Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасы аясында Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешітінің ұжымы қайырымдылық мақсатында талай игі істерге мұрындық болып жүр.
"Жылулық сыйла" акциясы аясында Тобыл қаласында 7 немересін бағып, қағып отырған ардақты жан Рабиға Қожамқұлованың тұрмыстық жағдайын ескеріп, қолдау көрсетті. Көмекке мұқтаж отбасына 5 текше ағаш жеткізіліп, қаржылай көмек көрсетілді.
-Қайырымдылық адам бойындағы ең асыл қасиет екендігі белгілі. Сол себепті, біз жыл бойы қолдан келгенше күн көрісі төмен қандастарымызды назарымызда ұстаймыз, - деді бас имам Шоқан қажы Әмірханов өз сөзінде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы арнайы іс-сапармен Лисаков қаласында болды.
Бас имам қала әкімі Алмат Ерікұлымен кездесіп, діни ахуал туралы сөйлесті. Қала басшысы Бахытбек Нұрғабылұлына өзінің дінге деген ізгі көзқарасын білдірді.
Бұл күндері Қостанай облысы санитарлық талаптар бойынша «Жасыл аймаққа» көшкені белгілі. Соған байланысты Бас имам Лисаков қалалық «Әбдіхайым Саламатұлы» мешітінің имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлына тазалықты жете қадағалап, киелі орынға келушілердің ара-қашықтықты қатаң сақтауын тапсырды.
Осы сапар барысында Қостанай облысының бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдаған маңызды құжаттардың бірі «Ас беру мәдениеті» жөнінде әңгімелеп, мешіттің алқамүшелері мен жамағатын тың мағлұматтардан хабардар етті.
Сондай– ақ, мешітте ұзақ жылдарбойы есепші болып қызмет атқарып, құрметті демалысқа шыққан ардақты апамыз Қымбат Досмухамбетоваға «Алғыс хат» тапсырып, иығына зерлі шапан жапты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Денисов ауданындағы «Жұма» мешітінде «Көшпелі керуен», «Алтын құрсақты батыр ана» атты қайырымдылық іс-шарасы өткізілді.
Қазіргі уақыттағы азық-түліктің қымбаттауы көп балалы отбасыларға оңай тиіп жатқан жоқ. Мұны жете түсінген аудандағы мешіт қызметкерлері көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруді өздерінің басты азаматтық парызы санайды.
Осылайша аудандағы екі батыр ана мен бес кісіге қайырымдылық көмек көрсетті.
Оларда өз тарапынан ұйымдастырушыларға және мүфтияттың істеріне алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамдары Әсет Жарылғасын мен Нұрлан Сейдағалиевтер барлық жамағатты спортпен шұғылдануға шақырып қана қоймайды, өздері де үлгі-өнеге көрсетуде.
Шаһардағы құрылыс колледжінің ұжымы көп жылдардан бері жамағаттар арасында волейбол ойындарын өткізу үшін спортзалдарын ұсынып келеді. Әр екі ай сайын Қостанай қаласы мен оған жақын жерде орналасқан қалалар мен поселкелер мешіттері арасында турнир ұйымдастыруда. Ойындарға жауапты -Әсет Жарылғасын.
«Жайлаубай ата» қалалық мешітінің наиб имамы Нұрлан Сейдағалиев екінші жыл қатарынан бразилиялық джиу-джитсу спортымен айналыса отырып, дүйім жұртты осынау күрделі спорт түрімен шұғылдануға шақыруда. Қостанай шаһарының жамағаты «Qazaq Batyry» бразилиялық джиу-джитсу академиясында жаттығуда әрі олардың белгілі дәрежеде жетістіктері де баршылық.
Сонымен қатар,жұртшылық өз балаларын да секцияға қатыстыруда. Қазіргі таңда академиядағы спортпен шұғылданатын мұсылмандардың саны, шамамен, 15 адамды құрайды.Онда халықаралық деңгейдегі екі бапкер қатысушыларды жаттықтыруда.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен елімізде ауқымды «Көшпелі қайырымдылық керуені» атты акция қолға алынғаны белгілі. Осы шара енді қалалық мешітте де жалғасын тапты.
