Қаламгер, ақын, ғалым, драматург, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ақылбек Шаяхметтің есімі бүкіл республика жұртшылығына кеңінен таныс. Оның бірқатар кітаптары дін тақырыптарын арқау еткен.
Ол облыстағы мешіттерде өткізілген кездесулерде бүгінгі таңдағы аса өзекті тақырыптарды қозғап, өскелең ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, Отансүйгіштікке баулып келеді.
Жуырда сан қырлы дарын иесі 70 жасқа толды. Соған орай Қостанай шаһарындағы «Жастар сарайында» оның шығармашылық кеші болып өтті. Тағылымы мол іс-шараны Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы ұйымдастырды.
Онда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасыҰлықбек Есдәулетов, Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов, Алматы облысынан арнайы келген зиялы қауым өкілдері, елімізге белгілі ақындар Қасымхан Бегмано, Әбжан Әбілтай және басқа да мәдениет қайраткерлері құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
Кеште өнер шеберлері асқақтата ән шырқап, күмбірлете күй шертті. Ақын өз туындыларын оқыды.
Біз де мерейтой иесінің қуанышына ортақтаса отырып, Ақылбек Қожаұлына алдағы уақытта мықты денсаулық, отбасында бақыт, шығармашылық табыс тілейміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рудный қалалық Нұр мешітінде 1 маусымнан бастап мектеп жасындағы оқушыларға арналған екі апталық жазғы діни сауат ашу лагері жұмысын бастап, оған екі топтан тұратын 40 ер бала мен 20 қыз бала қатысты.
Шәкірттер білім деңгейіне және жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлініп оқыды. Балаларға имандылық, әдептілік дәрістері, құран оқып үйрену, қысқаша сұрақ-жауаптар, дастарханда қазақша бата беру үйретілді.
Дәріс барысында шәкірттерді жалықтырып алмас үшін бой сергітер спорттық ойындары (футбол, теннис) мен көңілдерін шаттандыратын кинотеатрдағы қызықты қойылымдарды тамашалауға мүмкіндік туғызылды. Сондай-ақ, әр күні дәріс кезінде балмұздақ, тәтті шырындар ұсынылды.
Осылайша мешіт ұстаздары оқушылардың жазғы демалысын тиімді әрі пайдалы өткізулеріне барлық жағдайды жасады.
Сауат ашу мерзімі аяқталған кезде шәкірттердің білімдерін тиянақтап сынақ тапсырғандарына арнайы сертифакаттар беріліп, дастархан жайылды. Ал ата-аналар қауымы мешіт ұжымының мұндай игілікті істері мен дәріс берген ұстаздарына шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы «Сүндетке отыру – Пайғамбарлардың жолы, әр мұсылманның міндеті» атты балаларды тегін сүндетке отырғызу қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Онда ежелден келе жатқан салтымыз бойынша 15 бала сүндетке отырғызылды. Бұл ретте хирург Әсет Абдрахманұлы және уролог Әнуар Әбутәліпұлы үлкен азаматтық танытты.
Әрине, осынау сауабы мол шарада қазіргі пандемияға байланысты барлық санитарлық талаптар толық сақталды.
Мешіттің бас имамы Дархан Қосылбаев біліктілік танытқан мамандарға шын жүректен шынайы алғысын білдіріп, оларға қасиетті Құран Кәрімді, Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің өмірбаяны арқау болған «Адамзаттың асыл тәжі» деп аталатын аса құнды кітапты тарту етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысытық мешітінде ЖАНТ мүшелеріне арналған семинар болып өтті. Оған облыс бойынша жұмыс жасап жүрген діни қызметкерлер қатысып, деструктивті ағым мүшелерінің желеу қылған мәселелеріне қатысты тақырыптар аясында дәрістер өтті.
Оны Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Тәжімбет, наиб имамдар Дархан Сыздықов пен Тұрым Муканбетжанов жүргізді.
Дәріс үш күн бойы жүргізіліп қортындыланып, Қостанай облысындағы жат ағым мүшелерімен жүргізіліп жатқан жұмыс бойынша тақырып қозғалды. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысындағы өкілі мен Қостанай облысы дін істер басқармасының мамандары қатысты.
Бас имам Бахытбек Нұрғабылұлы «ҚМДБ-ның негізгі бағыттарының бірі жат ағыммен жұмыс жасау. Сондықтан бұл бағытта барлық ЖАНТ мүшелері аса жауапкершілікпен жұмыс атқаруы тиіс және оған қолдау білдіру де қажетті болады» деп өтті.
Осылайша жасалған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жасалатын шаралар мен істер жоспарланды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Денисов ауданының имамы Руслан Маратұлы Қырым және Перелески ауылының тұрғындарымен кездесті. Ол осы жүздесу барысында қазіргі таңдағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды.
Мәселен, имам мектеп оқушылары суицидтен аулақ болу, деструктивті діни ағымдарға түсіп қалмау, жадыраңқы жаз айларында уақытты барынша тиімді пайдалану жайында әңгімеледі.
Имам жоғарыда аталған елді-мекендердегі ата – аналарға балаларының демалыс кездерінде жауапкершілікті сезініп, мүмкіндігінше сақтық шараларын ұстану қажеттігін айтты.
Сонымен қатар кездесулерде тұрғындарды толғандырып жүрген бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жыл мемлекетіміздің егемендігіне 30 жылдық мерейтойы қарасаңында облысымызда бірқатар жұмыстар оң нәтижесін беруде.
Атап айтқанда Қарабалық ауданына қарасты Бөрлі ауылында намазхана күрделі жөндеуден өткізілуде.
Оған облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы арнайы барып, жөндеу жұмыстарымен танысып қайтты.
Сонымен қатар Қостанай ауданына қарасты Жамбыл ауылындағы намазхананың асханасында болып, жасалған жұмыстарды көрді.
Көршілес Алтын дала ауылындағы намазхананың асхансы жұмыстарын көріп, ауданның бас имамы Асылхан қажы және сол ауылдағы Берік молдамен бірге алдағы жұмыстарды талқылады.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Қостанай қаласының уақыт талабына сай абаттандырылуы және көрікті болуы әрбір адамның экологиялық мәдениетіне және ішкі жан дүниесінің сұлулығына, талғамына да байланысты.
Міне, мұны жете ұққан облыстық мешіт қызметкерлері де жыл сайын жадыраңқы көктем айларында белсенділік танытып келеді. Осы сөзіміздің жарқын айғағы ретінде өткен қасиетті жұма күні киелі орынның жанындағы әйел жамағаттар аулаға гүл егіп, еңбек сүйгіш екендіктерін көрсетті.
Алдағы уақытта олар отырғызған гүлдер алыстан көз тартып, мешіттің айналасын құлпыртып тұратын болады. Енді оны дер кезінде суарып, күтіп баптауға ерекше назар аудара бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұжымының бастамасымен жергілікті қауым мен жамағат шаһардағы зираттардың тазалауға белсене атсалысты. Олар қалаға қарасты қос зиратты қоқыстан тазартты.
Жергілікті мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы мұсылман бауырларымызға қабірге зиярат етудің мәдениетін түсіндіріп, марқұмдардың рухына дұға бағыштады.
Осы маңызы мен тәрбиелік мәні зор шараға қала әкімі Қуандық Хайдарұлы да қатысып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетті. Жастар жағы ғибратты тағылым алды.
Бас имам ұйымшылдық танытқан барша қауымға алғысын жеткізді. Осы сенбілікке қажетті арнайы техникалармен (автобус, трактор, жүк көлігі) қамтамасыз еткен қала әкімдігі мен іскер азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Меңдіқара ауданындағы «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешіті тағы бір игілікті шара ұйымдастырды. Олар «Шығармашылық үйі» орталығының 30 бүлдіршініне мерекелік сыйлықтар табыс етті.
Орталықтың басшылары ауданның бас имамы Еркебұлан Қошан басқарған мешіттің ұжымына шынайы ризашылығын білдірді. Бүгінгі жас ұрпақ еліміздің ертеңгі иманды да ибалы ұл-қыздары екені белгілі.
Қазақ «Тәрбие басы тал бесіктен басталады» деп босқа айтпайды. Мұндай қайырымдылық шаралары балдырғандардың жадында ұзақ сақталып, олардың болашақта мейірімді, жүрегі жомарт азаматтар болып қалыптасуына септігін тигізеді деген үміттеміз дейді бас имам Еркебұлан қажы.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі