Өмірдің жақсы да, мәнді жағынан мол үлес алған дана халқымыз Құдай тағаладан сеніміне селкеу түсірмей, жүрегіне иман, әулетіне береке мен амандық тілеп отырған. Досына адал, көршіге барынша қамқор бола білген.
Асыл дініміз Ислам көрші ақысына ерекше мән беріп, оған деген қарым-қатынасты жақсартуға шақырады. Халқымызда: «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» деген нақыл бар. Шынымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғы немесе қуанышпен алдымен бөлісетін жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. Алла Тағала құранда: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және жамағайын көршіге жақсылық жасаңдар».
Аяттың мағынасында алыс және жақын көршіге жақсылық жасауды бұйырып тұр. Яғни, көршінің ұлтына немесе дініне қарай емес, ол қай ұлттың өкілі, қай діннің өкілі болмасын қолымыздан келгенше жақсылық жасауға міндеттелген. Міне, осылайша Құдай тағала Өзінің құлдарын басқалармен бірге көршілерге де жақсылық жасауға бұйырды.
Ибн Омардан (р.ғ.) жеткен риуаятта ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», − деген. Ой жүгіртіп қарасақ, бұл хадисте көршінің дәрежесі қандай екені аңғаруымызға болады. Дінімізде көршіге қандай да бір залал тигізіп, жамандық жасауға ұзілді-кесілді тыйым салынған. Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне еш зиян тигізбесін».
Көршілерге жақсылық жасау оңай болғанымен, өкпелетіп қойса, көтеру қиын болып жататындығы жасырын емес. Осы орайда ардақты пайғамбарымыздың өнегелі оқиғасын айтып өтсек, баршамызға өмірлік сабақ болары анық. Пайғамбарлар сұлтаны, Өзіне жәбір беріп, жолына нәжіс заттарды төгіп қоятын иман келтірмеген көршісі ауырып қалғанда, оның халын сұрап барады. Осындай керемет қарым-қатынасы арқылы сол көршісінің иман келтіруіне себепкер болған. Сондықтан біз де, көршіміз нашар адам болса да, қандай зиян тигізіп жатса да оған сабырлық еткеніміз абзал. Ондай көршіні мүмкіндігімізше тура жолға шақырып, жақсылыққа үндеуіміз қажет.
Міне, байқағанымыздай көршімен көрші алдындағы ақысы өте жоғары, сондықтан оларға қолымыздан келген жақсылық жасауға тырысуымыз қажет. Кейде болмашы бір жер үшін дауласып жатамыз немесе екі үйдің кішкене балалары келіспей қалғаны үшін көршілермен ауыр-ауыр сөзге кеп жатамыз. Және сол көршіміздің қателігін басқаларға айтып жамандап жатамыз. Бұл өте ауыр нәрсе. Көршімен көрші тату болса, елдің-қоғамның тыныштығының кепілі. Бұл біздің келешек ұрпаққа қалдырған жақсы ғибратты өнегеміз болмақ.
Дана халқымыз: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», − деп көрші ақысына мән бермейтіндерді қатты сынаған. Оның адамгершілікке де, мұсылманшылыққа да сыймайтындығын ескерткен. Хадисте: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенген болса көршісін еш зарар бермесін».
Олай болса, қадірлі оқырман қауым! Көрші ақысына ерекше ықыласпен көңіл аударып, қарым-қатынасымызды барынша нығайтып, тату да қамқор болуға тырысайық.
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы заман талабына сай тың жаңалықтар еңгізіп, еліміз бойынша неке қию рәсіміне тікелей қатысты онлайн жиналыс өткізгені мәлім.
Жоғарыдағы діни басқармада қаралған өзекті мәселені басшылыққа алған Қостанай облыстық мешітінде де аудан және қала имамдары басқосты. Онда наиб имам Тимур Құрманғазыұлы және діни рәсімге жауапты маман Нұрлан Берсүгіров сөз сөйлеп, жиынның негізгі мақсаты мен мәніне жан-жақты тоқталды.
Бір ерекше айта кетер жай, басқосуда қаралған жайдың болашақ неке қиюшы жұптарға тиімді боларлық жақтары аз емес. Енді көңілдері жарасып, жеке отбасы көтергелі отырған қалыңдық пен күйеу бала жаңадан ашылған сайтқа тіркеле алады.
Бұл мұрағат секілді тұрақты сақталатын базадан олар өздері жайлы мәліметтермен танысып, отбасы құндылықтары жөніндегі жинақталған мақалалар мен рухани дүниеледрді оқи алады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Бұдан бұрын жазғанымыздай, Қостанай өңірінде де Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаныңда қыруар жұмыстар атқарылып, халыққа игі қызмет ететін орындар күрделі жөндеуден өткізілуде.
Мысалы, облыс бойынша жоспардағы 5 мешіттегі асханалар күрделі жөндеуден өткізілу тиіс еді. Қазір осы имандылық ордаларында жұмыс барынша қыза түскен.
Облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы кезекті іс-сапарында Ұзынкөл ауданында болды. Ол жергілікті «Балықты» мешітіне атбасын бұрып, ауданның имамы Есенгелді Сақтағанұлымен жүздесті.
Осында жиналған жамағатпен жұма намазын өткізді. Содан кейін мешіттің асханасында жүргізіліп жатқан іс-барысымен танысты. Аудандағы ағайындардың қолдауымен жиналған қаражатқа асхананың едені төселді.
Бұрыннан мұсылман қауымының тарапынан алғысқа бөленіп жатқан азамат, Есенгелді қажы атқарылып жатқан істерге жан-жақты тоқталды. Бас имам жергілікті қандастарымызға тек ізгілік, қазіргідей пандемия кезінде амандық, саулық тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітіндегі бесін намазына Рудный қаласы «Нұр» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев қатысты.
Мұнда ол «Ихсан ілімі Хақ діннің рухы» табырыбында уағыз-насихат жүргізді. Белгілі дін қайраткері әңгімеге арқау болған Ихсан ілімінің қаншалықты манызды екенін, Құран аяттары, Хадистер және де басқа да тағылымды жайларды мысалға келтіре отырып, жан-жақты түсіндірді.
Білімді де білікті имамның ойларын жамағат ұйып тыңдап, өз ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің жанынан ашылған екі айлық білім жетілдіру курсын аяқтаған шәкірттерге облыстың Бас имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлының атынан арнайы сертификат табыс етілді.
Биылғы маусым айында басталған курс дәрістеріне жасы ересек кісілер тартылды. Онда елді-мекендерден келген талапкерлер өздерінің білімге деген құштарлықтарын танытты.
Олар сабақ барысында қасиетті Құранды үйреніп, шариғат ілімінен сусындады. Уақытты барынша тиімді пайдаланып, ұстаздардан ғибратты тәлім алды.
Курсты тәмәмдаған шәкірттерге сертификат тапсыру рәсімінде Қостанай қалалық мешітінің бас имамы Шоқан қажы Ғазизұлы жүректен шыққан шынайы лебізін білдіріп, ақ батасын берді.
Білім алушылардың атынан жасы үлкен Темірқан есімді талаба ұстаздарға алғысын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Көпшілікке мәлім, үстіміздегі жылы ата-бабаларымыз армандап өткен мемлекетіміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осынау халқымыздың өмірінде ерекше орын алатын мерейтойға үлкен дайындық жасау және жоғары жетістіктермен қарсы алу әрбір жүрегі елім деп соғатын азамат пен ұжымның басты міндеті.
Бұл орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мұфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен талай игілікті істер жүзеге асырылып жатқаны белгілі.
Көрнекті дін қайраткерінің ұйытқы болуымен қолға алынған ортақ іске Қостанай облысындағы мешіттердің де өзіндік қосар үлесі мол. Нақтылап айтатын болсақ, биыл өңірде 1 аудан және 4 ауылдық мешіттер пайдалануға беріледі.
Мысалы, қысқаша тоқталсақ, Құсмұрын, Шербаков елдімекендерінде жаңа мешіт құрылысы аяқталып, жергілікті мұсылмандардың имандылық ордасына айналады.
Сонымен қатар облыстағы Алтын Дала, Бөрлі, Обаған ауылдарындағы жұртшылыққа бұрыннан қызмет көрсетіліп келе жатқан мешіттер бүгінгі уақыт талабына сай толық күрделі жөндеуден өтіп, көпшіліктің игілігіне беріледі.
Жоғарыда аталған мешіттердегі құрылыс барысын облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет тұрақты назарда ұстайды. Осы таяуда ғана ол аталмыш имандылық ордаларында болып, жұмыс барысымен танысты.
Мешіт имамдарымен кездесу кезінде атқарылған істердің сапасына, іші-сыртының тартымдылығына, сыйымдылығына айрықша көңіл бөлу керектігіне тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Көмекке зәру жандарға қол ұшын беріп, шарапат-шапағатын тигізетін үлкен сауапты іс. Мұның сауабы мол екендігін дін саласының білгірі, жастайынан халықтың алғысына бөленіп өскен Шоқан қажы Ғазизұлы басқаратын Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіт қызметкерлері жете түсінеді.
Аталмыш мешіт ұжымы қайырымдылық шарасы ұйымдастырды. Демеушілердің көмегімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға күнделікті тұтынатын ет пен ұн таратылып берілді.
Халқымызда «Алтын алма, алғыс ал» деген мағыналы сөз бар. Қалалық мешіт ұжымының ерекше ықыласына бөленген жерлестеріміз дән риза болып, оларға шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін білдірді.
Бұл мешіттің қызметкерлері болашақта да қайырымдылық шараларын жалғастыра бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Құрбан айт мерекесіне орай облыс орталығындағы Муслима кафесінде есте қаларлық шара ұйымдастырылды. Онда спорттың аударыспақ, садақ ату және қол күресінен сайыстар өз деңгейінде өтті.
Мұндай жарыс болған жерде жүлдегерлер де топ жаратыны белгілі. Сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен қаржылай сертификаттар табыс етілді.
Ерекше дараланған жүлдегерлерді Қостанай облысының Бас имамы Бахытжан қажы Тәжімбет жеңістерімен құттықтап, Құрбан айт мейрамының мұсылмандар өмірінде маңызды орын алатындығына тоқталды.
Сайыстың соңында айттың құрметіне дастарқан жайылды. Болашақта да өңірде дін қызметкерлері спорт пен салауатты өмір салтын жандандыруға көңіл бөле беретін болады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылы Құрбан айт мерекесі Қостанай облысында да барлық санитарлық талаптар қатаң сақтала отырып, тиісті деңгейде өтті.
Өңір бойынша аталмыш мейрамның құрметіне 146 қой, 55 сиыр сойылды. Бұл құрбандыққа шалынған малдың еті 12 тонна 54 келіні құрады. Еттер көмекке мұқтаж отбасыларына таратылды.
Қостанай облыстық мешітінің найб имамы Бақытжан қажы Икрамның бізге берген мәліметіне сүйенетін болсақ, үш күнде жүрегі жомарт жандар нағыз мейірімділік пен қайырымдылықтың танытты. Алдын ала хабарланғаныдай, Құрбан айтқа байланысты шаралар онлайн түрінде ұйымдастырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі