Өткен сенбіде Қостанай облысындағы Қарабалық ауданына қарасты Бөрлі ауылында намазхананың ашылу салтанаты болып өтті. Оған жергілікті халық көп жиналды.
Сонау 90-жылдардың басында бой көтеріп, бірнеше жыл жұмыс істеген киелі орын кешегі тоқырау кезеңінде жабылып қалған-ды. Бұл, әрине, жергілікті жұртшылықтың арқасына аяздай батты.
Содан бері біраз уақыт өтті. Халықтың ислам дініне деген ынта-ықыласы артты. Сөйтіп, олар имандылық ордасының қайтадан ашылуына бастама көтеріп, түрткі болды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аудан басшыларының қолдауымен ауыл тұрғындары, жүрегі жомарт жандар, еліміздің түкпір-түкпірінде ғұмыр кешіп жатқан құтты қоныс тумалары атсалысып, қолға алған игілікті іс ойдағыдай жүзеге асырылды.
Айтулы шараға Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы қатысып, ауыл тұрғындарына жүректен шыққан шынайы лебізін білдірді. Сонымен қатар, аудан әкімі Руслан Халықов та жерлестерінің өміріндегі қуаныштарына ортақтасып, құттықтады.
Сонымен, 22 жылдан бері жабық тұрған намазхана есігін айқара ашты. Салтанаттың соңында ауылдың қадірменді ақсақалдары Ақатай қария мен Жақсылық қажы ақ баталарын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі