Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Қадірлі отандастар!
Баршаңызды Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Денге саулық, әр отбасыға амандық пен береке тілеймін.
Ислам діні тек құлшылықпенөлшенбейді. Мұсылманға Отанын, отбасын, ар-намысын, мал-мүлкін қорғау – міндет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Отанын қорғап, шекара күзеткен жанның Алла алдында дәрежесі артатынын баяндаған.
Хадистердің бірінде: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» делінген.
Бірде сүйікті Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ең абзал амал қандай?» деп сұралады.Сонда Алла Елшісі(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру – бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы» деп жауап береді.
Халқымыздың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың: «Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,
Не тындырдың «басымды иемменен?» деген өлеңі көп ой тастайды. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген нақыл бар. Бүгінгі бейбіт заманда Отан үшін күрес халыққа қалтқысыз қызмет ету, білім алып, оны ел игілігіне сарп ету, ұрпақты ұлағатты іске тәрбиелеу, ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаранға қарайласып, қайырымдылық жасау, т.б. ізгі істермен өлшенбек.
Өскелең ұрпақты отаншыл болуға тәрбиелеумен қатар, оларға әскери борышты өтеудің мәнін түсіндіру – аса маңызы іс деп атар едім. Өйткені, Отан қорғаушылар күні – әрбір ер азаматтың патриоттық сезімін оятатын, Отанды қорғау жауапкершілігін арттыратын маңызды мереке.
Әр шаңыраққа шаттық пен береке, әскери саладағы ұландарымызға мықты жігер, күш-қайрат тілеймін. Ел ертеңін ойлайтын жастарымызға Жаратқан жар болғай.
Алла Тағала жерімізді жаудан, елімізді даудан аман еткей! Әмин!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде «Берекелі Рамазан керуені» атты қайырымдылық марафоны қолға алынған болатын.
Қасиетті жұма күні осындай марафон республикамызда жоғарыда аталған басқарманың Зекет және қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өткізілді. Бұған Қостанай облыстық мешіті мен дін қызметкерлері де өздерінің лайықты үлесін қосты.
Қайырымдылық марафонында өңірдегі көмекке мұқтаж 250 отбасына азық-түлік қоржыны табыс етілді. Оған 1 250 000 теңге жұмсалды. Әрбір қоржынға 5000 теңгенің азық-түлігі салынды.
- Қазақстанда «Берекелі Рамазан керуені» қайрымдылық марафоны бүгін екінші рет ұйымдастырылып отыр. Демеушілердің қолдауымен азық-түлік қоржындары аймақтағы 8 ауданға бөлінді. Ораза кезінде қамқорлыққа бөленген мұсылман бауырларымыздың жүздерінен қуаныштың нышанын көрудің өзі бір ғанибет. Біз алдағы уақытта да қайырымдылық шараларын өткізуді жалғастыра береміз, - деді Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет өз сөзінде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінің ұжымы қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінен бастап қайырымдылық шараларына көп көңіл бөлуде.
Бас имам Нұрлан қажы Сыздықовтың пікіріне сүйенсек, қайырымдылық акциясына түскен қаражатқа жергілікті жерде тұратын көп балалы 13 отбасына азық-түлік тапсырылды. Онда күнделікті тұтынатын азық-түлікпен қамтылған. Өз кезегіндеғ мешіт қызметкерлері де өздерінің үлесін қосып, жеті отбасына азық-түлік алуға демеуші болды.
Жалпы, Рамазан шарапаты мол ай. Сондықтан, Ораза кезінде мешітке қолдау көрсетіп, жанашырлық танытқан бауырларымызға Алланың нұры жауа берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Фатима Әбдібекқызы Дайырова – текті әулеттің ұрпағы. Бұл күндері 93-ке жақындаған ол Қостанай қаласындағы «Аэропорт» шағын ауданында келін-немерелерімен бірге тұрады. Өткен жылы қараша айында Атбасардан осында уақытша келген болатын.
Қажы әжеміздің атасы Бекмұхамед пен әкесі Әбдібек кезінде дін жолын ұстанған ардақты кісілер еді. Бұл әулеттің тағы бір өзгелерге өнеге боларлық жағы – ұзақ жылдар бойы ұлы пайғамбарымыз Мұхаммедтің бір тал сақалын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып сақтады. Бертін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тапсырды. Ол жөнінде кезінде жазылып айтылды да.
Кеше, яғни қасиетті Рамазан айында Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Фатима Әбдібекқызының ғұмыр кешіп жатқан шаңырағына арнайы ат басын бұрып, оның жағдайымен танысты. Оған мықты денсаулық тілеп, Оразаның құрметіне азық-түлік салынған қоржынды табыс етті.
Ол өз кезегінде барша қостанайлықтарды Рамазан айымен шын жүректен құттықтап, ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Федоров аудандық «Жиентай қажы» мешітінің ұжымы да қасиетті Рамазан айы кезінде қайрымдылық шарасын жүзеге асыруда. Бас имам Ерлан Тілегенов дін қызметкерлерін ортақ мақсатқа жұмылдыруда.
Мәселен, жақында мешіттік қызметкерлерінің атсалысуымен «Рамазан шуағы» деп аталатын қайырымдылық шарасы ұйымшылдықпен өткізілді. Онда 30 отбасыға азық-түлік салынған ауызашар қоржыны үлестірілді.
Олардың қатарында көп балалы және жалғыз басты аналар бар. Сондай-ақ аудандағы әлеуметтік жағынан қолдауға мұқтаж жанұялар да қамтылды. Қамқорлыққа бөленген кісілердің мешіт қызметкерлері мен демеушілерге деген алғыстары шексіз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Көктемнің шуақты күндері келісімен өңірдегі барлық мешіттерде сенбілік өткізіліп, киелі орындардың ауласы мен айналасы қоқыстардан тазартылды. Оған діни қызметкерлер мен жамағаттар да атсалысты.
Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешітінің жамағаты белсенділік танытып, қала көркі мен тазалығына өздерінің үлестерін қосты. Ұйымшылдықтың арқасында маңайдың бәрі жарқырап шыға келді.
Аталған мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев сенбілікке қатысушыларды жылы сөзімен рухтандырып, Рамазан айында тазалықтың да айрықша орын алатындығына, әрбір парасатты азамат кейінгі жас ұрпақтың бойына экологиялық мәдениетті сіңіре беру керектігіне тоқталды.
Ол өз сөзінде, мұсылман қауымының негізгі бір міндеті - айналамыздағы қоршаған ортаны таза ұстау, ағаш отырғызып, табиғатты аялау. Ислам дегенде тазалық ұғымы да қатар жүреді.
Ол туралы хадисте: «Тазалық – иманның жартысы» - деп айтылған. Ал әр мұсылманға және жалпы адамзатқа қоршаған ортаны таза ұстау, ағаш отырғызып, табиғатты аялауы тиіс. Себебі мұсылман бүлдiрушi емес, бүтiндеушi, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтiрушi емес, пайда әкелушi, - екенін жадымыздан шығармайық деді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің атқарар жұмысының бір бағыты күн көрісі төмен жерлестерімізге қайырымдылық жасау екендігі белгілі. Сондықтан киелі орынның жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының жұмысы Рамазан айында да барынша жандана түсуде.
Мысалы, қасиетті Рамазан айының оразасы басталғалы бері осы Зекет қорының тікелей атсалысуымен облыс бойынша 1 170 отбасына «Ауызашар қоржыны» деген атаумен азық-түлік таратылды. Ал өздігінен жүріп-тұра алмайтын кісілерге үйлеріне жеткізілді.
Бұл қайырымдылық шараларының дер кезінде орындалуына өңірдегі жанашыр әрі жомарт жандар өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Қамқорлықты сезінген бауырларымыз демеушілерге шынайы алғыстарын білдіруде.
Қайырымдылық көмектерін жасауда жоғарыда аталған қордың қызметкерлері яғни наиб имам Бақытжан Икрам мен өз ісінің білікті маманы Мейрам Есламханұлы көп еңбек сіңіруде. Сондай-ақ азық-түлік салынған пакеттерді үйді-үйге жеткізуде «Тұмар» мүгедектер қауымдастығының өкілі Лейла Балғабаева және басқа да азаматтар белсенділік танытуда.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Берекелі Рамазан айы келіп, мұсылман жұртшылығы зор қуанышпен оразасын ұстауда. Ал быйылғы жылы ауызашарлар мешіттерде ұйымдастырылмай өтуде.
Алайда мешіттерде қашан да қайырымдылыққа ерекше мән беретіні көшілкке аян. Оның дәлелі Рудный қалалық «Нұр» мешіті сәуір айының 18 күні Рамазан айының құрметіне орай әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көп балалы аналарға көмек қолын созып, «Рамазан шуағы» атты қайырымдылық шарасында 40 отбасына азық-түлік салынған «Ауызашар қоржыны» таратты.
Қайырымдылық шарасының мақсатын мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев: «жұқпалы індеттің өршіп кетпеуінің алдын алу мақсатында биыл да ауызашарлар көпшілікті жинамай, тек таратумен атқарылуда. Көмекке мұқтаж жандардың аз да болса көңілін көтеріп, қолтығынан демеу»-деп түсіндірді.
Кейін мешітке жиналған аналарға Рамазан айының ерекшелігі, оразаның пайдасы және сондай-ақ ұстамдылық, сабырлылық жайлы насихат айтып, рамазанмен құттықтады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Мешіт – жергілікті жұртшылықтың намазға жығылып, құлшылық жасайтын орны екені белгілі. Қазіргі Рамазан айы кезінде діни қызметкерлер мұсылман бауырларымызға Оразаның өзіндік ерекшелігін түсіндіруде елеулі жұмыстар атқаруда. Бұдан басқа да балаға азан шақырып ат қою, неке қию секілді діни рәсімдер жүзеге асырылуда.
Мәселен, облыс орталығынан едәуір жерде орналасқан Денисов ауданындағы «Жұма» мешітінде біраз жылдардан бері төбеден су ағып, жұртшылықты әбігерге салған болатын. Бұл көпшілікті толғандырып, жандарына қатты батқан жай да шешімін тапты.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында аудан кәсіпкерлері мешіттің жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетті. Мамандар киелі орынның төбесін арнайы материалмен қаптатып, шатырдан су ағатын құбырларды қалыпқа келтірді.
Аталған мешіттің имамы Руслан Маратұлы ортақ іске өздерінің үлестерін қосып, жомарттық танытқан барша азаматтарға шынайы алғысын білдіреді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Бейімбет Майлин ауданында «Қош келдің, Рамазан!» атты рухани кеш ұйымдастырылды. Осынау танымдық-тағылымдық жағы мол басқосуға қонақ ретінде көршілес жатқан Рудный қаласындағы «Нұр» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы және Лисаков қаласының «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің бас имамы Сабыржан Зейнелғабидинұлы, аудан әкімі Қайсар Батырханұлы қатысты.
Бұл кеште аудан жұртшылығына жылда мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айының ерекше қадір - қасиеті кеңінен түсіндірілді. Халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді.
Елімізде орын алған індетке байланысты Ораза кезінде сақтық шараларын барынша сақтау керектігі, Рамазан айындағы ауызашар және қайырымдылық шаралары жөнінде айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі