Қостанай облысы Амангелді ауданына қарасты Есір ауылында “Тәубе” намазханасы пайдалануға берілді. Онда карантиндік талаптар толық сақталды. Ашылу салтанатына Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет, Арқалық қаласының бас имамы Нұрхан Асанұлы және аудан әкімі Талғат Карбозов қатысты.
Бұл жиында аудан әкімі Талғат Тойшыбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, имандылық ордасы ел бірлігін сақтаудың нағыз ұйытқысы болатындығына тоқталды.
Мұндай сауапты істің жүзеге асуына ауыл кәсіпкері Әбілхан Боранбаев үлкен азаматтық танытып, қаржылай демеушілік етті. Ал ауыл тұрғындары мен жастар ұйымшылдықтың үлгісін танытып, өз үлестерін қосты. Сондықтан аудан басшысы оларға деген шынайы алғысын жеткізді.
Сондай-ақ ардақты ақсақалдар жылы лебіздерін білдірді. Жергілікті азаматтардың атынан кәсіпкер Әбілхан Таңатханұлына үлкен құрмет көрсетіп, ат мінгізді.
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы бауырларымыздың қуанышына ортақтасып, демеушілік еткен жомарт жанға өз атынан “Алғыс хат” табыс етті. Уағыз насихат айтып, Құран аяттарын оқыды.
Басқосу соңында Алла үйінің ашылуына арнайы келген жамағатқа дастарқан жайылды. Сауапты імке ат салысқан кісілерге сый-сияпат жасалды. Құран оқылып, ауылдың сыйлы ақсақалдары бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі