Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет кезекті іс сапарымен Амангелді ауданында болды. Ол алдымен аудандық полиция бөліміне атбасын бұрып, осындағы тәртіп сақшыларымен кездесті.
Жүздесу барысында белгілі дін қайраткері қазіргі таңдағы аса маңызды-ынтымақ хақында, Отан алдындағы адал да абыройлы қызмет ету әрбір азаматтың перзенттік парызы екені жөнінде әсерлі уағыздар айтты.
Жергілікті полиция қызметкерлері Бахытбек Нұрғабылұлына арнайы уақыт бөліп, өздерімен патриоттық рухты көтеретін әңгімелер өткізгені үшін шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ Бас имам орталық ауруханада денсаулық сақтау саласында уақытпен санаспай біліктілік танытып жүрген ақ халатты абзал жандармен де жүздесіп, қазіргі таңдағы өз кәсіптеріне деген адалдықтары, жауапкершілік жүгін жоғары сезінетіндіктері туралы келелі әңгіме қозғады.
Бұл басқосу соңында медицина қызметкерлері оған қанат бітіретін жылы лебіздері үшін дән ризашылығын жеткізіп, халық үшін жасап жатқан игілікті жұмысында табыс тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі