Көрнекті дін қайраткері, Қазақстан мұсылмандары діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің «Иманымыз бен бірлігімізге бекем болайық» деп аталатын қасиетті – Рамазан айына байланысты үндеуі бәріміздің көңілімізден шықты.
Сондықтан онда айтылған ой-толғамдарды толығымен де қолдаймын.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары дініміз қайтадан арамызға оралды. Өңірімізде мешіттер саны да едәуір көбейді.
Өзім қазақы елді-мекенде өстім. Жастайымыздан жалпы діннің кімді адамгершілікке, кісілікке үндейтіндігін білеміз.
Рамазан – шынында да қайсы мұсылман үшін қасиетті ай. Бұл кезде қолдан келгенше жетім-жесірге, көмек мұқтаж жандарға қол ұшын берген абзал.
Сондай-ақ, ақ сақалды қарттарымыз, ақ жаулықты аналарымызды қамқорлыққа бөлеп жатсақ нұр үстіне нұр емес пе.
Бас мүфти ораза кезінде қоғамдық көліктерде жол ақысы арзандатылса деген пікірі де өте орынды. Бұл ретте ұлтмыздың ұйытқысы болып отырған Оңтүстік Қазақстан облысындағы бауырларымыздың бастамасы бәрімізге өнеге.
Өйткені Шымкентте Ораза кезінде қоғамдық көлікте жұртшылық тегін жүреді екен дегенді естідім. Оразаның ерекшелігін Қостанайлық ағайындар да түсінеді. Осы қасиетті айда өткізілетін той-жиындарда арақ-шарап қойылмайды.
Үлкен тойларды Оразаға дейін өткізу де дәстүрге айналды.