Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Жаңалықтар

Аса Қамқор ерекше Мейрімді Аллаһтың атымен бастаймын. Рамазан айының ұлы ерекшеліктерінің бірі, оның соңғы он түнінің ішінде мың айдан да артық тұратын Қадір түні бар. Қай тұрғыдан алсақ та Қадір түніне теңесе алатын ешбір түн жоқ. Егерде мың ай бойы үздіксіз атқарылатын ғибадат болса, оның сауабы бір ғана Қадір түні атқарылатын ғибадаттың сауабына жете алмайды. Осындай ұлы мағынадан жүрегіміз бейқам болмас үшін, Аллаһ тағала Құран Кәрімде: «Қадір түні мың айдан да артық!»,-деп қызықтырады.

Қадір түнін құлшылықпен өткізуден артық амал жоқ. Өйткені ол – шарапатты, берекелі, қадірлі әрі ұлы түн. Ол түнгі жасалған дұғалар жауапсыз қалмайды. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің: «Рамазан оразасын иманмен және сауапқа деген үмітпен ұстаған кісінің ілгері кеткен күнәлары кешіріледі. Сонымен қатар кім-кім Қадір түнін иманмен және сауапқа деген үмітпен қиямда тұрса, оның ілгері кеткен күнәлары кешіріледі»,-деп айтқанын риуаят еткен.

Айша анамыз (Аллаһ оған разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар (с.ғ.с.) білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілтіп, отбасын да оятатын», – деп айтқан.

Аллаһ Тағала Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде осынау қасиетті түн жайында былай баян етеді: «Ақиқатында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. (Я, Мұмаммад (с.ғ.с.)) Сен қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні Раббыларының әмірімен періштелер мен Жәбрәил (ғ.с.) түседі. Ол – бейбітшілік, амандық кеші. Ол - кеш таң атуға дейін жалғасады».

Қадір түнінің ұлықтығын теренірек ұғыну үшін «Қадір» сүресінің тәпсіріне тоқталайық.

Сүренің атауы аяттағы «Қадір түні» сөзінен алынған. Оның мағынасы «күші жету», «үкім», «тағдыр», «абырой», «ұлылық» дегенге саяды. Меккеде түскен бұл сүре бес аяттан тұрады. Бұл сүре Аллаһ Тағаланың Құранды Қадір түнінде түсіргендігі жайлы хабар береді. Әрі Қадір түнінің маңызы да жаһанды қараңғылық қапасынан босатып, нұрға бөлеген Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Қадір түні – мың айдан да артық әрі қайырлы. Мың ай шамамен сексен төрт жыл. Ендеше бұл түн, сексен төрт жыл бойы жасаған амал және құлшылықпен тең болмақ.

Бұл сүренің түсу себебі хақында мына екі оқиға айтылады. Біріншісі: Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) Исраил ұрпақтарының бір сарбазы Аллаһ жолында мың ай қару арқалағанын айтады. Мұсылмандар бұл жағдайға қатты таңырқап, өздерінің амалдарын азсынады. Осыдан кейін Аллаһ Тағала осы сүрені түсірді (Байһақи риуаяты). Екіншісі: Пайғамбарға (с.ғ.с.) қауымдардың өмірлері көрсетілді. Сол кезде Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) үмметінің өмірлерінің қысқалығынан өзге үмметтердің ұзақ ғұмырларында жасаған амалдарына жете алмайтындығын ойлап, уайымдаған-ды. Аллаһ Тағала болса, оған Қадір түнін нәсіп етіп, оны өзге үмметтердің мың айынан да артық етті (Муатта).

Бұл сүре – Қадір түнінің жақсылықтарының өте көптігін айтумен қатар, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен үмметіне арналған ерекше сүйінші.

1. «Ақиқатында Біз Құранды Қадір түні түсірдік».

Рамазанның бұл түнінің «Қадір түні» деп аталуының мәнісі: бұл түні бүкіл жаратылыстың бір жылдық тағдыры белгіленеді. Бұл пікірді Имам Қуртуби мен Имам Табари айтқан болатын.

Ал Имам Ибн Кәсирдің тәпсірінде: «Аллаһ Тағала Құранды алдымен Ләухүл-Махфуздан дүние аспанындағы Бәйтул-Ғиззаға түсіріп, кейін жиырма үш жыл бойы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түрлі оқиғаға байланысты бөліп-бөліп түсірді»,-деген сөзі келтірілген.

