Қасиетті Рамазан айына байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының халыққа үндеуі жарияланған болатын. Үндеудегі басты мәселе: иманымыз бен бірлігімізге бекем болу жайы айтылады.
Жер басып жүрген жандардың қай-қайсысы да Жаратқаннан денінің саулығын, болашағының жарқын, өмірінің тыныш болғанын тілейді. Осындай адамдар тілегінің орындалуы үшін ең алдымен бірлік керек. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегенді қазақ сонау ерте заманнан-ақ айтқан.
Бір әулеттің отбасында берекелі тіршілік болып, дәулетті күн кешіп жүргенде сол үйдің отағасына Қыдыр ата аян беріп: «Мен сіздерден кетемін, бірлігі бар жандарды іздегім келеді. Енді бір тілек тілеңдер соныңды орындап кетейін» десе керек.
Содан жаңағы отағасы бар балалары мен келіндерін, ағайын-туыстарын жинап: «Бізге бақ болып қонған Қыдыр кететінін айтып, бір тілек тілеңдер, соны орындап берейін деген еді, соған бастарыңды қосып: «не айтамыз, нендей тілек тілейміз» -деп сұрағалы отырмын дейді.
Әркім әртүрлі пікір айта отырып, бір тұжырымға келе алмапты. Сол кезде жас келіндердің бірі: «Ата, біздің бірлікте болуымызға арналған тілек тілеңіз» депті. Содан жиналған барша ағайын осы пікірге қосылады. Отағасы Қыдыр атадан: «Бізге бірлік бер, бірлігіміздің артуына көмектесіңіз»-десе керек.
Сонда Қыдыр ата: «Егер сендер бірлікті қалап, әулеттеріңде бірлік болуын қаласаңдар, мен ешқайда кетпеймін»-депті. Осы аңызға құрылған әңгімеде шындық бар. Бірлігі жарасқан отбасында байлық та, береке де, тіршіліктегі қалаған не бір қажеттер де болады.
Бірлік – бар байлықтың, бар игіліктің көзі екен. Қазақ елінде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тіршілік етіп, тату-тәтті өмір кешуде. Бұл салада елдің ынтымақты бейбітшілікте болуына елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүзеге асырып жатқан сындарлы саясатының берері көп.
Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі дінге ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтті. Тұңғыш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I съезі 2003 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен шақырылған болатын. Съездің мақсаты – діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты баянды ету, діни қауымдар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті тереңдету еді. Осыншама атқарылған жұмыстардан түйгеніміз дінаралық келісім – ел бірлігін арттырады. Тұтастығымыздың тұғыры да дінаралық келісімнің берген жемісі екені белгілі.
Қасиетті Қазақ еліне Алла Тағаланың қисапсыз сыйы Тәуелсіздік келгеннен кейін халықтың имандылығын еске түсіретін көптеген игі істер жүзеге асуда. Елімізде түп-тамырымен жойылған мешіттер қайта көркейіп, көптеп салынып, қала мен даладағы ақ тілеулі мұсылмандар бір Аллаға иман келтіріп, ғибадат жасауға бар ықыласымен, таза көңілімен кірісе бастады.
Жамағат Ислам дінімен қайта қауышты. Бұл ретте мешіттердің атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Қаламыздағы мешітте бір уақыттарда діни жоғары сауаты бар бірде-бір адам болмаса, бүгіндері білімді де білікті имам Бектұрсын Торғайбайұлы бастаған арнайы оқу орнын тәмамдаған жастар қызмет атқаруда. Осы азаматтардың белсенді жұмысының нәтижесінде мешітке келуші жамағаттар, әсіресе жастар қатары көбейе түсуде.
Жаратушы Құдай Тағала біздерге көптеген игіліктер берген ғой. Мына жасап жатқан ғұмырымыз, татып жүрген дәм-тұзымыз Алланың бізге берген игілігі, жақсылығы. Осылардың шүкіршілігі үшін Жаратқан иемізге жалбарына, құлшылық етуіміз қажет емес пе?..
Әрине, қаншалық ғибадат етсек те Алланың бізге берген нығметтерінің шүкіршілігін өтей алмаймыз. Құлшылық жасау үшін де білім керек қой. Ал, білімді үйретіп, дінді насихаттау орталығы мешіт деп білеміз. Бұл күндері мешіт қызметкерлері қала халқымен арнайы кездесулер өткізіп, дініміздің құндылықтарын насихаттап, ұғындыруда.
Қалалық баспасөзде мақалалары жарияланып, жергілікті телеарна арқылы имандылық, тәлім-тәрбие уағыздарын айтып, көрерменнің сауалдарына жауап беруде. Мешітімізден уағыз тыңдаумен қатар жерлестеріміз қасиетті сапар – қажылыққа да баруда. Былтырғы жылдың өзінде шағын қаламыздан 10 адам қажылық парызын өтеп келді.
Рухани жаңару айы Рамазанның да ортасын асып қалдық. Ораза – Алла мен адамның арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Жан дүниеміз бен мінез-құлқымызды жақсылыққа тәрбиелейтін құлшылық айында мешітіміздегі игі істер бұрынғыдан да белсендірек жүргізілуде.
Оразаның алғашқы кешінде қала әкімі Ғазиз Ерболатұлы көпшілік қауымға ауыз аштырып, ізгі істің бастамашысы бола білді. Жылма-жыл ауызашар берушілердің де қатары көбейіп, кезекке тұруда. Бұл да болса қала халқының ата дінімізге деген құрметі мен сенімі.
Түнжарымда тарауық намазына келіп-кетуші жамағатты үйлеріне жеткізіп салу үшін де арнайы автобус көліктері ұйымдастырылды. Биыл екінші жыл қатарынан Рамазан айында Түркия елінен арнайы Құран қари келіп, Хатым түсіруде. Міне, ниеттерін түзеп, тілектерінің қабыл болуына шын жүректен бір Аллаға жалбарынған жандардың бүгінгі істері осындай.
Аталмыш жәйттерді көріп біз дініміз Исламға деген құштарлықтың артып келе жатқанына қуанамыз.
Еліміз өркендеп, дініміз көркейе берсін демекпін.