Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті Рамазан айындағы үндеуінде елдің көкейінде жүрген көп жайлар айтылған. Елдің тыныштығы ең басты құндылығымыз екені баршамызға аян. Үндеуде - Алла Елшісі ( с. ғ.с.) мұсылмандықтың іргесін бірлікпен бекемдегенін, қаншама жұрттың жер бетінен жоғалып, тегі мен тұтастығынан айырылуының басты себебі – бауырмалдықтың болмауынан екендігін дөп басып айтқан.
Халқымыздың: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», - деген нақыл сөзі де осының айғағы. Сонымен қатар көрнекті дін қайраткерінің 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялауы көңіл қуантады. Ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мәзһабымыз бен сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеу арқылы дәстүрлі ислам дінінің дамыту қазіргі ең өзекті мәселе.
Бұл маңызды мәселе де біртіндеп қалыпқа түсіп келе жатқанын үндеудің негізгі мақсаттарынан аңғаруға болады. Қазақ қашаннан діндар халық, сан ғасырлық тарихына көз салсақ, дәстүр мен дінді бірінен бірін алыс ұстамаған, керісінше құстың қос қанатындай тең ұстаған.
Берекелі Рамазан айының тәлім-тәрбиеге толып тұрғандығын, жасаған жақсылықтарының сауабы еселеніп, Жаратқан Иеміздің жарылқауына ие болатын ай екендігін назарымыздан бір сәтте шығармауымыз керек.
Рамазан айында қоғамдық көліктердің жол ақысы арзандатылса, күнделікті тұтынатын заттарға жеңілдіктер жасалса, асханаларда ауызашар мезгілінде қайырымдылық істер ұйымдастырылса, ұжымда, құрылыс салаларында ауыз бекіте жүріп, жұмыс істейтін бауырларымызға құрмет көрсетілсе деген ұсыныстар өте орынды.
Осы жылғы қасиетті Рамазан айындағы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының үндеуінде елдің көкейіндегі көп сұрақтарға нақты жауап бар дер едім.
Тек ел болып дәстүрлі Ислам дінінің өрістеуіне үлес қосайық! Жаратқан Иеміз ұстаған оразаларымызды, құлшылық ғибадаттарымызды сауаптан жазсын!