Қасиетті дініміз жер бетіндегі халықты ұлтына, түр-түсіне қарамай береке-бірлікке шақырғанына бірнеше ондаған ғасыр өтті. Кешегі Кеңес заманында дініміз қуғынға түсіп, талай діни шамшырақтарымыз жазықсыз жапа шекті.
«Киелі зат иесіз болмас» деген. Асыл дініміз ел тәуелсіздігімен ортаға қайта оралды. Осыдан 28-30 жыл бұрын о дүниелік адамның жаназасын оқитын діни сауатты адамда болмағаны анық.
Аллаға шүкір, бүгінде Ислам діні күн санап өркен жайып келеді. Мешіттер мен медреселер бой көтерді. Халқымыз, әсіресе жастарымыз имандылыққа бет бұрды. Адалдыққа, қайырымдылыққа, береке-бірлікке, достыққа, имандылыққа шақырған діни үгіт-насихат жақсы жолға қойылған.
Кешегі соғыс кезінде, одан кейінгі қиын кезеңдерде біздің қазақ халқының береке-бірлігі, ағайынға жаны ашу, қайыр-қайырымы мол еді. Тіпті діні басқа өзге ұлтты да бауырына тартып, бір үзім нанын бөліп бергенін көзіміз көрді.
Ол кездерде кісі ақысын жеу, қайыр жасамау күнә саналатын. Өкінішке орай, бүгінде басымыз бүтін, жағдайымыз жақсы, отбасымыз аман бола тұра қоғамда кездесетін өзгені емес, өз басын, өз құлқұнын ойлаушылар саны көбейіп келеді.
Жағдайы жоқ қаріп-қасірге, жетім-жесірге көмектескеннен гөрі, орынсыз шығын шығарып, мақтаншылықпен атын шығаруды артық көретін мұсылман баласын көргенде қарның ашып, көңілің қалады.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың мына бір сөзі ойға оралады. Ол қажылыққа бірнеше мәрте барған Қарқаралық азаматтарға: «Басқа елдің қарып-қасірін жарылқағанша осы өз еліңдегі жоқ-жұқаналарды неге жарылқамайсың» деп айтқан екен. Жағдайы бар адам Алланың ризалығы үшін мүмкіндігі шектеулі, қаржысы аз, бала-шағасы көп адамға көмектессе қасиетті Рамазан айында үлкен сауап болар еді.
Асыл дінімізді құрметтейік, береке-бірлігімізді сақтайық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің Қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі тек бір күннің, бір айдың үлесінде қалмай, келешекте оқу орындарында, қоғамдық ұйымдарда, қарттардың кеңестерінде талқыланып, түсіндіріліп жатса имандылық жолындағы ісіміз алға баса берер еді.