Жұртшылыққа Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің өңірдің аудандар мен қалаларын аралап, олардың тыныс тіршіліктерімен танысып жатқаны белгілі.
Ол осы жуырда ғана облыс орталығынан шалғайда жатқан Жітіқара қаласында болды. Бас имам аудандық “Ержан Тәтішев” атындағы мешіттің имамымен кездесіп, алда тұрған Құрбан айтқа дайындық және онда жүзеге асырылатын іс-шаралар жайлы әңгіме қозғады.
Сонымен қатар Бахытбек Нұрғабылұлы киелі орында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөйлесіп, жаңадан тағайындалған дін саласы қызметкерлерінің міндеттеріне жан-жақты тоқталды. Басқа да маңызды істер пысықталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Көпшілікке мәлім, қасиетті Ислам дініміз әрқашан да адамзатты тазалыққа шақырады. Өйткені, тазалық иманның жартысы және денсаулық кепілі. Сонымен қатар, өзіміз тіршілік кешіп жатқан ортаны абаттандыруға, алыстан көз тартатындай етуге, жүрегімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Міне, осыны жете түсінгендіктен де болар, белгілі дін қайраткері, көркем мінезді азамат Шоқан қажы Ғазизұлы Әмірханов басқаратын Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің қызметкерлері бұл маңызды мәселеге әрдайым ерекше көңіл бөліп, назарда ұстайды.
Осы сөзіміздің жарқын мысалы ретінде жуырда ғана аталмыш мешіт жанындағы «Жастар секторының» ұйымдастыруымен киелі орындағы еріктілер тобы сенбілікке қатысты. Сөйтіп, олар ауланы тазалап, өздерінің нағыз жанашыр әрі белсенді екендіктерін іс жүзінде көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2021 жылды «Ихсан» жылы деп жариялағаны имандылықты пір тұтқан ағайындарға белгілі.
Қазігі таңда «Ихсан - рухани тәрбие негізі» деп аталатын аса маңызды еңбек жарық көріп, күллі республика жұртшылығы тарапынан қолдау тапты.
Бұл орайда ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігі де «Ихсан – рухани кемелдену жолы» деп аталатын құнды кітаптың тұсаукесерін өткізді.
Осынау еңбек - үстіміздегі жылға жоспарланған қос кітаптың алғашқысы. Оған облыстағы бірқатар аудан және қала имамдарының тың ізденісінен туған мақалалары енді.
Тұсаукесерге арналған жиынды Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет ашып, Ихсан ұғымының мән-мағынасын түсіндірді. Басқосуға арнайы шақырылған алқа мүшелері, зиялы қауым және мешіт жанашырлары қатысты.
Онда діни тақырыпқа көптен бері қалам тартып жүрген Қазақстанға танымал қаламгер, ақын және ғалым Ақылбек қажы Шаяхмет сөз сөйлеп, баспадан шыққан жаңа кітапқа байланысты өз ой-пікірін ортаға салды.
Алқа мүшелері мен құрметті қонақтарға «Ихсан – рухани кемелдену жолы» деп аталатын кітап сыйға тартылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің жанындағы Қайырымдылық және Зекет қорының жұмысы өткен маусым айында да жалғасын тауып, қаншама көмекке мұқтаж отбасылар мен азаматтардың үлкен алғысына бөленді.
Мәселен, өңір бойынша 430 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, қолдауға зәру жерлестерімізге азық-түлік үлестірілді. Әрине, олардың жүздерінен қуаныш нышандарын көргенде мешіт және қор қызметкерлері өздерінің игі жұмыстарының нәтижелерін айқын сезінді.
Қайырымдылық мақсатына облыс бойынша 3 млн 460 мың 879 теңге жұмсалды. Әрине, әдеттегідей жүрегі жомарт жандар, яғни кәсіпкерлер өздерінің көмекке мұқтаж жандардың өміріне бейжай қарай алмайтындықтарын танытты. Оларға әрдайым Алланың нұры жауа берсін!
Облыстық мешіттің наиб имамы Бақытжан қажы Икрам алдағы уақытта қор жұмысын мүмкіндіктері келгенше жандандыра беретіндігін айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы Тәжімбет халықпен тығыз байланыста қызмет атқаратын азамат. Әр жыл сайын өңірдегі барлық мешіттер мен намазханаларды аралап шығады. Көзбен көріп, көңілге түйгендерін үнемі басшылыққа алып, қордаланып қалған жайларды дер кезінде шешіп отырады.
Ол жуырда ғана Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай облыс орталығынан әудем жерде жатқан Қамысты, Денисов аудандары мен Лисаков қаласында сапарда болды.
Сапар барысында аталмыш аудандардағы мешіттердің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты. Олардың алдында тұрған өзекті мәселелер жайлы әңгімеледі.
Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға ерекше назар аударды. Мешіттердің қысқа дайындық жұмыстары мен ішкі ахуалы туралы жамағаттан сұрастырып білді. Оның жанында бірге жүрген мешіттің имамдары жүзеге асырылып жатқан игілікті істер жөнінде баяндады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өткен 28 маусым күні елімізде «Байланыс және бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күні» аталып өткен. Осы орайда облыстық мешітте тынбай ізденіп, өздерінің кәсіби шеберліктерімен көзге түсіп жүрген БАҚ саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Биыл біздің өңірде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алғыс хатына белгілі журналист, баспасөз хатшысы Оразалы Отынбайұлы мен Қостанай облыстық мешітінің аппарат жетекшісі Қанат Орынтайұлы ие болды.
Ал облыстық «QOSTANAI» телеарнасының «Иман иірімі» бағдарламасы ұжымы атынан директоры Ербол Ипбергеновке де Бас мүфтидің Алғыс хаты берілді.
Сондай-ақ, өз саласының білікті маманы, фото тілші Бағдат Ахметбеков те Қостанай облысы Бас имамының Алғыс хатымен марапатталды.
Басқосуда облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет жиналғандарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
ҚМДБ-ның тапсырмасы аясында Қостанай облыстық мешітінің ұйытқы болуымен үстіміздегі жылы жазғы діни сауат ашу курсы жанданып мамыр айының 27-нен маусым айының 18-не дейін 34 шәкірт оқып шықты.
Балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу үшін қолайлы жағдай туғызылды. Ислам дінінде оларға берілетін тәрбиенің орны қашан да бөлек. Дәріс барысында олардың ой-өрісін кеңейту, талғамын арттыру мақсатында өнегесі мол жұмыстар атқарылады.
Мәселен, шәкірттерге Құран әліппесі, Сира (Пайғамбар өмірбаяны), Сенім мәселесі, Исламдағы 100 сұраққа байланысты жайлар оқытылады. Сөйтіп, балалар ислам әдебін меңгереді. Салауаттар мен дұғаларды жаттады.
Оларға «Сарыағаш» медресе-колледжін аяқтағалы отырған Әйгерім Қойшиева мен облыстық мешіттің ұстазы Жансая Халим қыз балаларға тағылымды білім берді.
Ал, ер балаларға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің 2-ші курс студенттері Бекзат Қапар мен Алинұр Балахметтер білгенін үйретіп, олардың тиянақты білім алуларына барын салды.
Есте қаларлық қызықты спорттық ойындар өткізіліп, қол өнерін шыңдауға да назар аударылады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жергілікті бауырларымызды имандылыққа, ауызбірлікке үндеп келе жатқан Жангелдин аудандық «Оспанқожа әулие» мешітінің асханасының құрылысы өткен жылы аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс еді.
Алайда әлемді жайлаған пандемия оның дер кезінде көпшіліктің игілігіне айналуына мүмкіндік бермеді. Дегенмен, жағдайға түсіністікпен қараған мұсылман бауырларымыз ортақ іске қолдарынан келгенше өздерінің лайықты үлестерін қосты.
Таяуда асхана құрылысы аяқталып, торғайлық ағайындар үлкен қуанышқа кенелді. Оның ашылуына алыс-жақыннан қадірменді әрі тілектес қауым жиналып, ізгі тілектерін білдірді.
Салтанатты шарада осы өңірдің тумасы, белгілі дін қайраткері Шоқан қажы Әмірханов Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің атынан ондағы жұртшылықты шын жүректен құттықтап, қуаныштарына ортақ екендігін жеткізді.
Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алғыс хатын құрылыс жұмыстарының бас демеушісі Берік Бисенғалиевке табыс етті.
Мешіттің алқа мүшесі Нүретден қажы Спабекұлы ел тілеуінің орындалғанына шүкіршілік ете келіп, ауданның бас имамы Рүстем Исламұлына дән ризашылықтарын жеткізіп, жауапты қызметінде табыс тіледі.
Ақ батасын беріп, асхананың лентасы қиылды. Ақ жаулықты аналарымыз қалыптасқан қазақы дәстүріміз бойынша шашу шашты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі