Бүгін елімізде жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күніне орай ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен барлық мешіттерде Құран хатым дұғасы жасалды. Сауапты шараға еліміздің барлық өңірлеріндегі құлшылық ордалары біріге үн қосып, бүгін бір мезетте қайғылы оқиғада қаза тапқандардың рухына Құран бағышталды.
Елорда төріндегі республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері Құран хатым дұғасына қатысып, Отан қорғау жолында опат болған сарбаздарымыз бен бейбіт тұрғындардың рухына Құран бағыштады. Мемлекетіміздің Көкбайрағы төмен түсіріліп, күллі Қазақстан халқы қайғыға шомған азалы күнде марқұмдардардың артында қалған туыстары мен жақындарына көркем сабыр сұрап, Жаратушы Алладан жақсылық тіледі.
Сауапты шарадан соң тілшілер қауымына берген сұхбатында Бас мүфти: «Біз өткен желтоқсан айында 2022 жылдың жұмыс жоспарын бекітіп, «1 күнде – 1 Құран хатым» жобасын қолға алған болатынбыз. Мақсатымыз – күн сайын Құранды толық оқып, еліміздің ертеңі үшін құрбан болған бабаларымыздың рухына бағыштау. Бүгін Жалпыұлттық аза тұту күнінде Отан үшін жанын берген азаматтарымыздың рухына арнайы Құран хатым дұғасын бағыштадық. Алла қабыл етсін!
Оқиға кезінде оққа ұшқан бейбіт тұрғындарды Алла мейіріміне алғай. Жаратушы Иеміз жарақат алған жандардың тез арада сауығып кетуін тілейміз. Қиын сәтте әр азамат бірлігін танытып, өз тарапынан қолдау көрсетуде. Біз, дін қызметкерлері де күн сайын дұға жасаудамыз», – деп атап өтті.