Атап айтқанда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде он адамға қайырымдылық көмек көрсетіліп, 100 мың теңгенің көлеміндегікүнделікті тұтынатын заттар, азық-түліктер табыс етілді.
Онда қамқорлыққа бөленген кісілердің қатарында омырауларына «Алтын алқа» таққан екі «Батыр ана» да болды. Аяулы жандарға гүл шоқтары да ұсынылды. Бұл Халықаралық әйелдер күні қарсаңында көп бала тәрбиелеген асыл аналарға көрсетілген құрмет екені даусыз.
Олар жайылған дастарқаннан дәм татып, мешіт қызметкерлері мен демеушілерге шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Федоров ауданындағы «Жиентай қажы» мешітінде «Қайырымдылық керуені» акциясы жалғасын тапты.
Асыл аналарымыз бен қыз-келіншектер қандай құрметке де лайықты. Мұны жете түсінген мешіт қызметкерлері аудандағы көп балалы ардақты жандарды арнайы шақырды.
Жиында мешіттің имамы әрбір шаңырақтың ырыс-берекесін арттырып отырған жүрегі мейірімге толы апаларымызды көктемнің осынау шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтап, оларға сый-сияпат жасады.
Қостанай облыстық
мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінде «Ихсан» жылы аясында кәсіпкерлермен кездесу өтті. Шараның мақсаты жасалған жұмыстарды қортындылау мен алдағы жұмыстарды жоспарлау болды.
Өз кезегінде кәсіпкерлер тарапынан келесідей ұсыныстар түсті. Олар: мешіттегі қайрымдылық қоры ашылатын болса тек «Қайрымдылық» қоры болып ашылуын. Себебі «Зекет» болып ашылса қордың жұмыс ауқымы қысқаратынын тілге тиек етті.
Ал қайрымдылық қоры арқылы көптеген іс шараларды қамту мүмкіндігі болатынын айтып өтті.
Бұл кездесуде облыс орталығында мешіттерге қолғабыс жасап жүрген дінге жанашыр кәсіпкерлерге Бас имам Бахытбек Нұрғабылұлы істеген жұмыстарына алғыс айтып марапат жасады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Алла Тағала Құранда былай дейді:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِۖ
«Уа, иман келтіргендер! Тапқан табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған өнімдеріміздің жақсы әрі адалынан жұмсаңдар»[1].
Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) бұл мәселеге қатысты былай деген:
ليسَ في العُروضِ زَكاةٌ إلّا ما كانَ للتِّجارةِ
«Саудаға арналған заттан ғана зекет беріледі»[2].
Демек алтын, күміс, ақша және малдан тыс қандай да бір заттан зекет беру үшін, ол сауда тауары болуы қажет[3].
Жалдауға берілген пәтер сауда мүлкі болып есептелмейді. Яғни жалға берілген пәтердің өзінен зекет беру міндет емес. Алайда одан түскен табыс жиналып, зекеттің нисабына жетіп, бір жыл айналса, оның зекеті шығарылады. Ал түскен табысы, өзінің қажетінен артылмаса, зекет беру қажет емес. Егер жалға берілген пәтердің төлемақысынан бөлек, нисап мөлшеріне жететін қаражаты болса, онда екі табысты біріктіріп, зекетті береді.
Қорыта айтқанда, жалға берілген пәтер сауда тауары ретінде есептелмейді. Зекетті жалға берілген пәтердің өзінен емес, жалдаудың төлемақысынан түскен пайдадан береді.
Дархан Манарбекұлы
Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы
1 «Бақара» сүресі, 267-аят.
2 Әл-Бәйһақи «Сунан әл-Кубра», 4-том, 147-бет.
3 «Мұхтасар әл-Қудури», 57-бет.
Жуырда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Дархан Исламбекұлы алғыс айту күніне орай есте қаларлық шараны өткізуге ұйытқы болды.
Ол асыл дініміз исламның өркендеуіне үлес қосып, түрлі діни шараларға және қайырымдылық жасауға белсенді ат салысып жүрген жомарт жүректі, қайырымды жандарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және мешіт ұжымы атынан шынайы лебізін білдірді. Сонымен қатар арнайы алғыс хатты табыс етті.
Бас имам жанашырлық танытып келе жатқан әрбір кәсіпкердің отбасына ізгілік, молшылық, баянды бақыт, халық үшін атқарып жатқан жауапты жұмыстарында толағай табыс тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі
Барша мақтау Әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын, және оның елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.)-ға салауаттар мен сәлемдер жолдаймыз.
Адам баласының бұл дүниеде өз орнын тауып, тура жолдан ауытқымай діттеген мақсатына жетуі үшін де жолсерік қажет. Әркімнің өскен ортасы, ата-анасы, отбасы, туған-туыстары және жора-жолдастары өмірінің маңызды кезеңдерінде онымен бірге болатынын білеміз. Өмірдің ащысы мен тұщысы болады, кезектесіп жетістіктері қоса жүреді, қуанатын да, құлдилайтын да сәттеріңде саған бағыт-бағдар көрсететін де осы кісілер. Бүгінгі тақырыпта қозғайтын мәселеміз дос таңдау жайлы болады. Достықтың нағыз символы, Ислам тарихындағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірлік, ақыреттік серігі, жан досы Әбу Бәкір (р.а.) арасындағы сыйластық пен адалдықтың өзі біздер үшін үлкен үлгі өнеге.
Құранда Алла Тағала:
الأَخِلاءُ يَوْمَئِذٍ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ إِلا الْمُتَّقِينَ
«Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады»[1].
Дос таңдағанда ықлас иелерін, тақуаларды, ақиқатқа шақырушыларды, ғұламаларды және дүниеге қызықпайтындарды жақын дос тұту, оларға еру міндет болады. Халық арасында: «Бір кісі жайлы сұрағың келсе өзінен сұрама, қасындағы жақын досынан сұра» деген тәмсіл бар.
Достықта адамды жақсылыққа немесе жамандыққа бұйыратын үлкен күш бар. Тіпті, пенденің ақылын тазартуға, мінез-құлықты ластауға жетіп артатындай әсері бар. Тіршілігінде адамгершілік пен тыныштықта өмір сүру үшін, дінінде түрлі бүліктерден және адасушылықтан аман болу үшін дос таңдау уәжіп (міндет) болады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:
الرجل على دين خليله، فلينظر أحدكم من يخالل : أن النبي ﷺ قال
«Кісі өзінің досының дінінде болады, сендерден біреулерің кіммен дос болып жүргеніне қарасын» - деген[2].
Яғни, досының ұстанған жолы, ақыл-кеңесінде онымен бірге болады. Өмірлік досымызды таңдағанда жақсы мінезді және саған сүйеу болатындай, қажет кезде теріс бұрылып кетпей, қиыншылықта қасыңнан табылатын, жақсылықта жәрдемші, ал, адасушылық пен жаманшылықта бастары бірікпейтін жолдас болуы қажет.
Алла Тағала Өзінің кітабы Құранда:
وَاتَّقُوا فِتْنَةً لَّا تُصِيبَنَّ الَّذِينَ ظَلَمُوا مِنكُمْ خَاصَّةً ۖ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ
«Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан сақтаныңдар. Сондай-ақ, Алланың қатты азап иесі екенін біліңдер»[3].
Лұқман хакім өзінің баласына өсиет қылып былай дейді: Ей балақай, күнәға бейім, пасық балалармен бірге отырып жүрме, себебі аспаннан бір азап келіп, саған да соның ұшы тиіп кете ме деп қорқамын. Керсінше, ғұламалар мен салихалы абзал жандармен бірге бол, өйткені жарамсыз құрғап қалған жерді жаңбыр жауу арқылы өсімдік өсіріп, тіршілік пайда болғаны секілді, өлген жүректі даналардың хикмет сөзімен нұрландыратынын ескерткен.
