып, оларды өзімнен алыстатамын», - дейді. Содан соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Олардың малдарында сұрағанға да, сұрамағанға да тиісілі үлес бар» деген аятты оқыды.[16]
Байлардың мал – дүниесінде кедейлердің де үлесі бар. Мұқтаждардың ақысын беру арқылы Алланың берген дүниесін өздеріне адал етеді. Ата бабамыз бір сөздерінде: «Бай байлығын Құдайдан көрсе, кедей кедейлігін байдан көреді» - деген.
Зекет кімдерге беріледі
Зекеттің парыз болуымен қатар оны қандай кісілерге берулайықтырақ.Жаратушы Иеміз адам баласының табиғатын білгендіктен оларға зекетті таратуда өз беттерінше шешім қабылдауға рұқсат бермеген. Алла тағала Құранда зекетті төмендегі кісілерге беруді бұйырды. Құранның тәубе сүресінде былай дейді:
إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ فَريضَةً مِنَ اللَّهِ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيم
«Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедейлерге, міскіндерге, зекет жинаушыларға, жаңа мұсылмандарға, құлдарға, борыштыларға, Алла жолында жүргендерге, жолаушыға (беріледі)». [17]
- Пақырға
- Міскінге
- Зекет жинауға тағайындалған адамға
- Ислам дінін жаңа қабылдаған кісіге (Муәллафатул-қулуб)
- Құл азат етуге (Зекет арқылы құлды азат ету үшін жұмсау)
- Қарызы бар кісіге
- Алла (дін) жолындағылар
- Жолаушы
Мақаладан алатын ғибраттар
- Алланың разылығына бөлену
- Парыз болған жүкті мойнынан түсіру
- Дүниеде мал-дүниенің берекеленуі
- Тозақ отынан құтылуға себепші болуына
- Қоғамда тепе-теңдік сақталуына
Сөзімізді қорытындылай келе Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мына дұғасын естен шығармай айтып жүрейік:
اللَّهُمَّإِنِّيأَسْأَلُكَعِلْمًانَافِعًا،وَرِزْقًاطَيِّبًا،وَعَمَلًامُتَقَبَّلًا
«Я, Алла! Расында, мен Сенен пайдалы білім, адал ризық-несібе әрі (өз құзырында) қабыл болатын амал сұраймын!». [18]
Алла тағала баршамызға адал ризық берсін. Алланың жолында зекет беретін салихалы құлдардың қатары арта түссін! Әмин.
Пайдаланған әдебиеттер.
- Бақара сүресі 110 аят
- Ат-Тафсир аль уадых аль-Муяссар. Шейх Мухаммад Али ас-Сабуни
- Бақара сүресі 267 аяты
- Тәубе сүресі 103 аяты
- Бұхари мен Мүслім риуаят еткен
- (https://binbaz.org.sa/audios/2686/3)
- Табарани, 5/26
- Тәубе сүресі 103 аяты
- Ибн Мажә, 4019
- http://islamdag.ru/istoriya/31041
- Тәуба сүресі 75-76 аяттар
- Тәубе» сүресі, 34-35-аяттар
- Сафуату- тафаасир 534б
- Сафуату- тафаасир 534б
- Мүслім риуаят еткен.
- Ислам ғылымхалы (Ханафи мазхабында) 506 б. Зекет
- Тәубе, сүресі 60 аят
- Ибн Мәжа
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы
Абзал Сұлтанғалиұлы