Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет облыстың шалғайда жатқан Науырзым ауданында болған іс-сапарында бірқатар маңызды басқосуларға қатысты. Онда алда тұрған келелі мәселелерде қозғалды.
Мысалы, ауданның әкімі Талғат Карбозовпен жүздесу іскерлік жағдайында өтті. Болашақта аудандық мешіт жанынан асхана салу мәселесі де әңгімеге арқау болды.
Үстіміздегі жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Ихсан және кемел адам» тақырыбы бойынша кездесу өте әсерлі ұйымдастырылды. Оны жиналған үлкенді-кішілі қауым ұйып тыңдап, көкейде жүрген сауалдарына нақты жауап алды.
Сонымен қатар осы басқосуда «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» хақындағы уағыз-насихат та жиналғандарға үлкен ой салды. Науырзымдық ағайындар рухани құндылықтарымен жан сарайларын байытып, Қостанайдан келген Бас имам мен оның орынбасарына алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет өзінің орынбасары Әлішер Ертайұлымен бірге арнайы іс-сапармен өңіріміздегі Әулиекөл ауданында болды.
Алдымен олар аудан әкімі Ерлан Теменовпен кезедесіп, алдағы қасиетті Рамазан айына дайындық және жалпы діни ахуалдың жайымен танысты. Аудан басшысы әңгіме барысында болашақта жергілікті мешіттің заман талабына сай абаттандырылып, намазхандардың алаңсыз діни рәсімдерді жүзеге асыруына қолдау көрсететіндігін баса айтты.
Бас имам Бахытбек қажы Нұрғабылұлы осы сапарында Әулиекөл селосындағы жол бойында орналасқан мешіттің жайынан да хабардар болып, онда келімді-кетімді жолаушыларға қажетті жағдай туғызылғандығына көзі айқын жетті.
Сондай-ақ ауданның Бас имамы Нұрлан Сыздықовқа жемісті қызметі үшін дән ризашылық білдіріп, оған алдағы уақытта да жауапты жұмысында табыстан-табысқа жете беруіне тілектестігін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рудный қалалық «Нұр» мешітінде Рамазан айына әзірлік жайы қозғалған, аймақтық басқосу өткізілді.
Жиынға өңіріміздегі Майлин аудандық «Әйет», Тобыл кентінің «Ажар», Қашар кентінің «Кәмшат ана» мешіттерінің имамдары мен «Рудный қаласының Нұр» мешітінің қызметкерлері қатысты.
Басқосуда Рамазан айының ерекшелігі, оған дайындық мәселесі сөз болды. Жиында «Нұр» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев қазіргі пандемия кезінде ораза рәсімдерін өткізудің жай-күйіне тоқталды.
Аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты, ораза кезіндегі іс-шаралар карантиндік талаптарды сақтай отырып, ұйымдастырылу қажеттілігі, мешіттің іші-сыртының тазалығы жайында тілге тиек етті. Ең бастысы, індеттің одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында, барлық санитарлық талаптардың қатаң сақталу қажеттігіне бас имам ерекше тоқталып өтті.
Сондай-ақ, жуырда облыс Бас имамы Бахытбек Тәжімбеттің өткізген мәжілісінде қаралған өзекті тақырып ортаға салынды. Өкілдік тарапынан берілген тапсырмалар жөнінде хабарлама жасалды.
Басқосу соңында мәжіліске қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Аят Сулекеев, Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет пен наиб имам Әлішер Балахмет, аудандық «Әмит ишан» мешітінің Бас имамы Нұрлан қажы Сыздықов және аудандағы діни қызметкерлері мен мешіт жамағаты қатысты.
Кеш Әлішер Ертайұлының қасиетті Құран Кәрім оқуымен басталды. Онан соң облыстың Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет Алланың атымен бастап, келіп жеткен қасиетті Рамазан айымен құттықтау сөз сөйледі. Ол осы айдың басқа айлармен салыстыра қарағанда Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап берілетіндігін, осы айда қасиетті Құран түскендігін айтып өтті.
«Басты мақсат - Рамазан айын ерекше ықыласпен қарсы алайық, Құранға бекем болып, көп-көп оқитын болайық. Мынау елімізді жайлаған індет тезірек кетіп, Алла тағала барлық мұсылман елдерін аман сақтасын, ауырған адамдарға Алла шипасын берсін, ауырмаған кісілерді Өзі сақтасын. Тезірек бұл індеттен құтылып, иық тіресе намаз оқитын жағдайға, баяғы қалпымызға келуге Алла тағала нәсіп етсін» - деп тілегін айтты.
Бұдан кейін мәдениет үйінің өнерпаздары Әсем Қажиева, Шынғысовтар отбасылық дуэті, «ЕрНАТ» тобы салған әуезді әндер жүректен жүрекке жетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында алдағы қасиетті Рамазан айына қатысты төралқа жиыны өткен соң, Қостанай өкілдігі де осы тақырыпта басқосу өткізді.
Жиында Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы төралқадағы тапсырмалар бойынша алдағы уақытта Рамазанға дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонынмен қатар санитарлық талаптарды қатаң бақылап, тазалық шараларын өткізіп отыруды тапсырды.
Қасиетті айда жамағат арасында Құранды көп оқып хатым жасау және салауаттар мен истиғфар дұғаларын оқуды дамытуды ұсынды.
Осы жиналыста әр бөлім бойынша тапсырмалар қорытындыланып, алдағы уақытта істелетін жұмыстар бойынша да тапсырмалар берілді.
Айта кетейік быйылғы қасиетті РАМАЗАН айының оразасы 13 сәуірден басталып 12 мамырға дейін жалғасады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Назарларыңызға 2021 жылғы Қазақстан елдімекендерінің Рамазан айындағы ораза және намаз кестесін ұсынамыз!
Төралқа Мәжілісі мүшелерінің бірауызды шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері – 420 теңге болып бекітілді.
Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісі өтті. Онлайн режимде өткен мәжіліске наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, бөлім басшылары мен бас имамдар қатысты.
Жиынды ашқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы кіреді. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – сондай бір ерекше ай. Еліміздегі қаншама бауырларымыз осы айды күтеді, оразасын ұстайды. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Қазіргі жағдайды ескере отырып, ең бастысы тазалық пен тәртіп жағына көңіл бөлсек. Осы айда мейлінше қайырымды істерді көбірек атқаруға шақырамын. Жамағаттың ыңғайына қарай уақытын белгілеп онлайн дәрістер, Құран үйрету сабақтарын өткізуді жалғастыруымыз керек. Халыққа пайдалы уағыз тарату мақсатында тікелей эфирлер ұйымдастырып, мүмкіндігі жоқ жандарға ауызашар пакеттерін жеткізу жағын қолға алуды тапсырамын» деді.
Кеңейтілген мәжіліс барысында 8 мәселе қаралды. Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Рамазан айының басталуы, Қадір түні және Ораза айт күндері жайлы баяндады. Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні.
Бас мүфти жиынға қатысушылардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, жауапты бөлім басшылары мен имамдарға нақты тапсырмалар жүктеді.