Барша мақтау Әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын, және оның елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.)-ға салауаттар мен сәлемдер жолдаймыз.
Адам баласының бұл дүниеде өз орнын тауып, тура жолдан ауытқымай діттеген мақсатына жетуі үшін де жолсерік қажет. Әркімнің өскен ортасы, ата-анасы, отбасы, туған-туыстары және жора-жолдастары өмірінің маңызды кезеңдерінде онымен бірге болатынын білеміз. Өмірдің ащысы мен тұщысы болады, кезектесіп жетістіктері қоса жүреді, қуанатын да, құлдилайтын да сәттеріңде саған бағыт-бағдар көрсететін де осы кісілер. Бүгінгі тақырыпта қозғайтын мәселеміз дос таңдау жайлы болады. Достықтың нағыз символы, Ислам тарихындағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірлік, ақыреттік серігі, жан досы Әбу Бәкір (р.а.) арасындағы сыйластық пен адалдықтың өзі біздер үшін үлкен үлгі өнеге.
Құранда Алла Тағала:
الأَخِلاءُ يَوْمَئِذٍ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ إِلا الْمُتَّقِينَ
«Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады»[1].
Дос таңдағанда ықлас иелерін, тақуаларды, ақиқатқа шақырушыларды, ғұламаларды және дүниеге қызықпайтындарды жақын дос тұту, оларға еру міндет болады. Халық арасында: «Бір кісі жайлы сұрағың келсе өзінен сұрама, қасындағы жақын досынан сұра» деген тәмсіл бар.
Достықта адамды жақсылыққа немесе жамандыққа бұйыратын үлкен күш бар. Тіпті, пенденің ақылын тазартуға, мінез-құлықты ластауға жетіп артатындай әсері бар. Тіршілігінде адамгершілік пен тыныштықта өмір сүру үшін, дінінде түрлі бүліктерден және адасушылықтан аман болу үшін дос таңдау уәжіп (міндет) болады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:
الرجل على دين خليله، فلينظر أحدكم من يخالل : أن النبي ﷺ قال
«Кісі өзінің досының дінінде болады, сендерден біреулерің кіммен дос болып жүргеніне қарасын» - деген[2].
Яғни, досының ұстанған жолы, ақыл-кеңесінде онымен бірге болады. Өмірлік досымызды таңдағанда жақсы мінезді және саған сүйеу болатындай, қажет кезде теріс бұрылып кетпей, қиыншылықта қасыңнан табылатын, жақсылықта жәрдемші, ал, адасушылық пен жаманшылықта бастары бірікпейтін жолдас болуы қажет.
Алла Тағала Өзінің кітабы Құранда:
وَاتَّقُوا فِتْنَةً لَّا تُصِيبَنَّ الَّذِينَ ظَلَمُوا مِنكُمْ خَاصَّةً ۖ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ
«Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан сақтаныңдар. Сондай-ақ, Алланың қатты азап иесі екенін біліңдер»[3].
Лұқман хакім өзінің баласына өсиет қылып былай дейді: Ей балақай, күнәға бейім, пасық балалармен бірге отырып жүрме, себебі аспаннан бір азап келіп, саған да соның ұшы тиіп кете ме деп қорқамын. Керсінше, ғұламалар мен салихалы абзал жандармен бірге бол, өйткені жарамсыз құрғап қалған жерді жаңбыр жауу арқылы өсімдік өсіріп, тіршілік пайда болғаны секілді, өлген жүректі даналардың хикмет сөзімен нұрландыратынын ескерткен.
Әнәстан (р.а.) хадисте, Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деді:
«Құран оқушы мүмин тамаша иісті және дәмді, тәтті лимон секілді, ал Құран оқымайтын мүмин иісі жоқ, бірақ дәмді құрма секілді. Құран оқитын екіжүзді хош иісті, бірақ дәмі ащы райхан секілді, ал Құран оқымайтын екіжүзді, иісі де жоқ дәмі де ащы колоквинт (өсімдіктің бір түрі) секілді»[4].
Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) былай деді: Өзіңе пайдасы жоқ нәрсеге назар аударма, дұшпаннан аулақ бол, сенімді болған досқа жақында, бұзық адамнан алшақта, өйткені ол өзінің жаман істері арқылы саған кесірін тигізеді. Оған сырыңды ашпа, өзіңнің ісінде кеңесетін адамдарың, Алладан қорқатын адамдар болсын, сол нәрсе дәреженің жоғарлауына себеп болады.
Алла тағала Өзінің кәләмі Құранда кімдермен дос болу керек екенін былайша баяндайды:
وَإِنَّ الظَّالِمِينَ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ ۖ وَاللَّهُ وَلِيُّ الْمُتَّقِينَ
Шынында залымдар бір-бірінің досы. Сондай-ақ Алла тақуалардың досы[5].
Жаман достар ертең қияметте бір-бірін танымайтын болады. Бірақ, бұл дүниеде танитын еді. Жалған өмірде сырттай дос болғанымен, іштей бір-бірімен жеккөрушілікте, дұшпандықта өмір сүріп, жаманшылық пен адасушылықта бастарын қосқан еді. Арзымайтын мал-дүние мен құлқынның қамы үшін дос болып жүрген кісі, бір күні тақырға отырғаныңда сенімен достығын тоқтататын кісі. Ал тақуа жандар болса, бұл қара ниеттен аулақ, олар әрдайым жақсылықпен, шынайы бауырластықта бас қосады. Жақсы дос пен жаман достар бұл дүниеде қандай қарым-қатынаста болған болса, қияметте де сондай күйде болады. Бір-біріне ашулы болғандар дұшпан, ал сүйіспешілікте болғандар бауыр болады.
Құранда:
الأَخِلاءُ يَوْمَئِذٍ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ إِلا الْمُتَّقِين
«Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады»[6].
Халил – деген сөздің мағынасы дос, жақын адам деген мағынада келеді. Құранда Алла тағала Пайғамбары Ибраһим (а.с.) «Аллаһ тағала Ибраһимді дос тұтты» - деген. Яғни, ізгі, шынайы амалы үшін жақын тұтты мағынасында[7].
Дос таңдауда біліп жүруіміз керек болған нәрсеміз, дін ғұламаларымен бірге отыру, өйткені қасында болып, сұхбатына қатысу, адамға үлкен бір әсерін береді. Ақымақтармен бірге отыру, пендені қор етеді. Өйткені, надан саған пайда беремін деп, зиянын беріп қоюуы мүмкін. Қазақта: білімдімен дос бол - сасқанында ақыл береді – деп білімді, ақылды кісілермен дос болуға шақырған.
Ізгілерден қалған бір сөз бар: Досың ғалым болсын немесе ілім алушы болсын, бірақ надандардан болмасын, олардан алшақ жүр – деген екен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларымен келе жатқанда қарғысқа ұшыраған қауымның қабірінен тез-тез жүріп өткенін хабар етеді. Оларға келетін азаптың бір ұшы бізге де келіп қала ма деп қорыққан.
Әбу Саһид әл-Худридан (р.а.) келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Мүміннен басқасын дос тұтпа және дастарханыңнан тек тақуалар дәм татсын» - деген[8].
Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) былай деген екен: Шыншылмен дос бол, олардың қанатының астында өмір сүр, қиыншылық кезде саған көрік, зейнет және басыңа бәлемен, қиыншылық келіп қалған кезінде жәрдемшің болады.
Имам Ғазали өзінің ғибратты сөзінде дос таңдаған адам мына бес қасиетіне мән берсін деген: 1. Ақылды болуы 2. Көркем мінезді 3. Пасық күнәһар болмауы 4. Бидғатшы 5. Дүниеқұмар болмауы, секілді сипаттарға қатты мән беруі керек екенін ескерткен.
Ақылдылық - жақсы ойға дұрыс бағытқа жол көрсетеді. Ақымақпен сұхбат құру достықты үзуге, жалғыздыққа алып барады.
Бірде имам Әбу Ханифа (р.а.) мешітте шәкірттеріне фиқһтан сабақ беріп жатқан екен, сол кезде дәріске жүзі әдемі, киімі жарасымды бір кісі кіріп келеді. Сонда Имам аяғын жинап құрмет көрсетеді. Имам сабағында ақшам намазының уақытының кіруі күн батқаннан, қызыл шапақ жоғалғанға дейін жалғасады деп түсіндіргенде: Әлгі кірген Кісі, сұрақ қою мақсатында Имамға: егер күн батпаса не болады дегенде, Имам Әбу Ханифа: Ол кісінің ақылының аз, зеректінің нашар екендігін сездім, енді Әбу Ханифа аяғын созса бола береді - деген екен.
Көркем мінез – Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мінезге қатысты хадисінде: «Мүміннің иман тұрғысынан ең кемелі мінез-құлқының жақсы көркем болғаны» деп айтқан.
Көркем мінезді, шыншыл кісілермен дос бол. Сенің сырың мен айыбыңды жасырады, қиын кезде сенімен бірге болады, өзінің қымбат нәрсесін саған береді, жақсылығыңды жаяды, кемшілігіңді жабады. Жағымпаз, сөзі әдемі, бірақ жүрегінде арам ойы бар достан сақтан. Басыңа іс түскенде тастап кетеді.
Пасық болмау – Пасық кісімен дос болу, сұхбаттасу, саған еш пайда әкелмейді. Құранда Алла тағала:
وَلا تُطِعْ مَنْ أَغْفَلْنَا قَلْبَهُ عَن ذِكْرِنَا وَاتَّبَعَ هَوَاهُ وَكَانَ أَمْرُهُ فُرُطًا
«Тек нәпсі қалауының соңына ергендердің сөздеріне құлақ аспа. Өйткені, олардың жүректерінен Біз жайлы оларды шығарып, селқос қып қойғанбыз. Сондықтан олардың барлық ісі құрдымға кетеді[9]».
Бидғатшы болмау – Дінде негізі жоқ нәрсені ойлап табатын адам. Бұндай кісінің достығында қатер бар. Ондай кісімен ара үзу әбден лайықтырақ. Әл-Фудайл ибн Йиад айтты: Кімде-кім дінге жаңалық енгізушіні жақсы көрсе, оның істері бекер және жүрегінен Алла тағала Исламның нұрын алып қояды деген[10]. Керсінше ықласты, шыншыл иелерімен достықты құру.
Сөзімізді қорытындылай келе дос таңдау жәй ғана амал емес, керсінше көңіл бөлетін, аса сақтықпен қарайтын бағыт-бағдар екенін білдік. Әйтсе де, адам баласы өзінің нәпсісін тәрбиелеумен, жүрегін барлық жаман әдеттерден тазалаумен айналысса, жақын адамдарын да сондай күйде табатынын ұмытпау қажет. Үнемі жақсылықты қалап, пайдалы істермен шұғылданып, уақытын босқа өткізбей жүрген, пенденің жан дүниесі де сондай өзі секілді ізгі достарды іздейтінін білгеніміз жөн.
Қостанай облыстық мешітінің найб имамы Абзал Сұлтанғалиұлы
- Зухруф сүресі 67 аят.
- Әбу Дауд 259/4, хасан хадис.
- Әнфәл сүресі 25 аят.
- 4. Бұхари, Муслим
- Жәсия сүресі 19 аят.
- Зухруф сүресі 67 аят.
- Ниса сүресі 125 аят.
- хасан хадис.
- Кәф сүресі 28 аят.
- Абу Ну’айм 8/103.
Пайдаланған әдебиеттер:
Құран кәрім (қазақша аударма)
2. «Әл-маусуғатул минбария фил-хутоби» кітабынан аударылды.