Жақында Қостанай облыстық әкімдігінде өткен жылғы өңірдегі дінге байланысты жұмыстардың қорытындысына арналған басқосу болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Осы жиында облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Бақытжан қажы сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге байланысты өз ойын ортаға салды.
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және ҚР Дін істері агенттігі өзара ынтымақтастық туралы Келісім меморандумына қол қойды.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановты қабылдады.
Тараптар еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық татулықты арттыру, конфессиялар мен діни бірлестіктер арасындағы келісімді күшейту сынды бірқатар мәселелерді сөз етті.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі мен Төралқа мүшелері, облыстың бас имамдары қатысқан басқосуда Бас мүфти ортақ Келісімнің мәні мен маңызына һәм мақсатына тоқталды.
«Алла тағала баршамызға бейбіт заманда өмір сүруді нәсіп етті. Құдайға шүкір, Тәуелсіздігіміздің арқасында Ислам дінін насихаттаудың, адамдар арасында бірлікті нығайтудың мүмкіндігі туды. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Ол – елдің бірлігі, мұсылмандардың ынтымағы. Данышпан Абай атамыз: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейді. Олай болса, өзара бірігіп, еліміздің болашағы үшін еңбек етуіміз керек. Біз «бөлшектей бер де, билей бер» идеологиясынан зардап шеккен, соның тауқыметін көрген ұлтпыз. Алла тағала Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер»(«Әли Имран» сүресі, 103-аят) дейді. Қазір дін мен тілді сақтауды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді жаңғыртып, жастарды жақсылыққа шақыруды ойлайтын заман. Осы мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен ҚР Дін істері агенттігі өзара ынтымақтастық туралы Келісім қабылдады. Ортақ келісім еліміздегі діни татулықты нығайтуға, ұлтаралық қарым-қатынасты жандандыруға септигін тигізбек. Сонымен қатар, қоғамға қауіпті ағымдардың идеологиясына тосқауыл қоюға, тағы басқа діни мәселелерді шешуге ықпал ететініне сенім білдіремін», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов Діни басқарма мен Дін істері агенттігі Заң аясында, өз құзыреттері шеңберінде бірлескен жобаларды жүзеге асыратынын жеткізді. «Мақсатымыз – қоғамдағы татулық пен өзара келісімді күшейтуге бірлесе ықпал ету», – деді ол.
Қос төраға сөз алғаннан кейін ынтымақтастық меморандумына қол қойып, құжат алмасты.
Тараптар қабылданған қарар аясында конференциялар, дөңгелек үстелдер, форумдар өткізеді.
ҚМДБ баспасөз қызметі
muftiyat.kz
Каир қаласының (Мысыр) Ұлттық сәулелер технологиясы орталығы сәжденің адамды қатерлі ісіктен сақтайтынын анықтады.
Сондай-ақ, зерттеу нәтижесі сәжденің, әсіресе, жүкті әйелдерге барынша пайдалы екенін және түсік тастау қаупінің алдын алатынын, сонымен қатар, бірқатар физикалық және психологиялық ауруларға да оңтайлы әсер ететінін дәлелдеп отыр.
Сәулелер технологиясы орталығының бөлім бастығы, биология профессоры Мұхаммед Зияддин Хамид бүгінде адамдарды жан-жағынан электромагниттік толқындар қоршап тұрғандықтан, өзіне қаншама зиянды сәулелер қабылдайтынын және оны денесінен сыртқа қалай да шығару керектігін айтады.
Зерттеу нәтижесі адам денесіндегі бұл электромагнит АЛЛАҒА СӘЖДЕ ЕТУМЕН сыртқа шығатынын анықтаған. Яғни, бойдағы энергия сәждеге барғанда жерге тиетін адамның жеті ағзасы арқылы сыртқа жылдам шығады екен. Бұл адамның шаршауын басып, кейбір ауруларға шипалы болатын көрінеді. Сосын сәждеге барғанда да жер жүзінің кіндігі саналған Қағбаға қарау керектігін де маңызды деп санайды. Бұл бойдағы жағымсыз энергияның сыртқа шығуына ең қолайлы позиция көрінеді.
Профессор Зияддин адамның таң намазын оқу арқылы бойдағы жағымсыз элеметтерден арылып, күнін сергек бастайтынын айтады. Ал бесін, екінті, ақшам намаздары адам бойындағы шаршауды, стресті азайтып, адамға психологиялық жайлы көңіл-күй сыйлайды. Құптан намазы болса, денедегі қалған электромагнитті бойдан сілкіп тастап, жайлы да рахат бір ұйқыға кетуге септігін тигізеді.
Король Абдулазиз атындағы университеттің инженерлік факультетінің студенттері Меккеге исламның бес парызының бірін өтеуге келетін қажылардың қауіпсіздігі мен қамы үшін бірнеше жоба ұсынды.
Сейсенбіде ашылған көрмеден дәрі-дәрмектің сапасын сақтайтын сөмке дейсіз бе, ас-ауқат алып жүретін қоржын дейсіз бе, арасында ұры-қарыдан қорғайтын, белге байлап алатын сөмке де бар, дәрет алуға арналған қозғалмалы су тазарту құрылғысы дейсіз бе, күннен қуат алатын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаны да, өзге де керек-жарақты тамашалауға болады.
«Біздің студенттер жиырма жоба ұсынды. Олардың бұл жаңалықтары көрмек қонақтарының көңілінен шықты. Мекке губернаторы мен Қажылық істері жөніндегі министрлік өкілдерін де қызықтырды»,- деді аталмыш факультет қызметкері Ирфан Ахмет.
Жобалардың дені экологиялық сипаты бар мәселелерді шешуге бағытталған: қоқысты залалсыздандыру, шаңсорғыштың жаңа үлгісі, қоқысты жинайтын құлтемір, т.б.
Жоғары бағаланған жоба иелеріне сыйлықтар беріліп, арнайы марапатталды.
2014 жылдың 1 ақпанынан бастап ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің қолдауымен сынақ тәртібінде «Тұран ТВ» жаңа телевизиялық арнасы отандық эфирге шығатын болады.
«Бұл еліміздің тарихы мен мәдениетін, спортын, демалыстарын, саяхатын, ішкі туризмін дәріптеуге арналған қазақстандық тұңғыш телеарна болып табылады. Хабар таратудың алғашқы кезеңінде еліміздің барлық аумақтарында Алма ТВ, ID TV және Отау ТВ қазақстандық кабельдік операторларының желілерімен қосарласа қызмет көрсету жоспарлануда. Спутниктік телеарналары арқылы хабарды тарату жоспарланып отыр. Оны 16:9 үлгісінде, HD 720р сапасымен, стерео-аудиожолымен қазақ және орыс тілдерінде тарату көзделіп отыр», – делінген тың жобаға қолдау білдірген комитет мәліметінде.
Бұл жоба Астана қаласында өтетін бүкіл әлемдік "EXPO-2017» көрмесі қарсаңында ішкі туризмді дамыту бағытында қолға алынып отырғанын айта кету керек. «Аталмыш арнаның хабарлары көрермендерге қызықты болады ғой деп ойлаймын. Өйткені, онда саяхат, саятшылық, аңшылық, балық аулаудың қыр-сыры, еліміздің туристік және мәдени кеңістігі жайлы хабарлар беріледі. Көз тартатын көрікті жерлері, тарихи орындары мен сан алуан ас мәзірі, т.б. тақырыптар қамтылады»,- деді «Тұран ТД» телеарнасының бас директоры Роман Ботабеков.
Бір айта кетерлігі, аталмыш телеарнаның өз өнімдері 80 пайызды құрайтын болады. Ал қалғандары көркем әрі деректі фильмдер. Бұған қоса, телеаарнаның өнімдерін ғаламтордан да тамашалай аласыздар.