Жалпы Рамазанның бұл түні «Қадір түні» деп аталуына қатысты түрлі түсініктеме берілген. Себебі бұл түні жасалған құлшылықтың дәрежесі жоғары болумен сауабы да молая түседі. Сонымен қатар жерге тағдыр періштелері түсумен қоса Аллаһ Тағаланың игілік-берекесі мен жарылқауы нөсерлеп жауып, сондай мамыражай, бейбіт түні болады.

2. «(Я Мұхаммад (с.ғ.с.)) Сен Қадір түнінің не екенін білесің бе?».

Бұл жерде сол түннің маңыздылығын көрсету мақсатымен айтылған. Яғни, қандай түн екендігін білдірмесек оның қадірін біле алмас едің. Бірақ, оның қадірін де Біз білдірдік.

3. «Қадір түні мың айдан да қайырлы».

Аллаһтың бүл сөзі Қадір түнінің артықшылығы мен ұлықтығына меңзейді. Өйткені, бұл түні мың айда болмаған игілік нәсіп етіліп, бұл түнде істелген Хақ Тағаланы разы ететін амал басқа мың айда істелген амалдардан да артық болады. Сондықтан да тәпсіршілер, мысалы Әбул-Ғалия: «Бұл түні істелген амал Қадір түні болмаған мың айда істелген амалдан артық»,-десе, Муджаһид: «Бұл түні істелген амал, ұсталған ораза мен оқылған намаз мың ай бойы істелген амал, ораза мен намаздан әлдеқайда артық болады»,-деген.

4. «Ол түні Раббыларыңның әмірімен періштелер мен Жәбрәил (ғ.с.) түседі».

Яғни, жер бетіне жеті қабат аспаннан періштелер түсіп, таң атқанға дейін адамдардың тілек-дұғаларына: «Әмин!»,-деп тұрады. Негізінде аяттың араб тіліндегі нұсқасында Жәбрәил (ғ.с.) «Рух» деп айтылған. Муқатил: ««Рух» деп періштелердің ішіндегі ең қадірлі әрі Хақ Тағалаға ең жақын періштелерді айтады»,-деген. Әл-Кәлби болса: «Қадір түні Жәбрәил (ғ.с.) басқа періштелермен түсіп, әрбір мұсылманға сәлем береді»,-деген.

5. «Ол – бейбітшілік, амандық кеші. Ол кеш таң атуға дейін жалғасады».

Яғни, Қадір түні таң атуға дейін тек жақсылық болып, ешбір жамандық болмайды. Муджаһид былай дейді: «Шайтан Қадір түні жаман іс істеп, біреуге зиянын тигізуге шамасы жетпейді». Шағби аяттағы «сәләм» сөзіне қатысты: «Ол күн батқаннан таң атуға дейінгі аралықта періштелердің мешіттегі адамдарға берер сәлемі. Олар әрбір мүминмен: «Әс-сәләму ғәләйкә, я мүмин»,-деп сәлемдеседі»,-деген.

Қадір түні – рамазанның ақырғы он түні ішіндегі тақ түндердің бірі. Мұсылмандар Рамазан айының түндерін иманмен және құлшылықпен өткізіп, Қадір түнінің сауабына деген ұмтылыстарын шындыққа шығарулары үшін ол түнді Пайғамбарымыз Аллаһ тағаланың қалауымен дәл атап көрсетпеді. Убада ибн Самит (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар бізге Қадір түнін білдіру үшін шыққан кезде мұсылмандардан екі кісі дауласып қалған еді. Аллаһ елшісі: «Сендерге Қадір түнін білдіру үшін шыққан едім, дәл сол сәтте пәленше мен пәленше дауласып, оған қатысты білімім қайта көтеріліп кетті. Мүмкін, бұл сендер үшін хайырлы да шығар. Оны 29, 27, 25 түндерде іздеңдер!», – деді деген.

Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің: «Оны Рамазан айының соңғы он түнінің ішінде, аяғына тоғыз күн қалғанда және жеті күн қалғанда және бес күн қалғанда іздеңдер!», – дегенін жеткізген. Аяғына тоғыз күні қалғанда деген сөздің мағынасын ғұламалар 21-ші түн, жеті күн қалғанда дегнді 23-ші, ал бес күн қалғанда дегенді 25-ші түндер деп түсіндірген.

Осындай жалпылаушы мағынада жеткен көптеген хадистерде Қадір түнінің рамазан айының 21 не 23 не 25 не 27 не 29 тақ түндерінің біріне тура келетіні айтылған. Сонымен қатар кейбір түндерді, мысалы тек 21-ші не тек 23-ші не тек 27-ші түндерді жеке атаған хадистер де бар. Әсіресе, 27-ші түнді жеке атаған дәлелдер көп болғандықтан, көпшілік ғұламалардың пікірінде рамазанның 27-ші түні Қадір түні деп қабылданады. Муғауия ибн Әби Суфиян (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың: «Қадір түні – 27-ші түні», – деп айтқанын риуаят еткен.

Зирр ибн Хубайш: «Убай ибн Ка`бтан (Аллаһ оған разы болсын): «Расында, бауырың Ибн Мас`уд (Аллаһ оған разы болсын): «Кім қиямын бір жыл үзбесе, Қадір түнін дәл табады», – деп айтуда», – деп сұрадым. Ол: «Ибн Мас`удқа Аллаһтың рақымын тілеймін. Ол адамдардың басқа түндері құлшылықтан босап кетпеулері үшін солай айтуды дұрыс көрді. Ал өзіне келсек, ол Қадір түнінің рамазан айында екенін, оның соңғы он түннің ішінде екенін, сондай-ақ оның 27-ші түн екенін біледі», – деді. Сосын Убай ибн Ка`б Қадір түнінің 27-ші түн екендігіне кесімді түрде ант берді. Мен оған: «Ей, Әбә әл-Мунзир, қандай дәлелмен сөйлеудесің?», – дедім. Ол: «Аллаһ елшісі біздерге: «Ол таңда шыққан күннің сәулелері болмайды», – деп хабарлап кеткен нышанына не белгісіне негіздеп сөйлеймін», – деді деп айтқан.

Ал енді Қадір түнінің белгілеріне тоқталар болсақ Имам Ахмад пен Имам Байһақи Ғубада ибн Самиттен (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қадір түнінің белгілері: түн нұрлы және тынық болады. Салқын не болмаса ыстық та болмайды әрі ай ашық болады. Ол түні таң атқанға дейін шайтандар жұлдыздармен атқыланбайды. Сонымен қатар оның белгілерінен: таңертен күн сәулесі шағылыспаған хәлде шығып, Бәдр түніндегі толған айдай домалақ болады. Сондай-ақ, Аллаһ Тағала сол күні шайтанға күнмен бірге шығуына тыйым салады»,-деген.

Қадір түнінің басқа белгілеріне келер болсақ, Ибн Аббас (р.а.): «Қадір түні мамыражай болып, ыстық не салқын болмайды және таңсәріде күн шапағының қызылы бәсең болады»,-деген. Ғабда ибн Аби Лубәбә (р.а.): «Мен Рамазан айының жиырма жетінші түнінде теңіз суының дәмін көргенімде ол тәтті болатын»,-деген.

Абдулла ибн Динаар: «Ибн Омардың (Аллаһ оған разы болсын) Қадір түні жайында Пайғамбардан: «Кім оны іздесе, 27-ші түні іздесін!», – деп хадис айтқанын естідім деген.

Негізінде, Рамазан айының бір ғана Қадір түнін емес, барлық түндерін, әсіресе соңғы он түні ішіндегі тақ түндерді намаз, Құран оқу, истиғфар айтып, дұға тілеу құлшылықтарымен өткізген мустахаб. Сондай-ақ 27-ші түні атқарылатын құлшылықтың сәреге дейін жалғасуы абзал саналады. Жаратушы Иенің разылығы мен ақырет игілігінен шын үміттенген пенде үшін бұл қиынға соқпасы анық!

Ну`маан ибн Башиир (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісімен бірге рамазан айының 23-ші түнін намазда түннің үштен бірі өткенше тұрдық. Сосын 25-ші түнді намазда түн ортасына дейін тұрдық. Сосын 27-ші түнде атқарған намазымыздың ұзақ болғаны сонша, тіпті сәресіне үлгермейтін шығармыз деп қорыққан едік», – деп айтқан.

Қадір түні жасалатын дұға жайында Абдулла ибн Буройда: Айша анамыз: «Ей, Аллаһтың елшісі, егерде Қадір түніне кезіге қалсам, қандай дұға тілейін, не айтасыз?», – деді. Пайғамбар: «Аллаһым, расында, Сен ғапу етушісің және ғапу етуді жақсы көресің. Мені ғапу ете гөрші» деп айтасың», – дегенін жеткізген.

Құрметті мұсылман бауырлар! Мың айдан артық сауаптар мен жақсылықтарға толы қасиетті түнді ұйқымен өткізу қате. Сондықтан баршамызға жылына бір рет келетін Қадір түнін ұйқысыз жамағат болып ғибадаттармен өткізгеніміз игі. Ал қасиетті түнді ұйқысыз өткізу – намаз оқумен, дұға жасаумен, тәубе етумен, истиғфар айтумен және Құранды тиләуәт етумен орындалады.

Аллаһ Тағала баршамызға Қадір түнін құтты мүбарак етіп, елімізге тыныштық, Ислам дініне өркендеуді нәсіп еткей!

Асылхан қажы Түсіпбек
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы
Published in Ғибратнама

Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешіті құран оқу, бата беру жарыстарын ұйымдастырды.

Байқауда облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Ғалымжан Маханбет, «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Азамат қажы Серікбайұлы және Астана медресесінің шәкірті Мұртаза Балахмет қазылық етті. Жас үміткерлердің ішінен сүрелерді сүрінбей оқуға тырысқан затоболдық Ғалия Бегалинованың бағы жанды. Екінші жүлде Нұрдәулет Бауыржанұлына бұйырса, үшінші орынды Алтын дала ауылынан келген Мирас Едресов иеленді.

Батагөй ақсақалдар арасынан Октябрь селосының тұрғыны Сұлтанбек Байдрахмановтың топ жаруы талассыз. Оның берген әрбір батасы көрермендердің де көңілінен шықты. Жамбыл ауылының молдасы Балтабай Қиса екінші жүлдені алса, үшінші орын Сайын қажы Садақбаевқа берілді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Қатысушылардың қолына тура жолды нұсқайтын бір-бір үнтаспадан тиді.

Байқау соңында «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Азамат қажы Серікбайұлы барлығына алғыс білдіріп, мұндай мағыналы іс-шаралардың жалғасын табатынын атап өтті.

23072014

Кангожин Аслан

Published in Жаңалықтар
Понедельник, 21 Июль 2014 00:00

Бас мүфти Түркияға іс-сапармен барды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен наиб мүфти Серікбай қажы Ораз Түркияға іс-сапармен барды.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан мұсылман елдерінің мүфтилері мен Ислам әлемінің ғалымдары бас қосқан конференцияға қатысты. Келелі кездесуді Түркияның примьер-министрі Режеп Тайып Ердоған ашып берді. Бұл жолғы іссапар үлкен маңызға ие. Конференцияда қазіргі уақытта күрмеулі мәселеге айналған Ирак пен Сириядағы жағдай талқыланды. Ислам әлемінің ғұламалары бас қосқан жиын«Әлемдік Ислам ғалымдарының бейбітшілік, ұстамдылық және саналылық бастамалары» деген атпен 17-19 шілде аралығында өтеді.

Кездесу барысында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Түркия Республикасының Президенті Абдолла Гүлмен кездесіп, Рамазан айының құрметіне жайылған ауыз ашар дастарханына қатысты. Басқосуда бауырлас елдердің ынтымақтастық бағытында қарым-қатынасы, рухани саладағы келісім шаралары сөз болды. Бүгінде қазақстандық діндарлар Түркияның «Хасеки» университетінде білім алуда.

Ислам үмбетінің ғалымдары әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға дін қайраткерлерінің үлкен үлес қосуы аса маңызды, жауапкершілігі жоғары жұмыс екенін басты назарда ұстауда.

474874 1405676382 890 530 0

522858 1405676380 890 530 0

www.muftyat.kz

Published in Жаңалықтар

Рамазан игі істерді мейлінше көптеп жасайтын ай. Себебі, бұл айда жасалған әрбір игі іс үшін берілер сауап та көлкөсір. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай» - деген екен. Әрбір мұсылман баласы игілікте теңдесі жоқ бұл айда барынша Ұлы Иесіне жағатын істерде болатыны рас. Қасиетті айдың құрметіне елімізде атқарылып жатқан қаншама қайырымды істердің куәсі болудамыз. Солардың бірқыдыруы Қарабалық елінде де атқарылуда. Мысалы: Берекелі айдың қарсаңында көпшіліктің есіне салу мақсатында ауданның көрнекі жерлері мен мешіт аулаларына жамағатты мейлінше ізгілікке жетелейтін екі тілде құттықтау банерлері орнатылды.

Алладан әр ісінің жақсылығын сұраушы мұсылман қауымы әрдайым сауапты істерге асығады. Рамазан айында ораза ұстау арқылы адамдардың бір-бірімен аралас-құраластығы артатыны белгілі. Барша мұсылманның бір уақытта ауыз бектіп, ауызашар уақытын бірге өткізуі, сәресіге тұрып, тарауық намазын жамағатпен оқуы, Қадір түнін қарсы алып, Айт мерекесін бірге атап өтуі өзара бауырластықты нығайтып, шынайы сүйіспеншілікті арттырады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадисінде: «Кімде-кім ораза ұстаған жанды ауызашарға шақырып тамақ беріп аузын аштырса – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді» деген өсиетін өнеге тұтқан Қарабалық ауданының мұсылман жамағаты «Ғашура ана» мешітінің асханасында дастархан жайып, ораза ұстаушылар мен әртүрлі саладағы қызметкерлерге және мұқтаж отбасыларға арнап ауызашар беру үрдісі дәстүрге айналған.

Ал биылғы жылдың алғашқы ауызашар мәзірі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің атынан берілді. Оған Қарабалық ауданының жұртшылығы және аудан әкімі Алмат Исмағұлов қатысып аудан халқын ізгі айдың келуімен құттықтаған болатын. Содан бері «Ғашура ана» мешітінде ауызашар дастархандары кезекпен жайылып келеді. Жақында көршілес Федоровка ауданындағы «Жиентай қажы» мешітінің жамағаты арнайы ауызашар дастарханымызда қонақта болып, берекелі айдың адамдар арасында тек қана мейірім мен игілік әкелетініне куә болдық.

Сондай-ақ, Рамазан – қайырымдылық айы. Бұл айдағы игі амалдың, қайырымдылық көмектің сауабы сансыз. Қазақстан діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажұлы «Рамазан – тәлім мен тәрбие, жасаған жақсылықтардың сауабы еселеніп жазылатын, Жаратушы Иеміздің жарылқауына, рақымына бөленетін ай. Олай болса, Алланың теңдессіз сыйына ізгі де, қайырымды іс-әрекеттерімізбен қол жеткізуде аянып қалмайық! Имандылығымызды күшейте түсейік!» деп Үндеу тастаған болатын. Аудан мешіті ұжымының ұйымдастыруымен бұл игі бастамаға да өз үнін, үлесін қосып, халыққа үлгі көрсетіп келе жатқан ел азаматтары да баршылық. Ай бойы қайырымдылық акциясын өткізу жарияланып мешітіміздің ұйымдастыруында көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлікпен қайырымдылық көмек көрсетілді. Бұл игі шара әлі де болса жалғасын табатын болады дейді мешіт имамы Төлеген қажы Арғынбайұлы.

Ендеше, Алла Тағаладан мұсылман жамағатына жауабы мен сауабы қатар келген ұлық Рамазан айын лайықты түрде атқаруға жәрдем тілейміз!

20140709 230816

SAM 0026

Динара Өтешова
«Ғашура ана» мешітінің баспасөз қызметі
Published in Жаңалықтар

Қасиетті Рамазан айына байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының халыққа үндеуі жарияланған болатын. Үндеудегі басты мәселе: иманымыз бен бірлігімізге бекем болу жайы айтылады.

Жер басып жүрген жандардың қай-қайсысы да Жаратқаннан денінің саулығын, болашағының жарқын, өмірінің тыныш болғанын тілейді. Осындай адамдар тілегінің орындалуы үшін ең алдымен бірлік керек. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегенді қазақ сонау ерте заманнан-ақ айтқан.

Бір әулеттің отбасында берекелі тіршілік болып, дәулетті күн кешіп жүргенде сол үйдің отағасына Қыдыр ата аян беріп: «Мен сіздерден кетемін, бірлігі бар жандарды іздегім келеді. Енді бір тілек тілеңдер соныңды орындап кетейін» десе керек.

Содан жаңағы отағасы бар балалары мен келіндерін, ағайын-туыстарын жинап: «Бізге бақ болып қонған Қыдыр кететінін айтып, бір тілек тілеңдер, соны орындап берейін деген еді, соған бастарыңды қосып: «не айтамыз, нендей тілек тілейміз» -деп сұрағалы отырмын дейді.

