Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

20 10.21

Мәуліт – тағылымға толы мереке.

Ардақты пайғамбарымыз Исламның асыл құндылықтарын адам бойына сіңіру үшін басқаларға өнеге көрсете отырып, бар күш-жігерін сарып етті. Ол өз іс-әрекетімен және көркем мінезімен көпшілікті тәнті ете білді. Соның нәтижесінде тұла бойы асыл қасиетке толы саңлақ сахабалар үмметі пайда болды.

Пайғамбарымыз қандай адам болмасын, онымен тез тіл табысып, жақсылыққа шақыратын. Ғаламның Падишасы қою қара түнек жапқан қоғамды жарық сәуледей тіліп өтіп, дүниені нұрға бөледі. Адамдардың жүрегіне – нұр, мінезіне – көркемдік дарытып тәрбиеледі. Сондықтан да, ол: «Қиямет күні таразыға қойылған нәрселердің ішінде көркем мінезден ауыр нәрсе болмайды» – деп, адамдарды көркем мінезді, әдепті болуға шақырды. Оның өсиет етіп: - «Көркем мінез дегеніміз ол – ашуды баса білуің және кек сақтамауың», – деп айтқан.

Ардақты Алла елшісі өмірінің соңына дейін кішіпейілдігінен танбаған, өзін Құдайдың қарапайым құлы санап, дүние-мүлік дегенді көзіне ілмей өткен жан болды. Ол ешқашан өзін-өзгеден артық санамаған. Алланың ең сүйікті Елшісі бола тұра жарлылықты жақын көріп, құлша өмір сүрді. Әркез: «Мен кедейлігімді мақтаныш көрем» деп те қоятын. Меккені азат етіп, даңқы асқақтап тұрған кездің өзінде де ол осы ұстанымынан таймады.

Пайғамбарымыздың рахымдылығы, жанашырлығы деген өз алдына ерекше еді. Жетім көрсең жебей жүр дегендей. Жетімдерді бауырына басып, басынан сипайтын. Ақ пейілімен оларға жақсылық жасайтын. Ата-анасыз өскен тұл жетімді көргенде жүрегі езіліп, тіпті көзіне жас үйірілетін. «Егер сенің жүрегің жұмсарсын десең, жетімнің басынан сипа», «Егер сен жұмаққа кіргің келсе, жетімдерге барынша қамқор болып, жақсылық жаса», – деп елді жетім-жесірлерге пана болуға шақырған.

Тағылымды Тәлімгер өзіне жәннаттың нәсіп етілгенін біле тұра, зікірі мен шүкірін көп айтып, құлшылығын бар ынта-жігерімен өзгелерден артық орындайтын. Ол түндерін таһажүдке (қосымша түнгі намаз) арнаушы еді. Таң атқанға дейін, аяқтары талып, ісініп, омырауын ыстық жас жуып, Алладан дұға тілеуші еді!

Екі дүние сәруары мұсылмандар арасындағы бауырмалдыққа үлкен мән беріп: «Мұсылман - мұсылманның бауыры, оған зұлымдық жасамайды, оны дұшпан қолына бермейді. Мұсылман, мұсылман үшін кірпіштен өрілген қабырға іспеттес. Олардың бірі, екіншісін бекітіп отырады»,- деген.

Тәлімгер ұстаз – ғылым-білімде кенжелеп қалған елдің ойлау тәсілін, әдеттері мен мінез-құлқын өзгерте білді. Надандықты – ғылыммен, тағылықты – мәдениеттілікпен алмастырып, мейірімсіз қатал адамдарды Жаратқаннан қорқатын, қайырымды да турашыл жандарға айналдырды. Асау тұлпардай жұлқынып, бағыну дегеннің не екенін білмейтін жандарға, заңға мүлтіксіз бағыныштылықты үйретті.

Қадірлі ағайын! Бұл айтылғандар хазреті Пайғамбардың өнегелі ғұмыр кешкенінің бірер көрінісі ғана. Алла елшісінің өмірімен жақыннан танысқан сайын, біз оның қай ісінің де үлгі-өнегеге лайық екенін көреміз. Алла тағала бізді 124 мың пайғамбардың арасынан хз.Мұхаммед ғ.с.-ге үммет болу нығметі мен абыройына бөлеген. Пайғамбарлар сұлтанына үммет болу ең үлкен бақыт әрі зор жауапкершілік екенін ұғына білейік.

Құранда Алла Тағала:«Алла пайғамбарына рахым етіп абыройын жоғарылатады, дәрежесін көтереді. Періштелерде соны қалап дұға етеді. Уа, мұсылмандар, сендер де расулаллаға салауат айтыңдар, сәлем жолдаңдар!» - делінген. Суфиян Сәури (р.ғ.): Алла тағала салауаты – рақымет, періштелер салауаты – истиғфар. Бұл аятта Алла тағала пенделерге құлы әрі елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с) көктегі мәртебесі айтылып, салауат айтылу әмір етілуде. Салауат – дұға-тілек дегенді білдіреді. Салауат айту – күнәлардың кешірілуіне себеп болады. Хадисте: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла ол адамға 10 рет салауат айтады. 10 қателігі кешіріліп, 10 дәреже көтеріледі» (Нәсай, Сәһу, 55). Тіпті салауат айта отырып тілеген тілектің қабыл болатыны жайлы да риуаяттар бар. Соның бірін Омар (р.ғ) былай жеткізеді: «Жасалған дұғалар, жеріне жетпестен бұрын жер мен көктің ортасында тұрады. Ол Пайғамбарымызға салауат айтқан кезде ғана жетеді». Сондықтан, осындай мүбарак мәуліт айында Алла елшісіне көп-көп салауат айтып, Оны жан-тәнімізбен сүйіп, Оның біздерге қалдырған баға жетпес сүннет жолын дұрыс ұстана білейік.

Осынау айда мүмкіндігімізше «Аллаһуммә салли ғалә сәиидинә Мұхаммәд»-деп салауатты көбейтуге тырысайық. Салауат айтуды айналамыздағы ағайын-туысқа, балаларымыз бен дос-жарандарымызға насихат етуді ұмытпайық. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мерейлі мәуліт мерекесі адамдар арасындағы рахым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне сеп болғай.

Елім деген адамға – ел ғашық демекші, Жүрегіміз Қазақстан деп соғып, ел мүддесі үшін адал қызмет етуді Алла нәсіп етсін. Халқымыздың ырыс-несібесі молайып, ауызбіршілігіміз арта берсін. Әмин!

Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы

Security code


алдыңғы блог жазба
«Берекені көктен тілеме - еткен еңбектен тіле»
келесі блог жазба
Әрдайым жақсы ойда болу

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником