Асыл дінімізде білім алу, ғылым меңгеру жоғары бағаланады. Ай асып, жыл санап еліміздің әр түкпірінен бой көрсетіп келе жатқан мешіт мұнаралары мен намазға жиылған жұртшылықтың қарасынан халықтың дінге деген ықыласы мен ынтасының артқанын байқауға болады.
Осы орайда білікті имамдар әлі күнге тапшы екені, ал дін мамандықтарына зәру екеніміз жасырын емес. Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан өңірлерде ашылып жатқан медресе, діни оқу орындары қал-қадерінше халыққа қызмет етіп, болашақ имамдарды даярлау ісін үздіксіз жүргізіп келеді. Бұған қоса Түркияның «Хасеки» имамдардың білімін жетілдіру институтымен үлкен келісімшартқа қол жеткізіп, бүгінде онда Қазақстаннан барған дін мамандарының алғашқы легі білім алуда. Ал, Мысырдағы тамыры терең «әл-Әзһар» университетінде жыл сайын еліміздің үздік түлектері ілім алуға аттануда. Бүгінде онда білімін шыңдаған алғашқы буын Қазақ елінің руханиятына өзіндік үлесін қосып, қызмет етуде.
Бүгін дін ілімінің алғашқы шаңырағы – елордамыздағы «Астана» медресесінде жаңа оқу жылына шәкірттерді қабылдау емтиханы өткізілді. Мәні терең емтиханда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов, Оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев бастаған білімі терең ұстаздар шәкірттердің білім деңгейін шарықтап, деңгейлерін анықтады. Шәкірттермен сұхбат жүргізіп, түрлі сауалдар қойды. Бұған қоса қазақ тілі және Қазақстан тарихы пәндері бойынша ЖОО арнайы оқытушы-профессорларының қатысуымен тест те жүргізілді.
Бүгінде дінге бет бұрып, құбыласын тани бастаған жастарымыздың кейбірі теріс пиғылды ағымдардың шырмауығына ілігіп қалып жатады. Жаңылысқан жастарымыздың басым бөлігі орыс тілді жеткіншектер екенін бүгінде көз көріп, құлақ естіп жүр. Осы жайды жөнге салу мақсатында биыл ҚМДБ тарапынан орыс тілді уағыз-насихатты жандандыру мақсатында тың жобалар әзірленген болатын. Республикалық, жергілікті қазақ және орыс тілді Ақпараттық-насихат топтары құрылып, өңірлерде дін насихатын жүргізді. Биылғы медресе шаңырағында орыс тілді топтар да осы мақсатта ашылып, бүгінгі өткен қабылдау емтиханында жалпы саны 52 шәкірт бақтарын сынап, 47-сі медресе шәкірті атанды. Оның 34-і қазақ тобына түссе, 13 бала орыс тобында үш жыл ілім игеруге мүмкіндік алды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз еліміздегі қарилар орталығының жетекшілерімен кездесті.
Басқосуда шәкірттерді қысқа мерзімде Құранды толық жаттауға үйрету, мешіттерде Құран хатым етуге дайындау, жұмыс тәртібі, болашақ қарилардың жан-жақты білімін арттыру, т.б. мәселелер талқыланды.
«Қариларды өзімізден шығару үшін ең алдымен осы орталықтардың жұмысын жетілдіруіміз қажет. Шәкірттерді Отанды сүюге тәрбиелеу, оларға адамгершілік құндылықтарды үйрету – баршамыздың ортақ мақсатымыз», – деді Серікбай қажы Ораз.
Еліміз бойынша 4 қарилар орталығы бар. Онда 150-ден астам шәкірттер Құран жаттауда.
muftyat.kz
Әбу Аюбтан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте, егер кімде кім Рамазанның оразасын аяқтаған сон Шәууәл айында алты күн ораза тұтса, бір жыл ораза ұстағанмен тең болады делінеді.