Әркім әртүрлі пікір айта отырып, бір тұжырымға келе алмапты. Сол кезде жас келіндердің бірі: «Ата, біздің бірлікте болуымызға арналған тілек тілеңіз» депті. Содан жиналған барша ағайын осы пікірге қосылады. Отағасы Қыдыр атадан: «Бізге бірлік бер, бірлігіміздің артуына көмектесіңіз»-десе керек.

Сонда Қыдыр ата: «Егер сендер бірлікті қалап, әулеттеріңде бірлік болуын қаласаңдар, мен ешқайда кетпеймін»-депті. Осы аңызға құрылған әңгімеде шындық бар. Бірлігі жарасқан отбасында байлық та, береке де, тіршіліктегі қалаған не бір қажеттер де болады.

Бірлік – бар байлықтың, бар игіліктің көзі екен. Қазақ елінде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тіршілік етіп, тату-тәтті өмір кешуде. Бұл салада елдің ынтымақты бейбітшілікте болуына елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүзеге асырып жатқан сындарлы саясатының берері көп.

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі дінге ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтті. Тұңғыш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I съезі 2003 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен шақырылған болатын. Съездің мақсаты – діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты баянды ету, діни қауымдар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті тереңдету еді. Осыншама атқарылған жұмыстардан түйгеніміз дінаралық келісім – ел бірлігін арттырады. Тұтастығымыздың тұғыры да дінаралық келісімнің берген жемісі екені белгілі.

Қасиетті Қазақ еліне Алла Тағаланың қисапсыз сыйы Тәуелсіздік келгеннен кейін халықтың имандылығын еске түсіретін көптеген игі істер жүзеге асуда. Елімізде түп-тамырымен жойылған мешіттер қайта көркейіп, көптеп салынып, қала мен даладағы ақ тілеулі мұсылмандар бір Аллаға иман келтіріп, ғибадат жасауға бар ықыласымен, таза көңілімен кірісе бастады.

Жамағат Ислам дінімен қайта қауышты. Бұл ретте мешіттердің атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Қаламыздағы мешітте бір уақыттарда діни жоғары сауаты бар бірде-бір адам болмаса, бүгіндері білімді де білікті имам Бектұрсын Торғайбайұлы бастаған арнайы оқу орнын тәмамдаған жастар қызмет атқаруда. Осы азаматтардың белсенді жұмысының нәтижесінде мешітке келуші жамағаттар, әсіресе жастар қатары көбейе түсуде.

Жаратушы Құдай Тағала біздерге көптеген игіліктер берген ғой. Мына жасап жатқан ғұмырымыз, татып жүрген дәм-тұзымыз Алланың бізге берген игілігі, жақсылығы. Осылардың шүкіршілігі үшін Жаратқан иемізге жалбарына, құлшылық етуіміз қажет емес пе?..

Әрине, қаншалық ғибадат етсек те Алланың бізге берген нығметтерінің шүкіршілігін өтей алмаймыз. Құлшылық жасау үшін де білім керек қой. Ал, білімді үйретіп, дінді насихаттау орталығы мешіт деп білеміз. Бұл күндері мешіт қызметкерлері қала халқымен арнайы кездесулер өткізіп, дініміздің құндылықтарын насихаттап, ұғындыруда.

Қалалық баспасөзде мақалалары жарияланып, жергілікті телеарна арқылы имандылық, тәлім-тәрбие уағыздарын айтып, көрерменнің сауалдарына жауап беруде. Мешітімізден уағыз тыңдаумен қатар жерлестеріміз қасиетті сапар – қажылыққа да баруда. Былтырғы жылдың өзінде шағын қаламыздан 10 адам қажылық парызын өтеп келді.

Рухани жаңару айы Рамазанның да ортасын асып қалдық. Ораза – Алла мен адамның арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Жан дүниеміз бен мінез-құлқымызды жақсылыққа тәрбиелейтін құлшылық айында мешітіміздегі игі істер бұрынғыдан да белсендірек жүргізілуде.

Оразаның алғашқы кешінде қала әкімі Ғазиз Ерболатұлы көпшілік қауымға ауыз аштырып, ізгі істің бастамашысы бола білді. Жылма-жыл ауызашар берушілердің де қатары көбейіп, кезекке тұруда. Бұл да болса қала халқының ата дінімізге деген құрметі мен сенімі.

Түнжарымда тарауық намазына келіп-кетуші жамағатты үйлеріне жеткізіп салу үшін де арнайы автобус көліктері ұйымдастырылды. Биыл екінші жыл қатарынан Рамазан айында Түркия елінен арнайы Құран қари келіп, Хатым түсіруде. Міне, ниеттерін түзеп, тілектерінің қабыл болуына шын жүректен бір Аллаға жалбарынған жандардың бүгінгі істері осындай.

Аталмыш жәйттерді көріп біз дініміз Исламға деген құштарлықтың артып келе жатқанына қуанамыз.

Еліміз өркендеп, дініміз көркейе берсін демекпін.

Хамит Досжан, зейнеткер,
Арқалық қаласы.
Published in Жаңалықтар

Көрнекті дін қайраткері, Қазақстан мұсылмандары діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің «Иманымыз бен бірлігімізге бекем болайық» деп аталатын қасиетті – Рамазан айына байланысты үндеуі бәріміздің көңілімізден шықты.

Сондықтан онда айтылған ой-толғамдарды толығымен де қолдаймын.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары дініміз қайтадан арамызға оралды. Өңірімізде мешіттер саны да едәуір көбейді.

Өзім қазақы елді-мекенде өстім. Жастайымыздан жалпы діннің кімді адамгершілікке, кісілікке үндейтіндігін білеміз.

Рамазан – шынында да қайсы мұсылман үшін қасиетті ай. Бұл кезде қолдан келгенше жетім-жесірге, көмек мұқтаж жандарға қол ұшын берген абзал.

Сондай-ақ, ақ сақалды қарттарымыз, ақ жаулықты аналарымызды қамқорлыққа бөлеп жатсақ нұр үстіне нұр емес пе.

Бас мүфти ораза кезінде қоғамдық көліктерде жол ақысы арзандатылса деген пікірі де өте орынды. Бұл ретте ұлтмыздың ұйытқысы болып отырған Оңтүстік Қазақстан облысындағы бауырларымыздың бастамасы бәрімізге өнеге.

Өйткені Шымкентте Ораза кезінде қоғамдық көлікте жұртшылық тегін жүреді екен дегенді естідім. Оразаның ерекшелігін Қостанайлық ағайындар да түсінеді. Осы қасиетті айда өткізілетін той-жиындарда арақ-шарап қойылмайды.

Үлкен тойларды Оразаға дейін өткізу де дәстүрге айналды.

Сапар Әбілкәкімтегі,
сатирик-жазушы,
Қостанай қаласы
Published in Жаңалықтар

Өзге мұсылман бауырларым секілді мен де Қазақстан мұсылмандары діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Иманымыз бен бірлігімізге бекем болайық!» деп аталатын үндеуін оқып шықтым. Оның мәні мен маңызы ерекше екендігі сөзсіз.

Қазақстан әлемге танымал мемлекет. Жер бетіндегі барлық мұсылман елдері біздің республикамызда атқарылып жатқан игі істерге әрқашан да дән риза. Алдағы уақытта да халықтар арасындағы достық пен ауызбірлікті нығайтуға бәріміз де өзіміздің лайықты үлесімізді қоса беруіміз керек.

Бас мүфти жас та болса өзінің көп оқып-тоқығанын халыққа әбден дәлелдеді. Үстіміздегі жылды «Дін және дәстүр» жылы деп жариялауының өзінде де түсінген адамға терең мағына жатыр. Көрнекті дін қайраткерінің осы тақырыптас кітабы да әрбір мұсылманның құнды дүниесі екендігі даусыз.

Рамазан мұсылман үшін өте қасиетті ай. Сол себептен әрбір мұсылман Ержан қажы Малғажыұлының үндеуіне қолдау көрсетіп, қалтасы қалың жігіттер мен кәсіпкерлер Ораза кезінде жетім-жесірге, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаса нұр үстіне нұр болар еді.

Мырзағали қажы Ғабдуллин, Қостанай қаласының тұрғыны, абыз ақсақал

Published in Жаңалықтар

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті Рамазан айындағы үндеуінде елдің көкейінде жүрген көп жайлар айтылған. Елдің тыныштығы ең басты құндылығымыз екені баршамызға аян. Үндеуде - Алла Елшісі ( с. ғ.с.) мұсылмандықтың іргесін бірлікпен бекемдегенін, қаншама жұрттың жер бетінен жоғалып, тегі мен тұтастығынан айырылуының басты себебі – бауырмалдықтың болмауынан екендігін дөп басып айтқан.

Халқымыздың: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», - деген нақыл сөзі де осының айғағы. Сонымен қатар көрнекті дін қайраткерінің 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялауы көңіл қуантады. Ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мәзһабымыз бен сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеу арқылы дәстүрлі ислам дінінің дамыту қазіргі ең өзекті мәселе.

Бұл маңызды мәселе де біртіндеп қалыпқа түсіп келе жатқанын үндеудің негізгі мақсаттарынан аңғаруға болады. Қазақ қашаннан діндар халық, сан ғасырлық тарихына көз салсақ, дәстүр мен дінді бірінен бірін алыс ұстамаған, керісінше құстың қос қанатындай тең ұстаған.

Берекелі Рамазан айының тәлім-тәрбиеге толып тұрғандығын, жасаған жақсылықтарының сауабы еселеніп, Жаратқан Иеміздің жарылқауына ие болатын ай екендігін назарымыздан бір сәтте шығармауымыз керек.

Рамазан айында қоғамдық көліктердің жол ақысы арзандатылса, күнделікті тұтынатын заттарға жеңілдіктер жасалса, асханаларда ауызашар мезгілінде қайырымдылық істер ұйымдастырылса, ұжымда, құрылыс салаларында ауыз бекіте жүріп, жұмыс істейтін бауырларымызға құрмет көрсетілсе деген ұсыныстар өте орынды.

Осы жылғы қасиетті Рамазан айындағы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының үндеуінде елдің көкейіндегі көп сұрақтарға нақты жауап бар дер едім.

Тек ел болып дәстүрлі Ислам дінінің өрістеуіне үлес қосайық! Жаратқан Иеміз ұстаған оразаларымызды, құлшылық ғибадаттарымызды сауаптан жазсын!

Тоба Өтепбаев,
Арқалық қаласы
Published in Жаңалықтар

Қасиетті дініміз жер бетіндегі халықты ұлтына, түр-түсіне қарамай береке-бірлікке шақырғанына бірнеше ондаған ғасыр өтті. Кешегі Кеңес заманында дініміз қуғынға түсіп, талай діни шамшырақтарымыз жазықсыз жапа шекті.

«Киелі зат иесіз болмас» деген. Асыл дініміз ел тәуелсіздігімен ортаға қайта оралды. Осыдан 28-30 жыл бұрын о дүниелік адамның жаназасын оқитын діни сауатты адамда болмағаны анық.

Аллаға шүкір, бүгінде Ислам діні күн санап өркен жайып келеді. Мешіттер мен медреселер бой көтерді. Халқымыз, әсіресе жастарымыз имандылыққа бет бұрды. Адалдыққа, қайырымдылыққа, береке-бірлікке, достыққа, имандылыққа шақырған діни үгіт-насихат жақсы жолға қойылған.

Кешегі соғыс кезінде, одан кейінгі қиын кезеңдерде біздің қазақ халқының береке-бірлігі, ағайынға жаны ашу, қайыр-қайырымы мол еді. Тіпті діні басқа өзге ұлтты да бауырына тартып, бір үзім нанын бөліп бергенін көзіміз көрді.

Ол кездерде кісі ақысын жеу, қайыр жасамау күнә саналатын. Өкінішке орай, бүгінде басымыз бүтін, жағдайымыз жақсы, отбасымыз аман бола тұра қоғамда кездесетін өзгені емес, өз басын, өз құлқұнын ойлаушылар саны көбейіп келеді.

Жағдайы жоқ қаріп-қасірге, жетім-жесірге көмектескеннен гөрі, орынсыз шығын шығарып, мақтаншылықпен атын шығаруды артық көретін мұсылман баласын көргенде қарның ашып, көңілің қалады.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың мына бір сөзі ойға оралады. Ол қажылыққа бірнеше мәрте барған Қарқаралық азаматтарға: «Басқа елдің қарып-қасірін жарылқағанша осы өз еліңдегі жоқ-жұқаналарды неге жарылқамайсың» деп айтқан екен. Жағдайы бар адам Алланың ризалығы үшін мүмкіндігі шектеулі, қаржысы аз, бала-шағасы көп адамға көмектессе қасиетті Рамазан айында үлкен сауап болар еді.

Асыл дінімізді құрметтейік, береке-бірлігімізді сақтайық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің Қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі тек бір күннің, бір айдың үлесінде қалмай, келешекте оқу орындарында, қоғамдық ұйымдарда, қарттардың кеңестерінде талқыланып, түсіндіріліп жатса имандылық жолындағы ісіміз алға баса берер еді.

Шөптібай Байділдин,
Арқалық қаласының құрметті азаматы
Published in Жаңалықтар

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником