Өзге мұсылман бауырларым секілді мен де Қазақстан мұсылмандары діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Иманымыз бен бірлігімізге бекем болайық!» деп аталатын үндеуін оқып шықтым. Оның мәні мен маңызы ерекше екендігі сөзсіз.
Қазақстан әлемге танымал мемлекет. Жер бетіндегі барлық мұсылман елдері біздің республикамызда атқарылып жатқан игі істерге әрқашан да дән риза. Алдағы уақытта да халықтар арасындағы достық пен ауызбірлікті нығайтуға бәріміз де өзіміздің лайықты үлесімізді қоса беруіміз керек.
Бас мүфти жас та болса өзінің көп оқып-тоқығанын халыққа әбден дәлелдеді. Үстіміздегі жылды «Дін және дәстүр» жылы деп жариялауының өзінде де түсінген адамға терең мағына жатыр. Көрнекті дін қайраткерінің осы тақырыптас кітабы да әрбір мұсылманның құнды дүниесі екендігі даусыз.
Рамазан мұсылман үшін өте қасиетті ай. Сол себептен әрбір мұсылман Ержан қажы Малғажыұлының үндеуіне қолдау көрсетіп, қалтасы қалың жігіттер мен кәсіпкерлер Ораза кезінде жетім-жесірге, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаса нұр үстіне нұр болар еді.
Мырзағали қажы Ғабдуллин, Қостанай қаласының тұрғыны, абыз ақсақал