Әнәстан (р.а.) хадисте, Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деді:
«Құран оқушы мүмин тамаша иісті және дәмді, тәтті лимон секілді, ал Құран оқымайтын мүмин иісі жоқ, бірақ дәмді құрма секілді. Құран оқитын екіжүзді хош иісті, бірақ дәмі ащы райхан секілді, ал Құран оқымайтын екіжүзді, иісі де жоқ дәмі де ащы колоквинт (өсімдіктің бір түрі) секілді»[4].
Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) былай деді: Өзіңе пайдасы жоқ нәрсеге назар аударма, дұшпаннан аулақ бол, сенімді болған досқа жақында, бұзық адамнан алшақта, өйткені ол өзінің жаман істері арқылы саған кесірін тигізеді. Оған сырыңды ашпа, өзіңнің ісінде кеңесетін адамдарың, Алладан қорқатын адамдар болсын, сол нәрсе дәреженің жоғарлауына себеп болады.
Алла тағала Өзінің кәләмі Құранда кімдермен дос болу керек екенін былайша баяндайды:
وَإِنَّ الظَّالِمِينَ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ ۖ وَاللَّهُ وَلِيُّ الْمُتَّقِينَ
Шынында залымдар бір-бірінің досы. Сондай-ақ Алла тақуалардың досы[5].
Жаман достар ертең қияметте бір-бірін танымайтын болады. Бірақ, бұл дүниеде танитын еді. Жалған өмірде сырттай дос болғанымен, іштей бір-бірімен жеккөрушілікте, дұшпандықта өмір сүріп, жаманшылық пен адасушылықта бастарын қосқан еді. Арзымайтын мал-дүние мен құлқынның қамы үшін дос болып жүрген кісі, бір күні тақырға отырғаныңда сенімен достығын тоқтататын кісі. Ал тақуа жандар болса, бұл қара ниеттен аулақ, олар әрдайым жақсылықпен, шынайы бауырластықта бас қосады. Жақсы дос пен жаман достар бұл дүниеде қандай қарым-қатынаста болған болса, қияметте де сондай күйде болады. Бір-біріне ашулы болғандар дұшпан, ал сүйіспешілікте болғандар бауыр болады.
Құранда:
الأَخِلاءُ يَوْمَئِذٍ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ إِلا الْمُتَّقِين
«Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады»[6].
Халил – деген сөздің мағынасы дос, жақын адам деген мағынада келеді. Құранда Алла тағала Пайғамбары Ибраһим (а.с.) «Аллаһ тағала Ибраһимді дос тұтты» - деген. Яғни, ізгі, шынайы амалы үшін жақын тұтты мағынасында[7].
Дос таңдауда біліп жүруіміз керек болған нәрсеміз, дін ғұламаларымен бірге отыру, өйткені қасында болып, сұхбатына қатысу, адамға үлкен бір әсерін береді. Ақымақтармен бірге отыру, пендені қор етеді. Өйткені, надан саған пайда беремін деп, зиянын беріп қоюуы мүмкін. Қазақта: білімдімен дос бол - сасқанында ақыл береді – деп білімді, ақылды кісілермен дос болуға шақырған.
Ізгілерден қалған бір сөз бар: Досың ғалым болсын немесе ілім алушы болсын, бірақ надандардан болмасын, олардан алшақ жүр – деген екен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларымен келе жатқанда қарғысқа ұшыраған қауымның қабірінен тез-тез жүріп өткенін хабар етеді. Оларға келетін азаптың бір ұшы бізге де келіп қала ма деп қорыққан.
Әбу Саһид әл-Худридан (р.а.) келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Мүміннен басқасын дос тұтпа және дастарханыңнан тек тақуалар дәм татсын» - деген[8].
Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) былай деген екен: Шыншылмен дос бол, олардың қанатының астында өмір сүр, қиыншылық кезде саған көрік, зейнет және басыңа бәлемен, қиыншылық келіп қалған кезінде жәрдемшің болады.
Имам Ғазали өзінің ғибратты сөзінде дос таңдаған адам мына бес қасиетіне мән берсін деген: 1. Ақылды болуы 2. Көркем мінезді 3. Пасық күнәһар болмауы 4. Бидғатшы 5. Дүниеқұмар болмауы, секілді сипаттарға қатты мән беруі керек екенін ескерткен.
Ақылдылық - жақсы ойға дұрыс бағытқа жол көрсетеді. Ақымақпен сұхбат құру достықты үзуге, жалғыздыққа алып барады.
Бірде имам Әбу Ханифа (р.а.) мешітте шәкірттеріне фиқһтан сабақ беріп жатқан екен, сол кезде дәріске жүзі әдемі, киімі жарасымды бір кісі кіріп келеді. Сонда Имам аяғын жинап құрмет көрсетеді. Имам сабағында ақшам намазының уақытының кіруі күн батқаннан, қызыл шапақ жоғалғанға дейін жалғасады деп түсіндіргенде: Әлгі кірген Кісі, сұрақ қою мақсатында Имамға: егер күн батпаса не болады дегенде, Имам Әбу Ханифа: Ол кісінің ақылының аз, зеректінің нашар екендігін сездім, енді Әбу Ханифа аяғын созса бола береді - деген екен.
Көркем мінез – Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мінезге қатысты хадисінде: «Мүміннің иман тұрғысынан ең кемелі мінез-құлқының жақсы көркем болғаны» деп айтқан.
Көркем мінезді, шыншыл кісілермен дос бол. Сенің сырың мен айыбыңды жасырады, қиын кезде сенімен бірге болады, өзінің қымбат нәрсесін саған береді, жақсылығыңды жаяды, кемшілігіңді жабады. Жағымпаз, сөзі әдемі, бірақ жүрегінде арам ойы бар достан сақтан. Басыңа іс түскенде тастап кетеді.
Пасық болмау – Пасық кісімен дос болу, сұхбаттасу, саған еш пайда әкелмейді. Құранда Алла тағала:
وَلا تُطِعْ مَنْ أَغْفَلْنَا قَلْبَهُ عَن ذِكْرِنَا وَاتَّبَعَ هَوَاهُ وَكَانَ أَمْرُهُ فُرُطًا
«Тек нәпсі қалауының соңына ергендердің сөздеріне құлақ аспа. Өйткені, олардың жүректерінен Біз жайлы оларды шығарып, селқос қып қойғанбыз. Сондықтан олардың барлық ісі құрдымға кетеді[9]».
Бидғатшы болмау – Дінде негізі жоқ нәрсені ойлап табатын адам. Бұндай кісінің достығында қатер бар. Ондай кісімен ара үзу әбден лайықтырақ. Әл-Фудайл ибн Йиад айтты: Кімде-кім дінге жаңалық енгізушіні жақсы көрсе, оның істері бекер және жүрегінен Алла тағала Исламның нұрын алып қояды деген[10]. Керсінше ықласты, шыншыл иелерімен достықты құру.
Сөзімізді қорытындылай келе дос таңдау жәй ғана амал емес, керсінше көңіл бөлетін, аса сақтықпен қарайтын бағыт-бағдар екенін білдік. Әйтсе де, адам баласы өзінің нәпсісін тәрбиелеумен, жүрегін барлық жаман әдеттерден тазалаумен айналысса, жақын адамдарын да сондай күйде табатынын ұмытпау қажет. Үнемі жақсылықты қалап, пайдалы істермен шұғылданып, уақытын босқа өткізбей жүрген, пенденің жан дүниесі де сондай өзі секілді ізгі достарды іздейтінін білгеніміз жөн.
Қостанай облыстық мешітінің найб имамы Абзал Сұлтанғалиұлы
Пайдаланған әдебиеттер:
Құран кәрім (қазақша аударма)
2. «Әл-маусуғатул минбария фил-хутоби» кітабынан аударылды.