Бұл Алла Тағаланың бізге берген ұлы Мейірімі. Аз ғана амал жасап, он есе сауап алу – жақсы табыс көзі және керемет келісім.
Осыған орай, бізге осы айдағы оразаны қалай ұстау керек: үзіліссіз бе әлде арасында үзіліс жасап па, Рамазандағы қарыздарды өтегеннен соң ба әлде өтемес бұрын ба, қай күндері, қай уақытта деген толассыз сұрақтар келіп түсуде.
Сол себепті біз Шәууәл айындағы оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруді ұйғардық:
1. Ханафи мәзһабы бойынша Шәууәл айының оразасын Рамазан айының қазасын өтемес бұрын ұстауға рұқсат етілген.
Әйелдер, сапардағылар мен Рамазан айында сырқаттанып я болмаса белгілі себептермен әрі себепсіз оразасын қаза қылғандар Рамазандағы қарыз оразаны келесі Рамазанға дейін міндетті түрде өтеу шартымен Шәууәл айында ораза тұта алады.
Алайда, егер бірінші Рамазан айындағы қазаны толтырып, артынан Шәууәл айының алты күнін ұстау ұнамды амал болып табылады.
Соған қарамастан, егер адам үлгермей жатса немесе Шәууәл айы аяқталғанша алты күнді ұстай алмай қаламын деп қауіптенсе, керісінше де жасауға болады
2. Шәууәл айындағы ораза тек Шәууәл айында ғана ұсталады. Егер кімде кім ай аяқталғанша ұстап үлгермесе, күнә болып саналмайды, себебі бұл ораза парыз етілмеген. Шәууәл айының оразасын Ораза Айт мейрамының бірінші күні өткен соң ұстай беруге болады.
Яғни, Шәууәл айының екінші жұлдызынан бастап Рамазан айының қазасын өтеп, одан әрі Шәууәл айының нәпіл оразасын ұстауға болады.
3. Рамазан айында мүлде ораза тұтпаған жандар парыз оразаны себепсіз қалдырған болса да, Шәууәл айының оразасын ұстай алады. Алайда, олар бір жылдық ораза тұтқанның сауабын ала алмайды. Себебі ондай сауапты алу үшін, хадисте келгендей, парыз болған оразаны міндетті түрде ұстауы қажет. Соған қарамастан, Алла қаласа, олар Шәууәл айындағы алты күндік оразаның сауабын алады.
Дегенмен, олар үшін Рамазандағы қазаның орнын толықтыру хайырлы. Себебі парызды қалдырып қою Алланың алдында үлкен күнә болып саналады.
4. Шәууәл айының алты күнін үзбей ұстауға да, арасында үзіліс жасап ұстауға да болады. Егер бір күн қоспаса, жұма күндері ораза тұтуға болмайды. Мысалы: бейсенбі- жұма немесе жұма- сенбі. Егер осындай етіп ұстар болса, жұма күні ораза тұтуға рұқсат.
Егер Рамазан айында ешқандай қазасы болмаған жандар болса, Шәууәл айының оразасын дүйсенбі және бейсенбі күндері ұсталатын сүннет оразасы күндері ауыз бекітуіне болады. Алайда, бұл бір жолы ғана. Шәууәл айының қосымша оразасын қай күні ұстау әр адамның жеке басының ісі.
5. Шәууәл айындағы ораза мен Рамазан айындағы ораза, сондай - ақ, өзге айлардағы тұтылатын оразалардың барлығы таңнан кешке дейін ұсталады.
Таң намазы мен ақшам намазының уақыттары қай кезде кіретінін білу үшін сайтымыздағы "Намаз уақыты және құбыла" айдарына кіріп, өз қалаңызды таңдап, сол жерден анықтай аласыз.
Таң намазы – ауыз бекітер уақыттың басталуы. Бұл деген сөз, сәресі ішуді және оразаны бұзатын амалдарды (ерлі- зайыптыларға жыныстық қатынасты, тіс тазалау барысында тіс пастасы жұтып қою, тағы басқа ) тоқтату қажет деген сөз.Рамазан айындағы оразаны бұзатын амалдырдың барлығы да кез келген оразаны да бұзады.
Ақшам намазының уақыты – ауыз ашатын уақыт. Күн ұясына бата салысымен мұсылман адам оразада тыйым салынған амалдарды жасауына болады.
Алла Тағала баршамыздың оразамызды қабыл алып, екі ғұмырда да сауапқа кенелтсін!
_______________
Azan.kz
Имандылықтың ордасындай болған Оңтүстік Қазақстан облысы тағы бір жаңа мешітпен толықты. Сарығаш ауданының «Жаңа тіршілік» ауылында бой көтерген мешітте бір мезгілде 300 адам құлшылық жасай алады.
Мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, өз ризашылығын білдіріп, ізгі тілегін жолдады. Сондай-ақ Бас Мүфти қасиетті Құран Кәрімді сыйға тартты. ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен салынған «Ақмола» мешітінде бүгін алғаш рет азан шақырылып, намаз оқылды.
Қостанай өңірінде ардақты ақсақал Мираш Тәшетовтың есімі ерекше құрметпен аталады. Оның имандылық, адамгершілік, қайырымдылық мақсатындағы сіңіріп жатқан еңбегі ауыз толтырып айтарлықтай.
Өмірдің талай асуларынан өткен қажы қандай сияпатқа да лайықты. Таяуда Арқалық шаһарында тұратын Мираш Тәшетұлының ғұмырында ұмытылмастай оқиға орын алды.
Ел қадірлісі «Жарты ай және Жұлдыз» («Полумесяц и Звезда») бірінші дәрежелі Халықаралық Орденімен марапатталды. Осынау беделді орденға осы уақытқа дейін әлемде санаулы ғана мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткерлері ие болған еді.
Олардың қатарында Әзірбайжанның, Тәжікстанның Президенттері Ильхам Әлиев, Эмомали Рахмонов, Дағыстан Республикасының басшысы Рамазан Абдулатипов және басқалар бар.
Арқалық қаласындағы салтанатқа аталмыш награданы тапсыру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы адам Құқығын Қорғау жөніндегі Халықаралық Комитеті Бақылау Кеңесінің мүшесі, академик, генерал-лейтенант Анвар Ниезов арнайы келді.
Ол жиналған жұртшылық алдында ардақты ақсақалдың кеудесіне Орденді тағып, куәлік пен марапат кітапшасын тапсырды.
Біз де Мираш қажы Тәшетовты осынау жоғары наградасымен шын жүректен құттықтап, оған алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасына бақыт тілейміз.
О. Жабайтегі
Ресей мұсылман жастары одағының бастамасымен әлемде алғаш рет мұсылмандардың онлайн-фестивалі өтпек. 30 мыңға жуық адамның басын қосатын ауқымды шара 1- 15 тамыз аралығына жоспарлануда. Жиын барысында әлемнің түкпір-түпкірінен арнайы шақыртылған 30 шақты спикер фестиваль қатысушыларына онлайн режимінде қызмет ететін болады.
"Шараның мақсаты - әлемдегі жетекші мұсылман қайраткерлерінің баяндамалары арқылы халықты ақпараттандыру. Фестивальға Сирия, Австралия, БАӘ және басқа да елдердің өкілдері қатысады" деп хабарлайды Ресей мұсылман жастары одағының президенті Марсель Сабиров.
Ислам жайлы білгісі келетін кез-келген дін өкіліне фестивальдің есігі айқара ашық. "Біз арнайы діни білімі жоқ адамдардың ислам жайлы базалық көзқарасы қалыптасса дейміз", - деген ұйымдастырушылар онлайн-фестивальға қатысушыларды http://online-islam.ru сайтына тіркелуге шақырады.
Бұл фестивальдің бұрнағылардан артықшылығы әлемнің 15 тілінде онлайн режимінде өтуі, қаржының аз жұмсалуы. Сонымен бірге, барлық баяндамалардың ғаламтор бетінде сақталуы да жиынның артықшылықтарына жатады.
E-islam.kz
Алла Елшісі (оған Алланың иігілі мен сәлемі болсын) былай деген:
«Бұл менің Үмметім, мейірім шуағы түскен менің Үмметім. Оларға ақыретте жаза жоқ, бірақ осы өмірде бүліктер арқылы, жоқшылық пен өлім арқылы жаза беріледі». (Әбу Дәуд)
Ойтолғау: Бұл деген сөз, біздің осы өмірдегі қиыншылықтарымыз – Алланың мейірімі. Қасиетті Құранда былай деген: «...Соңғы табыс тақуалардікі»,-деді»(Аъраф сүресі, 128 аят)
Иман еткендер ешқашанда жеңіліске ұшырамайды. Сондықтан да жаңалықтар мен Youtube- тағы небір бейнетаспаларды көріп алып қатты қайғыға салынбаңыздар. Лағынет шайтан сіздерді жағдайдан хабардар болсын деп көресің деп алдауы мүмкін, алайда оның түпкі мақсаты- бұл үмметке жететін Алланың мейірімінен түбегейлі күдер үзбейінше сізге әлсіздікті сездіріп, күйзелтіп, жабырқату.
Басқа жеткен қиыншылықтардан сабақ алыңыздар да жаралы жанға шипа болар Сүннетке қайтыңыздар. Мәселен, жүректеріңіз бен ойларыңызды емдеу үшін жоғарыдағы келтірілген хадисті еске алыңыздар.
Тағы да қайталаймын: «Иман еткендер ешқашанда жеңіліске ұшырмайды!»
Тіпті қысымшылық заманы бастарыңызға келсе де Алланың заңынан аттап қоймау үшін тақуалықты басшылыққа алыңыздар. Тіпті бізді езгінің астына алса да Алла қаласа жеңіс біздікі болады, яғни соңғы табыс біздікі! Сүннетке амал етудің әрбір дертке дауасы барын ұмытпайық.
Аллаға шүкір, айлардың сұлтаны - Рамазанды аман-есен, құлшылықпен өткіздік. Жаратушы Иеміз дұға-тілектерімізді, қасиетті айдағы әрбір ізгі істер мен сауапты амалдарымызды, пітір-садақаларымызды Өз құзырында қайырымен қабыл еткей!
Иманмен өмір сүрейік
Рамазан - рухани жаңару айы. Пенде осы айда игі амалдары арқылы Жаратушыға жақындай түседі. Адамның бойында Алладан қорқу, тақуалық сипат көрініс табады. Рамазан - 11 айға рухани азық жинауға берілген үлкен мүмкіндік, шексіз нығмет. Құл ораза ұстау арқылы жаны мен тәніне рухани қуат алады. Халқымыз Рамазан бойы жақсылықтарға ұмтылып, барынша сауап алуға тырысып, екі дүние бақыты үшін берілген мол мүмкіндіктер мезгілін Құдайға құл, сүйікті Пайғамбарымызға үмбет болумен өткізді.
Алайда кейбір бауырларымыз білместікпен Рамазаннан кейінгі айларда босаңсып, баяғы әдетіне салып, қателіктер мен асыл дініміз Ислам құптамайтын іс-әрекет пен қылыққа барып жатады. Рамазаннан кейін өзін тастап қоятын, құлшылықтарға мән бермейтін адамдарды байқаған бір ғалым: «Сендер сонда Рамазанда ғана мұсылмансыңдар ма?» - деп ашына сұрақ қойған екен. Иә, осы бір сұрақ баршамызды толғандыруы тиіс.
Ұдайы Құран оқып, оны көңілге тоқып жүрсек...
Біз осы айда барынша Құранға ден қойдық. Алланың қасиетті сөзін бірнеше рет қайталап, хатым еткендер де бар. Тым болмаса мағынасын түсіну үшін Құранға үңілгендер де жоқ емес.
Пайғамбарымыз Мұхаммед бір хадисінде: «Алла Тағаланың алдында ең қайырлы амал - аз да болса үнемі қайталанып, жасалатын игі амал», - деген. Үнемі Құранды оқып, оны көңілге тоқып жүру - пендені жақсылыққа жетелейді. Өйткені, Алла Елшісі өсиетті сөзінде: «Сендердің жақсыларың - Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», - деп сауапты амалдың сансыз пайдалары мен игіліктерін атап көрсеткен. Құран - екі дүниенің жақсылығына кенелудің кілті. Адамның өмір сүру үлгісі мен жүйесі көрсетілген қасиетті Құранға ұдайы көңіл бөлмеуіміз - үлкен қателік, орны толмас өкініш.
Алла үйіндегі игі амалдың сауабы
Ақ жаулықты аналарымыз, батагөй ата-ағаларымыз, жалындаған жастарымыз Рамазан айында намазды мүмкіндігінше мешіттерімізде өтеді. Үйде оқыған намазбен салыстырғанда, Алла үйінде өтелген парыздың сауабы еселеніп жазылатынын баршамыз жақсы білеміз. Мұсылман 25 есе сауап жинайды. Әбу Һұрайра риуаят еткен хадисте Пайғамбар: «Жамағат намазы біреуіңнің жалғыз оқыған намазынан жиырма бес есе артық және таң намазына түнгі періштелер мен күндізгі періштелер жиналады», - деген. Тағы бір хадисте: «Егер бұл екі намазда (таң мен құптан) қандай сауап барын білсе еді, мешітке еңбектеп болса да жетер еді», - деп, мешітте намаз оқудың сауабының қаншалық көп екенін үмбетіне жеткізген.
Намазды мешітте оқу пенденің пейілін жақсартады, уақыты жүйеленіп, өмірі ізгілікке толы болмақ. Мешіт - мұсылмандарды, жалпы жамағатты біріктіретін, ауызбіршілігін нығайтатын, адамдар арасында мейірім, қайырым сезімдерін оятатын рухани орда. Рамазаннан кейінгі уақыттарда да мүмкіндігінше мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға қатысқанымыз абзал.
Қайырымдылық жалғасын тапса...
Рамазан - қайырым мен мейірім айы. Аузы берік адам бұл айда күнделікті азығына, ас-тамағына ақшасы жетпейтін кедей-кепшіктің жағдайына түсіп, олардың хәлін мейлінше түсінеді. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», - деп хәкім Абай дөп басқан емес пе?! «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды», - деген қазақтың қанатты сөзінде де ғибрат мол. Рамазан - барша адамзатты жақындастыратын ай. Бай мен кедейді, патша мен пақырды теңестіретін ораза адамдарды Алла алдында бірдей екенін сезіндіреді. Аш адамның хәлін түсінген халқымыз, бауырларымыз, аға-әпкелеріміз Рамазан айында оларға садақасы мен азық-түліктерін үлестірді. Осы қайырымды іс басқа кезде де жүйелі түрде өз жалғасын тауып отырса, Алла алдында қайырлы амал болмақ.
Алла тағала баршамыздың екі дүниеде де жүзімізді жарық еткей! Рамазан бойы жасалған құлшылық, дұға-тілектеріміз қабыл болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болуын Жаратушы Иемізден тілейміз. Рамазаннан рамазанға дейін тақуалығымызды жалғастырып, амандықпен, имандылықпен, жақсы-лықпен жете берейік! Мұратымыз асыл, иманымыз кәміл болғай! Әумин!
Muftiyat.kz