Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы мен наиб имам Әлішер Ертайұлы Бейімбет Майлин ауданына сапары кезінде аудан орталығындағы қос мектепте ұстаздар және үстіміздегі жылы білім ордасын аяқтағалы отырған түлектермен кездесті.
Олар басқосу барысында суицидті (өз-өзіне қол жұмсау) Ислам діні де қолдамайтындығын айтты. Жастарымыз мұңдай жағымсыз әдеттерден мүлдем аулақ болулары қажет екендігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар мектептердегі болған жүздесуде облыстың Бас имамы үстіміздегі жылғы барша түлектерге Ұлттық бірінғай тестті тапсыру кезінде сәттілік тілеп, оларға батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы үстіміздегі жылғы Тәуелсіздігімздің 30 жылдығына орай еліміздегі мешіттердің ғимаратын және дінге еңбегі сіңген имамдардың тұрғын үйлерін жөндеуден өткізу жөніңде бастама көтерген болатын.
Қостанай облысында да бұл игілікті бастама қолдау тауып жатқаны белгілі. Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты деректер мен дәйектерге сүйенгеніміз абзал.
Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет осы ауданға сапармен барған кезде аудан әкімінің орынбасары дін қайраткерін жергілікті имам Ислам Хамзинге берілген баспананы жөндеу барысымен таныстырды. Жұмыс сапасы көңілге қуаныш ұялатады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өткен қасиетті Рамазан айы кезінде Қостанай облыстық мешітінде «Діни білім және кадрлық әлеует» бағыты бойынша танымдық-тағылымдық жағы мол игі басқосулар мен басқа да игі шаралар болып өтті.
Өңірдегі барлық аудандар мен қалаларда қасиетті айда «Құран Кәрім» хатым етілді. Мысалы, ер кісілер жамағаты 108 рет офлайн, 9 рет ал әйелдер 3 рет офлайн, 7 рет онлайн түрінде хатым жасады.
Сондай-ақ, дін саласында қызмет атқарып келе жатқан ұлағатты ұстаздар да «Құран оқып үйренейік» және «Намаз оқып үйренейік» тақырыптарында онлайн және офлайн форматында дәрістер оқып, шеберліктерімен көзге түсті.
Осы тақырыптар ұйымдастырылған кезде әрбір мұсылман білуге тиісті мағлұматтар барынша қамтылды. Онда ер кісілер және әйел-қыздар жамағаты өздеріне беймәлім және өмірде жиі кездесетін деректер мен дәйектерден хабардар болды.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы арнайы іс-сапармен кеншілер қаласы Рудныйда болды.
Онда қаланың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлымен бірге қала әкімі Қуандық Қайдарұлы кездесті. Бұл кездесуде қазіргі таңдағы қаланың діни ахуалы және Алланың үйі мешітке қатысты кейбір мәселелер қозғалды.
Атап айтқанда әркімнің басында болатын қайғылы жағдай орын алғанда, яғни жақыны қайтыс болғанда оның шариғатқа сай арулап жуу мәселесі.
Себебі қалалық жердегі үйде бұл шараны өткізу біраз ауыртпашылық туғызатындықтан алдағы уақытта мешіт қасынан осындай арнайы орын дайындау туралы мәселе қарастырылды.
Сонымен қатар әкім Қуандық Рақымұлы дін қайраткерлеріне жақында жұмысын бастаған «109 Бірыңғай диспетчерлік орталығы» жұмысын таныстырды.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Өткен жылы еліміздегі індетке байланысты Рамазан айының айты өтпеген болатын. Биылғы Ораза айтта облыс бойынша барлық мешітте айт намазы оқылып, мерекелік шаралар өткізілді.
Міне айттың бірінші күні облыстық мешітте айт намазы оқылып, Бас имам Бахытбек қажы Нұрғабылұлы жиналғанды құттықтады. Сонымен қатар осы күндері айт мерекесі қарсаңында түрлі шаралар өткізілетінін атап өтіп, халықтың оған атсалысуын үндеді.
Келесі күні Жангелдин ауданының Милісай аулында Рамазан айты атты үлкен шара ұйымдастырылып, оған елімізден белгілі тұлғалар, дін қайраткерлері мен айтыскер ақындар бас қосты.
Осы күндері әйел-қыздар секторы балаларға базарлық атты шара өткізді. Оғанда жамағаттағы балар ойын-сауық кешенінде көңілді демалыс өткізіп айтты атап өтті.
Сонымен қатар ерлер жағы ат үстінде көкпар тартысып, Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен салауаты болсын) сүнетімен күрес ұйымдастырып айтты ерекше атап өтті.
Осылайша қасиетті Рамазан айының айт мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Арқалық қаласындағы «Мухтасиф Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы да қасиетті Рамазан айынан кейін келетін Ораза айт мерекесін қуанышпен қарсы алды. Бас имам Дархан Исламбекұлы барша мұсылман бауырларымыз бен қала тұрғындарын осынау мейраммен шын жүректен құттықтады.
Ол Ораза айт мерекесінің жұртшылықты өзара бірлігімізді арттыруға, татулыққа, мейірімділікке, қайырымдылыққа шақыруда ерекше орын алатындығын тілге тиек етті.
Мешітте қайырымдылық шараларына айрықша назар аударылады. Оның жарқын айғағы ретінде Рамазан айында қала бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, мұқтаж жандарға жалпы жамағат пен кәсіпкерлердің қолдауымен 4,5 млн теңгеден астам қаражатқа көмек көрсетілді.
Мейрам күні кәсіпкерлер мен жүрегі жомарт жандар тарапынан да қолдау көрсетілді. Мәселен, Арқалықта жаңадан ашылған «Тоrqai plaza» кешенінің иелері бүлдіршіндерге сол өздеріндегі ойын алаңында бір күн бойы тегін асыр салып, алаңсыз ойнауларына толық мүмкіндік жасады.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Рудный қалалық «Нұр» мешітінде Ораза айттың алғашқы күні намаз оқылып, уағыз-насихат айтылды. Елдің амандығы үшін дұға жасалды. Содан соң далада дастарқан жайылып, айт шайы берілді. Жамағат дастарқанға арнайы қойылған бауырсақ, құрма, тәтті жемістерден ауыз тиді. Бір-бірін мерекемен құттықтады.
Осы күні 20 отбасына азық-түлік қоржындары табыс етіліп, көпбалалы жанұялардың және намазхандардың балаларын демалыс саябағында мерекені атап өтті.
Балдырғандар аттракциондарда тегін ойнатылып, балмұздақ, тәтті шырындар тарту етілді. Міне, осы қуанышты сәттердің басы-қасында жүрген мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиевтің адамгершілік, іскерлік қырларына жұртшылық тәнті болды.
Сонымен қатар, қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығына төзіп, қала тазалығына ерекше үлес қосқан кісілер де назардан тыс қалған жоқ. Оларға ізгі тілек білдіріліп, 150 адамға ыстық палау таратылды.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Мамыр айы айтулы оқиғаларға толы екендігі белгілі. Соның ішінде Ұлы Жеңіс күні ерекше орын алады. Өйткені, сонау бір отты жылдары әрбір шаңырақтан Отан үшін от кешкен азаматтар аз болған жоқ. Соғыстан аман-есен оралған аға буын өкілдерінің қатары да жыл өткен сайын сиреп келеді. Жас ұрпақ олардың алдында мәңгілік қарыздар.
Бұл күндері Әулиекөл ауданында Ұлы Отан соғысының үш ардагері - Алдаберген Каскин, Василий Туз және Владимир Приставский ғұмыр кешіп жатыр.
Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында «Әмит ишан» мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Сыздықов пен наибы Әл-Фараби Кенжеғара 95 жастағы Алдаберген Қасқаұлын мерекемен құттықтап, ардагерге сый-сияпат жасады.
Оларға дән риза болған ардақты ақсақал өзінің майдандағы жорық жолдары жайлы әңгімеледі.
Атамыз екінші Белоруссия майданында болып, Белоруссия мен Литваны жаудан азат етуге қатысқан. Польшаға барар жолда Одер өзенін алу кезінде ерлік танытты. Осынау жорықта жарақаттанып, госпитальда емделіп шыққан.
Қайсар азамат Германияның Данциг, Брецлау, Росток қалаларын жаудан азат етуде болған. Соғыс жеңіспен аяқталса да Германияда қызметке қалып, туған жерге 1950 жылы ғана оралған.
Алдаберген Қасқаұлы майдандағы және бейбіт күндердегі көрсеткен ерлігі мен еңбектегі жетістіктері үшін ІІ дәрежелі “Ұлы Отан соғысы” және “Қызыл Жұлдыз” ордендері, “Совет Одағының маршалы Г.К.Жуков”, “Белоруссиядағы жеңіске 60 жыл”, “Украинаны фашистерден азат еткеніне 60 жыл”, “Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл”, “Астанаға 10 жыл”, “1941-1945 жылдарғы соғыс ардагері” және басқа да көптеген медальдармен марапатталды.
Көкірегі шежіреге толы атамыз бүгінгі өскелең ұрпақ туған жерінің нағыз патриоты болып қалыптасып, елі мен жерінің нағыз жанашыры әрі қамқоршысы болып өссе деп армандайды.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Жақында Әулиекөл ауданындағы дін мәселесі жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері осы аудандағы ішкі саясат бөлімінің басшысы Қазбек Оразбаев пен «Әмит ишан» мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Сыздықов Құсмұрын кентінде болды. Олар мұнда екі мектептің оқушылары және кент әкімдігінің аппаратымен кездесті.
Жүздесуде бас имам жиналғандарға Ислам – бейбітшіліктің діні екендігін және оның қатыгездік пен қантөгіске түбірімен қарсы екендігін айтты. Сондай-ақ, бұл дін кімді болсын адамгершілікке, кішіпейілдікке, парасаттылыққа, мейірімділікке шақыратынына да ерекше тоқталды.
Дін қайраткері өз тарапынан алдағы уақытта білім ордаларымен осындай берері мол кездесулер өткізуге, оларды толғандырып жүрген маңызды сауалдарға нақты жауап беруге айрықша назар аударатындығын жеткізді.
Бұдан кейін ақпараттық-түсіндіру тобы кенттегі «Хақ» мешітінің жамағатымен жүздесіп, қасиетті Рамазан айының қадір-қасиеті жайлы әңгімеледі. Намазхандардың көкейлерінде жүрген көптеген сауалдарына жауап берді.
Топ мүшелері ауданда діни сауаттылықты арттыру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында нақты жұмыстар атқарыла беретіндігін де тілге тиек етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі